Әр түрлі дыбысқа, құбылысқа еліктеу және олардың бейнесін елестету мәніндегі сөз табы.
Құрамына қарай: Дара еліктеу сөз: бір ғана түбірден (негізгі немесе туынды) тұратын төл еліктеу сөздер. Мысалы: тарс, күмп, жымың т.б.
Күрделі еліктеу сөз: екі сөздің қосарлануынан жасалған еліктеу сөздер. Мысалы: тарс-тұрс, қисаң-қисаң т.б.
Мағынасына қарай: Еліктеуіш: түрлі дыбыстарға еліктеуден туындаған еліктеу сөздер. Мысалы: тарс, сарт-сұрт, тасыр-тұсыр, салдыр-гүлдір т.б.
Бейнелеуіш: көру арқылы сипаттайтын еліктеу сөздер. Мысалы: маң-маң, сылқ, жалт, күрт, морт, қисаң-қисаң т.б.
Тұлғасына қарай: Негізгі еліктеу сөз: бөлшектеуге келмейтін түбір еліктеу сөз. Мысалы: морт, күрс, селк т.б.
Туынды еліктеу сөз: түбірге жұрнақ жалғануы арқылы жасалған. Жұрнақтары: -аң,-ең,-ың,-ің,-ң Мысалы: қиса-ң, елп-ең, ырж-ың т.б.
1-жаттығу. Өлеңді оқып, еліктеуіш сөздерді табыңыз.
Жаз Жаздыгүні шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек,
Ұзарып өсіп толғанда,
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда,
Шұрқырап жатқан жылқының,
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер,
Бүйірі шығып ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап,
Құйрығымен шылпылдап,
Арасында құлын-тай,
Айнала шауып бұлтылдап,
Жоғары-төмен үйрек-қаз,
Ұшып тұрса сымпылдап,
Қыз келіншек үй тігер,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп сыңқылдап.
2-жаттығу. Мақал-мәтелдерде кездесетін еліктеуіш сөздерді дыбыстық және бейнелеуіш еліктеуіш сөздерге бөліп жазыңыз.
Күн күркіреп басылар, көктің жүзі ашылар. Күн күркіремей, тоң, жібімейді. Жайраң қаққан торықпас, қасіреттен қорықпас. Сұмандаған тіл сырқыраған тіске тиеді. Тоңғақ қазандықтың қасында да қалтырайды. Жылғаның тасы жып-жылы. Баласының былдырын анасы ғана ұғады. Сарқырамаған судан без. Бас сырқыраса, аяқтың ауырғаны ұмыт болар. Далада қар күмісше жалт-жұлт етеді. Қаршыға шап етті. Аспан жарқ етті.
3-жаттығу. Мына еліктеуіш сөздердің сыңарларын тауып жазыңыз.
Зып- , жарқ- , сарт - , жалт- , гүрс- , қарқ- , тарс- , гу- , тырс- .
4-жаттығу. Мына жұмбақтарды көшіріп жазып, еліктеуіш сөздердің астын сызыңыз.
Жардай дәулер соғысты,
Жарқ-жұрқ етіп оқ ұшты. (бұлт пен найзағай)
Жалт-жалт етеді,
Жалмай-жалмай жұтады. (от)
Жылт-жылт еткен,
Жырадан өткен. (су)
Жылт-жылт етеді,
Жүгіріп өтеді. (ине)
5-жаттығу. Мына көркем әдебиеттен алынған мысалдардан еліктеуіш сөздерді түріне қарай ажыратыңыздар.
1.Дәл сол кезде түп қарағаннан аса бере алдына жас қызыл қозы топ ете түсті. Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала ырр етіп барып бас салды.
(М.Әуезов)
2.Шарт-шарт шапалақ былш-былш тиіп жатыр (Ғ.Мұстафин)
3.Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың (Абай)