Кәсіптік диагностика – кәсіптік бағдар беру мақсатына байланысты әрбір оқушыны зерттейді. Осының нәтижесінде мамандықты таңдауда оған баланың дайындығын, ынтасын, қабілетін анықтайды. Ол үшін мынандай әдістерді қолдануға болады: оқушылардың құжаттарын, іс-әрекетінің жемісін (жеке іс, сынып журналы, шығармашылық жазбалар, қол өнер бұйымдары т.б.) талдау; практикалық іс-әрекетін, жүріс-тұрысын (мектепте, қоғамдық ұйымдарда, отбасында, еңбекте) зерттеу, анкета мәліметтерін зерттеу; әңгіме-сұқбат; педагогикалық эксперимент; тәуелсіз мінездемені жинақтау әдісі.
Бұл әдістердің біразы педагогика, психология ғылымдарында да қолданылады.
Бақылау әдісіне қысқа мерзімді, дискретті және монографиялық бақылау әдістері жатады. Қысқа мерзімді бақылау әдісі сабақтардың барысында, үзіліс кезінде, бүкіл жұмыс күні бойында жүргізіледі. Әдетте бақылау үздіксіз жүргізілуі мүмкін. Ал кейде бақылау оқтын-оқтын жүргізіледі. Мұны дискретті бақылау дейді. Монографиялық бақылау жан-жақты ұзақ мерзімде жүргізіледі.
Кәсіптік білім беру –кейде ақпарат деп те аталады.
Кәсіптік білім беру – бұл әр түрлі мамандықтар және сол мамандықтардың адамға қоятын талаптары жөнінде оқушыларды біліммен қаруландыру. Кәсіптік білім беру барысында жастардың қызығушылығын, бейімділігін, психофизиологиялық қасиеттерін еске алу қажет.
Мамандықты саналы таңдауда екі факторды еске алу керек:
оқушылардың білім деңгейі;
оқушылардың жеке қасиеттері.
Кәсіптік консультация – кәсіптік бағдар беру жұмысы жүйесінің басты элементтері-нің бірі. Әрбір оқушыны өзінің мамандығын анықтауда жан-жақты зерттеп, оған консультация беру арқылы тиісті көмек көрсетіледі. Оқушы мамандық талаптарына сәйкес өзінің дербес бейімділігін, психофизиологиялық мүмкіншіліктерін анықтайды, сол мамандыққа жарамдылығы жөнінде шешім қабылдайды. Жұмыстың мұндай түрін кәсіптік консультация деп атайды. К.К.Платонов кәсіптік консультацияны үш кезеңге бөледі: дайындық, аяқтау, анықтау. Кәсіптік дайындық консультациясы – бұл бүкіл мектеп жылдары ішінде оқу-тәрбие жұмысының барысында оқушыларға үнемі дұрыс кәсіптік бағыт- бағдар беріп отыруды қажет етеді.
Кәсіптік аяқтау консультациясы – бұл консультацияны VIII және XI сынып оқушыларымен маман –консультант мұғалімдермен бірігіп өткізеді. Бұл жерде оқушылардың мамандықты таңдауға бейімділігінің психофизиологиялық қабілетінің сәйкестігі еске алынады.
Кәсіптік анықтау консультациясы кәсіптік -техникалық училищелерде, жоғары оқу орындарында, колледждерде, кәсіпорындарында өткізіледі.
Кәсіптік консультацияның екінші кезеңінде медициналық, психологиялық-педагогикалық және анықтамалық консультациялар өткізіледі. Бұл консультациялардың негізгі мақсаттары біріншіден, таңдаған мамандыққа жеке адамның денсаулығының сәйкестігін анықтау; екіншіден, жеке адамның таңдаған мамандықты игерудегі психофизиологиялық дайындығын білу; үшіншіден, еңбектің мазмұны және жұмысқа орналастыру жөнінде анықтамалық ақпарат алу.