Кәсіптік бағдар жұмысын жетілдірудегі мектептің, отбасының ролі.
Пайдаланатын әдебиеттер: 1. К. Б. Сейдалиев. Тәрбие теориясы. Алматы-1986ж.
Ж.Б. Қоянбаев, Р.М. Қоянбаев. Педагогика. Астана-1998ж.
Ж. Әбиев, С. Бабаев, А. Құдиярова . Педагогика. Алматы-2004ж.
Е. Сағындықұлы. Педагогика. Алматы-1999ж.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті. Педагогика. Алматы-2003ж.
Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық университеті. Педагогика
пәні бойынша лекциялар жинағы. Алматы-1991ж.
М. Жұмабаев. Педагогика Алматы-1992ж.
И.П. Подласый. Педагогика.Москва –2000ж.
1. Жеке адамның дамуындағы еңбектің ролі . Адамның жан-жақты және үйлесімді дамуында еңбек шешуші факторлардың бірі. Ал халық педагогикасында еңбекті бүкіл тәрбие жүйесінің күре тамыры деп қарастырады. Адам еңбексіз дамымай, кері кетеді, азады.
Еңбек арқылы адамның денесі, көзқарасы, эстетикалық және ақыл-ой деңгейі дамып, жетіледі, еңбектің мәні және құндылығы артады.
Жас ұрпақты халқымыз жалпы еңбек сүйгіштікке тәрбиелей отырып, “ он саусағынан өнері тамған ” нақты кәсіп иесі болуын да көздеді. Бұл жерде еңбек дағдыларын меңгеруде зор жігерліктің қажет екенін жақсы түсінді. Еңбек сапасы негізі көрсеткіш ретінде алынады.
Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, мектеп оқушыларының қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, азамат болып өсудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Осымен қатар мұны еңбек тәрбиесінің мақсаты деп түсінуіміз қажет.
Мектепте еңбекке тәрбиелеудің басты міндеттері: біріншіден, еңбек сүйіспеншілік пен еңбек адамдарына құрметпен қарау; екіншіден, оқушылардың халық шаруашылығының салаларындағы еңбектің түрлерімен таныстыру, еңбек іс-әрекетінің барысында олардың дағдысы мен іскерлігін қалыптастыру; үшіншіден, мамандықты таңдауға дайындау.
Жасөспірімді, еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерде орындау арқылы іске асырылады. Олар: балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан даярлау: оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыру; еңбек мәдениеті дағдыларын дарыту, оқушылардың ынтасын және қабілетін дамыту.
Балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан дайындау- бұл қоғам үшін оқушылардың пайдалы еңбекке даярлығын және талаптануын тәрбиелеу, еңбекті өз бетімен, өз еркімен ынталануын орындауға үйрету.
Ең бастысы балаларды еңбекке даярлауды 1-сыныптан, ал отбасында балалық шақтан бастау, оларды еңбек түрлеріне қатыстыра отырып, еңбектің адамды қайратты және бақытты ететіндігіне сенімін қалыптастыру.
Еңбек мәдениеті дағдыларын дарыту басты мәселелердің бірі. Еңбек мәдениетінің көрсеткіші: жұмысты сапалы және тиімді істеу, уақытты ұтымды пайдалану, еңбек құралдарына, түрлі материалдарға құнттылықпен қарау. Еңбек мәдениетіне өзін көрсете білу, дербестік, еңбектің демалыспен қабысуы, алдағы жұмыстың негізі кезеңдерін белгілей білу, еңбек процесін талдау және іс-құжаттарын сауатты жасау жатады.
Балалардың ынтасын және қабілетін дамыту еңбек тәрбиесіндегі жеке міндеттердің бірі. Халық шаруашылығында автоматтарды, роботтарды, компьютерлерді, эдлектрониканы, т.б. қолдану барлық мамандардан жоғары техникалық сауаттылықты талап етеді. Сондықтан оқыту және тәрбие жұмысының барысында оқушылардың ынтасын ғылыми-техникалық білімді игеруге дамыту және тәрбиелеу қажет.