2.3. Сюжет және композиция
Жаратылыс әлем бүтін заттардан тұрады. Егер бүтіндігі болмаса, ол зат бола алмас еді. Ал кез келген бүтін нәрсе бөлшектерден тұрады. Дүниедегі жаратылыс ретінің өзі осындай. Айналаға аңдап қарағанда осындай ғажайып құрылым әлемін көруге болады. Мысалы, тау жоталардан, ойпаттардан, шыңдардан тұрады. Ағаш діңгектен, бұтақтардан, жапырақтардан тұрады. Адам, жан-жануар дене мүшелерінен, ол дене мүшелері ет, тері, сүйектерден, буындардан тұрады. «Буынсыз жерге пышақ ұрма» деген қазақ құрылым жүйесін жақсы меңгерген халық болған. Яғни, бөлшексіз бүтін жоқ, бүтінсіз бөлшек те құрала алмайды. Ғылым салалары да бөлімдерден тұрады. Жердің де, аспанның да бөліктері бар. Қазақ «Жеті қат аспан» деген сөзді айтқанда, аспанның жеті қабаттан тұратындығын біліп айтқан. Міне, осы әрбір заттың, құбылыстың бөлшекке бөлінуі оның негізінде құрама екендігін, сол құрамалықтың бұл дүниенің бір мызғымас, бұлжымас заңдылығы екендігін айғақтайды. Осы заңдылық әдебиет өнеріне де қатысты. Әдебиет өнеріндегі осы құрамалық көркемөнер шығармаларын құрастыруға қатысты. Көркем шығарма жіктерден, бөліктерден құралады. Ол шығарма бөліктері мыналар: пейзаж (табиғат суреті), тілдік қоржын (лексикалық қор, троптар, фигуралар), адам суреті (портрет), адамның ішкі жан толғанысы (психологизм, монолог), жан-жануарлар бейнесі, шығармада бейнеленетін заттар әлемі, бөлме іші (интерьер), шығармадағы кеңістік пен уақыт мөлшері, кейіпкердің іс-қимыл әрекеті (сюжет). Осының бәрінен шығарма бүтіндігі шығады. Сол бүтіндік, тұтастық себебінен көркемдік жасалады. Аталған элементтер арқылы бойына тұтастық қасиетін дарытқан көркем шығарма реалды, нағыз өмірдің шағын моделі, кішірейтілген суретті әлемі болып шығады. Осы көркемдік бөліктердің бәрінің реттеліп, бір бүтіндікке ие болып, көркем шығарманың құралуына себепші болып тұрған құрылым – композиция (латынша: compositio – құрастыру, байланыс) деп аталады. Яғни, композициясыз шығарма болуы мүмкін емес.
Композиция – адамның дене клеткалары секілді күрделі құрылым. Оны байқағыш көз байқайды. Жеңіл-желпі қолға түсетін ол емес. Бір ауыз сөзде (мысалы: жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды) композициялық құрылым: тәртіп, рет, жүйелілік бар. Білген кісіге. Білмегенге бәрі өзінен-өзі тұрған сықылды. Композицияны көре алған, шығарманы көре алады. Композицияның өзіне тән түрлері, әдістері бар. Сондай әдістің бірі – қайталау. Шығармада бір сөзді яки бейнені яки детальді қайталап отыру арқылы шығарманың шымырлығы шығады. Мысалы, Мағжанның «Мені де өлім, әлдиле» атты өлеңіндегі қайталанып келетін мына жолдар өлеңнің композициялық жанды жері болып табылады:
Өлім күйі – тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де өлім, әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Қайталау әдісі поэзияда көбіне дыбыстық қайталаулар арқылы болады.
Тағы бір әдіс – монтаж. Монтажда шығармада бір-біріне қатысы жоқ бірнеше құрылымдық бөліктер (сюжеттік желілер) қатар келе береді. Мысалы, жазушы Ш. Айтматов өзінің романдарында осы монтаж әдісін көп қолданған. Оның ең атақты «Жан пида» («Плаха») романы күрделі монтаждық құрылымнан тұрады. Мысалы, романда бір-бірімен тікелей байланысы жоқ оқиғалар мен кейіпкерлер қатар жүріп отырады. «Жан пида» романы осындай төрт бөлік сюжеттік желіден тұрады. 1. Романның бас кейіпкері Авдий Каллистратовқа қатысты желі 2. Иса пайғамбардың өмірінен алынған мифтік желі 3. Аққұртқа мен Тасшайнар атты бөрілер туралы желі 4. Бостон Үркіншиев бас кейіпкер ретінде бейнеленген желі. Романда төрт бөлік желі өз алдына жеке дара жүріп отырады. Олардың бір-біріне тікелей қатысы жоқ. Әрине, мүлде қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Олардың арасындағы сюжеттік желі өте әлсіз болғанмен, есесіне өте берік, тығыз концепциялық байланыс орын алған. Романның композициялық құрылымын құрап тұрған да сюжеттік емес осы – концепциялық-идеялық желі байланыс.
Әр шығарманың композициялық ерекшеліктері де әралуан болады. Мысалы, Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогіндегі негізгі құрылымдық ерекшелік оның жанрында жатыр. Роман екі адамның сұхбатынан тұрады. Бірі – бас кейіпкер Б. Момышұлы, екіншісі – сұхбат алушы-журналист, кейіпкер әрі автор Ә. Нұршайықов. Шығарма құрылымы деректі кейіпкермен автордың бетпе-бет сұхбат құруынан тұрады. Төл әдебиетімізде бұрын бұндай шығарма болған емес. Шығарманың жанрлық ерекшелігіне сай автор шындыққа қатты жақындаған, есесіне ойдан шығару мүмкіншілігінен мүлде дерлік айырылған. Және бас кейіпкер – тек кейіпкер емес шығарманың жазылу барысына тікелей араласып отырушы әрі тарихи ірі тұлға, кеңестік дәуірдегі ұлт көсемі. Мұндай шығармалар жүз жылда бір-ақ рет туады, әрине. Композициясы ерекше құрылған шығармалардың бірі – жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Бітеу жара» атты романы. Роман автордың өзі туралы. Негізгі кейіпкер – өзі. Шығарма модернистік «ой тасқыны» әдісіне ұқсатып жазылған. Роман негізінен бітпей қалған. Бірақ ойланып қарағанда оның композициялық бір ерекшелігінің өзі де осы оның бітпей қалғандығында сияқты болып көрінеді. Оның бітпей қалуының себебі – жазушының дүниеден озуы.
Композицияда сюжет болады. А. Байтұрсыновтың мазмұн дегені осы сюжетке келеді. Мазмұнды ол үшке бөлінеді: 1. Аңдату 2. Мазмұндау 3. Қорыту. Сондай-ақ: байланыс, шиеленіс, шешіліс деп те айтатын жері бар.
Сюжет (французша: sujet – зат (предмет) деген – шығармадағы оқиғаның өрбу реті.
Қазіргі әдебиеттерде сюжет (һәм композиция) былай жікке бөлінеді:
Сөз басы (пролог);
Дәйектеме (экспозиция);
Байланыс (завязка);
Оқиға өрбуі (развития действие);
5. Шарықтау шегі (кульминяция);
6. Шешілу (развязка);
7. Сөз соңы (эпилог).
Бұл жікке бөлудегі сөз басы мен сөз соңы сюжетке кірмейді, композицияға кіреді. Қалғандары сюжетке жатады.
М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» шығармасын сюжетке, (композицияға) жіліктеу:
Шығармадағы сөзбасы – прологқа жатады. Сөз басында (прологта) сюжетке қатыссыз нәрселер қозғалады.
Мир-Якуб-төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы?!
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы.
І-ІІ-ІІІ-ІV бөлімдерде сюжет басталады һәм бұл бөлімдер дәйектемеге жатады. Дәйектемеде автор кейіпкерді таныстырып, оқиға өтетін жерді һәм оның қашан болатынынан хабар береді.
Достарыңызбен бөлісу: |