Асылында стилдің негізгі түп-тамыры – формалық әралуандықтан гөрі идеялық басты ой ұстанымынан нәр алушылығында болып келеді. Қазақ әдебиетіндегі бұл нәр беруші бұлақ көзі – ұлттық таным, оның алтын өзегі – Ислам. Мысалы, фольклор (Ер-тоқым сарыала атқа салады екен, уақытымен оқып намаз алады екен), Бұхар жырау (Сабаны әкел ордаға, Құран оқыт молдаға), А. Байтұрсынов, «Әдебиет танытқыш» (Дін үшін шәр түзеп, мешіт салсам! Хақ жолға жаннан кешіп бағыштасам, Азаншы даусын естіп риязатпен, Намазға бес уақыт жаяу барсам), т.б. Орыс әдебиетіндегі неше шиырлы философиялық ағымдармен көмкерілген негізгі ірі әдеби өрнектердің бәрінің шыққан тегі – христиандық, православиялық таным түсінігіне барып тіреледі... (Аввакум: «Житие протатопа Аввакума», Н.М. Карамзин: «Записка о древней и новой России», Ф.Достоевский: «Братья Карамазовы», Л.Толстой: «Воскресения», И.Бунин: «Окаянные дни» т.б). Яғни діннің ұлт әдебиетіндегі рөлін жаңа заманда жаңаша бағамдай алу керек. Нағыз стил стихиясын ашып түсіну үшін бұл керек нәрсе. Бұл тұрғыда стил деген көркем әдебиеттің көркем құпия көмбесі. Бұл құпия көмбе болмаса көркем әдебиет те болмайды. Ол үшін оны сөгуге болмайды. Оны іздеп табу керек. Абайдың «Қара сөздерінің» құпия кілтін біздің әдебиетшілеріміздің әлі күнге дұрыстап, толымды ғып таба алмай жатуы нені көрсетеді? Бұл әрине соц. реализмнің зардабы, бір жағынан, екінші жағынан жаңа заманға сай даңғыл жолға кібіртіктеп, әлі түсе алмай отырғанымыздың кесірі. Өйткені ол да оңай шару емес екен. Бір қалыптан бір қалыпқа өте салу.
Осы жерде «Алпысыншы жылғылардан» бір сыншының стилге қатысты айтқанын келтіре кетейік: «Стиль, ол адам» (Бюффон). Стилі жоқтың жазғанын оқу арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, өз стилін таба алмаған жазушы іріге еліктеп көлеңке-калькаға барады да сорпаның сорпасының сорпасы болады. Калька тұпнұсқаның – қазан сорпаның, сорына жаралады... Еліктеме. Еліктеп-солықтадың ба – мазаққа өзің қалмау үшін – бойлап, барар жеріңді біл. Сен түгіл балықтың өзін жаңқадай ойнатар қара иіріміне жолама. Мұқаңдар почерк-графиканың өзін қисайтып жібереді».
Эпигоншылдық (грекше: epigonoi – кейінгі ұрпақ; А. Македонскийдің империясын қалпына келтіреміз деп тырбанғандарды тарихта осылай деген; ауыспалы терминдік ұғымы: мардымсыз ізбасарлар; жалаң еліктеушілік) – ол құрғақ еліктеу. Біреуге еліктеп жазып, ол сияқты бола алмай, не өз бетімен қала алмай адасушылық. Еліктеушілікті түбегейлі терістеу дұрыс емес. Оның да керек жері бар. Әсіресе шығармашылық жолына жаңа түскен жастар үшін ол болмай тұрмайтын жайт. Тек одан дер кезінде құтылып, өз жолын тауып кетуге тырысу керек. Дұрыс мағынасында орнымен еліктей алып, керекті тұлғадан қажетін ала білушілік те – өнер. Қазақтың күшті ақыны Мағжан да еліктеген. Ол туралы Әбділдә Тәжібаев: «Мағжан бұл дәрежедегі жаңа жырларымен 20-ғасырдың бас кезіндегі символистер деп аталған, орыс поэзиясын жаңа биікке көтерген Мережковский, Андрей Белый, Бальмонттармен және 20 ғасырдағы француз ақындарымен тең түсіп, ортақ тақырыптарға жарыса қосылып жырлап жатады. «Мені де, өлім, әлдиле» деген цикл өлеңдегі тақырыпта біздің түрік тілдес халықтардан жырлар жазған екі ақын бар. Оның бірі татар ақыны атақты Дартманд та, екіншісі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев.
..Өлім күйі тәтті күй,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім әлдиле,
Әлдиле, өлім, әлдиле...
Символистермен сабақтас болып, Европа, орыс поэзиясының көркемдік жағынан ашқан жаңа биігіне еркін көтерілген жаңа өнер, жаңа шеберлік сырларын меңгерген ақын өз өмірінің, өз халқының шындығынан қол үзген жоқ».
Мағжанға қазақ ақыны Бернияз Күлеев көп еліктеген. Б. Күлеевтің «Мағжанға» деген өлеңі:
Мен менен сен, сен сенен мен
Сөзде басқа, істе бір
Таусылып дәм, тоқталып дем
Айырылғанша болсын бір...
1922 жылдың 1 наурызы
(«Өлді жүрек, идеал жоқ...» // Қазақ әдебиеті. 1995. № 9. ҚР ҰҒА қолжазба қоры. Б. Күлеев. Өлеңдер. 592 папкі. Әзірлеген: Мұсалиева Ж.)
Мағжан құсап өлімді жырлаған:
Өлді жүрек, идеал жоқ,
Идеал табар қиял жоқ.
Өрттен қалған көмірмін, –
деп.
Манера (ағылшынша: maniere – әдет, стиль, стиль тәсілдері; қазақша – мәнер, үлгі, өрнек) деген – шығарманың формасы (яғни, пішіні) ерекше өрнекті болып, бірақ мазмұн жағынан онша терең мәнді болмауы. Бұл жағынан манера стильден бір саты төмен тұрады деуге болады. Өйткені стилі зор шығарма ол – идеялық мағынасы да, формалық пішіні де зор шығарма.
Достарыңызбен бөлісу: |