A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Қазақ мифологиясы және оның жанрлық ізденістері



бет8/57
Дата28.01.2022
өлшемі391,08 Kb.
#130077
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   57
Байланысты:
Абдуллина Оку куралы Мифтик фольклор
(Қ) өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғау, (Қ) ортаның магниттік өтімділігі.пара,диа,ферромагниттік заттар, КОМБИНАЦИЯ ПРОФИЛЬНЫХ ПРЕДМЕТОВ, Айтыс өнері ҚМЖ, СРС-2 ББ, Іі өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер-emirsaba.org
2.2 Қазақ мифологиясы және оның жанрлық ізденістері. Қазақтың ұлттық таным көкжиегінде мифологияның алар орны зор дейтін болсақ, ол ғылым саласы ретінде бүгінгі таңда енді-енді бойын тіктеп келе жатыр. Біз бүгінгі ғылым арнасында мифологияны, соның ішінде дербес ғылым саласы ретінде танып, оған жаңаша көзқарас танытып отырғандықтан, түп тамырында үш бірліктің жатқанын айта кетуіміз жөн. Олар: наным, дін, философия. Осы аталған тұжырымдарды таратып айтар болсақ, адам баласы дүниеге алғаш келіп, оң мен солын енді танып, қоғам мен табиғатқа өзінше бейімделе бастаған кезде, жеке көзқарасын бекітті. Яғни табиғат пен адамның өзара бірлігін, ажырамас дихотомиялық күш екенін өздері-ақ бағамдап берді.

С.Қондыбайдың пікірінше, бүгінгі жаусыз қоғамның көзсіз батырлары болып жүрген, яғни соңғы он жыл ішінде «тарихи негізсіз», тіпті қарабайыр, ұшқалақ дүниелердің туындағанын, соның салдарынан мынадай кемшіліктердің шыққанын айтады: «қазақтың мифологиясына, рухани болмысына қатысты мәселелердің қазақтың бірнеше мың жылдық тарихынан тыс, өзара сәйкесе бермейтін, оқшау факт түрінде қарастыруы» [6, 13-б.]. Сондықтан тарихи сараптың өтпей, уақыт көшінің елегінен сүзгіленбей келген қазақ мифологиясы бүгінгі күнде тек бетпердесі өзгеріп тұруында бір себеп бар. Өйткені қанша ғасыр бойы халықтың бар затын жоқ қылған кереғар саясат қазақ мәдениетін түбегейлі өзгертті, тамырына балта шапты. Сол себептен қазақ мифологиясы жан-жаққа бытырап, тарамданып, тарауланып кетті. Оларды біріктіретін бір ортақ күш, ортақ мәміле болған емес. Өйткені әр ғылым сол мифологияны өз жүйесінде кісенмен ұстап отырғандай болды. Мәдениеттану, тілтану, әлеуметтану, дінтану, психология, этнография, тарих секілді ғылым салаларын алар болсақ, әр ғылым саласы мифологияны өзінше түсіндірді. Сол ғылыми ауқымнан шығара алмады. Тәуелсіздікке дейін, тіпті тәуелсіздіктен кейін де керзамандық (кеңестік) аура өз күшін әлсіретпеді.

Бірақ соңғы онжылдықта қазақ мифологиясы ғылымда болмаған үлкен жаңалыққа ие болды. Яғни басқа, жоғарыда аталған ғылым салаларынан бөлініп, дербес сала болып қалыптасып, өз отауын бөлек шығарды. Бұл құбылыс бүгінгі мәдени мұрамызды игеріп, жоғымызды түгендеп, өшкенімізді жандыратын, өлгенімізді тірілтетін аса бір маңызды бір функцияға ие. Біздің бүгінгі қоғамға керегі де осы. С.Қондыбай осындай қазақ мифологиясын бұрынғы «құлдықтан» шығарудың ең басты мақсаты мынада деп таниды: «Арғықазақ мифологиясын реконструкциялау. Бұл – қазақтың тілі мен ауыз әдебиетіндегі, әдет-ғұрпы мен рәсім-жоралғыларындағы, сенім-нанымындағы, қолөнеріндегі, т.б. өмірлік ұстанымдары мен тәлім-тәрбиелеріндегі «мифтік» деп есептеуге болатын тетіктерді, қарым-қатынастарды қарапайым схема түрінде реконструкциялап көрсету. ... Жеке сөздер мен тұтас мәтіндердегі (күнделікті тілдегі, ауыз әдебиетіндегі, есімдер мен жер-су атауларындағы, т.б.), этнографиялық материалдарды (әдет-ғұрып, салт-жоралғы, сенім-наным, т.б.) ұмыт болған мифтік болмысты көрсетумен қатар «мифтік табиғасы бар» деуге болатын дербес ұғымдарды, сөздерді, атауларды мүмкін болғанынша толық түгендеп, жүйелеп, бүгінгі қазққа қайта таныстыру деген сөз» [7, 13-14 бб.]. Сонда, С.Қондыбай салған бүгінгі қазақ мифологиясының негіздемесі осындай мақсат-міндеттерге саяды. Жалпы қай ғылымды алсақ та, онда мифология деген ұғымның кең ауқымда жүзеге асқанын көрмейміз. Тек бір тарау, кейбір басты мәселелерде жанамаланып беріледі. Мифологияның жанрлық ізденістеріне ең бірінші мифті және оған қатысты мифтік кеңістік, мифтік уақыт, мифтік дәстүр мен мифтік сюжет, мифтік кейіпкерлер жатады. Ал осылардан барып мифология өз арнасында тек мифпен ғана шектесіп, сонымен қатарлас өмір сүрмейді. Біз оны танымдық көкжиектен, атап айтсақ, діни, халықтық наным-сенімнен, этнографиялық-ғұрыптық нышандардан теріп аламыз. Мифологияның объектісі – миф ақыры соңында символ мәнінде келуі мүмкін. Бірақ бұл жерден мифтердің бәрі символға айналып кетеді деген ұғым тумасқа керек. Сол себепті ғалымдардың айтатын бірінші әрқашан да миф, екінші символ жүреді дейтіні сондықтан. Көріп отырғанымыздай, мифология тек мифтерде ғана көрініс бермей, халықтық болмыс пен ұлттық рух қатар жүретін белгі-бернелерде болады.

Қазақ мифологиясы жасап қалыптасқаннан бері, бүгінгі күні кейбір нәрселер символ түрінде көрініс береді дедік. Символика белгілі бір түсті, кеңістікті, уақытты, былайша айтсақ, тұтас бір жүйені заттандырып, модельге айналдырады.

Қазақ мифологиясы – шеті-қиыры жоқ, түпсіз терең тұңғиыққа бойлаған әлем, кеңістікті дүние. Қазақ мифі типологиялық сипаты жағынан әлем халықтарында, әсіресе, түркі елдерінде кездесетін мифтерге ұқсас. Тәңір, Ұмай, Бабай Түкті Шашты Әзиз, Еміре, қырық шілтен, үббе т.б. кейіпкерлердің әралуан нұсқада түркі халықтарының көпшілігінің мифологиясынан ұшырасуы – Түркі қағанат қалыптаспаған бағзы заманаларда-ақ ортақ танымдық кеңістік болғандығының айғағы. Тәңірлік діннің, тәңірлік танымның таралуы, оның қазақ дүниетанымында кеңінен орын алуы сол түркілік діннің халық арасында нық, берік сақталуында, сенім-нанымдардың тапжылмай ретімен жетуінде. Қазақ мифологиясы - өзіндік диалектикалық-логикалық жүйеге ие синкретті жанр. Халықтық таным мен сана, ойлау мен пайымдау жиынтығы, ұлттық талғам мен зерде тоғысқан арна ел жадына сіңісіп, символикалық не логикалық тәсілге айналады. Мифопоэтикалық ойлау жүйесіне сәйкес, халықтық таным мен болмыс қай өнер түрінде болмасын, бейнеленеді. С.Қондыбайша айтсақ: «Киелі Қазақтың Мәңгі елі – реалды географияда емес, біздің санамыз бен түйсігімізде, яғни әрбір қазақтың ішінде орналасқан, әбден тұмшаланып, шаң басып, танылмай жатқан «ішкі елімізде». Міне, мифология – осындай кеңістікті қайтадан танып білуге жол ашып беретін кілттердің ішіндегі негізгісі. Қазіргімізді, өздеріміздің кім екенімізді (яғни, мұсылмандығымызды) естен шығармай, өткен заманның ұмыт болған қабаттарының бетін аршып алуға, естен шыққан Рухты, Киені, Ділді, Танымды еске түсіруге мүмкіндік беретін әдіс те – осы мифология» [6, 9-10 бб.].

Ерте дәуір адамдарының өмір, қоғам, табиғат, дүние туралы түсініктері, көзқарасы, түсіну, таным ерекшелігі сәбилік сана-сезімі ғасырлар бойы ауызекі тарап келген аңыз-әңгімелер мен халық санасына сіңісті болған мифологиялық үлгілерден анық білінеді. Миф ұғымына С.Қондыбай мынадай анықтама береді: «Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының (социумның) өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәлірек айтқанда, «түсіндім» деген стереотипі» [6, 15-б.].

Адамзаттың өзін қоршаған табиғат объектілері, таным-түсініктері қазіргі ғылымда миф ұғымында қарастырылады. Философиялық мағынада миф – дүниетану. Ғылымда мифке берілген анықтама өте көп. Ғалым С.Қасқабасовтың айтуынша, ол анықтамалардың көпшілігі антика дәуіріндегі дамыған мифологияға арналған және мифтің атқаратын қызметіне (түсіндірмелі, психологиялық, диалектикалық, социологиялық т.б.) оның дінмен, өнермен, философиямен, әр түрлі ырымдармен, ертегімен және әпсана-хикаятпен арақатынасына байланысты негізделген. Қазақ фольклоры тұрғысынан қарағандағы миф деп отырғанымыз – әлемдік мифология ауқымынан шықпайтын, тіпті типологиялық сипатымен оған сәйкес келетін дүниенің, жаратылыстың әр түрлі құбылыстары мен мінез-құлқын, ерекшеліктерін түсіндіріп баяндайтын прозалық шығармалар [2, 64-65 бб.].

Яғни фольклористер үшін мифология – табиғат объектілері мен құбылыстарын, адамның өмір тіршілігін діни-нанымдық және иррационалдық мәнде түсіндіретін, көбіне прозалық болып келетін ауыз әдебиетінің ерекше жанры. Демек, жалпы фольклордың туу басында миф жатыр. Фольклордың (әдебиеттің де) мифологиядан қол үзбейтіндігі олардың генетикалық байланысында ғана емес, болмысты, уақыт пен кеңістік шегіндегі адамның өмір харакетін бейнелеу өзегінің бір екендігінде.

Бұл жерде айта кететін басты бір нәрсе – мифология да өз ретінде халық ауыз әдебиетінің біртұтас дербес жүйесі түрінде қызмет ете алады. Себебі мифтік ұғым санатына кіретін мәтіндер оны жинаушы (жидашы, терімші) адам арқылы белгілі бір сұрыптаудан, айқындаудан өтіп жинақталады. Сонда мифология дегеніміз – бір жағынан – қалыптасқан үлгіде екшеліп жеткен мифтік шығармалардың жиынтығы болса, екінші жағынан, кейінгі заманда қалыптасқан ғылыми пән, яғни мифті зерттейтін ғылым болады.

Әлемдік фольклортану сияқты ғылым салаларында мифтерді зерттеу барысында көптеген мектептер: Гримм, Кун, Макс Мюллер, А.Н.Афанасьев мифологиялық мектептері, Тайлор, Спенсердің антропологиялық мектептері қалыптасты және миф жөнінде Фрейд, Е.М.Мелетинский т.б. ғалымдар еңбегі бар екенін ескеруіміз керек. Себебі қазақ мифологиясы әлемдің мифологиямен төркіндес және генеалогиялық тамырымен өзектес дейміз.

Миф – қиялдан туған әңгіме емес. Ол – неше ғасыр бойғы бабаларымыздың арманшыл да қиялшыл жаны. Ал біздің бабаларымыз, тіпті одан бертінгі кезде өмір сүрген қариялар қазақ арасында айтылған аңыздар мен мифтерге иланған, ондағы оқиғаларды баяғыда болған деп ойлаған. С.Сейфуллиннің айтуынша: «Адам ол заманда түрлі хайуандар туралы, жаратылыстың түрлі заттары, құбылыстары туралы әңгіме қылғанда, өздерінің түсінулеріне шындап нанып әңгіме қылатын. Және оларды неше түрлі «керемет», «сиқыр» істеуге, неше түрлі құбылуға қолдарынан келеді деп те сенген. Солардың бірін әңгіме қылған өзінің қиялын шын тәрізді қылып айтатын. Сонымен, бұрынғылар шын деген әңгімелер соңғыларға ертек болып қала берген» [9, 70-б.]. Қазақ мифтерін біз компоненті мен типологиялық нұсқалығы жағынан классикалық мифпен байланыстырамыз.

Әрине, миф жөнінде айтылған пікірлер біркелкі емес, әр қиырда, әр тарапта әр түрлі. Мысалы көне Герман мифін зерттеушілер миф – құдайлар туралы әңгімелер, егер солай болса мифті айтқанымыз – құдайларды айтқанымыз деп дінді мифологиядан жоғары қояды. Бұл қисынға келмейтін қиын дүние. Өйткені миф өз алдына жеке-дара тұрғандығынан емес, жарытылыстағы көптеген наным-сенім, ұғым-түсініктердің көрінісі болғандығынан назардан тыс қалмай, халық жадынан өшпей келеді. Мифтің белгілері, оның персонаждарының ғажайып жаратылыстары, ғажап әрекеттері және сол әрекеттерді нақты, әрі затты етіп мақсатқа бағындырып тұрған белгілі бір құбылыс, не оқиғаның ерекшеленетін белгісі, символдық мәні фольклорда, көркем әдебиетте, өнерде (архитектура, живопись, музыка, скульптура) терең орнығып, соларда айқын көрініс тауып, осынысымен өміршеңдік қасиетке ие болады. Бұл тұрғыда Стеблин-Каменскийдің интерпретациясы арқылы берілген В.Вунд айтқан мына пікір айрықша мәнді: «Миф и символ не только не тождественны, но они – образования стоящие на пртивоположных концах религиозного развития: миф – в начале, символ – в конце. Между ними распологаются, разумеется, разные промежуточные образования, в которых представления может быть одновременно и действительностью, и символом. Сам миф не имеет символического значения, но пока природный миф жив, явления воспринимаются непосредственно так, как их изображает миф» [10, 96-б.]. Сонда әрине белгілі бір құбылыс пен мифтің арасы алшақтаған сайын оның бұрынғы табиғи мәні солғынданып, өше бастайтыны, оның тұрақты белгісі фольклор мәтіндерінде сақталып, символдық өң алатындығы ұғымға қонатын ақиқат.

Мифтегі оқиғалардың болатын шағы – мифтік дәуір. Ол қасиетті уақыт деп есептелген, себебі барлық заттың пайда болуы, осы күнгі түр-түсі, ерекшелігі сол заманда орныққан деп түсінілген [8, 67-б.], - деп, фольклорист-ғалым С.Қасқабасов түйіндегендей, мифтік дәуір, мифтік кеңістік, мифтік ойлау жүйесі мен дүниетаным аумағы халық танымымен санасып, ұштасады дейміз.

Қорыта келгенде, қазақ ғылымтануында мифология - өзіндік биік орны бар үлкен құбылыс. Бұл сала – бүгінгі әдебиеттану ғылымында жекелеген дербестікті қажет етіп тұрған ауқымды да көлемді дүниелерді қамтыған мол мұралар жиынтығы. Сондықтан да бүгінгі таңда мифология жаңа ғылым сала ретінде қалыптасып, дами отырып, өз құрамында біз білетін бүгінгі күнде жаһандану дәуіріндегі дербес гуманитарлық бағыттың негізгі пәндерін қарастырады. Бұрын керісінше шашыраңқы түрде кездесетін қазақ мифологиясын өзіміздің таным-түсінігіміздің жеткен жеріне байыптаған кезде барып әр пәннің құрылымынан іздейтін болсақ, бүгінгі таңда мифологиядан барлық ғылым саласына қатысты, соның ішінде адамтану (антропологиялық парадигма) мәселесін сараптауда қолданылатын замануи өзгеріс, мәдени-өркениеттік ауыс дүниелерді анық көре аламыз. Ғалым Шұға Нұрпейісованың: «Рух – уақыттың билігіне бағынбайтын, мәңгі таусылмайтын нәр. Мифологиямен қауышқан адам қайткенде бойындағы тәни дүниеге тәуелді ететін менмендік құрсауынан арылады. ...Адам жанын ізгілендіретін бақилық сұлулық, жүрекке бірден жол табатын мифологиялық сюжеттер мен символдардың игі күші заманға, уақытқа тиесілі философиялық ой-өрістің, ерте ме, кеш пе, ізсіз-түссіз жоғалатынын айғақтайды» [11, 14-б.], - деген пікірін келтіретін болсақ, бүгінгі адами болмысты айғақтайтын сәтте, адамның жан-жақты құндылығын бағамдау – адамзат дәуірінің диалектілік дамуының рухани жанын, тұлғаның жүрегінің мәңгілік табиғилығын сұрыптау деп білеміз.



Қазақ мифологиясын бүгінгі күнде тақырыптық, мағыналық, тарихи-көркемдік, типологиялық жағынан саралауға әбден болады. Мәселен, фольклорлық туындыларда, қазақ дүниетанымында кездесетін бүгінгі күн талабына сай лайықталған көзқараспен былайша жіктейміз: көне халықтық мифология, ғұрыптық мифология, ғарыштық (космологиялық) мифология, дүние, ғаламның жаралуы туралы космогониялық (космогоничные) мифология, культтық мифология, діни мифология, тұрмыстық төменгі мифология, шежірелік мифология, көктүріктер мифологиясы, дуалистік мифология, философиялық мифология секілді топтарға жіктеуімізге болады. Осыдан келіп қазақ мифтерінің даму қарқындылығы, таралу кеңістігі, типологиялық белгілері мен генеалогиялық жүйесі үлкен дербестікке ие болады (Кесте 1).
Кесте 1 – Қазақ мифологиясы және оның түрлері


Ежелгі (көне) халықтық мифология

Түс көру, ежелгі наным-сенімдер мен алғашқы халықтық түсініктер (шаманизм мәселелері)

Космогониялық мифология

Дүниенің, ғаламның, адамның жаралуы туралы

Ғұрыптық мифология

Қазақ салт-дәстүрлеріндегі ырым-тыйым сөздері, саз, күй, зергерлік мифологизм

Культтық мифология

Анимизм, тотемизм (өнер тотемі), фетишизм, магизмнің негізгі міндеттері

Діни мифология

Халық танымындағы дүниенің, адамның, жалпы ғаламзаттың жаралуы, пайғамбарлар мен дүниелік құбылыстар, рухани мәселелер турасындағы діни наным-сенімге құрылған мифология

Космологиялық мифология

Аспан денелеріне (космонимдер), халықтық күнтізбесіне байланысты

Тұрмыстық төменгі мифология

Мифологиялық хикаялардың халық арасындағы таралымы (үббе, жезтырнақ, албасты, пері т.б.)

Шежірелік мифология

Ұлттың, тайпа немесе рудың шежірелік-мифологиялық сипаты мен топоатаулардың мифопоэтикалық келбеті

Көктүріктер мифологиясы

Көктүріктердің алғашқы тегі, наным-сенімдері, олардың құдайлары мен басты белгілері. Түркі халықтарының жіктелімдік сипаттамасы

Дуалистік мифология

Ғаламды қарама-қайшылыққа толы екі жақты, бірақ бірегей болады деген мифологияның саласы

Философиялық мифология

Қазақ танымындағы өмір, өлім, дүниенің шексіздігі, көшпелі ғаламның мифтік санадағы көрінісі




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   57




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет