A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


§2. ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ ЖАНРЛАРЫНЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет7/57
Дата28.01.2022
өлшемі391,08 Kb.
#130077
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   57
Байланысты:
Абдуллина Оку куралы Мифтик фольклор
(Қ) өткізгіштерді тізбектей және параллель жалғау, (Қ) ортаның магниттік өтімділігі.пара,диа,ферромагниттік заттар, КОМБИНАЦИЯ ПРОФИЛЬНЫХ ПРЕДМЕТОВ, Айтыс өнері ҚМЖ, СРС-2 ББ, Іі өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер-emirsaba.org
§2. ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ ЖАНРЛАРЫНЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Мақсаты: қазақ фольклорының аясындағы мифология атты саланың негізгі жанрлық түрлерін айқындау, фольклордың ішкі жанрлық түрлерін классификациялау және олардың атқаратын функцияларын анықтау.

Тірек сөздер: мифтік фольклор, мифофольклор, мифологиялық фольклор.

Жоспары:

1. Мифология жанрының қалыптасу негіздері

2. Мифтік фольклор – жалпы ұлттық фольклордың бір саласы.

3. Мифтік фольклорға этнографияның қатысы


2.1 Фольклордың синкреттілігі және мифофольклор ұғымы, оның теориялық негіздемесі. Қазақтың мифтік танымы мен мифологиялық «өмірінен» кейінгі кезең қазақ фольклоры деп аталатыны белгілі. Өйткені қазақ фольклоры – кемелденген, толысқан, өзіндік жекелік сипаты мен зор ерекшелігі бар күрделі сала. Сол себепті біз фольклорды алғашқы танымдық сала деп айта алмаймыз. Оның алдында фольклордың іргесін қалаған халық танымы жатыр дейміз. Сол таным дегеніміз де – халықтың ежелгі наным-сенімі, салты, «білімі» жинақталған үлкен жүйе. Сол танымдық жүйе фольклорға тікелей өз сәулесін түсіреді. Тек түсіріп қана қоймай, молынан төгеді. Фольклорға дейінгі мифтік кезеңде әлі «жетілмеген» таным өмір сүріп, дүниеге көзқарас үрей мен қорқынышқа, табыну мен сыйынуға, бағыну мен бағышталуға арналған болса, фольклорда ұлттық мінез, ашық өмір жүйесі көрініс табады. Халық санасы көтеріліп, айналаға «жаңаша» көзқарас қалыптасады.

Жалпы фольклор атаулы дүние – өз шекарасында талай дүниелерді жиыстырған синкретті жанр. Сол жүйенің әрқилы ерекшелігі мен сыр-сипаты, қыр-сыры бар. Қазақтың мифологиялық әдебиеті – тарихи құбылыс. Өте ірі хронологиялық тізбек құрайтын бұл жүйе құрылымы – сонау алғашқы танымдық ізденістерден бастау алып, кейінгі фольклор саласына сіңісіп, одан кейінгі басқа салаларда өз қасиетін сақтап, жаңаша «жаңғыратын» тұтас құбылыс. Жалпы мифология атаулы үлкен құбылысты 3 тарихи тұрғыдан байыптауға болады:

1. Табиғаттың, әлемнің, ғалам мен дүниенің, жалпы адамзаттық дүниеауи болмыстық құрылымның пайда болуы турасындағы алғашқы жаңа ой-пікірлердің «таза» жинағы;

2. Сол аталған қарым-қатынастардың негізінде қалыптасқан ой-пікірлердің жоғары сатыға көтеріліп, олардың көркемдік ырғағының өлең-жырлардың негізінде пайда болуы;

3. Мифтік сана мен наным-сенімнің заттанған модель ретінде көрініс тауып, жаңаша сипатпен қолданылуында;

Яғни осы тарихи ауқымнан біз қазақтың мифологиялық әдебиетін нақты анықтай аламыз және әр тарихи процесте түрліше дамып отыратынын білеміз. Тілші-ғалым Ж.Манкеева адамның табиғатпен қарым-қатынаста даму жолының 2 кезеңін көрсетеді:

1. Табиғат құбылыстарын түсінбеген кезеңде әулиелерге құлшылық ету, сену. т.б.

2. Табиғатпен қарым-қатынаста өтіп жатқан өмір тәжірибелерінің негізінде, табиғат көріністеріндегі қайталану құбылыстарын байқау, ескеру, жинақтау негізінде тұрмысын икемдеу, бейімдеу, қалыптастыру, яғни табиғатты меңгеруге ұмтылу [1, 76-б.]. Бұл жерде де танымның алғашқы көрінісінде сену, илану, нану секілді категориялар жатса, танымның екінші сатысынан алғашқыны қорыту, соларды келесі бір «ағымға» сай бейімдеу. Адам баласының танымы неғұрлым көп нәрсені біліп, көріп, игеріп бола бастаған сайын, өмір сүру формалары мен жалпы дүниеауи көзқарасы артып, жетіле түскен.



Осылайша мифтік сана мен мифтік наным-сенім өз жалғасын фольклорға икемдейді де, сол фольклордың аясында миф тағы да қанат жайып, өркендейді. Фольклордың тағы бір мифтік фольклор деген саласы бөлініп шығады. Мифтік фольклор (мифофольклор) – фольклордың ең бай, күрделі саласы. Мифофольклор – мифтік сана мен ойлау-жүйесінің, мифтік таным мен наным-сенімнің фольклор нұсқаларында кездесіп, олардың астарында көркемделген форма мен мазмұнды пішінде көрініс табуы. Мифтік фольклор ұғымының түсінігін ашпас бұрын фольклордың не екенін және оның ерекшелігін біліп алғанымыз жөн. Көрнекті ғалым М.Тілеужанов өзінің «Ел әдебиеті» деп аталатын кітабында мынадай пікір келтіреді: «Қазақ ауыз әдебиеті ерекшелігінің бірі – көркемдік бояуларында. Осы бір ерекшеліктерімен фольклордың ұлттық көркемдігі, ерекше танымдылығы, фольклорлық стиль, поэтика деген атаулар анықтала түседі. Поэтикалық қорытулар, детальдар, әдістер, көркемдік екшеу сөздермен дараланады. Оларды адам портретін, мінез-құлқын, күйініш-сүйінішін, қарым-қатынасын ашуда көбірек қолданады. Табиғат құшағында ғұмыр кешкен қазақ әр түрлі жағдайларды беруде мал шаруашылығына байланысты лексикологиямызды көп пайдаланған» [2, 50-б.]. Сонда миф поэтикалық негізде фольклорға өз сәулесін түсіреді. Нәтижесінде мифофольклор дербес фольклордың бір түрі ретінде қарастырылады. Мифологиялық фольклор дегеніміз – табиғат объектілері мен құбылыстарын, адамзаттық болмыс пен бітім мәселесін, уақыт пен кеңістік шеңберіндегі адамның өмір-тіршілігін мифтік, діни-танымдық және иррационалдық мәнде түсіндіріп, сол таным-көкжиекті белгілі бір көркемдік арнаға түсіріп немесе өз белгілерін белгілі бір фольклор жанрына тиемелдететін тұтасқан жүйелі «туынды» болып келетін ауыз әдебиетінің ерекше саласы. Мифология мен мифофольклор – егіз ұғым, қатар құбылыс. Өйткені бірінен кейін бірі жалғасып, «созылмалы» түрде келіп, олардың қосындысының жігі білінбей кететін болғандықтан, мифофольклор жанрында таза мифтік түсінік айқын және нақтылы көрінеді. Мифтен бастау алып, одан әрі ол түсінік фольклорға айна-қатесіз түскен кезде, тіпті ара-жігін ажырата алмай қалатын сәттер болуы мүмкін. Фольклордың өзінде мифтік сана, ежелгі наным-сенім «бұзылмаған» таза күйінде сақталып тұратын болғандықтан, өз қасиетін фольклорда жалғастырады. Бірақ мифофольклордың мифологиядан айырмашылығы көркемдік өлшем мен қалыпты пішіннің орнықты болуында. Ұлттық форманы өн бойына фольклор сол таным, наным-сенімдердің арқасында көрсете алады. Сол мақсатпен де мифофольклорда ұлттық поэтика жоғары деңгейде «жұмыс» жасап тұрады. Осы ретте М.Тілеужановтың: «Фольклордың ұлттық поэтикасы осылармен шектелінбейді. Образ бүкіл тұтас тұлғасымен, жасалу жолдарымен қоса қаралғанда ғана ұлттық болады. ...Фольклорлық стиль, поэтика дегендер – жақын ұғымдар» [2, 50-51 бб.], - деген пікіріне сүйенсек, фольклордың халықтығы оның экстратанымдық сипатына негізделеді. Сол секілді фольклордың саласы мифофольклор өз арнасына бірнеше танымдық сфераны жинақтайды. Сонда мифофольклор – синкретті жанр, ол поэтика, стиль, образ, типология, эстетика секілді ұғымдардың тоғысында пайда болады дейміз.

Мифофольклор өз аясында кең ұғым болғандықтан, оның өзіндік метатілі, яки терминдер жүйесі болады. Мәселен, мифофольклорлық сюжет деген терминді алып қарар болсақ, оған мынадай анықтама беруге болады: ол - өз құрамында мифтік танымға сәйкестендірілген фольклорлық сюжетті қамтып, тек бір ғана емес, бірнеше формаларда көрініс беретін мифофольклордың элементі. Яғни бұл сюжеттер фольклордың арнасынан табылады. Алғашқы таным-түсініктер, мифтік әңгімелер фольклорға өзіндік сюжетпен, этюдпен, детальмен, штрихпен беріліп, айқындалуы мүмкін. Міне, сол мезетте, жаңа сала, жаңа түр (мифофольклор) пайда болады, ал оны «жасаушылар» жоғарыда айтқан негіздемелер. Нақты мысал келтірер болсақ, Ұмай ана турасындағы мифтік әңгімелерді алайық. Жасампаз қаһарман ретінде көрінген Ұмай ана мен оның айналасындағы Аю батыр, Айсұлу, көк қасқыр секілді образдарды [3, 24-25 бб.] алар болсақ, бұл мифтегі сюжеттер әр фольклорлық үлгіге нұсқау ретінде қызмет атқара алады. Ұмай ананың ғұрыптық фольклорда алатын орны да, көрінетін кеңістігі де мол. Өйткені ғұрыптың бірден-бір кілті – отбасылық жағдай. Ал отбасы «құдайы» - Ұмай ене. Сол себепті халықтың ырым-жоралғы, салт-дәстүр, жөн-жосықтарында (отқа май құю, анаға сыйыну, жалбарыну, табыну) бірнегізді мотив қайталанады. Сол себепті бұл мотив фолкьлордың аясына кірігіп, мифопэтикалық ойлау жүйесіне сай құрылымға «айналып», сол күйінде қатталған тұтастық, жүйе (трафарет) ретінде басқа бір жанрларға айна-қатесіз болып түсетін мифофольклорлық сюжет болып шығады. Немесе мифтік жүйеге сәйкес қалыптасқан Жер мен Көктің жаралуы мен болмысы турасындағы наным-сенімнің түп-қазығы сақталып, негізгі белгілерінің басқа бір фольклор үлгілерінде берілу аясы өте көптеп саналады. Осы жерде мифологиялық мотив деген ұғым шығады. Мифофольклорлық сюжет мифология мен фольклордың қосындысынан пайда болса, мифологиялық мотив нақты мифтік танымнан пайда болады. Мотив – фольклор, тіпті әдеби туындыларда белгілі бір өлшеммен қолданылатын бірізді «ырғақ». Ол бірнеше бұрмалаушылыққа не қосымша мәліметтерге ие болып, өзгеріске түсуі мүмкін. Осылайша мотив ұқсастыққа құрылады. Мәселен, қазақ дүниетанымында көз жастан пайда болу мотивін алар болсақ, бұл құбылыстардың бәріне ортақ лейтмотив – су, тамшы. Мифологиялық әпсаналар Атасу туралы, Арқадағы Бурабай, оңтүстіктегі Жылаған ата, батыстағы Жайық өзені турасындағы жер-судың жаралуы жайындағы мифтер, тіпті он сегіз мың ғаламның жаралуы турасындағы (космогониялық) діни мифтердің түп арқауында «көз жасынан пайда болу» мотиві жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Атасу» туралы мифтің нұсқасын келтіре кетсек: «Ерте кезде бір байдың қызы қойшыға ғашық болыпты. Әкесі онымен үйленуге тыйым салады. Ақырында екі жас қашып кетеді. Бай қуғыншыларды аттандырады. Оларды қуып жеткен байдың мергені қойшы жігітті көздеп атып алады. Қауіпті алдын ала сезген қыз оқты кеудесімен жауып үлгереді. Осылайша қойшы тірі қап, сүйген жігіті үшін қыз байғұс мерт болады. Күйік тартқан әкесі марқұм қызын құшақтап зар еңірегенде көз жасы көл боп ағып, содан қазіргі Атасу өзені пайда болыпты» [4, 279-б.]. Немесе мына «Мұхаммед Пайғамбардың нұры» деп аталатын діни мифті мысалға алар болсақ: «...Бір жүз жиырма төрт мың тамшы мүбарак ағзаларынан тамды. Барлық пайғамбарлардың рухы пайда болды. Оның ішінде басынан үш жүз он тамшы тамған еді. Олардан (кейін) пайғамбарлардың абзалдары өмірге келді. Екі тамшы мүбарак оң көзінен тамған еді: Лаух, Қалам дүниеге келді. Екі тамшы мүбарак сол көзінен тамған еді: Ғарыш, Күрсі пайда болды. Екі тамшы мүбарак бетінен тамған еді: Ай, Күн жаратылды» [3, 134-б.]. Екі мысалда бұл мотивтің ауаны бір болғанымен, қолданылу аясы әр басқа. Алғашқы мысалда көз жастан судың пайда болып, одан елді-мекен, қонысқа айналу (топоним) процесін көрсек, екінші мысалдан көзден (оң, сол) тамған тамшыдан ғарыш, Ай, Күн, Күрсі, Лаух, Қаламның жаратылу үдерісін байқаймыз. Осы жердегі айтпағымыз: бұл мотив тек осы мифтерге ғана емес, басқа да таным-түсінік, ырым-жоралғы, наным-сенімге өзек бола отырып, бір «ядродан» өрбиді. Сонда мотив – бір негізде дамып, бірнегізді идеяны бойына сіңіріп, түпнегіз архетип құрайтын бірлік.

Мифтік фольклор – өз аясында фольклор дәуірін қамтып, фольклормен бірге «өмір сүретін», жанаса байланыста болатын ерекше жанр. Поэтикалық бернелеудің астарына тұнған мифтік арқау фольклорға өзек бола отырып, мифопоэтикалық жүйе құрайды. Осылайша мифопоэтика фольклордың ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырыла отырып, онымен бірге дамиды да. Фольклор мен мифологияның тығыз байланыстылығы сонда – мифтік наным-сенім санатына кіріп, ежелгі таным сатысына кіретін ұғым-түсініктер белгілі бір шекке келгенде (мифологиядан фольклорға өту шегі), сұрыптаудан, айқындаудан өтіп жинақталып, қалыптасқан үлгіде екшеліп, фольклорлық шығармаларға өзек болады. Сол себепті мифофольклорды тарихи құбылыс ретінде қарастырсақ, біріншіден, ол – мифтік танымға негізделген поэтикалық жүйесі бар шығармалар реті болса, екіншіден – сол мифтік танымға тиемелденіліп, сол ұғым-түсініктердің басқа фольклорлық шығармалардың өн бойында уәжділіктен туындайтын немесе тарихи үдеріс пен қоғамдық ой-сананың даму арнасының шиеленісінен келіп шығатын үлкен құбылыс.

Мифофольклор ұғымына фольклордың жанрлары мен салаларының барлығы дерлігі қызмет атқарады. Оның ішінде – тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтел, ертегілер, батырлар жыры, лиро-эпостық жырлар, айтыс өлеңдері. Бұлардың алғашқы сатыларында миф айқын түрде көрінсе, келесі түрлерінде бұлыңғыр, солғынданып танылады. Әсіресе миф ғұрыптық фольклордың өн бойында толық сақталған.

Сонымен, халық ауыз әдебиеті мен миф жанры ортақтасып, бір арнаға тоғыса отырып, өз кезегінде бір саланың басын ашып алады. Мифофольклор - өте кең, бай ұғым. Өйткені оны бай да мәнді етіп тұрған тін – фольклордың «қуаттылығында». Ғалым М.Ғабдуллин халық ауыз әдебиеті турасында: «Ең алдымен, ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүние танымы, арман-мүддесі, таптық күресі т.б. таныстырып көптеген мәлімет береді. Бұларды ол әдебиеттік суреттеу арқылы елестетеді. Ауыз әдебиеті өткен өмірді, «халықтың психологиясын», оның «арман-мүддесін» білуімізге аса керекті материалдардың бірі болып табылады. ...Ауыз әдебиеті жалпы әдебиет тарихынан да елеулі орын алады. Ол өзінен кейін туған көркем әдебиетке көп әсер етті. Сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын пайдалана білу т.б. жөнінде ауыз әдебиеті көркем әдебиетке негіз салды. Бұл ретте де ауыз әдебиетінің мәні өте зор» [5, 34-б.], - дейді. Сонда мифофольклор – белгілі бір сюжеттік желісі бар, композициялық құрылымы кең, поэтикалық бояуы қанық, көркемдік жүйесі бай фольклордың ерекше бір саласы.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   57




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет