А.Е. Сыдықованың «Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның қалыптасуының конституциялық-құқықтық мәселелері» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына
аннотация
Зерттеудің өзектілігі ҚР Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауында анықталған елді жаңғырту бағытына орай қазіргі кезде Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның дамуын конституциялық-құқықтық тұрғыдан ұғынудың аса маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленуімен байланысты. Себебі, азаматтық қоғам бүкіл қоғамның дамуы мен гүлденуіне, халық өмірінің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыруға жағдай жасайды. Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғам 1995 жылғы ҚР Конституциясының негізінде қоғамдық өмірдің барлық салалары мен мемлекеттік басқаруды реформалау жағдайында қалыптасуда. Осы орайда Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамның қалыптасуының конституциялық-құқықтық мәселелерін зерттеу аса өзекті болып табылады.
Зерттеу объектісі болып азаматтық қоғаммен байланысты, әлеуметтік құбылыстар мен процестер, Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасу үрдісін сипаттайтын мемлекеттік емес институттар табылады.
Зерттеу пәні болып Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуының конституциялық-құқықтық мәселелері, азаматтық қоғам құрылымы элементтерінің қалыптасу және қолданылу үрдісі, олардың мемлекет және оның механизмдерімен арақатынасы табылады.
Зерттеу мақсаты: Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамының конституциялық-құқықтық қалыптасу мәселелерін зерттеу
Зерттеудің мақсаттары келесі міндеттердің орындалу қажеттілігн туғызды:
-зерттеліп отырған мәселенің ғылыми-теориялық негізін жинақтау және талдау;
- азаматтық қоғам мен мемлекеттің арақатынасы мәселелерін қарастыру;
- азаматтық қоғам мен мемлекеттің дербестігіне қатысты мәселелерді зерттеу;
- берілген мәліметтердің қорытындысы негізінде тәжірибелік ұсыныстар дайындап, мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасау.
Диссертациялық зерттеудің жаңалығы қорғауға шығарылатын негізгі қағидалардан көрініс табады:
1. Азаматтық қоғам адамдардың әлеуметтік бірлесіп өмір сүру тәсілі болып табылады, ол құқыққа және демократиялық саяси режимге негізделеді. Азаматтық қоғам жағдайында билікті жүзеге асырудың қатаң нысандарынан бас тартып, тұлға, қоғам және мемлекет арасындағы қоғамдық шартқа бет бұруға мүмкіндік туады.
2. Азаматтық қоғамда жеке тұлғалардың дербестік саласы кеңейеді. Олар тек ережелер мен нұсқауларға ғана емес, соған қоса өздерінің мүдделері мен мақсаттарын негізге алып әрекет ете алады. Әдетте, азаматтық қоғамды құрайтын бірлестіктер азаматтар тобының немесе кәсіпорандардың мүдделері мен қажеттіліктерінің тууына қарай құрылады.
3. Азаматтық қоғамның қалыптасқан және қалыптасушы институттарының тиімді қызмет етуі халықтың барлық таптары мен топтарының адамгершілік санасы мен рухани мәдениетін көтеру, құқықтық жаппай оқыту негізінде құқықтық нигилизмді мейлінше еңсеру арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды қалыптастыру тек әлеуметтік бағытқа ие нарықтық экономиканы дамыту үшін жағдай жасау, қазақстандық тауарлардың әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтумен ғана емес, сонымен қатар қоғамдық қатынастардағы әлеуметтік саланы реформалаумен де байланысты.
5. ҚР 2001 жылғы 30 қаңтардағы № 155 «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексті келесі мазмұндағы 96-1 баппен толықтыруды ұсынамыз:
«96-1 бап. Азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдау кестесін бұзу
1. Азаматтарды қабылдау кестесін лауазымдық тұлғалардың бұзуы – бес айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге алып келеді.
2. Осы баптың бірінші бөлімінде қарастырылған әрекеттер әкімшілік шара қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанатын болса, -
бес айлық есептік көрсеткіштен он айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге алып келеді.
3. Осы баптың бірінші бөлімінде қарастырылған әрекеттерді мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен олардың орынбасарлары жасаған болса, -
он айлық есептік көрсеткіштен жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге алып келеді».
6. Омбудсмен құқықтық институты мемлекет пен азаматтық қоғамға бірдей тиесілі, себебі ол мемлекеттік және жеке мүдделер қайшылықтарын шешеді. Омбудсмен азаматтық қоғамның әлеуметтік институты ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы мемлекет пен қоғамның «күштерін» теңестіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |