«Əйтеуір тиыштық болса əлгі қарғыс
атқан бөренені судан шығарып, Оразқұлсыз-ақ өзім реттер едім. Сол
бəлемен байланыспай-ақ қояйын. Не ғылса о ғылсын, ерік өзінде,
есекке сен есексің дегенге ол мойындай ма?»
– деді ішінен шал.
Момын ат қораға жақындай берді.
– Ал, түсе ғой, үйге келдік деген осы, – деді шал алыс сапардан
оралған адамша өзінің қобалжыған көңілін балаға сездіргісі келмей.
Бала аттан қарғып түсіп, портфелін бұлғақтата үйге тұра жүгіре
бергенде Момын шал оны тоқтатып:
– Тұра тұр, бірге барамыз.
Алабасты ат қораға кіргізіп болды да, баланы қолынан жетектеп
үйіне қарай беттеді.
– Сен, балам, байқа, – деді атасы. Егер маған жекіріп ұрыса
бастаса, сенің ісің болмасын, тыңдамай-ақ қой ондайды. Ештеңеден
қорықпа. Сен сол мектептен қалмауды білсең болды.
Бұлар үйге келгенде жаңағыдай қауіптің нышаны білінбеді.
Кемпір шалға біраз кінəлай қарап отырды да астыңғы ернін тістеп
алып, қолындағы көктеп отырған дүниесімен əуре бола берді. Атасы
да кемпірге үндеген жоқ. Сол баяғы əлденеге сезіктенгендей қабағын
қарс жапқан күйі сəл тұрды да пештің үстіндегі зерен табақтағы
кеспені алып, нан турап, қасық салып баласымен екеуі тамаққа
кірісті.
Үн шығарған ешкім жоқ. Кемпір де бұларға қарамады. Оның
əжімді сұп-сұр бетіндегі ашуды аңғару қиын емес. Бір сойқан
болғанын бала іштей сезіп отыр. Бірақ қариялар бір-біріне үн
қатпады.
Осы бір ауыр үнсіздік баланы бір қорқынышқа бөлегендей ішкен
асы тамағынан зорға өтіп отыр. Дүниеде тамақ ішкенде жұрттың үн-
түнсіз, бір-біріне сұстана сезіктене қарағанынан ауыр ештеңе жоқ.
«Мүмкін, біз екеуміз кінəлі шығармыз?» – деді бала ішінен,
портфеліне қарап. Портфель терезенің алдында жатқан. Баланың
жүрегі жылжып, терезенің алдына барып, өзінің портфелімен
сыбырлап сөйлесе бастады.
Сен бірдеңе білесің бе, өзің? Атам неге сонша мұңайып отыр?
Бұл кімге кінəлі боп қапты? Бүгін неге кешігіп барды бізге? Алабас
атты жайдақ мініп барғаны қалай? Бұрын-соңды мұндай болған жоқ
еді ғой? Мүмкін, орманда маралдарды көрген соң кешігіп қалған
шығар?.. Мүмкін, марал түгіл шайтан да жоқ шығар? Жалған жоқ боп
шықса қайтеміз? Ойпырм-ай, ондайдың беті аулақ. Бірақ өзі айтқан
жоқ па бəрін де. Егер атам екеумізді алдаса, ең алдыменен Мүйізді
Бұғы ана ренжиді ғой?..»
Тамақ ішіп болғаннан кейін Момын атасы балаға баяу үнмен:
– Қалқам, сен аулаға шыға бер, бір шаруа бар, қазір маған
көмектесесің, өзім шығам, – деді.
Бала құлақ қақпай тысқа шықты. Табалдырықтан аттай бере
кемпірдің шалға:
– Сен қайда барасың? – деген үні естілді.
– Ана бөренені əкелем. Бағана өзеннің ортасында қалып қойды
ғой? – деді Момын.
– Ə, ə... Енді есіңе, түсті ме? – деді айқайлап кемпip. – Есуас-ау,
сен алжығанда бір шайнам ақыл болсайшы, бар ана қызыңның не
болып жатқанын көр! Жаңа Гүлжамал үйіне əкелді. Сенің ол есерсоқ
бедеу қаншығың кімге керек еді? Бар енді, кім болғанын енді өзі
айтсын. Байы үйінен бұралқы иттей қып қуып шықты.
– Енді қайтейік, қуса қусын, – деді күйініп Момын.
– Сөзін қарашы! Сен өзің кім едің? Қыздарың шетінен сайқал,
солардан қалған мына жетімек немереңнен бір əулие шығады деп
жүрмісің? Жетісерсің, осы үшін жек көрінішті боп нең бар еді, сенің?
Алды-артыңа қарамай алабасқа міне жөнелгеніңді айтшы-ей? Ондай
жүрек саған қайдан пайда болды? «Арыстан əліңді біл, құмырсқа
жолыңды біл», – дегенді ескеретін күнің бола ма? Кіммен айқасып
жүрсің... Ол сенің мойныңды тауықтың мойнындай бұрап алады. Сен
шірікке ашу қайдан пайда боп жүр? Осынша ерлікті бүгін саған кім
берді. Ана жүзі қара қызыңды бұл үйге ертіп келуші болма!
Табалдырығымнан аттатпаймын...
Бала қораның ішінде əрі-бері мұңайып жүріп алды. Үйдің ішінен
кемпірдің айқайы келіп жатыр. Кенет есік ашып жабылғандай болды,
Момын шал жүгіре шықты. Сейдахметтің үйіне беттей бергенде, оны
есіктің алдынан Гүлжамал қарсы алды.
– Қазір бармай-ақ қойыңыз, кейін, – деді ол Момынға. Шал
абыржып тұрып қалды. – Жылап отыр. Көкала қойдай, сабап
тастапты. Енді бұдан былай бірге тұрмаймыз, кет деп қуып шығыпты.
Бар қарғысты сізге үйіп-төгіп жатыр. Бəріне əкем кінəлі деп
маңдайын төбелеп отыр, – деді сыбырлап Гүлжамал.
Момында үн жоқ. Не айтарсың? Ең ар жағы іштен шыққан қызы
да мұның жүзін көргісі келмейді.
– Оразқұл үйінде араққа батып жатыр. Хайуанның аты хайуан
емес пе, – деді тағы да сыбырлап Гүлжамал.
Екеуі де біраз үнсіз тұрды. Гүлжамал жаны аши күрсініп:
– Ертерек Сейдахмет келсе екен, бүгін жету керек еді. Ана
бөренені бірге шығарып, көзін жойғандарың жақсы болар еді.
– Бөренеде не тұр дейсің, шырағым, – деді Момын басын шайқап.
Біраз ойланып тұрды да, жанындағы немересіне қарап. – Айналайын,
бар ойнай бер.
Бала өз жөніне кетті. Сарайға барып жасырып қойған дүрбісін
алды. Шаңын сүртіп, өзінше мəз. «Жағдай онша емес, – деді ол
мұңайып дүрбіге, – шамасы бəріне біз портфель екеуміз кінəліміз-ау.
Басқа бір мектеп болса портфель екеуміз сонда кетер едік. Ешкімге
көрінбей жоғалып кетсек жақсы болар еді. Бірақ, атам сорлы бізді
іздеп зар қағады ғой. Егер біз кетіп қалсақ, сен ақ кемені кіммен
қарайсың? Немене мен балық боп кете алмайды дейсің бе? Сол
кездері сен қарап тұрсаң қызық болар еді. Ақ кемеге менің жүзіп
барғанымды көресің ғой, ə?..»
Бала пішеннің ар жағына шығып, жұрттан жасырынып,
дүрбісімен айнала қарап отырды. Өзі көңілсіз болған соң көп
қарамады. Былайғы күндері қараудан шаршамайсың, қоңыр күз,
түнерген күз орманы, анау биікте ақша қар, етегі болса алқызыл өрт,
қандай тамаша.
Бала дүрбісін орнына апарып қойды да, сарайдан бері шыға
бергенде атқа ертоқымын салып қамыт кигізіп, жетектеп келе жатқан
атасына көзі түсті. Ол өзеннің өткеліне қарай беттеп барады екен.
Бала атасының соңынан ұмтыла бергенде, мұны Оразқұлдың айқайы
тоқтатты. Көйлекшең тон жамылған Оразқұл үйінен атып шыққан.
Бет-аузының бəрі арам өлген сиырдың желініндей ісініп кеткен.
– Əй, қақбас, – деді жекіре айқайлап Момынға, – атты қайда
апарасың? Қайт бері, орнына байла! Сенсіз де шығарып аламыз.
Жұмысың болмасын. Сенің енді бұл жерде барыңнан жоғың. Бүгіннен
бастап қызметтен босаттым. Қайда барсаң онда бар.
Атасы ызалы мырс етті де атты жетектеген күйі қайтадан қораға
беттеді. Қас пен көздің арасында шал бұрынғыдан да қартайып,
бұрынғыдан да кішірейіп шөгіп кеткендей болды. Сол тырп-тырп
басқан күйі, ешкімге қарамастан кетіп бара жатыр.
Бала атасының бұл көрген жəбіріне шыдай алмай, көз жасын
ешкімге көрсетпеу үшін өзеннің жағасына қарай жүгіре жөнелді.
Жалғыз аяқ жолды еміс-еміс көреді, өйткені көзінен жас парлап еш
нəрсені аңғарар емес. Міне, өзінің жасынан тату, танық «қасқыр»,
«ерттеулі ат», «Танк», «Шөккен түйелері», бала оларға үндеген жоқ.
Бəрібір бұлар ештеңеге түсінбейді, сол жатқан қалыптарынан басқа не
біледі? Бала «түйесінің» өркешінен құшақтап, күңірене-күйіне
жылады. Көпке дейін өксігін баса алмай зорға дегенде тыйылды.
Біраздан кейін басын көтеріп, көзінің жасын сүртіп, қарсы
алдына қарағанда өз көзіне өзі сенбей мелшиіп қалды.
Дəл қарсы алдында өзеннің арғы бетінде су жағасында үш марал
тұр екен. Кəдімгі марал. Tipi, жаңа ғана су ішіп қанған сияқты.
Ішіндегі үлкендеуі тағы да суға мойнын қойып, сіміріп жатыр. Судың
бетінен айнаға қарағандай өзінің шаңырақ мүйізінің көлеңкесін
көріп, қызыға ма, бас алмайды. Өзі қара бурыл, кеудесі есіктей
бəрінен ірі, басын судан жұлып алғанда жүндес ақшыл еріндерінен су
тамшылап тұрды. Шаңырақ мүйіз еркек бүғы құлағын қайшылап
балаға қадала қарады.
Əсіресе, мүйіздері де анадай жіңішке екі бүйірі шығыңқы ақ бұғы
балаға бəрінен көп қадалды. Мүйізі шағын болғанмен, сондай əдемі,
əсем. Өзі мұндай сұлу болар ма? Баланың ойындағы Мүйізді Бұғы
анадан айнымайды. Тостағандай көздері тұп-тұнық мөлдіреп тұр. Өзі
жыл сайын құлындайтын мама биедей көнтерлі кең сауыр. Осы
жалпақ бас, қалқан құлақ баланы қайда көрдім дегендей Бұғы ана ұзақ
көз алмай қарап тұрды. Жасаураған көз жанары алыстан ұшқын
шашып тұрғандай. Жұқа буалдырланып танауынан шыққан демі де
көзге шалынады. Оның қасында бер жаққа артын беріп теріс қарап
тұрған мүйізсіз бұзауы талдың сабағын жұлмалап өзімен өзі. Оның
ешнəрсемен ісі жоқ. Өзі сеп-семіз, жұп-жұмыр. Сергек те қамсыз.
Кенет жапырақты тастай беріп, секіріп түсті де, анасын иығынан
қағып кетіп айнала ойнақтап, еркелей бастады. Мүйізсіз тоқал
басымен Бұғы ананың бүйіріне қасынды. Мүйізді Бұғы ана сол баяғы
қалпы, баладан көз айырмады.
Бала тастың тасасынан бой көтеріп барлық дүниені түсінде
көргендей демін ішіне тарта, екі қолын алдына ұмсына жайып,
жағаға, су бойына жақындай берді. Маралдар мұнан сескенген де жоқ.
Сол бей-жай тұрған қалыптарында арғы беттен балаға қадалған
күйінде. Астындағы дөңбек тастардан асыла аптығып шымырлай
қайнап ағып жатқан, көк, мөлдір өзен бұлардың арасын бөліп тұр.
Əттең адуын ағып жатқан осы өзен болмаса, бала алдақашан барып
маралдардың əукесінен, арқасынан сипап тұрмас па еді. Маралдар
құм қиыршақ қайыр алаңда тұрған-ды. Сол алаң аяқтала бере əрі
қарай күздің қазан суығы шалған орман реңі қара қошқыл жалындай
көз тартады. Одан биікте жарқабақтан басталатын сыңсыған қайың-
қарағайдың алтынмен аптағандай жалқын сары жапырағы жанардың
жауын алады. Жыныс орман ұзақ өрлей отырып қарлы шың жабайы
жартастардың алқымына барып тіреледі.
Бала бір сəт көзін жұмды да қайтадан ашты. Əлгі көрініс қаз
қалпында. Жалын жапырақты тоғайдың бергі етегіндегі алаңда
атасының ертегісіндегі маралдар əлі тұр. Бұл не деген ғажап көрініс.
Міне, олар бұрылды да, бірінің соңынан бірі қаз-қатар тізіліп
орманға беттеді. Алдында ата марал, opтасында арда бұзау, ең
соңында Мүйізді Бұғы ана. Ең соңындағы бұғы ана балаға бұрылып
тағы бір қарады. Маралдар тоғайдың ішіне кіре, əрмен қарай жылжи
берді. Олардың үстінен ағаш бұтақтары шайқалып арқаларына ал
қызыл жапырақтар жауып барады.
Содан кейін ол жалғыз аяқ соқпақ жолмен жар басына көтеріліп
барды да, тағы тоқтады. Баланың ойынша маралдар тағы да осыған
қарағандай боп сезілді. Ата марал мойнын бір созып алды да мүйізін
арқасына қайыра «Бао-бао» деп мөңіреп қоя берді, осы алып үн анау
шың жартастарды жаңғыртып, бүкіл өзен бойын күңірентіп «a-о, а-о»
– деген жаңғырық бар əлемді басына көтерді.
Сонда ғана барып бала есін жинады. Алды-артына қарамастан
өзіне белгілі жалғыз аяқ жолмен үйге қарай жүгіре жөнелді.
Жанұшырып келеді. Аулада ешкімге бұрылуға мұрша жоқ, ентіккен
күйі есікті шалқасынан ашып, табалдырықтан аттамай жатып:
– Ата, маралдар келді, маралдар! Бəрі осы жерде жүр, – деді жан
даусымен.
Еңсені басқан мұң-хасіреттен есеңгіреп бұрышта үнсіз отырған
Момын атасы, немересіне бір қарады да, мұның не айтып, не қойып
тұрғанына түсінбеген кісідей, мелшиіп қала берді.
– Немене сонша, айқайлағаның, келсе келген шығар, əзір марал
түгіл аспаннан əулие түссе де оған қарар жай жоқ, – деді кемпір
жекіріп.
Бала үн-түнсіз далаға шықты. Ауланың ішінде тірі жан жоқ,
күздің аласа күні Қарауыл тауынан əрі асып, жалғас жатқан жалаңаш
жартасты тауға құлап барады екен. Қою суық сəуле тау жоталарын
күмістей көмкере көлбейді. Батып бара жатқандағы шашыранды сəуле
тау шоқыларын ғана шалады. Орман болса қарауытқан кеш құшағына
еніп бара жатты.
Салқын соқты Қарлы шыңдардың жалаң желінің лебі келеді. Бала
тоңа бастады. Тұла бойы түршігіп-тітіреніп қоя берді.
6
Төсекке жатқанмен жылынбады, сол денесі түршіккен бойы
біразға дейін ұйықтай алмады. Аула іші де алдақашан қараңғы. Басы
сырқырап барады. Бірақ бала ешкімге тіс жармады. Мұның
сырқаттанып қалғанын білген жан жоқ. Бəрі де баланы ұмытқан.
Баспақ түгіл бас қайғы болып жатқанда оны қайтсін.
Атасы болса жынынан айырылған бақсыдай өзін қоярға жер
таппай жан таласып жүр. Үйге бір кіреді, бір шығады. Кейде бұрышқа
барып анда-санда бір күрсініп мұңайып отырады да тағы шығып
кетеді. Əйтеуір байыз таппайды. Кемпірдің аузында тыным жоқ,
айналдырғаны осы шал. Бұл да бір кіріп, бір шығып жортып жүр. Аула
ішінде əлдекімдердің түсініксіз сөзі, шаңқылдаған үні естіледі, əрлі-
берлі асығыс жүрістері аңғарылады. Əйтеуір тегін емес, ұрыс-керістің
де сыңайы байқалады, шамасы Оразқұл бүлдіріп жатыр-ау,
əлдебіреудің булығып жылаған үні де келеді...
Бала бүлк етпестен жатыр, үйдің ішіндегі бүгінгі берекесіз,
көңілсіз көрініс, сырттағы əрлі-берлі жүріс, айқай-шу əбден титығына
жетті. Үйдің ішінде де береке жоқ.
Бала көзін тарс жұмып алды. Мұнымен жұрттың ісі болмағанын,
мұны бəрі ұмытқанын, үйдің ішінде, аулада болып жатқан оқиғаның
бəрін жиып қойды да, өзінің көптен бергі арман етіп жүргеніне бүгін
кездескенін тағы да көз алдына елестетті. Міне, өзеннің жағасына
келіп тұрды. Судың ағысына көз ілеспейді. Ұзақ қарап тұрсаң басың
шыр көбелек айналады. Өзеннің арғы бетінде бұдан көз айырмай
маралдар тұр, бағана күн батар алдында өзі көрген үш марал да сол
орнында. Сол көрген-білгені көз алдынан қайтадан өте бастады. Су
ішіп тұрған ата марал басын көтерген шақта, оның ернінен қайтадан
тамған тамшыға дейін көрінді. Мүйізді Бұғы ана баланың барлық
жай-күйін танығандай оған мейірлене көз айырмай қадалып тұр. Көзі
тостағандай, терең, тұңғиық, қандай тамаша десеңізші! Байқасаң
əлденеге елжіреп жасаурап тұрған тəрізді. Баланы, Мүйізді Бұғы
ананың адамша күрсінетіндігі, аң-таң қалдырды. Көз қарасының өзі
мұңды, қайғылы, өзінің атасындай шерлі көрінеді. Тағы да тоғайды
аралай жылжып бара жатты. Ағаш бұтақтары шайқалып олардың
арқаларына қызылды-жасылды жапырақтар жауды. Əне, жар қабаққа
көтерілді. Сол жерде тоқтады. Содан кейін ата марал мойнын созып
шаңырақ мүйізін шалқасынан тастап жер көкті көшіре «Бао» «Ба-о»
деп мөңіреп жіберді. Ата маралдың осы үні тау, орман, көл, құзды
күңірентіп жібергені есіне түсіп бала күлді. Содан кейін маралдар
орманға сіңіп кетті. Бірақ баланың бұлардан қол үзгісі келмеді, өз
қиялымен өзі болып қайтадан солармен қауышты.
Тағы да көз алдынан асау өзен, сол баяғы мөлдір шымырлап
қайнаған қатты ағысымен өте бастады. Ағысқа қарап тұрсаң басың
айналады. Ол сəл секіріп қалып еді, өзеннің үстімен өте шықты. Сол
қалқыған күйі əлгі алаңда тұрған маралдардың қасына барып жəймен
түсті. Мүйізді Бұғы ана жанына шақырып:
– Қалқам, кімнің баласысың? – деді.
Балада үн жоқ. Кімнің баласы екенін айтуға ұялды.
– Мүйізді Бұғы ана, біз, атамыз екеуміз сізді өте жақсы көреміз.
Сіздің келуіңізді көптен бері күтіп жүр едік. – деді.
– Мен де сені танимын, атаңды да баяғыдан білем. Ол мейірбан,
жақсы адам, – деді Мүйізді Бұғы ана.
Баланың қуанғаны сонша, Бұғы анаға қалай рахмет айтудың
жөнін таппады.
– Мен қазір балыққа айналып, осы өзенмен жүзіп отырып,
Ыстықкөлдегі ақ кемеге қалай барғанымды көргіңіз келе ме? – деді
бала кенеттен.
Жүзу мұның қолынан келетін. Бірақ Мүйізді Бұғы ана баланың
бұл сөзіне жауап қатпады. Сосын бала өзінің жаздағы əдеті бойынша
шешіне бастады, жағадағы талдың бұтасынан ұстап абайлап суға түсе
берді. Бірақ су бұрынғыдай мұздай салқын емес екен, қайта ыстық, əрі
қайнап жатқандай қапырық сезілді. Ол судың астымен көзін жұмбай
жүзіп келеді, су астындағы алтын рəуіштес қиыршық құм, майда
тастар ызғып шулап қоя берді. Əлденеден тұншыққандай қалпы бар.
Ыстық қайнаған ағыс мұны алды-артына қаратпай алып барады.
– Мүйізді Бұғы ана, құтқар мені, құтқара көр, мен де сенің
балаңмын ғой? Қол ұшыңды бере көр! – деді ол бар даусымен.
Мүйізді Бұғы ана мұның ізінше өзен жағалап, шауып келеді.
Мұның жүйріктігі сонша мүйізінен желдің ысқырығы сезіледі. Мұны
көргенде баланың бойы жеңілдеп сала берді.
Қазір қара терге түсіп жатыр. Атасының мұндай жағдайда
көрпені аямай жабатыны бар, өзі де қымтана түсті. Үйдің ішінде тірі
пенде жоқ. Сықсима шамның білтесі де əлсіреп сəулесі азая бастады.
Бала орнынан тұрып, су ішкісі келіп еді, ауланың ішінен тағы да бір
дөрекі үндер, айқай-шу аралас жылау-зарлау, əлде біреудің біреуді
жұбатып жатқан үндері келді.
Əрлі-берлі, ерсілі-қарсылы жүргендері байқалады. Сəлден соң дəл
терезенің алдынан аһлап-уһлеп, əлде біреулер бірін-бірі сүйреп,
итермелеп келе жатқандай көрінді. Əне-міне дегенше салдыр-гүлдір
есік ашылды, əбден ашуға мініп екі иығынан дем алып ентіккен
кемпір Момын шалды желкелеп үйге кіргізді. Атасының мұншалықты
үрейі ұшып, ес-түссіз болған жайын бала бұрын-соңды көрген емес-ті.
Шалдың көзі ештеңеге қанар емес, əбден есінен адасқан сияқты
дəнеңе білмейді. Кемпір кеудесінен бір-ақ итеріп отырғызды.
– Отыр енді, отыр деген соң, кəрі қақбас! Сен не бетіңмен
килігесің? Бұлардың жанжалын, қанды шайқасын бірінші рет көріп
отырмысың? Килікпе, кіріспе деп саған қанша айттым! Арты тыныш
болсын десең араласпа, қыбыр етпе. Менің айтқанымды істесең
өлмейсің. Ұқтың ба? Ол ең алдымен бізді қаңғыртып жібереді. Осы
қартайған шағымызда кімге барып телміреміз? Қуып шығады,
кəйтесің сонда? О сормаңдай, қақбас, соны ойласайшы?
Осы сөздерді айтты-дағы кемпір жалма-жан есікті тарс жауып
асыға шығып кетті.
Үйдің іші тағы да құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тек қана
атасының үздік-үздік дем алғандағы кеудесінің сырылы ғана естіледі.
Қалш-қалш еткен қос қолымен басын құшақтап пештің түбінде бір
уыс боп отыр. Кенет шал қос тізерлеп, екі қолын көкке жайып, даусы
діріл қағып, əлдекімге жалбарына бастады.
– Е, жаратқан жалғыз, неге аямайсың мені, маған арнаған ажалың
жоқ па еді? Бұл мазақ-масқараға душар еткенше мені ал-дағы, анау
тас маңдайға бір шикі өкпе берсейші. Жұрт бетіне қарайтын менде не
қалды. Аясайшы, тəңірім, ол бейшараны. Мейірімің түсіп бір нəресте
берсейші. Мүсіркесейші бізді де...
Зар еңіреп жылаған шал орнынан теңселе тұрып, үйдің
қабырғасының əр жерінен бір ұстап есікті зорға тапты. Сыртқа шықты
да, есікті жапты. Сол есік сыртында аузын қолымен басып булыға
өксіп ұзақ жылады.
Баланың халі нашарлай берді. Тағы да тұла бойы түршігіп тоңа
бастады. Біресе алабұртып қызады, біресе тоңады. Орнынан тұрып
атасына барғысы келді. Бiрақ басы зілдей, көтертпейді, аяқ-қолынан
да əл кетіп ырқына көнбейтін сияқты. Есіктің сыртында зар илеп
жылап тұрған шал, ауланың ішінде бəрін қырып-жойып жүрген мас
Оразқұл, таяққа жығылып зар еңіреп жүрген Бекей, бұларды
арашалап, жанталаса жалынып-жалбарынып жүрген Гүлжамал мен
кемпірдің даусы.
Бала бұлардан тағы да қол үзіп, өзінің қиял əлеміне кетті. Тағы да
ағысына көз ілеспес өзен жағасына келді, арғы бетте алаңда өзі көрген
маралдар тұр. Оларды көрісімен бала: «Уа, киелі Мүйізді Бұғы ана!
Бекей апайға өзіңнің мүйізіңе іліп бір бесік əкеп берші! Жалынып,
жалбарынып өтінемін, осыларға бір бесік əкеп берші! Бұларда да бір
бөпе болсын да. – Сөйтіп ол судың бетімен Мүйізді Бұғы анаға қарай
жүгірді. Бірақ бұрынғыдай емес суға батпайды, жүрісі де өнбейді,
Бұғы анаға жақындай алмайды, бір жерде тұрып жүгірген сияқты.
Сонда да болса Мүйізді Бұғы анаға жалына, жалбарына берді:
«Мүйізіңе іліп осыларға бір бесік əкелші! Атам жыламайтын болсын,
соның көзінің жасын тишы. Оразқұл Бекей апайды сабамайтын етші.
Осыларды бөпелі етудің жолын тапшы. Егер осының барлығын
істесең, осылардың бəрін де өзім жақсы көрер едім. Бөпелерін өзім
тербетем. Ең ар жағы Оразқұлға да бұдан былай аға деп қол беріп
жүрер едім. Бөпе берші бұларға, бесігіңді əкеп тасташы!»
Бала ұзақтан еміс-еміс, үзіліп-талып келе жатқан бесік
қоңырауының үнін естігендей болды. Осы бір үн жақындай берген
сияқты. Бұғы ана таулар асып, белдер басып қайыңнан жасалған
қоңыраулы бесікті мүйізінің бұтағына іліп алып келе жатыр екен.
Қоңыраудың сүйкімді, қуанышты үні анық жақындап қалды. Бұғы ана
да асығып келеді екен. Міне, келді, келді, əне көрінді... Əне
қоңыраулы бесік...
Ау, не боп кетті? Осы қоңыраудың үніне алыстан мотордың үні
келіп қабаттасты... Бір жақтан жүк машинасы келе жатқан сияқты.
Машинаның осы үні күшейе берген сайын, қоңырау үні алыстап,
сыңғыр сыры азайып, сəлден соң оны мотор үні жұтып жібергендей
жоқ болды.
Темірі теміріне соқтығысып аулаға салдыр-гүлдір жүк
машинасының келіп кіргенін бала анық естіді. Ауланың ішінен үре
қашқан иттің үні келді. Терезеден машина шамының да сəулесі бір-
екі ойнап өтті де жоқ болды. Мотор үні өшті, үш-төрт адам бала
жатқан терезенің алдынан өтті.
– Сейдахмет келді, əбден зарықтырдың-ау, – деген Гүлжамалдың
қуанышты үні естіліп, күйеуіне қарай жүгіріп бара жатқаны
байқалды.
– Сəлеметсіздер ме! – деді оған бейтаныс біреулер.
– Иə, не боп жатыр? – деді Сейдахмет.
– Не болушы еді, əйтеуір аманбыз. Бұл немене соншама
түнделетіп жүргенің?
– Осының өзіне шүкіршілік ет. Совхозға зорға дегенде жеттім.
Əрі-бері машина күте-күте, қанша уақыт өтті. Мынау тұрған Желсайға
жетудің өзі машақат болды. Сонымен əйтеуір жолың болғыр мыналар
осында ағаш алуға келе жатыр екен, жақсы болды. Түн баласында
біздің шатқалмен жүру оңай ма, тастай қараңғы, жолдың сырын өзің
білесің ғой, жеттік-ау итшілеп – деді Сейдахмет.
– Оразқұл қайда, үйінде ме? – деді келгендердің біреуі.
– Үйінде, – деді күмілжіп Гүлжамал – аздап сырқаттанып қалды.
Абыржымай-ақ қойыңдар, біздің үйге қонарсыздар, орын жетеді,
жүріңіздер кəне үйге таман...
Бұлар алға қарай қозғала берді. Бес-алты қадам жүрді де тағы
тоқтады.
– Ассалаумағалайкүм, ақсақал, қуатты барсыз ба, бəйбіше?
Келгендер Момын атамен, кемпірмен амандасты. Шамасы, аула
ішінде жүргендер келген бөгде кісілерден ұялса керек, ештеңе
болмаған адамдай абыр-сабыр қарсы алған болып жатыр. Мүмкін,
Оразқұл да ұялар бұлардан? Жұрттың көзінше өзін де өзгені де
масқара ете қоймас.
Баланың жүрегі аздап орнына түсті. Бұрынғыдан шамалы бойы
жеңілдеген сияқты. Басының да сырқырауы азайды. Осы орнымнан
тұрып қандай машинамен келді екен, бұлар төрт дөңгелекті ме, алты
дөңгелекті ме, жаңа ма, ескі ме, соны білсем бе екен, деген ойға келді.
Жетегі қандай екен бұл машинаның?
Бір жолы, көктемде, қорымға бір əскери жүк машинасы келген.
Дөңгелегі биік, алдыңғы жағы да шорт кескендей қызық көрінетін.
Шофері солдат жас жігіт, болатын, ол балаға кабинаға отыруға рұқсат
еткен. Тамаша. Иығында алтын погоны бар əскери адам Оразқұлмен
бірге орман аралаған. Бала неге екеніне түсінген жоқ, өйткені бұрын-
соңды бұл жерге мұндай адамдар келмейтін.
– Немене, шпион іздеп жүрсіңдер ме? – деген бала солдаттан.
Солдат мырс етіп:
– Əрине, шпион іздеп жүрміз.
– Бізге əлі бірде-бір шпион келіп көрген жоқ, – деді бала
өкінішпенен.
Солдат күліп жіберді.
– Саған шпионның керегі не?
– Мен оны ізіне түсіп жүріп ұстап алатын едім ғой.
– Мынаның мықтысын қарай гөр, ондайға əлі жассың, ең алдымен
жігіт болу керек.
Осылайша – алтын погоны бар əскери адам Оразқұлмен орман
аралап кеткенде, бала шофермен біраз əңгімелескен.
– Мен барлық машинаны, барлық шоферлерді жақсы көремін, –
деді бала.
– Оның себебі не? – деді шофер қызығып.
– Машина деген жақсы ғой, əрі тез жүреді, əрі күшті, сонсоң
бензиннің де исі тамаша. Шоферлардың барлығы да жас жігіттер, бəрі
де Мүйізді Бұғы ананың балалары ғой.
– Не дейді, не дейді мынау? Мүйізді Бұғы ана дегенің немене? –
деді түкке түсінбей солдат.
– Ay, сен білмеуші ме едің?
– Жоқ, шырағым, мұндай ғажайып наманы өмірімде естіген
жоқпын.
– Сен өзің кімсің сонда?
– Мен қазақпын. Қарағандыда туғанмын, шахтерлер мектебінде
оқығанмын.
– Жоқ, сен кімнің баласысың, соны айтшы?
– Əке-шешемнің баласымын.
– Олар кімнің баласы?
– Олар да өз əке-шешесінің баласы.
– Ал, олардың əке-шешесі кімнің баласы?
– Шырағым-ау, сен бұлай сұрай берсең, дүниенің түбіне жете
алмассың.
– Ал мен болсам Мүйізді Бұғы ананың балаларының баласымын.
– Оны саған кім айтты?
– Атам айтқан.
– Шырағым, мынауың бір шамаға соқпайтын дүние екен, – деді
солдат балаға басын шайқап.
Дегенмен, ол мынау қазан бас, қалқан құлақ баланың неге
Мүйізді Бұғы ананың балаларының баласымын дегенін білгісі келді.
Солдат өзінің түпкі руы былай тұрсын, ең ар жағы сауаттының бəрі
жатқа соғатын жеті атасына дейін білмейтінін сезді де, іштей ұялды.
Ол өзінің əкесін, атасын, бабасын ғана біледі екен. Одан арғысы қайда
барып соғады? Беймəлім.
– Ау, немене, саған ең ар жағы жеті атаңның атын да үйретпеді
ме? – деді бала.
– Үйреткен жоқ. Оның керегі не? Ештеңе білмесем де келіп-
кетері шамалы, маған бəрі бір. Онсыз да жағдайым жаман емес.
– Өз ата-бабасын білмеген адам оңбайды дейді, менің атам.
– Неге оңбайды? Сонда біз бе оңбайтын?
– Əрине.
– Не үшін сонда?
– Ата-бабасын білмеген адам жамандықтан жиіркенбейді, кейін
олардың балаларының балалары да барлық ұрпағы да нашар боп
кетеді, жақсылыққа жаны құмарлар азаяды, ата-бабасының əруағын
сыйлап, жақсы ісін алға апарушылар жоғалады дейді, – атам.
– Па, шіркін, сенің атаң да мықты екен, – деп мəз болып күлді
солдат. Қандай ғажайып адам. Сенің мына қазан басыңды түкке
аспайтын дүниемен толтырып біткен екен. Мына қалқан құлағың
біздің полигондағы локатордан айнымайды. – Мұндайды көп тыңдай
берме, шырағым. Космосқа ұшып, коммунизмге бара жатқан
халықпыз. Атаңның берген сабағының түрі мынау болса, не оңасың?
Біздегі саяси сабаққа атаңды тарту керек екен. Сонда оның көзі
ашылады. Ертең сауатыңды ашып, жігіт болған кезіңде атаңның қол
астынан кеткейсің. Ол қанша дегенмен мəдениеттен жұрдай, қараңғы
адам ғой.
– Жоқ, мен атамның жанынан ешжаққа кетпеймін. Ол тамаша
адам, – деді бала бұған көнбей.
– Əрине, қазір саған солай көрінеді, кейін өзің түсінерсің.
Қазір аула ішіндегі дабырласып сөйлескендердің үнін естіп
жатқан баланың, сол бір əскери машинаның шоферына, осы
маңайдағы өзі білетін шоферлардың барлығы Мүйізді Бұғы ананың
ұрпақтары екенін дұрыстап түсіндіре алмағаны есіне түсті.
Бала оған жасырмай барлық шынын айтқан. Мұның сөзінде ойдан
шығарылған дəнеңе жоқ. Өткен жылы күздің дəл осы уақытында, əлде
бұдан сəл кештеу ме, таудан шөп тасуға совхоздың машиналары
келген-ді. Қорымның жанынан емес, соған жақындай бере өтетін
жолменен Арша ойпатына беттеп содан жоғарылап жаздыкүні
шабылған шөпке қарай тартқан. Қарауыл тауы жағынан моторлардың
үнін естуі-ақ мұң екен, бала жол айрыққа қарай тұра жүгірген.
Машина дегенде қисап жоқ, бірінен соң бірі тізіліп кетіп бара жатқан,
шұбатылған дүние. Сонда он бес машинаны өз көзімен санаған.
Ауа райы да өлараның кезі, болмаса ертең бүгін қар жауып кетуі
ықтимал. Қар жауды дегенше бітті, жол бекітіліп қалады. Келер жылға
дейін шөп тартуға аттап баса алмайсың. Қар түскенше тартып
алмасаң, шөп атаулымен қоштаса бер. Машина түгіл тышқан
жорғалай алмай қалады. Шамасы совхоз толып жатқан жұмыстармен
мұршасы болмай, тығыл-таяңға келгенде ғана барлық машинамен
дайын тұрған шөпті біржола тартып алуға бел байлаған сияқты. Бірақ
дəл сол ойлағандарындай болмай шықты.
Бала бұл жағын білмейтін, шынында балаға мұндайды біліп
керегі не? Өзімен өзі мəз, санын шапаттап бірінші машинадан бастап
жүгіре қарсы алып, қапталдай шауып шығарып салып, одан екіншісін
де солай қарсы алып бəрін көз алдынан өткізді. Жүк машиналарының
бəрі судай жаңа, терезелері де үлкен, тамаша кабина. Ішінде қылқаң
кескендей жас жігіттер, кейбір кабинада екеу-екеуден отыр. Бұл серік
болып отырғандары пішен тиеуге көмектесушілері. Осы жігіттердің
барлығы да баланың көзіне шетінен балуан батыр, сұлу сымбатты
көрінді, кəдімгі кинодағыдан айнымайды.
Бала, шүкір жалпы алғанда қателескен жоқ, бəрі өз ойынан
шыққандай, жігіттердің машиналары су жаңа, Қарауыл тауының
еңісін қиғаштай тастақ табан жолмен жөңкіп тартып барады.
Шоферлардың көңіл-күйі деген тамаша. Ауа райы да жайсаң жайдары.
Оның үстіне мына бір қалқанқұлақ қара бала əр қайсысын қарсы
алып, шығарып салып қуанышы қойнына симай жүр. Мұны көргенде
күлмеске, қолпаштап қол бұлғамасқа, кейде еркелей түссін деп əдейі
сұс көрсетпеске əддің жоқ. Ол одан сайын жайраңдап қолды-аяққа
тұрмайды... Мұның бұл сапардағы қуаныш-шаттығында шек
болсайшы...
Əрі-беріден соң ең арттағы машина баланың мінезіне қызықты
ма, қайдам, дəл тұсына келгенде тоқтады. Кабинадан əскери киінген,
бірақ погоны мен фуражкасы жоқ кепкелі жігіт балаға қарап:
– Үлкейдің бе, ей, сен мұнда не бітіріп жүрсің? – деді жымыңдай
көзін қысып.
– Жай əшейін, – деп бала ұяла жауап қатты.
– Сен Момын атайдың немересі емеспісің?
– Иə.
– Өзім де сол-ау деп едім. Мен де Бұғылықпын ғой. Жаңағы
машинаның ішінде кетіп бара жатқан шоферлардың барлығы да Бұғы
əулетінен. Шөп тасуға бара жатырмыз. Осы кездің бұғылықтары бірін
бірі танымай бет-бетіне кетті ғой. Атаңа сəлем айт, Шотбайдың
баласы Құлбекті көрдім дегейсің. Құлбек армиядан келіпті, қазір
совхозда шофер болып істейді екен де. Ал жарайды енді, – деді де,
балаға қоштасарда бір əскери значок беріп, жүріп кетті. Значок тым
əдемі екен, балаға бұл орденнен кем көрінген жоқ.
Машина арыстай ыңырана үн шалып, алдында кетіп бара жатқан
серіктерінің ізінше тарта жөнелді. Баланың ойында жаңағы өзімен
аталас ақ көңіл, жомарт мінез ағасына неге ілесіп кетпедім деген
өкініш туды. Думанды сəт өтті, жол қаңырап бос қалды, енді үйге
қайтуға тура келді. Көтеріңкі көңілмен келген бала көрген-білгенін
атасына баяндап берді. Значокты болса төсіне қадап алды.
Сол күні кешке таман ойда жоқта сонау көкпен таласқан құз
шыңдардан қатты жел – Сантастың желі соға бастады. Ақыры боранға
айналды. Жел құйын көтерген жапырақтар орман үстінде күмбездей
боп таулап шырқай тартып сонау қарлы шыңдарға барып шашылып
жатты. Көзді ашып-жұмғанша ауа райының мына өзгерісі естен
тандырды. Əне-міне дегенше қар да құйып берді. Жаңағы жапырақ
жапқан əлем енді түтеген ақ түнекке айналды. Орман, теңселіп, өзен
булықты. Орай соққан қар бораны жал-жал болып жатып қалды.
Əйтеуір жанталасып жүріп малдарды қораға тығып ауланың
ішіндегілерді жинастырып, үйге отын кіргізіп алуға жұрт зорға
үлгірді. Содан кейін үйден шығудың өзіне зар болып қалды. Мынадай
аласапыранда аттап басу оңай ма.
– Алла-ай, мұнысы несі екен? – деді абыржыған Момын шал,
пешке от жағып жүріп. Терезенің алдына барып, анда-санда сырттағы
ызғырыққа құлағын тосып қояды.
Терезе сыртынан ұйтқи соққан қарлы түн қоюлана берді.
– Отырсаңшы, – деді кемпір міңгірлеп – несіне таңданасың, бұл
жердің ақыр заманын бірінші рет көpiп отырмысың? «Алла-ай
мұнысы несі» – дегеніңе жол болсын, – деді мазақтай. – Қыс түсті
деген осы да. Қыстың аты – қыс.
– Бір күннің ішінде caп ете қалғаны қызық екен?
– Онда не тұр екен? Құдай сенен рұқсат сұрауы керек пе еді?
Түсірем деді түсіреді, ұшырам деді ұшырады, өз еркінде.
Моржаға дейін ызғып барады. Өзі жаурағанмен баланың да еңбегі
аз емес. Жаңа ғана атасына көмектесіп, отын кіргізіп, мал жайғауға
араласқан. Міне, енді от маздап үйдің ішін алып кетті. Баланың бойы
жылынып көңілі орнына түсті.
Біраздан кейін тамақтанды. Содан соң ұйықтауға бет алды. Ал
ауланың іші алас-қапас азынаған дауыл, қаптаған қар.
«Нағыз сұмдық қазір орманның ішінде шығар» – деп ойлады бала
терезе сыртындағы азынаған үнге құлақ тосып. Кенеттен алыстан
талып жеткен айқай ма, əйтеуір еміс-еміс бір үнді естігенде, баланың
тұла бойы түршігіп қоя берді. Біреу əлдекімді шақырып, əлдекім оған
жауап қатқан сияқты. Бала, əуелде əшейін бір елес шығар деген де
ойға келді. Құдайдың мына дозағында қорым маңында кім жүруші
еді? Бірақ Момын атасы да, кемпір де əлденені сезгендей елегізіп
құлақ түрді.
– Шырағым-ау, мынау адамның даусы ғой? – деді кемпір.
– Иə, солай сияқты, – деді шал да екі ұштылау.
Содан кейін: «Япыр-ау мына тозақта неғып жүрген жан?» деді де
жалма-жан киіне бастады. Кемпір абыржып орнынан тұрып шам
жақты. Бала да əлденеден шошығандай жылдам киініп үлгірді.
Сөйткенше болмады, үйге біреулер жақындағандай болды. Дабыр-
дүбір үндеріне қарағанда, өздері біраз адам сияқты. Қарды қарш-қарш
кешіп дəлізге енді де, аяқтарын, табандарын тазалап есік қақты.
– Ақсақал! Есігіңді аш! Суыққа ұшып барамыз.
– Уа, бұ қайсыларың?
– Өзіміз, өзіміз.
Момын есікті ашты. Есік ашқанда лап етіп қырау бүрке кірген
суықпен бірге қас-қабақ, тұла бойларының бəріне қар тұрып қалған
шофер жігіттер кіре берді. Мұның барлығы бағана күндіз Аршадағы
шөпке өткендер еді. Бала бəрін де бірден таныды. Алдымен өзіне
əскери значок берген Құлбек көзіне оттай басылды. Ауыр ыңырсып
аяғын əрең басқан біреуін бəрі қолтықтап үйге кіргізді. Үйдің іші
абыр-сабырға айналып кетті.
– Астапыралла, не боп қалды, шырақтарым-ау – деді Момын мен
кемпір қосарланып.
– Кейін айтармыз. Ана жақта əлі жеті-сегіз адамымыз келе
жатыр. Жолдан тайып адасып кетпесе жарар еді, кəне бері мына жерге
отыршы енді... аяғы тайып кетіп еді, – деді Құлбек ыңырсып, зорға
дем алып тұрған жігітті пештің жанына отырғыза беріп.
– Ал енді басқаларың қайда? Қазір бəрін де өзім-ақ барып, ертіп
келе қояйын, – деді асығыс Момын. Сөйтті де балаға: – Бар, жүгір,
айналайын, Сейдахметке айта қойшы, əлгі электр фонарын алып тез
шыға қойсын.
Бала үйден ата жөнелді де, аулаға шыға бере демі бітеліп
тұншықты да қалды. Осы бір жанына қауіп төнген шақты ол есінен
өмірі шығарған емес. Тұла бойы шуда-шуда қап-қара бір бəле
малұлқат сұп-суық саусақтарымен бірден алқымнан алып сілкілей
бастады. Бірақ ол бұдан шошынбады. Оның қуатты қанды шеңгелінен
босанып басын қолымен қорғай Сейдахметтің үйіне қарай жүгіре
жөнелді. Небəрі жиырма-отыз адым жер балаға ұзақ сонар, сапар
жолындай көрінді. Өзінің жанашыр сарбаздарын қоршаудан құтқару
үшін жауын-шашынға қарамай аттанған батырлардай сілтеп келеді.
Ештеңеден беті қайтар емес, жүрегі селт етпейді, бəріне дайын. Өзіне-
өзі мұншалықты батыл жеңімпаз болып көрініп тұрғаны бірінші рет.
Сейдахметтің үйіне жеткенше қаншама ерлік хикаяны басынан
өткерді. Талай таулардан асты, құздарды басты, жауларын екі жүзді
семсермен жайпап келеді, қайран қаласың, отқа түскенді құтқарды,
судағыны сақтады. Қызыл жалауы желбіреген реактивтік самолетпен
бағана өзін алқымнан алған қара мақлұқатты таудан-тауға, сайдан-
сайға қуып, əбден есін шығарды. Осылай қуып жүріп оған оқ боратты.
Өзі де самолетіндегі пулеметтен «көзін жой фашистердің» деген ұран
тастап аямай оқ нөсерін төкті. Бұл шайқастың барлығын Мүйізді Бұғы
ана көріп келе жатты. Енді Сейдахметтің үйіне жақындай бергенде
баланың қайратына риза болған Бұғы ана балаға қайырылып: – Уа,
батырым, енді сен менің анау шофер балаларымды күтіңдер деді. «Ол
жағынан қам жемеңіз бəрін де өзім құтқарамын», – деді де
Сейдахметтің есігін жалма-жан қаға берді.
– Сейдахмет аға, тез, тезірек шығыңыз үйіңізден Ана біздерді
құтқару керек! – деді аптығып. Мына сөзді естігенде Сейдахмет пен
Гүлжамалдың үрейі ұшып кетті.
– Кімді құтқар дейсің, не дейді мынау?
– Атам электр фонарын тез алып шықсын деді. Совхоздың
шоферлары адасып кетіпті.
– Ой, ақымақ неме, сөйдемейсің бе онан да? – деп Сейдахмет бір
жекірді де, асыға-үсіге киіне бастады.
Сейдахметтің бұл сөзіне ренжіп жатқан бала жоқ. Осы үйге
жеткенше мұның қаншама ерлік жасағанын, қандай серт беріп ант
ішкенін Сейдахмет қайдан білсін. Ұзамай, Момын атасымен
Сейдахмет Қорымның маңында адасып жүрген жеті шоферды үйге
ертіп келгенде де бала онша таңданған жоқ. Шынымен бұларға
кездеспесе адасып кетулері де мүмкін ғой. Қаншама қауіп төнгенмен
қайырлы аяқталса, тез ұмыт болатын əдеті емес пе... Əйтеуір бəрінен
де басы қосылғанын айтыңыз жоғалған, адасқан ешкім жоқ. Ол
жетеуді Сейдахмет үйіне алып кетті. Оразқұлды да оятуға тура келді.
Бұлардың бесеуін ол өз үйіне алды. Қалғанының бəрі Момын атаның
үйіне орналасты.
Таудағы ақтүтек боран басылар емес. Бала дəлізге жүгіріп шығып
еді, бір сəт өтпей-ақ оң мен солыңды білу былай тұрсын аспаның
қайда, жерің қайда екенін адам аңғармас ғаламат болып жатқанын
көрді. Зіркілдеп үйіре соққан боран қайратына енді мінген, қардың өзі
айраттан асып кетіпті.
Момын шал совхоздың барлық шоферы табылып, суықтан, қауіп-
қатерден құтылып, енді жылынып естерін жинай бастаған соң, болған
жағдай белгілі болып отырса да ойда жоқта мына сұмдық борасынға
қалай байқамай душар болып қалғандарын білтелей отырып, сұрай
бастады. Жігіттер баяндай бастады. Кемпір мен шал ғажайып ертегі
тыңдап отырғандай анда-санда бір бас шайқап, күрсініп қояды.
– Ойпырм-ай, ə, жаратқан бір сақтаған екен? – деп екеуі де
жағаларын ұстап құдайға шүкірлік айтып жатыр.
– Шырақтарым-ау, дұрыстап киініп алмаймысыңдар, мұншама
жеңіл шыққандарың не? Тауға да осындай киіммен шыға ма екен, –
деді реніш білдіріп шəй құйып отырған кемпір. – Бұл балалықты
қойсайшы. Қаланың шиборбайларынша киініп жүруге құмарсыңдар
ғой. Құдайым сақтаған. Мына түрлеріңмен адасып түнімен далада
қалғандарыңда, беті аулақ бəленің, əр жерде мұз болып қатып қалатын
едіңдер...
– Бұлай боларын кім білсін, – деді оған жауап қатып Құлбек, –
Қалың киініп керегі не? Ойда жоқ бірдеңе бола қойғанда машинаның
өзінің ішін жылытамыз. Кəдімгі өз үйіңде отырғандай баранканы
айналдыра бер. Əсіресе самолетпен ұшып келе жатқанда мына
тауларың төбедей-ақ болып көрінеді, самолеттің сыртында қырық
градус аяз, ішінде көйлекшең жүре бересің...
– Бала бөстекке оранып шоферлардың арасында жантайып
жатқан. Екі құлағы үлкендердің əңгімесінде, Құлбектің жанында
жабысып қалған. Ойда жоқта боран көтеріліп, мына жігіттердің
қорымнан баспана іздеп осы үйге жиналып келгеніне баланың шексіз
қуанып жатқанын отырғандардың бірі де сезген жоқ. Мына боранның
ұзаққа созылуын, тым болмаса екі-үш күнге дейін тынбауын іштей
тілейді. Мейлі бəрі де осы үйде тұра берсін. Бұлармен уақыт өткізу
қандай тамаша. Нағыз рахаттың өзі емес пе. Бақса атасының
танымайтыны жоқ екен. Өздерін білмесе не əкесін, не шешесін
таниды.
– Міне, көрдің бе, – деді, үнінде мақтаныш сезімі бар атасы,
немересіне қарап. – Өзіміздің Бұғы əулетінен шыққан ағаларыңмен
бірге отырсың. Бұдан былай қандай тамаша туыстарыңның барын
біліп жүресің. Байқап отырмысың енді? Ай, осы кездің жігіттері-ай,
бəрі де сойталдай-сойталдай азаматтар, құдай тағалам əйтеуір
денсаулық берсін. Сонау қырық екінші жылдың қысында бізді
Магнитогорскінің құрылысына апарғаны əлі есімде...
Атасы балаға алдақашаннан белгілі оқиғаны баяндай бастады.
Отанның шар тарапынан еңбек майданына жиған адамдарды қаз-
қатар ұзыннан-ұзақ тұрғызғанда ең соңында қырғыздар көрінеді.
Бəрінен бұлар аласа болып шығады. Есептеп шыққаннан кейін бес
минут темекі шегуге рұқсат етеді екен. Бір күні серейген ұзын бойлы,
шикіл сары бір жігіт келіп, бұларға былай депті:
– Сендер қайдансыңдар? Манжұрмысыңдар?
Бұлардың арасында қартаңдау бір мұғалім бар екен сол тұрып:
Біз қырғыздар боламыз, біздер манжұрлармен соғысқанда мына
Магнитогорскінің аты түгіл, заты да жоқ болатын. Ол кездегі
бойымыз сенен кем еместі. Мына соғыс бітсін, содан кейін тағы
өсеміз, – депті...
Шал осы бір баяғы өтіп кеткен хикаяны еске алды. Өзімен өзі мəз
болып, бүгін түн жамылып келген қонақтарына айнала бір қарап
қойды.
– Əлгі мұғалімнің айтқаны келді де тұрды. Осы кезде қалаға
барғанымда, кейде жол үстінде ылғи бір денелі сұңғақ, келбет-кейпі
келген жандарды көргенде көзің қуанып, көңілің тояды. Шүкір
əйтеуір, баяғыдай емес қой...
Сөз төркініне жігіттер түсініп күлді: Əзілге шал да құмар көрінді.
– Денелі болғанымыздан не пайда – деді жігіттердің бірі –
машинаны аударып алдық. Осынша кісі бола тұрып шамамыз
келмеді...
– Ол оңай ма, шырағым-ау. Үстіндегі жүгін былай қойғанда мына
боранды көрмеймісің. Оқасы жоқ, құда қаласа, ертең бəрі орнына
келер. Тек əйтеуір мына боран басылса екен, – деді Момын оларды
өзінше ақтаған болып.
Жігіттер өздерінің Аршаның жоғарғы жағындағы шөпке
барғандарын айтты. Таудың басында үлкен-үлкен үш іскірт шөп бар
болатын. Соның үшеуін де машиналарға басып алған. Машинаға
тиелген шөп жəйі белгілі, таудай-таудай болып шыға келеді. Төменге
өздері арқаннан ұстай зорға түсті. Бар машинаға осылайша пішен
тиелді. Кабинаңа дейін жауып кеткен. Доңғалақ, жел қағар əйнек,
капоттан басқа дəнеңе көрінбейді: Бұлар əдейі келген соң қайта
оралуға қалдырмай, шөпті түгел басып кетуге тырысқан. Бұл жолыдан
қалса келер жылға дейін қар астында қалғаны, ол бəріне де белгілі,
сондықтан жұмысты жандарын салып істеді. Бірінің машинасы
тиелген соң оны былай шығарып қойып, келесісіне кірісті. Не керек
ең соңында соншама шөптен небəрі екі арбадайы-ақ қалды. Темекі
шегісіп алып, енді кім-кімнен кейін жүретінін келісіп жолға шықты.
Машинаны жəймен айдап, таудан еңбектеп келе жатқандай зорға
жылжиды. Пішен дегеніңіз онша ауыр жүк емес, бірақ тар жол, кілт
бұрылыстарда соншама қолайсыз қауіпті жүк, алда не боларынан
қаннен-қаперсіз келе жатыр. Аршадан төмен түсіп, шатқалды бойлай
күн еңкейе сол аңғардан шыға бергенде боранға тап болды. Қарлы
боран соғып берді:
– Құдай сақтасын, қара терге түстік. Көзге түртсе көргісіз тастай
қараңғы, желдің күштілігі сондай, қолдағы машинаның рулін жұлып
кететін түрі бар. Ол – ол ма, машинаны аударып кете ме деп жан
қалмайды. Оның үстіне мына жолдың өзі де түн былай тұрсын күндіз
жүргенде қауіпті бəле, – деді баяндап Құлбек.
Бала үнсіз-түнсіз, екі көзі Құлбекте қызыға тыңдап жатыр. Бүгінгі
əңгіме осы қазіргі терезенің сыртында азнаған жел мен аласапыран
қар туралы. Шоферлардың шөпшілердің көбісі сол отырған-отырған
жерлеріне сырт киімдерін, етіктерін шешпестен, алдақашан ұйқыға
кеткен. Бұлардың басынан кешкен оқиғаларын қазан бас, қалқан
құлақ, қыл мойын бала өз басынан қайтадан кешіп отыр.
– Бірнеше минуттан кейін жол көрінбей кетті. Машиналар
жетекке ерген соқырдай бірінің соңынан бірі зорға келе жатыр.
Адасып жолдан шығып кетпеуге тырысып дамылсыз үн шалады.
Мына боранда əйнек тазалағыштан қайран жоқ. Терезе, фар дегеніңді
қар басып қалды. Енді кабинадан басыңды шығарып отырып айдауға
тура келді. Одан жүріс өнуші ме еді? Қар болса одан сайын күшейді...
Енді дөңгелек зорға айнала бастады. Колонна бір қиын асуға келіп
тоқтады. Мотор сорлы қанша зар қаққанмен қыбыр етер хал жоқ...
Бəрі де кабинадан атып-атып шығып, айқай сүреңмен бір машинадан
екіншісіне өтіп келе жатқан колоннаның басына жиналды. Енді
қайттік? От жағуға болмайды, кабинада қалсақ совхозға дейін зорға
жететін азғантай қалған майды жағып, жылынып отыру керек. Ал
кабинаны жылытып отырмасаң, серейіп қатып қаласың. Жігіттер
əбден састы. Əлгі мақтан ететін алып техника дегеніңіз əлсіз
бейшараға айналды. Енді не амал бар? Жігіттердің бірі бір
машинадағы шөпті жерге түсіріп, соның арасына бəріміз кіріп
жатайық, – деді. Бірақ шөптің арқанын шешсең бітті, көзді ашып-
жұмғанша мына боран барлығын айдап алып кетеді де, арасына жату
былай тұрсын, тіс шұқитын талшық қалдырмайтыны белгілі. Бұл
кездері тынымсыз бораған қар машинаны да көме бастаған. Дөңгелек
астындағы қар едəуір көтеріліп қалған. Жігіттерге қорқыныш пайда
болды. Қарлы боран апшыны қуырып барады.
– Содан əлгі жерде, ақсақал, – деді Құлбек əңгімесін жалғастыра
Момын шалға қарап, – аршаға бара жатқанымызда жол үстінде
өзіміздің Бұғы əулетінің баласы мына інішекті көргенім есіме caп ете
қалды, – деді де, жамбастап жатқан баланың басынан мейірлене
сипады. – Біз машинамен бара жатқанымызда, жолды қапталдай
ойнақтап жүгіре шыққаны бар емес пе. Сосын мен тоқтадым,
бұрылып өзімен амандастым, біраз əңгімелестік. Солай емес пе? Неге
ұйықтамай жатырсың, қалқам-ау?
Бала бəрін мақұлдағандай басын изеп, жымиып күлді. Шіркін,
осы бір сəттегі бұл баланың жүрегінің аттай тулап, қуаныш
марапаттан тұла бойын билеген мақтанышты сезген тірі жан
болсайшы. Анау-мынау адам емес, бұл туралы Құлбек айтып отыр ғой.
Осы шофер жігіттердің ішіндегі ең көріктісі де, ең күштісі де,
айбарлысы да осы Құлбек. Шіркін, дəл осындай жігіт болып өсер ме
еді!
Пешке отын тастап жатып, атасы да немересін мақтай жөнелді.
– Ойбай, менің балам қандай, қолды-аяққа тұрмайды, пысық,
əңгімеге жаны құмар, көрдің бе құлағын тігіп жатқанын.
– Сол сəтте мұның қалай есіме түсе кеткенін өзім де білмеймін, –
деді сөзін жалғастырып Құлбек, – жігіттерге айқай сала бастадым.
Өкси соққан жел аузыңдағы сөзіңді, қағып алып, ешкімге естіртпейді,
«Жанымыз барда қорықшыларға жетейік, əйтпесе осы тұрған
жерімізде қатып қаламыз».
– «Оған қалай жетеміз? – дейді жігіттер, бетіме тақай келіп жан
даусымен. Бəрібір жаяу бара алмаймыз. Машиналарды тастап кетуге
болмайды». Мен оларға: «Кəне, ендеше есебін тауып машиналарды
биіктің басына шығарып алайық, ар жағы еңіске түсу оңай. Сантастың
аңғарына жетсек болды, ар жағынан орманшылардың үйі көрініп тұр,
жаяу-ақ барамыз», – дедім. Жігіттер бірден түсінді: «Ендеше баста!» –
деді. Басқа амалдың реті жоқ, Алдыңғы машинадан бастадық.
«Оспанəлі, кабинаға кір» қалғанымыз машинаның екі қапталынан
иығымызбен тірей итере бастадық.
Жылжып жүре берді. Алғашында аяқ алысымыз жаман болған
жоқ. Шамалыдан кейін шаршадық. Кейін шегінуге жол жоқ. Біз бір
машина итеріп келе жатқан жоқпыз, тау төңкеріп келе жатқандаймыз.
Артылған жүктің түрі анау, мына дауылда ұшар басына көзің
жетпейді. «Болыңдар, болыңдар, кəне, кəне, тағы да, тағы да», – деп
бар даусыммен ұран саламын, бірақ соның өзін өз басым зорға
естимін. Қар борасын, дауыл, дəнеңе көрінбейді. Машина дегеніңіз
жаны бар мақұлұқша зар қағып, барын салып келеді, біз де аянып
жатқанымыз жоқ. Күшенгеніміз соншалықты енді болмаса жүрегіміз
жарылып кетердей, жанталасып жатырмыз. Бір кезде басым зеңіп
кетті...
– Ай-ай-ай! – деді Момын шал ашынып. – Кездескен машақаттың
түрін қарашы. Е, əруағыңнан айналып кетейін, Бұғы анам-ай!
Балаларыңа кеп шарапатыңды тигізген екенсің ғой? Ол қол ұшын
бермегенде халдерің не болар еді? Сақтаған ғой əруақ, сақтаған
сендерді... Естіп отырмысың? Ауланың іші ызғып əлі басылар емес...
Баланың кірпігі кірпігіне жабысып, қалғи береді, бірақ ұйқы
жеңіп бара жатса да баланың мына қызық хикаядан қол үзгісі
келмейді, ұйқымен алысып жатыр. Осылай жатқанда шал мен
Құлбектің əңгімесін үздік-создық есітеді, кейде түсі, кейде өңіне
айналған сияқты. Бір кездері сол тау арасындағы боранның ішінде осы
жігіттермен бірге жүргендей боп кетті. Міне, дəл қазір тар қыспақ-
тайғақ кешу, аппақ айдын тау шыңына беттеген жолға тап болды. Аяз
екі бетін қарып барады, көзі жасаурап кетті. Шөп артқан автомашина
заңғар үйдей көрінеді, соны жігіттермен бірге итеріп келеді. Ілбіп
зорға дегенде жоғары жылжытады. Жүк артқан машина енді
жылжудан да қалды, артқа, кейін қарай ығыса береді, нағыз сұмдық
енді басталды. Тастай қараңғы, жел жалап, қуырып барады. Баланы
мына машина қазір ылдиға қарай сырғып кетсе, барлығымызды басып
кетеді ғой деген үрей басты. Осы сəтте қайдан екенін кім білсін Бұғы
ана пайда бола кетті. Мүйізімен машинаны тіреп тоқтата қойды да,
жігіттерге алға қарай итеругс көмектесті. «Кəне, кəне болыңдар,
болыңдар», – деді бала айқайлап, машина алға қарай жүріп берді.
Əне-міне дегенше таудың басына да шығарып алды. Төмен қарай
итерудің керегі де жоқ, машина өз бетімен жүреді. Кішкентай кідіріс
болса-ақ бұларға Бұғы ана көмектесті. Осылайша бар машинаны
таудың басына шығарып алды. Бұғы ананы баладан басқа ешкім
көрген жоқ. Өздерінің қасында Бұғы ананың көмектесіп жүргенін тым
болмаса біреуі сезсейші. Бала болса бəрін көріп, біліп тұр.
Жігіттердің шаршап, шамасы келмегенде Бұғы ана елестеп өтеді.
Машинаның арт жағынан келіп, мүйізімен итере бастағанда бала
тұрып: «Кəне, кəне, тағы да, тағы да» деп айқай салады. Машинаның
жанында ол əрдайым Құлбекпен бірге болды. Бір кезде Құлбек оған:
«Бар, рульді қолыңа ал!» – деді. Бала кабинаның ішіне кірді. Машина
гүрілдеп, селкілдеп қоя берді. Қолындағы руль сондай оңай айналады,
өзінің əлгі аула ішіндегі бос бөшкені кішкене күнінде машина етіп
айдағанынан айнымайды. Бала қолындағы рульдің осыншалықты
ойыншықтай болып көрінгеніне өзінен өзі ұялды. Бір кездері машина
жол жағына қарай қисайып, құлап бара жатқан сияқты, көзді ашып-
жұмғанша аударылып түсті де, машинаның тас-талқаны шықты. Бала
жылап жіберді, не деген масқара, Құлбектің көзіне қарауға енді бет
жоқ.
– Ей, саған не болды? Не қып жатырсың өзі? – деді Құлбек оны
оятып.
Бала көзін ашты. Жаңағының барлығы түсі екенін білгенде
қуанып қалды. Құлбек баланы алдына алып құшақтады.
– Түс көрдің бе, немене, шошып кеттің-ау деймін? Ой, сабазым-
ай, мұндай батыр болармысың, – деді ол жел қаққан кезерген ернімен
баланың бетінен сүйіп. – Қой, сені былай жайғастырайын, енді
ұйықтау керек шығар.
Сұлап-сұлап жатқан шофер жігіттердің арасындағы киіздің
үстіне баланы апарып салды да, өзі де соның қасына қисая кетті.
Баланы бауырына тартып, бушлаттың шалғайымен оның үстін жапты.
Елең-алаңда баланы атасы оятты.
– Тұра ғой, айналайын, жылырақ киініп ал, маған көмектесесің, –
тұр, тұра ғой, ұйқыңды аш! – деді сыбырлап шал.
Терезеден таңалдының алакеуім күңгірт сəулесі сезіледі.
Үйдегілер бəрі ұйқыда, ештеңені сезер емес.
– Мə, пимаңды кие ғой, – деді атасы.
Атасы қозғалған сайын оның киімінен пішеннің исі шығады. Бұл
аттардың алдына жаңа ғана шөп салып келді деген сөз. Бала пимасын
киіп алды да, атасы екеуі аулаға шықты. Ауланың ішінде қар дегенің
жота-жота боп қапты. Бірақ жел басылған, анда-санда самал үйірген
қар жыландай иреңдеп барады да жоғалады.
– Аяз екен, – деді бала тітіркеніп.
– Оқасы жоқ, əйтеуір басылыпты бəрі де. Енді күн ашылатын
шығар, – деді өзіне өзі міңгірлеп шал, – бір түннің ішінде төгіп
тастағанын қарашы. Тəуекел, тек ақыры қайыр болса болды да...
Бұлар Момын шалдың бес қойы тұрған қораға кірді. Шал
қарманып жүріп аша ағашқа ілулі тұрған фонарды барып жақты.
Қойлар жарықтан көздері қармасып, пысқырынып, бəрі бір бұрышқа
барып ұйлығып тұр.
– Мына шамды ұстап маған жарық етіп тұр, – деді шал, фонарды
балаға беріп жатып. – Қара тоқтыны соямыз, үй толған қонақ, бұлар
оянғанша ет дайын болу керек.
Бала шамды қолына ұстап атасына жарық етіп тұр. Қораның
ашық тесігінен анда-санда суық жел соғады. Ауланың іші аяз, əлі
қаракеуім. Шал алдыменен бір құшақ таза шөпті алып, қораның
есігінің шығар алдына тастады. Енді осы жерге қара тоқтыны
жетектеп əкеліп, оны жығып аяғын байлаудан бұрын шамалы ойланып
тұрды да, жүресінен отыра кетті.
– Шамды мына жерге қой да, өзің де отыр, – деді ол балаға.
– Екі қолын жайып, əлдебірдеңелерді айтып күбірлей жөнелді.
– Уа, кием, уа, ием, Бұғы ана, əруақты бабам, саған бағыштадым,
мынау қара қойды сенің жолыңа құрбан етем. Түндегі қауіпті тозақтан
балаларыңды аман алып қалғаныңа сенің ақ сүт, адал пейліңе, ата-
бабаларымызды да сақтаған құдіретіңе садақа! Сенің адал жүрегің,
аналық мөлдір көзің үшін! Мынау асау өзеннің жағасында, жабайы
жартас, жыныс орманның ішінде бізді көз қырыңнан таса ете көрме,
кетіп қалма, əрдайым жебеп, желеп жүргейсің! Мына ата-баба
қонысыңда бізді тастап кетпе, біз сіздің балаларыңызбыз, əруағыңнан
айналайын, əрдайым қолдай көр, аумин!
Ол бата жасаған алақанымен маңдайынан бастап сақалына дейін
сипап өтті. Бала да атасы не істесе соны қайталады. Осыдан кейін
Момын тоқтыны жықты да аяғын байлап, қынынан өзінің ескі
пышағын суырды.
Бала шамды жарық етіп тұрды.
Ауа райы жайсаң тыныштыққа көшті. Аспанда жөңкіген ала бұлт
арасынан бір-екі рет күннің үрейлі дидары көрініп кетті. Айналаның
барлығы түндегі сойқан дауылдың белгісі, жал-жал қар, көмілген шат-
бұталардың қар астынан төбелері ғана қылтияды. Дауыл құлатқан
шірік ағаштар, қар салмағын көтере алмай садақтай иілген науша
талдар. Өзеннің арғы бетіндегі қалың орман үнсіз-түнсіз, меңіреу-
мұңды қалыпқа көшкен. Түндегі ғаламат дүниеден есеңгіреп қалған
тəрізді. Адуын өзеннің өзі де екі жағасын қар көмкеріп тастаған соң
тым төмендеп кеткен сияқты. Судың күркіреген үні де бұрынғыдай
емес, қарқыны басылған, баяу, шала жансар естіледі.
Күнде де береке шамалы, бірде көрініп, бірде бұлтқа
жасырынады.
Бала тым көңілді, табиғаттың аязды салқын күні мұның жас
жүрегіне қаяу салмапты. Кешегі ұлан-асыр дауыл, боран да,
жігіттердің көрген қиыншылығы да ұмыт болған. Қар деген немене,
мұның ешкімге зияны жоқ, қардың осылай шөккен арыстандай
жатқаны қызық. Ауланың ішінде əрі-бері жүгіріп, өзімен өзі мəз боп
жүр. Мұның қуанышында қисап жоқ, үй толы қонақ, əлгіде ғана
оянып, өзара əңгімелер айтып, күліп мəз болып жатыр. Қара
тоқтының етіне тойып алған, бəрі де көңілді.
Енді бұлт та сиреп, күн айқын көріне бастады. Аспан айдыны көк,
таза, бұлттар да сейіліп əлдеқайда жоғалып кеткен. Күн шұғыласынан
жылылық, мейірім сезіледі. Бір түннің ішінде көміп салған қар,
əсіресе жол үстінде шөгіп басыла бастаған.
Шофер жігіттер, пішеншілер жолға жинала бастағанда баланың
көңілі аздап қобалжыды. Бəрі де ауланың ішіне шығып, қорымның
иелерімен қоштасып, түнеп шыққандарына, тұз-дəмдеріне рахмет
айтып жатты. Момын шал мен Сейдахмет аттарына мініп, бұларды
шығарып салмақ болды. Сейдахмет мотор үшін су жылытуға шелек
алды, бір құшақ отынды атасы алып бара жатыр.
Бəрі ауладан шыға берді.
– Ата, мен де барайын, ала кетші, – деді бала, атасына жүгіріп
келіп.
– Қалқам-ау, көріп тұрсың ғой, алдымда отын, Сейдахмет те бос
емес, сені кім алып жүреді? Бармай-ақ қой, керегі жоқ. Мына омбы
қарда шаршап қаласың.
Бала ренжіді. Бұртиып шетке шыға берді. Сол кезде оны Құлбек
қолынан жетектеп алды.
– Жарайды, бізбен жүре ғой, – деді ол баланың білегінен ұстап. –
Қайтарда атаңмен бірге келесің.
Бəрі де аршадан түсе беріс айрық жолда қалған машиналарына
қарай беттеді. Қар жолды көміп тастаған, мына сияқты атан жілік
атпал жігіттерге еріп жүрудің өзі оңай емес, бала тез шаршады.
– Кел, арқама міне ғой, – деді Құлбек оған, сөйтті де баланы
қолынан алып, тымақ қаққандай арқасына салып алды. Күн сайын
осындай баланы арқалап жүрген кісідей, сол аяңынан айырылған жоқ.
– Мынауың тамаша екен, Құлбек? – деді, бұлармен қатар келе
жатқан шофер жігіт.
– Мен өмір бойы іні-қарындастарымды осылай арқалап
үйренгенмін, – деді мақтана бастап Құлбек, – біз өзіміз алтау болдық,
əкем де, шешем де күндіз жұмыста. Ең үлкені мен болғандықтан
қалған бесеуіне əрі аға, əрі қамқормын ғой. Қазір қарындастарымның
өзінің балалары бар, армиядан қайттым, жаңа келген кезім ғой,
бойдақ жүрмін. Ана үлкен қарындасым біздің ауылға кел, бізбен бірге
тұр, мына кішкентай балаларға қарап көмектесерсің» дейді. – «Жоқ,
шырағым, рахмет, сендерді арқалап өсіргенім де жетер, бұдан былай
өзімде болса сонымен əуре болармын» деймін.
Осылайша бұлар əр əңгіменің басын шалып келе жатты. Мынадай
еңселі, күшті алып жігіттің арқасында келе жату бала үшін дүниедегі
бір пейіш сияқты.
«Дəл осындай туған ағам болар ма еді, – деді ол ішінен арман
етіп. – Мұндай ағам болса ғой тірі жаннан қорықпас едім. Ол кезде
Оразқұл атама айқайлау былай тұрсын, мысықтай боп жүрер еді.
Құлбектей жігіт Оразқұлға сыздана бір қараса, оның жым боларына
күмəн жоқ. Сонда көрер едім мен оның не болғанын ».
Түнде жолда қалған, шөп артқан машиналар жол айырықтан екі
шақырымдай жоғарыда еді. Түнгі қар көміп тастаған машиналар
даладағы шөп күделеріне ұқсайды. Былай қарағанда бұларды мəңгі-
бақи орнынан ешкім жылжыта алмайтын сияқты.
Miнe, от маздап жанды. Су жылытты. Шоферлар кезекпен-кезек
қол темірмен бір моторды айналдыра бастады, оған да пысқырып-
түшкіріп жан кірді. Ендігісі оңай, басқасына осының жетегінде от
алдырды. Осылайша бірімен-бірі жалғаса бүкіл колоннаға жан кірді.
Машиналар əбден бабына келген соң түнде ойға шөгіп қалған
машинаны қос-қабат жетекпенен жолға шығаруға кірісті. Сол жерде
тұрғанның бəрі кемектесті. Бала да жұртпен бірге көмектескен болып
жүр. Бiрақ «Сен аяққа оралмай, əрі тұр», – деп біреу айтып қоя ма деп
қауіпсінеді. Шүкір, мұндай ауыр сөзді ешкім айтқан жоқ. Шамасы
Құлбек рұқсат еткен соң халық алдында беделі артқан болу керек.
Өйткені Құлбек осылардың ішіндегі ең күштісі, ең мықтысы, мұны
бəрі сыйлайды ғой.
Шоферлар тағы да қоштасты. Машиналар жылжып берді.
Алдымен баяу қозғалды да, содан кейін күштеріне ене бастады. Қар
басқан таудың жалымен бірінен соң бірі керуендей тізіліп тартып
барады. Бұғы ананың балаларының баласы немерелері, шөберелері
көзден ұзай берді. Бірақ олар мына жас баланың қиялындағы
осылардың жолын бастап бара жатқан Бұғы ананы сезген жоқ. Бұғы
ана жал-жал қарлардан атыла-секіріп, автоколоннаның алдында бара
жатыр. Мына жауқазындай жас жігіттерді кешегі қауіпті түннен, ауыр
жолдан аман алып қалды, егер Бұғы ана болмаса, бұлар шетінен қар
астында қатып қалатын еді. Бүкіл көшпелі қырғыз əулетінің селден,
жұттан, қақаған аяз, қаһарлы дауылдан, түнек тұман қиын асудан
ғасырлар бойғы көрген қорлығынан бұларды осы Бұғы ана сақтап
келеді. Əйтпесе, бағана Момын атасы таң атар-атпаста Бұғы анаға
жалбарынып, қара тоқтыны соның əруағына құрбан шалмас еді ғой.
Бəрі кетті. Бала да өз ойымен солармен бірге кетіп барады.
Құлбектің қасында соның кабинасында отыр. «Құлбек аға, – деді ол, –
мына біздің алдымызда осы жолмен Бұғы ана шауып келеді», – «Солай
ма?» – «Əне, көрмей келе жатырсыз ба? Шыннан, əнеки, əнеки.
– Балам-ау, неге ойланып қалдың? Бұл қай тұрысың? – деді атасы,
немересінің есін жиғызып. – Үйге жетіп алайық, отыр, – сөйтті де
баланы жерден көтеріп алдына алды. – Жаурап қалған жоқсың ба? –
деді атасы баланы тонының етегімен қымтай түсіп.
Ол кезде бала мектеп табалдырығын əлі аттаған жоқ еді.
Енді міне, ауыр ұйқыдан зорға оянып келер күнін абыржи
ойлады: «Ертең мектепке қалай барар екенмін? Ауырып қалдым-ау.
Тұла бойымның бəрі зілдей...» Осыдан кейін есеңгіреп кеткендей
бəрін ұмытты. Енді оның көз алдында мұғалима тақтаға жазған «ат,
ата, тақа» – деген сөздерді дəптеріне көшіріп жатқаны елестеді.
Бірінші класта жазылатын осы сөздермен дəптерінің бүкіл бетін
бірінен соң бірін толтыра берді. «Ат, ата, тақа». «Ат, ата, тақа».
Бойынан əл кетіп қалған сияқты, көз алды қарауытып, тұла бойы
алаулап жанып барады, үстіндегі көрпені серпе береді. Көрпені ашып
тастап, ашық жатқанда жаурай бастайды, тағы да толып жатқан дүние
көзіне елестейді. Бірде ол өзеннің мұздай суында балық болып ақ
кемеге қарай жүзіп бара жатты, бірақ қанша ұмтылғанмен жете
алмады. Енді бірде қарлы боранның арасында қалды. Көзге түрткісіз
қараңғыда орнынан жылжи алмай зар қағып жатқан пішен артқан
машиналар, таудың асу бермес қиын жолдары, машиналар адамша
зарлайды, бірақ орнына жылжи алмайды. Доңғалақтар қып-қызыл
отжалын шашып, тұрған жерінде шыр көбелек айналады.
Доңғалақтардан жалын аспанға атады. Бұғы ана мүйізіменен
машиналарды итеріп тауға қарай жылжытады. Бала да Бұғы анаға бар
жан-дəрменімен көмектесіп жатыр. Міне өзі де, осы кезде қара терге
түсті. Кенет, əлгі жүк артқан машина баланың бесігіне айналып кетті.
Мүйізді Бұғы ана балаға «Ал, кеттік, тез жүгір, мына бесікті Бекей
апай менен Оразқұл ағайға апарайық», – дейді. Екеуі де жүгіре
жөнелді. Бала артта қалып қойды. Алдыңғы жақтан, көзге түрткісіз
қараңғы зұлмат дүниенің ішінен бесіктің қоңырауының үні келеді.
Бала сол қоңыраудың ізімен өкпесі өшкенше титықтап, əбден сілесі
қатып, сілекейі сірне болғанша жүгіріп барады.
Есіктің сықырымен дəлізде біреудің жүргенін сезіп, бала оянды.
Атасы менен əжесі аздап, жүректері орнына түскендей үйге кірді.
Қорыққа басқа адамдардың келгені Оразқұл менен Бекейдің айқай-
шуының басылуына себеп болған сияқты. Əлде, əбден ішуден шаршап
Оразқұл ұйықтап қалды ма кім білсін. Əйтеуір аула ішінен балағат
сөз, зекіру, айқай естілмейді.
Түн ортасында ай тауға өрмелеп шықты. Күңгірт ай ең биік көк
мұзды шыңның басына шығып алған. Мəңгі-бақи мұз құшағындағы
шыңдар əлсіреген ай сəулесімен анда-санда жылт-жылт шалынады.
Əлемнің бəрі меңіреу, мылқау, мызғымас мешел орман, жансыз жартас
өліктей қимылсыз тау жоталары, ең етекте тастан-тасқа секіріп,
күркіреп үн шалған өзен ғана.
Терезеден айдың болымсыз қисық сəулесі түседі. Балаға осының
өзі қолайсыз, керексіз сияқты, көзін жұмып əрі-бері дөңбекшіп
жатыр. Кемпірге терезеге перде жап дегісі келді де бірақ үндеген жоқ.
Өйткені кемпірдің шалға деген ашуы əлі тарқамапты.
– Ақымақ, есуас неме, жат енді қыбыр етпей! – деді өзі де қисая
беріп шалға. – Жұртпен тіл тауып, тірлік ете білмейтін болсаң, тым
болмаса аузыңа берік болсайшы! Жұрттың сөзін тыңда. Сен солардың
қолына қарап отырған жоқсың ба? Аз болса да барлы-жоқты тиын-
тебенді ай сайын содан алып отырсың. Жалақысыз сен кімсің?
Қартайғанша бір шайнам ақыл кірмей қойды ғой саған...
Шал жауап қатпады. Кемпір де үнсіз қалды. Кенет тағы да ойда
жоқтан кемпір сөйлеп кетті.
– Жалақы алмаған адам былай тұрсын, тышқан ауламаған
мысықтық өзі жексұрын көрінеді. Жалақысыз адам адам ба.
Шал бұған да жауап қатпады.
Бала ұйықтай алмай жатыр, басы сырқырап, неше түрлі ойлар
мазасын алады. Ертеңгі баратын мектеп те көз алдына елестейді. Оқу
басталғалы бір күн қалып көрген жоқ, сүйтіп жүргенде ертең
Желсайдағы мектебіне бара алмаса, бұл не деген сұмдық. Оның үстіне
Оразқұл шалды қызметінен қуып шықса, бұрынғы бұрынғы ма, кемпір
атасының əбден миын ашытатын шығар. Ондағы күніміз қалай болар
екен?
Осы жұрт бүйтіп қалай күн көреді? Біреудің қатыгез зұлым,
біреудің мейірімді болатын себебі не екен? Біреудің бақытты, біреудің
бақытсыз атанатын не жөні бар? Біреуден жұрт сонша қорқады, екінші
біреуден селт ететін тірі жан неге жоқ? Неге біреудің баласы болады
да, екінші біреудің тұлдыры болмайды? Неге біреу жұртқа жалақы
беруге хақысы бар да, екінші біреудің қолында түк дəрмен жоқ?
Мүмкін, ең жақсы адамдар айлықты көп алатын адамдар шығар. Атай
болса бəрінен аз алады, сосын жұрттың бəрі оны келеке етіп мазаққа
айналдырады. Шіркін, дүние, атайға да көп айлық беретіндей бір
жағдай болса, сонда Оразқұл, мүмкін, атайды сыйлап, қол қусырып
қошемет етіп тұрар ма еді, қайтер еді?
Осы бір сан қилы сапырылысқан ойлардан баланың басы
шыркөбелек айналды, бағана кешкілік өткелдің арғы бетінде көрген
маралдар тағы есіне түсті. Ойпырай, түндегі халдері қалай болар
екен? Көзге түртсе көргісіз қалың орман, аяз қарыған жар тастың
арасында не қып жүр екен олар? Сұмдық қорқынышты, қауіпті ғой.
Кездейсоқ қасқыр шапса не қылады олар? Онда Бекей апайға мүйізіне
іліп əлгі киелі бесікті кім əкеледі?
Осындай əртүрлі ойлардың соңындағы бала көзі ұйқыға кете
«Оразқұл мен Бекей апайға қайыңнан жасалған бесік əкеле көр,
қасиетті Бұғы ана» – деп жалбарынып жатты. «Тəңірім, бала бере көр,
зар жылатпа бұларды, киелі Бұғы ана, өзің қолда!» – деді ол көзін
жұма беріп. Алыстан құлағына бесіктің күміс қоңырауының үні
келгендей болды. Бұғы ана киелі бесікті мүйізіне іліп жеткенше
асығып келе жатқан сияқты...
7
Сипаған қолдан бала тым ерте оянды. Даладан кipген атасының
қолы мұздай екен, бала тітіркеніп қоя берді.
– Жат, жата бер, – деді атасы, өз қолын өзі үрлеп жылытқан
болып, содан кейін баланың маңдайын сипап кеудесіне қолын салып
көріп, – Байқаймын, суық тиіп қалған ғой саған, – деді күйініп атасы.
– Тұла бойың өртеніп тұр, бəсе, бұл не қып жатып қалды деп ем-ay.
Мектепке де баратын уақыт боп қалды.
– Міне, қазір тұрамын, – деді бала басын көтере беріп, бірақ
көзінің алды қарауытып, құлағы шулап қоя берді.
– Жоқ, орныңнан қозғалма, балам, – деп жастығын жөндеп, шал
баланы қайтадан жатқызды, – мына ауру қалпыңмен сені мектепке кім
апарушы еді. Кəне, тіліңді көрсетші.
Бала көнбей мектепке кеткісі келіп:
– Мұғалима апай ұрсады ғой, ол кісі сабаққа келмегендерді жек
көреді...
– Ұрыспайды, барлығын өзім айтам. Кəне тіліңді, тіліңді
көрсетші.
Шал баланың тіліне, тамағына барлығына үңіліп қарап, енді
баланың тамырын іздей бастады. Өзінің қара жұмыстан көндей қатқан
саусақтарымен тамырды табу да оңайға түспеді. Бір кезде əйтеуір
баланың тершіген білегінен ұстап отырып тапқан болды, əлденені
танығандай-ақ шал көңіліне медет тұтып:
– Құдайым сақтаған екен, аздап салқын тиген ғой, өзің де кейде
бір дедектеп жалаң аяқ жүгіретінің бар. Бүгін жат, кешкілік
табаныңды, кеудеңді қойдың құйрық майымен сылап тастаймын. Таң
атқанша қара терге түсесің, құда қаласа, ертең азанда құландай ойнап
шыға келесің.
Кешегі болған оқиға қайтадан есіне түскен Момын шал қабағын
қарс жауып, немересінің төсегінде ойланып отыр. Анда-санда бір
күрсініп қояды. «Құдайға тəуекел», – деді бір кезде ол, өзінен өзі».
– Сен осы қашан жатып қалдың? Неге маған айтпадың? Осы кеше
кешке жаттың ба? – деді шал, немересіне қарап.
– Кешке таман құладым ғой. Өзеннің ар жағындағы маралдарды
көріп, өзіңе жүгіріп келген жоқпын ба? Содан кейін неге екенін
білмеймін, денем түршігіп кетті.
Шал əлдебірнеге кінəлі адамша даусы жарғақтанып:
– Жарайды, тəуекел... Қозғалмай жат, мен кеттім.
Ол орнынан тұра бергенде бала тағы да:
– Ата, сол əлгі Мүйізді Бұғы ананың өзі ғой, ə? Анау əлгі көзі
тостағандай, адам сияқты тесіле қарайтын, аппағы бар ғой сол емес
пе...
– Ей, ақымағым-ай, – деді шал өзінен өзі жымиып, – жарайды,
сенің айтқаның-ақ бола қойсын. Мүмкін, Бұғы ананың өзі де шығар.
Кім біледі, жарықтық, келген де ата мекенге. Бірақ менің ойымша...
Шал ар жағын айта алмады. Сырттан кемпір кірді, асығып-
аптығып жүрген кемпір аула ішінде не болып жатқанын біліп келген
болу керек.
– Шал, ана жаққа бар, – деді табалдырықтан аттай беріп кемпір.
Момын мұны естігенде сондай бейшара, қорғансыз жандай не дерін
білмей бір уыс боп қалды. – Кешегі суда қалған бөренені машинамен
шығарамыз деп жатыр, сен де бар. Не айтса соны істе... – деді де
кемпір, – Ойбай, сорым-ау, сүтті де пісірмеппін ғой, – деп пешке от
тұтатып, қазан-аяқты салдыр-гүлдір, үйдің ішін басына көтеріп, өзіне
өзі бірдеңелер айтып жүр.
Шал қабағын қарс жауып алған, бірдеңелер айтқысы кеп,
ұмсынғанменен кемпір оның аузын ашырмады.
– Мелшиіп не қып тұрсың сен? – деді кемпір ашуға булығып. –
Неңе жетісіп сіресесің, сор маңдай-ау. Сені мен маған қыр көрсететін
күшті кім беріпті? Олардың жанында сен кімсің, анау Оразқұлды
іздеп келген адамдарды қарасайшы, машиналарының өзі судай жаңа,
бір емес, он бөрене берсең де тартып кеткелі тұр. Аналардың жанында
Оразқұлдың бізге көзінің қиығы да түсер емес. Қаншама жалынып-
жалпайып зорға дегенде басын идім. Қызыңды табалдырығынан
аттатар емес, қысыр байталың ана Сейдахметтің үйінде отыр, екі көзі
бұлаудай. Бар тапқаны сен алжыған қақбасты қарғап, сілеуде...
– Болды енді, жарайды, – деді шал, шыдамы таусылып, есіктен
шыға беріп, – ана балаға ыстық сүт бер, ауырып қапты.
– Қазір, қазір берейін сүтін, құдай үшін қараңды жоғалтшы, бар
енді ана жаққа, – деп шалды шығарып жіберді де, өзінен өзі, – сор
қайнағанды қай албасты басты екен? Бетегеден биік, жусаннан аласа
боп жүріп, бір адамға тіл қатпайтын қасқа, осы жолы не бəлеге
ұшырады? Өмірі жуымайтын Оразқұлдың атына мініп тұра шаба
жөнелгенін айтсайшы. Бар бəле сенен, – деп кемпір жаман көзімен
бала жаққа ата бір қарады. – Ойбай-ау, сонда оның масқараға ұшырап
жүрген адамының түрі мынау...
Май араластырған ыстық сүтті кемпір баланың алдына əкеп
қойды. Бала ұрттап көріп еді, аузын күйдіріп барады, кемпір зорлап:
– Іш енді, іш, ыстықтай іш, ыстық сүт жел-құзды кетіреді.
Ұрттаған сайын көзі жасаурап, бала кемпірдің бұйрығынан бас
тартпай, іше бастады. Кенет кемпірдің мейірімі түсіп!
– Шамалы суыңқырасын, асықпа, осындай қарбаласта ауырып
қалғаныңды қарашы, құдайым өзі жар болсын, – деді күрсініп.
Баланы алдақашаннан зəр қысып жатқан, ол орнынан тұрғанда
аяқ-қолынан буын кетіп қалған сияқты, əлдебір əлсіздікті сезді.
Кемпір жалма-жан:
– Тоқта, қазір өзім ілеген əкелейін.
Бала ұялыңқырап теріс бұрылып тұрды да ілегенге дəрет
сындырды. Дəреті сап-сары, бұрын-соңды бала көрмеген дүние екен.
Баланың бойы жеңілдеп қалды, басы да сырқырауын қойған
сияқты.
Енді төсегіне жатты. Кемпірдің бүгінгі мейіріміне іштей риза,
ертеңге дейін осы бетімен сауығып кетсе, сөз жоқ мектебіне барады.
Мектебіне барғасын, орманға келген үш
марал туралы қалай
баяндайтынын да ойланып жатыр. Анау ақ марал Бұғы ананың өзі,
жанында кішкентай бұзауы бар, мүйізі қарағайдай көк бурылы
бұларды қасқырдан қорғайтын ең мықтысы. Ол тағы да егер маралдар
ешжаққа ауып кетпей осы орманның ішінде қалса, Оразқұл мбн Бекей
апайға сөз жоқ киелі бесік əкелетінін жұртқа қалай баяндайтынын
алдақашан ішіне тоқып қойған-ды.
Маралдар ертеңгілік суатқа келді. Олар жоғарыдағы орманнан
күздің қысқа күні арқан бойы көтерілгенде бері қарай аяңдады, күн
көтерілген сайын айналаның барлығы шұғылаға оранып, орман іші,
етектегі тау арасы жыли бастады. Түнгі тылсымнан сіресіп қалған
орман жан біткендей өзінің сан-қилы реңді бояуларына енді.
Ағаш-ағаштың арасымен маралдар асықпай, алаңғыт жерлерде
шуаққа жылынып, анда-санда жапырақ жұлып, аяңдап келеді. Бұлар
алдында шаңырақ мүйіз атасы, ортасында бұзауы, ең артында Бұғы
ана жұбын жазбай қаздай тізілген. Кеше Оразқұл мен Момын атай,
қарғыс атқан бөренені төмен түсірген жалғыз-аяқ жолмен келе жатыр.
Бөренені түсірген жол кей жері соқамен жыртып кеткендей шымы
аударылған қалпында көрініп жатыр. Осы жалғыз аяқ жол бірден
суатқа келіп тіреледі, сол жерде кешегі бөрене де қалған.
Маралдарға дəл осы тұс су ішуге жайлы болған соң келе жатыр.
Оразқұл, Сейдахмет бөренеге келген тағы екі адаммен бірге осы
жайпауытқа машинаны жеткізіп ана бөренені сол арқылы судан
сүйреп шығарудың жолын қарастыруға беттеген. Бұлардың соңында
басы салбырап Момын шал келе жатты. Ол кешегі жан түршігер
жанжалдан кейін не істеп не қоярын білмейді. Мына жұмысқа
араласуға Оразқұл рұқсат бере ме, жоқ па? Немесе кеше, бөренені
атпен сүйреп шығарамын дегендегідей балағаттап қуып жібере ме?
Бəрін былай қойып, «Сен мұнда не қып жүрсің, жұмыстан босаттым
деп кеше айтқан жоқпын ба?» – десе не демек? Жұрттың көзінше
масқарасын шығарып, ит терісін басына қаптамаса жарады. Осындай
қорқынышты ойлар шалдың еңсесін басып, қыл көпірден көрінеді. Ол
былай көзге өзінше келе жатқанмен ақыры не болар екенді бағып
келеді. Турасын айтқанда шалды айдап келе жатқан осы кемпір. Шын
мəнінде бейшара Момынды Оразқұлмен татуластыруға, яғни кешегі
шал қылығына Оразқұл кешірім етсе бəрі бітіп жатыр.
Оразқұл осы маңайдың үстінен қарайтын мықтылығын
сездіргендей аяғын алшақ басады, кеудесіне нан пісіп, айналасына
қыр тастап, маңғаздана қарайды. Кешегі ішуден басы дал-дал боп келе
жатса да, бүгінгі мына көрініс оның ойынан шыққандай, артына
қарап, ілбіп келе жатқан шалға көзі түскенде, өзіне өзі риза болды.
Кəдімгі иесінен таяқ жеген иттей сүмеңдеп келеді. «Əлі саспай тұра
тұр, талай қыңсылатармын сені. Ерегіскесін көзге ілмей қояйын ба.
Сенің бар-жоғыңның маған бəрі бір, өзің-ақ аяғыма жығылып,
табанымды жалайсың», – деді Оразқұл іштей айызы қанып, кешегі
əйелін тепкілей сабап үйінен қуып шыққанда оның зар қағып аяғына
оралғаны есіне түсіп. «Бəлем, жақсы жасадым ғой деймін, мына
бөренені жібергеннен кейін көрем сендерді, қызыңмен екеуіңді итше
таластырам, сенің көзіңді қызың ойып алуға даяр. Қазір ол ашынған
қасқырдың қаншығындай бұралып жатыр. Тірі жанды аяйтын сиқы
жоқ» – деп ойлады. Оразқұл жанындағы адамдармен сөз арасында.
Келген адамның аты Көкетай еді. Бұл көл жағасындағы колхоздың
есепшісі болатын. Еңгезердей шойын қараның, Оразқұлменен
көңілдес болғанына көп жыл болған. Бұдан он екі жыл бұрын өзіне үй
салып алған, ағаш жағына Оразқұл көмектескен. Арзан бағамен талай
ағашты тақтай тілуге өткізген, содан кейін осы шойын қара үлкен
баласын үйлендіріп, оларға да үй салып берген. Бұ жолы да
көмектескен Оразқұл болатын. Жақында Көкетай кіші баласының
еншісін берді, енді оларға да үй тұрғызу керек, тағы да қол ұшын
беретін осы Оразқұл. Өмір дегеннің қиян-кескісі көп қой. Бірін
бітірдім, енді былай өзімше тірлік етермін дегеніңде тағы бір машақат
төбесін көрсетеді. Мұндайда Оразқұл сияқты адамдардың көмегінсіз
күн көру де қиын.
– Құда қаласа жаңа қоныстың тойын жасаймын, өзің басы-
қасында боласың, бір шырқайтын шығармыз, – деді Көкетай
Оразқұлға.
Оразқұл темекісін сора түсіп маңғаз үнмен:
– Рахмет, рахмет, шақырған жерге барамыз, шақырмағанның
шалғайына жабыспаймыз. Шақырдың екен, неге бармаймын, көрмей
жүрген, дəм татпай жүрген үй ме, сенің үйің? Бірақ маған бір ой келіп
тұр, сен кешке дейін шыдасаң қайтеді. Көз байлана шығып
кеткендерің дұрыс болмас па? Сонда совхоздың үстінен көзге түспей
өтіп кетесіңдер. Біреу-міреу көріп қалса...
– Мұның да жөн екен-ау, – деді екі ойлы Көкетай, – бірақ, кешке
дейін не бітіреміз мұнда? Жайымен аяңдай бергеніміз дұрыс болмас
па екен? Бізді жолай тексере қоятын кім бар дейсің. Зəуеде өткен-
кеткен қаңғырып жүрген милицияларға кездесе қалған күннің
өзінде...
– Əне, менің айтып отырғаным сол ғой, – деді Оразқұл кешегі
арақ жүрегін қыжылдатып бара жатқанынан бет-аузын тыржитып: – өз
шаруаңменен əрі-бері жүз қайтара өткенде милиция түгіл бұралқы ит
те кездеспейді, алда-жалда жүз жылда бір бөрене алып бара жатсаң,
сайтандай caп ете қалатыны бар...
Əркім өзі ойымен əуре болып, бұлар үнсіз қалды, Оразқұл кеше
осы бөрененің суда қалып қойғанына өкінеді, егер мұны бері шығарып
қойғанда, түнде машинаға артып қойып, таңқараңғысымен қош бол,
қара құйрық, деп аттандырып жіберетін еді... Құдай қырсықтырып ол
ойындағысы орындалмады. Бар пəле алжыған қақбас Момыннан
болды, өмірінде құлақ қақпайтын сорлы, бұл жолы неден құтырғанын
өзі білсін. Жарайды, оны да көрерміз. Басқаны былай қойғанда, сол
қылығыңның азабын тартарсың əлі...
Бұлар өзеннің жағасына жақындағанда, өзеннің арғы бетінен
суатқа келіп, маралдар су ішіп жатыр еді. Адам деген кызық қой,
əлденеге
абыржып,
абыр-дүбір
əңгімемен
əуре,
өздерінің
шаруаларымен бір біріне ақыл-қеңес айтып келе жатқан бұлар,
өзеннің аргы бетінде тұрған хайуанаттарды аңғарған да жоқ.
Маралдар ертеңгілік сəулемен қызғылт тартқан жағадағы аласа
тоғайшықтан бергі жайпауытта тобықтарына дейін су кешіп тұр еді.
Асықпай, мөлдір судан анда-санда бір жұтып маңғаз қарайды. Су
болса мұздай. Күн сəулесі арқаны қыздырып рахатқа батырады.
Маралдар шөлін қандырумен бірге шуақтан шыққысы жоқ. Жаңа келе
жатқанда бұтақ бастарынан тамған қалың шық енді кебе бастады.
Маралдардың арқасынан жеңіл-жұқа бу бұрқырайды. Осы бір күннің
əлгіде атқан таңы сондай рахат бейбіт болар ма.
Келген адамдар маралдарды əлі аңғарған жоқ, біреуі машинаға
кетті де, басқасы өзеннің жағасында қалды. Арғы беттегі жұрттың
сөйлеген даусын анда-санда құлақ қағып, анық естіп тұрған маралдар
жағаға жақындай берген жетекті машинаны көргенде, денелері дір-дір
еткендей болады да, тұрған-тұрған жерінде қалшиып қадалып қалды.
Машина гүрілдей-барылдап кетті. Маралдар сəл қозғалып кетуге
ыңғайлана берді. Кенет жаңағы гүріл шуы басылып машина үнсіз
тоқтай қалды. Маралдар енді сасқан жоқ, дегенмен арғы беттегі
айқай-шу көбейіп кеткен соң жылжыды.
Өздерінің келген жалғыз аяқ жолымен аласа тоғайға еніп бара
жатқанда арқалары мен мүйіздері еміс-еміс ғана көрінеді. Мына
тұрған адамдар бұларды сонда да аңғармады. Тек қиыршық құмды
алаңғыттан өте бергенде барып, бергі беттегі адамдардың көзіне анық
түсті. Көгілдір алаңға түскен күн сəулесі одан сайын құлпырады. Бұл
көріністің куəсі, арғы беттегі адамдар да тұрған-тұрған жерінде
ауыздарын ашып қалған.
– Анаң қара, анаң қараңдар! О, ғажап! – деді ең алдымен
Сейдахмет. – Шырағым-ау, мынау бұғылар ғой, бұлар мұнда қайдан
жүр?
– Айқайлама, неге шулайсың, қайдағы бұғы саған, марал ғой,
марал. Біз бұларды кеше көргенбіз, қайдан келді дерің бар ма, есебін
тауып келген де əйтеуір, – деді Оразқұл мəн бермей.
– Пай-пай, – деді шаттанып семіз Көкетай қуанғанынан
көйлегінің алқымын ағытып жатып, – əбден оңалған екен, түгін
қарашы жалт-жұлт етеді.
– Анау анасы болу керек, тұрысын қарашы сабаздың, аяқ алысы да
маңғаз, көрдің бе, құнан шығар байталдай екен. Тамаша! Мен
өмірімде бірінші рет көріп тұрмын мұндайды, – деді шофер жігіт
ежірейе еліріп.
– Ана еркегін қара, өгіздей екен, мүйіз, мүйізі қандай ғажап, ана
мүйізді алып жүру де оңай емес шығар. Өздері дəнеңеден
сескенбейді-ей. Бұлар қайдан жүр, Оразқұл-ау? – деді шойын қара
Көкетай, торай көзі жылт-жылт етіп ынтыға білгісі келіп.
– Қорықтан келген-ау деймін, мына асудың ар жағында үлкен
қорық бар ғой, бұлар неден сескенсін, ешкім шошытпаған, ешкім
тимейді, сосын қорықпайды, – деді Оразқұл малды өзі бағып жүрген
адамша.
– Ах, шіркін, мылтық болар ма еді? Ең аз дегенде екі центнер ет
бар-ау ə, шамасы? – деді Сейдахмет аузынан қағынып.
Анадай жерде бағанадан үн-түнсіз тұрған Момын шал шыдамай:
– Не айтып тұрсың, Сейдахмет, бұларды атуға тыйым салынған! –
деді міңгірлеп.
Оразқұл қабағын түйіп, шалға ата бір қарап қойды. – «Сен əлі
менің көзімше үн шығаруыңды қоймаған екенсің ғой», – деді ол
ішінен, шалға жеп жіберетіндей тағы да бір қарап. Жерден алып,
жерден салғысы кеп тұрды да, өзін əрең ұстады. Қанша дегенмен
бөгде адамдардың көзінше ыңғайсыз санады.
– Боқтан өзгені айтпау керек қой мұндайда, – деді ол Момынға
назар аудармастан, – бұларды атуға, өсіретін жерлерге ғана тыйым
салынған. Ал біз марал өсіретін шаруашылықтың адамдары емеспіз.
Бұларға жауап беретін біз емес, ұқтың ба? – деді ол кірерге жер
таппай абыржып тұрған Момынға сұстана қарап.
– Ұқтым, ұқтым, шырағым, – деді Момын шал басы салбыраған
күйі шетке шыға беріп.
Осы кезде жұртқа сездірмей кемпір де шалдың жеңінен тартып
қалды.
– Аузыңа ие болсайшы, сен қақбас, – деді тістеніп.
Жұрттың барлығы əлденеден қаймығып қалған сияқты. Анау
жоғары көтерілетін жалғыз аяқ жолмен аяңдап бара жатқан
маралдарға тағы қарады, олар бірінің соңынан бірі тізіліп барады.
Алдында көк бурыл еркегі, шаңырақ мүйізін шалқасынан тастап,
маңғаз басады, оның артында жас бұзау, ең соңында Мүйізді Бұғы ана.
Жардың бергі етегінен олар анық көрінді. əр қимылы, басқан қадамы
бұлардың көз алдында.
– Қандай ғажап, а! – деді, бадырақ көз, сырттай жуас көрінетін
шофер бала шыдамай. – Фотоаппаратымды ұмытып кеткенімді
қарашы, түсіріп алғанымда оңды болатын еді.
– Жарайды, тамсанып, таңданатын дəнеңе жоқ, – деді Оразқұл
оның сөзін бөліп, – неге қарап тұрсыңдар? Таңдану мен тамсану
тамақ болмайды. Онан да машинаны бұр-дағы артымен судың
жағасына тақа: Ал, Сейдахмет, сен шешін, – деді ол бұйыра сөйлеп,
өзгелерге үстемдік көрсетіп жүргеніне мəз болып содан кейін, – анау
темір арқанды бөренеге апарып байла! Шапшаң, қимылдаңдар! Бұл
оңай жұмыс емес, – деді шофер балаға əмір ете.
Сейдахмет етігін шеше бастады. Тар етігі кұрғыр əлі шешілмей
жатыр.
– Сен не қып тұрсың, кіріс енді! – деді кемпір, шалды түртіп
қалып. – Етігіңді шеш те, суға сен де түс, – деді кемпір шалға
сыбырлап.
Момын атай Сейдахметтің етігін тартып шешті де, əп-сəтте өзі де
дайын болды. Бұл кездері Оразқұл мен Көкетай машинамен əуре
болып:
– Бері, бері қарай.
– Солға таман, солға таман. Дұрыс.
– Тағы да бері жылжыт...
Машинаның төменнен келген гүрілімен жұрттың дабырлаған
үнінен маралдар да шошына сескеніп, жардың басына атып шықты да
қалың қайыңның ішіне кіріп көзден ғайып болды.
– Қап, кетіп қалды-ау, – деді Көкетай санын бір соғып. Мұның
үнінде өзінің меншікті малынан айрылып калған адамның өкініші
сезілді.
– Өкінбей-ақ қой, олар еш жаққа ұзамайды, – деді мұның
ойындағысын сезе қойғанына мəз болып Оразқұл. – Бүгін кешке дейін
кетпейсіңдер, менің конағым боласың. Құдай бұйыртса көрерміз,
сенің жолаяғыңды өзім жасаймын, – деп ол мəз болып, досының
арқасынан қақты. Оразқұлдың кейде осылайша көңілді болуға да
қолынан келеді.
– Олай десең, амал бар ма, қонақ қойдан жуас, не айтсақ соған
көне береміз де, – деді Көкетай да сары тістерін ақсита мəз болып.
Машина артқы дөңгелегінің ортан беліне дейін суға түсіп тұр.
Одан əрі жылжуға шофер қорықты, енді осы жерден темір арқанды
бөренеге жеткізу керек, егер темір арқан жете қалса, су астындағы
тасқа тіреліп калған бөренені тартып шығару онша қиындыққа түсе
қоймайды.
Болат сымнан өрген темір арқан зілдей ауыр, ұзындығы да біраз
бар екен, мұны суды кешіп барып бөренемен жалғастыру керек.
Шофер да мұздай мөлдір суға қарап ылажсыздан аяғын шешіп жатыр.
Бірақ ол əлі екі ойлы. «Жалаңаяқтанбай етігімен кешіп кетсе не
болады. Жоқ, дегенмен жалаңаяқ дұрыс болар. Бəрі бір, су етікті де
малмандай етеді, оның кешке дейін кеппейтіні анық». Судың
мұздайлығын терең түспей тұрып сезгендей тұла бойы тітіркеніп
кетті. Шофердың осы сəтін пайдаланып қалғысы келген Момьш шал:
– Сен шешінбей-ақ қой, балам, біз Сейдахмет екеуміз түсеміз ғой,
– деді шофердың жанына келіп.
– Сіз əуре болмаңыз, ақсақал, – деді де шофер өзінен өзі ұялып,
қызарып кетті.
– Шырағым, сен болсаң қонақсың, біз болсақ осы жердің
адамымыз, онан да ана машинаңды айда, – деді Момын шал.
Сейдахмет екеуі болат арқанның өрімі оралған қазықты қолдаса
ұстап суға түсе бергенде Сейдахмет:
– Ойпырм-ай, мынау сүйекті шағып барады ғой, су емес, мұз
кешіп келе жатырмыз ғой, бұл əкеңнің аузы... – деп былапыт сөздерді
төгіп-төгіп жіберді.
Жағада тұрған Оразқұл мен Көкетай өзара мəз болып, оларды
қолпаштап:
– Шыда, шыда! Сені жылытатын бірдеңе табармыз, – деді.
Момын шалда үн-түн жоқ, ол тіпті мұздай қарып бара жатқан
суды сезетін емес. Əйтеуір Оразқұлдың қаһарына ілікпей, су үстінде
өліп кетсе де риза сияқты. Жалаң аяқ, су астындағы тастарды абайлап
басып өзімен өзі кетіп бара жатыр. Тек əйтеуір жұрттың көзінше
балағаттап жəбірлеп Оразқұл қуып жібермесе болды. Кешегі
қылығына кешірім етсе бұл бейбақ шалға соның өзі зор дəулет...
Оразқұл да бұл жолы үндеген жоқ. Момын шалдың жанын
шүберекке түйіп кетіп бара жатқанын елемеген, аңғармаған адам
сияқты болып тұра берді. Бірақ іштей кеше қыр көрсеткен шалдың
бүгін еңсесі түсіп, құл, қор болып бара жатқанына риза: «Солай ма
екен?! – деді ол іштей кекете күліп. – Ақыр келіп аяғыма жығылдың
ба?! Əттең, құдай, қолыма үлкен əкімшілік бермеді, ондай құдірет
болса, сенен де зордың талайын табаныма таптар едім. Маған тым
болмаса иə колхоз, иə совхозды бермеді ғой. Сонда көрсетер едім
талайға. Тəртіп дегеннің не екенін сонда білер еді жұрт. Халық
дегенді
қазір
бетімен
жіберген.
Директорды
сыйламайды,
председательді сыйламайды деп өздері арыз айтып жүр. Қойдың
құмалағын санап жүрген қойшыға дейін бастықтармен иін тіресіп
сөйлесуді шығарған. Ондай ақымақ бастықтардың өз обалы өзіне,
бəрін есіртіп алып жүрген өздері. Қазір жағаласады бір-бірімен.
Шіркін, баяғы заманды айтсайшы, басын қағып алсақ да қыңқ
демеуші еді. Ең ар жағы түкке тұрғысыз, адам санатына кірмейтін
мына шалға дейін құтырды-ау. Міне, енді қалай-қалай қайқаңдайды
менің алдымда?! Осылай имендіру керек қой...» – деп Оразқұл өзіне
өзі көңілі толып, анда-санда Момын шал жаққа бір қарап қояды.
Шал болса, сүйек шаққан мұздай судың ішінде қалт-құлт етіп
Сейдахметпен бірге темір арқанды тартып бара жатқанына мəз. Үн
шығармағанына қарағанда, Оразқұл кешірген сияқты. Құдайдың
мұнысына да шүкір. «Кешір, кешіре көр алжыған жаман шалды,
кешегі əбестігімнен алда-жалда кешірім өтінем, – деді Оразқұлға
іштей сыбырлап шал. – Қара басып, кеше не айтып, не қойғанымды
білмеппін. Мектептегі немереме кеткен себебім сол. Ол да жалғыз
жетімек қой, менен басқа оған кімнің жаны ашиды. Бүгін мектебіне
де бара алмады. Сырқаттанып қалды, айналайын, сол үшін кешір мені,
бəрін ұмытшы. Сен де маған бөтен адам емессің ғой. Туған қызым
мен саған бақытты өмір тілемейді деймісің? Алла тағалам сендерге
бір бала беріп соның іңгəлап жылаған даусын естіген күні құдай маған
ажалын жіберсе, арманым жоқ. Ондай бақытқа құдай душар етсе,
қуаныштан жүрегі жарылып алдымен мен жылар едім. Ол менің
ішімнен шыққан шұбар жылан ғой. Жəбірлемеші! Адамның баласы
деп аясаң нетті?! Кешегі қылығымды кешір! Мен сенің жұмысыңнан
өле-өлгенше бас тартпаймын. Бəрін істеймін, құлың болуға даярмын,
тек айтсаң болды».
Өзеннің
жағасында
тұрған
кемпір
əрбір
қимылымен,
қозғалысымен: «Шал, аянба, көрдің бе, Оразқұл үндеген жоқ қой,
кешірім еткені осы болар, менің айтқанымды істесең қор болмайсың,
бəрі орын-орнына келеді», – деп тұрғандай.
Бала ұйықтап жатыр. Бір мылтықтың үні шыққан кезде ғана ол
оянып кетті де, қайтадан ұйықтады. Кешегі аурумен арпалысып,
түнімен көз ілмеген бала, бүгін бір рақат ұйқының құшағында. Осы
жатқанның өзінде төсекте емін-еркін, денесінде ыстық жоқ тоңбайды
да бей-жай бір мамырсана рақат. Егер Бекей апай менен кемпір
болмаса, мұның əлі ұйықтай беретін түрі бар екен. Бұлар сыбырласып
сөйлескенмен бір ыдыстың салдырынан бала оянып кетті.
– Мына үлкен тегешті ал, мына табақты да ала жүр, – деді кемпір
ауызғы бөлмеде сыбырлап. – Мен шелек пенен елеуішті алайын.
Ойбай, белім-ай, сынып барады құрғыр. Қаншама жұмыс істедік.
Құдайға шүкір, əйтеуір бəрі басылды ғой, ұзағынан сүйіндірсін.
– Айта көрмеңіз, ене, менің де жүрегім орнына түсті-ау əйтеуір.
Кеше өліп кетуге даяр едім. Егер Гүлжамал болмағанда, құдай біледі,
асылып өлетін түрім бар екен.
– Қайдағыны айтпашы, – деді кемпір жекіріп, – қызыл бұрыш
алдың ба? Ал енді барайық. Сендердің татуласуыңа құдайымның өзі
мейірімін түсірді-ау деймін. Жүр енді, жүр кеттік.
Үйден шығып, табалдырықтан аттай бергенде Бекей апай
кемпірден баланың халін сұрады.
– Əлі ұйықтап жатыр ма?
– Ұйықтасын, ұйықтасын. Тамақ піскеннен кейін ыстық сорпа
əкеп береміз, – деді кемпір.
Бұдан кейін бала ұйықтай алмады. Ауланың ішінде ерсілі-
қарсылы жүргендер, абыр-дүбір əңгімелер еміс-еміс естіледі. Бекей
апай, Гүлжамал, кемпір өзара бірдеңелер айтып, күліп мəз болып
жүрген сияқты. Анда-санда бейтаныс дауыстар да келеді. «Бұл кеше
түнде келген адамдар болу керек, – деді бала, – шамасы олар əлі
кетпеген ғой». Тек қана Момын атасының даусы да естілмейді, өзі де
көрінбейді. Қайда жүр екен? Бірдеңеден қолы босамай жатыр-ау, ə?
Сырттағылардың даусын тыңдап жатқан бала атасын күтуде.
Кешегі өз көзімен көрген маралдардың жағдайын айтып, атасымен
сөйлесуге ынтығады. Ұзамай қыс түседі ғой. Орманның ішіне шөпті
молырақ қалдырып кетсе жақсы болар еді. Оны маралдар келіп жейді.
Сөйтіп жүріп қолға үйренеді. Адамдардан сескенбейтін болады.
Əбден еті үйренген соң еркінсіп, арғы беттен бері өтіп, ауланың ішіне
де кіреді ғой. Мұнда келгенде олардың қалаған шөбін өзім алдына
салып, өмірі еш жаққа кетпейтіндей етсем қандай тамаша болар еді.
Олардың жақсы көретін шөбі қандай екен ə? Анау кішкентай бұзау
маралды əбден үйретіп, ізінде еріп жүретін етіп алса, дүниенің
тамашасы емес пе. Мүмкін, сонда бала осы бұзаумен бірге мектепке
барар ма еді, қайтер еді?..
Бала атасын қанша күткенімен жуық арада ол келе қоймады.
Ойда жоқта Сейдахмет кіріп келді. Əлденеге көңілі көтеріңкі,
ақжарқын бола қалыпты. Өзімен өзі мəз болып, ыржиып теңселіп тұр.
Ол балаға жақындай бергенде арақтың исі бұрқ ете қалды. Бала осы
бір қоңырсыған, əрдайым мас болған Оразқұлды көзге елеетететін
жаман иістен жиренеді, осы иісті сезсе-ақ Бекей апай мен атасының
көрген қорлығы көзіне елестейді. Сейдахметтің Оразқұлдан
айырмашылығы ішіп алса көңілі көтеріңкі, əрі мейірімді, сондай бір
ақжарқын боп көрінеді. Аңқау, ақымақ бола қалады лезде. Бірақ сау
кезіндегі Сейдахмет те онша ақылға бай адам емес. Атасы мен мұның
екеуінің арасында Сейдахмет қызып алғанда мынадай əңгімелер
болады:
– Есерсоқ адамша неге ыржаңдай бересің, Сейдахмет? Ішіп
алғансың-ау біраз шамасы.
– Ақсақал, мен сізді сондай жақсы көрем. Құдайдың бір ақына,
туған əкемнен мен сізді кем көрмеймін ғой.
– Ай, шырағым-ай, сенің жасыңдағы жігіттер машина айдап, ел
қатарында жүреді, сенің аузыңа келгенді оттап жүргенің мынау. Сенің
жасыңды берсе маған ең болмағанда тракторға ие болар едім.
– Ақсақал, мен армияда жүргенде, командирім маған, сенің
техника жағына бейімің жоқ екен дейтін. Мен жаяу əскер болдым ғой,
ақсақал. Жаяу əскер деген ол мықты. Жаяу əскерсіз бүкіл армияның
күні жоқ.
– Жаяу əскер дейсің, ə, сен жаяу əскер емес, барып тұрған
майтабан жалқаусың. Анау əйеліңді қарашы, қандай адам, құдайдың
да көзі жоқ, сен сияқтылардың жүзін жиса Гүлжамалдың тырнағына
татымайды.
– Ақсақал-ау, сосын ғой біздің осында жүргеніміз. Ол да жалғыз,
мен де жалғызбын.
– Сенімен сөйлесіп отырған менде де ес жоқ. Дырдай жігітсің,
тепсең темір үзетін қайратың бар, бір шайнам ақыл болсайшы, – деп,
Момын атай қолын бір-ақ сілтейді.
– Моһ-моһ! – деп мұрнынан күліп, Сейдахмет жүре беретін.
Содан ауланың ортасына шығып алып, қайдан, кімнен үйренгенін өзі
білсін, бір əнге басады.
Күрең-күрең таулардан
Күрең мініп келемін,
Ей, саудагер, қақпаңды аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
Қаратаудың басынан
Көк өгіз мініп келемін.
Ей, саудагер, есік аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
Осылай біріне бірі жалғасып кете береді. Содан кейін түйеге
мінеді, қоразға мінеді, тасбақаға мінеді, тышқанға мінеді, мұның аяғы
бардан мінбейтін мақлұқаты жоқ, бəрі шарабыңды ішіп беремінмен
аяқталады. Балаға Сейдахмет, əсіресе, осылай ішіп алған кезінде
кызық көрінеді.
Содан ба, қызу лепіріп кірген Сейдахметті көргенде бала қуанып
қалды.
– Аһа! – деді лепіріп Сейдахмет. – Маған жұрт сені ауырып қалды
деп еді, ауру түгіл сайтаның да жоқ қой? Неге аулаға шықпай
жатырсың? Бұл болмайды, жолдас, – деп, жалп етіп баланың жанына
отыра кетті. Сейдахметтен арақтың исімен қоса шикі еттің, əлдебір
қанның исі шығады. Өзі мас, баланы құшақтап аймалаған сайын
қолынан, денесінен осы бір жайсыз иіс бұрқ-бұрқ етеді. Сақалы да
өсіп кеткен. Баланың бетіне кірпідей тиеді.
– Қойшы енді, Сейдахмет аға, – деді тартынып бала, – атам қайда
жүр, көрген жоқсың ба?
– Сенің атаң былай бүйтіп, – деп Сейдахмет саусағын көкке
көтеріп, əлде бір түсініксіз қимылдар жасады, – біз əлгі жерде
бөренені судан шығардық қой, тоңып қалғасын шамалы жылынайық
деп тартып, тартып жібердік. Қазір атаң ана жақта əлгі етті пісіріп
жатыр. Əңгімені қой, орныңнан тұр. Киін жылдам, кеттік! Бұлай
жатуға болмайды, бұл дұрыс емес, шырағым. Біз бəріміз ана жақта,
сен қалай жалғыз жатасың?
– Атам орныңнан қозғалма деген, – деді бала.
– Қойсайшы, ондай əңгімені, сол да сөз боп па, жүр барып
көрейік, шырағым, мұндай жағдай күнде бола бермейді. Бүгін нағыз
той, ауыз да май, аяқ та май, табақ та май, ағыл-тегіл дүние. Тұр, тұр
дегесін.
Осы мас күйінде Сейдахмет əлтек-тəлтек басып жүріп, баланы
киіндіре бастады.
– Мен өзім киінемін, – деп басы айналып кеткен бала орнынан
тұра берді.
Бірақ мас Сейдахмет оны тыңдаған жоқ, өзінше жақсылық
істедім, баланы жалғыз тастап кету дұрыс емес деп жүр. Оның үстіне,
ақ май ағыл-тегіл ағып жатқанда баланың жалғыз қалуын қаламады...
Киініп алған бала тəлтіректеп Сейдахметтің ізінше сыртқа
шықты. Аспанда ала бұлт, тау жақтан салқын жел соғады. Бұлттар
жөңкіліп көшіп жүр. Бала дəлізге шыққанша бір жолы шаңқиған күн
сəулесі, оған іле-шала күнге бұлт айналып, ауа райы екі рет өзгерді.
Осының өзінен бала басының ауырып қоя бергенін сезді. Тау жақтан
соққан желден ошақтағы түтін бетіне ұрды. Көзі ашып қоя берді.
«Бұлар бүгін кір жуып жатыр екен ғой», – деп ойлады бала. Өйткені,
кəдуілгі күндері үлкен тай қазанға үш үй ортақтасып су жылытып,
қораның іші астан-кестен түтін болатын. Ол үлкен қазанды бір адам
көтере алмайды, оған Бекей апай мен Гүлжамалдың ғана шамасы
келетін.
Балаға осылардың жабылып кір жуғаны ұнайтын. Өйткені
ауланың ішінде от жаққан деген рақат, соның өзі едəуір ойын
баласына қызық көрінеді. Екіншіден, аппақ шаңқандай кір жайып
қойғанда ауланың іші түрленіп кетеді. Ағы, көгі, қызылы аралас
қораның ішін соншалықты салтанатқа бөлейді. Бала соның астында
еңкейіп, өзімен өзі тығылыспақ ойнайтын. Əлі кеппеген кір бетіне
арқасына тигенде, қытығы келіп мəз болады.
Бұ жолы ауланың ішінде жайылған кір көрінбейді. Қазанның
астындағы от маздап жанып жатыр, ернеуіне дейін толтыра салған ет,
одан бұрқыраған бу ғажап! Ет пісуге жақындаған сияқты, еттің исі
мұрынды жарып, сілекейіңді шұбыртады. Судай жаңа қызыл көйлек,
аяғында жаңа хром етік, басына қызыл ала шəлі орамал салған Бекей
апай қазанның көбігін алып жатыр. Оның жанында Момын атасы, бір
тізерлеп, ошақтың отын аударыстырып отыр.
– Əне, атаң анда! – деді Сейдахмет балаға. – Жүр, сонда барайық!
Осыны айтты да өзінің ескі əуеніне басып:
Күрең-күрең таулардан
Күрең мініп келемін –
дей бергенде, ұстарамен шашын алдырған, қолында балтасы бар,
көйлегінің екі жеңін түріп алған Оразқұл сарайдың ішінен шыға
берді.
– Сен қайда жоғалып кеттің? – деді ол Сейдахметке жекіріп. –
Келген қонақ отын жарып жатыр, – деді ол отын жарып жатқан
шоферды нұсқап. – Сен болсаң əндетіп жүрісің мынау.
– Ой, оны көзді ашып жұмғанша бітіремін, – деді Сейдахмет,
шоферға жақын барып. – Бері əкел, бауырым, өзім-ақ реттейін.
Бала бір тізерлеп отырған атасына жақындай берді. Атасының арт
жағынан келіп:
– Ата, – деді ол.
Шал естіген жоқ.
– Ата! – деп бала тағы бір қайталады да, шалды иығынан тартты.
Шал самарқау бұрылып қарағанда, бала атасын танымай қалды.
Атасы да удай мас екен. Өмір бойы мас болу былай тұрсын, бұл
шалдың қолына арақ алғанын көрген емес-ті. Əрі ойланып, бері
ойланып, бала ондайды есіне түсіре алмады. Кейде Ыстықкөлдің
шалдары ас, тойда аздап ішетіні бар, сонда мүмкін атасы да ауыз
тиген шығар, кім білсін. Ол жақтың əйелдері де ішеді ғой.
Бірақ дəл мынадай болғанын бала көрген емес. Бұл не деген
сұмдық!
Шал баланы танымай қалғандай, сондай бір суық, салқын, бей-
жай, бейтарап назар салды да қойды. Бет-пішіні қызарып кеткен, енді
есі кіріп, немересін таныған кезде ол бұрынғыдан да қызарып кетті.
Құлағының ұшына дейін өртеніп бара жатқандай, шал не дерін білмей
төмен қарайды. Енді бір сəт толқи тепкен қан лезде жоғалып,
сұрланып сала берді. Шал орнынан асығыс тұрды да:
– Сенің мұның не? – деді міңгірлеп, немересін бауырына тарта. –
Мұның не, ə, мұның не? – Осыдан басқа сөздерді ұмытып қалғандай
қайталай берді.
Атасының мына қалпы балаға қатты əсер етті:
– Ауырып қалғаннан саумысың, ата? – деді ол үрейленіп.
– Жоқ, жоқ, мен əншейін былай нетіп... Бар, бар, ойнашы ана
жаққа барып. Мен мына отындарды былай нетейін, – деді Момын шал
міңгірлеп.
Бүкіл əлемді тəрк етіп, бəрінен қол үзгендей немересін итеріп
жіберді де, лаулап жанып жатқан ошаққа бұрылды. Ол ошақтың
алдында тізерлеген күйі ешкімге назар аудармай, тірі жанмен ісі
болмай, тек өзімен өзі, лаулаған оттан көз алмай отыр. Шал,
немересінің, өзінің жанында əрі-бері тұрып-тұрып бір кездері отын
жарып жатқан Сейдахметке қарай кетіп бар жатқанын да аңғарған
жоқ.
Атасының мына халін де, аула ішінде болып жатқан абыр-сабыр
тірлікті де бала түсінген жоқ. Тек сарайға жақындағанда жас терінің
үстінде таудай үйілген жас еттерге назары ауды. Терінің
пұшпақтарынан жылап аққан қан əлі тоқтамаған. Анадай жерге
тастаған ішек-қарынды ырылдап жұлқылап жеп жатқан итті көрді.
Жаңағы таудай үйілген еттің жанында, бала бұрын-соңды көрмеген
бір шойын қара адам жүресінен отыр. Бұл Көкетай еді. Оразқұл
екеуінің қолдарында қазан пышақ жалаң-жалаң етеді. Асықпай мүше-
мүшеге бөлген еттерді əр жерге бөлек-бөлек тастап жатыр.
– Құдайдың рақатын көрдіңіз бе, жарықтық жас еттің исі-ай, –
деді əлгі шойын қара даусы гүрілдеп, қолындағы етті бір иіскеп тастай
беріп.
– Ал, ал, өзіңнің сыбағаңа таста, – деді жомарт үнмен Оразқұл, –
сенің келуіңе қарсы құдай тағаланың өзі қорасынан берген несібесі
емес пе бұл. Мұндай қанбазар күнде бола бермес.
Оразқұл біресе отырып, біресе тұрып, шермиген карнын сипап,
əлденеге күпті болып жəйі кеткендей арсы-гүрсі демігіп, зорға жүр.
Оның мына тұрысынан арақты да біраз сілтегені байқалады. Кейде
басын шалқасынан тастап, демігіп, дем алған болады. Оның арам
өлген сиырдың желініндей болбыраған бет-аузы өзіне өзі əбден
сенген, болған, жеткен адамның кейпін аңғартады.
Сарайдың іргесінде жатқан мүйізді маралдың басын көргенде
баланың тұла бойы түршігіп, үстіне мұздай су құйып жібергендей
дірілдеп қоя берді. Кесілген бас қан сіңген құмға былғанып қалған
қара-қошқыл. Мынау жатысында жолдың жиегіне лақтырып тастаған
томардай көрінеді. Бастық жанында тізесінен қырқылған төрт сирақ
жатыр.
Бала мына сұмдық көрініске үрейлене қарап тұр. Ол өз көзіне өзі
сенер емес. Мынау жатқан Мүйізді Бұғы ананың өзінің басы ғой. Бұ
жерден тұра қашқысы келіп еді, буыны кетіп аяғы ерік бермеді. Сол
тұрған күйі ақ маралдың тірлік демсіз дал-дал боп жатқан басынан
көз алмады. Күні кеше ғана осы Мүйізді Бұғы ана, өзеннің арғы
бетінен балаға мейірлене, қадала көп қараған жоқ па еді. Өз ойынша
қоңыраулы, киелі бесік əкеліп бер деп жалынғаны бар емес пе. Қазір
міне не көріп түр. Сөйткен киелі Бұғы бүгін кенеттен терісі
сыдырылып, сирағы кесіліп, бір төбе етке айналып анадай жерде басы
домалап жатыр.
Мұның неге былай болғанын түсіне алмай, не кетудің ретін таба
алмай бала тұрған жерінде қаққан қазықтай қимылсыз қалды. Əлгі
шойын қара етті бөлшектеп жатып, əрі-бері іздеп бір кезде ақ
маралдың бүйрегін пышақпен шаншып алды да балаға ұсынды.
– Мə, балақай, бар да ана шоққа салып пісіріп же! Дүниеде
маралдың бүйрегінен тəтті тағам болмайды, – деді.
Бала орнынан қозғалған жоқ.
– Ал енді, ал дегесін! – деді Оразқұл бұйыра.
Бала қалай қолын созғанын да аңғарган жоқ, салқын алақанына
жып-жылы, Мүйізді Бұғы ананың бүйрегін уыстап тұр. Өзі түкке
түсінбейді, мең-зең. Осы кезде Оразқұл орнынан тұрды да, ақ
маралдың басын жерден көтерді:
– Ойпырым-ай, мынаның зілдейін қарашы, мүйізінің өзі біраз
бар-ау шамасы, – деді басты шайқап.
Жаңғырыққа басты сүйеп қойып, енді мүйізді қырқу үшін қолына
балта алды.
– Қош болып тұр ақ маралдың мүйізі! – деді ол мүйіздің
көбесінен балтамен шауып жатып, – сөйтті де балаға көзін бір қысып
қойып, – Мұны сенің атаңа арнаймын. Ертең өлгенде моласының
басына осы мүйізді қоямыз. Оны ешкім сыйламады деп сонда айтып
көрсін жұрт. Мұнан артық оған не керек? Мынадай мүйіз үшін бүгін
өлсе де арманы жоқ, – деді ол қарқ-қарқ күліп, балтасын көтере беріп.
Бірақ мүйіз балтаға болар емес. Мұны шауып алудың өзі де
оңайлыққа түспейтін түрі бар. Өзі масаң Оразқұл ызаға булығып онан
сайын жынданды. Əр соққан сайын бас жаңқаның біресе ар жағына,
біресе бер жағына аунап түсе берді. Болмағасын жаңқаны былай
тастады да, Оразқұл маралдың басымен жекпе-жекке шықты. Мүйіз
балтаны тепкендей біресе əрі қарғып, біресе бері қарғып, Оразқұлға
көнбеді.
Бала балтамен басты əр соққан сайын селк ете қалады, бірақ мына
сұмдықтан қанша үрейленсе де кете алмай тұр. Қорқынышты жаман
түстің беймəлім тылсым күші қыбыр еткізбей буып тастағандай,
Мүйізді Бұғы ананың кірпік қақпай дəнеңеден сескенбей айнадай
жалтыраған көзіне таңдана қаққан қазықтай тапжылмайды. Кеше ғана
бүкіл əлемді шарасына сыйғызған мөлдір көз иегінен жаны шығарда
дүниеге ақырғы рет ақшия қараған күйінде жұмылмай қапты. Баланың
енді құдайдан тілегі сол көзге балта тиіп кетпесе екен деп тұр. Көз де
жұмылмайды, балтадан қаймықпайды, сол бейкүнə мөлдіреген
күйінде жансыз. Бас топыраққа алдақашан былғанған, бірақ дүниеге
ең соңғы рет таңдана қараған күйі жұмылмай қалған жансыз мылқау
көзге шаң да жұқпапты. Тек тəңірім осы көзге Оразқұлдың балтасын
тигізе көрме.
Мүйіз болар емес, Оразқұл əбден қара терге түсті, одан сайын
ашуға булығып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей балтаның
жүзімен де, шүйдесімен де кез келген жерінен соққылай берді.
– Бүйте берсең мүйізді сындырып аласың ғой, бері əкел маған –
деді Сейдахмет жақындай беріп.
– Əрі тұр, əрі, атаңның басына сына қояр бұл, қазір өзім... – деді
Оразқұл өкпесі сырылдай демігіп.
– Жарайды ендеше, өзің біл, – деді де, Сейдахмет бір түкіріп
тастап үйіне қарай аяңдады.
Өзінің сыбағасын кенеп қапқа нығарлап салып алған əлгі шойын
қара да Сейдахметтің соңынан аяңдап барады.
Оразқұл болса мас кезіндегі өзінің өгіз өжеттігіне басып
сарайдың іргесінде əлі сол жаңағы Бұғы ананың басымен əуре. Мына
қимылына қарағанда баяғыдан бері күткен жеті атасының өшін бүгін
қайтарып жатқан сияқты.
– Қап, мынау иттің басын-ай, ə, – деді ол аузынан көбігі шұбыра,
осының сөзін əлі бас есітіп жатқандай етігімен бір теуіп алып – жоқ,
саспай тұра-тұр, сенің тас-талқаныңды шығармасам атым құрысын.
Мə саған! Мə, саған! – деп балтамен оңды-солды мылжалап соға
берді.
Бастың сүйегі жан-жаққа жаңқадай ұшты.
Бір кезде ойда жоқта балтаның жүзі көзге көлденең түсе бергенде
бала даусының қалай шыққанын байқамай қалды. Балтаның жүзі
тиген көзден қоймалжың дымқыл ақты, міне, көз де өлді, жұмылып
жоғалды, ағып түсті деген осы ғой...
– Мен бұдан да зор бастардың да тас-талқанын шығарам. Мұндай
мүйіздердің талайын көргенмін, – деді тісін қайрап əбден жынданып
алған Оразқұл өлі бастан кегі қайтып жатқандай.
Ақыры айтқаны болып бастың маңдай сүйегімен қарақұсы
жарылды. Содан кейін барып Оразқұл қолындағы балтаны лақтырып
тастады да, маралдың басын аяғымен басып тұрып, барлық күшімен
қос қолдап алды да, мүйізді бұрап қалды, маралдың мүйізі шақыр-
шұқыр қайрылған жігердей қопарылып түсті. Бекей апай мен
Оразқұлға баланың тілеуімен қасиетті қоңыраулы бесікті іліп əкелетін
киелі Бұғы ананың мүйізі осылай жай тапты.
Бала есеңгіреп барады. Қолындағы бүйрек жерге түсіп кетті, сырт
айналды да, беті ауған жаққа жүре берді. Тəлтіректеп, құлап қаламын
ба, жұрттың көбінше жүрегім айнып құсып жіберемін бе, деген оймен
не боларын білмей теңселіп барады. Қан-сөл жоқ, маңдайына бір суық
тер пайда болған бала ошақтың қасынан өте берді. Лапылдап өшіге
жанған от, сақырлап қайнаған қазаннан көтерілген бу, бүкіл əлемге
сыртын беріп, отқа қадалған күйі мелшиіп отырған бейбақ атасы
Момын. Бала атасының мазасын алғысы келмеді. Ертерек үйге жетіп,
төсекке кіріп, тас бүркеніп алғысы бар. Ештеңеге қарағысы, ештеңені
естігісі келмейді. Мына сұмдық, мына масқараны ұмыту керек...
Қарсы алдынан Бекей апасы шыға келді. Бүгін неге екені белгісіз,
бар жаңа киімін үстіне іліп шыққан Бекейдің көңілді, жасана қалуы
кешегі қырғын төбелестен бет-аузына түскен көкшіл дақтарға
жарасып тұрғаны шамалы. Мынау «қан қасапқа» бұл да мəз болып,
апын кіріп, гүпін шығып жүрген сияқты.
– Қалқам-ау, саған не болды? – деді ол баланы тоқтатып.
– Менің басым ауырып жүр, – деді бала.
– Айналып кетейін, ауырып қалған екенсің ғой сен, – деді
елжіреп. Сөйтті де баланы айналып-толғанып сүйе бастады.
Мұның өзі де мас еді. Бұдан да арақтың жексұрын исі бұрқ-бұрқ
етеді.
– Басы ауырған екен ғой, айналып қана кетейін, ауырып қалғанын
қарашы, – деді өбек қағып – тамақ ішесің бе əлде, айтшы?
– Жоқ, ешнəрсе жегім келмейді, жатамын, жатқым кеп тұр.
– Жүр, жүре ғой ендеше, өзім апарып жатқызайын. Жалғыз өзің
ол үйде не бітіресің, жұрттың бəрі біздің үйде болады, қонақтармен
бірге əжең де, атаң да болады, ет те пісіп қалды, – деді де, білегінен
жетектеп, баланы өз үйіне алып кетті.
Бұлар ошақтың жанынан өте бергенде сарай жақтан алшаң басып
бет-аузы қабынған желіндей қызара бөрткен Оразқұл шықты. Ол бір
майданнан олжа алып келгендей маралдың мүйізін Момынның
жанына əкел тастай берді. Шал орнынан сəл көтерілді.
Оразқұл оған назар аудармастан бір шелек суды алды да басына
бір-ақ көтеріп төгіп-шашып сіміре бастады.
– Енді өле беруіңе болады, шал! – деді де қайтадан басын шелекке
қойды.
Бала өтіп бара жатқанда атасының міңгірлеп:
– Рахмет, балам, рахмет. Енді маған өлімнің де қорқынышы жоқ,
көрсеткен құрметің құдайдан қайтсын, енді одан басқа не айтайын, –
деген сөздерін естіді.
– Мен үйге барайыншы, – деді бала, тұла бойынан дəрмен
кеткенін сезіп.
Бекей оның бұл сөзіне ырық бермеді.
– Жападан-жалғыз не бітіресің, – деді баланың еркіне қоймай,
үйіне жетектей жөнеліп. Апарды да, бұрыштағы кереуетке жатқызды.
Оразқұлдың үйіндегі дастарқан дайын боп қалған екен. Пісіргені,
қуырғаны – бəрі де келіп жатыр, бұл жағын жайғастырып, дедек қағып
жүрген Гүлжамал мен кемпір. Ошақпен үйдің екі арасында Бекей де
жосып жүр. Ала көрпешенің үстінде жастыққа қисайып Көкетай мен
Оразқұл үлкен ас алдында шəйді ермек етіп отыр. Бүкіл дүниенің
тұтқасын ұстағандай екеуі де маңғаз, тоқмейіл. Шайды кесе түбіне бір
ұрттам қып Сейдахмет құйып отыр.
Бала бір уыс болып бұрыштағы төсекте үн-түнсіз жатыр. Тұла
бойы түршігіп тағы тоңа бастады. Тұрып кеткісі келеді, бірақ
қимылдаса-ақ болды құсып жіберем бе деп қорқып сол қалпында,
үнсіз жатыр. Жүрегі лоблып барлығы алқымына тіреліп тұрғандай.
Қыбыр етіп қозғалуға қорқады.
Көп ұзамай əйелдер Сейдахметті сыртқа шақырды, əне-міне
дегенше ол да үлкен ақ табаққа таудай үйген етті буын бұрқыратып
алып кіре берді, зорға көтеріп келген Сейдахмет табақты Оразқұл мен
Көкетайдың алдына əкеп қоя салды. Оның артынша əйелдер де
керекті дəм-тағамдарды алып кірді.
Бəрі басын көтеріп, жайғасып отырды да, алдарына бір-бір
тəрелке алып, қынынан пышақтарын суыра берді. Сейдахмет осы
кездері стакандарға арақ құя бастады.
– Арақтың командирі өзім боламын, – деді мəз болып, бұрыштағы
самсап тұрған бөтелкелерге иек қағып қойып.
Ең соңынан Момын атай кірді үйге. Шалдың бүгінгі қалпы
күндегі көз үйренгеннен де тым бейшара, сорлы көрінді. Кібіртіктеп
босаға жақтан орын іздей бергенде, шонжар қара Көкетай шалға ізет
көрсеткен болып қасына шақырды.
– Бері келіңіз, бері, ақсақал.
– Рахмет, шырағым, осы жер де болады, біз өзіміз ғой, – деді
Момын барғысы келмей.
– О не дегеніңіз, осы үйде сізден жасы үлкен кім бар? – деп
Көкетай өзі мен Сейдахметтің арасынан шалға орын қағыстырып
отырғызды. – Ал, ақсақал, бүгінгі сіздің сəтті қадамыңыз үшін ішейік.
Бірінші сөзді өзіңіз айтыңыз!
Шал əлденеден қысылып, жөткірінген болды.
– Осы үйдегі тату-тəттілік үшін, – деді шал, үні зорға шығып, –
бірлік бар жерде тірлік бар! Бақыттың тұғыры бірлік, балаларым!
– Дұрыс айтасыз, сөз болғаныңа! – деп, бəрі бірге қолпаштап,
стакандағыларын қағып салды.
– Оу, бұныңыз не, ақсақал, болмайды, болмайды, қызың мен
күйеу балаңа бақыт тілеп отырып өзіңіздің ішпеуіңіз қалай? – деп
Көкетай өзі зорға отырған шалды қыстай жөнелді.
– Енді бұлардың бақыты үшін болғасын, амал жоқ, қайтейін, –
деді шал абыржып.
Өзі тола стаканды түбіне дейін тартып жібергені отырған
жұрттың бəрін таңқалдырды, енді көзін тастай жұмып алып басын
қалт-құлт шайқай берді.
– Міне, енді жарасты.
– Ой, біздің шал басқалардай емес, мықты ғой.
– Жарайды, шалың жарайды.
Жұрттың бəрі риза, бəрі де шалды мақтап, марапаттап, мəз болып
күліп жатыр. Үйдің іші ысып, ауа тарылып барады. Жүрегі алай-түлей
əулігіп бала дөңбекшіп, не қыларын білмей зорға жатыр. Екі көзін
тарс жұмып алған, мынау бір мас орданың ортасында əбігері шықты.
Олардың пысынай отырып, тамақ жегені, кеу-кеулесіп майлы
қолдарымен стакан соғыстырғаны, Мүйізді Бұғы ананың етінің майлы
жерінен бір-біріне асатып мəз болғаны, мүжілген сүйектерді жеке
табаққа салып жатқандары бəрі естіледі.
– Ет қандай тамаша десеңізші, жас құлынның еті осындай-ақ
болар, – дейді Көкетай ернін жалап жұтынып.
– Тағы тау менен тылсым орманда отырғанда, ақымақ деймісің,
мұндай етті біз жемей кім жейді, – деді Оразқұл.
– Япыр-ау десейші, бұл жерде тегін жүр деймісің біздерді, – деп
Сейдахмет те қостап қояды.
Кемпір де, Бекей апай да, Гүлжамал да ең ар жағы Момын атай да
– бəрі қосылып Мүйізді Бұғы ананың етін мақтады. Тарелкаға ет, тағы
басқа тағамдар салып баланың алдына да əкеп қайта-қайта қойып
жатыр. Бала бəрін де кейін қайтарады, тамақ жеуге тəбеті де жоқ,
баланың сырқаттанып жатқанын көргеннен кейін мас адамдардың
мұнымен ісі болған жоқ.
Бала тісіне тісін қойып əзер шыдайды, құсып жібермеудің барлық
амалы да осы сияқты. Оның үстіне, əсіресе Мүйізді Бұғы ананың
ажалына жеткен мына бір шұбар топ зұлым жандармен алысарға
дəрмені жоқтығына іштей зар шегіп өкінеді. Бүкіл сəби атаулыға тəн
бала қиялы осылардан кек алудың əртүрлі жолдарын – өздерінің
жасаған зұлымдық-хайуандықтарын, қылмыс күнəсін мойындатып
жаза тартқызудың жолдарын ойланды. Əрі-бері ойлана келгенде
көмекке бала қиялы Құлбектен басқаны шақырудың жолын таппады.
Сонау бір боранды түнде жас шоферлармен осылардың үйіне түнеген
солдат киімімен келген Құлбектен басқаның бұларға əлі келмейді.
Бұл баланың өмірінде көрген іштей сенген жалғыз адамы – Оразқұлға
шамасы келер, бар қылмысын көзіне шұқып айтар осы Құлбек қана.
...Баланың шақыруымен өзінің жүк машинасымен зырғытып,
қолындағы автоматын көлденең ұстаған Құлбек кабинадан қарғып
түсті...
– Кəне, қайда əлгілер?
– Міне, мына жақта отыр.
Екеуі жүгіріп келді де, Оразқұлдың үйінің есігін шалқасынан
ашты.
– Отырған жерлеріңде тырп етпеңдер! Қолдарыңды көтеріңдер! –
деді сұсты үнмен, табалдырықта тұрған Құлбек автоматын кезей
беріп.
Барлығының үрейі үшып кетті. Қорқыныштан қаққан қазықтай
отырған-отырған жерлерінде мелшиіп қалды. Ауыздарына салған
еттері не əрі кетпей, не бері кетпей, қолдарында уыстап алған майлы
сүбе де сол қалпынша, аузы-бастары ағал-жағал, өздері мас, қыбыр
етуге халдері жоқ.
– Кəне, тұр орныңнан, хайуан! – деді Құлбек автоматын
Оразқұлдың шекесіне тақап. Оразқұл қалш-қалш етіп, не айтарын
білмей кекештеніп, Құлбектің аяғына жығылды.
– Аяй көр мені, аяй көр! Өлтірмеші, тым болмаса тірі қалдыршы,
ме-ме-мені... – деп кемсең-кемсең етеді.
Бірақ Құлбек болар емес.
– Шық бермен, мұнда! Біткен жерің осы! – деп Құлбек Оразқұлды
майқұйрықтан бір тепті де, орнынан тұрғызып далаға шығуға мəжбүр
етті.
Сол отырғандардың барлығында үн-түн жоқ, үрей қалмаған,
бірінің соңынан бірі аулаға шықты.
– Тұр анау қабырғаға! – деді Құлбек Оразқұлға бұйырып. –
Мүйізді Бұғы ананы өлтіргенің үшін, оның баласы жоқтарға бесік
тасыған мүйізін қырыққаның үшін – саған өлім жазасы!
Оразқұл етбетінен жата кетіп, еңбектеп, иттей қыңсылап, ентігіп:
– Өлтіре көрмеші мені, менде бала да жоқ қой, бүкіл əлемде қу
баспын, я ұлдан, я қыздан тұлдырмын...
Мұның əлгі жұрттың бəріне ежірейе қарайтын күші қайда кеткен,
бос кеуде, қорқақ иттің өзі боп шықты. Мұндай су жүректі
өлтіргеннен не шығады.
– Жарайды, өлтірмей-ақ қояйық, – деді бала Құлбекке, – бірақ
осы адам бұл маңайдан көзін жоғалтсын, ешуақытта жүзін
көрсетпейтін болсын, қарасын батырсын, бұл жерге керегі жоқ адам.
Тез кетсін!
Оразқұл орнынан əзер тұрып, ышқырлығын көтеріп, алды-артына
қарауға қорқып, галифе шалбары да төмен түсіп, беті қабарып, қарны
салбырап, сенделе басып кете берді. Бірақ, Құлбек оны тағы тоқтатты.
– Солай тұра тұр, біз саған ең ақырғы сөзді айтамыз. Сен өмір
бойы бала көрмейсің, сен дүниедегі қанішер, жексұрын адамсың, бұл
жерде саған ешкімнің мейірімі түспейді, сені тау да, тас та, орман да,
ағаш та, ең ар жағы бір тал шөп те жек көреді. Сен барып тұрған
фашистсің! Кет енді, жалтырат табаныңды! Мəңгі-бақи ізің жоғалсын,
тай енді, тайып тұр.
Оразқұл алды-артына қарамай тұра жөнелді.
– Шнель, шнель, – деді оның ізінше қарқ-қарқ күліп Құлбек.
Ананың жүрегін ұшыру үшін автоматымен аспанға бір төгіп жіберді.
Баланың қуанышында шек жоқ. Оразқұл көзден ғайып болғанда
есіктің алдында күнəһар боп тұрған басқаларына қарап:
– Осындай адаммен де тірлік етіп жүрдіңдер, ə? Ұялмайсыңдар
ма? – деді.
Баланың бойы сергіп жеңілдеп қалды. Əділет міне, енді салтанат
құрды. Өстіп өз қиялының құшағында кеткен бала Оразқұлдың
үйіндегі майхана шудың неге болып жатқанын да, өзінің қайда екенін
де ұмытқан.
...Өзінің осы бір рахат мұңсыз дүниесінен баланы ду күлкі қайта
жатқан қалпына келтірді. Бала көзін ашып тыңдай бастады. Үйдің
ішінде Момын атасы көрінбейді. Шамасы бір жаққа шығып кеткен
тəрізді. Əйелдер ыдыс-аяқты жинастырып болып, енді шай қамдап
жатыр. Қызып алған Сейдахмет сампылдап бірдеңелер айтып жатыр,
оның сөзіне отырғандар мəз-мəйрам күледі.
– Иə, содан кейін не болды?
– Айта бер, айта бер!
– Ай, сен кəне, қайтадан, қайтадан айтшы, – деді Оразқұл күлкіге
тұншығып. – Əне жерінде не деп едің? Шалды қалай қорқыттым
дедің? Сұрама деймін.
– Содан əлгі жерде, – деп Сейдахмет əңгімесін құшырлана қайта
бастады, – маралдарға жақындай бердік, үшеуі де тоғайдың бергі
етегінде тұр. Атты ағашқа байлап, енді жылжи бергенімізде əлгі
шалым білегімнен шап беріп ұстай алып: «Бізге маралды атуға
болмайды, біз Бұғы əулетіненбіз, Бұғы ананың ұрпағымыз ғой...» деп
маған бір жас бала сияқты жалына-жалбарына қарайды. Сондағы
түрін көргенде күлмеске халің жоқ, күлкіден буылып өліп барам.
Өзімді өзім əзер ұстадым. Содан шалға шамалы сұс көрсетіп:
«Немене, түрмеде шірігің келе ме?» – дедім. «Жоқ», – деді шал жұлып
алғандай. «Сен білемісің, баяғы байлардың, билердің заманында,
солардың ойлап шығарған ертегісі, ол, кедейлерді осылай қорқытқан.
Бəріміз Бұғыдан тарадық деп алдаған, надан байлардың тапқан
айласы», деген кезімде: «Солай ма еді өзі?» – деп шал аузын ашып,
аңтарылып қалды. «Міне, мəселе қайда жатыр, шалым, сен мұндай
əңгімені қайталайтын болсаң тиісті жеріне үстіңнен жазып жіберем,
сосын шаруаң бітіп жатыр».
Отырғандардың барлығы қарқ-қарқ күліп, мəз болды. Бəрінен де
Оразқұл рақаттанып қалды. Оразқұл бұрын-соңды күлкіге мұндай
қарқ болған жоқ-ты.
– Содан кейін жайымен жақындай бастадық. Басқа хайуанат
болса бізді көргеннен үрке жөнеліп, шаңына ілестірмес еді, ал мына
есуас маралдар бізден сескенетін түрі жоқ, самарқау қарап тұр.
Жарайды, солай тұра тұрыңдар, қолымда мылтық, алдында мен келе
жатырмын, шал артымда, – деді екіленіп, есіріп алған мас Сейдахмет.
– Осы сəтте мен өзіме-өзім сенбей келем, өмірімде төрт аяқты аң
түгіл, торғай атып көрмеген адаммын. Ал мынау болса көз алдыңда
тұрған қазына, тигізе алмасам бітті, көзден ғайып боп, орманға сіңеді
де жүре береді, содан кейін қарасын да көрсетпейді. Сол тартқан күйі,
асудың ар жағынан бір-ақ шығады. Ал енді бұдан айрылып қалудың
өзі орны толмас өкініш. Шал болса жасынан мерген, заманында талай
аюларды түсірген, сосын шалға сыбырладым да: «Мə, мылтықты ұста,
шалым, өзің ат» – дедім. Шалым көнер емес. «Жоқ, шырағым, өзің ат,
өзің ат», – деп басын шайқай береді. Болмағасын қулыққа басып
«Ойбай-ау, мен маспын ғой», – дедім. Аяғында зорға тұрған адамдай
əрі-бері теңселем. Бөренені судан шығарып жатқанда бір бөтелкені
бəріміз бөліп ішкенімізді көріп еді ғой. Соны айтып, көз алдында мас
бола қалдым.
– Ха-ха-ха!
– «Осыдан мен тигізе алмасам маралдар айт-шүу, қара құйрық
кетті, олар өмірі оралмайды, бұл жерден құр қол қайтып
баруымыздың өзі қиын, о жағын өзің түсінесің. Ал енді ойлан, шалым,
бізді осында маралды үркітіп қайтыңдар деп жіберген жоқ шығар.
Ойлан, шалым, cay басымызды саудаға салмайық», – дедім. Шалда үн
жоқ, мылтыққа жуымайды. «Жарайды, өз еркің өзіңде», дедім.
Мылтықты тастап, əдейі кетуге айналдым. Ізімше бұл да ілбіп келе
жатыр. «Маған бəрібір», – дедім шалға. – «Бүгін Оразқұл жұмыстан
қуса, ертең совхозға барып орналасам, ал қартайған шағыңда сен
қайда барасың?» Шалда үн жоқ. Содан кейін еш нəрсеге мəн бермеген
адамша өзімнің:
Сары-сары таулардан
Сары айғыр мініп келемін.
Сары саудагер, қақпаңды аш,
Шарабыңды ішіп беремін. –
деген əніме бастым.
– Ха-ха-ха!
– Шал мені шынымен мас екен деп сенді, енді мылтық жаққа
аяңдады. Мен де ізінше келе жатырмын. Біз саудаласып жүргенде
маралдар бұрынғы тұрған жерінен əрі қарай жылжыңқырап кетіпті.
«Ал енді байқа, кетіп қалса шаруамыз бітті, үрікпей тұрғанда басып
қал, – дедім. Шал мылтықты қолға алды, бұтаны тасалап жақындай
берді, есуас адамша əлде бірдемелерді айтып өзіне өзі сыбырлайды:
«Кешіре көр, Мүйізді Бұғы ана, кешіре көр!» Ал мен шалға: «Егер
осыдан маралдан айрылып қалсаң, солардың ізімен кете бергенің
абзал, қайтып оралғаннан саған күн жоқ», – дедім.
– Ха-ха-ха!
Мына ақымақ аусар күлкілер, үйдің ішіндегі тымырсық ауа, тер
сасыған дымқыл иіс, қосылып баланың басын сырқыратып қазір қақ
айрылатындай алып барады. Балаға мұның да басын біреу тепкілеп
балталап, кескілеп жатқандай көрінді.
Баланың кроваттан түсіп, сыртқа шығып кеткенін тірі жан
аңғарған жоқ. Үйдің бұрышынан айнала бергенде-ақ жүрегі аузына
тығылып, лоқсып құса бастады. Бұрышқа сүйеніп тұрып буына құсып
тұншығып, екі көзінен жас парлап, бала қайта-қайта басын шайқап,
зар еңіреп:
– Жоқ, мен балық болам, бүйткенше балық боп кеткенім жақсы.
Судың астымен жүзіп кетем. Балық болам, – деді жылап тұрып.
Оразқұлдың үйіндегі шылғи мастардың қыран-топан, айқай-шу
күлкісі терезенің сыртынан да естіліп жатыр. Осы бір тұрпайы, арсыз
анайы күлкілер баланың тұла бойын одан сайын тітіретіп жан жүрегін
азапқа салды. Бұған бар ауруы осы бір жексұрын жандардан, жат,
жабайы күлкі арсыз қауымның кесірінен болған сияқты. Шамалы есін
жиып, ауланың ішіне кірді. Аулада тірі жан жоқ. Оты сөнген ошақтың
жанынан өте бергенде, өлесі мас атасы Момынның үстінен шықты.
Шал Бұғы ананың мүйізінің жанында құмға аунап ес-түссіз жатыр.
Баяғы маралдың бас сүйегін анадай жерде ит мүжіп əуре. Басқа тірі
жан көрінбейді.
Бала еңкейіп, атасының иығынан əрі-бері тартқылады.
– Ата, үйге жүрші, үйге барайықшы енді, – деді.
Шал жауап қатпады, ол ешнəрсе естіген де жоқ. Басын көтеруге
де дəрмен қалмаған. Естіген күнде де не айтпақ, қалай жауап қатпақ?
– Ата, атажан, тұршы енді үйге барайық, үйге, – деді бала
жалынып.
Мына шалдың, жас балаға, өмір бойы ата-бабаның əруағын сыйла
олардың мұрасын ұмытпа дегені үшін, Мүйізді Бұғы ана туралы
ертегіні сəбидің санасына егіп сендіргені үшін, күні-түні бейбақ
қызына бала тілегені үшін, ең ақырында осылардың қамы деп бəрін
жоққа шығарып арманын аттай, əруағын таптай кешірілмес күнəні
еріксіз өз қолынан жасағаны үшін қарғыс атып, қарабет болып
жатқанына баланың ақыл-қиялы жете ме, əлде оған шамасы келмеді
ме, оны кім білсін.
Енді міне азап-қасіретке шыдамай күрт түскен шал, немересінің
даусын да естімей өліктей сұлық түсіп етбетінен жатып қалған.
Бала атасын қозғап оятпақшы боп, жанына кеп отырды.
– Ата, атажаным-ау, басыңды бір көтерші, – деп жалынды.
Баланың өзінде де əл-дəрмен жоқ, аяқ-қолы дірдек қағады, – ата,
жаныңда отырған мен ғой, естимісің? Мен де жаурап өліп бара
жатырмын. Басым сырқырап, шыркөбелек айналады, тұршы енді, –
деп бала жылап қоя берді.
Шал ыңырсып, қимылдағандай болып еді, бірақ өзіне өзі келе
алмады.
– Ата, Құлбек келе ме? – деді көзінен жас парлап, жыламсырап
отырып. – Құлбек келе ме деймін, айтшы! – деді ол тағы да атасын
жұлқылап.
Ол атасын жұлқылай отырып, бір қырын жатқызды, енді өлесі мас
шалдың топыраққа былғанған бет-аузы мен салбырай түсіп кеткен
иегін көрген сəтте баланың көзіне бағана ғана Оразқұл балталаған ақ
маралдың басы елестеп кетті. Бала шошына орнынан ұшып тұрды да,
кейін шегіне беріп:
– Мен балық боламын, естіп тұрмысың, ата? – мен балық боп
жүзіп кетемін. Құлбек келгенде өзің айтарсың, мені балық болып
жүзіп кетті дегейсің.
Шал үн қатпады.
Бала теңселіп кете барды. Өзенге жақындай берді. Сол келген
бетімен алды-артына қарамастан суды кешіп бара жатты...
Баланың өзенге түсіп балық боп ағып кеткенін ешкім білген жоқ.
Ауланың ішінде:
Өркеш-өркеш таулардан
Түйе мініп келемін,
Саудагер бүкір, есікті аш,
Шарабыңды ішіп беремін.
–
деген мас Сейдахметтің ғана əні естіледі.
Сонымен сен жүзіп кеттің, Құлбекті де күте алмадың. Құлбекпен
кездеспегенің қандай өкінішті, суға түскеннен гөрі Құлбек келетін
жолға қарай неге жүгірмедің екен. Жол бойымен шаршамай жүгіре
бергеніңде сөз жоқ, Құлбекке кездесетін едің ғой. Өйткені, сен оның
машинасын алыстан танитын едің. Қол көтерсең бəрі бітіп жатыр,
касыңа келіп тоқтай қалатын еді.
– Қайда барасың? – дер еді Құлбек.
– Сені іздеп келе жатырмын, – дер едің сен.
Ол сені кабинасына кіргізіп алар еді, екеуің бірге кетер едіңдер.
Құлбекпен екеуің ғұмыр бойы бірге болар едіңдер. Сендердің
алдарыңнан ешкімге көрінбейтін Мүйізді Бұғы ана жортып бара
жатар еді. Оны сенен басқа ешкім көрмес еді.
Амал, қанша, сен суға кеттің. Сен өмірі өзіңнің балыкқа
айналмайтыныңды білдің бе екен. Сен ешуақытта Ыстықкөлге жүзіп
барып, ақ кемені қарсы алып: «Армысың, ақ кеме, бұл келген мен
ғой», – деп айта алмайтыныңды білдің бе екен.
Мен саған не айтайын енді, – сен өзіңнің бейкүнə сəби, мүбарак
жаныңның, адал жүрегіңнің дегенін істедің, сен барлық
қасиетсіздікке, арсыздыққа, қаныпезер қараулыққа қарсы болып
лағнат айтып кеттің. Менің ендігі жұбанышым сол ғана. Сен айдын
аспанның төсінде бір жарқ етіп сөнген найзағайдай болып кете
бардың. Найзағайдың иесі тұңғиық шексіз аспан ғана. Аспан мəңгі-
бақи. Мен оны да – медет тұтам, табынам.
Тағы бір жұбанышым, нəрестенің жүрегі, сəбидің ары,
адамгершіліктің алғашқы дəні – ол дəнсіз ешнəрсе өспейді,
өркендемейді. Жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол
кімнен қиянат көрмесін, бірақ шындық мəңгі өмір сүреді. Адам
туады, өледі, бірақ мəңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат бар...
Сенімен осылай қоштаса отырып, маған сенің «армысың, ақ кеме,
бұл келіп тұрған мен ғой» – деген сөзіңді қайталау ғана қалды.
Document Outline
Достарыңызбен бөлісу: |