Сұлтан: Кәне, апай, қарындастар, сіздер де бокалдарыңызды толтырыңыздар (Құя бастайды).
Қамажай: Жо-жоқ, мен мұндайды аузыма алған емеспін. Болмайды, болмайды.
Светлана: Болады, болады. Осы уақытқа дейін аузыма алмадым дегенге өз басым сенбеймін. Қазір үйренбесеңіз, кейін кеш болады. Мына іні-қарындастарыңыздың бақыты үшін алмауыңыз күнә. Және бұл Феодосиядан шыққан дүние жүзіне әйгілі шарап. Бұл бүгін ғайыптан-ғайып қолымызға түсіп отыр. Оның үстіне мен сөйлеп тұрмын, кәне.
Қамажай бокалды аузына апарады.
Міне, міне, солай.
Тағы, тағы.
Аяғына дейін, бәрекелде-е.
Қамажай: Уфф.
Темірбек: Ал, енді ауыр артиллерияға сөз берейік. (Қолына коньякті алып, қарындастарына қарайды). Сен де қылғытып салғансың ба?
Нәзила: Ім-ім. Ауыр артиллерияңнан маған да құй. Қазір үйренбесем, кейін кеш болады.
Кама: Жоқ. Бұл қыздың тәртібінің маған ұнайтын түрі жоқ.
Нәзила: Қазіргі заманда жұрттың бәріне бірдей ұнай беру мүмкін емес.
Тимур: На-аз! Доғар енді!
Нәзила: Мен басы артық сөз айтып қойдым ба? Кешірім өтінем.
Светлана: Ал, жігіттер, қыздар! Мына тосты жігіттің сұлтаны Сұлтанның бақыты үшін алғым келеді. Бәрекелде. Түгел алыңдар. (Қамажай бәйек боп, бәріне тамақ сап беріп жатыр).
Қамажай: Алыңдар, алыңдар. Ұялмаңдар!
(Кәмила Темірбектің иығына басын қояды).
Кәмила: С тобой так хорошо!
Қамажай: Сіңлім, шай ішші. Басың ауырып отыр ма?
Кәмила: Жо-жоқ. Я так хочу.
Темірбек: Котенок мой, маленкий! (Иығынан құшақтайды).
Нәзила: Ағамыз ақырында мысық алып тынатын болды.
Қамажай: Ә... Мейлің, мейлің... Ауырмасаң... ауырмасаң бопты.
Кәмила: Тим! С тобой так хорошо!..