КАДЕТ КОРПУСЫНДА
Омбының төбесі көрінгенше, бұл қалада қайда тоқтау жайын Шыңғыс
та, Малтабар да кеңескен жоқ еді. Сонау Омбыда оқу бітірген шағында,
татардың байы – Сейф-Саттар мен қазақтың байы, сібірлік қазақтардың
имамы – Ғабдұ-аррахим ахонмен араздасып айрылған Шыңғыс, одан кейін
Омбыға соқса, татарлар мен қазақтарға жоламай, өзіне учитель болған,
содан дос болып кеткен казак-орыс ясауылы Антон Серафимович
Сотниковтың үйіне түсуші еді. Бұл жолы оны «біздің пəтерге келерсіз» деп
Драгомиров те шақырып кеткен. Оған барғысы келмейді, өйткені «пəтерде
тұрамын» дейтін чиновниктің, хал-жайы Шыңғысқа белгілі, күні еңбек
ақыға қараған олардың бірталайы, қалтақтап зорға тіршілік жасап отырады.
«Адал еңбекпен ғана тұрам» дейтін (Шыңғыс ол сөзіне сенеді)
Драгомировтің де күн көрісі шамалы болуға тиісті. Ал, Драгомировтің
айтуынша, Сотников қазір Омбыда жоқ, арақ құмарлау, тентек мінезді. Ол,
бірталай жағымсыз қылықтары үшін кейінгі кезде Қиыр - Шығысқа жер
ауып кеткен. Сондықтан Шыңғыс. Омбыда қайда тоқыраудың жайын
Малтабардан күткен ал, жеке таран - таста келе жатқан ол əлі ештеңе
демейді.
Малтабардың тарантасқа жеке жеккен қара бурыл аты мейлінше денелі
де, елгезек те, жүрдек те мықты да жылқы екен. Қызылжардан ұзағанша,
Шыңғыс мінген пар атты алдына салып отырған Малтабар, қаланың
қарасы үзілген шақта, қара бурылға бишігін басыңқырап жіберіп, пар аттан
ұзаңқырай берді де тоқтай қалды. Шыңғыстар да тоқтады.
– Сусындап алсақ қайтеді, тақсыр, – деді ол, таран-тасынан түсіп,
Шыңғыстың қасына кеп – алдағы ауыл əлі жырағырақ. Үйден алып шыққан
дəм бар еді.
– Тек сусын ғана, – деді аттанарда тамаққа тойып шөлдеңкіреп келе
жатқан Шыңғыс.
– Болады, тақсыр.
Малтабардың жолға алып шыққан сусыны – қымыз екен «Аздап
саумалдау болсын - деген еді ол, қымыз даярлатқан жігітіне, аттанар
алдында, – жолшыбай ашып бабына келеді. Жəне жаңа торсыққа құй, ыс
дəмі шықса, ішуге жақсы болады. Ыстық күнде жылып кетсе, жұтуға
қолайсыз. Салқын қымыз сіміруге жақсы, ол үшін, торсықты бөшкеге сал
да ішіне мұз таста!» Жігіт ол сөзді орындаған.
Сол торсықты тарантастан алып кеп, үлкен сырлы аяққа толтыра құйып
бергенде тілін үйіре жөнелген, шайқалудан өліп қалған тəтті қымызды
Шыңғыс қотара салды. Қымызқор Шыңғыс, бұндайы кездессе, аяқ түгілі –
тегенені, тіпті керсенді, кейде, – анау-мынау сүйретпені еңсеріп тастайтын.
Малтабардың қымызына қызыққан Шыңғыс сол арадағы орманның
көлеңкесіне кіре отырды да торсықты дендегенше қозғалмады. Бірер
жұтқаннан сусыны қанған Шоқан мен Григорий, орман ішінен жеміс іздеп
кетті. Орманның бүлдіргені мен жидегі аттың аяғын боярлықтай тұнып тұр
екен, көлеңкеде өскендіктен, түстері боп-боз, сонда да бұрқыраған иісі
мұрынды жарады, қышқылтым дəмінің тəттілігінен тіл үзіліп түскендей.
Орыстар «грибы» деп атайтын саңырауқұлақ та мейлінше мол екен. Оны
ата дағдысымен жақсы көретін Григорий, бүлдіргеннен гөрі соған көбірек
ұмтылады. Қазақтар оны жеміс деп ойламайды. Сондықтан Шоқан
Григорийден əуелі «неге қызығасың?» деп сұрап алды да,« тəтті тағам»
деген соң татып көріп, шикі өкпе сияқтанған соң түкіріп тастады. Оның
қызығары - бүлдірген мен жидек. Алақандап асаса да құмары қанар емес.
Балалардың еркіне салса, саңырауқұлақ пен жемістерді бұл орманнан
арбалап жинар еді, оған уақыт жоқ. Үлкендер қымызға қанған кезде:
– Қанашжан!.. Гриша!... Жүреміз!.. – деген даусы естілді Шыңғыстың.
Жинаған жемістерінің жеуден қалғанын қалталарына сықаған балалар
амалсыздан жүгіріп келді. Олар жөн тартты.
Тоқыраған жерден жөнелгенде пар аттың алдына түскен Малтабар, ұзын
жолдың өн бойында үнемі алда отырды. Қара буырыл қай жүріске салуды,
Малтабар ұстаған делбеден аңғарады, босаң ұстаса, – «бұлаң құйрық
жортақпен отыр» дегені, жинаңқырай бастаса, – «қатты желіске əзірлен»
дегені ол белгі берілгенде, қара буырыл ең алдымен іш тастап алады да,
делбе сіресе бастағанда дедектей жөнеледі, жүрісіне, желісіне, желісімен
ере алмауы былай тұрсын, шапқан жылқының да ұшқырлары ғана ере
алады, ертеден қара кешке дейін осылай дедектеуден қажымайтын сұрапыл
мықты əдетте атын қатты жүргізбейтін Малтабар, біреулерге қара
бурылдың желгіштігі мен мықтылығын көрсеткісі келсе, қатты ұстаған
делбені ең кемінде биенің бір сауыны босатпайды...
Қара бурылдың осындай жүрісін Шыңғысқа жолшыбай ара-тұра ғана,
жақын жерде ғана көрсетіп келе жатқан Малтабар, Омбыға жақын тұста
айдап кетті. Шыңғысқа арнап жеккен пар да жүрісті жылқылар еді,
ортадағысы – Қызылжардағы атақтылары, бірі шеткісі – қарулы жүйрік,
басқа жылқылармен желіс салыстырғанда, айдаушы күшті шеткі атқа
түсіріп, пəрменімен шаптырады да, қамыты алқымына тірелген ірсəк ат
еркін желеді. Оның Қызылжарда ала алмайтын желгіші – жалғыз қара
буырыл ғана!
Омбыға жақындай қара бурылының бар желісіне салып, таңын
жаздырып алғысы келген Малтабар біраздан кейін, желіспен жете алмаған
пар аттың шоқағына да шалдырмай қарасын үзіп кетті. Бұнысына, «қап,
мына сəудегер иттің қорлығын-ай!» деп Шыңғыс ыза болды. Шоқан тіпті
ызаланып атшыға:
– Айда!.. Ұр.. Саба!.. Бар шабысына сал! – деп бұйырды.
Атшы өйтейін десе, кедір-бұдыры көп даңғылдан арба екен деп, кейде
аударылып қала жаздайды. Шоқанның оған да қарағысы келмей, делбені өзі
ұстап, пар атты барынша шапқызайын деп еді, жазым болудан қорыққан
Шыңғыс, Шоқанның қолынан делбені тартып алды.
Малтабар сол кеткенімен кете бармады. Ол Омбының төбесі көрінген
тұста, атының желісін бəсеңдете түсті. Шыңғыстар біраздан кейін қуып
жетті. Іштей ызалана тұра, тоқтап тосқан Малтабарға Шыңғыс сөз қатпады,
ал, ызасын асыра алмаған Шоқан, аттары тоқтай, жерге қарғып түсіп,
тарантасының қасында тұрған Малтабарға:
– Жəй сəудегер ме десем, өзін, бос екенсің ғой?!.. Мен жеткізбеген
қалпымен кете барар десем, тостың ғой! – деп, түйген жұдырығымен
қарнының томпағына түртіп-түртіп қойды. Баланың ызасын кескінінен
аңғарған Малтабар күлімсірей қарап:
– Кейде осындайым да болады, – деді де қойды. Содан кейін. – Ал,
тақсыр, – деді ол Шыңғысқа, – «Омбы» дегеніміз анау көрініп тұрған ғой,
түсуге меңзеп келе жатқан үйіңіз бар ма?
– Болады ғой, – деді Шыңғыс жоқ деуді лайықсыз көріп. – Өзің ше?
– Сіздерге аунап-қунарлық жайлы орынды ойластырып келе жатыр едім
де мен.
– Қандай орын еді ол?
– Коробейникова дейтін бай қатынның «постоялый двор» аталатын үйі
бар. Аттарға қорасы да жайлы. Үйі жатып - тұруға лайықты. Мұсылманды
– мұсылманша, орысты – орысша күтеді. Дастарқаны кең, тағамы мол. Мен
Омбыға келген сайын сонда түсем. Бізден пəтер ақы алмайды. Ас-суы да
тегін.
– Ендеше, сонда барайық, – деді Шыңғыс.
Олар Коробейникованың үйіне тарта берсін, біз оқырман көпшілікке,
бұл есімді əйелдің мəн-жайын қысқаша баяндап берейік.
Сібірді Россияның отарлануы 16-ғасырдын, орта тұсынан басталуын,
сонда əскермен қатар сəудегерлер де жүріп, əскер барған орындарға
базарлар ашқанын, саудагерлерді Строгоновтар басқарғанын білеміз.
Сонда, Строгоновтардың ең ірісі – Самсонның, «бір» деген піркəншігі –
Яков Коробейников деген болған екен. 1718 жылы Омбы қаласы ірге
тепкенде, Коробейниковтердің байыған біреуі осы араға тұрақтап, Омбы
өзенінің Ертіске құятын тұсында, жар қабақтың астындағы бір кең алаңға
үй салған екен, ауласын кең шарбақпен қоршатқан екен, оның ішінен
жүргіншілер,
əсіресе
саудагерлер
күні-түні,
жазы-қысы
арылмай,
құмырсқаның илеуіндей құжынап жатады екен.
Пайдасы көп бұл қораның түсімі молая беру үшін, Коробейниковтер
шарбақ ішіне жолаушылар тамақтанып тұратын, харчевня атты асхана да
салдырған, керек-жарағын қолма-қол табу үшін уақ-түйектің дүкенін де
ашқан, қонақтар кір-қоңынан арылу үшін монша да орнатқан. Ол қандай
монша?
«Монша аталатын тазалық орны адамзат тарихының ең көне, ең көмескі
тұрмысынан бері жасап келе жатқанын білеміз. Орыс елінің, І-Петрға
дейінгі тарихында, моншаның біз білетін түрі болмаған, оған дейін, əркім
білгенінше құйынған. Ішіне от жағып тасты я күйген кірпішті қыздырып,
соларға су себу арқылы бусандырып, ыстық жерде терлеп-тепшіп
жуынатын монша тек, І-Петрдің немістерден алған үлгісі арқылы жасалған.
Петр жасатқан моншаның «орыстікі» аталатын себебі: тас қыздыратын
пешінде мұржа жоқ, үйге қамалған түтін далаға ашық тұрған есік арқылы
ғана шығады, тас қызып болған шақта, от жағу тоқталады да, қою түтін
сұйылған кезде, есік жабылып, қызған тасқа су себіледі, одан бұрқыраған
ыстық бу көтеріледі. Моншаға түсуші сондай ыстықта жуынады да,
шабынады да. Одан адамның денесі балқып, кір-қоңынан мүлдем тазарады.
Халық бұны «қара монша» деп атаған. І-Петрдің өзі европалық түрдегі
салтанатты моншаға емес, тек «қара моншада» ғана жуынады екен.
Сібірде 18-ғасырдың басына дейін моншаның ешбір түрі болмаған. 1708
жылы, Сібірде «воеводтар» аталған əскерлік корпустың, хал-жайын
тексеріп қайтуға, Петрдің жұмсауымен, оның оң қолы – князь Меньшиков
келген. Сол сапардан қайтқан князь, Петрға берген рапортында, «сібірлік
воеводтардың тұрмысындағы ен, үлкен кемшіліктің бірі – настығы, оның
бас себебі – монша жоқтығы» деген сөзді айтқан. Петр содан кейін сібірлік
өкіметке «барлық шаһарда монша салынсын» деген бұйрық берген.
Коробейниковтің моншасы сол бұйрық бойынша салынған.
Моншадан сабынсыз тазарып болмайды. Сабын ол кездегі Россияда ең
қат нəрсенің бірі екен. Жақсы сабынға ол кезде кокос немесе пальма
аталатын өсімдіктердің майы жұмсалатын болған. Олар алыстағы Индия
немесе Қытай сияқты жерлерден шағын ғана келеді де, жол шығынын
қосқанда, хош иістендіру материалдарын қосқанда сабынның бағасы
ауырлап кетеді. Ондай сабынды салтанат ретінде ақсүйектер ғана алады да,
қара сүйектер алмайды. Кедей көпшілік түгіл, сабынды саудагерлердің де
бірталайы алмауын естіп, Петр саудагер атаулы сабынмен жуыну туралы
арнаулы бұйрық шығарған. Содан кейін сабынға: шекілдеуік, кендір, кенеп,
мақта... сияқты өсімдіктердің майы қолданылып, сабынның саны көбейген.
ІІ-Екатерина тұсынан бастап, сабынға: қой, сиыр, шошқа... сияқты
жануарлардың тоң майы қосылған.
Ал, ол кездегі Сібірде зығырын алатын өсімдік жоқ, жануардан молы –
қой ғана. 18-ғасырда қадағы ширек тиын ғана болған қойдың тоң майының
бағасы, 19-ғасырға кіре көтеріле бастап, орта тұсында екі тиынға жеткен.
Ол да қымбат құн. Бірақ, монша онымен қызметін доғармайды.
Баю өрінен төмендемеген Коробейниковтердің Омбыдағы тоқырау
қорасы, бірден-бірге мұра боп келіп, Малтабардың тұсында Варвара
Викторовна Коробейникованың меншігі болып қалады. Ол қора иесі
байдың жалғыз перзенті екен. Егде тартқан шағында сырқатқа айналған
əкесінің шаруасын, бой жете осы – Варвара басқарады. Ол қорасына
ұнатқандарын ғана түсіріп, ұнатпағандарына, əсіресе ауыл қазақтарына
«бар, бар!» деп қолын бір-ақ сілтейді екен. Сондықтан «Варвараға» тілі
келмейтін қазақтар «Барбар» қойып алған. Ол маңайдың қазағында
«Барбарды» білмейтіні болмаған. Виктор Коробейниковқа тілі келмейтін
қазақтар, не «Бектұр» деп, не ірі денесі мен қара өңіне қарап «Қара бұқа»
деп атаған, кейбір қазақтар Варвараны Бектұрдың немесе Қара бұқаның
Барбары деп, секпілді жирен ажарына қарап, «Шұбар байтал» деп, əртүрлі
есім таққан.
Ауыр шаруасын жақсы басқарған жəне жалғыз ғана перзенті болған
Варвараны əкесі үйінен шығарып күйеуге бермейді. Лайықты жігіт
табылса, күшік-күйеу ғып алғысы келеді, ондай жігіт табыла қоймайды.
Сөйтіп көк етікті кездеспей, көн етіктіге бара қоймай жүргенде Варвара
кəртамыш болып қалады. Сол кезде əкесі өледі. Одан кейін Варвара туған
үйінен тіпті кетпей, «кəрі қыз» болып отырып қалады. Ержеткен басы бос
əйелде өсекке таңылмайтыны жоғын білеміз. Варвара да талайға таңылады,
қанағатының қанша екенін өзі білсін, өсекшілер оған «көлденең өткен көк
аттыны құтқармайтын қақпан» деген атақ жамайды.
Осы өсек Малтабарға да таңылады. Ол Омбыға қашан келсе де
Варвараның тоқырау қорасынан түсіп, неше күн жатса да сонда болады.
Өзгелердің көбінен сықап пəтер ақы, қора ақы алатын, моншасына да ақы
алып түсіретін Варвара, қызметкерлерінің байқауынша Малтабардан көк
тиын копейке алмайды. Біреулер «Малтабардан түсірері көп» деседі.
Білетін адамдардың айтуынша, онысы рас та. Малтабар Варвараға сабын
бұлғайтын арзан май табады, əр жылдың күзі мен қысында семіз қойларды
мыңдап қыратын Малтабар, олардың сүйектерін де қайнатып, майын сығып
алады екен, бұл да пайда болғанымен, бейнеті көп, сондықтан Варварамен
танысқаннан кейін, «өзің қайнатып ал» деп ылау-ылау шикі сүйекті
жібереді екен де, бұтын бір тиыннан өткізеді екен. Бір бұт сүйектен кеміне
төрт-бес қадақ май ағады. Бұл да Варвараға үлкен пайда.
Сүйектің майын арзан бағаға беретін Малтабар, Варвараға сабын
былғаудың қазақы əдісін үйретті. Сабынға қосатын сақарды (щелоч) қазақ
қайнатқан күлден сарқиды жəне өзге күлден емес, «ашуы күшті» деп
алаботаның күлінен сарқиды. Сол күлді қазанға ұзақ уақыт қайнатады да,
суы сарқылып қоймалжың бола бастаған шақта үстіне қалың ғып шөп
төсеген сөреге төгеді. Дымқос күлдің сүзілген (фильтрация) тамшылары
ағу үшін сөренің астына қазан қояды. Қазанға сарқыған сары суды тары да
қайнатып, дымы құрғаған шақта, сарғылт түсті ұнтақ (порошок) болады.
Қазақтың «сақары» осы. Сабынды сақарға май қосып былғайды. Былғанған
сабын тез байлану үшін, ішіне түтелеп жүн-жұрқа тастайды. Былғана келе
бұндай сабынның түсі қараяды, сондықтан қазақтар «қара сабын» дейді.
Білетіндердің, айтуынша, кір-қоңды кетіруге, жəндіктерді өлтіруге қара
сабыннан өтер сабын жоқ. Ал, құны, Россиядан келетін кір сабындарынан
əлдеқайда арзан.
Варвараға қамқорсыған Малтабар, оған сабындық майды ғана емес,
қажетті мөлшерде сақарды да жыл сайын жеткізіп тұрды, сабынның бұлай
бұлғау əдісіне маман адамдар тауып берді. Содан кейін Варвараның күн
тəулігіне дамылсыз қызмет атқаратын моншасы құны арзан сабыннан
тарықпады.
Соншама пайда келтіретін Малтабарды Варвара «жатып жастық, иіліп
төсек боп» дегендей мейлінше күтеді, əуелі моншасындағы өзіне арнаған
номеріне кіргізіп, жақсылап тұрып жуындырады, содан кейін таза көйлек-
дамбал кигізеді, қалаған тағамдарды мейлінше дəмді ғып пісіреді, таза
бөлмедегі жұмсақ төсекке жатқызады...
Омбыда осындай əйел барын Шыңғыс Қызылжарда естіген. Оның мəн-
жайын баяндаған адам:
– Малтабардың көңілдесі, Омбыдағы бір үйі, – деген. Сондықтан,
Шыңғыс оны керуге құмартып келе жатқан.
Енді көрсе ортадан биігірек бойлы, былқылдаған семіз денелі, бет
бейнесі ашаң, жирен -шабдар енді, ақ шабдар шашты, үлкен тотыяйын
көзді, пұштитаңдау əдемі мұрынды, көркемше əйел екен. Жобасы, жас
кезінде сымбатты да, сұлу да болған кісі. Денесі етейе жасы егделене,
сымбатының сұлулығы ыдыраған, бет ажарының көркі – күлімдей,
ойнақши қарайтын көздерінде қалған.
Тегі, оңаша тіл қатқанда, Шыңғыстың кім екенін Малтабар Варвараға
ескертіп қойған болу керек, көрген сəттен алдында құрдай жорғалап,
«төбесінен тік тұрып» құрмет көрсетті. Шоқанды да ол, «қарағым,
шырағым деп» көңілін табуға тырысты.
Жолаушылар Омбы қаласына кіріп, «Кадет корпусы осы» деген, аумағы
екі-үш орамды тұтас қамтыған, сыртын ақпен сылаған, жыпырлаған
терезелерінде сан жоқ, көше жақ іргелеріне терегі, талы, қайыңы аралас
ағаштар ескен үйді жанат өте бергенде, «мен осында қалам» деп Григорий
түсіп қалған. Арбадан ол түскенде, Шоқан да қарғып түсіп, екеуі
құшақтасып үн-түнсіз қоштасқан. Григорийді қимаған Шоқанды Шыңғыс
арбаға əрең мінгізген.
Григорий кадет корпусының комендантына барып каникулдан келуін
мəлімдеген шақта, жаз айларында бытыраған кадеттер жиналып жатыр еді.
Корпустың ішкі тəртібін басқаратын атаман Старков Евгений Васильевич
қызметінде екен.
Тұратын бөлмесіне орныққан Григорий, Старковты іздеді де кабинетінде
тапты. Ол Григорийдің əкесі Николай Ильич Потанинмен Омбыдағы
офицерлік училищеде бірге оқыған, бірге бітірген, Николай əскерлік
қызметке шыққанда, финляндиялық кадет корпусына оқуға кетіп, оны
аяқтай, Омбыдағы училищеге қайтып эскадрондық бөлімнің, оқуын
басқарған. Училище кадет корпусына айналғаннан кейін бүкіл корпустың
ішкі тəртібін реттейтін начальнигі болған адам еді. Əкесін жақсы көретін
Григорийді ол жан тартып, есігінде күзет тұратын пəтеріне де, кабинетіне
де емін-еркін кіргізе беретін.
Бұл жолы да солай қабылдаған Старковқа, Григорий Потанин Шоқан
жайын айтты. Одан бұрын бұл жайды Драгомиров та баяндаған еді. Бірақ,
қызмет адамдарымен салқын сөйлесетін Старков, Драгомировқа «көрерміз»
деген де қойған. Əскери бөлімнің соғыстық кеңесіне мүше емес, Старков
мүше, сондықтан да ол Драгомировтың ырқына көне бермейді. Қызмет
бабында өзін сырғақ ұстайтын Старков, Драгомировтың Шоқан жайлы
айтқан сөздерін тыңдап болғаннан кейін «көрерміз, оқу кеңесінде
ақылдасармыз» деді.
Старковқа Григорий Шоқан жайын Драгомировтан басқашарақ
баяндады. Драгомиров салқын түрде сөйлескен еді. Григорийдің сөздерінен
Шоқанды ерекше сүйетіндігі байқалады. Сондықтан:
– Көрерміз, байқармыз, – деп басында сырғақсыған деп айтқан
Старковты, қоянға еркін жететін тазыдай тақымдап, өзі ғана емес, əкесінің
де атынан өтініп, аузынан:
– Жақсы, қабылдайық, – деген сөзді суырып алғандай болды.
– Бірақ, – деді Старков. – Бірінші даярлық класына алып көреміз де, оқу
жылының аяғына дейін сабақты үлгере алмаса шығарып жібереміз. Онда
өкпелемейсің.
– Болсын, туысы құрметті атаман, – деді қуанған Григорий, – жылдың
аяғына дейін, даярлық класстарының біріншісі түгіл, екіншісіне экзамен
ұстауына бəс тігем.
Старковтың уəдесін алғаннан кейін Григорий тұра жүгірген қалпымен
Коробейникованың тоқырау қорасына барса, Шоқан жоқ!..
Коробейникованың тоқырау қорасы сапырылысқан жүргіншілерден,
қобырап
əр
жерге
үйілген
жүктерден
арылмайтынын
жоғарыда
ескерткенбіз. Шыңғыстар келіп түскенде, қора іші тіпті былығып, адам жол
тауып жүрер тұсы азғантай да. Əрі, əр жерде төбе-төбе болып үйілген шикі
терілердің, кірлі жүн-жұрқалардың, қайнатылмаған сүйектердің, аттардың
жас құмалақтарының, арбаларды майлаған мазуттардың, қызметін атқарып
жатқан қара моншаның есігінен бұрқыраған қошқыл түтін мен жуындыдан
шыққан күлімсі иістің салдарынан, қора іші жүректі айнытарлық сасық та.
Сол иіске шыдай алмаған, əрі дəрет сындырғысы келген Шоқан Григорий
келердің алдында, қораны қоршаған тақтай шарбақтың далаға қараған
қабырғасынан қарғып түсіп, ар жағындағы тоғайлы көгалға сіңіп кеткен.
Григорий келгенде, Варвара берген тəтті тамақтардың дəміне бөгіп
отырған Шыңғыс, əлгінде тысқа шығып кеткен Шоқанды ескермеген еді.
Енді ғана есіне алып іздетсе, ешқайда жоқ! Бір барса барары - Григорий. Ол
мұнда. Бұл қалада одан басқа барары жоқ. Ендеше, қайда ол?!
Осы ереуілді сұраудан басы қатқан Шыңғыс, не істерге білмей сандалды
да, ішкен -жегені кересі боп, қора ішіне тінту жүргізді. Жоқ!.. Қайда?
Варвара мейманханасынан Шоқан мен Шыңғысқа жасаулы кеңірек бір
бөлмені жеке берген еді. Малтабар ол бөлмеге басқа адам кіргізбеуін
өтінген еді. Шоқанды таба алмаған Шыңғыс соған кірді де, бұрыштағы бір
жастыққа қисайды. Шоқанды бірге іздескен Григорий, «маған кеткен болар
ма?» деп, кадет корпусының үйіне жүгірді.
Өз бөлмесіне кіріп шөкесінен жатқан Шыңғыс, жастығын жұмарлай
құшақтап, ұзақ уфледі. Сонда түңіле күбірлеп айтқаны: «құдай-ау, бала
бермей, пəле бергендей не жаздым мен саған?.. Елде де бүлік болды, бұл
бала жолшыбай да бүлік болды!.. Омбыға келе тишығар деп дəмеленсем,
мұнда істеп отырғаны мынау!»
Сөйтіп жатып, күнə - сұмдықтарын еске түсірсе, шеті мен шегі жоқ екен.
Талай мазлұмды жылатқан, талай момынды қан қақсатқан ол, есесінен
«дүние ісі ахиретке кетпейді» деген мəтелді түсіріп, жылауын бəсеңдетті
де, ойын - «тəңірі уəтəбəрəкə ғалянің, солардың бірін алдыма келтіруі
шығар» деп жылауын доғарды.
Бұл жолы ғана емес, бұдан бұрын да қылмысты істерін еске түсірсе,
тəңіріден кешірім сұрап жалбарыну ретінде, ел намаз оқумен шұғылдана
қалатын еді. Сол дағдысына бақпақ болып, шөккен орнынан түрегелді де,
кілем үстіне қазақы түйе жүн шекпенін жəйіп құлшылыққа кірісті.
Намазға кейде салақсып жүретін ол жайнамазға бір отырса ұзақ отырып,
біреулерін «қаза намазым» деп, енді біреулерін «нəфілім» деп, көпке дейін
түспейтін еді. Бұл жолы да сөйтті ол. Намаздың əрбір рəкəғаты сайын
түрегеле беруге жалыққан кезде, сəждаға жүресінен отырған қалпында
барып, бірталай уақыт тоңқаңдады. Оған да жалыққан шақта, Мекеге
барып келген хажының біреуі сыйлаған топаз тəспиғының тастарын
тырсылдата санап, бірінші отыз үш таста «сұбхан-алласын», екінші отыз
Достарыңызбен бөлісу: |