5 – ұлан: Жүреміз даңқты жолдармен,
Қырандар бірге самғаған.
Әзірге титтай болғанмен
Ертеңгі ел қорғаны – мен болам!
6 – ұлан: Жер бетінде тыныштық!
Жер бетінде туыстық!
Баянды бақыт Адамға!
Орнатуға Далаға!
Сәбилік таза көңілмен
Бәрі: Ант етеміз!
Ант етеміз!
Ант етеміз!
Жүргізуші: Кең байтақ, қазақ елін, жерін, халқын қорғауға дайын болыңдар,
Жас ұландар!
- Әрқашанда дайынбыз!
Сахнада тұрған балалар көгершіннің, Бейбітшілік тақырыбына салынған суреттерін, “Жасасын, Қазақстан!”, “Өркенде, өс өз – Елім” – деген т.б. ұрандар жазылған плакаттарын, шарларын жоғары көтереді.
Осы кезде барлығы тік тұрып Қазақстан Республикасының гимні “Менің Қазақстаным” әнін орындайды, мереке соңы концертке ұласады.
(Концерт бағдарламасы мереке тақырыбына сай болғаны жөн)
“Сұңқар” әскери- ойын байқауы
І. Кітапхананың оқу залы: Қазақстан Республикасының рәміздері ( Ту, Елтаңба, Әнұран) ілініп, гүл шоқтары, шарлар, әскери тақырыптағы суреттермен көркем безендірілген.
ІІ. Тақырыпқа байланысты “Қазақстан Армиясы” атты кітап көрмесі жасалған. (Әдемі кітаптар, цитаталар жазылып қойылған)
Композитор Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әні баяу ғана естіліп тұрады.
Оқу залының ортасында ойын жүретін мөлтек алаң әзірленген (үш ойын жолы, жүргізушінің орны) залдың аяқ жағында оқырмандарға, қонақтарға арналған орындар әзірленген, сахнада төралқа орны әзірленген.
Оқырмандар мен қонақтар орындарына отырған соң белгілі дайындалған балалардың орындауында патриоттық ән айтылады. Ән біткен соң жүргізуші ойынды бастайды.
Жүргізуші: Арыстандай айбаттым,
Жолбарыстай қайраттым,
Аспандағы байрақтым,
Қанша жұлдыз жайнаттың,
Қанша бұлбұл сайраттың
Қазақстан ардақтым!
Армысыздар, құрметті қонақтар және бүгінгі ойынға қатысушы жас достар, ұландар! Егеменді еліміздің тыныштығын және бейбітшілігін қорғау, бұл әр азаматтың қасиетті борышы екендігі баршамызға әйгілі. Ал Отанды қорғаушылар тек қана білектің күшіне сүйенушілерден ғана болмай, ақылы мен қайраты, күш-жігері мен зердесі бірдей мықты болғаны – бұл ел қорғаушы ерлерге ежелден қойылып келе жатқан талап. Сондықтан болар, халқымыздан өткен Наурызбай, Бөгенбай, Райымбек сияқты хас батырлар шешен де, би де, ақыл-парасаты биік адамдар ретінде ел ішінде үлкен абыройға ие болған.
Біз де бүгінгі байқауымызды жігіттер мен қыздарымыздың білек күшін емес, ақылы мен тапқырлығын бәйгеге салу ниетімен өткізбек болып баршаңызды осында жинадық. Ендеше бүгінгі “Сұңқар” деп аталатын әскери теория білгірлерінің ойын-сайысына қош келдіңіздер!..
Енді, қымбатты қонақтар, бүгінгі ойынның ережелерімен таныстырып өтейін.
Ойынымыздың бірінші сатысы “Қанша білсең, ізден тағы жас сұңқар!” деп аталады. Бұл саты барысында ойынға қатысушы барша оқушылар қауымына бастауыш әскери дайындық пәні бойынша 20 сұрақ қойылады. Әрбір сұраққа дұрыс жауап берген оқушы бір орденмен марапатталады. Сұрақтарға жауап беру тек қана қол көтеру арқылы жүргізіледі.
Кім бірінші қол көтерсе, сол бірінші жауап беру құқығын алады. Кім бірінші қол көтергенін және берілген жауаптардың дұрыс немесе бұрыстығын әскери төрешілер алқасы айтып отырады. Бірінші сатының қорытындылары бойынша ең көп орден жинаған үш оқушы ойынның финалына шығып, бас жүлде үшін жарысты жалғастырады.
Егер бірінші сатының қорытындылары бойынша финалға шығу құқығына үш адамнан көбірек оқырмандардың ордендерінің саны бірдей болып қалса, онда олардың ішінен ең мықтыларын қосымша сұрақтар арқылы іріктейміз.
Бүгінгі ойынға қатысушыларға орден тағушы деген абыройлы қызметті үлгілі өнегесі және белсенділігімен танылған оқырман атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |