Тарихшы: Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды.
Қалың елді Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай батырлар бастап, азулы жауды Аңырақайда аңыратып жеңді, Райымбек сияқты киелі батырлар кейін шапқан кесапат жауды қасиетті қазақ жерінен біржола қуып тастады.
Жыршы: Ер елінің Қабанбай тірегі боп,
Өренінің мақтаны, жігері боп.
Ерлік сапта жүр мәңгі өзі бастап,
Әр ұрпаққа күш берер жүрегі от.
Егес етсе Бөгенбай дана батыр
Ту көтерді Наурызбай – дара батыр:
Айбары боп елдіктің – ердің ісі,
Айғағы боп ерліктің дала жатыр.
Райымбек әулие - қасиеттім,
“Құдайым” деп жаулары бас иетін.
Балалары батыр боп орындады
Бабалардың өнеге-өсиетін.
(Батырлық жырлардан үзінділер айтылады)
Тарихшы: Қаралы қалмақ қырғынынан соң, ес жиған елді есеңгіреткен, ердің намысын өртеген тағы бір оқиға – Қоқан хандығының жүгенсіздігі болды. Халық батырлары ел намысын қорғады. Елім деп туған ер Сыпатай халық бірлігін қорғап, достық туын көтерді.
Жыршы: “Мықтымын” деп қоймаған қоқаңдауын,
Ықтырды кеп Сыпатай Қоқан ханын
Ойран етті ниетін басқыншының,
Ойлап өтті бірлікті – Отан қамын.
Тарихшы: ХҮІІІ-ХІХ ғасыр. Қазақ билері мен хандары иек артып, көмек еткен орыс патшалығы бірте-бірте өз мақсатын орындап, қазақ жерін отарлап, қазақ елін аздыра бастады. Ел ішіне ірткі салып, зымияндық саясатпен ел бірлігіне, ұлттық қасиетімізге, тіліміз бен дінімізге, кеңдігіміз бен елдігімізге кесір келтірді. Оған қазақ шаруалары ызаланып, кек көтерді.
Исатай мен Махамбет бастаған ел көтерілісі сәтсіз болса да, ел намысының айғағы еді.
(Құрманғазының “Кішкентай” атты күйі тартылады, ортаға жыршы шығады)
Жыршы: Орнатам, деп Исатай бостандықты,
Ордадан – кек, құптауды достан күтті
Жаңғырған мың-шаруа күресінен
Жәңгір хан мен ақ патша жасқаныпты.
(Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім”, т.б.жырлары айтылады)
Тарихшы: 1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.
(«Жас қазақ» әнінің әуенімен жыршының жыры естіледі. Төлегеннің бейнесі көрсетіледі)
Жыршы: Тоқтаровтай батырлар неткен жалын!
Оқтан ықпай, елім деп төккен қанын.
Батырларым жалынын жалаулатып,
Жатыр мәңгі аялап еккен бағын.
Бауыржандай Мәскеуді қорғап қалған,
Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.
Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,
Батырлығы бағым боп орнап қалған.
Қорған болған елінің елдігіне,
Батырлардың бас идік ерлігіне!
Ұрпақтары қаһарман бабалардың
Тәуелсіздік қамалын көрді міне!
Тарихшы: 1986 жыл. Желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.
Жыршы: «Қазақ елі хан сайлар зор данасын,
Ғажап елді келімсек қорламасын!»
Деп, Қайраты көтерді намыс туын,
Кек қайнатты өрт толып Орда басын.
(“Желтоқсан желі” әні айтылады. Желтоқсан оқиғасына байланысты кинокадрлар көрсетіледі)
Достарыңызбен бөлісу: |