Абай (Ибраһим) Құнанбаева



Дата07.02.2022
өлшемі26,25 Kb.
#91253
Байланысты:
Абай философисындағы адам мәселесі
Тілашар тойы, Тілашар тойы, Әлеуметтену рөлі, Әлеуметтену рөлі

Абай (Ибраһим) Құнанбаева (10.08.1845-06.07.1904) – қазақтың ұлы ақыны, философ, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, либералдық ислам өкілі. Абай шығармашылығында философиялық ой толғаныстарға толы көптеген өлеңдерімен қатар ерекше орын алатын 45 ойы аяқталған фрагменттен, нақыл сөзден тұратын «Қара сөз» атты шығармасын атап өткеніміз жөн. Оның дүниетанымдық және философиялық ой –толғаныстарында өте көптеген мәселелерге көңіл бөлінген. Бүгінгі күнге дейін дейін Абай мұрасының толық зерттеліп болмағанына қарамастан, кезінде М. Әуезов белгілеп берген Абай зерттеулерінің тәрбиелік, ұстаздық, ұждан, мораль философиясы, әсіресе адам мен адамгершілік мәселелері – оның рухани мұрасының кең ауқымдылығын, тереңділігін көрсетеді. Абайдың осы ой-толғаулары мен философиялық ізденістерінде адам мәселесі орталық орын алады. Абай адам мәселесін жан-жақты философиялық, биологиялық, психологиялық, эстетикалық және этикалық тұрғыдан қарастырады. Абайдың бүкіл философиясының квинтэссенциясы, негізгі принципі ретінде “Адам бол!” деген ой тұжырымын алуға болады. Абай өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тәжірбиесін, поэзия мен прозасын, бүкіл ой-толғанысы мен философиясын адам бойында кісілік пен адамгершілікті, білімділік пен парасаттылықты, әділеттілік пен қайратты, елдің қамын, бүкіл адамзат қамын ойлайтын, дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын Азамат адамды тәрбиелеуге жұмсады. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тәсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады, сондықтан: “Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз… Бес нәрседен қашық бол. (Бес дұшпан — Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ) Бес нәрсеге асық бол (Бес асыл іс – Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рақым)”. Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе — өз бойындағы адамилықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден де адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік-жігерді, қайратты қажет етеді.

Филсофияның негізгі зерттеу нысандарының бірі адам екені көне заманнан белгілі. Адам мəселесі - философияда толық шешімін таппаған іргелі тақырып. Ертедегі ойшылдардың адам жөніндегі, оның дүниедегі атқаратын қызметі мен алатын орны жайлы ой-толғауларына тоқталып көретін болсақ,грек ойшылы Протагор: "Барлық заттың өлшемі-адам" деген қанатты сөзін тілге тиек етсе, Көне Қытай философы Лао Цзы : "Басқаларды білетін адам-ақылды, өзін танып білген адам - данышпан" депті. Үнді философиясының, буддизм ілімі өзінің алдына адамды қиналу азабынан құтқаруды мақсат етіп қояды. Ал қазақтың ұлы данышпаны Абай : "Атаңның баласы болма, адамның баласы бол" атты қанатты сөз қалдырған. Адам мəселесі жəне оның тарихи дамуы, философиялық тұжырымдар мен толғамдар қазақ ойшылдарын да бей-жай қалдырған емес. Адамды философиялық тұрғыдан түсінудің іргетасы осы қалыптасқан түсініктер, идеялар образдар мен ұғымдар негізінде, философия мен мифология арасындағы сұхбат нəтижесінде қаланды. Абай заманынан алыс кетсек те, даналық ойларын санамызға сіңіре отырып, оның рухани əлеміне жақындай береміз. Хəкім Абай өзінің азаматтық көзқарасын, халқының өмірін, болмыс тіршілігін, қара сөздері арқылы паш етті. Абай философиясының бүгінгі күнгі өзектілігін Ел басы Н.Ə.Назарбаевта атап өтеді. Абайды оқи отырып, адам - таза, əділетті, қайырымды болып қалыптасады дейді. Олай болса, Абайдың рухани əлемі дүниетанымы ерекше бір тылсым, таптырмайтын құндылық. Оның ойшыл - дана ретіндегі философиялық орталық мəселесі адам. Абай өзінің азаматтық парызын түсініп, саналы түрде жаңа ізденістер мен ерекше əрекеттер жасап, адамтану адам болу ілімінде көп жаңалықтар ашты. Абай философиясының басты мақсаты адамды барынша жоғары денгейге жеткізіп, кемелдіктің онтологиялық-аксиологиялық мəнін ашу. Бүкіл өміріне азық етіп басқаларға да шарапатын тигізу. М.Əуезов Абайдың: "ұстаздық, əлеуметтік талабының түп мақсаты жеке адамдарды жаманшылдықтан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын жəне бар халқын түзетіп өзгертпек болады";- дейді. Бұл тұжырым Абайдың адамгершілік тəрбиеге, оның негізі болатын мораль философиясына орала беретін себебін ашып көрсетеді. Абай қазақтардың өткені мен бүгінін, болашағын, салт-дəстүрі мен рухани мəдениетін жетілдіру, жастарға адамгершілік тəрбие беру жолдарын тынымсыз ойлаумен өтті. Бүгінгі уақыттың талабына сай ой түйіндейтін болсақ, хакімнің ойлау мəдениеті қазақтың менталитеті, болмыс бітімі қандай, оған тəн кемшіліктерді қалай жоюға болады, деген сауалдар төңірегінде өрбіді. Ол өзінің бүкіл болмысын, білімі мен өмірлік тəжірибесін, поэзия мен прозасын, ой-толғанысы мен философиясын адам бойынан таба білді. Ол кісілік қасиеті, білімі мен парасатын елдің қамын ғана емес, адамзаттың мақсат-мүддесін ойлайтын, дүниеге əлем тұрғысынан қарайтын адамды тəрбиелеуге жұмсады. Ұлы данышпанды адам өмірінің мəні, тұрмыс тіршілігі мен болмысы, ар - намысы сияқты мəселелер ерекше толғандырды. Ол былай дейді: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап күлмес, мені мен менікінің айрылғанын, өлді деп ат қойыпты өнкей білмес. Өйткені, қоғамдағы құбылыстар мен процесстердің өзегі адам болмысы болып табылады. Бұл жерде "мен" деген не, "менікі" деген не, сауалдарға жауапты Абайдың өзінен табамыз. "Мен" дегеніміз ақыл мен жан. Екеуі де рухани түп негіз. "Менікі" деп сөзді тəнге қатысты айтып отыр. Абай адам баласының жаман-жақсы қасиеттеріне терең мəн беріп, философиялық ой - толғауларында атап көрсетеді. Отыз сегізінші сөзінде Абай: Күллі адам баласын қор қылатын үш нəрсе бар, сонан қашпақ керек дейді. Əуелі надандық, екінші еріншектік, үшіншісі зұлымдық. Үш - ақ нəрсе адамның жақсы қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек . Адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен əлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деген қорытындыға келеді. Ол ғылымды үйреткенде, бақталастық, атақ - данқ үшін емес, айқын мақсатпен, білмек үшін үйрену керектігін баса айтады. Өйткені қай қоғамда болмасын, бақталастық адамды жаман жолға жетелейтіні рас. Абайдың пікірі бойынша адамгершілік нормалары мен принциптерін күнделікті өмір сүру тəсіліне айналдырған адамды ғана нағыз адам деп есептеуге болады. Сондықтан: "адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз..." деп басталатын мына өлеңіне назар аударайық: Адам болам десеңіз Бес нəрсеге асық бол Бес нəрседен қашық бол Талап Еңбек Терең ой Қанағат Рақым Өсек Өтірік Мақатаншақ Еріншек Бекер мал шашпақ Бұл өлеңде Абай адам болу қағидасын үсынады. Бекер даурығып, өтірік айтып, жалқау болудың орнына өнер - білімнің арқасында өзіңнің орныңды тап дейді. Адам өміріне мəн беретін, негізгі нəрсе өзінің бойындағы адамшылдықты жоймау. Бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Бұл дүниеге адам болып келген соң, адам болып кету керек. Қандай жағдай болмасын адамдық қасиетті жоғалтып алмау, адамның басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі. Ол адам тарапынан ерік-жігерді, қайратты қажет етеді. Отыз алтыншы қара сөзінде: Ұяты күшті адамдар ұйқыдан тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін - өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты,- дейді . Ұлы ойшыл, адам бойындағы ұят пен иман мəселесін қозғайды. Бұл екі ұғым адам мен хайуанның ара жігін ажыратады. Адам хайуаннан, ақ жүректігімен адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленеді. Ұяты бар адам - иманды. Ойшыл Абай адамдық танымдағы ұяттың басымдығын сөз етіп тұр. Жиырма бесінші қара сөзінде: Қарыны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап - ішуге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уа əртүрлі бəлеге ұрлық зорлық, қулық сұмдық секілді нəрселерге үйірлендіруге себеп болатын нəрсе деп ой түйіндейді[4]. Қоғам көре алмаушылық, зұлымдық, қулық, сұмдықтан толық тазарғанда ғана бұл жаман қасиеттер, басқа да дөрекі мінезқұлықтар, тіпті адамға көрсетілетін зорлық-зомбылықта жоғалады деп сенеді. Абайдың мына бір даналығына тоқталайықшы: Адам баласын замана өсіреді, кімде кім жаман болса замандасының бəрі жазықты Абай философиясының негізгі ерекшелігі ең алдымен адам мəселесін философияның негізгі мəселесі ретінде алып қалыптастырады. Абу Хайян атТаухиди айтқандай адам адам үшін мəселеге айналды. Бұл, əрине Абай философиясына антропологиялық сипат береді, бірақ Абайдың философиялық антопологиясының өзіндік сипаты бар ерекше философиялық ілім, жүйе болып табылады. Профессор О.А. Сегізбаев Абайдың антропологиялық философиясын Фейербахтың философиялық жүйесімен салыстыра отырып, екеуінің де философиясының ең басты мəселесі адам болғанымен, арасында ұқсастықпен қатар сапалық айырмашылық бар екендігі туралы ой-тұжырымға келеді. Л. Фейербах "Гегель философиясына сын" деген еңбегінде: Табиғат асқазанның жай ғана шеберханасын жасап қойған жоқ, сонымен қатар ми сарайын орнатты, ол тіл ғана берген жоқ, дыбыстардың үйлесімділігін есту үшін құлақ, жарық көру үшін көз берді - деп айтса, Абай отыз сегізінші сөзінде Алла: "...Адам баласын құрт, құс, өзге хайуанаттар сипатында жаратпай, бұл гүзəл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, дүниені көздерлік қылып өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, ауызына қолы ас бергенде, не ішіп не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып лəззаттанғандай қылып ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстіне тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нəзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойы, біреуі ұқтыраралық тіліне сөз беріп жаратты" - дейді. Бірақ Фейербах адам табиғи құбылыс болғандықтан, оның адамгершілік, əдептілік сипаты оның табиғи мінімен анықталады деп есептегендіктен оның антропологиялық философиясы адамнан Құдайға өтеді. Ал хакім Абай үшін адамды жаратқан Құдай болғандықтан, адамның бойындағы адамдық табиғатпен емес, Аллаға деген сеніммен, махаббатпен анықталады. Сондықтан Абайдың философиялық антропологиясы Құдайдан адамға өтеді. Абайдың философиялық антропологиясының келесі өзіндік ерекшелігі дүниежүзілік философияда, əсіресе Шығыс философиясында кең тараған "əмбебап адам", "жан-жақты жетілген адам" ілімінің көптеген нұсқаларының ішінде (герметизм мен гностицизмдегі Антропос, Каббаладағы Адам Кадмон, маздаизм мен зоростризмдегі Гейомарт, Ежелгі Үндінің діни философиясындағы Пуруша, Ежелгі Қытай философиясындағы шэн жэнь, соның ішіндегі Конфуцийдің əлеуметтік идеал болып табылатын цзюнь-цзы, арабтілдік мұсылман Шығыс философиясындағы əл-инсан əл-кəмил жəне ортаазиялық жəуанмəртілік ілімдер) өзіндік орны бар. Абай адам мен кісі мəселесін жан-жақты, ауқымды қарастыру арқылы, өзінің кісілік философиясы арқылы жанжақты жетілген "толық адам" тұжырымын негіздеді. "Толық адам" ілімі тұрғысынан Абайдың өзінің қаншама "толық", жан-жақты жетілген адам екендігіне тағы да көзіміз жетеді. Абайдың "толық адам" тұжырымында басқа философиялық жүйелермен сабақтастық, байланыстылық бар екендігін байқауға болады. Мұның өзі оның қаншама жан-жақты білімді, парасатты философ екендігіне көз жеткізеді. Мысалы, ортағасырлық Шығыс мұсылман философиясының ірі өкілдерінің бірі әл – Газалидің пікірі бойынша, Құранда айтылғандай, адам Алланың көшірмесі, оның көмескі бейнесі. Адам да Алла сияқты көреді, естиді... Абайдың "Қара сөздерінің" 38-сөзінде де осы жайлы айтылады: "... Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бірлəн ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ - дəл бірдейлік дағуасы бірлəн емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: "Хаят (тіршілік), Ғылым, Құдірет (күш), Басар (көру), Сəміг (есту), Ирада (тілеу, қалау), Кəлəм (сөздер), Тəкин (болу). Бұл сегізінен Алла тағалағыдай кəмəлат - гəзəмат (жетісу, үлкен) бірлəн болмаса да, пендесінде де əр бірінен өз халінше бар қылып жаратыпты" . Абайдың пікірінше Аллаға тəн негізгі сегіз қасиет бар: тіршілік, ғылым, күш, көру, есту, тілек тілеу, сөз, бар болу. Осы қаситеттер адамға да тəн, бірақ олар Алланың бойындағыдай жетілмеген. Егер бұл қасиеттер адамда да жетілген күйінде болса, онда Алла мен адамның арасында айрмашылық болмас еді. Абайдың пікірінше жəуанмəрт, яғни жан-жақты жетілген толық адамға үш негізгі қасиет: шындық, ізгілік, даналық тəн болуы керек. Осыған байланысты 38-сөзінде Абай былай деп жазады: "Енді біздің бастағы тагриф (тану) бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадалəтті құдіретті етті. Сенде бұл ғылым, рақым, ғадалəт үш сипат бірлəн сипаттанбақ: ижтиһадің (талап) шарт еттің, мұсылман болдың, һəм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Белгілі жəуəнмəрттілік үш хаслат (сипат) бірлəн болар деген сиддық (шындық), кəрəм (ізгілік), ғақыл (даналық) - бұл үшіндəн сиддық, ғадалəт болар. Кəрəм шафағат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бір аты екендігі, бұлар əр адамның бойында Алла табарақа уатағала тəхмин (шама, шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж (реттеу, пайдаға асыру) беріп гүлдендірмек, бəлки адам өз халінше кəмəлəтқа жеткізбек, жеһəтінде болмақ". Сонымен, шындықты Абай əділеттілік, ізгілікті қайырымдылық, мейірімділік деп, ал даналықты ғылымның бір аты деп түсіндіреді. Əділеттілік - жақсылықтың анасы, ар-ұждан да əділеттілікке негізделеді. Ешуақытта əділеттілік сезімдеріңді жоғалтпай, жақсылық жасаудан шаршамандар деп үйретеді ұлы ойшыл, себебі əділетсіз иман да, адамгершілік те болуы емес. Ғылым мен даналық та адам бойында жақсылық пен адалдық қаситеттердің болуын үйретеді, яғни қайырымдылық қасиеттерін тəрбиелейді. Абай бұл қасиет барлық адамдардың бойында бар деп айтады. Бірақ аз төмен дəрежеде, сондықтан əрбір адамның парызы, яғни толық адам болу үшін осы қасиеттерді жетілдіру қажет жəне де оларды өз бойында сақтап, тек қана игі, жақсы істерге жұмсалу керек. Конфуций өзінің философиясында цзюнь-цзымен қатар "сяо-жэнь" ("кішкентай адам", "арам, жаман адам" деген мағынада) мəселесіне де көңіл бөлді. Конфуцийдің айтуы бойынша "жақсы адам парыз туралы ойласа, жаман адам өзінің пайдасын ойлайды". Бұл мəселе Абай философиясында пенде мəселесі арқылы сабақтастық тапты. Абай адам мен пенде мəселесін дүние мен жалған атты қарама-қарсы түсініктер арқылы ашуға тырысты. Егер де дүние - мəңгілік болса, жалған - уақытша, өткінші. Адам - осы дүниенің, мəңгіліктің туындысы болса, пенде - жалғанның, немесе күнделікті тіршіліктің көрінісі. Сондықтан адам, оның бар болмысы ең алдымен адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық, ақиқат сияқты прициптерге негізделсе, пенде күнделікті күн көріс шеңберінен шыға алмайды. Абайдың пікірінше тіршілікте ар сақтау да, жан сақтау да бар. Əрине, Абай өзінің адамгершілік философия тұрғысынан ар сақтауды жан сақтаудан жоғары қояды. Адамның адамагершілігі, адамдық қасиетін жоғары ұстануы, оның жан сақтауында емес, арын сақтауында. Абай: "Ант ішіп күнде берген жаны құрсын, Арын сатып тіленген малы құрсын, Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен құлық сауған зақы құрсын" деп, немесе: "Қу өмір жолдас болмас, əлі-ақ өтер, Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер, Ұятың мен арыңды малға сатып, Ұятсыз да иман жоқ, түпке жетер", "Абиыр қайда, ар қайда? Өз басына не пайда?" деп, ар, ұят, намыс ұғымдарына ерекше терең мəн беріп, адамның адам болуындағы, жан-жақты жетілген адам болып қалыптасуындағы олардың рөлін ерекше жоғары бағалайды. Абай осы ұғымдарға бір жақты қарамай оларды күрделі философиялық этикалық категориялар ретінде қарап, жан-жақты талдау жасайды. Мысалы, 36-сөзінде ұят категориясына философия тұрғысынан талдау жасайды, бір жағынан ұят - надандықтың ұяты: "Жас бала сөз айтудан ұялған сияқты, жақсы адамның алдында жазықсыз-ақ əншейін барып жолығудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын терістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нəрседен ұялған ұялу - ақымақтық, жамандық". Мұндай ұят адамға қажет емес, ол адамның жетіліп, дамуына кедергі болатын, кері əсер ететін ұят. Шын ұят болады, ол "шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі - ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады... Біреуі сонда ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нəпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығынды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тартырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгілі, ешнəрсені көрмейді. Мұндай қылыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар" . Ұяттың бұл түрі, ар, намысы бар адамдарға тəн, ол адам бойында адамшылық қасиетті тəрбиелеуде орны ерекше. Абай 14 – сөзінде: «Ар мен ұятқа терістікпен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?» ден осы мәселе бойынша өзінің ой толғанысын білдіреді. Ал пенде мәселесіне келетін болсақ, ол Абайдың айтуынша өз басында еркі жоқ, барлығына тәуелді – байқұс. Пенденің бүкіл өмірі болмысы жан сақтауға бағытталған, оның алдына қойған тілек, мақсаты – мал табу, тамақ пен киім, мансап пен атақ. Пенде жеке басының қамы үшін, жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Аяқтап келгенде пенденің өмірлік мақсаты – өзінің қара басының қамы ғана. 38 – сөзінде Абай айтқандай, пенденің «толық адам» болуына Алла серік берген. Бірақ, адам әруақытта да Алланың берген еркін дұрыс пайдалана алмаған, көп жағдайда пендешілік жасап, шайтанның торына түсіп отырған. Абай «мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны, - ден шайтан дүниетанымына зер салған. Профессор Ғарифолла Есімнің пікірі бойынша, ақынды қызықтырған шайтанның бейнесі емес, оның мұңға батуы, ал оған кінәлі адам: «Дүниеге мұң әкелген Адам, оған дейін әлемде мұң болмапты. Сонда да адамның болммысында тек адам шындық сияқты ірі қасиеттерден ғана емес, өзгеге мұң әкелген, қайғы әкелген шайтандықтың да болғаны. Шайтан деген ұғым адамға дейін болмаған. Демек, дүниеге ізгілікті де, зұлымдылықты да әкелген – адам». Сонымен, Абай үшін адам болмысы ішкі қайшылықтарға толы күрделі құбылыс. Абайдың данышпандылығы, ұлылығы, көрегендігі оның сол кездегі көтерген мәселелердің бүгінгі күн үшін де өзекті, өзінің маңыздылығын жоймағандығынан да көруге болады. Абайдың философиялық ой – толғаныстары тек оған дейін өмір сүрген Батыс және Шығыс философтарының ойымен сабақтасып қана жатқан жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі заманның ірі ойшылдарының философиялық ізденістерінен де байланыстылық, сабақтастылық бар екенін байқауға болады. Мысалы, Абадың адам заттарды өзіне құл етсе, пенде заттың құлы деген ойы, жалпы пенде туралы ой – толғаныстары Франкфурт мектебінің өкілі Герберт Маркузенің “бірөлшемді адам” идеясымен сабақтасып жатыр. Г.Маргузе өзінің “бірөлшемді адам” атты еңбегінде индустриалдық қоғамның орнауы сол қоғамның әлеуметтік таптық құрылымының өзгеруіне алып келеді, жаңа өзгерген жағдайда пролетариат – маңызды әлеуметтік тап болудан қалады, себеі индустриалдық өркениеттің құлы пролетариат емес, тұтынушы болып табылады деген идеяны ұсынады. «Индустриалдық қоғам» дегеніміз Г.Маркузенің пікірі бойынша «тұтынушылар қоғамы», ол қоғамның адамы өзінің революциялық – сыншыл қасиеттерін жоғалтып бір өлшемді адамға айналады. Бір өлшемді адамда тек қана экономикалық, әлеуметтік, саяси жүріс – тұрыстың белгілі бір типі қалыптасып қоймайды, оның бүкіл психологиясы да өзгереді. Бір өлшемді адамның бүкіл өмір болмысы бір нәрсеге – тұтынуға ғана бағытталған. Абай өзінің көптеген өлеңдері мен «қара сөздерінде» пендеге тән әдепсіздік, әділетсіздік, надандық, арсыздық, пара және пәлеқорлық, мақтаншақтық, менмендік, арамдық және т.б. теріс қасиеттері туралы жиіркенішпен, реншікпен айтса, жан – жақты жетілген толық адамға тән адамгершілік, ізгілік, шыншылдық, білімділік, әдептілік пен әділетсіздік, имандылық сияқты көптеген қасиеттеріне жан – жақты талдау жасап, адамның өз бойында осы қасиеттерді бар мүмкіндігінше жетілдіру қажеттігін айтады. Неғұрлым тұжырымдалған түрінде Абай осы ойын 38 – сөзінде жалғастырады: «… Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып, кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің ниһаятылысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол деген ынсап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я малыңнан гадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құдайдың жолы. Ол – ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың ниһаятсыз құдайға тақырып хасил (жақындық табу) болып хас (нағыз) езгу құлдарынан болмақ үміті бар, өзге жолда не үміт бар?… Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші зұлымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады. Бұлардың емі халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын». Абай философиясының негізгі мақсатмүддесі – әр пендені адам ету, оны пенделік жолдан құтқару. Абайдың пікірі бойынша, адамның кісі ретінде қалыптасуында орта және тәрбие өте үлкен рөл атқарады. Адамдар табиғаты жағынан тең, бәрі де туады, өледі, барлығына да киім, тамақ керек, бәрі де қуанады, қайғырады.Олар туғаннан жаман не жақсы болып тумайды. 19 – сөзінде: «Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөзін ескеріп ж.рген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нәрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны адам десе болады» дейді. Абай адамда кісілік қасиетінің қалыптасуында ерекше назар аударады. Егер де адамдар әдепсіз болса, оған сол өздері өмір сүріп отырған дәуір кінәлі деп есептеді, себебі адам баласын заман өсіреді. Кімде – кім жаман болса замандасының бәрі кінәлі. Аба тәрбие мәселесіне де көп көңіл бөлді, себебі ол адам бойында кісіліктің қалыптасуына әсер ететін өте маңызды факторлардың бірі болып табылады. Осы мәселеге байланысты он бесінші сөзінде Абай былай деп жазады: «егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан кейін бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не д.ниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Адамның кісілік кейпінің қалыптасуында оның сырт пішіні емес, ішкі дүниенің жетілуі, тәрбиелеуі неғұрлым маңызды болып табылады.Осыған байланысты Абай былай деп жазады: «Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түземек, жүріс – тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзңнше бір дәулет деп біледі». Ал толық адам өзінше ең алдымен өзінің рухани жетілуін ойлау керек. Оның жолдары басқаша: «әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшлықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады. Екінші – өзін-өзі өзгешілік пен артық көрсетпек адамдылықтың нұрын, гүлін бұзады. Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады. Һәм өзі өзгеше боламын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілікті бітіреді де, күншілік к.ншілікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы, адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады». Осы ойды Абайдың он сегізінші сөзінде кездестіреміз: «Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза киген – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі. ...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деп ойын түйеді. Абай адамның жақсы не жаман болуы құдайдан емес, тәрбиеден деп есептейді. Осы мәселелердің жоғарғы бір көрінісі ретінде Абай «мен» мен «менікі» деген күрделі философиялық мәселені шешуге тырысады. Абай осы ойын өте терең де әдемі өлең шумағы арқылы жеткізеді:
Өлсе өлер табиғат, өлмес адам
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап – күлмес.
Мені мен менікінің айырылғанын
Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес....

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет