1 Әбіш биыл да жазғы демалысқа елге қайтқан. Бірақ бұл жаз соншалық басқа, бөтен. Бала шағынан бері елге келіп жүріп, дәл қазіргідей жүдеу жүз, жадау көңіл аға-бауырын, аулын да білген жоқ-ты.
Бұл елдің қазіргі жайлауы да Шыңғыстың сырты емес. Салқын белдер, ұзын аққан өзен-бұлақтар, көкорай шалғындар да жоқ.
Ауылдар алыс жайлауға шықпай бауырда, Ералыда қалыпты. Әбіштің келген кезі июльдың басы, жаз ортасы болғандықтан, кең жазықтың тықыр көгалдары тапталып қалған. Айнала атырапқа көз салсаң сарғыш көде, бетеге басқан реңсіз дүние мол жатыр.
Сол көрініс те осы өлкеде отырған көп ауылдың мынау жаздағы жабырқау ажарына сай келгендей.
Алғашқы үш күн бойында әкесінің қасында болған Әбіш, қазір Абайдың да үлкен уайымда екенін көрді. Бір Абай емес, биылғы жыл осы отырған бар ағайын, көп ауыл тегіс қаралы. Себебі, өткен қыстың бас кезінде Оспан қайтыс болған.
Ол қыс ортасында өзінің Жидебайдағы қыстауында Еркежан үйінде ауырды. Жаратылысында алып денелі Оспан соңғы жылдар ішінде қатты семіріп кеткен еді. Ауруы не екенін аңғарып болғанша, аз күн ішінде қызуы қатты күшейді. Сол қызу өрлеген сайын сандырақ молайып, көбінше есін білмей жатты. Атыраптағы жақын туыс, жанашыр дос-жаранға «Оспан науқас» деген хабар жетіп үлгергенше, бес-алты күн ішінде жанталасып жатып, тез қайтыс болған.
Абай Ақшоқыдан «Оспан ауру» деген хабармен Жидебайға асығып жете бергенде, алдарынан қос атпен шыққан шапқыншы қаза болған қайғылы хабарын да білдірген.
Әбіш келгенде сол Оспанның қаралы жылын аза тұтқан жақын, туыс, тілеулес ауылдар Ералыда бірыңғай боп іріктеліп қалған екен. Ел аз емес. Ералы бойында жиі отырған ауылдар саны отызға тартады. Сол елдің тап ортасында Оспан аулы. Өзге: Ысқақ, Абай, Тәкежан, Майбасар, Ырсай, Ызғұтты, Ғабитхан ауылдары Оспан аулын ортаға алып, қоршай қонысқан.
Оспан әйелдерінің үлкені — Еркежан. Ол — Зереден, Құнанбай, Ұлжаннан қалған шаңырақта отыратын қаралы келін.
Екінші үйдегі әйел — Зейнеп. Бұл — Өндірбай қажының қызы. Баяғыда Құнанбай Мекеге кетіп бара жатқан сапарда Оспанға
атастырып кеткен қалыңдық болатын. Зейнеп үлкен әнші еді. Әсіресе, жанынан жақсы жоқтау шығаратын, өз зарын өзінің әуенімен де айта білетін әйел.
Үшінші — Торымбала. Бұл өзге әйелдерден жас және үлкен өнері білінбеген момын, бұйығы адам.
Осы үш әйелдің ерін жоқтаған даусын Ералыда отырған ауылдардың кәрі-жасы түгел біледі.
Әсіресе, Зейнеп дауыс айта бастағанда, бұның үйінің сыртына келіп пәуескеге мініп немесе жүкке сүйеніп сыбырласып отырып тыңдайтын балалар, жастар да болады.
Зейнеп ескі шежірені де біледі екен. Жоқтауының арасына Оспанның әкесі Құнанбай қажыны да қосады. Енесі Ұлжанды да туған анасындай, ардақтап жоқтайды. Оспанның үлкен әкесі Өскенбай биді де атап, мақтап кетеді. Кейде ұзақ айтатын даусына бұл ауылдардың арғы атасы Ырғызбайды да қосады.
Көп жастар «Ырғызбай» деген ру атын білгені болмаса, дәл сол Ырғызбайдың өзі немен даңқты болғанын білмейтін. Ұмытқан нәсіл есепті, арғы заман адамын көп ойламайтын. Ал мынау білгір айтқыш келін Оспанды мақтау үшін, оның балуандық, батырлығын айтады. Соны арғы тектен келе жатқан ата қасиеті етіп, көтере сөйлейді. Осындайда Ырғызбайдың жас кезінде «Түйе балуан» болғанын жыр етеді.
Қазақ пен Қоқан болып кездескен бір үлкен аста Ырғызбайдың бас балуанға түсіп, Қоқанның қоңыраулы балуанын жығып, бесік жамбы алғанын айтады.
Зейнептің дастанына Ырғызбайдың үлкендері тегіс ырза. «Талайдан бері айтылмаған жақсы жоқтау осы Зейнептің жоқтауы» десіп, көп жастарға жаттап алуға да бұйыратын.
Өлім арқылы да руларының жуандығын, өзге рулардан үстемдігін айтып беріп отырған келін көп Ырғызбайды мақтандырып, көтеріп қояды. Тегінде, Құнанбай, Өскенбай, Ырғызбай — бәрін мақтап, кара қазақтың «ардақтысы», «асылы» деп, күн сайын екі рет атырапқа естіріп, жар шашып отырған жоқтаушылар өлі Ырғызбай ғана емес, тірі Ырғызбайға да кеп еңбек етіп отыр. Бұлардың айдынын асырып, кеудесін өсіреді.
Зейнешің қоңыр сұлу, әсерлі үнін тыңдай отыра, Абай қатар ойларын да көп ойлайды. Арманда өткен Оспан бұны да неше алуан дерт, қапаға салып кетті. Зейнеп өз сөзімен бұның ішіндегі айтылмаған, ашылмаған сырлы саздарын оятады. Қаралы келін даусына Абай іштей өз дауыс жоқтауын қосып, жалғасып, бірге жыласып отырады. Бірақ осылайша сырт қалпымен ескі қазақ дағды-салтына түсіп, қазаны күткен, інісін жоқтаған Абай кей уақыт өз ішінде екі ұдай, енжар күйлері мен ойларға да жиі ауысады.
Өлім кешіріммен келеді. Қайтыс болған адамның жақсылығын ғана айтқызып, айып-міндерін ұмыттырады. Бірақ осымен аралас Абай ойына жанасқан күдік те бар. Ол әлеумет азаматы болған ақын Абайдың өзіне де, алыс-жақынға да сынмен, әділ талаппен қарайтын ойынан туады. Сонда Оспан екі алуан боп ойға келеді. Кесек, бір кеткей, қайратты жан еді. Жасынан ұстаған жерде қолы, тістеген жерде тісі кетерлік, берілген бетіне барымен ауатын тұтас бітімді. Дүңиеқорлығы, сарандығы жоқ, дос болған адамына аққөйлек ашық. Өзге көп туыстың оған теңелері жоқ. Оларды ойласа Абай, әсіресе, Оспанды жаңағы жақтарынан жоқтай түседі. Сол жанның ашылмай, жетпей кеткен армандарымен қатар, барарына бара алмаған қасиеті де болса керек еді. Осы жөнде Абайды өзгеше қинайтын бір жай ел-жұртқа қадірі артарлық не істеді? Не мінезбен халқы аза тұтарлық, ерлік көрсетіп еді?— десе... Онда Абайдың ойы жүдеу тартады. Бір рет жауыздыққа, жуанға қарсы шабуыл жасап еді... Онда да Абайдың үмітінен аулақ шықты. Кешегі жуан Құнанбайдың тағы бір қолшыл содыр-сотқары боп шықты. Оразбайдан халық кегін қуар десе, өз басының дұшпанымен бәсеке ретінде ұстасып өткен кісі боп кете барды. Енді міне, артына үлкен араздық пен кешірімсіз жаулық қана қалдырды. Абай осы туралы өзін де айыптайды... Оспанға бұл аға ғана емес, әке де есеші еді. Ол әкесінен гөрі Абайдай ағасына көп сүйеніп, сеніп өсті. «Абай неге дұрысқа бастамады, неге кесек қайрат адамын жақсылыққа нұсқамады?» деген даугер болса, Абай ақтала алмайтын сияқты.
Осындай өкініші мол, қапалық ойды ойлаған сайын Абай және де өз ішіне тығыла түседі. Үнсіз жүдеу жүздің астарында сондайлық әлек көп.
Әбіш келгеннен бері Ералыға екі күндей мол бата оқыршы тобы келді. Абай екі күн ұдайы Оспан үйінен шықпады. Әбішке де осы үйде отырып, аға зарын мұң етуге ұйғарғандай. Бұл күндерде Әбіш әкесіне де ұзақ-ұзақ қараушы еді. Сақал-шашының ағы биыл айқындап молая түскен Абайдың қазіргі мінез әдетінде де өзгеріс байқалады. Ол бүгінде өте аз сөйлейді. Осы қазаның салдарынан ұзақ жалғыздық ойына кеткендей.
Сол күндерде қасындағы достарына ақын Абайдың да тілі күрмеліп, барлық сазы сөнгендей. Қайғы, қаза Абайды соншалық сындырын «кеудедегі саулап жанған өнер отын да өшіріп кетті ме?» деген күдіктер Дәрмен сиякты дос інінің ойына жиі келетін. Бірақ сыртқа солай көрінсе де қайғылы Абай, ақын Абайды мүлде тыйған жоқ-ты. Көп жұрт Оспан жайын әр алуан айтып, жылаған шақтарда, Абай өзі де ақын тілімен іштей әлденеше жырлар шерткен.
Оспанның қимас қасиетін есіне алады. Оны ойлай отырып, бүгінгі тіріде, қатарда қалған кей туыстарды ойға алғанда, көңіл медеу таппай, ызалы жүрек ащы шындықты атап кетеді.
Қалған туыс мықтысы, күштісі кім? Тәкежандар ма? Оларда пасықтық бар, адамдық жоқ. Қарашы жауыздық бар, жарқын жүз жоқ. «Кім» деп сүйенер? «Не» деп жұбанар? Көбі тегіс ұры-қар. Ауыл менен үй ғана емес, қалың жұрттың қаскөйлері, ендігі өмір не болар? Ойласа да, барласа да ем таппастай. Сондайлық қайта шықпастай тұйыққа қамала түседі.
Осы күйде түйіліп, түнеріп қалған аға ақынның жайын жас достары көп ойлап, жиі сөз қылатын. Олар Абайды алаң етерлік себептер де іздейді. Өзара ақылдары бойынша, Әбіштің келуі Абай күйін өзгертер деп сенетін. Бірақ Әбіш келгелі үш күн болса да Абай әлі онымен кең, еркін сөйлескен жоқ. Жылап келген бата оқыршы ағайын қасында әрі өзі отырады, әрі Әбішті де осы жұрттың ортасында, Оспан үйінде көбірек отырғызады.
Тек үшінші күн кешке жақын Әбішті Оспан үйінен Дәрмен ертіп, көп ішінен жарып алып шықты.
Күн батуға тақаған кез. Батыс жақ кең қызыл арай боп, балқи толқып тұр. Ералының мол жазығы мен бұдырсыз алыс көкжиегі үстінде аспан әлемі ғажайып тыныш, шексіз кеңдікте.
Арқаның кешкі самал салқыны еседі. Қаралы үйдің қапалық мұңынан босанған Әбіш далада кеудесін керіп, ұзақтыныс алды. Ауылдан шыққан бойда екі жігіт өзен жағасына тартқан. Жүріп келе жатқан жолдарында шаң жоқ, тұтас тығыз аласа көк бетеге, жасыл шалғын бар. Табанын көк жалаған етіктер сырғанап, тайғанап, жүрісті ауырлатып отырса да, жастар езенге жетіп, оны бойлап төмен қарай ұзап, сөйлесіп кетісті.
Алдарында өзенге мүлде тақап, мінбелеп қонған кеп үйлі кедей ауыл бар. Соған қарап бет алып келеді. Дәрменнің Әбішке айтпақ сөзі бар екен. Ол және өз сөзі ғана емес, барлық жас-жаран, іні-бала сияқты Абай достары атынан айтылмақ сөз.
Оңаша шығысымен Дәрмен осы жайды бастай бергенде, Әбіш өз ойында жүрген ең соңғы, ең мазасыз жарасын ескергендей, шұғыл өзгерді. Бар қабілеті, қалпымен тұтас қана Дәрменге бағынып, тындап капты.
— Біз сені Абай ағама, бәрімізге ем әкеледі деп күткеміз, Әбіш. Өзіміз ауыр уайымын сейілте алмай қойдық. Бұндағыға қуат бер. Мен саған осыны әдейі айтайын деп ертіп шықтым!— деді.
Әбіш бұл сөзге көп шешіліп, жауап берген жоқ. Сөйлеп келе жатқан Дәрменнің жүзіне көлденеңнен жиі қарап, оның шыншыл түсіне ұната қадалды. Жылтыр қара қасты, үлкен көзді, кесек қырлы мұрынды Дәрмен анық сұлу жігіт. Қазір жүріс үстінде толқынып сөйлеу себебінен өң-ажары ақсұрланып, қыландана түскен. Ашық мандайында, кесек мұрнының жотасында және екі бетінің ұшында жылтырап білінген сүйкімді шұғыла бар. Бұл рең де Әбіш көзіне өзгеше жарастықты көрінді.
Бірақ Әбіш өзінің қазіргі мінезі туралы ашылған жоқ. Өйткені қайратты жас, еркек басымен өз ішіндегі уайым-қайғының жайын таратып айтып, көп сөз етуді лайық көрмеді.
Тек қана:
— Дәрмен, әкем туралы қамығуларың орынды. Ол кісіні бәріміз болып алаң етуді ойлайық!— деді.
Дәрменге Әбіштің бұндайлық аз сөзді тартымдылығы теріс көрінген жоқ. Шыншыл жүрек бар. Ол өзін іспен, мінезбен ашады. Сөзбен көпсіту, созбалау бұған да жақпайды.
Енді өзен жағасына жақын отырған ауылдың екі-үш иті үріп, бір-екі барақ жүн, қарала қаншықтар алдарынан жүгіре шығып еді.
Екі жігітті көріп қалған үш-төрт еркек бала да бұлардың алдарынан шықты. Бұрын сәлем берген алдыңғы жеті-сегіз жасар бала. Оған Дәрмен де жылы шыраймен қарады.
— Рахымтай, атаң үйде ме?
— Үйде емес, есік алдында отыр!— деп, Рахым ұяла тұрып жауап беріп еді.
Әбіш пен Дәрмен де және Рахымның жолдас балалары да күліп жіберісті. Рахым ұялғаннан қызарып, бір қолымен екінші қолының тырнағын тазалаған боп, шұқынып қалды.
Бұндай ұялшақ, таза, момын бала Әбішке анық ұнады. Танауының ұшы тершіп, қап-қара көздерін үлкендерге қиғаштап, қысыла қарап тұрған қоңыр баланың беті-жүзі де сүйкімді екен.
Дәрмен бұны сыртынан қапсыра құшақтап, бауырына басып еркелеткенде, Әбіш те жылтыр, таза, тықыр шашынан сипады.
— Рахым, сен кім баласысың?— деп еңкейді.
Төре аға Әбшті бұл ауылдардың бар баласы сырттан білсе де, жақыннан көп көрген жоқ-ты.
Қазір Рахым:
— Атамның баласымын?— деді.
— Біздің Дәкеңнің кенжесі! Көп баладан жалғыз тірі қалғай көзі де осы ғой!— деп, Дәрмен түсінік берді.
Сезімді бала Рахым бұл сөздерден де қысыла түскен-ді. Ол Дәрменнің құшағынан бұрылып шығып, босап алды да:
— Дәрмен аға, атама сіздерді айтайыншы!—деп сылтауратып, үйге қарай жүгіре жөнелді.
Рахым қалың жатақтың көп үйлерінің ішінде қоңырқай, бірақ сырты бүтін, кішілеу үйге қарай тартты.
— Дәкеңе сәлем берейін. Көп елден бұрын бұл кісіге кездесуім ақыл болар. Сыншыл қарттың көреген көзі тағы нелерді біліп, бағып отыр екен?— деп, Әбіш әзіл аралас сөйледі.
Дәркембай өз үйінің көлеңкесінде қызыл тайтерінің үстінде ағаш шауып отыр екен. Қолындағы өткір шапашоты шапшаң сермеліп, үлкен қайың қолағаптың сап жағын қырлап, мүсіндеп жатыр.
Салқын кеште қатқан қайынды өткір шотпен қарш-қарш ұрып, жаңқалап мәнерлеу, ісмер адамның бәрін де қызықтыратын іс. Бұл бейнет емес, ермек тәрізді. Әсіресе, Дәркембайдай шебер адам шапқанда шапашот әрі алғыр, әрі жеңіл қозғалады. Қолды өзі жетелеп, лыпып тұрғандай.
Әбішпен жақсы шырайда амандасқан Дәркембай ісін тоқтатқан жоқ.
Оның қалетсіз, қажырлы қимылына қызыға қараған Әбіш те қасына отырып, күнде көріп жүрген кісідей сөйлесе бастады.
— Дәке, саушылығыңыз, қайратыңыз әлі де жақсы ма дейім. Олжаның үлкені осы екен!— деп еді. Дәркембай Әбішке сәл ғана көз тастап, күліп қойды.
— Қарағым Әбіш, әкең екеуіңнің сөзің бір жерден шықты-ау. Анада өзіміздің бір жатақтын арбасы сынып, соның тегер-шігіне шабақ салып жатсам, Абай келіп: «Бәрекелді, қайратыңа ырзамын. Олжаның үлкені осы саушылығың, қажырың» деп қояды. Мені «мойыма, беріспе. Тіпті, көнбеген соң кәрілігіне де көніспе»... дейді. Жақсының ең алдымен адамға, әсіресе, біздей олпы-солпысы көп адамға, тілеуі жақсы болады!— деп Дәркембай қолағашты аудара қарап, өлі де қағаздай мін қалдырмай мүсіндеп отыр. Шапашотын сілтей отырып Әбіштен:
— Оқуың бітті ме, Әбіш? Елге мүлде келдің бе, жоқ, тағы ұзап кетесің бе?— деп сұрасады.
Әбіш биыл тағы да Петербургке барып, келер жыл оқуды тамамдап қайтатынын айтты. Содан ары да үйге тұрмайды, қыз-
мет алады. Оның бабы қалай бұйырса, солай сапар шегетінін білдірді.
Дәркембай:
—Тағы да кете-кете берем десеңші!—деп, біраз үндемей қалды.
Әбіштің елде тұрмай, басқа жаққа кететінін анық ұнатпай отыр.
— Мен өзім, Абай сөзінен оқудың жақсы екеніне ден қойған кісімін. Әсіресе, орыс оқуы көзді ашып, көңілді ағартса керек. Қол-ды да ұзартады ғой. Осы жатақтан Абай апарып оқуға берген бір-талай бала бар еді, соның орысша оқығаны тегіс адам боп, өсіп қапты деп есіттім. Анау, Молдабай баласы — Дәнияр, Мұздыбай баласы, тұу-тұу, Шағандағы қырғыз баласы — Омарбек деген... - бәрі де білім біліп, ілікке де жарап қапты деседі. Мұсылманша оқуға түсіргені тағы бар еді. Садуақас, Қасен, Самарбай дегендер. Олар да енді аз-аздап пайдасын тигізе бастады. Садуақас осы жатақтың, мына менің Рахымымдай қарашұнақтарын жиып алып, әйтеуір, қол хатын болса да үйретіп жүр. Білгеннің бәріне мұқтаж ел емеспіз бе, біз қазақ деген! Ол түгіл, осы кәрігілігіме қарамай, қолым іс білгендіктен маған да ділгер болады!—деп, өзін-өзі аз мысқылдап қойды.
Дәрмен Әбішке сәл түсіндіре түсті.
— Бұ кісінің ісі өзі қомсынғанмен, тап мына жатақ үшін үп-үлкен өнер боп алған, Әбіш. Қысы-жазы арба-шана, соқа-сайман, күрек, шот, балта, орағын үнемі баптап беретін осы кісі.
— Қазан-аяғына шейін жамап-жасқайтын жамаушысы болдым ғой...
— Қысқасы, қара темірдің де, ағаш аспаптың да түгел ұстасы болып кетті. «Қартайғанда кәрі тарлан жорға шықты ғой» деп, жатақ мақтап та қояды... Өзі де мақтанды сүйетін шалым еді. Жасы жетпіске кеп қалса да, дәл сол жұрттың мақтауы қанат бітіріп, өз басымен күн көріп қалтақтап келе жатыр ғой. Үлкен оқып, білген былай тұрсын, сәл өнердің өзіне де қазақ баласы құштар дегені со ғой...— деп, Дәрмен ағасын әзілдеп қойды.
Дәркембай Дәрменнің әзілін аңғарды да, бас изеп, күліп алды. Бұл екеуі жас айырмыстарына қарамай, тең достарша қалжындасып, қағыта берісетін.
— Е, несін айтасың, қарағым Әбіш-ау! Шапашот, балға ұстап әрекет еткен мені былай қой... Жаман-жақсы болсын, менің қобалақтағанымнан арба, шана шығады. Ол түгіл, кейбіреудің домбыраны соққылап «әрий-айдай, бойдай талай» деп бой жасап айтқанын да өнер көріп, телміріп жүрген қазақ бар ғой!— деп, Әбішке көзін қысты.
Дәрмен мен Әбіш күлісіп қалды.
— Жата тастауын көрдің бе? Оң жамбасына келсең, мінезі әлі шәлкес бұ шалыңның!- деп, Дәрмен ағасына қызыға қарап отыр.
Дәркембайдың содан арғы айтпақ келелі сөзі тағы бар екен. Енді Әбішке соны айтып кетті.
— Оқуларың жақсы-ақ-ау! Бірақ осы оқып алып, елге қайтпай, қатыбас боп кете баратындарың жаман. Анау Молдабай баласы енді қызмет бабымен Тәшкентке кетіпті. Сен болсаң, тағы сүйтем деп отырсың. Осыларың-ақ көңіліме қонбайды. Сендерді атаң-анаң оқытты. Елі-жұртың желкілдеп өскен жемісіндей күтті. Жә, сол қызығынды еліңе неге әкеп бермейсің, түгі!? Өзің біліп, өзің ғана жетіп, жетісіп кете бермек пе едің? Артыңда қараңғы сахараң, надан бауырың, жеткіншектерің қалып жатыр. Осыларды бастап, ел ортасына кеп отырып жарығынды неге төкпейсің, айналайын... Көрші, әне! Бір Абай осы атырапқа қандай жарық сәуле төгіп отыр. Тіпті, әлгі әліпті таяқ деп білмейтін Баймағамбетіне шейін қасыма келіп бір түн түнеп кетсе, жанымнан ен дария ағып еткендей көп сусындап қаламын. Маңына ұрық шашпаған жақсылық — жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалмай ма? Жетсең жеткіншегіңмен, үйелменіңмен жетуге тырыссаңшы... Тіпті, қасқыр екеш қасқыр да сол қасқырлығын қостасын деп ұя салып, тамағындағысын жырып беріп, көбейтіп күшік есіріп, өз өнерлерін мұрагерлеріне қалдырмай ма?— деді.
Әбішті соңғы мысал қатты таңырқаты. Ол таңдана отырып, еріксіз бас изеді.
Өз ішінде жүрген, әлі әкесіне де ашпаған бір ойлары болушы еді. Сонда Әбіш «ел ортасында отырып, орысша оқуға жас буынды тәрбиелесе қайтер еді» дейтұғын. Мынау сын сездер, осы Әбіштей азаматқа халық айтатын, артатын ең ауыр қарыздай... Жас жігіт қарттың сөзін құп көретінін білдірді. Бірақ «өзім солай етем» деген байлау айтқан жоқ.
Осы кезде азын-аулақ сауынын сауып болған, саркідір тартқан Жаңыл есік алдына келді. Қолында екі шелегі толы сүті бар екен. Дәркембайдың өзінен жасы көп кіші әйелі, Рахымның шешесі Жаңыл—тұл отырған Бекенші жесірі еді. Дәркембайдың алғашқы әйелі өлген соң, Жаңылды ағайын жатақтар болып осыған ұйғарған да, екеуін қосқан болатын.
Бұрынғы әйелінен көп бала туса да өле беріп, Дәркембайдың ең ауыр арманы бала болушы еді. Жаңылдан Рахым туды. Мінез, достық жағынан да Жаңыл Дәркембайға көрілік шағында ойдағыдай үйлескен адам болды. Ол ерінін жақсылығын. ағайынға
қадірлі қасиетін анық ұқты. Өзі де бұны қадірлеп үлкен тұтып, шын тілеумен қосылған дос бола білді. Жаңа өмір отын жандырғандай болды. Рахым туғалы ерлі-зайып тіршіліктері, тіпті, гүлденіп кеткендей. Жалғыз кенжесі өсіп, «қаратабан» боп, адам бола бастаған Дәркембай, тіпті, қайта жасарғандай болды.
Енді бұрынғыша, Абай айтқандай, күйік шал бола бермей, тірлік еңбекке де ынтасы өзгерді. Әсіресе, Рахым үшін, Жаңыл үшін жақсы еңбек етіп, жаңаша күн көруді өзіне қарыз көріп алды. Жаратылысында өмірдің оты мол, қажырлы, күшті, санасы да қуатты Дәркембай алпыстың ішінде қайтадан өз белін өзі көтеріп, үлкен қасиет тапты. Ол осы бар жатақтың ұстасы, іскері, табыскер, талмас шебері боп алды.
Бұның ендігі тіршілігі осылай түлетіп, қайта қанат бітіргенін жақын достарының бәрі аңғарды. Әсіресе, Базаралы мен Абай айқын таныған. Сонымен Абай жыл сайын соғымына бір жәрдем етсе, жаз сайын өз үйі Жаңылға деп бір сиыр, екі-үш бие сауын жіберіп отыратын.
Дәркембай әйелі келген соң жұмысын доғарып:
— Жаңыл! Үйіне қонақ кеп отыр. Қандай қонақ! Менің жай-күйімді білем, сәлем берем деп келген ғой Әбіш. Рахым екеуің барып, мал әкел. Қазан-суынды әзірле!— деді.
Жаңыл да іркілген жоқ. Келісімен Әбішпен жақсы амандасып:
— Қалқам, Әбіш-ау, қара жерге отырып қапсындар ғой! Тұрыңдаршы, орын жайлап берейін!— деп, шапшаң қозғалып, үйден таза сырмағын әкеп жайды.
Ерінің жаңағы сөзін осы әрекет үстінде ести сала:
— Ол сөзді сізден бұрын Рахым айтқан! Қой сауып отырған маған жүгіріп келіп... «Апа, бол, қой сауғанынды қой. Кіші ағам қонақ ертіп келді. Бол, тез!» деп, мені қолды-аяққа тұрғызбай сол әкелген жоқ па!—деді.
Рахым ұялып, шешесін түрткілеп, «айтпа, болды, қой» дегендей оралып жүр. Қонақтардан бетін жасырып, шешесін тасалай береді.
Дос-жар, қонағуар үйдің іші әзірлігін жасай бастаса да, Әбіштің бұларды шығындатқысы келмеді.
— Жоқ, Дәке!.. Жоқ, жеңеше! Малды ауызға алмаңыз. Малды қойыңыз. Біз қайтамыз, Тек шай-пай ауыз тисек болды. Тіпті болмаса, әдемілеп сүт пісіріп беріңіз. Мен еттен де, кейде қойдың сүтін артық көрем!- деді. Дәрмен билік айтты:
— Дәке, жеңеше! Әбіштікі рас. Келгелі өлі әкесімен де кең отырып сойлеее алған жоқ. Бүгінгі кеш ауыл қонақтан саябыр еді.
Абай ағам Әбішпен сөйлесуге тосып отырған болар. Бәрінен ақылы, қазір жеңеше сен шапшаң «ақ ірімшік» жаса, соған балқаймақ қос. Сөйтіп, қазақтың «ақлақ» дейтін асын әзірлеп бер. Мен білсем, Әбіш соны Петерборда күнде жеп жүрмеген болар.
Әбіш бұл сөзді қатты қостап:
— Содан рақат ас жоқ. Күнде жемек түгіл, жылында бір жемей ем. Өзі сағынған асым. Жеңеше, соған кіріс!-деді.
Бұл үйді өз үйіндей етіп, билей сөйледі.
Аздан соң кеш қараңғысы атырапты кезден жасыра бастағанда, еркектер үйге кірді. Үй ішінде құрғақ тезектің оты маздап, кішілеу қазанның түбін жалап, ернеуін де шарпып аймалап, жанып тұр екен. Төрге сырмақ, көрпе салынған.
Дәркембай тыстан бастаған әңгімесін айта кірді. Сөз Әбіштің сұрауы бойынша жатақтың жайына ауысқан.
— Бұл жатақ елін, Әбіш шырақ, соңғы екі-үш жылда тағы тұралап қалды ғой. Тұралатып кетті, ондырмай тұралатты ғой, бұл екі-үш жыл...—деп, Дәркембай сөйлей жүріп, аласа төсек жанына отырды.
Әбіш оның қасына тақау жайғасып, қарттаң көзін алмай үнсіз отыр.
Қазір ол Дәркембайдан бұрын сұрамаған бір сөзін сұрап қалды.
— Дәке, менің сізден сұрайан деген бір сөзім бар. Осы жатақтың немесе анау Жігітек кедейінің дәл сонадағы, шабуыл үстіндегі мінезі қандай болды? Аузынан жалын атып тұрған Тәкежанның қалың қосын қуып алғанда, кедей атаулының өзі не ойлады?— деді.
Дәркембай Әбішке сынаған сияқты емес, сүйсінгендей қарап қояды.
— Ойынды дұрыс ұқсам, «сондай сын кезенде ел дегеннің де тамыры танылады ғой. Соны қалай аңғардың?» деп отырсың ғой!— деді де, біраз қозғалыңқырап, қазан астын қағыстыра түсіп, сөйлеп кетті.— Айтайын... Айтсам және жаппай жатаққа ырзалығымды айтамын. Тіпті, Жігітектің Базаралыға еріп аттанған бар кедейінің де мол қасиет көрсеткенін айтамын. Ол өзі бір бөлек ұран боп шықты ғой. Анық сіңірі шыққан кедей ұраны еді. Кейін аңғарсам, сол қимылды Базаралы бастамапты. Елдің зығыры қайнап, уыты жеткен өз ашуы бастаған екен. Осы момын, бейнет-қор қара халқың сол іс үстінде дүр сілкінді ғой!..- дегенде Дәркембайдың көз ажары отқа толып, жайнап ашылып кетті.— «Бір Тәкежан емес, сан Тәкежандар бар-ау! Осы қыс бойы асқындай соққан ақ борандай боп, сойқанды бір сала түссек!» дегенде, көп азаматты өзім екеш, өзім де танымай қалдым! Қалада бәле ұлғайып, жер де айқай, көк те айқай боп кеткен соң «тәк-тәкпен» зорға ұстап қалдық. Базаралы болса көп үшін барды да жалғыз басын талауға салды. Бірде-бір артына ергенді ұстатпады. Өзі де қылыштың жүзіндей қатердің үстінде жүрді. Ол үшін сират көпірі болмады ма? Соның берін ойлап, басып қалдық Абалғазы екеуміз. Болмаса, «Өртейік те өртенейік! Бұл қарғыс күнге сонымен қош айтайық!» дегенде, дәл осы жатақтың жас бола, желекті келініне шейін тас түйін, бекініп алмады ма!— деп, өз ортасына, әсіресе, жатағына ырза екенін бірталай таратып айтты.
Тағы бір оралып, сүйсініп әңгіме еткені Жігітек кедейінің жайы еді:
— Ерді ел туғызады. Айналасы, ортасы отсыз болса, жігіт отты қайдан алады? Базаралы билікке отырып, ел ортасына есті-меген өкім жайын әкелді. Тәкежан жылқысының тұяғына екі бестіден беретін болды. Соны дәл бір ғана көктемде бермесе, жалғыз Базаралы емес, сан азамат сорлайтын болды. Осыны көрісімен Жігітектің және осы жатақтың бәрі бірдей тағы тістеніп, шыдап тұрып берді. Кешіп жүрген азын-аулақ күнкөргіші бар ел жатақ боп, оқ тигендей жер бау ырлап жатып қалды, Бірақ қыңқ етіп, сыр берген жоқ. Әл-ауқаты бар ер-азамат. Ертіс бойлап, орыс ішіне пайдаға, жалдамаға кетті. Тек, әйтеуір, ел бірлігінен, қайсарлығынан танбады. Осы екінші сын ұзаққа созылған анық ауыр сын еді. Бұл кедейің соны да көрді. Көрді да көтерді. Осыған шейін жеткен көп жасымда, бейнет еліне барымша ырза болғаным сол. Шындап келсе, орнын біліп бастаса, килігер жауын анық танытып берсе, бұл ел сорлы неге болса шыдайды екен. Қалың сауырлы қара нарым екен дедім ғой!.. Содан бері жоқшылық айыққан жоқ. Қайта жыл-жыл еайын жаншып отыр. Бірақ не керек, сол бір сын белімді сындырмады. Тіпті, белімді көтеріп кетті. «Тәңір-ай, ендігі анау-мынау жоқшылық қысымы бұйым ба?» деген тәуекелге келдім. Тіпті, осы айтқаным елдің де сыры, әзімнің де шыным, балалар! Менің жетпіске келе бере қолөнерге, іскерлікке табынып отырғанымның да сыры сол!- деді.
Әбіш Дәркембай бойындағы қасиетті тамаша етеді. Осыны ел сыпаты деп ұғына отырып, Базаралыға да өз ішінен шын құрмет сездіргендей болды.
Дәркембайға үлкен бір достық сеніммен бейіл берген Әбіш, қазір орыс халқының крестьян қимылынан, ереуілінен де әр алуан әңгімелер айтып берді. Жердің тарлығынан, әкімдер зорлығынан, жуан содыр байлардың ата-анасын құл менен күң етіп келген қор-
лығынан бұлқынып, ашуға басып, үлкен қарсылықтар жасайтын орыс крестьяндары өте көп екен. Олардың өз елдеріндегі жуан-дарымен, әкімдерімен алысулары бірнеше жүз жылдар бойынша үзілмей келеді. Сол қатарда Екатеринадай қатын патшаның дәл өзіне қарсы Пугачев алысып, қарысып өткенін баян етті. Осы соңғы заманның өзінде, дәл соңғы он жылдың ішінде көп ояздар-дың крестьяндары алысқа шығып, тартысқанын айтты. Жиыны алпыс губерниядай өлкелерде үш жүзден аса крестьян соғысы, қарсылығы болған екен,— дегенде, Дәркембай сүйсініп отырып, ұзақ күлді.
— Сөз-ақ-ау, біз мынау Базаралының былтырғы ісін «жүз жылдың бойында кедей үраны мүндай боп, кек атқан жоқ» деп ёк. Қараңғы бір түкпір ғой қазақ даласы дегеніңнің өзі! Нені білеміз? Біз осынымыз әлдеқандай десек, алпыс күбірне дейсің бе, қарағым-ау! ? Оның өзі бір патшалық қой жатқан! Сонда үш жүз рет шоқпар көтеріп қарсы болғанда, оның әрқайсысы кем қойғанда, біздің Базаралының ісіндей ғой! Сөз-ақ екен! Түбі еңбек шыққан жерден, төзім де шығады-ау, балам, мол шығады-ау! Іргелі де ел, үлгілі де ел ғой осы орыс! Абай «өнерді орыстан аларсың», «орыс деген өріс» деп «кейінгі нәсіл ұғады» дейді. Текке айтпайды, танып айтады-ау осыны,—деп, Дәркембай сөзінтүйді.
Әбіш енді Дәркембайдан Базаралының бүгінгі жайын сұрап еді.
Дәркембай Шүйгінсуда жатақ боп қалған кедейлер жайын да айтты:
— Тәкежанның бар алымын түгендеп беріп құтылса да көп кедей әлі күнге жуан атаулының көз қырынан қақас қалмапты. «Неге тентіреп кетпейсің?», «Нете есігіме қайыр гілеп келмей-сің?», «Іріп, тозып, шашылып кетпей, әлі де ел болғансып, бас құрап неге отырасың?» дейтін болса керек. Әсіресе, Тәкежан, Әзімбай, Майбасарлар әлі күнге қағып-соғып, нұқып кетіп жүретін көрінеді. Ол мінезін біздің жатаққа да үнемі істейді. Тек құдайға қарағаны емес, Абайға азын-аулақ жалтақтағаннан тірі қойып жүр. Болмаса, «кеше қосымды қоса шабыстың, үйелме-ніңмен өртесем ғана рауа» деген сөзді Әзімбай, дәл әзіме бір емес, үш рет айтты. Әлі де жерімізді жеп, егін-пішенімізге жылқысын түсіріп, қырсығын үдайы тақап жүреді!— деді.
Базаралыға қайта оралғанда, Дәркембай тағы бір сүйсінген сөзінайтты:
— Оразбай деген соқыр пері бар емес пе? Былтыр Оспаннан көргенін көрге кірсе ұмытар ма! Бір жағынан соқтығатын жауын
белгілеп, бір жағынан соған қаптатам деп, тыныс алмай жасақ жиып жүр дейді. Жалғыз Шыңғыс емес, көрші Бұғылыдан, ар жағындағы Шағаннан да қолшоқпар болатын жуан-жуан тамырлар тауып жүр. Былай өтіп Қоңыр-көкшеден, қалың Мамайдан, Мырза Жөкеңнен де дамыл алмай кісі тартып жатыр. Тобықтының ішкі шебін өзінікі етіп алу үшін Жігітекке тағы шырға тастайды. «Құнанбай баласының өз арасын ірітсем» дегенде көкірегі қарс айрылады. Осындай есептің біріне жаратқалы Базаралыға кісі салыпты. Жақында Абылғазы келіп кетіп еді. Базаралы өзінің бар жауабын, жау сырын маған әдейі сәлем ғып айтып жіберіпті,- деп насыбайын иіскеледі.
Жаңыл бұл кезде асын қамдап, шай жасап жүрген. Дәрмен ағасының сөзін Әбіш түгел естісін дегендей, бұл әңгіменің үзілмеуін қостайды. Соны ойлап, Әбішке Дәркембай сөзін ұғындыра түсті. Ағасына да «айта бер» деген белгі сияқты.
— Базекеңнің бұл кісімен бар сыры аралас жақын адам ғой. Біле берсін және Абай ағама да білдірсін дегені болар!
Дәркембай Дәрменнің зеректігіне ырза боп қалды.
— Бәсе, дұрыс айтасың. Сыртынан қапсыра құшақтағалы жүрген жау бар. Абай «қапыда қалып, опықжеп жүрмесін» деген болар. Өзінің жауабында: «Оразбайға сәлем айт. Мені маймыл етіп, өзі түлкі болмақ қой. Маймылды түлкі жолдас қып жолға ертіп шығыпты. «Не көрсек, бір көреміз. Нетамақ кездессе, бөліп жейік» депті. Келе жатса бір темір қақпан жатыр. Ортасында қып-қызыл ет тұр екен. Түлкі маймылға: «Қонақсың, жаңа жолдас болғаның осы, жол сенікі. Анау етті сен жей ғой!» депті. Маймыл қақпан сы-рын білмей, басып қалса, аяғын шауып қалып, темір қақпан ұсташы да қалыпты. Түлкі етті өзі қағып жейді. Сонда маймыл зарлап: «Не болдым, сорладым ғой!» десе, түлкі жұбатып өсиет айтыпты ғой... «Екі түрлі бақ болады. Біреуі — басқа, біреуі - аяққа қонады. Мынау саған қонған сол! «Тепкілесе кетпейтін темір бақ» деген осы» депті. Сол айиқандай, Оразбай «Жігітекті алдадым» деп жүр ғой. Алдағаны рас болса, мені тепкілесе кетпейтін темір баққа жеткізген. Мешеу боп елім жатыр. Төсекке таңып, табжылтпай басып, белім жатыр. Темір бақты тапқан кедей көп еді ғой. Соның бірімін. Желігім жоқ, желі болмаған соң, бәлем де жоқ. Елігерім де жоқ. Және «араз бол, жау бол» деп маған қарсы қоймағы Абай ғой. Біз Абаймен жау емеспіз. Сан сындар болған. Абайға қарсы азғаным жоқ-ты. Әлі де азбаймын. Ағайын енді менен аулақ жүрсін!»— депті.
Дәркембай әңгімесін айта отырып, «ақлақты» Әбіппің алдына тақап қойып. қонақтарын кең пейілмен сыйлауын да ұмытқан
жоқ. Табақ жиылып, шай ішіліп отырғанда тағы бір сөзін қоса жеткізді:
- Абылғазы айтады. Оразбайға осылай жауап бере отырып, «Күндердің бір күні болар. Тірі болсам, Абайға ендігі Жігітек баласының жаулық істемей, дос болып, қасынан табылғанын көрермін. Сөзім Бейсенбі, Әбділдаға өтпес. Бірақ олардың азғырындысымен жүрген Жігітек баласының, тегі, есі кіріп болар. Сонда менің өсиетім дарыған кедей туысымның шебі тұтасып, саны молайғанда, Абаймен тегіс елім болып табысар. Артыма тілек етіп, тастап кететінім де сол өсиет. Туғанымнан бері бүгін, міне, өлмелі күніме шейін Ырғызбай мен Жігітек жуандары елмен елді қоспай, арасын ашып келеді. Оразбай, Жиренше Абайға қарсы жау жинағанда, Шыңғыс елінде анық табан тірерім Жігітек деп отыр ғой. Бірақ бүгінгі Жігітек, бұрыңғы Жігітек емес. Бұл — момын, кедей, еңбек көксеген Жігітек. Оның жауы Абай емес... Досы Дәркембайдың жатағы екеніне көзі жетті...» депті. Бұнысы Абайға да, маған да мегзеп жатқан бір өріс деп ұқтым!
Көп елдің арасына көп дәнекер тастап жүрген жаулықтын шоғы бар. Соны қырағы көзімен көріп, біліп отырған Дәркембай Әбіш арқылы Абайға білдіріп отыр
Қаладан келген, оқу-білімі бар, тың қуат, қайраты бар балаға дос қарт әдейі айтып отыр екен.
Әбіш бұл жайды жақсы түйді. Дәрмен екеуі ел жата далаға шығып, Ералы жазығымен қайта аяндағанда, сол сөздердің жалғасын өзара созып, ұзақ әңгімелесіп кетті.
Жырақтау жерде қалың ауылдың кешкі оттары көрінді. Түн жым-жырт. Жел де жоқ. Бірақ сәл ғана білінген сыэды салқын бар. Толған ай дәл төбеде биіктеп, нүрлана жаркырап тұр. Жүлдыздар да алыстан, ұзақ үшқын шашылғандай сәл ғана жылт-жылт етеді. Бірақ аспан әлемі ерекше кеңейіп, шексіз жиһан барынша ғажайып, жайнап тұр. Көрмеге шыққан сиқыр ғалам, әлсіз адам ойымен, қиялымен ойнағандай. Көз шарасына, ақыл-санасына сыймастай алып, барлық адам ойын осы бір тынып барлап тұрған ұлы тыныштығының өзімен де кішірейіп, тозандай елеусіз етіп, бағындырып тұр.
Жарық айлы түн дүниесі адамды әлсіз, болымсыз, қыбыр құрттай етіп, жүдетіптонайды. Астрономиядан хабары мол Әбіш, жүлдыздан планеталарды айырып қарап, әр жүлдыздың өзі бір күн системасындай өлшеу, мөлшер жеткісіз әлем екенін ойлай түсті. Сондай жүлдыздар миллиард болғанда, жер бір-ақ қат нүктедей. Ойлаған сайын біржола жердің өзі түк емес екенін еске алды. Ондағы адам ше? Әлдеқандай Тобықты ше! ?
Әбіш мысқылды жүзбен ақырын ғана үнсіз жымиды. Бір кезек ол жер үнін, тынысын тындайды. Анда-санда салмақпен үрген иттер даусы келеді. Бірі алыстан, бірі бертіннен кезектеп үрген, бір шеттен бір шетке үнмен хабар етіп жатқан түнгі тірлік белгілері. Оқта-текте күзетші еркек үні, қысқа қайырған айтатын атайды. Жіп-жіңішке, таза дауысты келіншектер, қыздар айтағы да еміс-еміс келеді. Арқаның түні көкшіл емес, қара көлеңкелі қараңғы болады. Бірақ дәл бүгінгі түн олай емес. Өзінше бір алуан көкшіл бозғыл түн.
Жастар келе жатқан жазықтың шалғынды жері қара барқын тартса да, бетегелі, көделі көп аймағы қылаңытып тұр. Ай сәулесі астында ақ желендеп, күлдібадамданып, айқындамай бұлың береді.
Тыныш түннің боз көделі даласы сыбдырсыз, үнсіз, құбылып толқып жатқандай. Ай астында ақшыл дала қызусыз, жарықсыз бір бұлдыр сәуле сездіреді. Фосфор сәулесіндей еміс сәуле. Жусан, тарлау, қазотының иістері де ауық-ауық демді шалады.
Дәркембай әңгімелерінен ауыр ойлар алып шыққан Әбіш ауылға жетуге асыққан жоқ. Біраз үнсіз, күрсіне түсіп, дүниені тамашалады. Сағынған ел, сағындырған жайлау шақтырында осындай түндер оған, есіресе, қайта оралмастай, енді қайтып бұны толқытпастай көруші еді. Олай емес екен. Егер көңілді кірбең ой баспаса, бүгін Әбіш атқа мініп ап, ағындап шапқылар еді. Тынымсыз ойнақ салып, еркіндеп көсіліп, ыстық қызық, белгісіз бұлдыр бір түн түманын қуалар ма еді! Түс түманындай жұмбақ шақты барынша қызықтар ма еді! Әлденеге, әлдекімге душар болуды іздер еді...
Сондайлық, сәт сейілген жас көңілмен Әбіш көптен өз көңілінде келе жатқан қиын жайын сұрады.
— Жә, Дәрмен, Мағрипа қалай? Оны неге айтпайсың?
Дәрмен іркілген жоқ.
— Мағрипа бұрынғы қалпында ғой, Әбіш! Өзгерген еш нәрсе жоқ. Мағаштың хатынан бәрін өзің біледі деп айтпай келем ғой!
— Мағаш хатын мен қыстың басында алғам. Одан бері де жеті-сегіз ай өткен жоқ па?
Дәрмен Әбіштің көңіліндегі күдігін дәл және тез ұғынды.
— Айлар түгіл жылдар өтсе, жылжыр ма екен орнынан! Енді аңғарып жүрміз, Мағрипа саған деген берік көңілден жаңылар емес. Былтырғы маған айтқан жалғыз ауыз сөзінді медеу етіп қалыпты ғой! Өзі саған аса ынтық тәрізді.
Әбіш бұл сөзді бөліп, жеңіл күрсініп қойды.
— Бірақ менің әлі де байлауым жоқ. Әлі де түз құсындай алыстамын ғой. Алдымда тағы бір жыл бар. Оның ар жағындағы тағдырды тағы кім біледі? Белгісіз күткізу әділетсіз көрінеді...
— Рас. Әке-шеше, аға-туыстары Мағрипаның жіпсіз тұсалғандай болғанына қысылатын болса керек. Бірақ біздің ауылдар кеңшілік береміз деп жүрген жоқ. Былтыр болмаса биыл... Тіпті болмаса, өзің айтқан ендігі жыл, әйтеуір, батаны бекітеміз деп жүр. Ал Мағышқа осы жазда үміт беріп, серт байласып кетпесең, ұзақ қинауға салған боларсың. Осыны ғана айтпақ едім. Мағрипаны ойламасыңа болмас, Әбіш!—деп, сөзін бітірді.
Әбіш бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Қайта үндемей бас изеді де, себепсіз ауыр күрсініп кеудесін ұстады. Дәрменге жауап қайтқан жоқ. Өз ойынша, сау болған күнде де, Әбіш дәл осы шақта өзінің үйлену жайын айта алмас еді. Оның ойына, бүгін кеште Дәркембай мен Дәрменнің өзінен білген ел дерті, әке қайғысы еріксіз оралды. Мағрипа туралы жаңағы Дәрмен білдірген ең соңғы жай да қинайды. Ол жөнінде жігіт енді бір байлау айтуға міндетті.
Бірақ ауыл қаралы. Әке жүрегі онан да жаралы. Және ол айналаның жәһил зұлымдығынан хабарсыз... Ол үшін де ойлану керек... Қиналып ойланып, ұғыну керек, Әбіш қамқор оймен ширығып асығады... Көзге көрінсе көп түйінмен қазір өзі күреске келгендей, ызаланып қыстығып та кетеді. Бір кез бұны үндемей барлап келе жатқан Дәрменді қолтықтап алды.
— Дәрмен-ай, бұл жауыздыққа жаза жоқ. Есіл сорлы ен сахараның иесізі-ай десеңші...— деп, күрсініп алды,— Оразбайды ел ішінде қостайтындар бар. Олар және көп, солай ғой, ә?
Түманды сезімді ойдың бәрін серпіп, бүгінгінің ауыр, күңгірт шындығына көшті.
— Солай екені рас, Әбіш, естідің гөй... Бірақ Дәкең іркіп айтып отыр. Одан естігенің тек шет жағасы десендіі.
— Ал Оразбайдан басқалар да сондай бәле қуған тынымсыз ба? Бұл Шыңғыс ішінде кімдер сондай?
— Кімдер дерің бар ма? Ол жандар алыстан, жақыннан да табылады...
— Алысы кім? Жақыны қайсы, екеуін де, сол екі шетін де айтшы!
— Мысалы, алысы — Жиренше, жақыны — тіпті, анау төбесі көрініп отырған өз аулың - Тәкежан.
— Тәкежан да ма? О да тынымсыз ізденіп жүр ме?
— Жоқ, оның жауығуы бір алуан. Ол әзір ашық емес, қарауыл қарап, нысананы әр жерден құрып жүр... Ал Жиренше, Орызбай қанша тынымсыз болса, бұл ел ішінде о да тап сондай.
— Не істеп жүр сонда?
— Не істегеніне көп айғақ айтпай-ақ қояйын. Тек бір ғана мысал сөзді тында... Осы көктемде, ел қыстаудан әлі көшпей тұрған кезде, Жиренше бір топ кісімен Асылбектікіне қыдырып кепті. Жазға салым сұр жесу, қыдырып қонақ болысып, сақтаған сыбаға жесу бар ғой. Асыл ағандікіне келе бере, амандасып болмастан Жиренше: «Б-е, байғызым, үнсіз, қыбырсыз жатырмысың, тастың түбінде... Түбін ойлап жатырсың ғой байғызша!» деп күліпті. «Байғыз үн қагпай, қыбыр етпей, күндіз жатып түнде ғана аз үшады. Неге қыбырламайсың сен» деп сұрағанда, «Мен түбін ойлап тыныш жатам» дейді екен ғой. Қазақ солай әңгіме етеді. Асыл ағаң бұлардың желіктірген сөзіне елікпей жатқан момын жанның бірі болу керек. Ананың бізге ермейсің деп кекеткені ғой. Асыл ағаң Жиреншеге іле жауап беріпті. «Е-е, сен де жүрмісің бәбісегім!.. Әр қидың түбіне бір барып бәбісек көкекше «пыс» деп қойып, Олжайды түргіп оятып жүрсің бе, бәбісегім!» дейді. Көрдің бе, Әбіш?— дегенде Әбіш те, Дәрменнің өзі де қатты күлісіп алды.
Әбішке айдарлы ала қанат, сақау көкек — бөбісек елестеді.
— Ойпыр-ай, қандай шебер жандар! Тіл қандай, тесіл қандай! Сәл ғана қағысқанда, ап-азғантай сөзбен қаншалық жайларды түйген екеуі де? Дөрмен-ау, бұл бос сөз емес, нағыз шебер арбасу ғой. Патшалықтар арасында үлкен елшілер болады, дипломаттар дейді оларды. Соғыс, бітім, сауда, талас-тартыс — бөрінің сөзін, екі патшаның арасында жүргізетін солар. Нағыз айлалы, айтқыш және өлердей қу тіл адамдар болады. Мына Асыл ағаң мен Жиренше соның нағыз шеберініңбірі гой!..—деп, тағы да танданып күліп келе жатып Әбіш бұрынғы ызасын ұмытып, кең бір түйін жасады:
— Сорлы өнерпаздар! Бұнша ақылды, бұнша айлалы шебер бола тұра, қайтіп шыдасын! Жақсылыққа жұмсар ма?.. Ол жақсылығың қайсы? Әрі надан қараңғы, әрі жабайы сахара анау. Күні тумай жүрген қу өнер!.. Жамандыққа жұмсамай қайда қойсын?— деді де, күліп жіберді.
Дәрмен Әбіш ойының оқыс сыны мен байлауына танданып келеді. Бұған Әбіш қазір ойшыл, сыншы боп көрінді. Ішінен оқу-білім ағартқан жап-жас жігіттің жақсылығын тамашалайды. Ол үлкен достық жақындықпен Әбіштің қолын қолтығымен қатты қысып қойды.
Енді бір кезекте Әбіш Тәкежан жайын сұрады. Дәрмен бұл арада бар білгенін түгел ашқан жоқ. Жақын ағайын арасында суық сөзді өсіріп айтқысы келмейді. Бірақ Әбішті мүлде хабарсыз қалдыру да дұрыс емес. Анығын Мағаштан ұғына жатса да, ол қазір Дәрменнен де көптің ішінде жүрген кей жайды білу керек.
— Тәкежан ағаң тәсілде жүр дейді... Анығын көзбен көрмеген соң айту қиын... Ішінен азып алса да, аңысты андап, өзінше бір сылтау тосып жүр дейді ғой...
— Бұл қалай сөз, Дәрмен? ¥ғымсыз ғой...
— Қысқасы, Абай ағамнан айырылысу, мына қаралы жылда масқара болар еді ғой. Содан жасқанады. Екінші жағынан, Оразбайлар: «Ада-күде сөзін берсін. Істейтін ісіміз тақау. Қосылмаса сырт қалғаны»...— деп асықтырады екен. Содан енді Абай ағаммен өкпелесіп айырылысудың сылтауын іздепті. Дәл осы кезде сол сылтауды тауыпты деседі.
— Не сылтау? Қандай қылықты бағады екен?
— Сылтауы — Оспан үйінің дүние-мүлкін үлеске салу жөнінде!..
— Үлеске?! Оспан ағам жылы толмастан, көзі жасырынып болмастан ба?
— Несін айтасың! «Айырылар дос, ердің артқы қасын сұрайды» дейді ғой. Абай ағама осы жөнде ең ауыр салмақты салып-салып қинап отырып, сондайдан бір өкпе, сылтау тауып, содан ары жаулар жағына шықпақ, дейді. Онысы не сөз, не жұмыс туралы болады? Бұны енді аз күндегі іс пен мінезден өзің де көрерсің!— деп, Дәрмен іркіліп қалды.
Әбіш те енді арғы жағын қазбалаған жоқ. Ең ауыр түйінге сыр жеткенде, «қалғанын әкем мен Мағаштан ұғынган мақұл» деп білді.