Абай жолы. 1 кітап



бет48/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


1

Айсыз кеш қоңырқай ағаш үйдің қорасында қап-қараңғы боп тұнып қапты. Әсіресе, төбесі жабық, бүйірі ашық, лапас маңы күйедей қап-қара. Ондай тұстарға ұйқылы түн ұялағандай. Желсіз, жұлдызсыз аспан да қазір меңіреу қара... Жерге мүлде ентелеп төне түскен тәрізді. Тек қана қаланың иттері тыным тапқан жоқ, бірін-бірі қоздыра, өшіктіре, өршеленте үргендей болысады... Осыдан басқа Құмаш қорасының ауласынан білінген тірлік белгісі жоқ.
Абайдың қасынан асыға шыққан Дәрменнің демінде күрсіну білінеді. Үстіңгі үйдің биік басқышынан бұның түсіп келе жатқанын алыстан аңдаған жолдастары, жылдам басып қарсы жүрісті. Бұлар төрт еркек, бір әйел. Бәрі де Құмаштың кең қорасының төр жағындағы төбесі жабық, баурайы ашық лапастың қараңғы көлеңкесінде отырғанды. Аттарын сол лапасқа жалғас салынған ат қора, складтарға жанастыра байлап, көлденең көзден жасырына отыруға тырысқан. Енді Дәрменді қоршай қалған жолдастарының ішінен ең алдымен Кәкітай шапшаң үн қатты.
– Не деді? Ұрысқан, кейіген жоқ па?
– Ұрысқан жоқ. Бірақ, аңдауымша, менің жайымнан бұрын да Абай ағам бір кейіс, күйініш үстінде отырған тәрізді! – деп, Дәрмен сәл іркілді де, жолдастарының аңыра күткен жайын есіне алып асыға сөйледі.
– Маған ұрысқан жоқ. Бірақ көп сөз де қатқан жоқ. Берік жайға жайғасып көріңдер! Ұлыққа арыз жазып, сол арызбен Мәкенді енгізуден басқа шара жоқ. Әбіш арыз жазсын, ар жаққа өтіңдер! – дегенді ғана айтты, – деп Дәрмен бұл үйден алып шыққан ақылы мен байлауын қысқа ғана сөйледі. Енді Мәкеннің қолынан ұстап жетектеп, атқа қарай тез басып ентелей берді.
Абайға Дәрмен мәлім еткен жаңа жары осы. Жұмбақ жайға тілек қосқан сұңғақ бойлы Мәкен еді. Ендігі істейтін іс-әрекет Дәрмен сөзінен анық болды. Дәрмен өз атына қарай беттегенде, Мәкеннің көк жорға атын шешіп әкеп, Әбді көлденең тартты. Бұл топта Дәрменнің қасына әдейі кеп қосылған сенімді серік, жұбын жазбас жолдасы – осы Әбді. Одан басқа көңілдес, дос-жараннан Дәрменнің осындай қысталаң, қатер сапарын бірге атқаруға, Мағашпен ақыл қосып ерген – Кәкітай, Мұқа, Әлмағамбет болатын. Сөйтіп, бес еркек, бір қыз боп қосылған азғана топ енді тез атқа мініп, іңір қараңғылығында Ертіске тақау көшелерді бойлап, желе жөнелісті.
Бұлардың алдында қазір бір ғана асығыс, тығыз мақсат бар. Осы түнде неғылса Ертістің ар жағына өтіп, үлкен қаланың бұлар ойға алған бір түкпіріне барып тығылу, жоқ болу. Азат жүрген жігіт пен оң жақта ата-ана бауырында өзінше әлі күнге еркінше жүрген қыз Мәкен, ендігі сәттерде қашқынға айналды. Бұлар қара түнді жамылып, қиын түкпірді сағалап, көлденең көзден жасырынады.
Осы топтың бәрінің ойындағы ендігі ең әуелгі үлкен бөгет – Ертістің үлкен суы. Ар жаққа өткізетін паром болса, ол бұл күнде тоқтап қалған. Басжатақ пен ортажатақта Ертістен өткізетін желқайықшылар болса, олар да кеш бата жүрістен тоқталады. Сөйтіп, күн бата Слободка мен үлкен Семей жағы қатынас – жалғастан үзіледі.
Қашқын жастар қалаға іңір қараңғылығымен аралас жасқана кіріп, өздеріне жаңағыдай бөгет те жасап алған. Сол жайын ескерген Абай, әлгіде Дәрменге өзінің көңілдесі Сейіл қайықшыны атаған да, соған сәлем айтқан. Аз уақытта Ертістің биік жағасында шатырсыз кішілеу қоңыр үйде тұрған Сейілді, Кәкітай қақпа қағып сөйлесіп, Ертістің жағасына алып шықты. Абайдың сәлемін естіген Сейіл көрші үйлерде тұратын екі жас жігіт күрекші-көмекшілерін ертіп келді.
Енді алты жолаушының қайыққа мінер шағында бар аты мен өздері Сейілдің кішілеу қайығына сыймайтыны мәлім болды. Ертең пароммен өзге аттарды өткізетін болып, қазір Әлмағамбет пен Мұқа бес атты алып жағада қалды. Қайыққа тек қана Мәкен мінетін көк жорға атты салып алып, өзге жастар суық түсті Ертіс өзенін кесіп, арғы жағаға тартты.
Мұқа мен Әлмағамбет бес атты қосарлап алып, басжатақтағы дағдылы таныс, жататын үйлеріне кетті.
Іңір қараңғылығының дәл осы шақтарында бұл топтан басқа және де қарбаласқан жандар бар. Олар әлдеқандай әлек қуып шапқылаған он шақты салт атты. Қазір осы топ аттарын қан сорпа қып желе шапқан қалпында, Слободканың басжатақ жақ шетіне кеп ілінді. Өкше ізіне қарағанда бұлар да Тобықтының Слободкаға кіретін керуен жолымен төпеп кепті. Осы кештің тыныштығын қатты жүрген аттарының дүбірімен және ызалы қыжыл сөздерімен бұза ұмтылады. Қараңғы түнде болса да, бұлар бір сүрлеуді әбден аңғарып шапқандай. Қала ішінде осы топтың да ең алғаш ат тұмсығын тіреген қақпасы – Құмаштың үйі болған. Есептері бойынша, қалаға қашқан Дәрмен Абайға соқпай кетпейді. Әлде, тіпті, Абайдың панасын іздеп пәтеріне де түсуі мүмкін. Он шақты кісінің бар жүрісін билеген шоқша сақалды, кесек мұрынды, ақсиған ұзын тісті Дайыр ерген тобын қақпа алдына тоқтатты. Өзі қораға кірді. Ол ең әуелі үйге беттемей, қораның төріндегі лапас пен ат қораны аңдап алмақ.
Дерек білмей жатып жанжал, әлекпен Абайдың үстіне кіре қоюды лайықсыз көрген. Қораның төрін, түкпірін аралап, ат қораның қақпасынан сығалап, жаңа келген көп аттарды көре алмай, Дайыр бас шайқады. Таңдай қағып, үй жаққа алаңдап тұрғанда, склад жағынан бұған қарай жай басып келе жатқан аласа бойлы, жұпыны киімді күзетшіні көрді. Дайырға керек тіл осы еді. Ешбір жайды аңдамаған аңқау жігіт, олақ күзетші қазір Дайырдың сұрауы бойынша, осы іңірде не көргенін, кім келгенін түгел көйітіп, айтып берді.
Алты кісі бұнда түспепті. Біреуі ғана аз уақытқа үйге кірсе, бұнда қондырмапты. Содан соң көше бойлап төмен қарай шауып кетіпті. Осы білген деректері бойынша Дайыр тысқа шыға сала, басы-көзін тер басқан бұйра қоңыр атына міне бере, көше бойлап шаба жөнелген.
Қала мен қырдың жайын бірдей білетін айлакер Дайыр, Абай пәтеріне қонбаған қашқындар "бер жақта қонбас, ар жаққа қашар" деп сезіктеніп келген. Бұлар осы есеппен Ертіс жағалай жүрген. Құмаштың үйінен аттанысымен Дайыр өз қасынан үш кісіні бөліп, киізші Сейсеке байдың үйінде жатқан Оразбайға шаптырды. Өздері әкеле жатқан сұмдық хабарды естіртуге жіберген.
Дайыр Оразбайдың аталас, ауылдас жақыны болған да және ағайын ішінде аса сырлас, көңілдесі. Бүгін қашқан Мәкен - Дайырдың жесірі. Дайыр ғана емес, Оразбайдың жесірі. Алып қашып отырған мекенсіз, елсіз Дәрмен емес, ежелгі жау Абай болып шығып отыр. Оразбайға осыны ғана жеткізу, білгізу шарт. Дайыр бүгін жалын құшып тұр. Жауының қолында өлмей, намысын жер қып кеткен, оң жақтағы жесірі Мәкеннің жолында өлмей, тоқтамақ емес. Сабыр, тақат таппайды.
Түнді таңға қосады, таңды таңға ұрады. Жерге кірсе де, жесірі мен азғырғыш жауын табады. "Қолынан келер көмегі, етер себебі болса, енді Оразбай қам қылып көрсін", – деген болатын.
Осы сәлемші үш кісі Дайырдың долбарын және де жеткізген. Қашқындар ар жаққа өткен болу керек. Кім өткізді, қай қайықшы жәрдемші, себепші болды? Паромның жүрмейтіні анық. Ендеше, Дайыр түн бойы Ертіс жағасында, сол қашқындарды алып кеткен қайықшыны тосумен болады. Осыны да Оразбайға және қаланың қайықшыларын білетін Сейсеке байға әдейі айтқыза жіберген.
Оразбай Дайырдың хабарын естігенде, жын буған бақсыдай бүлінді. Салған жерден ауызға алып, иянаттап, айыптап сөйлегені жалғыз Абай болды. Дайырдың хабаршысы кетік тіс, жайнақкөз, шұбар Жемтік дейтін қара сақал, сөзуар шапшаң адам. Ол қасындағы екі жолдасын байдың ауыз бөлмесінде қалдырып, Оразбай, Сейсеке отырған төргі, жасаулы үйге мысықша ептеп кірген. Дөңгелек үстел айналасында отырған Оразбай, Сейсеке және бұл бөлмедегі үшінші адам жуан, зор денелі сары кісі – Есентай үшеуі. Солардың қатарына отырмай, Жемтік әуелі есік алдына жүгіне ғана қалған.
Біразда жаманат хабарын біртіндеп, нақтылап жеткізе, тарата түсумен қабат, үстелге қарай екі тізесімен жорғақтап, ентелей берген. Қазір міне ол Мәкеннің қашқанын, оны Абайдың жігіті Дәрмен алып қашқанын, Дайырдың жеті-сегіз кісі боп қуып келгенін, қалаға өздерінің жаңа, осы іңірде ғана ат сабылтып жеткендерін айтты. Тізгін ұшымен шапқылап отырып, осы қақпаға асығыс әлек хабар әкелгенін айтып болған.
Есентай кесек мұрынды, маңдайы тайқылау келген зор басты, бітік көзді, зіл салмақты адамның бірі. Оразбайға жасы да тақау. Елде Сармырза деген үлкен рудың аса сотқар, жуан бел атқамінерінің бірі. Бірі ғана емес, тіпті бірдің өзі. Ол Оразбайдың ор пәледе, әр кесір әлекте ұдайы қасынан табылатын үзеңгі жолдасы. Жасырақ шақтарында бұл екеуі ұрлықты да бірге істескен дейтін сыбыс барды.
Есентайдың Оразбайдан айқын бір басқашалығы да бар. Ол өте аз сөйлейді. Оразбай сапылдап: ашуын да, боқтығын да, шешен тілді қара борандатқан дауын, жаласын да аласапыран айта жөнелгіш кісі. Ал Есентайдан сондайда Оразбайды бес-алты рет ақтарылта сөйлетіп алмай үн шықпайтын. Тегі, әр жиынның ең артқы сөзін айтуды өзіне тәсіл ететін. Әуелі сөзге сараң, онан соң айтса, неғылса біреуді біреуге соқтыра, өшіктіре, қиян-кескі қиталастыра сөйлемесе іші кебетіндей болатын. Пәлесіз, үлкен ыладсыз, алыс-жұлыссыз аяқтайтын сөздің тұсында Есентай көбінше тіл бермей, үн қатпай жым-жырт қалатын.
Әсіресе даңғойлау, есерсоқ, аңғалдау адамдар болса, Есентайдың қолына түссін. Ол бітік көзін жұма беріп, маңғаз, биік бойдағы сырын сездірместен сызданып отырып алады. Бірде-бір езу тартып, жылы жүз беріп күлген, жылыған, жібіген ажар көрсетпейді. Сырт қалпында адамды алдар деген титтей белгі болмайды. Бірақ сөйте отырып, талайларды алдап соғады. Мысқыл етеді, мазақ қып кетеді.
Тәкежанның Әзімбайы өзінің көп арам есеп, айла-тәсілін, сырты суық тоң-торыс мінездерін осы Есентайдан оқитын. Тобықтының ішінде ендігі бір топ арам, айлакер атқамінерлер анығында сол Әзімбайша Есентайды ұстаз көретін.
Қазір Есентай Жемтік әкелген хабар бойынша әлекке түскен Оразбайды бағып отыр. Әлі бір ауыз сөз берген жоқ. Қаланың беделді байы Сейсеке де Оразбайға қосылып, екі-үш рет жастарды жамандап, Абайды аластап, Оразбайды барынша құптап, қостап сөйлеп шықты. Оразбай өзі болса, екі қашқынды өз алдына сүйретіп әкелдіріп тұрып, мойындарына арқан тағып өлтіртпекті серт етіп отыр. Одан аса беріп, Абайға да барынша кәрін тігіп, зәрін төкті. Абайдың қалада екенін білген жерде Оразбай отырған орнында ыршып түсіп, жүгініп алды. "Қазір қолма-қол жауабын аламын", "өзгені емес, дәл осы жолы қос қолыммен сол Ыбырайды жағадан аламын", "Аламын да шөке түсіріп, табанымның астына саламын", "Мен дегенің тек осы сертімнің ғана үстінде табыл, соңымда бол!" деген.
Құмаштың үйіндегі Абайға дәл сол сәттің өзінде, Есентай мен Сейсеке байды Оразбай қолма-қол жұмсап, жөнелтіп салды.
Байдың ақ арғымағы жегілген үлкен трашпеңкеге Сейсекенің қасына қатар отырып жүре бергенде, Есентай бір мыңқ етіп қалды. Сейсекеге айтқаны: "Бай, сен қыр сахараның талас-тартысын сүймейсің де, шорқақсың ғой! Қасымда отырсаң болады. Анау жаумен сөйлесетін сөзді менің өзіме қоя бер, тек үндемей отыра бер. Соның да жетеді!" деген.
Алдағы көшір естімесін деп бұл сөздерін Есентай күбірлеп, міңгірлеп айтты да, қаба сақал байдың санын шымшып қойды.
Абайдың үстіне екі егде адам рұқсатсыз, хабарсыз кірді. Амандық сөз қысқа болды. Келушілер кірген жерден-ақ Абай оқып отырған кітабын жинап, көзілдірігін алып, Баймағамбетке есік жақты көзімен белгі етті. Бөтен кісі кірмесін дегендей ым жасап еді. Баймағамбет жартылай ашық қалған есікті тартып жапты да, Абайдың төменгі жағына келіп, шапшаң ғана жүгініп отырып алды.
Сөздің тұжырымын алдымен бағатын Есентай өзі келген жайды ұзаққа созған жоқ. Екі қашқынды айтты да, Оразбайдың бүлініп жатқанын жеткізді. Сонымен, Абайдың жүзіне салмақты сары жүзін паңдана бұрып, бітік көздерінің астынан қарай түсіп:
– Жә, Ыбырай, не айтасың? – деп, сәл тоқтап қалды.
Жасы Абайдан кішірек болса да, Есентай Абайға "сен" деп сөйлейтін. Атын әсте "Абай" демей, "Ыбырай" деп атайтын осы Есентайдан шыққан мінезді. Бұның үлгісімен соңғы кездерде Абайды Оразбайлар да, барлық араз топтарымен "Ыбырай" деп, "Құнанбайдың Ыбырайы" деп атайтын.
Абай Есентай ұстаған сөздің жақсылықпен тынбайтынын біледі. Оның өзін сөйлетіп, ойын айтқызбақты ниет етті. Сонымен, ашық жүз, ажарлы, отты көздерін Есентайға тік қадап, тура бұрды да:
– Әуелгі сөзді өзің айт, бастаған жайыңды аяқта. Не ниетпен келіп ең, соныңды айт! – деді.
Жұмылған көзін ақырын ғана аша түсіп, Абайға әлі де қырындай қарап отырып, Есентайдың бар айтқаны:
– Ең әуелі мақсұт еткенім, сенің не дейтініңді білу! Айт, не айтасың мынауыңа! – деп тағы да салмақ тастап, тоқтап қалды. Абай іркілген жоқ.
– Мен айтсам, жастардікі оғаттық, олар айыпты. Ақтамаймын. Қылған қылмыстары үшін алдарында айыпты. Ал менің айтарым сол! – дегенде, Сейсеке мен Есентай бір-біріне қарасып, сәл дағдарысып қалды.
Абайды бұлайша оп-оңай, дәл осылай жуасиды деп ойласқан жоқ еді. Есентай ішінен Абай сөзі мен мінездерін өз дағдысы бойынша арамға жорыды. "Ыбырай, алдағалы отырсың ғой, көрермін, нар тәуекел" деп алды ішінен. Соны ойлады да, жедел сөйледі.
– Айыпты, жазықты ғой, ендеше жазасы не болады? – деп, ашулы жүзбен тағы томсара қарады.
– Сен айтшы, сендерше не болсын? – деп, Абай ашық, қатаң үнмен қайта қадалды.
Осы кезде Есентай Оразбайдан алып келген ең зілді зәрін айтты.
– Жазасы сол, Ыбырай құптамаса ұстамасын екі бүлікті! Қолыма берсін, мойындарына арқан тақтырып, сүйретіп өлтіремін! – дейді Оразбай.
– Басқаға бітпеймін дей ме?
– Басқаны ауызға да алдырмаймын, – дейді.
– Ол заман өткен! Ол не деп отыр, сен елші боп не әкеп отырсың өзің? Қай заманда, қайда отырмын деп ойлайсыңдар? – дей бергенде, Абайдың сөзін тоспай, Есентай киіп кетті. Ашулы, зекіре сөйледі.
– Әй, Ыбырай, шешендік салыстыра келгем жоқ! Ендеше, қалғанын тыңда. Оразбай осы жолы қашқындар ғана емес, Ыбырайдың дәл өзін қанды мойын айыпкер етіп, табанымның астына салмай тынбаймын! – деді. – Жітікке саяқ бір қуды, бұзықты ол ұстаса, бұ қаланың ішінде қалған бар бұзықты мен де ұстай білемін! Соның бәрін Ыбырайдың өз соңына қаптатып салып, қанқақсату менің де қолымнан келер! Аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Көзін ашып қарасын Ыбырай! – деді.
Осы сөзді айтқанда сары жүзіне қызыл қан ойнап шығып, Есентай анық төбелеске шыққан кісідей құтыра қарады.
Көп заманнан бері қарай Абай, өзінің жүзіне дәл осы естігендей тұрпайы, сотқар қатты соққанды естіген жоқ еді. Әсіресе Оразбайдан келген байлау – барып тұрған жыртқыштың, жауыздың бұйрығы. Өзінің қаншалық күйіп, намыстанып ызаланғанын Абай аңдап та үлгірген жоқ. Аузынан ақырып айтқан ашу сөз шықты.
– Сен келіс сөзді әкелмей, кетіс сөзді әкеліпсің ғой. Бар, жөнел ендеше! Айта бар Оразбайға, істеп көрсін жауыздығын, бірақ өкініп жүрмесін! Жер тәңірісіп құтырыпты ғой, жерге қағатын күш бар екенін ұмытпасын! Шық, бар, жүре бер! – деп қатты ашуланып, қабақ түйіп, екі көзі қанталай түсіп Есентайға қадалғанда, анау салмақпен ырғала түсіп, үн қатпастан сіресіп тұрды да, есікке қарай тарта берді.
Есентайлар қайта келгелі байдың қорасы жан-жаққа бұлан-талан кісі жүгіртіп, асығыс әрекетке кірісіп, әлекке түсті. Ал бер жақ жағада тыным таппай қуғыншылар жүр еді.
Дайыр аяусыз ыза жетектеген бойында, қазір ізге түскен иісшіл иттен бетер, сергектеніп, сақайып алған. Ол басжатақтың, ортажатақтың ұзын бойына жаңағы өз қасындағы алты жігіттерін тыным алдырмай жоғары-төмен жүргізіп отырды. Оразбай мен Сейсеке хабар жетісімен олар да: "Қашқындарды алып кеткен қайықшы қайта оралған жоқ, келер уақыты болған жоқ" – деп топшылаған-ды. Сейсеке сәлем айтып, бұндай әлек, жанжал үстінде "шабар қылыш, атқан оқтай" құралы Қорабай саудагерді шақыртып алған. Ол өз көмекшілерін және бай қорасының әлуетті екі малайын ертіп, ат жектіріп, Ертіс жағасына шапқан. Сонда Дайырды тауып, елсіз, үнсіз жағада, мезгілсіз кеткен қайықтың қайта оралуын тосып қалған-ды. Бұлардың тосуы ұзаққа созылған жоқ. Терең, тұңғиық бетінде жүзген үлкен қайықтың ескек сыбдыры Дайырдың сергек құлағына естіліп қалды. Сол белгіні аңдай сала Дайыр, Қорабай мен өз жігіттерінің бір тобын жар жағасына жабыса отырғызып, қайықшыларды жым болған, үнсіз күйде тосып алды.
Тек үлкен қайық ақырын жылжып кеп тоқтаған соң ғана, қарауытқан жар астынан қуғыншылар тобы түгел көтерілген. Қайықтан Сейіл түсіп болғанша, бұлар да су жағасына жетті. Жерге түсе берген үш қайықшыны бұлар кеуделерімен тосып, бөгей берді. "Бізді де алып өтіңдер" десті.
Ожар, содыр Қорабай болса, сезікті ойларын енді Сейілге соқтыға айтып қалды.
– Немене, қара түнде қандай қара ниетті жүргіншіні тасыдың, кімді өткіздің, әуелі соны айт?! – деп еді.
Сейіл үн қатпай, салмақпен басып, жағаға түсті. Екі жолдасына қайықтан түсіп, күректерін алуды бұйырды. Олар бөгелместен үлкен қайықшының дегенін орындап, ескектерін көтеріп алысып, жағаға секіре-секіре түсті.
Дайыр мен оның жолдастары қатар үн қосып:
– Тоқта, түспе!
– Бізді алып өт!
– Алдыңғылар төлеген ақшаны біз де төлейміз! Асығыс, тығыз жұмысымыз бар, көмек ет! Алып өт бізді! – десіп, қайықшыларды қамап, дабырласып тұр.
Сейіл қапсағай денесін ырғалта басып, әлі де жауап қатпады. Үлкен қайығын екі серігінің көмегімен судан тартып, малта тастың үстімен сүйрелеп, құрғақ жағаға шығарды. Бұл үнсіз әрекетінің бәрімен, кесек мінезді Сейіл, Қорабайдың жаңағы зіл ызғарын елең қылмаған қалпын білдірді. Қорабай енді ұрысқа басты.
– Немене, Сейіл, саған менің ақшам арам ба? Жауап та бермей, жотаңды неге көрсетесің? Қара түнде қысылып кеп тұрмын, жұмысымыз тығыз. Мін қайыққа қайтадан! – деп жанжалын да, бұйрығын да қатар жұмсады.
Бірақ Қорабайдың бұл жолғы кәрі даритын емес. Оның үйреншікті айғайы мен шатағынан ықтайтын кісі Сейіл болмады. Бұл салмақпен ғана кесер сөзін бір-ақ айтты.
– Онсыз да жұмыстан кешігіп қайттым. Қара түнде қара баспаса, Ертісті арлы-берлі кезген қайықшыны қашан көрдің? Енді қыбыр етер жайым жоқ. Асығыс болсаң, таңертең ерте кел, қазір менің қайығым саған тимейді! – деді.
Иығына салған ұзын ілгекті темір сүйменін салмақтап алды да, жолдастарына: "тараңдар, жігіттер!" – деп әмір етті. Өзі де үйіне қарай аяңдай берді.
Үйреншікті кәрі өтпей қалған Қорабай, енді қайсар, суық мінезді Сейілден амалсыз көңілі қайт болса да, соңынан қалмады.
– Кімді өткіздің ендеше, сол жөніңді айт. Неге оның айтқанына көніп, қараңғыда қайық саласың да, біз келсек, сылтау айтасың? Тым құрса жөніңді айт! Сені осы түнде тұрғызған қай әулие? – деп қадалды.
Дайыр да жанасалай отырып:
– Тым құрса соны айт! Өткізгенің қала адамы ма, танысың ба? Жоқ әлде қыр адамы, бөгде жандар ма? Соныңды ғана айтшы! – деп еді.
Сейіл бұл сөзге де сараң, сырдаң жауап қатты.
– Менің танысым ақша, жігіт! Мың сан адамды өткізіп жүріп, көбінің жүзіне қарамайтын, кім екенін аңдамайтын Сейіл бар. Іңір қараңғысында қайыққа мінген жүргіншінің орысы, қазағын да, қаласы, даласын да аңдаған мен жоқпын! – деді де, үйінің қақпасына кіре берді.
Қорабайдың ендігі үміт қылғаны сыртта қалып, көрші үйге қарай қозғалған жігіт – қайықшы Түсіп. Сейілден күдер үзген күйде Қорабай мен Дайыр сол Түсіпті ұстап алып, көп айналдырды. Қатты да, тәтті де сөйлесіп барып, ең ақыры Түсіптен, ол аңдаған бірнеше дерек алды.
Бұлардың өткізгені үш жігіт, бір әйел екен. Тәрізі, қыр адамдары сияқты. Кейбір сөздерінен бұның аңдауынша, ар жақта, Затонға баратын тәрізді. Төрт жаяудың ортасында әйел ерімен ерттелген көк ат бары да айтылды.
Осы соңғы дерек әсіресе Дайырға барлық жайды мәлім етті. Ол түу Шыңғыстан бергі керуен жолымен қашқындарды қуып келе жатқанда, жолдағы елден әйел мінген ат пен еркектер мінген аттардың түсі-түгін үнемі сұрап, жадында сақтап келген. Қазір бұл білгенінің үстіне сол адамдардың бәрі қайыққа, Ертіс жағасына салт атпен келгенін, бес атты екі кісі қайтадан алып кеткенін естіді. Бар жай мәлім болды. Із-тоздары анық, айқын көз алдында тұр. Тек асығыс қана әрекет керек. "Жүр, жөнел! Осы түннен асырмайық. Жасырынды ашамын, жау көңілін басамын!" – деді Дайыр, Қорабаймен екеуі "Қайық, қайық!", "Қайықшы...", "Жақын қайықшы қайда" десіп жөнелісті.
Үлкен Семейдің орта тұсынан, ақ диірмен тұсынан шыққан Дәрмендер Затонға жеткенше, көп уақыт өтіп еді. Қаланың ылди жақ шеті ұзақ болатын. "Қазақ-орыс жағы" деп аталатын ағаш үйлі, құмы қалың көшелермен жүргіншілер ұзақ кезді. Содан әрі қаланы тауысып, енді елсіз алаңға шыққан-ды. Бұдан кейінгі жол біресе жар қабақты жағалап, кейде ойға, тоғай арасына түседі. Біресе шалқиып, кең жазық жотаға шығып, қаладан көп аулаққа тартады. Арада оқта-текте ғана кездескен топ үйлер бар. Олар не тоншылардың немесе былғары заводының, пима басатын заводтың және сыра заводы мен арақ заводының өнім жайларын аңғартады. Осылай бірінен-бірі аулақтау орналасқан кәсіп жайлары Семей қаласының "Затон" дейтін бір үлкен шеті болады.
Жаңағы кәсіпорындарына жалғаса созылған тағы да көп қараңғы көшелі қала жай бар. Бұл сол кәсіпорындарының неше алуан жұмысшы, қызметкері жайғасқан қалашық. Осы жерде, жақын маңда, үлкен Ертістің бір мол мүйіс жасап оралатын қойнауы бар еді. Сол тұста қыс бойы көп пароход, баржалар тұратын.
Бұл мекен-жайдың "Затон" деп аталу себебі де – сол кемелер орналасатын ерекшелігінен туған ат. Жаңағы қараңғы көшелеріне аласа, қоңырқай үйлері тығыз орналасқан кішкене қала, сол Затондағы көп кемелердің жұмыскер, қызметкерлері жайғасқан орын болады.
Дәл осы пароход жұмысшыларының арасында жүк таситын, грузчик деп аталатын мол бір топ бейнетқор бар. Жаз пароход пен баржаларда арқаларына ауыр жүк артып, қиын еңбекті кәсіп етсе, қыста да сол грузчиктер қара күшіне сеніп, неше алуан қара қайраттың ауыр еңбегін кешеді. Соның орайына бір замандарда аш-арық, елдерінен кәсіп іздеп, ішерлік, күн кешерлік талшық іздеп келген қазақ кедейлері, Затон пароходтар жұмысында аш-жалаңаш болмай, әлім-берім күнелтеді. Еңбегіне жалынғаны болмаса, ешкімге де көз сүзбей, өз күндерін өздері көреді. Қол-аяқ сау шағына азамат ырза. Ішіп-жемін біреуден тілеп алмай, өз үйлерінен татқанына қатын-бала, кәрі-құртаң, әке-шеше де ырза болысатын.
Затон жұмысшылары Семейдің қаласы мен Слободканың көпшілік саудагер тұрғындарынан бөлек. Әр мінез-қылықтары ерекше болушы еді. Әншейінде қала көпшілігі бұларды білмейді. Тек жыл он екі айда болатын айт мерекесінде грузчиктердің, Затон жігіттерінің атағы қала халқының, қазақ, ноғайының аузынан түспейтін. Семей мен Слободканың базарлары тұрған үлкен алаңдарда айт күндерінде ұдайымен екі-үш күндей қалың күрес болады. Күреске Затонның грузчик жігіттері үштен, төрттен, бестен, оннан келіп, шешініп түсе қалғанда, қарсы топтардың нелер аты шыққан, мақтан алған балуандары табандасып белдесуге жарамай, қирай жығылатын. Арқалы, жоталы келген қалың иық, жуан балтырлы атпал азамат, кесек грузчиктер күрессе, нелер алпамсадай жігіттерді жағадан ұстай бере, арқадан соғатын. Иығынан асыра, екі табанын тарс еткізе, шалқасынан құлату "грузчиктер күресі", "Затонның әдісі" – деп, айт күндерінің айыз қандырар аңызы боп тарайтын.
Сөздері аз, қуаты мол, өздеріне сенімі зор қалың қайрат азаматы, осы Затон жұмысшылары қаланы мекен еткен қазақ баласының өзгеше бір ажарлы қауымы боп, оқшау байқалады.
Қалаға Мәкенді алып бет қойғанда, Дәрмен мен Әбдінің Абайдан соң пана тұтқаны дәл Затонның елі. Әбді бір кезде, осыдан үш-төрт жыл бұрын өзі де кәсіп іздеп Затонға келіп, екі жылдай тұрып, еңбек етіп қайтқан. Оның көз таныс, тамыр-дос дейтін сенімді үйлері осы Затонда. Дәрменнің де қалаға келіп, ұзақ жатқан шақтарда көп аралап, өлең айтып, думан-сауықтарына көп қызық қосып жүретіні – осындағы грузчиктер ортасы болатын.
Қазір Әбді мен Дәрмен екеуі де Затондағы өздерінің ең сенімді досы Сәменнің үйіне келді. Оның қорасы тар, тұрғын-жайы сүр кірпіштен салған ауыз үйлі, төр үйлі кішілеу екі ғана бөлме. Жүргіншілер жеткенде, Сәмен үйі жатып қалған екен. Қақпаны Сәменнің әйелі, жіңішке, ұзын бойлы Айша ашты. Сәмен мен үй ішіне өз жайларын ұғындыру үшін Әбді жалғыз кірді.
Сәлден соң кішкене екі бөлмеге бірдей жарық жағылды. Үйден саудырай сөйлеп, аңсағай бойлы, қылаң жүзді, қара мұрт жігіт Сәмен шықты.
Қонақтар үйге отыра бере-ақ, ауыз бөлмеде Айшаның самауыр мен қазанға қатар қам жасай бастағаны байқалды. Мәкеннің көзінше Дәрмен мен Кәкітай да Сәмендерге шешіліп сөйлеген жоқ. Тек бар жүріс әрі жасырын, әрі тәуекел деген ер-азамат қимылы екенін Кәкітай сездіріп өтті.
Ең алдымен айналаға сақ болып, жасырына тұру біраз күннің міндеті екенін білдірді. Сол арада Кәкітай шайға қарамай жүретін болды.
Ол осы түнде Әбішке жету қажет. Бағана Абай айтқан арыз неғұрлым тез жазылып, неғылса керекті ұлық кеңсесіне тез кіріп қалу керек.
Кәкітайдың дәл кетер шағында Дәрмен оған бір хат ұсынды. Сәл таңырқап қараған Кәкітайға оның айтқаны:
– Мынау хатты жаңа Абай ағам Әбішке жазып еді. Ала баршы, жөнін айтпай, үндемей беріп еді. Осы істің жайы болар. Әлде көмек ақыл айтып жатқан шығар!.. – деді.
Кәкітай үнсіз құптап бас изеді де, хатты қалтасына салды. Енді Дәрменнің, Әбдінің келте қайырып айтқан кеңес сөздері бойынша, бұл үймен қатынас тек түнде ғана болу керек. Көз көп, бейпіл ауыз мол. Аса бір тығыз-таяң болмаса, күндіз келіп-кету тыйылсын дескен. Барлық жайды осы сөздерден жақсы түйіп, үндемей басын изей түсіп отырған Сомен, Кәкітай жүрерде тағы бір ақыл айтты:
– Естеріңде болсын, түнде келгенде де көше бойлап жүрмегейсіңдер. Бұл Затонда түндегі жүрістің өзі де әр үйдің итін үргізіп, елеңдетіп тұрады. "Кім келді, кім кетті,қайда кетті, немен кепті!" – дегендей, қазақ емес пе, осы отырған Затон елінің өзі де сұрағыш-ақ, естігіш-ақ болады. Соны ойлап қазір мен, Кәкітай, сізді қақпадан қырға, елсізге шығаратын бір жолға салып жіберейін. Келгенде, кеткенде тек сол жолмен ғана хабарласқайсыңдар!
Мәкен мініп келген жалғыз көк жорға ат бұл қораға батпай, өзі бір айғақтай болып тұр еді. Сол атқа Сәмен Кәкітайды мінгізді де, өзі айтқан бүйрек жолға апарып, жаяу болса да бір шақырымдай жыраққа ұзатып салып, жөнелтіп келді.
Даниярдың үйіне Әбішті іздеп Кәкітай келгенде мезгіл кеш болғанмен, бұл үйдің іші жатқан жоқ еді. Өзінің суыт жүрген оқшау хабарын Кәкітай киім шешпестен баян етті. Сол келіс бетінің өзінде-ақ, сөйлеп тұрған бойында, Әбішке Абайдың хатын берді... Өзі болса бір отырып, бір тұрып ап ендігі халді ашық зор үнімен мәлімдеп жатыр. Әбіш бұны тыңдай тұрып, Абайдың хатына көз қадап, шапшаң оқып барады. Кәкітайдың айтуынша, арттарында шулап қалған, пәле қуған жуан, содырлы ауылдардың әлегі мол. Сағат сайын қуғын жету, қалаға келіп ылаң салып, бүлік бастау оп-оңай. Себебі Дәрменнің ісі әлдекім емес, даланың ең бір азулы жауы, кесір мен кеселдің қандайынан болсын қажып көрмейтін Оразбайды тауып отыр. Ол қалада деген еміс хабарды да Кәкітай естулі еді. Осының бәрін ойласа, енді Дәрмен мен Мәкенге көмек жасаушылар дамыл таппай, қабақ қақпай әрекет ету керек екен.
Кәкітай бұл жайларды сөйлеп тұрғанда, Әбіш хатты аяқтап кеп еді. Енді біраз сәл іштей оқып барып, сәл ойланып тұрды да, әкесінің хатын Кәкітайға үнсіз ғана ұсынды. Кәкітай қабақ түйе түсіп, Абайдың кесек, анық жазуын шапшаңдата оқыды.
"...Дәрмен басы маған қандайлық екенін айтпай-ақ қояйын. Ол жыл санап халықтың да қадірлісі, аяулысы болып келеді. Сен де дос көретін тәрізді ең. Мен соныңды құптайтұғым. Ал дос болсаң, "шын дос", "айнымас дос" дегізетін бол. Әйтпесе жаман дос көлеңке, күн ашықта қашып құтыла алмайсың, күн бұзылса, іздеп таба алмайсың. Сені ел ішіндегі алыс-жұлыстан аулақ етіп сақтауға тырысқам. Бірақ онда да, менің алысуым: әлсізге, айыпсызға, адал, момынға, ел ұлына ара түсу болатын. Енді мынау кез болса, мен сенің кезегің келді демекпін. Қалаға қашып келгендері дұрыс. Қырдың қара заңынан, діннің шариғатынан – бәрінен де орыстың законы адам басын тәуір қорғайды. Ол жөнде әкімдер мен соттар – сенің білетін ортаң. Мен саған міндет артам. Үлкен әлек тартыс келді. Түн демей, күн демей әзір бол!" – депті.
Кәкітай мен Әбіш бір-біріне қарасқанда, сөйлемей-ақ ұғыса берді.
Ендігі жайды аңғара салысымен, Әбіш Даниярға оның жеңіл трашпеңкесін шапшаң жектіруді бұйырды. Өзі бұл түнде қаланың жай саудагерінше киініп алмақ боп, жұқа шапан, ноғай бөркін киген еді. Ат жегіп, жүріс әзірлігін Данияр мен Кәкітай қамдап жүргенде, Әбіш Даниярдың жазу үстеліне отыра қалып, екі бөлек қағазға арыз жазды. Бұның бірі Семейдің ояз начальнигіне, екіншісі Семейдің окружной сотына бағытталған. Қазақтың жабайы сахарасынан келіп, өзінің панасыз басына азаттық тілеуші Мәкен Әзім қызынан жазылған арыз еді.
Қағаздарын бүктеп болып, енді сырт киімін иығына іліп, Әбіш жүрерменге айналғанда, бұның ойында жоқ мінез жасап, Мағыш орнынан тұрып бірге жүремін деді. Жеті түн ішінде оның баруын Кәкітай мен Әбіш екеуі де, Данияр да оқыс көріп еді, Мағыш бұларға салмақты, орынды бір сөз айтты.
– Мәкен менің бір туғаннан бетер жаным деген жақын досым. Күнде бармаспын, мүмкін енді мүлде көрмеспін. Оның басы осындай қысталаң, қатерде тұрғанда мен көріспесем, тыныштық таба алар емеспін. Сөкпеңдер, мені де ерте жүріңдер! – деді.
Іштей толқып кеп, берік байлаған салмақты бір түйіні тәрізді. Сұлу жүзі Әбішке тура бұрылып, үлкен қой көздерін оған дәл қадап, бір назын өткізгендей салмақ салып, барлап тұр. Әбіш екі сөзге келмей-ақ түйсінді. Мағышты иығынан құшақтап сипай түсіп: "Жүр!" – деп бір-ақ сөз айтты да, шапшаң киіндіріп, ерте жөнелді.
Кішкене жеңіл арбаға үш кісі мінетін болғандықтан, көшірдің орны жоқ еді. Енді козлоға Кәкітай өзі мінді. Даниярдың жүрдек қара жорғасын қатты соқтыртып, жыраққа, Затонға қарай ұйқылы қаланың жым-жырт көшелерін жара жөнеліп берді.
Бұлар Сәмен үйіне жеткенде, жұрт жатқан еді. Бірақ сергек Дәрмен шаршап, талып қатты ұйықтаған Мәкеннің қасында киімшең, ояу жатқан-ды. Сыртқа келіп, жеңіл арба тоқтағанда, үй ішінен бұрын шыққан Дәрменнің өзі болды. Әбіш үйге кірген жоқ. Жүріс, жұмыс тығыз. Бұл үйдегі бар жанды қораның көлеңкесінде тосып алып, асығыс жайларды шапшаң, шолақ сөздермен ғана айтысумен болды.
Қасынан Дәрмен тұра бергенде, шырт ұйқыдан атқып тұрған Мәкен енді Мағрипаны көріп, үнсіз ұмтыла кеп, құшақтаса түсті. Ол екеуінде бұдан әрі де бір ауыз сөз жоқ. Тек беттерінен, көздерінен бірін-бірі кезек қана сүйісіп, қайта-қайта құшақтасып қалады. Екеуінің де кеуде толы күдігі мен ыстық жалын арман, шері тамақтарына тастай түйіліп кеп, кезек-кезек ыршып атқан ыстық жасқа айналады. Бірінің көзінен бірі сүйгенде ашқылтым жастарын да жұтысады.
Әбіш Мәкеннің арызының жайын айтып, екі қағаздың соңына бояулы қарындашпен Мәкеннің өзіне "Мәкен Әзім қызы" деген қолын қойғызды. Дәрменге осы асығыс келісінің салмақты ғана себебін Әбіш шапшаң сөйлеп баяндады.
– Айнала қауіп-қатер болса да, қазір бір-ақ нәрсеге ырзамын. Қаладан мен кетпей тұрып жеткендерің бір жақсы болды. Әлім жеткенше, қолымнан келгенше, Дәрмен, Мәкен екеуің үшін аянарым жоқ. Ертең ұлықтар кеңселеріне мынау арыздармен өзім кіремін. Екеуіңе айтарым: "Қыбыр етпей, қиналмай, бірде-бір нәрсені ойға алмай, тек тыныш бола беріңдер. Енді сеңдер етер әрекет бітті. Қалған тауқымет менде, мына Кәкітайда. Және білегі мен жүрегі күшті, кезегі келсе қайраты мен намысын жібермес мынау екі ер-азамат Әбді мен Сәменге міндет болсын. Жау да жаман, бірақ жағаласып та қалар заман. Істер істі істедіңдер, енді тек өкіне көрмеңдер! Осы тұрған азғана топ, жаңағы сөзімді бәріңе бір-ақ айтып өтінгелі келдім. Мына Мағыштың да айтары, өтінері осы болса керек! – деп ауыр жайдың салқын сөзін аз әзілмен аяқтады. Әбді, Дәрмен ғана емес, енді Сәмен де Әбішті жаңағы сөздерінен жақсы танып, жақын сезінді.
Бұл топтан Әбіш айтқан жайдан өзге сөз шыққан жоқ. Тек Мәкен ғана бір-ақ сәт ыстық жасын төгіп жіберді де: "Не көрсем де шыдағамын, Әбіш", – деп қалды.
Бұған барынша жаны ашып және осы сөзіне сүйсінген Мағыш "Жаным Мәкен" – деп тағы құшақтай алып, көзінен сүйді. "Шыдарсың сен. Шыдайсың, білемін" – деп үзіле үн қатты. Өте ақырын айтылса да, екеуінің сөзі де бар топқа, түгел тынысымен, толық естілді.
Ендігі сөзді Кәкітай, Әбді, Сәмен үшеуінің ақыл байлауына салды. Олар "оқыс бір жайға керек болса, осында тұрсын" – деп, таңертең Мұқа мен Әлмағамбет алып өтетін аттың бірін осында, тоғай ішінде, тұсауда ұстамақ болысты. Не хабар болса, ең алдымен Данияр үйіне, Әбішке, Кәкітайға жету керек. Олар ат-көлігін сай ұстап, үнемі дайын отырады. Бұл араға ертең Әлмағамбет пен Мұқа да жетіп, Мәкен мен Дәрмен қасында күндіз-түні бірге болады. Байлау осы еді. Ұйқылы Затонды үркітпей, жаңа жарты сағат бұрын келген жеңіл трашпеңке сол жүргіншілерін мінгізіп, сол бүйрек жолмен қайта тартты.
Бұлар қаланың ішін аралап келе жатқан шақта, тағы да үлкен Семейдің орта тұсына, ақ диірменнің жағасына, бірінің артынан бірі ілесе кеп, үш үлкен қайық тоқтады. Қайықтар үстінде алты ат, бір арба салған он шақты кісі бар. Олар түйілген қалыпта, ұйқылы жағаға кеп, үнсіз тоқтаған еді.
Сейіл қайықшы көнбесе де, Ертіс бойында Қорабайға таныс үш қайықшыны жеті түнде тұрғызып алысқан. Енді солар дәл Дәрмендер түскен жағадан алдыңғылардың іздерін баса түсіпті.
Сәменнің төргі үйінде оңаша болған Дәрмен мен Мәкен, бұл түннің ендігі жарымын ұйқысыз өткізуде. Бірі туралы бірі "тынықсын, ұйықтасын" – деп ойлап, қыбыр етпей жатса да, екеуінің де көңілдері тынымсыз. Іште күдік пен қауіп мол.
Дәрменнің қазіргі есіне өз махаббатының әр кезеңі оттай ыстық болып айқындап түседі. Қысқа ғана тарихы бар бұл сүйісудің өлсе де естен шықпас шақтары бар... Биыл жасы жиырма беске жеткен Дәрмен бұл кезге дейін махаббат шұғыласына, сүйіспендік жалынына жанасып көрмеген-ді. Ол өзгенің, достарының, құрбылас қыз-келіншектің араларындағы достыққа, ынтызарлық махаббатқа барынша тілеулес. Қалтқысыз таза дос, жан аямас көмекші, делдал болғанды сүйетін.
Сол ретте Әбіш пен Мағыш арасындағы ойда жоқ күйден туып ұлғайған мол махаббат жайын Дәрмен көп қуаныш етіп тамашалайтын. Олар сезімінің арасында бұның інілік, құрбылық, ақын достық сезімнің бәрі біте қайнасып, бірге араласып кеткендей.
Әбіш пен Мағыштың қандай жақын туысын алсаң да, олар арасындағы ендігі тірлік тілек қызығын Дәрмендей бар жанымен толық сезінген кісі жоқ деуге болады. Ол екі жастың өздері де Дәрменнің бұларға деген тілеулестік достығын қатар қуаныш ететін. Дәрмен бұлар махаббатына әнімен, әсем өлең жырымен үнемі араласып, біте қайнасып кеткен.
Биылғы жаз ортасында, Керегетас сияқты көрікті қоныстағы ноғай аулына Әбіш күйеушілеп соңғы рет барғанда, жиырма күндей думан-сауық шақтары өткен. Әбіш күйеудің жолдасы Дәрмен сол сапарда, жайлау кештері мен жарық айлы түндерінде, өзінің де бұрын татпаған жан рахатын тапқан-ды. Мәкен Мағыштың қасында көп күндер бойында ұдайы кездесіп жүріп, Дәрменнің ендігі бір арманындай оралған-ды.
Бұлар арасындағы махаббат Әбіш пен Мағыш арасындағы ыстық сәулелі өзгеше таза қасиет сезімінен әсер ала туған махаббат есепті еді. Мүмкін, Әбіш пен Мағыш сөзбен, мінезбен, не болымсыз да болса, іс-әрекетпен бұл екі жастың жарастығын есптемеген шығар. Бірақ ол екеуінің Мәкен мен Дәрменге жиырма күн бойында көрсеткен достық ажарлары тілсіз, үнсіз күйде-ақ бұл екеуін де өз жалынымен тұтандырған болар. "Мәкен мен Дәрмен екеуінің сүйіспендігі қай күнде, немен басталды" десе, қазір Дәрмен өзі де, Мәкен көңілі де анық жауабын айта алмас еді. Әрине, Мағыш пен Әбіштің бұл екеуін кейде бірге шырқатып он салдыратыны да текке кетпеген болар. Жарық айлы кештерде, ауыл сыртына сейілге шыққан шақтарда, әдейі аз ғана топ болып, оқшау кетіп, соның үстіне Әбіш пен Мағыш екеуі ғана боп оңашаланып, өзді-өзімен болысқанда, Дәрмен мен Мәкен ойда жоқтан оңаша қалысатын да кездері боп еді. Бұл да текке кетпеген болар.
Қалың жиын арасында шабытты Дәрмен, шалқыған ескек өлеңді ойдан шығара жырлағанда, бар жан тамашалай сүйсінетін. Сонда Мағышқа қосылып Мәкен де, ақсұр жүзді, қиылған қара мұртты, майда қарайтын нұрлы көзді өнерпазды тамашалап мақтайтын. Бұның да гүл бағына үмітті дән көмгендей мән-мәнісі, өз жемісі тамыр шашқан болар.
Мәкеннің кедейлеу аулында жалғыз шешесі мен өзі тірлік еткен қоңырқай үйі бар-ды. Сонда бір кеште Әбіш, Мағыш, Дәрмендер болып қонақтаған шақта, Мәкеннің есті шешесі Дәрменге сүйсініп, мақтағаны да бар. Алғыс айтып, қаралы ана бата берген. Шебер тілін, орамды нәзік сезімін, майда мінезін құптай отырып мақтаған-ды. Сол Мәкеннің анасындай, кедей ауылдың барлық үлкені мен кішісі де, күйеулер қонаққа келген кештен кейін, ауыздарынан Дәрмен атын тастамай, тамаша етіскен. Өнерлі, үлгілі бір оқшау жасты момын ауыл өзіне жақын тартып, жақсы көріп қалған.
Ондай жайдың да, кейінгі шақта кезегі жетіп, ашылысатын жас махаббатқа әсері болған болар. Бірақ бұл ғана емес, осылардың бәрінен бөлек тағы да сол жиырма күн бойында не күндіз, не түнде, не үйде, не түзде, кейде жиын ішінде, кейде оңашада екі жүрек арасына жібек талдай, майда лептей тағы бір ғажайып тілсіз сыр жалғасты.
Ол әр шақта, жаңағы бір атағандай есте қалар кезде айтылатын Дәрмен әндері еді. Бұл, жас жігіттің өзі тудырған, толғаған сөз сырлары емес, Мағыш пен Әбіштей сезімді жастың бәріне мәлім жырлар болатын. Ол Абай сазы. Мағыш тәрізді Мәкен де көп тыңдаған, көп ұққан, жаттаған өлеңдер бар.
Кейде топта, кейде оңашада Мәкендер өздері де аса көп қайталай айтатыны – Абайдың сырлы сезім жырлары. Неліктен екені белгісіз, Мәкен отырған шақтарда Дәрмен "Көзімнің қарасы" – деп жырласа, "Айттым сәлем, Қаламқас" – деп, ыстық сәлем жолдаса, немесе "Қор болды жаным" – деп, наз-наласын толғаса, кейде бір сирек қана "Жарқ етпес қара көңілім не қылса да" – деп бастап, ойлы, нұрлы көзін Мәкен жүзіне тастаса, бар жасқа мәлім осы жырлар, дәл осы шақта, Дәрменнің аузынан шыққанда бұрын айтылмаған сөздей болады. Тіпті, мүлде ашылмаған сырдай, соншалық балқып, жаңа бір туыстай қалықтап ырғалатын. Мүмкін өзге, басқа біз санаған екі жас махаббатын тудырар шарт-шаралар арасында, осы күйдің де өз әсері, өзгеше көп әсері болған болар...
Қалайда жиырма күн бойына Мағыштың өтініші бойынша, оның қасынан айрылмай үнемі бірге болған Мәкен, Дәрмен жүрегінде бұрын ол біліп, барлап көрмеген өзгеше жалын тудырды. Бірақ бұл жастардың айырылар шағы жақындады. Мағыштың ұзатылар күні тақаған сайын, Дәрмен жүрегіндегі от-жалын ұйқысыз түнге айналып, ендігі жас халін биледі. Бұрын жан баласына жүрек жарып, ашылып көрмеген момын, таза Мәкен де соңғы күндерде Дәрмен домбыра алып, бұның қарсысына отырып, үн сазын бастағанда, жас жүрегі лүпілдеп соғып қалады.
Әбіш пен Мағыштың көздері соңғы күндерде Мәкен жүзінен осындай сәл бір шақта толқына туған қызғылт нұрды көретін. Таң шапағындай қызыл арай Мәкеннің тап-таза жұқалаң біткен қоңырқай жүзіне лап беріп шығатын да, тез толқып, оның нәзік жүзін, шыншыл жүзін сәл ағарта түсіп, жасырына кететін.
Сүйіскен жастар әсіресе алғашқы уыз жастық кезінде, өз арасындағы туып келе жатқан ғажайып сезім жайын өздері аңдамай, толық танымай жүретін бір аңқау шақ бар ғой. Олардың ішкі жайы әлі аталмаған, әлі өз көңілдерінде де оймен, сөзбен түйілмеген, шешілмеген. Бірақ бұл кіршіксіз таза, аңқау жастар екі арасында туып қойған сезімді көлденең дос, жақын көз танып қойғанын да аңдамайтын. Бірталай күннен бері осы жайды Әбіш пен Мағыш шын сыр етіп бір-біріне айтысқан-ды. Екеуі Мәкен отырған шақта Дәрменге жиі-жиі, әдейі арнаулы өлең айтқыза беретін. Іні, құрбы, қыз бен жігіт достарының осы шақтағы жүздерін олар барлап білдірмей, сездірмей ғана сүйсінетін. Өзара көз тастасып, іштей құптап күй танысатын.
Бірақ қанша сүйіп, жалын құша жүрсе де, сол күйін ешкімге, еш шақта ашпай сақтап қалу Мәкен қолынан келер еді. Оның жіңішке сұңғақ бойы, сұлу көзі, барынша нәзік сүйкімді жүзі Әбішке өзгеше боп көрінетін. Әлдебір бұл оқыған романдарда өте ауыр құрбандыққа шыдағыш, махаббатқа барынша берік әйел бар еді. Ол жанып өтсе де, жалынып өтпес. Өзгеше үлкен сезім сақтайтын жар еді. Сол жүрек пен қасиет осы Мәкен алуандас қыздан шықса керек.
Әбіш оқыған тағы бір романда шебер жазушы айтқан бір сын болжау бар. Онда: жіңішке, сұңғақ бойлы, ашаң, жұқалаң жүзді сұлу әйел махаббат жолында ең тұрақты сезім иесі болады депті. Толық қанды, қалың денелі әйелде тұрақты сезім сирек кездесіп, құрбандыққа шыдамсыздық көбірек ұшырасады – деп те ұққаны бар-ды. Өзі білгеннің көбін көңілде түйгенмен, сыртқа шығармайтын Әбіш, бұл сахарада жүрген қыздардың арасында Мәкенді өзгеше бағалайтын. Дәрменді болса, Әбіш оның өнері үшін де, жігіттік қасиеті арқылы да және әсіресе кіршіксіз жастығы үшін де жақсы көретін. Кейде Әбіш өз сырымен болып, әділ мінезділігіне салып, құпия ойлағанда, осы сахарада бар туыс, дос, жақын-жаран ішінде әкесінен соң Әбіштің ең жақсы көретін азаматы осы Дәрмен тәрізденуші еді. Кейде өзіне-өзі сұрақ беріп: "Мен Дәрменді ең сүйікті бауырым, інім Мағаштан да артық көрем бе, осы қалай?" – деп қалатын кездері болған.
Қазір Әбіш Дәрмен, Мәкен екі арасынан не түйін шығарын қызығып тосатын. Олар өмірінің алдында қандай ауыр толқын, тосқауылы болса да, жаңағыдай қызығып, қуана қарайтын үмітінен Әбіш өзін қайтарып ала алмай жүретін. Егер ол екі жас бұған ақылдасар болса, Әбіш олардың алдында от тұрса да тайсалмауын, тайлықпауын құптар еді. Қалайда ол, іштей өз қатарына Мағышты қосып, Дәрмен мен Мәкеннің қостаушы, құптаушы серігі боп алған. Бірақ бұлар тілеу қосып тұрғанмен, әлі де Дәрмен, Мәкен арасы ашылыспай және басылыспай жүрген бүркеулі бір оттай.
Екі шыншыл, бірақ аңқау, адал жастар жүрегін енді оңай ашылысуға қатал бір жай жетектеді.
Мағыш ұзатылардан үш күн бұрын ерекше бір хал туды. Күндегі әдеті бойынша жастар кеш батар шақта ауыл сыртына сейілге шығып еді. Жұқа, көркем қара жібек шапан жамылған Мағыш, өз шапанының астына сұңғақ бойы өзіне тең келген, талдырмаш Мәкенді тартты. Құшақтасқан екі қыз жай, баяу басып, жігіттермен қатар келе жатты.
Кейін ай туып, ымырт жабыла бастаған шақта, Мағышты Мәкеннен бөліп, Әбіш ертіп кеткен еді. Қастарында қалған Әлмағамбет пен және бір-екі қыз серіктерді әзіл-әңгімемен көңілдендіріп Дәрмен сейіл етіп жүрді. Осы кезде бұл жастар тобына қарай астындағы жерқылаң, жүрдек атын тебіне түсіп, омыраулай бастырып, бір жуан денелі, жасы үлкен кісі кеп тоқтай қалды.
Жігіттер берген сәлемді жөндеп алмастан, шоқша сақалды, зор мұрынды, қалың кеуделі жігіт қатаң үн қатты.
– Осында Мәкен бар ма? Анау тұрған Мәкенсің бе? Бері қарай бас, бері, маған бұр мойныңды! – деп әмір ете сөйледі.
Жаңағы сөздерінің арасын үзіп-үзіп айтқан шағында аңырып қалған жастар, әлі де таңдану үстінде болатын. Бірақ бәрі де мынау адамның қатқыл үні мен мінезін көріп, аңысын аңдады.
Мәкен бұл кісіні таниды екен. Баяу, салмақпен басып, оның қасына тақады.
– Бертаман жүр! Бас бері қарай! – деп тағы да әмір етіп, келген адам атының басын бұрып, Мәкенді оқшаулап апара жатты.
Сол келген салқын үнді, қатаң ажарлы жүргінші Мәкен басына әлек әкелген. Ол – Дайыр дейтін Мәкеннің әмеңгері. Қыздың әкесі Әзімнің тірі шағында Оразбай байдың жақын ағайыны осы Дайыр, өзінің кенже інісі Қайырға Мәкенді айттырған екен. Қазір бұған бес жыл мезгіл өткен. Одан бері Әзім қайтыс болып, Мәкен жетім қалды. Кедей шаруа боп шешесі басқарған үй-жайы шалдуарлыққа айналды. Енді қысқы соғым, жазғы сауын сияқтыны Мәкен үйі сол қайын жұрттан амалсыз алатын кіріптарлыққа түсті.
Мәкен Дайырдың інісін көрмесе де, тағдырына көндіккен. Сол белгісіз жар "қосағымын" деп бағына өскен. Бірақ былтыр бұған атастырған Қайыр, өзі құрбы жас, аттан жығылып қаза болды. Енді міне, жыл мезгілі толар-толмаста сол Қайырдың ағасы, қырықтан асқан жасы бар, үйінде аюдай қатыны бар мынау Дайыр Мәкен мен оның шешесіне суық сөз сала бастаған. Ақыл, кеңес емес, өтініш, тілек емес, бұйрық, байлау жолдаған.
"Інім өлсе, жесірім тірі, әмеңгері өзім бармын. Мәкенді өзім аламын. Осы жазда, не күзде ұзатуға қам-қарекет істесін!" – деген бұйрық жіберген-ді.
Ноғай аулына күйеушілеп Әбіш келгелі сол Дайырдың аулы қатты мазасыздық күйге түскен. Дайыр болса, Қоянды жәрмеңкесіне сапарға кетіп, бұл жақтағы жайлауда болып жүрген жастар жайын мезгілінде білмеген. Енді кешелер жәрмеңкеден қайтып келе сала, Мәкеннің "Абай аулы жастарының ортасында көптен сауық етіп, сайран салып жүргенін" естиді. Бұның аулындағы бір-екі қартаң жеңгелер, Дайыр келмес бұрын, ноғай аулына, күйеудің отауына жансыз етіп бір-екі қартаң еркек өсекшіні де жіберіп алған болатын. Олар Мәкен мен Дәрмен арасын сырттан болжап, өздерінше өсекке таңып қайтқан. Сондай күйдің бәрін ішіне жиған және Оразбай ықпалы бойынша Абайдың өзін, оның бар өрен-жаранын жау деп білген Дайыр, бүгін келім-кетімнен босай сала, әдейі атқа мінген. Осы кеште Мәкенді айыптайтын шақты іздеп, не пәлеге болса да ұшырасуға әзір боп келген.
Енді Мәкенмен екі-үш сөзге келместен ол:
– Үйіңе қайт, қазір кет мынау кесір топтан! Шешеңнің қасына жет. Аз күнде келемін де аламын! – деп бар бұйрығын да, байлауын да бір-ақ айтты.
Дайырға тию деген ой әлі Мәкеннің көнген ойы емес. Жүрегін үркіте түршіктірген күпті жайы болатын. Шыншыл, ашық көңілді Мәкен Дайырдан жаңағы сөздерді естігенде наразылығы мен ызасын жасыра алмады. Ол қабақ шытынып, реніш айтып:
– Сізге не көрінді? Мұнша тасырлап неден бүліндіңіз? – дей беріп еді, Дайыр сойдақ тістерін ақситып арс еткендей әмір айтты.
– Доғар сөзді, алма бетімнен! Жөнел қазір үйіңе!
– Ақырмаңыз! Мен сіздің әйеліңіз болғам жоқ әлі. Болам деп те жүргем жоқ! – дей беріп еді. Ендігі сөзін қатты бір тұрпайы ұрысқа ауыстырған Дайыр:
– Өшір үніңді, жүзіқара! – дей беріп, Мәкенді қамшымен тартып-тартып жіберді.
Мәкен шыр етіп:
– Қуарған! Жауыз! – деп, кейінгі топқа қарай жалт берді. Ащы зары топтан көмек тілегендей өзгеше естіліп еді.
Дәрмен елден бұрын ұшып келіп, қыз бен Дайырдың арасына киліге кетті. Дайырдың қолындағы дырау қамшысын бір-ақ жұлқып, тартып алды.
– Тоқтат! Айуанбысың? Не деген арсыз адамсың! – деп, қамшыны Дайырдың өзіне білеп, тұра қалған.
Дайыр бұны да боқтап жіберіп:
– Тұр былай жолымнан. Ара түсем дейтін шығарсың, жерге қағармын шетіңнен! – деді.
Анадайдан бұл жанжалға "о не, немене, бұл кім?" – деп ұмтылып келе жатқан Әбішті аңғарды да, Дайыр соңғы бір сотқар сөзін ақыра айтты.
– Сенгенің Абай шығар! Абайың түгіл, құдайыңды пана тұтсаң да, жерге қағармын! – деп, шапқылай жөнелді.
Осы кеште жастар тобы көпке шейін үйге келмей, жарық айлы түннің көбін далада кешірген. Әбіш, Мағыш, Әлмағамбеттер бір бөлек кетті де, Дәрмен мен Мәкен ұзақ кешті жұбын жазбай өткізді. Солардың аңысын аңдаған Әбіштер, бұл екеуінің арасын сөз қылған жоқ, үнсіз түсінді, қамқор көңілмен, олардың өзара сыр ашуларына тілек-тестік танытты.
Мәкен мен Дәрмен осы кеште, бір сәтте ойда жоқтан оңай ашылысты. Екеуінің сырына көз жасы да, сараң сөздері де, ең алғаш табыстырған құшақтары да араласты. Мәкеннің толықша келген, аса сүйкімді кішкене аузын Дәрмен ыстық оттай жалынды еріндерімен тауып сүйгенде, қыздың да қабыл ала сүйген ыстық еріндері жас жігітті балқыта толқытты. Осы кеш бұлардың бүгін, міне, қара бұлттай түйіліп тұрған тағдырының ең алғашқы бастауы еді.
Сәменнің төргі кішкене бөлмесінде ой үстінде үнсіз жатқан Дәрменнің көз алдына, бұдан аз күн бұрын үміт берген, көмек көрген және қауіп ойлатқан жайлар кезектеп келеді. Үнсіз, тынышсыз ойға батқан арлы жас бір кезек "жұртқа әлек салдым ба, Абайға азап әкелдім бе?" – деп те қиналып қалады. Өз өмірінде қолынан келгенінше "Абайдай әз ағаның басына кейіс салмай өтсем" – деген бұның азаматтық арманы еді.
Сондықтан да қалаға қашумен Абайды қырдағы көп әлектен құтқардым ба деп еді. Қырда болса, бұл істің арты бүгін ауыл шауып, барымта алысуға соғар ма еді? Немесе ақсақал, билер тергеуіне, кесіміне айдап салып, Мәкенді бұдан айырып, Дайырға қайырар ма еді, Дәрменді жазалап, мал-мүлік айыбын кесіп, әуелі тонап алып, содан әрі аластап, ел ішінен айдап тастар ма еді. Тіпті ызалы, жыртқыш боп, бұның басын жарып, көзін шығарып қор етуге де барар еді. Ол жағы сол! Бірақ бұнда да қуаныш пен азаттық құшағын жайып қарсы алып тұрған жоқ. Алдағының бәрі бұнда да тас қараңғы.
Қазір басталатын әлекті көп күдікпен қинала ойлағанда, Дәрменнің маңдайынан ыстық тер шыққандай. Деміне өксікті жалын араласқандай боп кетеді. Сондай бір кезде, бұның жалғыз жұбанышындай боп Әбіш мінездері еске түседі. Жаңа келіп кеткен Әбіш айнымас дос қалпында. Жаңа бұлардың түгел тобына арнап айтқан сөздері сабырды да, қайратты да молайтып, күшейткендей.
Әбіштің осындай сөзі мен ақылы болмаса, Дәрмен сонау кеште дәл сондағыдай боп ашылмас еді. Тегі, оңаша сыр түйіскен шақта Әбіш айтқан бір жай болатын. Алдағы қиындықты болжай тұрып ол:
– Дәрмен, сен жасқанба! Мен білемін, сен әсіресе Абай ағаңды қинаймын ғой, дос-жаранды әлекке салам ғой деп жасқанатын шығарсың. Ең алдымен осындай күдікті жой. Әрине, жеңіл емес. Ауыр әлек, үлкен салмақ саласың дос-жараныңа. Бірақ сен Дәрмен болмай, әлдебіреу болсаң, бұлай жасқану, именуге болады. Ал сенің басың үшін, мен айтайын, өзім де, әкем де бар салмағыңды күйінбей көтереміз. Мағаш, Кәкітай да сенің жайыңды дәл осы менше, айнымай ұғынады деп берік сенемін. Менің бұл сөздерімді Мәкен екеуің қоса ескеріңдер! – деген.
Дәл қалаға аттанарда өзін шығарып салған Дәрменге Әбіш соңғы жайды тағы да айтқан. Бұл кезде Мәкен мен Дәрменнің қосылмаққа бел байлаған, бекінгені Әбішке анық мәлім еді. Сол себепті қаладағы Абайға алдын ала Дәрмен жайын білдіріп, ұғындырып қоюды Әбіш өз мойнына алған. Кешегі Абайдың ажары Дәрменге көп жайды танытты. Абай Әбіштен Дәрмен сырын білген де, ішке түйген тәрізді. Сондықтан да "Әбіш арыз жазсын", "Жастардың мекені ар жақ, оқшау түкпір болсын", "Осы түнде ар жаққа Сейіл өткізіп салсын" – деген Абай, енді Дәрмен ісінен сырт қалып отырған жоқ. Ашылып, шешіле сөйлемесе де, ендігі Абай, бұдан былайғы Дәрмен ісі мен сөзіне жауап беруге көнген, мойындаған Абай.
Әбіш болса, сол айнымаған алғашқы бетінде бұлар үшін алысқа кірісіп, әкесі Абай үшін де, өзі үшін де іс бастағаны жаңағы. Осыларды ойласа, Дәрмен көңілі толас тауып, үлкен бір жұбаныш, тыныс алады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет