3
Он шақты күннен берi Абай Семейде каталашкада отыр. Үлкен абақтының өзi емес. Бiрақ уақытша жаза орны болса да, каталашка өз тұтқынын әрбiр жаза орнына лайықты, қысымда ұстайды. Темiр торлы терезе, құлыптаулы есiк бар. Сол есiктiң орта тұсындағы тар тесiк тұтқын адамның сырт дүниемен қатынасына тар өткел болады.
Жасауыл әр шақырғанға келмейдi. Сарала қылыш асынған ұйқылы жүздi, орта жасты, көп ажымды күзетшiлер. Бұның кейбiрi Тентек-оязбен елге ере шыққан стражниктер сияқты. Тұтқын орны сол Тентек-ояздың кеңсесiнiң жанында. Абайдың бүгiнгi халiне дағдылы тұрмысы ұқсап көрмеген. Бiрақ сонда да ол өз күйiне бiр қыдыру үйренiсiп қалған сияқты. Айналасын көп кiтапқа толтырып алыпты. Көбiнше, сол кiтаптарына үңiлуде. Күндерi қалай өтiп кеткенiн байқамай да қалады.
Абайға осы кездерде аса бiр ықыласты достық көрсеткен бiрнеше шаhар адамы бар. Олардың iшiнде Ақбас атанған Андреев ерекше. Ол Абай қасына алғаш каталашкаға түскен күннiң ертеңiнде келген.
Содан берi әрбiр екi, үш күнде Абайға кiтап әкеп бередi. Абайды тар бөлмеден шығартып, ауыздағы шыбыны көп, терезесi аласа, өзi де бiр қапастай болған күзетшiлер бөлмесiне келтiредi. Iсiмен таныса келген кiсi боп, көп әңгiмелеседi. Кiтап соңынан кiтап әкеп берiп, "тұтқын жалғыздығына серiктер әкелдiм" деп, Абайдың көңiлiн көтерiп кетедi. Алғаш Абайға келiп ауылда болған халдi бiлген сағатында Андреев:
– Құтырып барған ұлықты соншалық масқаралап, абыройсыз етуiңiз осал iс емес. Ол – әдiл ашудың iсi. Бiрақ бұл сiздiң азаматтық бағаңызды ұлғайтқанмен, заң алдында әкiмдердiң ызасын келтiретiн iс. Рұхсат етiлмеген тентек, сотқар ашу! – деген.
Андреев осы жөнiнде Абайға сөйлесуден бұрын, өзiнiң жақын таныс адамы Лосовскиймен де көп әңгiмелесiп, барлық жайды бiлiп келген. Лосовский Андреевке Тентек-ояз iстерiн мазақтап, күлкi етiп айтатын. Ол Абайдың мiнездерiн намыскерлiк деп бағалаған.
Андреев үйiнде осы жай тағы бiр әңгiме болғанда, үшiншi бөгде бiр адам бар едi. Ол жасы отыздың iшiне толық кiрген, кең жайылған қара сақалды, зор ашық маңдайлы, қасқа бастау келген, қайратты, дана пiшiндi Михайлов болатын. Бұл адамның түр-сыпаты, киген киiм үлгiсi жергiлiктi адамдарға ұқсамайды. Ол чиновниктiң жылтыр түйме, оқа белгiсiн тақпайды. Өзi патша өкiметiнiң терiс көзiне көптен iлiнген, қылмысты жан болып, осы жаққа айдаумен келген адам.
Осы Михайлов бұл күнде облыстық үлкен кеңседе қызметте саналады. Ақырайған ұлық басынан кешкен масқаралық, күлкi жайды алғаш тыңдағанда Михайлов еш нәрсенi сұрамады. Бiрақ өзiнiң кесек, оқшау күлкiсiмен қатты күлiп, қызара түсiп, сүйсiнгенiн бiлдiрiп отырды.
Ол кейiнгi бiр күндерде Андреевтен, сол ұлықты масқара еткен сахара жiгiтiн көрсетiп, таныс етудi сұраған. Абай iсi Лосовскийдiң куәлiгiне байланысты екенiн Андреев айта берушi едi. Бұл iс жөнiнде, Лосовский өз сөзiн әдiлiмен айтуға бейiм болған.
Андреевтен досы iстеп жүрген жаңағы сияқты қам-қаракеттi бiлген соң, Абай алаңсыз болды. Оның бұл күндерде каталашка стражасынан жалғыз талап ететiн жағдайы болса, ол тек түннiң шамы ғана. Абай тiптi аз ұйықтайды. Бiрiнен бiрi қызық романдарды күндiз оқуға тоймай, түн жарығымен де оқығысы келедi.
Каталашканың қалқан құлақ жаман фонары жерге қойылмайды. Биiкке, жоғарыға асылады. Соның дәл түбiне кеп, кiтап жолдарын әрең көрiп отырса да қажымай оқи беретiн Абай, көзi талған шақтарда каталашка есiгiн жұдырықтайды. Қорылы күштi, бықсық ұйқыда жатқан бар стражниктi бөрiдей үркiтiп оятады. Ұйқыны бұзғанға гүжiлдеп, ашуланып келген қартаң стражниктер кейде Абайға кекесiн атып:
– Қарашы, киргизин оқымысты боп алған! Бабаң мен әкең үшiн де осы каталашкада оқып алайын деп жатырсың ба? Күндiз саған жетпей ме! – деп қыжыртады.
Абай бұларды беймазалап оятқаны болмаса, ұрысып қажаспайды. Қайта, кейбiр жаңағыдай өткiр қалжыңдарына сүйсiне күлетiн. Бiрiн Сергей, бiрiн Николай деп, өз аттарымен атайды. Жай ғана беделдi, сыпайы жүзбен сөйлейдi. Сахараның өзiнше тәрбиелi, сыпайылығымен үн қатады.
– Сергей, өзiң ойласаңшы, каталашкаң толған қандала. Ұйқы-тыным бермейдi. Тек осы кiтаптан басқа тыныштығым да, серiгiм де жоқ. Каталашкаңнан тамақ та iшпеймiн. Бiр шамнан басқа шығарар шығыным да жоқ, түсiнсеңшi! – дейдi. Бұған жиi кезiгетiн қарт Сергей әр кештi тыртысқан ерегiспен бастайды. Бiрақ кейiн екiншi шамды әкеп, өзi жағып бередi де:
– Дұрыс адамдар школдан оқиды. Школдан. Ә, сенiң әкең оқуды түрмеде оқы деп үйреткен бе? Тапқан школың осы жер ғой, мә! – дейдi.
Абайдың каталашкаға келтiретiн шығыны аз. Оның қымызы, етi, ыстық сорпасы тыстан келедi. Ербол әкеледi. Немесе осы жолы Абай мен Ерболдың атының басын ұстап, көшiр боп келген жас жылпос жiгiт Баймағамбет әкеледi. Қазiр де Абай камерасында қамыс тегене орталай толған салқын қымыз тұр. Пiскен ет, шай азығы да дастарқан iшiнде аз емес. Уайым ойламаса да, қаланың ыстық шағында, тұншығып булыққандай боп жатқандықтан, Абай тамақ iше алмайды. Сондықтан ба, болмаса күн көзiне шықпай көп күндер отырып қалғаннан ба қазiр, қара сұр реңнен, ақ сұр түске ауысқан.
Бүгiн, өткен түнде де аз ұйықтаған Абай, ертеңгi оразасын түнемел қымызбен ашып, қызық роман уақиғасына шомды.
Абай биылғы көктемде Ақшоқыда "Дубровскийдi" оқып отырғанда есiне алған бiр ойын бүгiн қайта тапты. Владимир үйiмен қоса, парақор төрелердi өртеп жiбергенде, Абай сондай намысты ашуға қатты сүйсiнiп едi. "Анық еркек ашуы осы екен!" деп қабылдаған.
Кейiнгi күндерде сол кiтап уақиғасын есiне көп алатын. Қабақ қаққандай бiр оқыс әрекет iшiнде, сол уақиғаны өзi де көргендей болды. Тентек-ояздың үйiн жапырып, құлатып жiбергенде, түкпiрдегi үйдiң аузына үркiп барып, сығылыса ұйлыққан Тентек-ояз бен бес-алты стражник, урядниктер көзге елестейдi. Рақымсыз ыза, от ұшқынындай елес берiп өтедi.
Бiрiнен бiрi алыс қауымдар, адамзаттар бар. Солар кей шақтарда өктем зорлық, озбыр қиянат iшiнде аға мен iнiдей ұқсас мiнез атады. Ноқталы жолбарыстар, ызада жолбарысша мiнез атқандай. Томағалы тұтқын қырандар, ызада қыранша мiнез танытқандай. Кей намыс кей жандарды ұқсас түрде ыршытады. "Ондайда, адамды, қауымды – жыныс, ұлыс билемейдi. Ұқсас күйi билейдi-ау!" деп бiр ойға кетедi.
Қазiр дәл осы ой созыла түсiп, тiзесiне салып қойған кiтап ашулы бетiмен елеусiз қалған бiр кезекте камераның есiгi шапшаң ашыла бастады.
Каталашканың надзирателi Хомутов өзi кептi. Ол бұл жерге, Абайды керек еткен адвокат келсе, не тергеушi начальник келсе ғана кiретiн. Абай "әлде босану кезi болды ма?" деп, оқыс бiр үмiтпен Хомутовқа қарай шапшаң тұрып, қадам баса берiп едi. Хомутов есiкте тұрды да, қатқыл, суық үнмен хабар еттi:
– Құнанбаев, дежуркаға жүр. Саған ауылдан әке келген! – дедi.
Абай бұл хабарға бiр жағынан таңданумен бiрге, екiншiден намыстана түсiп, жылдам басып, полицейге ердi.
Дежуркада шынында елден келген бiрнеше кiсi бар едi. Бес-алты кiсiлiк тобын бастап келген Ербол мен жас Баймағамбет көрiнедi. Абай оларға асығыс амандаса бере, ар жағынан Құнанбайды iздедi. "Осы араға кәрi сүйегiн сүйреп, ол несiне келген" дедi iшiнен. Жақтырмай келедi.
Осындай оқыс ой себебiнен, Абай бұнда тосып тұрған кiсiлер арасына қабағын түйiп келдi.
Топ iшiнде Құнанбай жоқ боп шықты.
– Әкем келдi деп едi, ол қайда? – деп Абай асыға сұрады. Ербол оны бүйiрiнен ақырын ғана түртiп қойды. Баймағамбетке қарап тұрып, соған айтқан кiсi боп, стражниктердiң көзiн алдап:
– Әкең мына тұрған Дәркембай емес пе, кiргiзiп сөйлестiрмейтiн болған соң айтылған ғой! – дедi.
Абай бұл хабарға қуанып, бас ие бердi. Сақалы ақ боса да, әлi қапсағай денесi, қайратты жүзi кәрiлiкке мойымаған Дәркембай Абайға кең құлаш жайды. Дос бейiлiн шын бере түсiп:
– Айналайын жалғызым, арысым! – деп, қапсыра қысып, бетiнен сүйдi.
Бұл жолы Ербол Хомутовты паралап келген сияқты. Дәркембайдың тұтқын жiгiт әкесi екенiне әбден сенген надзиратель жаңағыдай шын сағынышты, аталық құшақты көрген соң, "сөйлессiн" деп тайып кеттi.
Абай Дәркембайдың құшағынан шығысымен, өзге екеудi ендi ғана таныды. Әуелi қараңғы үйде беттерiне көлеңке түсiп тұрғандықтан аңғара алмаған едi. Таныды да, таң болды. Бiрақ, сол таңырқау үстiнде қатты сүйiндi. Әлi күнге үнсiз тұрған ұзын бойлы, сом денелi екi жiгiттi де қатты қысып, кезек құшақтады.
Абайды таң еткен сол екi жiгiт. Дәл осы күндерде, Семей түгiл, абақты түгiл, Құнанбай ауылдарының көзiне де көрiнбестей боп, ел iшiне сыймай жүрген жiгiттер.
Ералы жанжалының артынан осы пәле Тәкежанды орнынан түсiрдi. Абайды қалаға жауапқа шақыртып барып, абақтыға салғызды. Онан соң барлық Ырғызбай өрен-жарандары болып, "сол жанжалдың пәле басы, бұзықтары"– деп, Жiгiтек адамдарын таңбалап алған. Түп пәленi Оралбайдан, сонан соң Базаралыдан көретiн.
Одан соң сайлау басында омырау жасап, ұлыққа қарсылық көрсетiп, көп жатақты қоздырған және үйдi құлатып, елдi түгел бiрiктiрген осы тұрған жiгiттер дескен. Олар туралы Тәкежан мен өзге шағымшыл атқамiнердiң көбi, Тентек-ояз кеңсесiне де пiргауарлар түсiрген. Абай ұлыққа берiп шыққан бiрнеше жауабында, дәл осы бiр-екi жiгiтке көп қадалып, қатты өшiгiп сұраған тергеушi ұлықтың аңғарын таныған-ды.
Өз тергеуi ұзай түсетiн болса да, Абай бұл екi жiгiт жөнiнде ұлық қолына дерек боларлық сөз бермеген. Ендi мiнi сол ұлықтар қас көрiп, кәрiн тiгiп отырған екi жiгiт қалаға кiрiп, қақап тұрған ұлықтың абақтысына өздерi кептi.
Абай Дәркембай шалдың да келiсiн қатер көрiп едi. Оның да қағазы жаман болатын. Бiрақ Дәркембайдың бұл үшiн неге болса да iркiлмей басатыны Абайдың өзiне мәлiм.
Таң қылған мынау екi жiгiт. Қазiр олар Абайға күлiмсiреген дос жүзбен қарайды. Шын тiлеулес бейiлiмен, айрылмас бауырлық бiлдiрiседi. Бұлар Жiгiтектiң екi серке азаматы – Базаралы мен Абылғазы. Абай соларға қарап:
– Жандарым-ау, арандай ашылып тұрған арыстанның аузына, сен екеуiңдi кiм әкеп тықты? Әлде бiздiң ауылдар, мен үшiн сендердiң iшкенiңдi зәр, жегенiңдi желiм еттi ме? Сонымен келдiңдер ме? Жөндерiңдi айтшы! – дедi.
Базаралы Абайдың қазiр жаңылғанын айтып бердi.
– Сол айтқаның бiр бiз емес, бар Жiгiтектi сенiң артыңнан шұбыртқандай себеп екенi рас. Бiрақ бұл жолы бiздi ол әкелiп қайтсын. Осы абақтыда отырған сен болмай, Тәкежан болса да, сол сөз айтылар едi ғой. Бiрақ Базаралы мен Абылғазы онда келмек түгiл, "қыңқ" дер ме едi. Ешкiмнiң сызы да, зiлi де жоқ. Мына Дәркембай шалың мен қара сойыл, содыр Абылғазың "сен отырған абақтыда кең сарайдай, өкiнбей отырамын!"– дейдi, "қасынан қалмаймын" деп келдi, – дедi.
Дәркембай мен Абылғазы бұл сөздi екi жақтан, қатқыл салмақпен қостап кеттi.
– Бiз үшiн сен отырма! Бiз жоқшы болуға жарамаймыз. Наданбыз да, дүлеймiз ғой! – деп, Дәркембай бастаған. Ар жағын Абылғазы жұлып алып кеттi:
– Сен үшiн отырамыз. Бiзден не өнедi? Сен тым құрмаса елдiң жылағанын уатарсың. Жоқшы боламын десең еркекше ар-намысты жоқтай бiлерсiң. Бәрiмiздiң келгенiмiз сол. Сен шық, бiз жатамыз!
Түнеугi Қорықта Оспан айтқан жат хабардан соң Абай Базаралыны дұрыстап көрген жоқ-ты. Тек Ералыда, Ояз үйiнде, ашу жалын арасында бiр ғана сәт көзi шалып қалғаны бар. Iшi бiлiп тұр мынау ағайын тобын өзi бастап, өлiмге бекiндiрiп әкелген Базаралы. Ол Абай алдына өзiнiң тамам айыбын "кеш" деп, кiшiлiк етiп келгендей! Бұл үшiн өзiн құрбан еткелi, кешiрiм өтiнiп кеп тұр.
Абай iшпен, қабақпен табысатын күйдi бiраз ойлап барып түйдi. Байлауына жете сала мынау үшеуiне, соншалық бiр жадыраған жүзбен қарады. Жақсы кейiпте тұрып, көбiнше күле сөйледi.
– Ер егесте, нар кешуде. Жаңағы сөздерiң төбемдi көкке жеткiзгендей. Мен шын қатерде болсам жолымда өлгелi, айтқан тоқтым болғалы, ақ сақалымен Дәркембай кептi. Асау бойыңмен сен екеуiң де осыған бекiнiп кеп тұрсың. Қандай оттан сендер таярсың, қандай ажалдан мен тайсанармын? – деп күлiп жiбердi. Бiрақ, жұрт үркетiн түк те жоқ. Құр дәрiлеп атқан Тентек-ояз бопсасына өле кетейiн деп тұрған мен жоқпын. Маған шыбын шаққан құрым батқан жаза да, ыза да жоқ! Бұрын да көп алғыс айтатын жақсы орыс досым бар едi. Сол адам өзiне қоса бiрнеше үлкен, мығым достарды тауып берiп тұр. Соның бiрi, Ояз иттiгiн өз көзiмен көрген байыпты адам – чиновник. Мiне жай осындай. Осы аз күн iшiнде Оязбен менiң жауаптасуым мүмкiн. Ал онымен дауласуға мына Дәркемдi салмай-ақ қояйын! – деп қалжыңдады. Содан соң әзiлқой жүзiн Базаралыға бұрды да:
– Қазаққа қызыл тiлге дес бермегенiңмен, Базеке, сен де бұ жолғы дауды маған бер. Кiсi көбейсе, еселеген тергеу мен дау көбейедi. Пәле, жала қат-қабаттай бередi. Тергеу, тексеру де созылып кетедi. Сендердiң бүгiнгi күндер, бұл тұста керектерiң жоқ. Тез ғана елге қайтыңдар! – дедi де бүгiнгi сөздi тамам еттi.
Қуғыншы боп келген Жiгiтек кiсiлерiн, тұтқын үйiнен қайтарып жiберiп, Абай өзi, бұрынғысынша, сол орнында тағы бiраз отырып қалды. Дәркембай, Базаралылар болса, Ерболменен ақылдасып, өздерiне қатер дегенге қарамай Семейден кетпейтiн болды "Абай үшiн керек бола қалсақ, осыдан табыламыз" деп, Семейдiң ноғай жақ шетiндегi қыр қазағы көп қатынамайтын, бiр оқшау көшесiнен пәтер алды. Ерболмен анда-санда, түн кездерiнде астыртын хабарласып тұрады. Абайдың тергеуi қиындап, жаза кесiк сияқты қысталаң шақ болса, Ералы шатағын да Базаралы өз мойнына алмақшы. Абайдан жан аяғанша, өлген артық деп байлаған.
Нұрғанымды ерекше сүйген көңiлден өзi қайта алмады. Соншалық жалынмен бұған бой ұрған әйел де қызуын iрке алмады. Бiрақ сүйтiп жүрiп Базаралы өзгеден сескенбесе де "Абай бiлген күнi жерге кiремiн-ау" деушi едi. Iшкi-тысқы жарадай боп, бұ да қат-қабаттап келдi. Әсiресе азаматқа сын, елге салмақ боп келген сергелдең, қым-қуыт батады. Абай Базаралының өз алдындағы айыбын бiлсе де, оны әзiрше, ер елемейтiн жарадай бүркеп кеттi.
Абақты iшiнен Абайды көрiп шыққан соң, бұл жөнiнде Базаралы: "жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет дедi-ау Абай, ақылыңнан айналайын!"– дедi. Өз iшiнде тас-томардай түйiлiп жүрген бiр күдiктi осылай жадыратып, сыртқа шығарды.
– Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады, десе болады. Жолдасты да басшыны да тауып мерейiм асып тұрған күнiм осы! Байлау бiреу-ақ. Не Абайды аман шығарып ап, күле жайнап бәрiмiз елге қайтамыз. Немесе Базаралы бас қияды да, осыдан ел бетiн көрмей айдауға кетедi. Қиянға кетедi. Тек, өкiнбей кетедi бұл жолы! – деген.
Дәркембай да Абай турасындағы Базаралы сөзiне өзiнше бiр ойлы шешу айтты.
– Жауға жалынба, досқа тарылма деп жатыр ғой? Бәрекелдi! – дедi.
Абақтыдағы жалғыздық Абай сыбағасы болды. Бiрақ оның досы бiр Базаралы, Дәркембайлар емес соларға ұқсаған тiлеулестер саны молайып тұр.
Абай өзi осы соңғы күндерде жаңадан тапқан тағы бiр оқшау досы барын Ерболдан емiс қана естiдi. Ол досы Ертiс бойлаған "тоғай бойының елi" дейтiн қалың Бура iшiнен келген. Тiнiбектiң үйiне семiзден жараған үш сәйгүлiктi пәуескеге жегiп келiп түскен серi қыз – Салтанат болатын. Тiнiбек пен қыз әкесi – ылди бойының саудагер байы Әлдеке – құдандалы, дос едi.
Оның ауылдары сахара елiндей емес. Ертiс бойында, қалаға жуық жерде егiн, сауда кәсiптерiне көп салынатын. Үй-жайды ағаштан шатырлап, көрiктi қып салатын. Шаhар, базар, жәрменке дегендерге үлкендi-кiшiлi, әйел-еркегi қатынасып жүретiн. Үлгi алуаны Тобықтыдан мүлде бөлек. Сондай ауылдың ұзатылуға жақын жүрген, бойжеткен, ерке қызы осы жолы қасына тоқал шешесiн ертiп, қаладан ол-пұл керегiн алуға келген.
Салтанат бойжеткеннiң Тiнiбек үйiне алғаш келгенi бұл емес. Ол үйдегi Абайдың апасы Мәкiшпен ерекше тату едi. Осы өткен қыста, тағы бiр келген сапарында Мәкiшпен ұзақ сырласқан-ды. Мәкiштен Абай жайын айрықша сұрастырып едi. Сол кеште Мәкiш Салтанаттың өтiнуi бойынша, Абайдың бiр өлеңiн әнге салып айтып берген. Салтанат әннен көрi Абайдың сөзiне құлағын қойған.
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да,
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да!–
деген жүрек зары шыққанда, Салтанат күрсiнген едi. Ала көлеңке кеште Мәкiштiң иығына екi қолын ақырын асып тыңдаған. Кәмшат бөркi басында, қызғылт жүзiн бiр сәтке Мәкiштiң иығына басқан. Артынан өз iсiнен ұялғандай боп, екi бетi ду етiп, ыстық қаны қайнап бойын тез жиып едi. Бiрақ өлең сөзi бұған өмiрiнде естiп көрмеген асыл сырдай көрiнген.
– Әттең дариға-ай! Мынандай арманды айтқызған қыздың мұңы бар дейсiз бе? – деп қана, ол кештегi сөзiн тамам еткен.
Осы қонақ таңертеңгi шай үстiнде Тiнiбектiң бәйбiшесiмен, Мәкiшпен, тоқал шешесiмен ғана оңаша отыр едi. Асығыстау жұмысы бар кiсiдей боп Ербол кiрдi. Мәкiш пен Тiнiбек бәйбiшесi Ерболдан "Абайдың iсi қалай? Босайтын аңғары бар ма? Адвокат не дейдi?"– десiп, екi жағынан ентелеп сұраса бастады.
Ербол қонақ әйелдердi бiлмеушi едi. Аз бөгелеңдеп, Салтанатқа таңдана қарағандай, үнсiз отырып қалған. Қыздың реңi себепсiз бiр қызара түстi. Үлкен, нұрлы қой көздерi Ерболға әуелi төменшiктеп қарады. Сәттен соң жiгiт жүзiне шыншыл ажармен тiктеп қарап, "жасырма" дегендей болды. Мәкiш те:
– Айта бер, бөтен кiсi жоқ! – деп қалып едi.
Ерболдың қысқа ғана айтқаны.
– Адвокат пен Абай iс аяғы алыс болмас деп үмiт айтады. Бiрақ ештеңе мәлiм емес. Одан берi де адвокат: "мұндай тергеу арты көлденең бiреудiң кепiлдiкке алуымен аяқтайтыны да болады. Сағатында әзiр тұру керек. Қала ұлығы бiлетiн беделдi адамнан, мың сомдай "залог" салып, Абайды кепiлге алатын кiсi әзiрлеп "қой" дедi. "Іс жақсылыққа сайғанда, осымен бiтуге болады" дейдi. Кепiлге алатын кiсi, үй-мекенi бар, сауда иесi адам болса, мақұл деседi. Сонымен келдiм! – дедi.
Бұндағы жұрттың бәрi анық аңғарды. Ерболдың көңiлiндегiсi Тiнiбектiң не өзi, не баласының бiрi болу керек. Бәйбiше бұндай iстердiң бұрын да неше рет болғанын бiлушi едi. Ендi отырып өкiнiш айтты.
– Ойбай қарағым-ай! Ендi бұның сәтi қалай болды? Үйде өзiң бiлесiң, бай да жоқ, екi бала сапарда. Қолда ақша да жоқ. Үй иесi болар, кепiлге шығарар, бақыр басты еркек жоқ қой! – дедi.
Бұл хал Ербол мен Мәкiштi де тығырыққа қамады. Ербол Абай үшiн ең сәтсiз бiр кез осы болғанын аңғарып, қысылып отыр.
– Япыр-ай! Шын қысталаң осы болмасигедi! Мал әкелдiруге ел алыс, жайлауға шығып кеттi. Кепiлге аларлық жанашыр болса үйде жоқ. Әбiгер үстiнде ел жақтан да қамсыз келiп едiк. Кепiл дәл осы күндерде керек боп қалса қайттiк? Бәйбiше, тым құрса осында көңiл жетер, өздерiңе ұқсас, үй мекенi бар қазақ саудагерiнiң бiреуiне сәлем жолдаңыз. Сөзiңiздi өзiм апарайын! – дедi.
Ендiгi ақыл анығында осы ғана. Бәйбiше мен Мәкiш қаладағы көңiл жетер дос-жар саудагерлердiң екеу-үшеуiн кезек-кезек атады. Бiрақ олардың да тегiс сауда сапарында екенiн естерiне алды. Мәкiш қатты кейiспен қабақ шытып:
– Жаз болса арбасын шықырлатып, бiрi "ел" деп, бiрi "ылди" деп, өрiп кетедi ғой бұлар. Тынымы болушы ма едi?! – дедi.
Үй iшiнiң дағдарысы ауыр. Осыны бiрталайдан сабырмен байыптап, бағып отырған Салтанат ендi барлық бұндағы жандарды таң қылғандай, тез бiр байлау айтты. Ерболға қарай сөйледi:
– Абай мырзаның досы тек сапардағы кiсiлер ғана болмас. Достыққа достық қарыз дейдi ғой. Әкем әкесiнiң де Абайдың өзiнiң де дос бейiлiн көп көрдiм деушi едi. Бiздiң мына анамыз екеуiмiзден Абайға сәлем жеткiзiңiз. Бұл жолғы не хажетi болса да бiз атқарамыз. Кепiлге Әлдекеновтi салсын! – дедi.
Бұл соншалық сенiмдi айтылған байлау үй iшiне мақұл көрiндi. Ербол аса ырза болып:
– Қарағым, қарындасым, бұның ер азамат айтпайтын асыл жауап болды. Ер басына азаттық әперетiн достықтан озған не болады! Алғыс деген аз сөз! Оны мен айтып қайтейiн. Құдай бұйырса, Абай аман-есен шықса, өз аузымен өзi айтсын. Мына хабарыңа мен тек қуанып қана қайтқалы отырмын! – дедi.
Салтанаттың жұқалаң қызғылт нұрлы, ақша маңдайы мен ұзынша қырлы мұрнында, ақ бұғақты, жұп-жұмыр иегiнде толқын бiлiндi. Уыз жастық ажар бар. Жүзi қызыл шапақтап, күлiмсiрей реңденедi. Жылтырай таралған қалың шашы, қызғылт реңдi. Сәндi салмақпен баяу төңкерiле қарайтын үлкен қой көздерiнде, назды, нәзiк сүйкiмдiлiк бар. Аппақ жұмыр саусақты, үлпiлдеген ақ бiлектi сұлудың алтынды бiлезiктерi, көп жүзiктерi де әсем. Құлақтағы шiлтерлi, алтын сырғалары тынымсыз жалтырайды. Күтiмдi таза сұлу шұғласын ол да сәндей түседi. Қыз аты Салтанат екенiн бiлгенде, Ербол iшiнен: "Салтанат десе Салтанат екен. Сырт сыпаты да, қасиетi де шын Салтанат қой" деп аса хұрметтеп кеттi.
Абай iсiнiң артында жүрген достарының соңғы бiр қам-қарекетi осы болған. Бiр жағынан адвокат қарекетi, екiншiден қуғыншы Ерболдар арызы, оның үстiне Абайдың өз жауабы – баршасы қосылды да, ақыры, областное правление дейтiн жандарал кеңсесiнде тергеу өтпек болды. Ай жарымдай жатып қалған Абай iсiнiң сот арқылы емес, әмiр иесi орындар арқылы жүретiн тергеуi.
Абайды екi стражник жандарал кеңсесiне әкелiп, үстiңгi үлкен үйге кiргiздi. Бөлменiң төрiнде көлденең созылған ұзын стол бар. Абайды соған жақын тұрған ең шеткi орындыққа отырғызды. Аздан соң стол қасына шендi, сарала түймелi, ресми ұзын киiмдi үш-төрт адам келдi. Жастары әр шамалы. Абай байқаған жоқ, бұның сырт жағын ала осы бөлмеге оның дауын қуып жүрген адвокат Андреев те келген едi.
Бөлменiң Андреевке қарсы жақ бiр шетiндегi орындыққа чиновник Лосовский кеп отырды. Оның қасына ерген қасқа маңдай, қаба қара сақалды, кең жауырынды бiреу бар. Келбеттi келген қайратты ойлы адам. Ол осы кеңсе қызметкерi Михайлов. Өзiнен кейiнiрек отырғандықтан Абай оларды да байқаған жоқ.
Стол басына келген ұлықтардың үлкен бурыл сақал, қартаң кiсi ақшыл шашын шалқасынан қайырған. Сол өткiр, көкшiл көздi чиновник, бұл мәжiлiстi өзi басқара келе, Кошкиндi шақыртты. Ералыға барған шендi төре ажарымен сондағы суық, қыңыр түсiнде Тентек-ояз кiрдi. Үнсiз үйдiң iшiнде аяғын қатты басады, тәкаппар жүздi. Абай қатарындағы орындықтарға отырған жоқ. Стол жанына отырды. Ел кiсiсi кiрген жоқ.
Шұнақ құлақтау, тiк шашты, тайқы маңдай, жыпық көз, селдiр сары мұртты бiр тiлмаш, ұлықтар столының маңына таман отыр. Бұл тергеу Абай iсiн айрықша бiр қолға алған, арнаулы "отырыс" сияқты. Абайдың осы күнге шейiн жеке жауабында айтылған сөздердi қайта сұрау басталып едi.
Жауапкер Ералыда болған халдi түгелiмен шолды. Тентек=ояздың елдi қорлаған, заңға қарсы қаракетiн айтты. Дүре соғып, қамшы жұмсағанын да iрiккен жоқ. Тек iштей ойлаған тәсiлмен, Абай ендi Базаралыға болысқанын айтқан жоқ. Оны әдейi iрiктi де, өзiн Оразбайлар үшiн, қызмет адамдары үшiн намыстанған кiсi қып көрсеттi. Үкiметтiң өзi елмен бiрге сайлап бекiткен "халық билерiн" Оразбайларды Кошкиннiң ел көзiнше дүрелеп сабағанын баса айтты. Барлық әлек содан болды деп баян еттi. "Ондай Оязды ел қадiрлеуге мiндеттi емес едi. Сонда да ел бұл кiсiге түк iстеген жоқ. Үкiметтiң қадiрiн түсiргенге ренжiдi де, тек сайлауға қалмай тарап кеттi. Сол халық iшiнде болып, халықтың тапсыруы бойынша, айт деген сөзiн айтқан менiң тарапымнан бұл кiсiге iстелген ешбiр жаманшылық, қиянат бар ма екен?"- дедi.
Абай бiрталай сөздерiн адвокат жазып берген арызы бойынша айтты. Сондағы жазылған сөйлемдердiң есiнде қалғанын орысша қайталап айтты.
Арызынан көлденең шығып, қазiр осы арада жанынан қосып айтам деген дәлелдерiне келгенде, кейде бөгелiп, қиналып қалады. Сондай орысша тiл орамы жетпеген тұс болса, оң жақта отырған тiлмашқа салмақты талап етедi. Өтiнiшсiз тапсырма бергендей боп: "осы тұсын ғана жеткiзiп жiбер" дейдi. Бiрер сөйлемiн аудартады да, ар жағын тағы өзi алып кетедi. Ұлықпен ең алғаш рет, ұзақ тергеу сөзде, сол ұлықтың өз тiлiнде сөйлесiп тұрғанына Абай iштей ырза сияқты. Ол тiлдiң "мәт тәштитi" келмей қалады екен деп қымсынбайды. Жадында тұтқаны, тек дауының дәлелi мен желiсi. Көңiлдегi кейбiр қазақша шешен сөздi сол арада аударып айтады. Онысы кейде тыңдаушыларға қызық, сүйкiмдi көрiнедi.
Бұл мәжiлiс ағасы – кәрi советник, заңшыл адамға ұқсайды.
Сол төренiң бүгiнгi мiнезiнде екi түрлi өзгешелiк бiлiнiп тұр. Ең әуелi – сахаралық киргиздi патшалық чиновникпен көзбе-көз кездестiрiп, iстерiн қоса тергеу әдеттен тыс едi. Екiншi – сол кездестiруде кәрi төренiң осы екi адам жұмысына әдейiлеп шұқшиған өз басының есебi де бардай.
Абайдың алғашқы жауабын бөгемей қақпай, ұзақ айтқызу осы соңғы жайды анық аңғартқандай.
Шынында, сырты әдiлет сияқты болған мiнездiң қызық астары бар-ды. Бұл кәрi төре, бүгiнгi жандаралға жақын адам, бажа болатын. Осының балдызына үйленген жандарал төренi сүйетiн де сүйейтiн. Ал, төренiң өзi аса парақор кiсi болатын-ды.
Тентек ояз өзге барлық кеңсе чиновниктерiндей советниктiң ол сырын жақсы бiлетiн. Крыловтың мысалындағы тауықты жаңа талап жеген түлкiше, "тұмсығында тауықтың жүнi тұр" десiп, сырттан ажуа етiсiп жүретiн және Кошкин өзi де тек сүйенiшi жоқ, жеке басты кiсi емес-тi. Ол осы облыстағы ең үлкен сот орны, окружной суд бастығының күйеуi. Ал, округ сотының бастығы мен жандарал екеуi тату, ымы-жымы бiр адамдар.
Әуелде жандарал мен сот бастығы, киргиздер арасында болған iстiң бiр жағын Кошкиндi ақтау ретiнде басып, жауып тастау керек деген. Бұл жай екi ұлықтың тыжырынып отырып, жүре шешкен сөзi едi. Бiрақ сонымен қатар Абайдың абақтыда жатуы, Ақбастың оған қуғыншы болғаны араласты. Ол адвокат бұндайда салмақпен қадалатын кiсi екенiн облыс кеңселерiнiң бәрi бiледi. Қуғыншы арызын ол тiптi корпус кеңсесiне жөнеп қоюға да мүмкiн. Оның үстiне сол корпус кеңсесiнен жаңада келген жастау чиновник – Лосовский, жандарал атына Кошкиннiң терiс, заңсыз iстерi туралы көлденең куәлiк мәлiм еттi. Оны да басып тастау ыңғайсыз.
Осындай түйiннiң бәрiнен әрi Кошкин аман болатын, әрi лайықты дағдылы сыпайылық сақталатын боп iс жүргiзiлмекке керек. Дабыраймай тек әкiмшiлiк түрiнде ғана аз айналыспен бiтiру керек. Жандарал кеңсесiнiң де қалыпты абыройы сақталмақ керек. Сол iстi ойдағыдай етiп, еппен орындай бiлетiн кiсi деп, осы кәрi советник белгiленген.
Бiрақ советник ұлықтардың беделдi сенiмiн мiндетiне алумен қатар, өз құлқынын да ұмыта алмады. Ол мұндай жайға тiптi де ұмытшақ емес-тi. Және тергей келе, Ақбаспен сөйлесе келе, абақтыда отырған Абай жөнiн тиянақтап шеше кетпесе, iс аяқталмайтынын аңғарды. Осы күйлердi ескерiп, өзi қорытқан байлауы болды. Тентек-оязды ақтау үшiн ол Абайды кiнәлы тауып, кесiм айтады. Бiрақ, оны абақтыда ұзақ отырғызатын, ұлаңғайыр iстей, үкiм айтпайды. Түбi кесiк алса да Абай құтылады. Осыны Ақбас пен Абай аңғарсын да, өздерiнше түсiнiп, емiн тапсын дегендей емеурiн аңғартқан.
Ақбас абақтыдағы Абайға бiр келгенiнде, әрi жиренiп, ызаланып, әрi мысқылдап күле отырып, "советникке ем керек. Шамасы 500 сом рецепт болар, емдеуге жарар" деген. Ербол осы ақшаны, қырдан әкелген бар қаражатты жұмсап, көптен өткiзген-дi. Соның артынан тергеушi төре iстi қалай жүргiзiп, қалай аяқтайтынын оңашада бiлдiрмек, ұғыспақ болып, Кошкиндi шақырғанда, күтпеген қиястық килiктi.
Кошкин өзiн тергеу дегенге – бiрден ашу шақырды. Киргиз iсiмен қосақтала қаралатынына, әсiресе намыс еттi. "Сахараның жабайы малы мен менi қатар отырғызып тергеуден ауыр соққы жоқ" деп бой бермедi. Бұл жөнде екi кездесу болса да, советник Кошкиндi өз ырқына көндiре алмады. Оны ойландырып, тоқтату үшiн, Кошкин қолданған дүренiң жолсыз екенiн соңғы дәлел етiп айтып едi.
Сөз осыған жеткенде, Кошкин советниктiң өзiне ауыз салды. "Ар таза болса, тұмсық жемге былғанбаса, қол iстеген бiр iс түк емес. Ол және кiмге қолданған iс екенiн ұмытпау керек. Сiз оны ұмытып отырған көрiнесiз. Ендеше өз бойыңыздың ласынан арылып сөйлеңiз. Мен сiз емеспiн", – деген. Ақсақ содыр, жас төре, Ералыдағы халыққа көрсеткен қатал мiнезiн қайта тапқан.
Сөз осыған жеткен соң кәрi советник ауыздығын тiстеп ап, қияс, қыңыр ашуға кеткен.
Жандаралға бұл жөнiндегi өкпелi ашуын айтып, мәлiмдеп ап, ендi өз абыройын өзiнше жоқтайтынын бiлдiрген.
Осындай астыртын егеспен басталған iс, бүгiн жоғарыда айтылған өзгеше мiнездерге сайған-ды.
Кошкин болса: "тергеуде әлдеқандай киргиз қасына менi отырта алмайсың" деген егеспен шыққан. Жауапкер орнына отырмаймын деп, тасырлата басып кеп, стол басында отырғаны да сол.
Сахараны билеушi тоғышар чиновниктер кикiлжiңi бүгiнгi жүгiнiске жеттi.
Кәрi советник өзiнiң ысылған дағдысы бойынша, сырт сыпайылық сақтағанмен, Абайға бүгiн басқаша қарағандай.
Өзi берген сұрақтарының аңғары Абайды " айыптының өзi емес, шын айыпты адамдарды қорғаушы" дегендей. Өз бойымен тасалаушы есептi. Сондай сұрауының бiрiнде:
– Сiз қызмет адамы емессiз. Уезд начальнигi Қауменовтен де және Шоқа баласы, Сүйiндiк баласы сияқты қызмет адамынан да жауап алуға ықтиярлы. Сiз неге килiгесiз? Сiздi араластырған себеп не? Соны айтыңыз! – деп едi.
Абай шапшаң жауап бердi.
– Менi араластырған халық, Кошкин мырзаның жұртқа дүре соға бастағанын көрген халық, маған "аралас" деп бұйырды!
Бағанадан Абайға берiлiп тұрған еркiндiкке ызасы келiп отырған Тентек-ояз зекiп қоя бердi:
– Сiз халықтың кiмi едiңiз? Халық атынан сөйлеуге сiзге кiм право бердi? Ол күштi сiз қайдан алдыңыз?
Абай бұның зекiгенiнен қымсынған жоқ. Оған қарап мысқылдап күлiп жiбердi де, қарт советникке бұрылды.
– Бұл кiсi күш дейдi. Рас, бұның қасындағы стражниктерiндегi күш менде жоқ едi. Халық қолында да құрал жоқты. Бiрақ ол құралдан мықты қуат бар ғой. Тентек-ояз әмiрiнен астамырақ – әдiлет, ар әмiрi де бар. Бiздiң халқымыз ол туралы... – деп, ендiгi сөзiн тiлмашқа айтты. Осынымды жақсы жеткiзiңiз, – дедi де қазақша: – Бiздiң халқымыз күшiңе сенбе, адал iсiңе сен қиянатқа көнбе, әдiлдiкке атса да көн!" дейдi, – дедi бүгiнгi жауабының салмағын, сырын осы деп танытты.
Бұл сөз аударылған кезде Абайдың сыртында отырған Андреев, Лосовский, Михайловтар бiр-бiрiне қарасты.
Ендiгi тергеу қысқара бастады. Тентек-ояз бен Абай екеуi бұл уақытта беттесiп кiнәласқандай едi. Екi-үш рет шапшаң жауаптасып қалды. Ояз:
– Құнанбаев, сен Қауменовке болысып жүрсiң. Оның iнiсi – қарақшы! – деп едi. Абай:
– Мен ең әуелi, сiз сабағалы жатқан достарыма болыстым! – дедi.
– Жоқ, сенбеймiн, олар ғана емес. Саған Қауменовтi де құтқару керек болды. Шатақты сол үшiн шығардың.
– Мен шынымды айттым. Бiрақ Қауменовтi сөз қылсаңыз мен оны да ақтаймын.
– Ә! Солай деңiз. Ендi бiразда, сiз оның қашып кеткен разбойник iнiсiн де ақтарсыз! – деп Ояз тергеушi советникке қарап, – Құнанбаевтың мынау жауабын айрықша ескерулерiңiздi сұраймын, – дедi.
Абай да ендi советникке қарады.
– Қауменовтiң iнiсi қашқын болып кеткелi жылдан асты. Бұрын елде жүргенде ол бұзықтықты бiлмейтiн. Момын жiгiт болатын. Жоқ болып кеттi де, қылмыс еттi. Ел үшiн де, туғаны үшiн де жоғалды. Өздерiңiзге жүгiнейiн. Орыстың бiр селенiнен, мысалы, Семипалат облысынан шыққан крестьян жiгiт, айтайық, анау Орынборға барып, бұзықтық етiп жүрсiн. Ал сол үшiн, жiгiттiң туған селенiне барған Тентек-ояз сондағы старостаға, волостнойға, писарьға дүре соғып жатса, рұхсат етер ме едiңiздер? "Соныңыз мақұл болды!" деп Ояз орнында, шен дәрежесiн ұлғайта түсiп, ұстар ма едiңiздер? – дедi.
Бұдан кейiн соңғы сөз Тентек-ояздың: ел адамдарына дүре соққаным жоқ деген танған, жалған жауабына соғып едi. Абай оған келгенде, Тентек-оязға аса бiр жиренiш зiлiмен қарады.
– Сiз зорлықшы ғана емес, өтiрiкшi де болғыңыз келе ме? Қара адам жалған айтса, ұятсыздық деймiз. Ұлық жалған айтса, қылмыс демей не деймiз? Қылмысты болсаңыз, сiз менiң тергеушiм сияқты осы арада отыратын не орныңыз бар? Мен хайран қаламын! Жауабымды тоқтатамын. Бiрақ Кошкин мырзаның дүре соқтырғаны рас. Соның шындығына куәлiк берсiн. Чиновник Лосовский мырзадан осы туралы жауап алынуды өтiнемiн! – дедi.
Абай сөзi сонымен бiттi де, ендi қарт Лосовскийден қысқа ғана куәлiк сұрап едi. Ол Оязды жалтартпастан, жығып бердi.
– Дүре соғылғаны рас, Кошкин мырза заңға қарсы iс еттi. Бiрнеше кiсiнi менiң өз көзiмше дүрелеттi! – дедi.
Бұған қарсы Кошкин Лосовскийдiң өзiне жала жапқандай боп:
– Ар таза болса, қолмен iстеген терiс әрекет ауыр қылмыс емес. Мен арды сатқан, пара алған Ояз емеспiн! Қылмысқа қарсы ашуланып алысқаным рас! – дедi.
Лосовский бұл жауапқа қатты күлiп жiбердi де:
"Ендi айтысатын не қалды?" дегендей екi алақанын жазып, ұлықтарға қарап, иығын көтердi.
Сахара қазағы әкiмшiлiк адамы емес, қарапайым кiсi Абай алдында ұлықтардың бұдан ары сөз созуы лайықсыз. Абайдың iсi де осымен бiтiп болған.
Каталашкада осы тексеруден соң, Абай бiр-ақ күн түнедi. Ертеңiнде таңертең тұтқын есiгi ашылды.
Бiрақ Абай жазықсыз боп, ағарып шыққан жоқ. " қызмет бабында iс жүргiзген уезд начальнигi Кошкинге сол қызмет үстiнде тәртiпсiздiкпен бөгет жасағаны үшiн алты ай абақты жазасына барабар, мың сом штраф кесiлсiн " деген үкiм бопты.
Бұл үкiм патшалық орындарының абырой-айдынын сақтап және чиновник Кошкиннiң сахара халқы көзiндегi беделi сақтап қалмақ болған. Сол себептi оның жұмысын киргиз Құнанбаев iсiнен бөлек қарауға ұйғарыпты.
Сонымен халық көзiне озбыр, содыр көрiнген, сотқар ұлықтың кiнәсы көрсетiлмей, оның бүкiл елге еткен зорлығына қарсы әдiл ашу бiлдiрген адам жазаға iлiнiптi.
Бұл жайды Ақбаспен өзара сөз қылғанда, Михайлов ызалы жиренiш бiлдiрген.
– Қандайлық зорлық! Бұндағы халықтың үнсiздiк, момындығын бұдан былай тағы талай Кошкиндер, әлi де келтекпен басқа соғып, қорлай берсiн деген қылмысты әрекет қой! – деп едi.
Өзiнiң абақтыдан босануы болмаса, бұндайлық iшкi лас сырдың ештеңесiн бiлмеген Абай, тек құтылғанына ғана ырза болатын.
Абай iсiн жаңағы үкiммен аяқтатса да, ұлықтар екiншi бiр iстi бөлiп шығарыпты. Ол – Оралбай мен Базаралы, Қауменовтер жұмысы деп аталып, бұдан былай ерекше тергеуде қалды.
Сонымен Базаралы өзi қашқын болмаса да, ендi елдегi болыстар арқылы "надзор" астындағы адам болған. Не Оралбай ұсталса, немесе өшiккен болыстың бiрi жамандап нұсқаса, ол жардан құлағалы тұрған кiсi.
Абай босанып далаға шыққанда, көшеде үш әсем жирен ат жеккен жаңа қара күйме тосып тұр едi. Iшiнде отырған Мәкiш, Салтанат, Ербол үшеуi – Абайға қарсы қуана ұмтылысты. Мәкiш, Ербол екеуi Абаймен құшақтасып амандасты.
Салтанатты Абай танымаушы едi. Сыпайы ғана амандық айтысып, қос қолдарын созысып, кезек қысысып қойды. Ербол бұл күнге шейiн Абайға Салтанат жайын айтпаған. "Әлде не ойлайды. Намыс етiп, қыздың пұлын, кепiлдiгiн алмай қоя ма?" деп жасырып келген едi. Сонысын ол Мәкiшке айтып қойған. Ендi бiраз дағдарыспен үнсiз тұрған Абайға, Мәкiш күлiп, иiлiп жанасты да:
– Бұл бойжеткен – Салтанат. Атын бұрын естiп пе едiң? – деп сұрағанда, Абай естiгендiгiн бiлдiрiп бас идi. Мәкiш содан әрi:
– Ендеше алыстағы атағынан, жақындағы достығы асып тұрған замандасың осы! Сенiң жоқтаушыңның бiрi және ұлық алдында залог салып, алып шыққан кепiлiң де өзi! – дедi.
Абай таңданғаннан үн қата алмады. Сүйсiнер ме, намыс етiп ыза болар ма, мәлiм емес. Бiрдеменi сұрай бастаса, сол екi мiнездiң бiрi оқшау шығып кететiнiн сездi де, үнсiз отырып қалды. Тек қана Салтанаттың қолын қатты қысып, өз қолын кеудесiне қойды да, ешбiр сөз қатпай, тағзым еттi. Салтанат қып-қызыл боп, ұяң нұрлы көзiн төмен салып тұр едi. Ол бiр жауап күткен тәрiздi. Мәкiш шапшаң болатын. Абайдың үн қатпағанын құптаған жоқ.
– Абайжан!Ақылың бар едi ғой. Бiр ауыз жылы жауап қатпағаның ба? Не қылғаның? – дедi.
Абай осы кезде, "арбаға отырайық" деп, екi әйелге қолымен белгi еттi. Оларды сүйемелдеп отырғыза келдi де, кейiн өзi қастарына отырып:
– Ақыл менде ғана емес, Салтанатта одан да көп болар. Бiрақ, бұрынғылар айтыпты ғой "ақыл адам көрiгi, ақылдың сабыр серiгi" деп. Одан бөтен мен әзiр не айтайын. Сол мақұл емес пе, Салтанат! – дедi.
– Қуанышта шашылмаған лайық қой. Айтқаныңыз орынды ғой! – деп қыз күлiп қойды.
Ендi бiраз уақытта шеткi аттардың мойнын қала сәнiмен тұқырта қайырып тастаған жеңiл күйме Абайды ар жақтағы Тiнiбек үйiне қарай шапқылатып, қоңыраулатып алып жөнелдi.
Абай бұл жолы өзiнiң тергеуi бiткенмен, қаладан қайтпай, көп жатты. Тек өзi шығысымен, елге амандық хабарын бiлдiру үшiн, Базаралы бастаған Жiгiтек кiсiлерiн шапшаң қайтарды.
Өзi Ербол мен Баймағамбеттi алып қалды. Бүгiнгi жатағы Тiнiбек үйi емес. Ар жақтағы өзi мен Ерболдың үйреншiктi, момын, меймандос пәтерi – Кәрiмнiң үйi.
Абай кейiнiрек бiлдi, Салтанаттың бұл үшiн еткен еңбегi көп екен. Әлдеке қызы болғанмен, Салтанаттың өзiне Абайды кепiлге бермейтiн бопты. Сонда қыз қаладағы үй мекенi бар белгiлi бай "киiзшi Дүйсеке" дегенмен өзi барып сөйлесiп, Абайға кепiл болуға өзi көндiрiптi. Киiзшi Дүйсеке Салтанатқа нағашы есептi келушi едi. Әке достығынан басқа сондай туыс жақындығын қоса айтыпты. Ол бай жерқорқақ, бойсағаттағыш саудагер едi. Және Тобықтының елiмен достығы жоқ. Сырттан жат көретiн. Қаланың сондай бiтеу байын ерiксiз осы қолға көмекке қыз өзi ойыстырған. Залогқа салатын ақшаны Салтанат өз жанынан қолма-қол бергiзген. Мiне Абайды шығарып алған еркiн, ер мiнездi зор намыскер азамат сыпатты қыз осындай едi.
Салтанаттың қамқор достық еңбегiн бiртiндеп бiлген сайын Абай қатты қысылған. Бұндай достық орайы оңай емес, жеңiлмен тынбайды. Абай ненi болса да Салтанатпен шын сөйлеспек. Iштегi ең шынайы расын айтып, сыр ашысып көрмек-тi.
Жаза орнынан Абай шыққан күннiң ертеңiнде, Салтанаттың тоқал шешесi мен Мәкiш пәуеске жеккiзiп, Ерболды қосар етiп, ар жақтың базарына, магазиндерiне кеттi. Бұл күнде үлкендерi аз болған оңаша бөлмелерi көп, Тiнiбек үйiнде, Абай Салтанатпен оқшау қалды.
Мәкiш отауының терезелерiнен ыстық күн сәулесi түспейдi. Қонырқай қалың жiбек пердемен қоршалыпты. Көкшiл көлеңке басып тұрған жасаулы, сәндi отау әрi салқын, әрi оңаша. Қалың дүрия көрпе, шағи тысты жастықтарға, дөңгелек үстел жанында отырып, қыз бен жiгiт сыпайы бiр сұхбат құрды.
Абай ең алғашқы сөздi естен кетпес алғысынан бастап едi. Осы оңашалықтан қатты қымсынған сыпайы Салтанат әуелде жөндi жауап айта алған жоқ. Бiрақ сәл бiр қарсылықтай, "айтпаңыз, қойыңыз!" дегендей қимыл бiлдiрдi. Абайға қабақ шытына қарап қалып, қырымен бұрыла, жалт еткен көзқарас бiлдiрген. Және азғантай қорғанғандай боп, аппақ саусақтарын елбiрете көтердi. Абай жақтағы бетiн қорғап тасалай түскен, майда, жай қозғалыс едi. Салтанат жауап айтқан жоқ.
Қыз өзi iстеген iсi туралы өзiне-өзi есеп беруден имене ме? Болмаса Абай алдында "саған жақсылық еткен, құтқарған мен едiм" деудi жiгiт басына ойда жоқ бiр ноқта кигiзу болар деп аяй ма? Әлде тiптi, "мен сөзiмдi айтып та, атқарып та болдым. Ендi мен сенi ғана тыңдаймын. Сенiң ғана аңысыңды аңдаймын" дей ме? Абай болса Салтанаттың бар шынын айтқызбай тына алмайды. Көңiл мен көмейде жарты сөз айтылмай кетсе, өзiн қылмысты санағандай.
Екеуiнiң алдына Баймағамбет күмiс тегешпен салқын қымыз келтiрдi. Абай қымызды аз ғана толғап, сырлы аяққа құйып қыз қолына өзi ұсынып отырып:
– Салтанат! – дедi. Сәндi бойжеткеннiң ұяң нұрлы көздерi Абайға осы отырыста ең алғаш рет дәл қарады. Үнсiз, жауап күттi. - Ер-азаматтық тiрлiкте жiгiтке жiгiт қарызы көп болар. Бiрақ мынау шақта, әйел жынысынан мен үшiн осынша батыл достық, ететiн жақыным, құрбым болар деп ойламап едiм. Тура сөзде айып жоқ. Шыныңызды айтыңыз. Ол шыныңыз маған да сiзге шынмен жауап беруге қарыз болсын. Осы менi не оймен, қандай көңiлмен құтқармаққа бекiндiңiз?
Бұл сөз Салтанаттың да тосқан сөзi сияқты. Бiрақ жауабы әзiр болса да, лебiзi тез шыға алмады. Ақ сарғыш реңi, кейде ыстық толқыған қанменен, маңдайынан бастап бет ұшы, иегiне шейiн қызара түседi. Бұл сәтте, ауыр сырғамен созыла түскен, соншалық сұлу бiткен құлағы да қызарады. Ұзындау келген сүйкiмдi мұрнының үстi де, аз қызғылттанып барып, қайтадан ағарады. Қаны толық оймақтана бiткен қып-қызыл ерiндерi аз дiрiлмен қобалжып, езу тартады.
Абайдың қолынан қымызды жай баяу ғана алған Салтанат жауап сөзiн ойлай отыра бiр жұтты. Сырлы тостағанды сәндi саусақтарымен сыпайы ұстап, жiгiтке қарады.
– Сiздiң рұхсатыңызсыз, ешкiмнiң жетегiнсiз осы бiр iсiңiзге өздiгiмнен араластым. Бiр-ақ қана айтарым бар. Мұны парыз-қарызсыз, жас тiлеулестiк iстеткен iс десеңiз болды, екiншi айтарым. "Тiлеместен неге килiктi" деп, "менiң өзге жоқшым жоқ па едi" деп ренжiмесеңiз болады! – дедi.
Бұған шейiн iстеген мiнезiне осы қыздың өзi басшы, өзi ие екенiн Абай ендi аңғарды. Салтанаттың мiнезi мен парасат, қайраты сай туған сияқты. Абай сүйсiнгенiн жасыра алмады.
– Жақсы айттыңыз-ау, Салтанат! Бұл сөзiңiз, сiрә де, естен кетпес! – деп бастай бергенде, отаудың есiгi ашылды.
Қыр жолаушысы сияқтанған, саптамасы бар, тобылғы сапты қамшысы бар, қара елтiрi тымағы Тобықты үлгiсiнде тiгiлген бiреу кеп кiрдi. Денесi еңгезердей.
Алакөлеңке үйде оның көзi әлi ешкiмдi көрмей, қарауытып тұр. Абай бұны танып сәлем бердi де:
– Бер қарай бас! – дедi.
Келген адам аяғын ептеп басып, Абай қасына жер сипалап отырды да, үй iшiндегi бiр қыз, бiр жiгiттi ендi ғана аңғарды. Сол аңғаруымен бiрге, өзiнен-өзi қатты қысылып, Абай берген қымызды да iше алмады. Бұл келген Құлыншақ баласы, белгiлi Бесқасқаның бiрi – Манас болатын.
Ол Абайға әдейi елден Ұлжан бәйбiшенiң жiберуiмен келгенiн айтты. Ел жайлауға қарай ұзап кетiптi. Қаладан Абай хабарын көптен ала алмаған шешенiң iшкен асы тамағынан өтпейтiн бопты. Жол болса елсiз. Жалғыз-жарым жүргiншiге қатер көп. Тәуекелi мен қайраты бар едi деп, осы батыр жiгiт Манасты әдейi Абай хабарын әкелуге жұмсапты.
Манас бала-шағаның, ата-ене, ағайын-қауымның Абайды көп ойлайтынын айтты. "Сарғайып қалды ма? Қапаста құста боп жатыр ма?" – деп түн ұйқысын төрт бөледi! – дедi. Ақырында, ендi бiраз ес жиып, күле түсiп:
– Шүкiрлiк, шырақ. Жаңа келiп, осы қақпаға кiре бере аманыңды естiп, "жолым болған екен деп" қуана кеп ем. Баймағамбет бiр кiсiмен сөзi бар едi деп бөгесе де, сағынып келген қалпыммен үстiңе баса кiрдiм. Айып етпеңдер. Әке-шешең қиналып жатқанмен, бұнда сен қымсынатын емессiң ғой. Әмiсе шаттыққа жазсын! – деп күлдi де, қымыз iшуге кiрiстi.
Батыр бiтiмдi Манастың бұл сөзi Салтанат пен Абайға тұрпайылау тисе де, оның бар сыпайылап айтқаны осы едi. Болмаса ол бұл қақпаға қазiр ғана емес, үш жирен атты пәуеске базарға шығып бара жатқанда келген. Мәкiштi сәл тоқтатып, астындағы қара терге түскен қос аттарын көрсетiп, Абай үшiн келгенiн айтқан. Мәкiштен Абайдың iсi ағарып, осы үйде жатқанын бiлген-дi. Кейiн Баймағамбеттен жирен атты жаңа күйме Салтанаттай қыздың күймесi екенiн бiлген соң, Абайды тез көруге асығып едi. Бiрақ Баймағамбет бұны сөзге көп алдандырып, көпке шейiн кiргiзбеген. Соған бiр уақыт ызаланған Манас:
– Елде ас батпай, жұрт күйзеледi. Ат сабылтып, күн-түн қатып мен келемiн. Ол сонда қыз қойнында шалжиып түске шейiн жата бермек пе? – деп, өзiнiң сахаралық ожарлығына басқан. Бұндай да орынды шығатын омырауына салып, Абай отырған үйдi қараңғыда сипалап iздей бастаған. Көп бөлменiң әрбiр есiгiн ашып, басын сұғып жүрiп кеп, осы бөлменi зорға тапқан-ды. Абай Манасты ұзақ сөйлеткен жоқ. Алғашқы сөзiнiң аяқ кезiнде, оның санына шынтағының салмағын қатты бiр салып қойып:
– Абақтыдан шыққаным кеше. Ел-жұрттың бетiн көрiп, жай-жапсарды ең әуелi бiлiсiп отырғаным осы. Кiнәны елге барған соң кең байтақта айтысармыз, қайтесiң! – деп бiр тоқтады. Артынан Баймағамбетке дауыстап шақырып алып, жас жiгiт кiргенде:
– Манас ағаңды қонақ үйге апарып, оңашада жайлап күткiз. Ұйықтайтын болса, төсек-орнын баптап бер. Ертiп апар солай! – дедi.
Манасты Баймағамбет ертiп кеткен соң, Абай желiсi үзiлген сөздi қайта қозғады.
– Сiз менiң ренжiмеуiмдi айттыңыз. Мен азаттық алып, жетерiме жеткен соң не ренiшiм бар! Оны ойлар орайым да қалмады ғой. Менiң ендiгi ойлайтыным – сiздiң де сондай ойға алған мұратты арманыңыз болса, соған жетуiңiзге бар мәзiрiммен жәрдемшi болу ғой. Ал керегiңiзге жарай алмай ренжiтiп алсам, маған бұл таңда одан үлкен қам-қапа жоқ тәрiздi! – дедi.
Бұл отырыста Абайдың мұншалық ықыласына ырза болғаны бiлiнсе де,, қыздың осыдан ары сөз бетiн ашқысы келмегендей.
– Хұб айттыңыз, Абай. Ендеше бұл таңда менiң сiзге басқа тiлегiм айтылмай-ақ қойсын. Жарастық көркi сабыр дегендей бiр сөздi кеше алғаш көрген жерде айтып едiңiз. Мен сiздiң ауызба-ауыз сөзiңiздi бұл шаққа қадар естiмеп ем. Бiрақ сiз айтты деген жақсы лебiздiң бiрталайын сырттан Мәкiштен естiгем. Адам көңiлiне медеу болар сөздi айтса, осы кiсi айтсын дейтұғым. Өзiм үшiн жаңағы сөздерiңiз де ырза қылып, тоқтатарлық. Мағынасы көп сөздер. Ал тек үй оңаша, кең болғанмен менiң жолым тар ғой! – деп күлдi де, – осымен қазiр айрылысайық, маған рұхсат етiңiз! – дедi.
Абай сызылып тұра берген қызды, жұмыр бiлегiнен сәл ғана сүйеп, көтерiп тұрғызды да:
– Дос көңiл, перде тасасында достық болып ашыла ала ма осы, Салтанат? – деп күлiп бiр тұспал айтып едi.
Салтанаттың алтынды шолпысы бiрде жiңiшке шыңғыр салып, бiрде сылдырай түседi. Қыз есiкке қарай Абаймен қатар аяңдап келе жатып, әсем үнмен сыңқ етiп күлiп қойды.
– Болур бiр фәрдәдән юз фәрдә би жай! – деп пе едi софы аллаяр? Бәрiнен де, сол фәрде жыртпас сабырды айтайын да, Абай! – дедi. Жiгiт ашқан есiктен сыртымен шығып бара жатты. Ұзақ қараған жiгiтке нұрлы көзбен күле қоштасып, кете барды.
Абай қызды шығарып салған бойында, есiк алдында аңырып тұрып қалып: "болур бiр фәрдәдән юз фәрдә би жай!"... Деп, қайта қайырып айтты.
"Жақсы айтты-ау. Мiнезi де, ақыл-парасаты да сирек жан тәрiздi. Өмiрiмде оқшау кездескен, қадiрлi жан болар ма?" деп, ойланумен бiрге, өзiнiң жаңа қыз қасында отырғанда сөйлеген кейбiр сөзiне ырза болмады.
"Бұның мен үшiн еткен қарекетi, бүгiнгi қазақ қызында болмайтын мiнез едi. Жеңiлдiгiнен емес, адамгершiлiгiнен екен. Жаңа оңашада өзiн сондайлық байыпты, сыпайылықпен ұстады. Тартымды тәрбие көрсеттi. Бұны көптiң бiрi дегiзе алмайды!" деп, бiраз қыз қадiрiн айрықша құрметпен таныды. Абай өзiне-өзi сын боларлықтай, тыйым салуды қажет деп бiлдi.
"Бұл адамға жалған айту жол емес. Шын көңiлмен айтар тiлегi болса, шындықпен ғана жауап беру қарыз. Өмiрде қадiр тұтар замандасымның бiрi боларсың!" деп байлады. Ендi қайтып Тiнiбек үйiне аялдамай, ар жаққа кетiп қалуға бекiндi.
Ар жақта, Кәрiмнiң үйiнде Ербол, Баймағамбет үшеуi жатқалы бiрнеше күн болды. Бұл уақыттарда Абай күндiзгi, кешкi уақытының көбiнде кiтап оқиды. Күнде таңертең Баймағамбеттi ертiп салт атпен қаланың орта тұсына кетедi. Ертiс жағасына тақау, тар көшеде тығырықтау жерде тұрған екi қабат, тасболат ақ үйге келедi. Өзi аттан түсiп, Баймағамбеттi қайырып жiбередi. Немесе қайта шыққанша далада тосқызып қояды. Жаңағы тас үйдегi кiтапханаға кiредi.
Бүгiн бiрер керек кiтабын алып шықпақ боп, Баймағамбеттi тосқызып қойып, өзi жалғыз кiрiп едi. Кiтапхананың ұзынша оқу бөлмесiнде жұрт отыр екен. Абай бұл үйге кiргенде, әр үстелдiң айналасында екiден, үштен отырып кiтапқа үңiлген жандарды байқады. Әр жастағы, әр алуан киiмдi еркек, әйелдер, жас оқушы шәкiртттер мен қыздар да көрiнедi. "Осы – шаhардағы ең бiр қадiрлi орын-ау!" деп ойлана қарап, жақсы бейiлiмен кiрiп едi. Абай танитын ажымды жүздi, шоқша бурыл сақалды, жұпыны киiмдi қарт кiтапханашы жымия күлдi. Сирек бiр қонағы келгендей, сыпайы пiшiнмен қарсы алды.
Залдың бергi шетiнде, мұртын сәнмен ширатқан, бұйра шашты, жылтыр жүздi чиновник отыр едi. Ол қатарындағы биiк прическасы бар, сәндi киiнген жас әйелге, күлiмдеген көзбен, жиi иiледi. Бұл жерде де бозбастық дағдысын ұмытпағандай.
Сол жiгiт кiтапханаға Абай кiргенде, қасында отырған паң жүздi көршi әйелiне Абайдың келе жатқанын көрсеттi. Залдың iшiндегi оқушының бiразына естiртiп, даурыға түсiп, тұрпайы бiр әзiл айтты. Ол әзiлi, кең шапан киiп, бұнда отырған жұрт үлгiсiнен басқаша көрiнiспен келген, сахара қазағы Абайды қағытқан сөз едi.
– Бұл не ғажап! Гоголь кiтапханасына қашаннан берi түйелер жiберiлетiн болған? – дедi.
Абай бұл кезде кiтапханашы қартқа қол берiп амандасып, өзiне керек кiтабын ендi атағалы тұр едi. Жаңағы тұрпайы әзiлдi құлағы шалысымен, чиновник жаққа салқын ызамен, жалт етiп бiр қарады. Чиновникке жақын отырған бiрер жас оқушы оны қостап, ойсыз күлiп қалған екен. Бiрақ жiгiттiң қасындағы тәрбиелi, көрiктi әйел күлген жоқ. Чиновникке тұңғиық қара көк көздерiн кейiспен бұрды. Қабағын аз шытынып, жiгiттiң әдепсiздiгi үшiн қызарып кеттi. Абайдың алғашқы ашуы бiр-ақ сәтке бiлiнгендей едi. Ендi күлкiлi мысқыл жүзбен жiгiтке бұрылды да, лезде жауап қатты:
– Чиновник мырза, түйе кiрсе несi бар, бұнда ол түгiл есек те отырыпты ғой! – дедi.
Чиновник бiр қуарып, бiр қызарды да, үнi өштi. Оның қасындағы әйел шалқия түсiп, қатты күлiп жiбердi. Абайға соншалық мейiрлi жүзбен, көз қиығымен бiр қарап, бетiн басып, төмен иiлдi. Абайдың сөзiн естiген оқушының бәрi де қатты күлiстi.
Таныс қартына Абай бүгiнгi керегi – "Русский-вестник" журналының белгiлi саны екенiн айтты. Кiтапханашы ол журналдың кiсi қолында екенiн бiлдiрiп үлгiргенше, бұл екеуiнiң қасына орта бойлы, кең маңдайлы, қаба қара сақалды бiр адам тақап келдi. Ол бағанадан берi Абай кiргелi бұл кiтапхананың сахарадан келген сирек оқушысына қадала қарап, аңысын аңдып отыр едi. Жаңағы Абай мен жеңiлтек чиновник арасында болған өткiр қағысуды да түгел естiген болатын. Қазiр сол кiсi Абайдың алдына келдi де:
– "Русский-вестник" менде. Мен қарап болдым. Сiзге бере аламын. Тек сұрайтыным, сiзге ол не үшiн керек едi? Қай жерiн оқымақсыз? – дедi.
– Ол журналда Толстойдың жаңа романы басылыпты, соны оқымақ едiм! – дедi.
– Сiз Толстоймен таныс па едiңiз? Неге оны ғана керек еттiңiз? – дедi.
Абай бұл кiсiге ендi бұрылды. Жүзiнен, барлық келбет-қабiлетiнен өзiн сынап барлап тұрған, маңызды адам екенiн байқады. Сыпайы жымиып, iлтипат бiлдiрдi.
– Мен Толстойды бұрын аз оқыған едiм. Бiрақ орыс халқының шын дана, ақылды адамы деп естимiн. Сол ақылды адам қандайлық өсиет айтады екен, ұққым келедi!
Абайдың жаңа танысы журналды Абайға берiп тұрып:
– Бiлмек талабыңыз жақсы екен. Мен сiздi бұдан бұрын, басқа бiр жағдайда көрiп едiм. Областное правлениеде. Рас, ол кездесу қызықты жағдай емес болатын. Сiздi мен сыртыңыздан, бұрын да бiлушi ем. Бүгiн мынау орында сiздi көруiм, шынды айтсам, артық әсер еттi! – дедi. Өзiнiң жөнiн айтып, Абайға қолын созып, – танысайық, Михайлов Евгений Петрович! – дедi.
Абай оның қолын шапшаң алып, қатты қыса түсiп:
– Ибрагим Кунанбаев! Мен сiздi жақсы бiлемiн. Достарыңыз маған сiздiң жайыңызды көп айтқан. Танысқаныма қуаныштымын! – дедi.
Осыдан соң екеуi де кiтапханадан шығып, Ертiс жағалаған көшемен ылдилап жүрiп кеттi. Шапанын желбегей салған Абай, қамшысы мен тымағын артына ұстаған. Екеуi де баяу басып, әңгiмелесiп келедi. Бұлардың арт жағында, Абайдың "бiр орыспен сөйлесем деп, көше бойы жаяулап бара жатқанын" лайықсыз көрген Баймағамбет салт ерiп келедi. Олар осы бетте, су жағасындағы ақ тиiрменнiң қасында тұрған ұзынша тасболат ақ үйге жеттi. Михайлов парадный есiктi Абайдың алдынан ашты да:
– Бiздiң үйге кiрiңiз. Менiң әлi сiзбен бiраз сөйлескiм келедi! – дедi.
Баймағамбет Абайдың бұл үйде отыра түсетiнiн аңғарды да екi атты алып, Ертiс жағасына кеттi. Михайлов көп бөлмелi үйдiң сырттан кiретiн, есiкке жақын кең, жарық бiр бөлмесiнде жалғыз тұрады екен.
Бұл кездесуде, осы күн кешке шейiн Абай Михайловтың қасынан кете алмады. Мәжiлiсiне соншалық ырза болғандай ұзақ отырды.
Михайловқа Абайдың ықыласын ерекше аударатын себеп көп-тi. Абайдың бұл күнгi жиi сөйлесiп, ақыл алып сырласатын досы адвокат Андреев осы адамды мол баяндаған. Өз өмiрiн халық, қоғам игiлiгiне еңбек етуге жұмсаған. Сол жолда патшалық, ұлық тарапынан айыпты жан саналып, жастайынан жазаға тартылған. Қамау-айдауды көрген кiсi. Бiрақ сол тартыс жолынан "қуғын көрдiм!" деп азбаған да аумаған. Қайта, айдау, тұтқын сапарын асыл адамдардың ортасында өткiзiп, бұрынғысынан да iрi бiлiм, өнер тауып, данышпандыққа жетiп қалған кiсi. Заманы келiссе, бiр халықтың маңдайына бiткен ырысы дерлiк. Ел қасиетiн бойына жайған қадырдан азамат деген-дi.
Андреевтiң осылайша таныстырған Михайловын Абайдың жүз көргенi әлгi. Михайлов Абайдың бұл күнге шейiн не кiтаптар оқығанын сұрастырып бiлумен қатар, өздiгiмен оқудың жақсылығын да айтты, қиыншылығын да бiлдiрдi. Көп сөздерi Абайдың көкейiне шәкiрт жайын жақсы бiлетiн ұстаздың тiлiндей қонады. Бiр кез, Михайловқа әзiл етiп:
– Менiң жолымдағы қиыншылықтарды айтқаныңыз сонша тура. Мысалы, көңiлi жүйрiк, қолы шебер сынықшы болады. Соның мертiгiңдi тауып, сипап отырған майда қолындай. Менiң бiрталай мұңымды өзiме өзiм айтып көрмеген тiлмен жеткiзiп отырсыз! – дедi.
Михайловқа Абай бұл сөздерiн орысшылап айтқанда, көп тоқтап, көп ойланып, мүдiре отырып жеткiзген.
Ол тоқтағанда, бұның орысша терiс сөйлеп отырған сөздерiнiң ар жағындағы мағынасын тез байымдап, қызығып аңғарған Михайлов күлiп жiбердi.
– Сiздiң ұқсатуыңыз дұрыс, тапқыр сөз. Менiң аңғаруым дұрыс болса, сiз көбiнше бiр нәрсеге бiр нәрсенi теңеп айтқанда, оқыс, қызық мысалдар табасыз. Оны мен сiздiң, Кошкинмен дауласқан жауабыңыздан жақсы аңғарған едiм! – дедi.
Абай өзiңiң тергеуiнде Михайловтың болғанын ендi бiлдi. Кошкин сияқты ұлықтардың қазақ халқына ететiн омырау ожар мiнездерiн шағым еткендей болып едi. Михайлов Абайдың, чиновниктер мiнезiн бiлмейтiн аңқаулығын айтып бердi.
– Сiз чиновниктердiң Россия халқының тiршiлiгiндегi зиянды, сорақы топ екенiн бiлмейсiз ғой. Ол қауым сонау Петербургтен бастап, сiздiң Семипалат уезiне шейiн тегiс, бiр қалыпқа соққандай! – деп қолын бiр сiлтедi. Сiз оларды өздерiнiң iсiнен ғана түгел танып болмайсыз. Қайта-қайта Кошкинмен ұстасып кеп, әр жолда бiр жарым айдан абақтыда отырып, олар мiнезiн бiлiп үлгiру аса қиын, ұзақ михнат жолы болады. Мен сiзге оларды барлық тұқым-тұяғымен оңай танудың емiн айтайын. Бұларды өлтiре сынап, бәрiне қатал үкiм айтқан Салтыков-щедрин сияқты жазушы бар. Соны оқыңыз. Барлық өзiңiз көрген чиновниктер сырын, шынын сонда ұғынасыз! – дедi.
Абай төренiң бәрi жаман деген сөздi ойлап отыр. Өзi болса, бұл жөнде басқа түсiнiкпен жүретiн. "Адам баласының бәрi бiр емес. Бес саусақ бiрдей ме? Чиновниктер де сондай болар" деп бiлетiн. Михайловқа өз ойын осылай бiлдiрiп көрiп едi. Ол кiсi басын шайқады. Абайға кешiрiммен қарап күлiп жiбердi.
– Сiз аңқаусыз, Құнанбаев досым. Чиновниктiң жоғарғысы мен төменгiсi, кәрiсi мен жасы, тегiс бiрдей.
Абайдың әлi де түгел көне алмай, түсiне алмай отырғанын тез аңғарған Михайлов бiр мысалмен тұспалдады.
– Бiрдей болатын себебi, олар бiр түстi топыраққа себiлген бiр сорт тұқым сияқты. Өздерiн егiп, өсiрiп отырған қол да бiреу-ақ. Ол бүгiнгi патшалық атты тәртiп! – дедi де, бұдан арғы сөзге тереңдегiсi келмей, iркiлiп қалды.
Абай Михайловтың ойын ендi аңғара бастағандай. Бiрақ өзi бiлген жұрттың бәрiнен мүлде басқаша сөйлеп отырған ойшыл-сыншыл жаңа танысын, тағы да сөйлете түскiсi кеп, әлi де қиялай сөйледi.
– Соңғы сөзiңiз көңiлге қонады. Бiрақ сол чиновниктер iшiнде Лосовский сияқтылар да бар ғой. Ол кешегi iсте әдiлетiн айтқан жоқ па?! – деген едi. Михайлов бұл тұста да Абай күтпеген жерден шықты.
– Иә, Кошкин жаман болғанмен Лосовский жақсы дейсiз. Кошкиндер аз боп, ұлықтар тек Лосовскийлердей болса – барлық iс әдiлетпен жүрер едi дейсiз, ә!?
– Рас, солай дер ем.
– Лосовский көрiнеу пайда келтiрдi. Оның сондай куәлiгi болмаса, iс жаман болар едi, ол чиновниктiң жақсысы емес пе дейсiз, солай ма?
– Иә, пайдасын көзбен көрiп отырсыз ғой.
– Рас, ол бұл тұста пайда келтiрдi. Әлi де келтiрер, ондай сәл пайданы. Онысы халыққа, дұрыстыққа үйлескен кезде, бұдан былай да пайдалану керек. Мен сiзге Лосовский сияқты кiсiнiң ондай әдетiн, жұрт жұмысы үшiн пайдаланбаңыз демеймiн. Пайдаланыңыз да, бiрақ оның анық шынын бiлiп те жүрiңiз деймiн.
– Оның iсiнен артық қандай шыны бар?
– Шыны бар. Ол шынын бiлгiңiз келсе айтайын. Лосовский көп чиновник iшiндегi ақ қарға, – деп Абайға қарады. Абай бұл сөздi жете түсiне алмап едi. Михайлов түсiндiре сөйлеп кеттi. – Бiздiң орыс халқында осындай нақыл айтылады. Көп қара қарғаның iшiнде ақ қарға деген болады деп мысалдайды. Түсiнiң ақтығына қарап, оны, қарға емес, қасиеттi құс деп ойламаңыз. Сыртымен көздi алдағанымен, о да қарға. О да қарғалықты кәсiп етедi, талшық етедi деп бiледi, – дедi.
Абай Михайловтың ойына өзiнiң ұғына бастағандығын сездiрiп, қазақтың да мәтелiн айтты.
– Бiздiң халықта "қарға – қарғаның көзiн шоқымайды" деушi едi! – дедi.
Михайлов қатты сүйсiнiп, қарқылдап күлiп жiбердi. Ендi бұрынғысынан шешiле түсiп, келелi кеңес айтып кеттi.
– Шынға келсеңiз мен айтайын. Заты қарға болған соң, оның көздi алдамай, қара қарғаның өзi болғаны артық. Қарғалар қолымен халық iсi оңғарылмайды. Олай болса, Лосовский "ақ қарға" деп, сiздi жаңағы айтқаныңыздай адастырмасын. "Бар чиновник осындай болса, iс оңар едi" дегiзбесiн. Жалған алданыш тудырғанша, өз шынымен келгенi артық. Халық олардың сол жиренiштi түсiн, бар жиренiштi қалпында тез айқын танып жүредi. Лосовский болса, өзiнiң жартылаған, күдiктi жақсылық болмысымен, керексiз алданыш туғызады. Патшалық атты, қарғалар тобының анық түсi мен сыры халыққа тез танылуға кедергi жасайды, – дедi.
Абай бұл сөздердi толық түсiндi. Бұрын естiп көрмеген қамқорлық ойды, таңдана отырып, сүйсiне тыңдады.
Өзiне осындай сенiм көрсетiп, iшiн ашып отырған Михайловқа алғыс та бар едi.
– Сiз маған бұрын мен баспаған дүниенiң шетiн аштыңыз. Соншалық сенiм көрсетiп аштыңыз. Мен мына мәжiлiсiңiзден сабақ алғандай болдым ғой! – дедi.
Михайлов Абайдың иығынан қағып, аса сенгiш, таза көңiл достығын сездiрдi.
– Менен ғана оқымаңыз, менен ойлы, менен сыншы орыс ойшылары бар. Солардан оқыңыз. Мен сондай адамдардың кiтаптарын сiзге берiп отырайын. Рұхсат етсеңiз, бұдан былай өз бетiңiзбен оқуда, сiзге мен көмекшi болайын. Оқу талабыңыз жақсы екен. Сiздiң халықтан әлi оқыған жандар аз. Сiзге көп бiлу керек. Көп шындықтарды тану шарт. Бұл жөнiнде орыс кiтабы үлкен достық етедi. Сенiмдi серiгiңiз болады! – дедi.
Абай Михайловтың бұған көрсеткен бейiл, ықыласына әке мейiрiмiнен артық ырза болды.
– Мен өзiмдi сiзге кездестiрген тағдырыма соншалық ырзамын. Басшылық етем деген уәдеңiз, мен үшiн достық, зор достық! – дедi.
Осы күннен соң әрбiр үш күнде, Абай Михайловтың үйiнен табылатын болды. Ендiгi екеуiнiң мәжiлiсi, сахара тiршiлiгiнiң қамы мен мұңынан да қозғалады. Бiр отырыста Михайлов, Абайдан биылғы Ералыда болған жанжалдың түп себебiн бiлмек болды. Қашқын болып жүрген Оралбай жайын да сұрастырды.
Абай оның халiн Михайловқа жақсы әңгiме етiп бердi. Оралбай мен Керiмбала арасындағы ғашықтық сыр, ел зорлығы, екi жас көрген жәбiр-жапа бәрiн де үлкен өкiнiшпен әнгiме еттi. Сол рахымсыз жаза, ауыр соққы салдарынан Керiмбаланың өлгенiн айтты. Оралбайдың не дәулетi, не жанашыры болмай, жапа-жалғыз боп, қаңғып кеткенiн баяндады. Екi жастың тобынан озық өнерi, әншiлiгi де айтылған. Жар жарасы Оралбайды ерекше бiр ызаға, кекке айдағанын Абай өзi әр кезде үлкен өкiнiшпен еске алатын. Сол сезiмдерiн iште жатқан түйiндей, өзгеге айтпай iркiп жүрсе, бүгiн Михайловқа шебер әңгiмелеп бердi. Сөзiнiң аяғында кеп, Оралбайды көпке үлгi болатын, үлкен намыс оты бар, қайрат иесi азамат деп бағалады.
– Бүгiн оның аты талаушы, жолбасар болды. Шынында ол ұлық үшiн ұры, қарақшы болғанмен, халық үшiн – әдiл кек жолындағы өжет жiгiт. Осындай ызадан, разбойник болып кеткен кiсiлер, менiң аңғаруымша орыс елiнiң тарихында да бар көрiнедi. Бұлар ұлықтардың зұлымдығымен алысушы, мақтаулы азаматтар емес пе? Мен қолымнан келсе, оларды ақтаушы, жақтаушының да бiрi болар едiм. Осыған сiз не дейсiз? – дедi.
Михайлов бұл әңгiменiң бәрiн, Абайдан көз алмай отырып, қобалжи түсiп тыңдап шықты да, үндемей аз ойланып қалды.
– Сiз бiр сұлу хикая сөйлеп шықтыңыз. Жазушы адам болса, осы айтқаныңыздың өзi бiр кiтап. Ал, өмiр үшiн алсақ, әсiресе қауым, әлеуметтiк тiрлiк үшiн алсақ, бұл көпке жол болатын кең майдан емес.
Бұл әңгiмеде Михайлов Абайдың ойынан сонағұрлым ары соғады. Түкпiрлi, алыс аңғарды танытады. Абай өзiнiң әкесi Құнанбайдан бастап қара қазақ iшiнде кiмнен де болса олқы түсемiн деп ойламайтын. Андреевтей адвокат бұдан кiтаптық бiлiмге озық. Бiрақ өмiр, болмыс жөнiндегi толғаулы ойларға, дәлелдi шебер дауға, Абайдың өзiнен соншалық ұзақ көрiнбейтiн.
Ендiгi жасында Абайдың анық бiлгiр, ойшыл ұстаздай, кең шалымды кiсi көргенi, осы Михайлов сияқты.
Оралбай әңгiмесiнiң артынан, Ералы шатағына сарыққан өз мiнезiне де Михайловтың сынын бiлгiсi келдi. Ел бұқарасын бастап кеп, өзiнiң Тентек-оязбен қатты шайқасып алысқанын еске ала кеп, досының осы туралы қандай ойда болғанын сұрады. Михайлов бұл жайға шапшаң жауап бердi.
– Сiз Кошкиндi жақсылап оқытқансыз. Әсiресе көпшiлiктi ертiп кеп, айғақ дәлелдi қолыңызға жиып отырып, мезгiлiмен жазалағансыз. Ысылған адамның шебер өткiзген тартысы деп бiлемiн. Оралбай iсiнен сiздiң iсiңiз жеңiл ме екен? Бұны сiз үшiн зор қылмысқа айналдыру оңай едi. Бiрақ, сiздiң жағыңыздағы айғақ пен дәлел күштi болды. Және халқыңызда ұйымшылдық күштi екен деп ойладым! – дедi.
Осымен бiрге, дәл осы күнгi мәжiлiсте Михайлов Абайға облыс пен уезд кеңселерiнiң арасындағы соңғы бiр жаңалықты бiлдiрдi. Бұл күнде Кошкин Семей Оязының орнынан алынып, Өскеменге Ояз боп сайланыпты. Оның орнына Семейдiң Оязы боп советник Лосовский тағайындалыпты. Ол, Абайға оң қарайтын, әдiлетi бар чиновниктiң бiрi. Облыстық правление Лосовскийге ендi бiраз уақытта, уезд iшiне шығып, Кошкин өткiзе алмаған болыстық сайлауды қайтадан өткiзудi тапсырып отыр. Абайдың болысы Шыңғыста және көршiлес Қоңыр Көкшеде, Қызылмолада жаңа сайлау болады.
Бұл хабарларды Абайға бiлдiрумен бiрге, Михайлов ендi Абайдың Лосовскиймен елге ере шығуын лайық тапты. Көпке зарарсыз болатын жайлы жақсы адамдарды сайлатуын кеңес еткен.
Михайловтың Абайға берген бұл кеңесi iштесiп келген достықтың айғағы. Абайдың жаны ашып, қамын көп айтып жүрген елiне ендi Михайлов бiрге қамқорлық ете бастағандай.
Осы кештен соң Абай Андреевпен сөйлесiп, ол арқылы Лосовскийге жалғасты. Ояз сайлауға шыққанда, бiрге ере шықпаққа бекiндi. Андреев арқылы Лосовскийдiң өзi де Абайға соны мәслихат етiптi. Осымен ендi тағы да кiтапхана мен Михайлов арасында айға жуық жүрдi. Әңгiме бұған ауысқан соң Ербол мен Баймағамбет өздерiнiң ел сағынғанын аз айтатын болды. Қаланың ыстығы мен шаңын да бұрынғыдан көрi азырақ қарғап-сiлейдi.
Көп күндер ар жақта, Кәрiмнiң үйiнде, оқу-iздену үстiнде өтсе де, Абайды Ербол мен Баймағамбет кейде елiктiрiп, бер жаққа. Тiнiбек үйiне алып шығып қояды. Онда Салтанат шешесiмен әлi жатыр. Бойжеткен қызбен Абайдың екiншi рет оңаша кездесуi тағы сол Мәкiштiң отауында болды. Қыз шешесi мен Мәкiштi көршi үйлерi қонаққа шақырып кеткен, үй оңаша қалған бiр кеш едi. Ербол Абайды сәт уақытқа әдейiлеп әкелген бе, болмаса кезi солай болды ма, әйтеуiр отау үйде, жалғыз қалған Салтанатпен тағы да бiр емiн-еркiн сөйлесерлiктей шағы болды.
Терезе алдындағы биiк сандық үстiне салынған кiлем мен қалың көрпе үстiнде екеуi қатар отырып, ұзақ сөйлестi. Ербол мен Баймағамбет бұларды сыртынан қорғаштап, үй қызметкерлерiн өздерi алаң етiп, iлгергi бөлмелерде алдандырып жүрдi. Абай мен осы қыздың оңашалығын Ербол шынайы тiлеулестiкпен құптайды.
Бiрақ құрбы жiгiт ниетi мәлiм болғанмен, Абай әнеугi алғашқы оңашалықтан соң өзiне өзi тоқтау салған көңiлiнен ауған жоқ едi. Үй iшiнде көлеңке қоюланып, қоңыр кештiң майда лебiнен терезе шiлтерi ақырын ғана сiлкiнiп қояды. Жастар үй iшiне шам жағуын тiлемегендей. Тыстағы жүргiншi терезе алдында отырған бұл екеуiн аңғара алмайтындай боп, көз байланды, Абай ендi терезенiң перде шiлтерiн қайырып, қастарындағы биiк төсектiң басына арта салды. Ерте туған сарғыш жүздi, толық айдың сәулесi үйге түсiп, қыздың қызғылт жүзiн таза, ашық ақ нұрмен сәулелендiрiп тұр. Абай өзi қыз қарсысында. Бұның да қырлы мұрнына, ажары ашық үлкен көзiне, жiңiшке, ұзын қастарына ай сәулесi түседi. Күнге күймеген әлi ажымсыз жазық, ақшыл маңдайына ай сәулесi тұнжыраған майда нұр берiп тұр.
Қыз бүгiн жiгiттi көптен бергi жақынындай жан тартып, ашық сөздi өзi бастады. Ол Абайдың үй-iшiн, бас-тұрмысын, елдегi жарын сұрастырды. Сөз арасында Абайдың ұзақ уақыт шаhарда бөгелiп, ондағы жандарын сағындырғанын, өзiнiң де сағынуына орайлы екенiн әдеппен ескертiп едi.
Абай өзiнiң жар көңiлiмен, Әйгерiмдi ойлайтынын жасырған жоқ. Бұл жайды қысқа ғана әңгiме етiп, балаларын да тегiс айтты. Әйгерiмдi алу, өз тiршiлiгiндегi қиын түйiн болғанын да сездiрiп өттi. Салтанаттан оның өмiрiнiң де бүгiнгi халi, келешек күткенi туралы сұраған едi. Қыздың бүгiн Абайдан сыр iрiккiсi келмедi. Шашбауындағы жiбек шоқты, ұзынша, қайқы бiткен, аппақ саусақтарымен бiр ширатып, бiр өрiп отырып, Абайға бас назын айтты. Үлкендеу келген қой көзi қазiр тұңғиықтанып, баяу сөне түскендей. Кейде көзiн аз қысыңқырай қарап, шыншыл салқын тартымдылықтың сәл бiлiнер сәулесiн ғана сыртқа паш етедi. Тiк қараған көздерiн Абайдан алмай сөйлейдi. Бұл көрiп жүрген ел жiгiтiнен өзгеше сезiлетiн досына, өзiндей сенiммен қарайды. Салтанат сыры әлi күнге жазылмай, жадырамай тұрған күптiлiк, мұңдылықпен айтылды.
– Мен ықтиярлы, ықтиярсыз бiр қапаста, қапада жүрген жанмын. Атым Салтанат, жүрiсiм еркiн, көп жанға ұғымсыз. Шалқып жүрген еркенiң еркесi тәрiздiмiн. Ықтиярлы қапас дейтiнiм сол. Бiрақ бiздiң елде тұйғын, лашын ұстаушы аңшылар асау құсқа сенбегенде, ұзын шыжыммен ұшырады ғой, сол тәрiздi. Ертең бiреудiң басыбайлы меншiктiсi болар күйiм бар. Биыл күзде ұрын келмекшi. Кiм екенiн, қаншалық хасиет нәрi бар екенiн жақсы бiлмеймiн. Көп естiген боларсыз, қазақта мұңды қыз аз ба? "Сүймеймiн, басқа кiмге бұйырса да көнейiн, осы жаннан маған азаттық әперсiн" деп әкеме өз анамды да, мынау кiшi анамды да екi рет салып едiм, ырзалық ала алмадым. Қыз iшiнде жалғызы едiм. Туғанымнан алақанына салып, аялап өсiрген атам, анам – ұям едi. Әлi де өзге күнде, алдымнан шығары жоқ. Бiрақ күйiм жадау болған соң өз үйiм өзiме қапас болды. Ал келер күндi ойласам бiржола түңiлем. Тiптi тiрлiк, тiлек дегеннен де көп түңiлетiн шақтарым болады. "Құдай-ау, осы менi, бiр қорлық, ездiк ноқтасына басымды iлдiргенше – өкiнбейiн, зарламайын, алсаңшы!" деп көп жылайтын да түндерiм болады, – деп қыз маңдайын нәзiк саусақтарымен сүйеп, ыстық бетiне, жасты көзiне орамалын басты.
Бiраз үнсiз отырып, қайтадан басын көтерiңкiреп, Абайға қарап ендi сөйлегенде, үнiнде тамағын шалған қатқыл тұтқырлық бар-ды. Аз қатайыңқыраған берiк үнмен бастады.
– Жаныңыз құрбы, жас көңiлiн бiлесiз, Абай. Менiң орнымда қазақтың өзге қызы болса: "алдыңғы күндi көрермiн. Оң жақтың, осы дәуренiмнiң қызығын көрем, өзiмдi ештеңеден тыймаймын" деп, бiр ызамен ашылып, жеңiл-жеңсiк жүрiстi талшық ететiнi де болады. Менiң сорыма, өз қолымнан, өзiме со да келмейдi. Бұл бiр iшiмдегi, қатты құлып астындағы, өзiме-өзiм жасаған қапасым. Алдағы күннен түңiлу мен қорқуым сондай күштi ме деймiн. Ешбiр қызық, желiк дегенге, бiр сәл шыныммен бой жазып, берiле алмаймын. Ар жағымда, бiр бес күнде менi жұтқалы не бiр зындан, не бiр меңiреу дүние тұрған сияқты болады. Жылан арбаған торғайдай, қанат қағып тұрып, сол азынаған зынданның қараңғы аузына құлап түсетiндеймiн. Көңiл селт етiп, бiр тәуiр жасқа, өзiмдi өзiм қызықтырғандай жақындап келемiн де, қайтадан қалт тұрып, тұсалып, тыйылып қаламын! – дедi.
Қыз сөзiнiң бiр кезi осымен тоқтап едi. Екi жас сәл уақыт үнсiз отырып қалды. Абай өзi естiп жүрген жас назының iшiнде, мұндайлық жүйрiк, орамды тiлмен жеткiзе айтылған сырды естiмеген едi. Тек орысша бiр кiтапта, шыншыл бiр жанның өз өмiрiнiң құпия, шер сырын таратып келiп:" осы менiң исповедiм " дегенiн оқығаны бар едi.
Көпке айтылмайтын, тек өлiм халәтiндей бiр кезде ғана айтылатын және сол бiр-ақ айтумен бiтетiн де өшетiн жүрек кiтабының тiлi осылай болса керек. Абай аз иiлiп, қыздың екi бiрдей қолын алды. Ып-ыстық, ұлпадай жұмсақ, сәл ғана тершiген қолдарын аз қысып тұрды да, бетiне басып, саусағының ұшынан сүйдi. Қыз ақырындап сусытып, қолын тартып алды. Жiгiт көңiлi, шын мұңдас мейiрмандыққа толы едi.
– Асыл Салтанат! Бұл күнге шейiн кешкен тiрлiгiмде, сiздiң мұндай мұңды, естен кетпестей етiп айтқанды естiген жоқ едiм. Шыныңызға, шыннан басқа жауаптың бiрде-бiр орайы жоқ. Жарым ауыз сөзбен шынымды айтпай, жалған айтсам, күнәның зорын еткен болар едiм. Менен де жүрек жарған барым айтылып, сiзге мәлiм етiлуi шарт деп бiлiп отырмын! – дедi.
Қыз қозғала түстi. Бойымен де, бетiмен де жiгiтке жақындап иiлдi. Осы бiр қимылмен, бүгiнгi отырыста, Абайдың шын сырын талап ететiнiн бiлдiрдi. Ендi бiр ұзақ әңгiме – Абай әңгiмесi едi.
– Сiз сүймегеннiң ғазабын шектiңiз, Салтанат. Мен өз өмiрiмнiң, қабiрге кiргенiмше ұмытылмас шағын айтсам, ол – сүюден кешкен зарым едi. Әлi күнге жадымнан бiрде-бiр сәтi көмескi тартып, ұмытылмайтын, жүрек таңым бар едi. Ол азғантай ғана дәурен сүрген қос ынтызар тiрлiгi болатын. Ай батқандай жоғалған, маған бұйырмастан кеткен ынтығым! Шын ғашығым – Тоғжан едi. Айрылғаныма көп заман болды, бiрақ осы күнге шейiн кiшкентай бiр езу тартқан күлкiсiне шейiн көз алдымда. Барлық көрiсу-кездесудегi, ұзынды-қысқалы, қуанышты-зарлы барша сөзi жүрегiмде, өз қаныммен жазылған өсиет хаттай. Сол Тоғжаннан айрылып, жырмен, зармен күңiренiп жүрген шағымда, бiр айтқан мұңды сазым сiзге естiлiптi. Мәкiш айтып едi, сiз ұнатып тыңдады деп!
Абай бiр уақыт Салтанат тiлегiмен Мәкiш айтып берген:" жарқ етпес қара көңiлiмдi " еске алып өттi. Қыз бұл тұста басын жиi шұлғып, көздерiн сәл жұма түсiп, әндi есiне алып қалғандай болды. Құлағындағы ұсақ шiлтерлi, алтын сырғасының әрбiр нәзiк әшекейi:" бiз бiлемiз, куәмiз, естiгемiз " дегендей. Қыздың бас июiмен бiрге бой изесiп, көп ырғалып, көп құптады. Абай әлi де әңгiмесiн айта түстi.
– Жүрегiм үйлеспеген бiр жанға тағдыр қосты, бiрнеше сүйiктi баланың атасы болдым. Бiрақ зарым, шерiм басылмады. Тоғжанды ойлап, түсiмде көрiп жатқан бiр шағым едi. Дәл Тоғжанға ұқсаған бiр жан, барлық пен жоқтық арасында, жаным елтiген шақта, сол Тоғжан салатын әнмен келiп оятты. Оятты да, сол жан менi уатты. Сәнiм де, әнiм де, ендiгi тiрлiк тiрегiм, барым да сол адам өзi болды. Қазiрде көлденең көзге себепсiз сияқты, осы шаhарда жүрiп қалсам да, мен Әйгерiмдi ыстық сағынышпен сағынамын! – дедi.
Осыны айтты да Абай тоқтап қалды.
Салтанат салқындап, ақшыл тартқан жүзбен көзiн төмен салды да, Абайға тағзыммен бас идi. Айтқан алғысындай. Екеуi екi ұзақ әңгiме айтқанда, сырға сыр орай шыққан едi. Бұдан артық айтысу, ашысудың қажетi жоқ. Қызға, бiрдiң өзi болып емiн-еркiн тимесе, қанағат табар аужал жоқ. Абай болса, жеңiл желiкпен, қызығумен Әйгерiмге жалған айтар, бұған жарым серт берер ықтияры жоқ, тiлегi жоқ. Абақты есiгiн өз қолымен ашып, бүгiнгi қазақ қауымынан тыс адамгершiлiгiн Абайға алып келген Салтанат болатын. Сол халдер бүгiнде ел жiгiтiнен көрi өзгерiп, ойымен жаңғырып келген Абайға әмiр-құдiрет тыйымын салды.
Екеуi ендi көңiл сырынан тоқталған. Өз бойын даналық сабырмен жеңiп, билеп алған Салтанат, ендi Абайға құрбылық, назды үнменен екiншi тiлек айтты. Қастарында тұрған сырлы домбыраны ұсынып:
– Сол бiр әнiңiздi ендi өз аузыңызбен ақырын ғана, өзiме айтып берiңiзшi! – дедi.
Абай iркiлген жоқ: жарқ етпес қара көңiлiмдi бұрын Тоғжанға арналған сөздермен бiраз айтып берiп едi. Соның артынан, ән ырғағын өзгертпестен, осы бiр қоңыр кештiң өзiне көштi.
Сыпайы тұспалменен бастап, шыншыл бiр тың сөздермен мұң төктi. Нұрлы жүз, жарық айдың астында, сенiскен досқа құпиясын ашты. Сол жас назы естен кетпес. Ақын сазы оны ұзақ шертер. Қарыздар дос жүрегi ұмытпас, айнымас та, көп сақтар. Белгiсiзге шырқатып әкеткен айрылысу күндерiнде де жiгiттiң өмiрбойы жадында сақтар қадiрлiсi, армандысы боларсың. Сырың сыртқа паш етiлмес. Жүрек iшiндегi бiр түйiр жауhар боп жатар. Ашылмағаны үшiн, өзiнiң қасиетiн ешбiр заманда жоймас... дегендей жаңа өлең. Осы арада, жаңа туған аса шыншыл, ырғақты толқындар едi.
Ауызғы үйде бұл жақтың белгiсiндей тықыр бiлдiрмей сергектiкпен тосып отырған Ербол, Абай әнi шыққанда, Баймағамбетке шам жақтырды. Алдағы бөлмеге әкелдiрген едi. Ендi Абай әнiн аяқтай бергенде, сол шамын ұстап отауға кiрдi.
Абай мен қыздың бағана Ербол шығып кеткенде, терезе алдында отырып қалған қалыптары түк өзгермеген. Оның үстiне Абай жай, баяу ән айтады. Жүзiнде Ербол аңғарғандай өзгерiс нышаны да жоқ. Есiктен кiре бере, екi жасқа жаңа көрген адамша барлай қараған Ербол, бұлардың отырысын да, қабақ шырайларын да оншалық жаратқан жоқ. Ол қанағаттанбады. Үйге шам келумен бiрге Баймағамбет те кiрдi. Күтушi келiншек шай жасай бастады. Аздан соң Мәкiш те қайтқан едi.
Бұдан кейiнгi отырыста, Абай мен Ербол кейде кезектесiп, кейде қосылып көп ән салды, қонақ әйелдердiң, әсiресе Тiнiбек бәйбiшесiнiң тiлегiмен әйелдер мәжiлiсiнiң көңiлiн көтерiп, қызмет еттi. Бұл кештiң ендiгi кездерiнде Салтанат көп сөйлеген жоқ. Тек қана Тобықты жiгiттерiнiң Тоғай бойынан басқарақ айтатын әндерiн айрықша ықыласпен тыңдайды. Аса бiр тартымды сыпайылықпен отырды. Дәл айрылысар кезде ғана, үй бiр оңашалана берген шақта Ербол мен Баймағамбеттiң көзiнше Абайға:
– Осы бiр кештiң қалай шапшаң өткенiн сезбей де қалыппын. Көңiлiмде бiр алғыстан басқа ешбiр ақау жоқ. Әлдекiмнiң бiрi болмассыз деп сырттан топшылаушы едiм. Жетпегенге өкiнерiм жоқ. Бар өмiрде әмiсе бақытты болыңыз! – дедi.
Абай қыз көңiлiнiң жүйрiктiгiн тағы көрдi. Кеудесiне қолын қойып, тек үндемей ғана бас идi. Сөзбен жауап берген жоқ. Көңiлмен барды танысып отырғандарын қабақпен бiлгiздi. Ендiгi халдi жiгiттiң сөзбен таратпағанын Салтанат та орынды көрген екен. Қазiр жасқа толған, нұрлы көздерi көп уақыт кiрпiк қақпай, жiгiтке ұзақ тұнжырап, қарап қалды.
Абайдың жүрерлiк кезi тақаған едi. Михайловқа бұл кездерде ол күн сайын қатынасып, жиi көрiсетiн. Бер жақтан қайтып, досының пәтерiне Абай ендi бiр келгенде, есiктi Михайлов өзi ашты. Ақ кенептен, жаздық кең, жұпыны киiм киiптi. Жүндес кеудесiн ашыңқырап қойыпты. Үлкен алақанына шалқасынан ашып салған бiр кiтапты оқи жүр екен. Шала амандаса сала, Михайлов Абайды қолтықтап алды. Өз бөлмесiне қарай әкеле жатып:
– Құнанбаев, мен сiзге орыс жазушыларынан басқа, соңғы мәжiлiстерiмiзде айтқан, әр алуан бiлiмдер саласынан да бiраз кiтаптар әзiрледiм! – дедi.
– Қай бiлiмдер саласын айтасыз, Евгений Петрович?
– Жалпы тарихтан! Европаның есею тарихынан және географиядан да, осы жыл iшiнде сiз оқып, бiлiп шығатын кiтаптар бар. Жарымын мен өзiм таптым, тағы бiразын Гоголь кiтапханасынан, Кузьмичтен аласыз. Сiз үшiн тапқызып, елге кетер жолыңызға, уақытша берiп жiберуге бөлгiзiп қойдым. Соны барып аласыз! – дедi. Аздан соң тағы да өзi сөйледi.
– Менiң аңғаруымша, сiз тарихқа көп ат салыспаған сияқтысыз. Ол – ғылымдардың анасы ғой.
Абай:
– Тарихтан бiз ислам тарихын, медресе дәрiсi түрiнде емес, жай өздiгiмiзбен, түртiнiп оқығанымыз бар. Бiрақ, Евгений Петрович, сiзге кездескелi менiң бұрынғы бiлiм деп жиғанымның көбi өзiнiң салмағынан айрылды. Я түтiн, я будай боп кеткендей. Сол оқыған тарихымды тұрақты бiлiмге санар сенiмiм болмай тұр, – дедi. Михайлов бұл сөзге күлдi де:
– Ендеше, мен сiзге айтайын, ислам тарихы – бiлiм, ол үлкен бiлiм! Тек қандай тарихшы жазғанын талдау керек... – деп Михайлов бүгiн исламға байланысты шығыс туралы, Абайды хайран еткен, қызықты жаңалықтар айтып кеттi. Ислам, араб өнерi, жалпы дүние жүзiнiң ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемiстер берген. Ескi антик өнерi мен Европаның берiде келiп шыққан ояну дәуiрiнiң арасында жатқан бiрнеше жүз жылдар меңiреулiгi бар. Сондағы көп ғасырдың қараңғылық заманына сәуле беретiн, тек араб мәдениетi екенiн айтып өттi. Арыдағы Сократ, Платон, Аристотель мирастарын бүгiнгi өнерлi халықтар қауымына өзiнше өсiрiп кеп жеткiзушiлер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескерттi. Бұлардың бүгiнгi әңгiмесi осы жайға ауысқанда Абай өз iшiнен сүйсiндiргендей жаңалық тапты. Бұл ойын Михайловтан iрiкпестен айтқан едi.
– Евгений Петрович! Шынымды айтайын, мен адам баласының бiлiм қазынасында мұсылманшылық ғаламы өзi бiр бөлек жатқан, жалғасы жоқ дүние деп ұғушы едiм. Сiз менiң бытырап, бөлiнiп кеткен, бiрiне бiрi қарсы, ерсi көрiнетiн дүниелерiмдi тұтастырып беретiн сияқтысыз. Шынында, ғаделет, хақиқат, ахлақ мәселелерiнде қауымның игiлiгiн ойлаушылар аз ба? Нәсiлдер ырысын ойлайтын әр заманның, әр халықтардың ғұлама ұстаздары бар ғой, – деген.
Михайлов Абай қозғаған бұл мәселенiң артынан, ұзақ бiр келелi, кең өрiстi ойларға кеттi. Бүгiнгi сыпатында, кең маңдайлы, ойлы көздi Михайлов, қоңыр сақалын күтiп тараған келбетiмен зор бiр ғұламаға, даналарға ұқсайды. Бүгiн ол Абайға философ ұстаз болып танылғандай. Ұзақ әңгiмемен, ұғымды етiп, оның бұл күнге шейiн ислам дүниесiнен бiлген бiлiмiн бағалады. Сонымен жалғастыра, әсiресе Абайды хайран еткен бұның өзi халқының жайы. Қазақ тарихының да әлi ғылым бiлмеген, мүмкiн Абай өзi де бағалап жетпеген қазынасы болар едi. Дүниелiк өнер-бiлiм мүлкiне, қазақтың да жер астында жатқан саф алтындай қадiрлi сақтағаны болуы шексiз деп айтты.
Абай Михайловтың бүгiнгi мәжiлiсiнен кейiн, оны өзiне бұрынғыдан да жақын көрдi. Екеуiн туыс ететiн ағалық ойдың өрiсiн аңғарды. Айрылысар шақта Михайловқа:
– Бүгiн сiз маған, ерекше бiр қадiрлi сыпатта танылдыңыз, Евгений Петрович! Мен сiздi тек орыс халқындағы өнердiң ойы мен тiлi деп бiлiп едiм. Өзiмдi бөлек өлкенiң сiзден алыс жатқан, сахара келгiнi деп бiлiп ем. Ал қазiр сiз, бейнебiр менi қолымнан жетелеп, биiк бел үстiне шығарып тұрсыз. Бар замандардың, бар халықтардың қоныс-қонысын, өрiс-жайылысын көрсеттiңiз. Алыстан болса да бар адам баласын тұтас бiр тайпадай аңғарттыңыз. Ендi бақсам, дүниелiк бiлiмнен сырт жатқан халық жоқ сияқты ғой. Өзiмiздi қазақ баласы ғана емес деп сезiнгендей бiр қуанышта тұрмын. Осы менiң үлкен олжам болса керек! – дедi.
Михайлов қатты күлiп келiп, Абайды иығынан құшақтап, бiр қысып қойды.
– Құнанбаев! Бiздiң достығымыз екеуiмiзге де жақсы нәтиже берер деп үмiт етемiн. Тек кiтапханадан, Кузьмичтен қол үзбеймiн деген уәдеңiзге берiк болыңыз! – дедi.
Осы жолы Семейден бiр арба қып алып қайтқан Абай олжасының қақ жарымы – Михайлов көрсеткен, я өздiгiмен тауып берген кiтаптар едi. Лосовский сайлауға, сахараға шығар алдында, Михайловтың сол Лосовскиймен, Андреев үйiнде кездескен бiр уақыты болып едi. Сонда Михайлов өзiн ырзалықпен таң қалдыратын сахара жiгiтi жөнiнде сөйлеп отырып:
– Құнанбаевтың бiлiмге ұмтылу талабы аса зор. Жас елдiң кейде бiлiм-жарығына бар еңсесiн салып, шынымен, барымен келетiнiн байқатады. Сусағандық құмарлығын бiлдiредi! – деп едi. Лосовский бұл жайға Михайловша қарамаған сияқты.
– Евгений Петрович! Ол халық сипаты емес шығар. Халқын айтсақ, бұл ел әлi орыс мәдениетiне "сонша қажетiм бар" деп ұғынып, оянған ел емес. Ал, Құнанбаевтың жеке өз басын айтсаңыз бiр басқа. Бiрақ оның құмарлығында, ғылымға ер жетiп кеп ұмтылған адамның бәрiнде болатын дағдылы ғана қомағайлық бар шығар! – дедi.
Михайлов пен Андреев Лосовскийге осы жолы Абайды жақсы ұғындырып жiбермек ниетте болатын. Сол мақсатымен және өзiнiң сыншыл, турашыл ойын жарыққа шығара отырып, Михайлов бiр сарқынды сөз айтты.
– Құнанбаевта менi қызықтыратын бiр қасиет бар. Көп мәжiлiстес болдым. Жақын таныстым. Сонда мұның аузынан: "Әдiлет, халық, халыққа адал қызмет" деген сөз көп қайталап шығады. Онысы және тұрақты ой боп, көңiлiне бекiген.
Менi осы адамның бойындағы гуманизм қызықтырады. Келешегiннен не шығатынын қатты бiлгiм келед! – деген.
Абайдың өзiне айтпаса да, Михайловтың ол турасындағы бұл кезеңдегi үлкен бiр қорытындысы осы, Андреев Михайловтың сөзiмен жалғастыра, Лосовскийге:
– Сiз киргиз управительдерiн олақ, шикi, тазалығы аз, түсiнiгi төмен адамдар деп бiлесiз. Сол орынға лайығы бар адамдарды, өзi бiлген сахара тұрғындарының iшiнен Құнанбаев тауып берсе. Сiз бiр жолға соларды сайлап, сынап келсеңiз қайтер едi? – деген.
Лосовский бұл пiкiрге қарсылық бiлдiрген жоқ. Қайта есiнде тұтатынын сездiрiп, ақырын бас шұлғыды. Тек сонымен iлес:
– Киргиздiң ру басылары бiздiң кеңселер үшiн ғана емес, Құнанбаевтың өзi үшiн де қиын жұмбақ болатын. Мен алдыңғыдан артқылар мүлде басқа болып, сахара қоғамына жаңалық ой, дұрыс жол тауып бередi деген сенiмнен әзiрше аулақпын. Жалғыз-ақ бiр тәжiрибе етiп көремiз. Нәтижесiн Құнанбаев пен сiздер, бiр-екi жылдан соң шат көңiлмен қорытуларыңызға тiлеулестiк айтайын, – дедi. Салмақты мысқылмен күлдi де, бұл жөнiндегi сөздi паң ұлық пiшiнiмен аяқтатты.
Осыдан аз күн өткен соң Лосовский сайлауға шықты. Абай Ербол мен Баймағамбеттi жайлаудағы ауылға, Шыңғысқа хабарға жiберiп, өздерi Лосовскиймен бiрге Қызылмолаға тартты.
Лосовский Андреевтiң үйiнде берген уәдесiн бұл жолы шын орындады. Қызылмола, Қоңыркөкше, Шыңғыс болысы сияқты, үш болыстың сайлауына Абайды қасынан қалдырмай ертiп жүрдi. Барлық жерде бұларды үлкен әбiгермен, салтанатпен, көп үйлер тiгiп, қөл-көсiр сойыстар, қонақасылармен бейiлденiп қарсы алыс-ты. Сол елдерге Лосовский Абайды қадiрлi адам етiп танытып отырды.
Абай үш болыстың сайлауға жиылған елiне осы жолы, үлкен бiр бедел, абырой тауып қайтқан адамдай көрiндi. Жұрт оны, бейнебiр, советник сияқты бiлдi.
Абай кiрiскендiктен, бiрде-бiр болыста болыстық, билiк, кандидаттық үшiн қыңқ еткен талас болған жоқ. Бар болыста, Абай сол елдердiң естияр, адал деген адамдарымен алдын ала ақылдасады да, Лосовскийге өзiнiң "пәлендi сайлауға лайық" деген ұсынысын айтады. Соны беделмен өткiзiп отырады. Қалада жүргенде, бұрынғы тәжiрибесi бойынша, сахара адамдарына шала сенiммен қараған Лосовский осы жолы бiр айлық сапарда Абайды өзiне жақын тартып, жақсы бiлдi. Қадiрлеп қалғандай, сайлау күндерiнде Абайға кейде қалжың айтып:
– Ибрагим Кунанбаевич! Мен сiздiң мәслихаттарыңызды аламын да, атағандарыңызды бекiтемiн. Бiрақ осы сайлаған кiсiлерiңiз бұрынғы болыстардай, парақор, зорлықшыл, жалған приговор бергiш, ел жанжалына басшы болғыш қиянаты көп болса, жауапты сiз бересiз. Господин Михайлов пен Андреев алдында бересiз, – деп күлетұғын.
Осы сөздердiң Абай басына қарыз екенiн және соның бiр жағы ұлық алды емес, өзi айтып жүрген халық алдындағы қарыз екенiн ойлағандықтан, Абай бұл жолы мынау үш болысқа ешкiмнiң ойында жоқ үш жасты сайлатты. Олар болыстыққа талабы жоқ кiсiлер едi. Шыңғысқа атағаны Абайдың өз құрбыласы, балалық шақтан мiнезi мен адамшылығын Абай қатты қадiрлейтiн адам, Тоғжанның ағасы, Абайдың досы Асылбек. Бар Құнанбай ұрпағын, Ырғызбай ортасын наразы етiп, Абай өз болысының ұлықтығын сол Асылбекке бергiздi.
Қоңыр-көкшеге болыс боламын деп, мал шығарып, жұлысып келе жатқан өзi бай, өзi ожар омырау, жас бөрi – Әбендi сайлатпай, оның орнына "момын, естi жiгiт" деп Шымырбай дегендi сайлатты.
Қызылмолаға болыстыққа тiлемесе де Абайға "ендiгi өмiрде тiлеуi бiр жақын iнi болам" деген Ысқақты сайлатты. Бұл Құнанбай баласы, Абаймен бiр шешеден туған-ды. Бiрақ жастайынан Құнанбай оны Құдайбердiге iнi етiп, Күнкенiң қолында өсiрген. Бертiн уақыттарда Ысқақ көбiнше Тәкежанның ығында келген. Дәл осы соңғы жыл ғана Абайды анық адал аға деп, шынайы дос тұтып тапқан едi. Абай сол Ысқақты ұстады. Бұл күнге шейiн таныстығы аз болған – Матай iшiне Ысқақты аулымен көшiрiп, осы елдiң болыстығын атқаруды тапсырды.
Ералыда биылғы көктемде ойда жоқ лаңнан басталған "Абай мен ұлық тартысы" әзiрше осылай аяқталды. Абай жеңгендей боп, ел iшiндегi оның атағы қатты дабырайды.
ОҚАПТА
1
– Ә-ә-й Абай-ай! Жолың болмас-ау сенiң! Қу дала, қу мекенде, жалғыз ауыл қалдырып, бiр сарғайттың. Не ағайын-туған ел жоқ. Немесе ауыл иесi, үй иесi, қатынға бай, балаға әке дерлiк өзiң жоқ! Өшiң бардай, осының ба? Көзiмiзге көк шыбынды үймелеттiң.ғой! Құдайдың ыстығы мынау – әуе айналып жерге түскен. Күнде шыжып тұрған не қылған қуарған қоныс бұнысы. Бәрi – сенен, Абай! Әй, сiрә да жолың болмас-ау сенiң. Не жазығым бар едi? – деп, үйдi айналып кесек үнмен Абайды жерлеп келе жатқан Дiлдә болатын.
Ол осылай ұрсып келiп, Әйгерiмнiң отауына кiрдi. Үйде жалғыз отырған Әйгерiмнiң төр жағынан кеп отыра бердi. Әйгерiм жасы үлкен Дiлдә келгенде, орнынан тұрып қарсы алған-ды.
Дiлдәның бұл кезде ажымы көбейiп, сүйек-сүйегi бiлiне бастаған.
Қазiргi келiсiнде оның Абайды жерлеп Әйгерiмге естiрте айтқан ұрысы, күндегi дағдысынан басқарақ. Бүгiнгi ұрыстың себебi зор болатын. Түнде қаладан келiп, Дiлдәның үйiне қонып, бүгiн түске жуық жайлауға қарай аттанып кеткен Манас әкелген хабар бар.
Абайды Әлдеке қызының жанында көрiп, жай-жапсарды өзiнше аңғарып қайтқан Манас, бұл ауылға жайлы хабар әкелген жоқ. Дiлдә мен көршi қатындардың, малшылардың көзiнше Абайды кiнәлап сөйлеген.
– Қиыр жайлаудан, ит арқасы қияннан, күн-түн қатып "бар, балам абақтыда сарғайып жатыр, аман-жаманын бiлiп кеп бер!" деп, кәрi шешесi менi жұмсады. "Қорлық көрiп жатыр-ау!" деп тыным алмай қалаға жетсем, ол боса, қағанағы қарық, сағанағы сарық.! – деп кеп, көргенiнен артық та сөздер сөйлеген.
Манас "Дiлдә қызғаныш ойлап күйiнер" деп әңгiмесiнiң басын тұспалдап, тартына айтып едi. Кейiн Дiлдәның өзi әлденеден Абайдың бозбалалығын айтқан хабарға құшырлана түсiп, сүйсiне тыңдағандай болды. Қайта-қайта тақымдап:" қайнаға, көрген-бiлгенiңнiң бәрiн жасырма! Бiрдеменi iркiп кетсең, құдай алдында мойныңа қарыз!" деп отырып, Манасты көп көйткiзген.
Манас әйел мен еркек арасының кiнә-наз, кейiс-күйiнiш дейтiн биязы мiнездерiне ден қоймайтын. Ол кесек, топас мiнездi, доғал адам. Қалада Абай мен Салтанатты терезесi қоршалған, оңаша отауда, ала көлеңке жерде көргенде өзiнше еркiн, батыл жорамал жасаған-ды. Түнде Дiлдәның жетегiмен көп артық сөздердi сөйлеп келiп, ең ақырында өтiрiк те айтқан.
– Мен Абайға кiнә қойдым. Ыза болғанымнан қыз көзiнше ұрсып та тастадым. Келiн, сенiң есеңдi жiбергем жоқ. Е-е ұрыспай тұрайын ба? Ит ұяласынан қорықпайды, мен айтпай, кiм айтады оған! "Елде қатын-бала сенi уайымдап, түн ұйқысын төрт бөлiп, құдайына ақсарбасын айтады. Iшкен асы зәр болып.отырғаны анау. Сен болсаң, Әлдеке қызының қойнында шалжиып жатқаның мынау!" дедiм. Ашуым кеп кеттi! – деген.
Ендi мiне, Дiлдә сол Манасты жөнелтiп болған соң, Әйгерiмге барды ағытып отыр. Әйгерiм ұға алмайды, аңғару қиын. Дiлдә Абай туралы айтып отырған жаманаттың бәрiн кейде күле түсiп, күндегiден Әйгерiмге жақындап, жанасып айтады. Неге екенi белгiсiз, құшырланып, сүйсiнiп сөйлейдi. Манас ұлғайтқан өсектi, бұл ендi одан да әрi өсiрiп алыпты.
Шыжып тұрған ыстық күнде пысынап отырған Әйгерiм, Дiлдәның қатал өсегi басталғанда, аппақ боп өзгерiп барады. Өнебойы тоңазып кеттi. Жүрегiнiң дәл ұшынан шыбық қамшымен осып, ұрып кеткендей болды. Саусақтары суынып, Дiлдәның қолын ұстай алып, дiрiл қағып:
– Не дейсiз? Ненi айттыңыз? – дедi. Өнебойымен Дiлдәға қарай ұмтыла түсiп қадалғанда, екi көзiнен жас ыршып кетiп барып, тез iркiлген. Сол екi тамшы, кесек тамшы жас ендi сұп-суық тас түйiндей боп тұр. Шарасынан шығып ұлғайған көздерiнде жұмарланып тұрып қапты. Алғашқы бiр сұрауынан соң, Әйгерiмде үн жоқ едi. Күдiктi боп, шошына қобалжыған жүзiне бiр қызыл, бiр көкшiл қан ойнап шығып, бiресе талықсығандай, сұп-сұр болып кетедi.
Даусы еркек үндес боп, гүжiлдеңкiреп шығатын, жарықшақ үндi Дiлдә Әйгерiмнiң жүзiнен көз алмайды. Өшiккендей өршелене сөйледi. Әйгерiмнiң тiзесiне тiзесiн сүйеп, еңкейiп, үйiле қарап ап:
– Әйгерiм, тыңдап ал, әлi одан да сорақысы бар. Сол үш бiрдей жирен арғымақ жегiп, байды өзi iздеп келген қаланың салдақысы, әлгi Салтанат сиқыр Аьайға: "ендi менi ал!" дептi. "Кiммен қарайсаң, сонымен ағар!" деген. "Сенi абақтыдан құтқарам деп, менiң ел-жұртқа қарар бетiм қалған жоқ. Ендi менi айттырған күйеуiм де алмайды. Жер ортасы көк төбеде.ұлытып тастайтын кiсiң мен емес. Менi сен аласың!"– дептi. Абай:"қырда қатын-балам бар ғой" деген екен. "оның маған жүк емес, қырдың сарала етек қызы менiң теңiм бе едi? Ондағың суыммен кiрiп, күлiммен шығады. Нақ сүйерiң өзiммiн, жердiң үстiмен кеп, астымен қайтпаймын, аласың менi. Алғаныңның басы осы, ала жаздай қайтпай, осы қалада жатасың, ендiгi қызығыңды көретiн мен ғана!" дептi. Ал, Әйгерiм! Мен байдан баяғыда күдер үзген кiсiмiн. Опасыз Абай екеумiзге қора салғызып жапан түзге жатақ қып тастап, қарасын үзiп кеткенi анау. "Ала жаздай қалада тегiн жатқан жоқ шығарсың!" деп ойлаушы едiм, аяғы мiнi осы болды. Жолың болмағырдың: "үйiме жетсiн" деген хабары осы! – деп тоқтаған.
Абай үш болыс елдiң сайлауын бiтiрiп, жайлаудағы үлкен ауылға келiп, екi жұмадай шешесiнiң үйiнде тұрып қалған едi. Бұл уақыттарда ол абақтыдан шығып келгендiктен, аға-iнi, шеше-жеңге, жанкүйер жақын – барлығына ыстық болған. Тез кете алмады.
Сонымен, ел бауырға түсуге бет алған уақытта ғана көптен зарықтырып күттiрген өз аулына қарай ендi тартқан-ды. Бұл жолға Абай тек Баймағамбеттi ғана алды. Ербол жайлаудағы өз үйiнде қалды. Күзекке, Ойқұдық тұсына ел көшiп барғанша, Абаймен айрылыса тұратын боп, жолдасынан рұхсат алып қалған.
Өз аулына баруға бел байлаған.соң, Абай екi-үш күннен берi көп асығып, көп дегбiрсiзденген. Сырт көзден жасырса да, Әйгерiмдi аса қатты сағынып, көп қобалжушы едi. Ендi Ойқұдықтағы Әйгерiмге қарай түн қатып аттаныс-ты.
Осы түнде Абай мен Баймағамбет елсiз, жым-жырт есiз таудан, қалың Шыңғыстан асты. Келесi күн бауырдың шыжыған ыстығына қарамастан, түске шейiн тартты. Бұлар Әйгерiм салғызған Ақшоқыдағы қыстауға күн түске тақай бергенде келiп жеткен едi.
Абай бұл қыстаудың iргесi көтерiлгенде кеткен болатын. Ендi келсе, Ақшоқының қалың ұсақ адырларының Қорыққа қарай салбырап келген тұмсығында, үстi жазаңдау келген боз төбеде, үлкен қора – дүкен салыныпты. Абай мен Баймағамбет есiк алдына келiп түсiп, қораның жаяу кiсi кiретiн есiгiнен кiрiстi.
Баймағамбет ұзын далаңға кiрiсiмен, қораның биiк салынған, төбесi жақсы жабылғанын тамаша етiп, мақтай бастап едi. Абай әуелi үн қатпай, асықпай, сол далаңды қарады. Оң жақта қысқы ас тұратын екi кiлеттi және төбесiн шатырша биiктеп жапқан шошаланы қарап шықты.
Қораны салғызушы – Әйгерiм мен Оспан. Салушы – осы атырапқа белгiлi қорашы ұста Төре деген кiсi болатын. Қора-жай мен там үйлердiң салыс үлгiсiн берген Абай өзi едi. Әр бөлменiң ұзыны-көлденеңiн, iшкi қатынас есiктерiн – бәрiн де Абай өзi қағазға, сызып, Әйгерiмнiң қолына табыс етiп кеткен.
Сабырсыз, шапшаң Баймағамбет, Абайдың жай жүрiсiне шыдай алмай, алдын орап, бiр кетiп, бiр қайтып кеп, қолды-аяққа тұрмай жүр. Абай, әр қуыстың қалауын, сылауын, биiгiн, енiн өзi берген үлгiсiн еске түсiре, салыстыра сынап келедi. Баймағамбет бұрын барып қайтқылап, қайта-қайта:
– Абай аға, мұнда келiңiз! Тамаша мұнда екен! Дәл қаланың үйi! Асты-үстi тақтай. Пешi қандай – деп, тақаты қалмай, мақтап жүрген бөлмелерге келдi. Келдi де Абай асықпай жақсылап қарап шығып, қатты ырза болды.
Ең жақсы бөлмесi – орталық үй, үлкен үй екен. Ол кең, биiк, жарық. Бұның алдында таза, ұзынша ауыз үй бар. Арт жағында бүйiрдегi есiктен кiретiн түкпiр үй бар. Әр бөлме – әр алуандас. Ең үлкен бөлмесi төрткүл болса, түкпiр үй кең, ұзын. Бұл бөлмелерде Абай мен Әйгерiмнiң арнауы бойынша, көп баламен, молдасымен, қонағымен Дiлдә тұрмақ. Ендiгi бiр сәтте Абай өзi мен Әйгерiм үшiн арналған, кiшi үй жағына шықты. Әйгерiм үйiнiң есiгiн Абай жаңағы көрген ауыз үйге шығаруға бұйырған едi. Әйгерiм ол үлгiнi өзгертiп, өз отауының есiгiн бұл жаққа қаратпай, ар жағындағы үйдiң төрiнен шығарыпты да, сол жақтан өзiне жақсы ауыз үй жасатыпты.
Абай Әйгерiм кiргiзген өзгерiстi мiнемей, оң түсiндi. Дiлдәның көзiне сәт сайын түсе бергiсi келмей, аз да болса, аулағырақ тасада болайын деген ғой. Оның бөлмелерi де, ойдағыдай кең, жайлы боп салыныпты. Абай Әйгерiмнiң төргi бөлмесiнде ұзақ тұрды. Өзiне сағынышты, ыстық жар төсегiн, көңiлiмен осы бөлменiң пештен жоғары ұзынша қалтарысына қондырып қояды. Қызыл көк шымылдығын түсiрiп, жiбек пердемен өз көзiнен өзi тасалап, ойша қоршап қойып, ұзақ еске алып тұрды. Әлi де лыпыл қағып, жүйткiп жүрген Баймағамбет қора жақты да тегiс шарлап келдi. Өз үйi, басқа көршiлер тұратын бөлмелердi – бәрiн де тегiс аралап, тегiс мақтап келдi. Абай ендi оған ерiп қора жақты тағы да асықпай жүрiп, тегiс қарап шықты. Шаршаған дене, салқын көлеңкелi, жаңа, таза қоралар iшiнде тынығып қалды. Мал кiретiн қораның қақпасы басқа. Алды түйе қора, одан бөлек созылған сиыр қора. Солармен жалғас салынған екi үлкен, аса кең қора бар. Дiңгегi көп, төбесiнiң әр тұсына дөңгелек тесiк қалдырған қой қоралар екен. Кiрер есiгi өзiне бөлек салынған ұзын, биiк ат қора да бар. Жаздыгүнi қойма қойып, шана-сайман сақтайтын, төбесi шатырлы, биiк зәуезнай – там үйлерге жалғаса салынған.
Түс ауғанша, қора жайды Абай мен Баймағамбет асықпай қарап шыққан едi. Бағана келiсiмен құдық басындағы астаудан суарып, ер-тоқымдарын алып, өрелеп жiберген аттар ұзақ жайылысқа кетiптi. Абай Баймағамбеттi сол аттарға жiберiп жатып:
– Қайырлы болсын! Сен екеуiмiз бұл жайдың қанша бейнет, сергелдеңмен салынғанын бiлгемiз жоқ. Баймағамбет, осыны, бiздi жоқтатпай, қажымай салғызып шыққан Әйгерiм ер десеңшi – дедi.
Соны айтып, қораның көлеңкесiне паналап отырған жерiнен асығып, ұшып тұрды.
– Атты әкел, тез үйге жетейiк! – дедi. Әйгерiм мен балаларын көп сағынған асығыстық қалпын тағы тапты.
Баймағамбет атты көпке шейiн әкелмедi. Өресiн кең салған екен. Екi ат адырға кiрiп, ұзап кетiптi. Сабырсызданған Абай жолдасын ұзақ күттi. Ызаланып күтедi. Бұл уақыттарда Абай Әйгерiмдi дамылсыз ойлайды.
Оңаша ауыл. Жайлауға бармай, елсiз жайқын Ералы мен Ойқұдықта қалған. Бұл күнде сарғайған, жым-жырт құлазыған далада ұмыт қалған бiр үзiк – бiр шоғыр ғана тiрлiктей. Өмiр – барлықтың азғантай белгiсiндей. Айнала қыбыр етпес, мәңгi үн қатпас иен дала, сар дала. Ол үнсiз даланың ертегiсiндей боп, шыны емес, бұлдыр мұнар ертегiсiндей боп, ашық ыстық күнде, бұлың-бұлың етiп, буалдыр ойнап тұратын көк сағым бар. Қазiрде Абай өзiнiң аулы отырған тұсы осы-ау деп, Ойқұдық даласына қараса, сол көк сағым неше түрлi құбылып, көзбен ойнайды. Сар даланы, меңiреу, есiз жапан түз, құла түз дегiзбей, тiрлiкке, ғажайып заттарға толтырады. Жұмбақ – жан иелерiне толы деп танытқандай. Сағым алдайды. Сағым – қиялдай. Жоқтан жұбаныш, алданыш тудырады. Бiресе Ералы, Ойқұдықтар, ұшы-қиыры жоқ көк күмбездi шаhарға толғандай. Бейне көк сарайлар орнағандай. Бiресе кейбiр қара шоғыр жерден үзiлiп, жұмырланып, көк аспанда мұғаллақ тiршiлiк еткендей. Мал ма, әлде қараған, шеңгел ме? Аса бiр көп шашыранды шоғырлар, сол алыс көк тұманды, көкжиек iшiнде ерсiлi-қарсылы ұйтқи жүредi. Бұлан салып, қараушыны өзiне тартып, "мұнда-мұндалап" шақырғандай. Қадалып, қоймастан шақырғандай.
"Қиял деген, үмiт сағым осы-ау! Дәл соның көзге көрiнген ойнамалы, айнымалы кескiнi осы-ау!" дейдi Абай. Елсiз жапанда жалғыз қалған жанның, сол жалғыздығымен ойнаған алданышты тамашалайды. Бiрақ бұл жолы осынау жалған дүние iшiнде, елсiз дала арасында, жалғыз ауыл қалған – өзiнiң кiшкене аулы. Ондағы кiшкене балаларын, жалғыз жас жарын, аяулы, көрiктi жарын, Абай үлкен бiр жанашырмен сағынып, аяп, еске алады.
Ұзарып өскен сар селеу, оңнан соққан баяу жел астында тынымсыз қозғалады. Күмiс толқын бетiндей боп, кейде жылтырай түсiп, сәл сыбырдай ғана, болымсыз жыбыр қағады. Көзге iлiнер-iлiнбес жиi толқын. Жаңа жiбек жүзiндей, үнемi тынымсыз құбылған, ақ теңiздiң жүзi жатыр. Күз тақау болғандықтан бетеге – бурыл, көде – сарғыш. Көктемде жасыл желек, көк шашақ атқан сасыр, қурай да қазiр қызара сарғайған. Семiп солған реңiмен өтiп жатқан дәурендi, семiп қалған өмiр-тiлек дәрменсiздiгiн дәлелдейдi.
Алыста қоңыр көкшiл тартып, бүктүсiп жатқан бiр адыр Шолақ-терек көрiнедi. Ойқұдықтың қала жақ алдындағы, қара жол асатын ұзын жота, ақ қайқаң – Қасқабұлақ, Шолпан адырлары көрiнедi. Бәрiнде де елсiздiк. Өлi дүниедей үнсiздiк, сарылғандық бар. Абай өзiнен-өзi жетiмсiреп, жүдеулiк сезедi.
Иен дүние, тұл дүние сырына бой ұрсаң, шынайы жалғыздықты қатты ойлатады. Ол жалғыздықты Абай осы орыннан аса бiр терең, өткiр түрде таныды. Жүрегiн шанышқандай, қатты сезiндi. Алдағы аулын, ондағы барлық жандарын тағы да аяп, асығып кеттi.
Осы отырыста Абай бiрталай ыстық сезiмдерiн қорытады. "Осындай иен елсiз сахараны отан, мекен еткен қазақ халқының көрнегi жүдеу ғой! Үлкен есiз дүние iшiнде анадай аз ауыл, шарасыз жалғыз-жалғыз ауыл болып отырғаны мынау. Қазiргi қазақ жайлаған жердiң бәрi осы. Бәрiнде ел аз, иесiздiк мол. Iргелi мекен, өнерлi шаhар жоқ. Алты айлық құла түз, құм сахарада, сараң қатынның кең дастарқанға шашып тастаған бiр-екi уыс бауырсағындай шашылған, панасыз ел ғой", – дейдi.
Ойқұдықтағы аулына Абай салқын түсе, күн батардан аз бұрын ғана жеттi. Ауылға тақай бергенде, бұларды танып, қуана жүгiрiп, балалар шықты. Үлкендер далада, үй сыртында тосып, қарсы алды.
Тыста тосқан, қарсы алған жандардың iшiнде Абай көзi қайта-қайта Әйгерiмге түсушi едi. Абайдың атын өзi ұстаған жерде, Әйгерiмнiң пiшiнi күйеуiне науқас адамдай көрiндi. Ағарып, қатты жүдеп кеткен сияқтанды. Әншейiнде оның жүзiне ерекше үлбiреген көрiк берiп тұратын қызыл арай, уыз жастық реңi қазiр оңып, өшiп кеткендей. Алдынан ойнап шыққан Әбiш, Күлбаданды беттерiнен сүйiп, Абай Мағашты көтерiп алды.
Ауыл-аймақ амандығын Дiлдәға қарап, содан сұрап, бiлiп келiп, Абайдың ең соңғы амандасқаны – Әйгерiм едi.
Өз көңiлiн ұдайы сағынышпен тартатын нәзiк реңдi Абай Әйгерiмнiң жүзiнен әлi көре алмайды. Қобалжыған жүдеулiкпен қатар, Әйгерiм үлкен ренiш, кейiсi бар жандай, езу тартпайды. Үйге қоса кiрген Кiшкене-молда, Дарқан, Бәшей сияқты көршiлерiмен және Дiлдәмен қысқа жауаптасып отырып, Абай Әйгерiм жүзiне қайта-қайта жалтақтайды. Ендi байқаса, оның жүзi бiр ағарып, бiресе көкшiл тартады. Кей уақыт қызғылт нұры, жас сұлу жүзiне сәл ғана леп берiп, бiр толқып шығады да, лезде қайта сөнедi. Абай кейiн сұрауға тақат қыла алмады. Әйгерiм тоңазығандай дiрiлдеп, бiр тоқтап қалғанда, күйеуi оның көзiне iркiлген шарасы толы жасты байқап қалды.
– Әйгерiм, сен берi қарашы! – дедi.
Үндемесе де, екеуi iшпенен қабақ танысып, жүрекпен сыр оқысып отыр. Күйеуiнiң сезiмталдығын лезде аңғарған Әйгерiм бiр сәтте сүйген жардың бұрынғы үйреншiктi ынтызар көңiлiн тапты. "Сезгенiңе болса да қуандым ғой!" дегендей боп, жылы ұшырап, күле жымиды.
– Не дейсiз, Абай? – деп жалт қарады.
Iркiлiп тұрған жас жалт етiп, бұрыла берген көзiнен гауhар моншақтай боп, ытқып түстi. Абай оны да көрiп, бар бойымен селт етiп қалды. Төңкерiле бұрылып, келiншегiнiң жүзiне шошына қарады. Ажырайып қадала қалып:
– Әйгерiм! Жаным-ау, сен науқассың ғой! Не болған өзiңе? Жүзiңде бiр тамшы қан жоқ. Не күйге түскенсiң? – дедi.
Екеуiнiң аралығында отырған Дiлдә қырылдаңқыраған еркекше үнiмен, бұрын жауап бердi.
– Аурумысың дегенi несi? – деп кекете күлiп жiберiп, – аурудан сау мұндағы жұрт. Бiрақ уайымнан сау емес. Естiрсiң, сылтауы өзiңсiң ғой, ұғарсың. Абай! – деп тағы бiр күлдi. Абайға кейiстi болған, наразы көңiлiн әр кезде iрiкпестен ығы-жөнi демей, турасынан ақтара тастап отыратын Дiлдә бұл жерде де кеп-кесек қып айта салды.
Үй iшi Абайға елеулi кiнә артып отыр. Сабырмен, үнсiз ғана бойын тежеп, Абай ендi әйелдер жүзiне қараған жоқ. Аңғары, Семей сапарында ұзақ жүрген күндерi бұны айыпты еткен сияқты.
Әйгерiм мен Абай арасында бұл шаққа шейiн бiрде-бiр қабақ шытынысқан кiнә ренiш болып көрген жоқ-ты. Айнымас, аумас деген жар жүрегiне бұл жолғы тiкен қалай қадалды, қанша қинады, оны Абай көп көзiнде ортаға салмақшы емес.
Барлық балаларымен, көршi-қолаңдарымен ас пiскенше сараң әңгiмелесiп отырғандағы ендiгi сөзi қыстау жайы болатын.
Осы түнде таң атқанша Абай мен Әйгерiм ұйқы көрген жоқ, қапалы болған азап түнiн, дерт түнiн кешiрдi. Әйгерiм жүрегiне қызғаныш пен ренiш қатты, терең ұялаған едi. Абаймен оңаша қалған сәттен-ақ, қысқа ғана сөзбенен, Манас әкелген жүрек жарасын тура айтты.
Өз жанын қинап, еңiреп жiберген. Кеудесiн жандырған өксiк арасында:
– Айныдыңыз! Аздыңыз, Абай! Алтын сарай ырысым деушең бұл үйдi. Өзегiмдi өртедiңiз. Ендi дауа табар көңiлiм жоқ. Мен жылаулармын. Үйiңнiң шырағы сөндi, шыпасыз дерт жеңдi менiң бойымды. Көңiлiмдi дауалар, шыпа болар сөзiңiз жоқ. Түк айтпаңыз! Бiттi менiң күнiм! – дедi. Түн бойы төсек үстiнде, Абайдың аяқ жағында отырып алып, егiлiп жылаумен болды.
Абай:
– "Манастың сөзi жорамал, жалған!" деп өзiн ақтайтын сөздi көп қиналып айтты. Әйгерiмдi әлденеше рет ұмтыла жабысып, құшағына алып, қысып отырып, ағыл-тегiл аққан көзiнiң жасын сүйе жұтып отырса да, асық досын уата алмады.
Әйгерiмнiң өкпеге, ренiшке мұншалық қатты екенiн ол бұрын сезбеген екен. Қанша қиналса да жұбата алмайтынын бiлдi. Ендiгi өмiрден әлденеше шошынып, тiрегiнен айрылғандай. Дiңгегi құлап, күйреп бүлiнiп бара жатқан тұрмысын көргендей болды. Сол ойына үркек жүрекпен .бойлап кетiп, бiрталай уақыт үнсiз мелшиiп қалып едi.
Таң аппақ атып, отау үстiнде бозторғай шырыл қағып, жүз бұралған үндермен шырқай бастады. Бiтiмi жоқ, өкпелi жүректiң аса қатал бiр үкiмiн Әйгерiм аямай айтып салды. Әуелi жылау үстiнде үн салып, қатты бiр ауру жандай "ууhh" деп жалын атып, күрсiнiп алды.
– Қатын сорлының күнi құрысын. Құрысын да, күл боп өшкен күнi! Жылағаннан басқа не дәрменi бар? Бiрақ осы жасым, көзiмнiң осы түнi бойында ағыл-тегiл аққан жасы, тегiн болмас деп шошимын. Бұл жаспен, осы түнде "жүрегiмдегi сiзге деген асылымды, барымды жуып-шайдым, жуып, жойдым ба" деп шошынамын. Өзiме де, сiзге де түк аянышым да, өкiнiшiм де қалмағандай. Айтпасыма шарам жоқ. Сiзден iркiп, бүркiп көрген, қалт етер шыным, сырым жоқ едi. Айтайын... Кеудемде жүрек те жоқ, жалын да жоқ. Осы күндер бәрi сөндi де, бiр қуыс қана өлi дүние қалды. Барды әкеттi мына жасым! – деп едi.
Абайға Әйгерiмнiң бұл түн бойында ең ұзақ ашылған сөзi, сыры осы болатын. Жалын жұтып отырып айтқан өз дертiн, ол ендiгi амалсыз тағдыры етiп алған. Сұлу, қайратты жас жарын, Абай бүгiн бұрынғыдан басқаша таныды. Жаңағы айтылған сөзi үкiм байлау. Өздерiнiң бұл күнге шейiн кешкен, кiршiксiз бақыт күндерiне айтылған жоқтау есептi. Жантайып жатқан орнынан Абай үркiп, ытқып тұрып, Әйгерiмге төне қарады.
– Не дедiң, сен? Қайт мына сөзiңнен! Қайт мына көңiлiңнен! Өткенiм жазықсыз болатын, оны ая. Алдымыз жарық деп сенемiн. Оны құрбан етпе. Бақытымызды кеспе, мына тiлiңмен. Қайт, қазiр қайт! – деп жабысып, көп жалынып едi.
Әйгерiм ағарып атқан таңның, түңлiгi жабулы үйге сәл ғана көкшiл тартып кiрген сәулесiмен ақшылданып, сазара түстi. Абайдың жалынған сөздерiне жауап берген жоқ. Үнсiз қатал бiр байлау жасағандай. Сол жауапсыз қалдырған күйiнде Абайды төсегiнде тастап, өзi түнi бойы бiр сәт жантаймастан, тiк отырған қалпынан сырғып түстi де, жұқа жiбек қара шапанды басына бүркеп, салқын атқан таңға қарай жүз бердi. Көңiлде қамрығы көп жар, қара жамылған бойымен, ақ үйден шығып кеттi.
Арада көп күндер өттi. Әйгерiм сол түннен соң бiр қалыпта. Қатты күйiндi де, салқындаған халiнен көңiл жазбай, қалып қойды. Оның бұл ренiшiн Абай тарқата алмады. Екеуiнiң арасында ең алғаш түскен осы аяз айықпады. Абай үшiн Әйгерiм шын қимас, ыстық жар едi. Арада ендi бiтпестей әлек түстi. Не арылмас дерт, жойылмас жара шығудай. Осының бәрiнiң астарында тағы бiреудiң қиянаты, жалған өсегi, өшiктiруi жатыр. Ол Дiлдәның әрекетi. Абай өмiрiнде ең алғаш рет, iштей қатты ширығып өкiндi. Өзiнiң қатесi, оңалмас қатесi есiне ендi түстi. "Дiлдәны жөнелтпей, мүлде айырып, көшiрiп жiбермей, неге алдым, неге ғана Әйгерiмдi алдым..."
Өзге көп қатын алған, надан, топас, қиянаткер ерлер мiнезiнен нем артық болды! Шек ендi жазаны! Тарт ендi улы өмiрдiң, өз қолыңмен ашытқан улы өмiрдiң жазасын!" деп сенделдi.
Осындай көңiл қазасы мегдеген сайын, Абай оймен сырласар серiк iздейдi, саналы серiк iздейдi. Күндiзi мен түнiн қосып, үнсiз жым-жырт сарылумен кiтапқа үңiлдi. Әйгерiмнiң отауында кiтаптан соң кiтапты ендiгi дем тынысындай сiмiре жұта бердi. Қаладан әкелген көп кiтаптың талайын дендеп, оқып шыққан едi. Екi рет Баймағамбеттi қалаға жiберiп, Кузьмичтен қоржын толтыра кiтаптар алғызды.
Бұл шақ Абай үшiн көңiл күзi болса, табиғаттың да сұрқыл, баяу тартқан өз күзi болып едi. Ералы, Ойқұдық үстiнде жауынды бүркеу сұр аспан жиi түнередi. Арқаның салқын желi, ұзақ түндердi шықты түнге айналдырады. Шыңғыстың барлық бөктерiмен iшiнде қыстап, жаз күндерiн жайлауда өткiзетiн қалың ел, көп ауылдар бұл күнде осы Абай отырған Күзек өлкесiне келген. Құнанбай ауылдары да Ойқұдық, Қасқабұлақ, Ақшоқы өңiрiндегi ақ отты, мол сулы құдық, бастаулар басына жиi-жиi қонысыпты. Қоңыр салқын күзде мал тойынту қамында болатын.
Жаздай жалғыз ауыл болған Абай аулын, бұл уақытта үстерiне көшiп келiп, iргелес қонған қалың ауылдар қоршаған. Ерулiк жесу, қыдырысу дағды болып алған.
Тек Абай мен Әйгерiм ғана ешқайда қыдырмайды. Үйден де шыққан жоқ. Кiтаптан бас алмай, үнсiз бiр сопыдай сарылып отырып қалған Абай үй мен тыстан бiрдей, беймезгiл күз салқынын сезедi. Кей шақтарда, кешкi уақытта жапа-жалғыз жұмыссыз атқа мiнiп, мал аралағанды сылтау етедi. Жалғыздықта жабырқап, сенделiп жүрiп қайтады. Осы жалғыздығын өзiне лайықты сыбағасындай көрдi. Ауыр да болса, үйреншiктi дертiндей. Өзге жұрттың қыдырысына, қысыр кеңесiне айырбастағысы келмейдi.
Тек қана кейбiр кештерде, ымырт жабылғанша тыста тұрып, "әлдебiреу келсе екен!" деп тiлегендей болады. Бiр ойда, сондай бiр халде тұрып, өзiне өзi:
– Осы менiң ұдайы күткен бiр адамым бар секiлдi. Қасыма сол келiп, қабақ жадыратып, әлдебiр үмiттi күндерге жетелеп алып кететiн сияқты. Сол кiм? Кiмдi күтем мен? Ондай жан жалғыз Әйгерiм болса керек едi. Әлде соның көңiлi орала ма? Қайта қуанып, қайта күлiп өзiмдi таба ма? – дейдi.– Әй, ол мен көксеген бұл күйдi iздеместей боп барады ғой! Ендi кiм? Кiмiм келмей жүр осы менiң? – деп бiр тұрады. Тым құрса Ербол келсе екен. Осындай хафа күнiмде тым құрса со да болмады-ау қасымда! – дейдi.
Үнемi үйреншiктi досын күздiң жабырқау бiр кешiнде сағынғанын сездi. Осымен қатар бұл үшiн Ерболдың қаншалық қымбат екенiн ендi түгел көрiп, қадiр тұтқандай. Бақса, Ербол менен екеуi көп өмiр жолын айлар бойында тiзе айырмай, дақ түсiрмей, тәттi кешкен екен. Талай ыстық, суықты да, азаматтық сын асуларды да бiрге асыпты. Бұл күнге шейiнгi өмiр екеуiнiң үлеспеген еншiсiндей, ортақ өмiр. Жалғыз-ақ соңғы жылдар, осы бүгiнгi күндей бұл екi досты кейде қыс, кейде жаз да бiрталай уақыттарға айыра бередi.
Абай Әйгерiмдi алған жылдарда, Ербол да өзiнiң Дәмелiсiне үйленген болатын. Оның да Ысмағұлдай жас жеткiншек балапаны бар. Абай Ербол үйiнiң қамын досының өзiнен кем ойламайды. Бiр кезде Сүйiндiк аулында шеткi үй боп қонып, мiнер көлiк, сауар сауын туралы ағайынға көз сүзiп жүрген Ерболдың кедей үйi осы шақта жап-жақсы малданып қалған. Бұл күнде Ербол Сүйiндiк аулының жанында емес. Ағайын ортасына бiлiктi болып қалған Абайдың осы досы, өзiнiң кедей ағайындарынан жетi үйдiң басын қосып, солардың ортасында бес қанат бозғыл үйде Ерболдың өз үй iшi тұрады. Сауыны да, мiнер көлiгi де өзiне жеткiлiктi. Оның үстiне, Абай қасында айлар жүрiп, кiшкене аулына қайтқанда, аздап iрi-қара, тұяқтап қой-ешкi айдап кеп қосып отырады.
Қазiргi күнде Абайды сағындырған Ербол Қарашоқыдағы қыстауында, қысқы малдың пiшенiн қамдатып, жиғызып, қыстауын қысқа әзiрлеп, көп елдiң көшiне ермей, тауда қалған-ды. Абай досын сағынса да, оның тiрлiк қамын, шаруа мұңын ұғады да, сабыр етiп шыдай бередi. Жұмысы бiтсе, артық күн аял етпей, Ерболдың өзi де асығып келетiнiн мұндағы досы анық бiледi.
Абайдың соңғы күндер оны жиi ойлап шын тез келуiн тiлегенiн Ербол да, Шыңғыстың алыс бөктерiнен, жаза баспай танып ұққандай екен. Жым-жырт үйде, күндегi дағды бойынша, шам жағылып, Абай кiтабына ендi үңiле бастағанда, отаудың киiз есiгi серпiлiп, шапшаң ашылды да:
– Кеш жарық! – деп Ербол кiрiп келдi. Абай орнынан қалай атқып тұрғанын өзi де байқамай қалды. Қарсы ұмтылып барып Ерболды құшақтаған бойында, төрге әкеле жатып:
– Бәсе, келшi! Сен болмай тынысым тарылғандай, жабы боп кетiп ем. Отыр, шешiн. Әйгерiм, көрпе сал! – деп қатты әбiгерленiп, балаша қуанды.
Ерболдың келгенiне Абайдың соншалық аласұрғанына Әйгерiм күлiп жiбердi. Бiр сәтке шын тамашалап қалды. Өзiмен жақсы күндердегi Абай мiнездерiн еске алды. Анық бiр күн көрмесе, осылай ашыла ұмтылысып, қуанышпен аймаласып көрiсетiн. Сол отты шағын ойлаумен, Абайды қызғанып та қалды. Жүректiң ойда жоқ алай-түлейiне түскен едi.
Бұл сезiмнiң iшiнде Ербол мен Абайдың тәттiлiгiн қызғану жоқ. Оған Әйгерiм бұрынғы бақыт шағында, қуанышының бiр қосалқысы, көркi есебiнде қарайтын. Жаңа ойлап қалған қызғанышы, бұнымен салқындасқан Абайдың Ербол арқылы жалғасатын өзге сырын ойлағаннан туған. "Менiң сорым, ылдидың қызы – Салтанат" деп жүрген Әйгерiмге, хасiреттiң бiр ұшығы осы Ерболда тұрған сияқтанды.
Қызғанышқа жеңгiзген жас жүрек кiнәшыл да әделетсiз. Кейде, жанына қымбат асылын, арзанға да қия салады ғой. Сол өкпелi көңiл буған Әйгерiм қазiр Ербол мен Абайдың, шұрқырап табысқаны Салтанат үшiн дедi. Сыры бiрлiктен, ымы-жымы қосылғандықтан деп қалған-ды.
Бiрақ Ербол бүгiнгi кеш сол Әйгерiмнiң өзiне де, Абай мен бұлардың айналасындағы күтушi әйел, ауыл жандары бәрiне де тегiс қабақ жадыратқан қызық әкелдi. Әйгерiмнiң үйiнен қымыз ауыз тие сала, ашық жарқын әзiлдер айтты.
– Шайың мен етiңдi баптай бер, Әйгерiм! Құлан иекте, Қарашоқыда iшiп шыққан Дәмелiнiң шайынан соң, күн ұзын нәр татқам жоқ. Мен Дiлдәға көрiнiп, балалардың бетiнен иiскеп қайтпасам, Алшынбай қызы ертең-ақ гүжiлдеп, өкпесiн ала жүгiредi. Амандасып келем. Сен дандайсып шiкiрейме маған! – деп Әйгерiм мен Абайды қоса күлдiрдi. Өз аулындай, Абай аулының бар үйiн жағалай аралап, үлкендерiне сәлем берiп, бiрталайдан соң қайта оралып келдi.
Орнына отыра бере, бұл үйдiң iшiне оқшау бiр хабар айтты.
Хабарының басы – ертең Есқожа аулында болатын той туралы.
Ол күйеу келетiн той екен. Бұл ортадағы бойжеткен қыз атаулының ең бiр еркесi, сәндi сұлу Үмiтей ұзатылмақшы. Бұрыннан қайындап жүрген күйеуi – Көкше Қаратайдың туысы, Алатай баласы – Дүтбай. Исi Олжай ортасына әншiлiгi, көркi, әсемдiгiмен даңқы шыққан Үмiтейдiң күйеуге ұзатылатын шағы жетiптi. Абай аулындағы жеңге құрбының бәрi де Ербол әкелген хабарды қуанысып тыңдасты.
Осы түн iшiнде бұл ауылдарға, тойға шақырған хабар да жеттi. Ертеңiнде Әйгерiм бастаған көп әйелдер бiрнеше топ боп, Есқожа аулына аттанды. Түске жақын сол ауылда Ербол мен Баймағамбеттi ертiп, Абай да келдi.
Абайлар әуелi той қылып жатқан ауылдың үлкен үйiне кiрiп, Есқожаға сәлем берiп, "қайырлы болсын" айтты. Асты да осы үйден iшкен. Қонаққа тiгiлген үйлер мол, ауыл сәнi зор екен. Есқожаның үйiнде отырып, Ербол мен Абай күйеулер үйiнде әсем шырқап, ән салып жатқан қыз-келiншек, жас-желең қызығын естiп отырған. Бiр уақыт осы үйге сырттан жеткен бiр дабыр жұрттың бәрiн алаң еттi.
Тыста ерекше уақиға болғандай. Есiк алдынан жүгiрiсiп өтiп жатқан жастар бiлiнедi. Балалар шулайды. Кейбiр ересек, кексе әйелдер, еркектер де сол уақиғаға қызыға көңiл бөлiптi. Даурығып сөйлеп, асығып, алқынысып айтып тұрған хабарлары естiлдi.
– Уа! Салдар келедi!
– Мынау не деген сән?
– Жаным-ау, өздерi қалай киiнген?
– Ана бiреу, сал ағасы. Бәрiнiң қолында үкiлi домбыра. Мынау бiр елден ерек жүрiс екен.
– Жүрсең осылай жүр! Сал-серi деген ерке топ осы да!
Арада балалар да қызығып тамаша қып, күле айғайлайды:
– Бөрiктерi сәукеледей!
– Шалбарын қара, шалбарын!
– Балағы қатынның көйлегiндей шұбатылып жүр.
– Бұзаулаған сиырдың шуындай шұбатылады және бiреусiнiкi.
– Иттердi қосар ма едi өздерiне. Қандай дал-дал қылар едi, шалбарынан алып! – деп күлiседi.
Даладағы жұрттың бәрi: "салдар, серiлер келдi" десiп, түгел әбiгерге түстi. Есқожа үйiнде отырған үлкендер арасында Ызғұтты бар-ды. Ол "ауылды басынып келiп жүрген бейбастақтар кiм?" дегендей, "сал" деген атты ұнатпай:
– О кiмдер өзi? Қайдан жүрген немелер? – деп едi. Есқожа бұлардың келер хабарын естiген сияқты.
– Бөтен емес, бәрiн бастап жүрген өзiмiздiң Әмiр көрiнедi! – дедi.
Әмiр бастап, үлкен сауыққа салынып жүрген бiр топ жiгiттердiң хабары Абай мен Ерболға бұрын да мәлiм болатын. Бiрақ "сал", "серi" деген атақтары шықпаған-ды. Ендi сол топ тойлы ауылға, Үмiтей тойына келедi дегенде, бұл екеуi де Әмiрдiң бүгiнгi қылығын көзбен көрмек болып, үйден шығысқан едi.
Далада бұлар көзiне түскен көрiнiсi екеуiн де таң қалдырды.
Салдар күйеуге тiгiлген үш отауға қарай тақап қалыпты. Ол отаулардың ортадағысы сегiз қанат. Сырты қызыл-жасыл манатпен оюланыпты. Дөдегелерге қалың қызыл жиек бастырылған. Есiк алдында кәмшат бөрiктi, үкiлi, үлкен шолпылы өңшең әсем, сәндi бойжеткендер тұр. Кейде қатарланып, кейде топтанып, өзгеше қонақтарын тосады. Осы қыздар ортасында, үлгiсiмен, киiм сәнi ерекше бөлiнген, қара кәмшат бөркiн шекесiне таман киген бiр қыз бар. Ол топ жұлдыз ортасында шолпанындай, той иесi – қалыңдық, Үмiтей болатын. Қонақтарын қарсы алуға әдейi шыққан. Салдар отау үйге тура тартып, жақындап қалғанда, Үмiтей қасындағы қыздарын бастады. Қанат жайған сәндi, сылдырлы, әзiл сыңқылды майысқан қатар салдарға қарсы басты.
Жаяу салдардың қастарында өңшең iрiктi сұлу келiншектер келедi екен. Баймағамбет Абай мен Ерболға жалтақтап, дегбiрсiзденiп, таңдана сөйлейдi.
– Еркек салдар емес, арасында қатын салдар да бар ғой! Бұлары кiмдер? – деп едi.
Ербол олардың кiм екенiн аңғарған екен.
– Сал қатындар болса, бiрi өзiмiздiң "Әйгерiм сал" боп шықты ғой. Келiншектер, әдейi алдынан шығып, тосып алған күтушiлер емес пе? – деп күлiп тұр.
Бұл кезде салдар әнi шырқай түстi. Еркiн, ерке топтың тойлы ауылға "бiз келемiзiн" айтады. Баймағамбет ендi аңғарды. Келе жатқан топ екi-екiден, бiр сал, бiр келiншектен, мойындарына бiлектерiн артысып, құшақтаса әндетедi. Ортада Сал-ағасы өзге топтан оқшауырақ алда келедi. Екi жағынан екi келiншек, иығына қол асып, құрмет етедi. Сал-ағасы өзге жiгiттерден жасы үлкен, бойы, бiтiмi де келбеттi келген, Байтас екен.
Домбырасы да үлкен, үкiлi сылдырмақты, моншақты. Ол да "мен сал домбырамын" дегендей. Ән арасында сол домбырасын Байтас аспанға көтерiп, бұлғақ қақтырады, Сал-ағаның осы белгiсiмен арттағы өңшең әншi, ойнақты топ, өздерiнiң шұбарала домбыраларын аспанға көтередi. Бар тобымен айтып келе жатқан "Жиырма-бестiң" толқынды ырғақтарын шырқай сiлтеп, құбылта бұралтады.
Абай мен Ерболға аса қатты ұнап, қайран қалдырғаны: бар әншi жиылып, бiр-ақ ән айтады. Әдетте, ойын-сауықта, үй тола жиналған әншi болса да бiр әнге екi кiсiден артық қосылып салатындар болмайтын.
Жиырма бес қайта айналып келмес саған!–
дейдi. Өздерiнiң осы жүрiстерiн соншалық ақтап тұрған қайырманы жастық ұраны қып, ту етiп, шалқытып келе жатқандай. Бiрiне-бiрi қарсы келе жатқан екi топ, жақындай бере, үндерi молая түсiп, қосылып кеттi. "Жиырма-бестiң" қайырмасына, өз тобын бастап Үмiтей қосылған. Сол қайырманы бiтiре бере, екi топ бiрiне-бiрi жеттi де құшақтасты. Жiгiттер арасындағы келiншектiң көбi, ақ жаулықтары iрiктелiп, кейiнгi сапқа шықты. Алдыңғы қатарда, Байтас жанында қос қыз. Өзге салдардың да қолтығында бiр-бiр бұралған, әзiлкеш қыздар келе жатыр.
Салдар ауылға тақай бергенде, алдарынан шапқыншы боп келген, мойындарына сапы асынған жасауылдары болатын. Олар ауылды көптен әбiгер етiп жүрген. Күйеу үйiндегi барлық әсем келiншектердi салдар алдынан алып шыққан да солар болатын. Келiншектер алдарынан шыққанда, бар сал аттан түсiп, жаңағыдай жаяу сал, жаяу сәнмен келген.
Саны қырыққа жететiн салдардың жасауылы онға жуық. Ала киiмдi, дырау қамшылы атарман, шабармандар екен. Қазiр ортадағы оюлы отауға қарай барлық шұбар топ беттегенде, жасауылдар қонақтардың алдындағы жолды ашады. Екi жақтан ысқырта қамшы сiлтеп, бала-шаға, бөгде топты жағалай, ығыстыра қуып жүр. Отаулар алдына бұл кезде тойшының да көп жұрты тамашаға жиылған. Абайлар да осы арада болатын. Күйеубасшы құдалар, қонақтар да тегiс қамалап келiптi. Бiрақ жасауылдар үшiн қазiр өз салдарынан қадiрлi ұлық та, қонақ та жоқ.
– Тәйт!
– Тұр былай!
– Қағыл!
– Аулақ! – десiп, қалың топты отаудың екi жақ босағасына қақ жарып, екi сап қып қойды. Қатардан шығып, рет бұзғандар болса, жасауылдардың түстерi бұзылып, көздерi ашумен алара қарайды. Өңшең балуан денелi, әдейi iрiктеп алынған содыр жiгiттер, кейбiреулердi сирақтан, жоннан осып-осып, сатыр-сұтыр ұрады.
Бiрақ бұлардың соншалық айбар шеккен қаталдығын ел жиыны кiнәламағандай. Қамшы жегендер де көбiнше күле қашып, еркелiктi ұрыспай көтередi. Топтың алды – сұңғақ бойлы, шоқша жирен сақалды, орақ тұмсықтау келген қызыл сары жiгiт – Байтас. Ол бұндағы елдiң бiреуiне көз тастап, iлтипат қылмайды. Екi қызға екi жағынан, мойнынан құшақтатып қойып, үйге кiрер алдында домбырасын тағы бiр құдiрет белгiдей аспандата сермедi. Барлық әншi тобы жаңағы "Жиырма-бестiң" бұл күнге шейiн көп домбырада ақырын ғана қырлана толқып, сырлы сыбырлай жеңiл лепiп келе жатқан ырғағын қатты шырқау үнменен көтердi. Ендiгi әндi барлық салдармен қоса, қыздар, келiншектер де қостады. Салдың тобын ең артынан қоршап келе жатқан, қара сақалды, аға салдар бар едi. Қазiр олар да қосылған. Әсем қайырманы үнемi қайталап отырып, жиын iлбiп қана басады.
Екi жарылып тұрған қалың ел тобы, бұл күнде жаяулар ғана емес. Шапқылап кеп, тамашалай тұрысып қалған, сансыз көп аттылар да мол. Бар үлгiлерi басқа салдар өзге халық арасында, бейнебiр бөтен уәләят, бөгде халық тобындай. Байтастың артына өзгелерден сытылыңқырап, алғарақ шығып, Әмiр мен Үмiтей түсiптi. Екеуiнiң әнi барлық әншiлер үнiнен өзгеше келедi. "Жиырма-бес" ырғағын бастайтын да, қалқыта созып, қайталайтын да Әмiр мен Үмiтей. Барлық сал Байтасқа жүрiсiн бастатқанмен, ән-сәнiн Әмiр мен Үмiтейге бағынтады. Екеуiнiң де сұлулығы мен сүйкiмдiлiгi соншалық сай боп жарасқан. Салдар айтуынша: "Құдай қосқандай". Қыз бен жiгiт дәл осы халiнде, жай тату құрбы сияқты емес. Көкiрегi қарс айрылып "аh ұрып" табысқан, бақытына жаңа жеткен шерменделер тәрiздi.
Кәмшат бөркiнiң үкiсi мен қозасынан, маржаны мен шоғынан бастап, кiшкентай аяғындағы тұмсығы үп-үшкiр, жылтырауық әмiркен кебiсiне шейiн, бөлек сәндi Үмiтей келедi. Оның жүзiнде шапақ атқан, ақ-қызыл қуаныш ажары бар. Маңдайы жарқырап, бақыт босағасын, шын теңiмен жаңа ғана, осы сәтте ғана аттағалы келе жатқандай.
Әмiр де бар салдан басқаша. Бұның сұңғақ бойына, аппақ сұр жүзiне, ерекше жарасқан атлас, батсайы, тоты реңдi киiмi бар. Қысқа ғана қою қара мұртының арасында жiпсiген тер көрiнедi. Нұрлы жүзi, үлкен көзi, ұялы аясымен Үмiтей жүзiне табына қарап қапты. Жан бiткенге бұрылмай қадалып қалған. Әнiн бiр Үмiтейдiң өзiне бағыстайды. Қыз аппақ тiсiн аша түскен. Қуана күлген күлкiлi ерiндерi қып-қызыл қалпында, сәл дiрiл қағады. Қасы мен көзiн Әмiрдiң жүзiне қиғаштай бұрып, ол да жүз аудармай, балқып келедi.
Екеуiнiң бiрiне-бiрi жан бергендей, ден қойған қазiргi сәтiнде ендi бар қозғалысқа мұршалары болса, ол үнсiз қатып сүйiсiп қалу болғандай. Ең алғашқы асықтық құшағының, ес дәрмендi ап кетер, ең бiрiншi ыстық сүйiсi ғана боларлықтай.
Ербол бұл екеуiн сырттарынан көзбен бағып, ұзатып тұр.
Абай да осы Ербол сезгендi шолып қалса керек. Басында қызыға қарап тұрған қалпынан тез жалт бұрылып, салдар тобына сырт бердi. Ерболды, Баймағамбеттi тастап, анталаған тығыз топтың арасымен сығылысып кейiн жүрiп кеттi.
Бiрақ жаяу тұрған топ пен ат үстiнде тұрғандардың қабағын танып келедi. Бәрiнiң аузында таңдану сөздер бар. Сол сөздер Абай құлағына қайта-қайта ұрып тұрғандай шолақ-шолақ, үзiк-үзiк естiледi.
– Әмiр мен Үмiтей қайтедi? – деп бiр қартаң әйел қасындағы ерiне сөз тастады.
– Мынау Көкшенiң тойы емес, Әмiр мен Үмiтей тойы ма? Бұл не өзi!? – деп бiр бурыл сақал жiгiтек сөйлеп тұр.
– Арманды асықтардай ғой! – деген бiр үндi сыртынан естiдi.
– Ынтық болсаң осындай боларсың!
– Тыйыла алмай-ақ қойған екен!
– Қайтсiн жасыруға болмаған соң? Жалын деген содағы! Күнi өтiп барады ғой бақырлардың! – деп арттағы, ат үстiндегi бiр Әнет сыбырлайды. Әлдебiр сыр айтып тұр.
Абай Әмiр мен Үмiтей үшiн мына жұрт өсегiнен қысылып кеттi. Үмiтейдiң күйеуiн ойлап қысылды. Ол осылармен құрбы, өзi беделдi, Абайға да қадiрлi жiгiт. Сол бiр жаманат естiсе, мыналарға да, өзiне де ауыр болады-ау деп қысылу үстiне ұялып та барады.
Абай осы бетiнде тойды да, қызықты да, қалың елдiң күйеулер үйiн қамалаған топтарын да тастады. Ас iшiп болған тойшылар ту көтерiп, тегiс атқа мiнiп, ендi дағдылы ат үстi қызуға беттедi. Жосыла шабысып, айқыш-ұйқыш жорта бастаған. Абай елеусiз кеп, атын тауып мiндi де, жапа-жалғыз, жортып жүрiп кеттi.
Көз алдына шын ашық, ынтызар жүздерi. Сан кiтаптан өзi оқыған, әмiр-құдiрет, тағдырдан да астам, сиқырлы қуат отын көредi. Жаңағы асқақ сұлу, серi қыз, сал жiгiт жүзiнде сәулеленiп тұрған ынтызар нұрын ойлайды. Көз жұмулы, көңiл мастай. Абай қай ауылға, қай бетке келе жатқанын аңғармайды. Бiр ырғақ тауып, күйге шомып кетедi. Бұны ақылына көнбейтiн жас жүректiң, соншалық шыншыл, өзiмшiл ырғағы келедi. Шыншыл сөз ақырын күңiренген әнге өз-өзiнен оралып кеттi
...Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл... –
деген қыңыр туған бiр шумақты қоя алмайды. Өзiн-өзi тыя алмай, қайталап үн салып, ұзақ күнге жұрттан аулақ кетiп қалды.
Есқожа аулының, тойы алғашқы күн той болғанмен, келесi күндер той иесi Есқожаға да, көп Көкшеге де, қала берсе, оқшау жатқан Құнанбайға да сауық емес, сергелдең болып тидi.
Әмiр келiп, Үмiтейдiң құшағында кестелi отауға кiргеннен бастап, той Дүтбай мен Үмiтей тойы болмай қалды. Асқақ серi, әншi Әмiрдiң қызығы боп кеттi. "Менi өзiң ұзат, әнiңмен ұзат, қасымда бол деп, оны шақырып алған Үмiтей өзi екен" деген сыбыс шықты. Одан берi, салдар келе бергенде Абай құлағы шалған, жұрт аузындағы жорамал сол сәтте барлық қан жайлауды, жел күнгi өрт жалынындай сумаңдап аралады.
Бұл тойға тек Ырғызбай, Олжай ғана емес, көп ру ел жиылған-ды. Ел бауырға түсiп, күзекке қонысқанда мынау Ойқұдықта: Ырғызбай, Қарабатыр, Әнет отырса; Ералыда: қалың Жiгiтек, Мамай, Бөкеншi бар-ды. Тойға олар ғана емес, қонысы жақын болғандықтан Үмiтейдiң қайыны Көкшеден де ат қосуға, балуан күрестiруге, көкпар тартысуға көп ел келген. Ойқұдықтан төбесi көрiнiп тұрған Шолақтерек, Бозамбай-құдығы, Аққұдық – Көкше қоныстары.
Осы елдiң барлығы Үмiтей мен Әмiр сыбысын көп аузындағы көп күндiк жаманатқа айналдырып әкеттi. Ырғызбайдан ыза көрiп жүрген кей жандар: "Әмiрдiң iсi арқылы, Ырғызбай Көкшеге айыпты болса екен" деп те бағып жүр.
Үш күн өттi. Күндiз-түн күйеу үйлерiнде ән-думан бәсеңсiген жоқ, айықпады. Бұл күндер Үмiтей мен Әмiр бiр сәтке айрылысқан жоқ. Осылардың қасында талайдан түйiлiп қалған әнiмен, үш күн, үш түн бойы Әйгерiм әндеттi. Қапастан құтылған құмыр бұлбұлдай сайрады. Қыз күйеуi Дүтбай, Көкшенiң намыскер, естi, сөздi жасының бiрi едi. Ел iсiнде iрiлеп келе жатқан жас жiгiт, мынау күндерде өз басына түскен шарасыздықты ауыр азаптай аңғарды.
Ең алғаш жорамал жасаған күйеу жолдастарын өзi тоқтатып, тыйып көрiп едi. Сүйтiп тұрып, Үмiтейге: "Салдардан сейiлiп, өзiмiз болсақ қайтедi!" деген тiлегiн салмақты жүзбен айтып көрiп едi.
Өзi Үмiтейдi iшiнен қатты қуанышпен ұнататын. "Тобықты қызының ақ маралын, ең артығын алдым" деп мақтан ететiн, Үмiтейдi кiнәлай алмай, құштар боп, қатты сүюден өзi де бiр сәт қайтып көрген емес-тi.
Бiрақ жаңағы мәслихатын Үмiтей қабыл алмады. "Менiң ел-жұртыммен арыздасып айрылар, соңғы бiр хош-хошым ғой. Қиналсаң да, арызым болсын, осы сәл дәурендi маған қи!" деген. Үмiтей айтса, әсiресе осылай қиылып айтса, көндiрмей қоймайды.
Дүтбай жас та болса, адам мiнезiн жете танығыш, көңiлi жүйрiк жiгiт. Және өз бойын ұстап, бiр соққы пәленi қайсарлықпен көтерiп кетер қайраты бар жiгiт. Ол осы кездерде Көкшедегi Қаратай бауырынан шыққан жас атқамiнердiң ең елеулiсi боп қалған-ды. Тәкежан, Асылбектер қатарлы, Көкшенiң бiр қыдыру сөзiн осы ұстайтын болған.
Үмiтей айтқан соң салдарды Дүтбай сүймесе де, шыдап қалды. Бiрақ ол шыдам үш күннен арыға бара алмады. Бару мүмкiн де емес едi. Көп аузында жүрген жыбыр өсек күйеу жолдастарын түгел тулатып болған-ды. Сол Үмiтей мен Әмiрдiң құпия деген сыры Дүтбайдың өз көзiне де шалынды. Бұл үшiншi күннiң таң алдында болған сәтсiз, қиракезiк бiр шақ едi.
Боз үйлер арасында Үмiтейдiң қара шапанын бастарына жамылып, Әмiр мен Үмiтей құшақтасып тұр екен. Көздерiнен жас төгiп жылап сүйiсiп тұрғанда, шапанды өз қолымен екеуiнiң басынан сыпырып алып, Дүтбай көздерiндегi жасты көрдi.
Күйеу сол арада барлық жолдастарына әмiр етiп, далада өрiсте жүрген жылқыдан аттарын тегiс алдырды. Тiптi бас құда, кәрi құдағиға да түгел әмiр еттi. "Қазiр аттан. Қара су ауыз тиместен тегiс аттан!" деген. Томырылып отырып, қайтпас бұйрық еттi.
Күйеулер бар жолдастарымен сол күнi, күн шыға Есқожа аулын тастап атқа қонды. Бұл ауыл үшiн де ұзатылғалы отырған қыз үшiн де өлiм едi. Алғалы отырған қызды күйеу талақ еткендей, тастап кеткен сияқты.
Есқожа өз аулындағы бар үлкендермен келiп, құданың үлкенi Жанатайға жабысты:
– Пәленi ұлғайтпа! Келiн келердiң алдында өзiмiз бұрын аттандық деп бара көрiңдер. Ел болмай кетiсемiз бе? Келiндерiңдi ел тұра сала отауын жығып, мұндағы ата-енесi боп өзiмiз көшiрiп жеткiземiз, – дедi.
Айтқандай, Көкшелер кетiсiмен, осы күнi сәскеде, отауы жығылып, Үмiтей ұзатылды. Қызығы мен бақытының туы құлап, оты сөнiп, әлдеқайдағы бiр зарлы жоқтаумен күңiренiп Әмiр кеттi.
Әйгерiм ауылға сол жанжал болатын күннен сәл бұрын кешке жақын қайтқан-ды. Үш күн бойы, көптен көрмеген сауығына қайтқан, әнiн тапқан жас өнерпаз әйел осы күндерiн талайдан сағынған арманды күндей рахаттаған екен. Кеш бата, өз үйiнiң сыртына кеп, пар ат жеккен жеңiл арбадан түскенде, Абай мен Ербол тыста тұр едi.
Әйгерiмнiң ағы ақ, қызылы қызыл боп, өзгеше құлпырғандай. Бұрынғы бiр Абаймен ыстық шағындағы, сауық-сайран салған, шексiз ән сызылтқан күндерiндей көрiктi екен. Қасындағы Злиханы киiм-кешектерiмен үйге жiберiп, өзi әдеттегi сыпайы, биязы қозғалысымен Абайлар қасына кеп, ауыл амандығын сұрады. Абай Әйгерiмнiң жүзiне таңдана, қызығып қарағандай. Келiншегiн оқшау әзiлмен қарсы алды:
– Ербол, Әйгерiмнiң жүзiне қарашы, талайдан сағынған әндерiн еркiн шырқап, құлпырып қалған ба, немене?!
Ербол қоса сүйсiнiп:
– Бәсе, алғашқы ақша қарға аунап жортқан қызыл түлкiдей, жүнi құлпырып қапты ғой өзiнiң! – деп, Әйгерiмнiң өзiн де күлдiрдi.
– Әнiмен өзi болсын дегендерiңiз ғой. Тастап кетiп, әдейi алдымнан сынайын деп тосып тұр екенсiздер ғой! – дедi.
Абай кiнәламақшы емес.
– Мiн тағайық деп тұрғамыз жоқ, жарықтығым, сүйсiне қарап тұрмыз! Ән сiлтеп, бой көтерiп қайтыпсың. Ажарың көз қуантады. Желдi күнi құсқа салған бабындағы қаршыға аспандап ұзап ұшып, көк жүзiнде ойнақ салып қайтқанда, қандай болушы едi? Аспан азаттығын көп сағынып сәл уақытқа бiр татқанын ұмыта алмай, жалтақ тартушы едi. Әйгерiм сол әлпетте болды ма? Өз жынысын жаңа тауып қайтқандай көрiнедi көзiме. Шыны сол емес пе? Өзiң айтшы, Әйгерiм! – дедi.
Үшеуi де, бұл сияқты ойда жоқтан айтылған оқшау бiр теңеуге күлiсiп тұрса да, Әйгерiм қысылыңқырап қалды. Қызарған жүзiнен сыпайы күлкiсiн тыймай тұрып, Абай сөздерiне наразылықтай, қарсылық айтты.
– Сiзден iрiккен әнiм бар ма едi? Ненi аяп ек? Бiреуiң "түлкi" деп, бiреуiң "қаршыға" деп әзiлдеп кеттiңiз, азат құс па? Сыннан шықпаған, мiнi бiтпес, мұңды ма? Кiм бiлсiн! – дедi де, өңi өзгере барып, қабағына кейiс алған бойынша, үйiне кеттi.
Үмiтей ұзатылатын күнi Есқожа аулында болған ұятты уақиға оңай айықпады.
Қалыңдық Көкшелер кетiсiмен ұзатылып, Ойқұдықтағы ауылдан кеткенде, бұлардан бөлек жаққа, жоқтау әнiн күңiрентiп кеткен Әмiрдiң тобы Үмiтей сұлудан күдер үзе алмады. Елдiң сөзiн елейтiн Әмiр емес, оның бүгiнгi зары, айрылу зары әсiресе елетер емес. Есқожа аулынан былай шығып алып, бар салдар иiрiлiп тұрысқанда, ортасында атының жалын құшып бүгiлiп егiлген Әмiрдi көрiп, Үмiтейдi жалғыз жiбермеске байлаған.
– Оны Көкшеге құдалық қосса, менi құдай құдiретi қосқан. Жастығым, желiгiм емес. Тағдырдың өзi жазған жалыным. Үмiтейсiз күнiм жоқ, тiрлiгiм жоқ. Тарт аттың басын Көкшеге қарай! Қуып жет Үмiтейдiң көшiн, – деп Әмiр өзi бар досына бұйрық еткен.
Әмiрдiң достарының iшiнде жас әншi, ақын серiнiң бiрi, қызыл шырайлы, қой көздi сұлу жiгiт Мұхаметжан болатын. Сол Мұхаметжан Әмiр мен Үмiтейдiң айрылу зарын өзге жiгiттердiң бәрiнен артық мұң етiп жүр едi. Ендi Әмiр жаңағыдай шұғыл қайратпен өзгерген шақта, ол сүйсiнiп, күлiп шалқып кеттi.
– Уай, ендеше осы сәттiң бiр әнiн былай соқшы, жiгiттер! Тыңдашы бермен! – деп мөлдiр үнмен ән шырқап жiбердi.
Бұның әнiндегi ең әсерлi жаңалық – сөзi. Осы арада туған. Әмiр атынан айтылған сөз:
Серінің серменуге көңілі аянды,
Ойладым бастайын деп бір соянды.
Кетті ғой сәулем алыс, жолдастарым,
Айдашы қамыс құлақ боз қоянды! –
деген едi.
Бар салдар бастығы Әмiр болып, осы өлеңдi айта жөнелдi.
Өңшең аппақ қылаң мiнген, қызыл-жасыл киiм киген ойнақы топ бет бұрды. Күншығыс жақта, қарауыта көкшiлденiп, ұзақ сар жазықтың шексiз шетiн көмкере түсiп жатқан жұмыр жотаға қарай тартып барады.
Үмiтей көшi жасаулы, сәндi отаудың көшi, он шақты түйеге жүк артқан және көп аттылы еркек-әйел қоршаған көш. Сары жазықта асыға шапқан салдар Шолақтеректi бетке алып бара жатқан қалың шоғырды лезде көрдi. Жарыс салып отырып, ат басын iрiкпестен кеп, Көкше қонысына тақай бере көштi қуып жеттi.
Үмiтей күйеудiң бүлiнiп аттанып кеткенiн бiлсе де, ығысқан жоқ-ты. Өз аулында ешкiмнен қымсынбастан Әмiрмен ұзақ құшақтасып, жылап көрiсiп айырылғанмен, әлi де ат үстiнде жасын тыймай егiлiп келе жатыр едi. Жаны қимас ынтызары, Әмiрi қалған жағына ұзақ жастан қызарған, нұрлы мұңды көзiн қайта-қайта тастап келе жатқан-ды. Арттарынан шапқындарды үлкендер алыстан аңғара алмады. Ескожа мен Ызғұтты бiрiне бiрi:
– Бұ не қылған шабыс?
– Қайдан шыққан топ? – дестi. Үмiтей сонда, өзiнiң сұлу жараған, жiбек жалды қара жорға атын бұрып, тұрып қалған. Келе жатқан топ Әмiр тобы екенiн жүрегi бұлжытпай таныған-ды. Әмiр қара жал, қара құйрық, құрым сары ат мiнген. Өзге ақбоз атты тобының алдында оқ бойы келдi. Үмiтейдiң қасына жеттi де, оны жылап құшақтап, ат үстiнде бауырына қысып, жасты көзiнен кезек сүйiп, еңiреп тұрып алды.
Артқы топ, осылар қасына кеп, орала қоршады. Екi ғашыққа аттылы сәндерiмен отау тiккендей болды. Орталарына алып, кең қоршап тұрып қалып, сонада Бiржан қалдырған қоштасу, арыздасу әнi – "Қозыкөштi" бастады. Қоңырлатып, қосыла айтып, ойда жоқ бiр мұңды сән туғызды
Е-е-й! Боз бала-ай!
Өтті-ау, заман-ай,
Қош бол, аман! –
деп қайырады.
Әмiр мен Үмiтей онан сайын егiле түсiп, қоштасқандай. Айрылыса алмай, бiрiне бiрi жабыса түсiп, қатты құшақтасады. Осы кезде бұлар қасына, көштен iлгерiлеп кеткен Есқожа мен Ызғұтты қатты жортып, екпiндеп келдi. Екi жастың сыртқы қоршауы болған, аттылы салдар қатарын кие жарып, ортаға кiрдi де, екеуi де ақырып жiбердi.
– Болды! Жеттi! Жеттiң түге жетерiңе!
– Тоқта, тыйыл ендi, Әмiр! Қайт қазiр, қоштасып болдың! – дестi. Соңғы бұйрықты аса бiр ашулы жүзбен Ызғұтты айтты да, қара жорға атты сулығынан алып, жетелеп тарта бердi.
Әмiрдiң қасынан амалсыз сытыла берген Үмiтей:
– Қалма, жаным Әмiр! Апарып сал! Өз қолыңнан апарып сал менi, алдымнан тосқан азап отына! Елiм-жұртым салған отыма! Жүр түге бәрiң де! – дедi. Көзiнiң жасын тыйып жiберiп, өңi көкшiл тартып, ашулы қайрат жиып, бар салдарға жағалай қарап, бұйрық тастады.
– Көрермiн әуеселесiн. Көлденеңдеп көрсiн сенiң алдыңнан! – дедi.
Артын ала келе жатқан сары аттың сулығынан өзi жетектеп жiбердi. Сол-ақ екен, Әмiр тебiнiп кеп қатарына жетiп, қынай белiнен құшақтай қысып маңдайынан сүйдi.
– Айналайын, толған айым! Сен айым батқанша менiң демiм бiтсiн. Алдыңда алсын мен бейбақты. Ердiм, тартыңдар! – дедi. Есқожа мен Ызғұттының ызғарын, зекулерiн елемедi.
Шолақтеректi өрлей, құлдай қонған қалың ауылдар – Алатай, Қаратай ауылдары едi, соған тартты. Үмiтейдi барлық сәндi сал тобы боп, қоршап, әлем жүзiнiң ең қадiрлi гауhарындай етiп, алып келдi. Үлкендер, бас құдалар алдын ала, бөлек кеттi. Салдар Үмiтейге ерген қыз-келiншектердiң тобын толтырып, қасынан бiр елi айрылысқан жоқ.
Алатайдың үлкен үйiнiң жанына бұрын барып тiгiлген Үмiтейдiң сегiз қанат отауына жас келiн жеттi. Алдынан созылған шымылдық бар. Соның артында келiн жаяулап келгенде, қасында Әмiр, Байтас, екi жағынан сүйемелеп отырып бiрге кеп кiрдi. Бұрынғы еркiн сәндерiмен, өз әдеттерiнен жаңылмай, өзгермей кеп кiрдi.
Шолақтеректегi ел бұл келiске сұмдықтай қарады. Осы ауылдардың аталық, елдiк абыройын таптағандай көрдi. Түршiгiп қарсы алып едi. Бiрақ, сырттағы ел наразылығы Үмiтей отауына белгi берiп, босағасынан аттап кiре алмады. Көкшенiң қызық күткен қыз-қырқыны, жас-желеңi, ауыл иесi бәйбiшелерi, Үмiтейдiң сәукелелi бойына шашуларын шашып, игiлiк тiлекпен қабыл етiп жатты.
Үмiтейдi елге масқара еткiзбей, осылай қып қабыл алғызып отырған Көкшенiң үлкендерi емес. Ауыл иесi, келiн атасы Алатай да емес. Ендi кiсiге ақыл салмай, өздiгiмен қатты байлау еткен, шыдап бекiнген, қайратты күйеу Дүтбайдың өзi болатын.
Бiрақ дәл осы кештiң өзiнде Дүтбай қонақтардың күтiмiн естi, қайратты анасына тапсырып, өзi атқа мiнген. Сол кеште, Көкшенiң қарт қариясы және Дүтбайдың жақын ағасы, Қаратайдiкiне келген.
Үйдi оңашалап, кәрi ағасын жалғыз отырып, Дүтбай Әмiрден көрген өз қорлығын түгел айтқан.
– Құнанбайға барып, мынау бар пәле мен дерттiң бәрiн өз аузыңмен жеткiз. Тыйғыз мынау бүлiгiн. Болмаса, ойран болды, талқан боп бүлiндi десiн, Көкше мен Ырғызбай арасы! – деген-дi.
Қаратай өзi Көкше болғалы өз өмiрiнде Тобықтының жуан Олжайға дәл мына жастай, қарсы қайрат атып, ұмтылып тұрған Көкше жасын көрген жоқ едi. Ақ жүздi, кең маңдай, сарғыш көздi, зор денелi, келбеттi жас Дүтбай қазiрде Қаратай көзiне жалынға түсер сұңқардай. Ру, ұран намысы, кәрi атқамiнердiң ойын неше саққа жүгiрттi. Ол мына жiгiттiң күйiк үстiндегi сабырын көрiп, сабыр мен ақылы қосылған қайратты ызасын көрiп, үлкен сүйiнiш еттi. Iшiнен:" ендiгi Көкшенiң менен соңғы артына ие болар ұл туса, сен боларсың!" дегендей болды.
Ыза сұмдық көрген жиренiш Қаратайдың да кәрi көңiлiне қатты орнаған болатын. Дүтбайды тыңдап болып, оның жүзiне ажырая қарап аз ойланып отырды да:
– Әпкел, атымды әкпелгiз! Тұр! Қасыма бес кiсi ерт! Қазiр жетем Құнанбайға! – дедi.
Осы түнде, ел жатар шақта, Ойқұдықтағы Ырғызбайдың көп аулынан бөлiнiп кетiп, қорықта жалғыз ауыл отырған Нұрғаным аулына Қаратайлар жеттi. Қорықтық бұл тұсында Нұрғаным мен өзi үшiн Құнанбай да қора салғызып жатқан. Көктемде Оспанның су алғызбаған, озбыр сотқарлығын бiр көрген Нұрғаным жаз бойы Құнанбайға өтiнiш еткен. Осы қорықта екеуiне арнап оңаша, оқшау қора салғызып алып, өзге күндестерден және олардың ер жеткен, содыр ұлдарынан осылайша аулақта болуды тiлек еткен едi.
Құнанбай өзiнiң кәрiлiк оңашалығында осындай бiр орынды өзi де көксейтiн. Сонымен ел бауырға түсерде жиi көшiп, Қорыққа ерте жетiп, көп жiгiттiң күшiмен аз уақыттың iшiнде Нұрғанымға арналған кiшiлеу жаңа қыстау, қора-жай салғызып алған-ды. Қазiр сол қорасының жанында, жылы орынға ықтай түсiп, кәрi қажы өзiнiң өлiмдей жым-жырт тыныштығында болатын.
Көпшiлiгi жатып қалған ауылдың иттерiн шулатып келген аттылы топты, әлi шамын өшiрмей отырған Құнанбай мен Нұрғаным "шет ел адамы!" екен деп қалды.
Болмаса, бұл өңiрдегi ағайын ортасы түн түгiл күндiз де Құнанбайдың шымылдық түсiрiп, сары аурудай сарылған оқшау мекенiне келмейтұғын. Ол келген адамды құса қылардай iш пыстыратын.
Үйге Қаратай бастаған Көкшелер кiргенде, Құнанбайдың аяқ жағында шымылдықтан денесiнiң жарымын сыртқа шығарып отырған Нұрғаным шымылдық iшiне салмақпен бет бұрды. Құнанбайға ақырын дауыспен:
– Келген Қаратай! – дедi.
Биiк салынған көп жастыққа арқасын сүйеп, басын төмен салып, тәсбих тартып отырған Құнанбай бұрылып қалды. Қасын серпе көтерiп, басын шалқайтып, тiк қарап жiбердi. Осының алдында, сәт бұрын қалың тәубеге, мiнажатқа кiрiп отырған жүзiн бiр-ақ сiлкiп тастағандай. Қонақтар төрге кеп отырар-отырмаста, күнi бойы түсiрулi тұрған шымылдықты өз қолымен жұлқа серпiп, шалқитып ашып жiбердi. Сәлем-аманға келген жоқ. Көптен оты өшкен, реңi де өзгерiп, қоңыр сұр тартқан жалғыз көзiн бiр шоқ оттай жалт еткiзiп, Қаратайдың жүзiне оқтай қадап қалды.
Тұрғыласының жүзiне уайымды, сызды көз тастаған Қаратай соңғы он жылдар бойында оның бұндай қатуланғанын бiлген емес. Ұйықтап жатқан қарт жыртқыштың үстiне Қаратай өзi құлап түсiп, дүр сiлкiнтiп оятқандай. Көп жылдар ұйықтап қалған ашуын, зәрiн өзi тұтатып алғандай сездi.
Төсектен төменiрек жерде жанған тас шамның сәулесi шарасынан шатынап шығып тұрған жалғыз көзге түскенде, қызғылт елес құбыла жанып тұр. Бұл көзде үрку жоқ. Пәленi бiлген, алысуды тосқан, қорғануға әзiр, түгiн сыртына атқан, қайсар ашу тұр.
Құнанбай мына мезгiлсiз келiстiң себебiн де сезiп, iштей өрекпiп отыр. Кеше Есқожаның тойынан қайтқан Айғыз осында келiп, күйеуiне бiр шағым арыз айтып кеткен. Есқожа Қарабатыр iшiнде Айғызға төркiн едi. Үмiтей болса, бұған сiңлi есептi. Айғыз сол өз төркiнiнiң тойынан ашуланып аттанды. Кетерiнде Есқожаға ызаланып: – Салдарды неге тыймадың, жын ойнағын неге жасаттың деп кiнәлаған. Есқожа сонда Құнанбайға Айғыздың айтып баруын сұрап, солар туралы көп қатты сөз айтқан және Құнанбай баласы болғандықтан, Әмiрдi өзiнiң қуа алмай, тыя алмай отырғанын шаққан.
– Әнiң мен сәнiң құрғыр өңшең. Сал емес, бұл маған келген ажал! – деген. Өмiрiнде әнге, өлеңге бiрде-бiр сүйсiнiп көрмеген бiтеу кеуде, надан бай жастар өнерiнiң бәрiн елге келген пәле деп айтқан.
Айғыз осы сөздердi осы қалпынан бұлжытпай айтып, Құнанбайға өзi де қатты жамандап келген. "Тыйым салатын кiсi жоқ деп жүр бұлар. Өзiң жоқта да өстiп аулымызды таптап, төбемiзге ойнап болған түге. Жын ойнағына айналды ғой бұл ел, сенiң көзiң жұмылмай-ақ!"– деп сызданып отырып, көп кейiс тастап кеткен едi.
Сол Айғыздың сөздерiн қажы ендi есiне алған. Құнанбайдың жалғыз көзi Қаратайға қадалды. Келер сәтте, ар жағындағы Дүтбайдың әкесi Алатайды, одан әрi отырған Көкшенiң үлкен байы Бозанбайды жағалап, шолып, барлап өттi. Бұлардан арғы үшеу мынау үш басты Көкшенiң қосар жiгiттерi тәрiздi. Оларға көз жiберген жоқ.
Исi Көкше боп Құнанбаймен тiлдесуге келген. Түнделетiп, түс шайысып, қабақ қатып. Келген келiстерi Тобықты ортасына түскен шектен асқан пәленiң жүрiсi. Ажал мен қазаның келiсi. Өзi серпiп ашқан шымылдықты үлкен шеңгелмен уыстай бүрiп отырып, Құнанбай Қаратайға алғаш үн қатты.
– Қандай дауыл қуып келдi сенi? Қай қазаны әкелдiң? Айт шапшаң! – дедi.
Үлкен ыза бойын буып келген Қаратай, Құнанбайға аса бiр салқын зiлмен сөйледi.
Қимыл еткен қабақтан жер танысып, жай ұғысатын екеуi, бұл түнде, мынадай зауал түнде, аясатындай боп кездесiп отырған жоқ. Құнанбай көзi жаңағыдай от шашып бұған қадалғанда: – "Қаратай аямас бiр пәлемен келдi" деп ұғынды. "Аяйтын кiсi бүйтiп жүрмес болар".
Қажының осы ойын Қаратай да лезде шолған. Бағана ымыртта, өзiн ыршытқан зiл қара тас салмағын Құнанбайға да суық ызғармен, бар күшiмен тастай салды.
Үмiтей, Әмiр, Дүтбай үшеуiнiң арасында жүрген ортақ әлектi Қаратай iрiкпей айтып шықты.
– Арада, "салдық" деген "әуейiлiк, ыбылыс, жын" шықты, – деп айтты. Оны азған заман әзәзiлдiгiндей, сұмдық нышанындай етiп, айрықша бiр түйiп өттi. – Бәле осы өңiрдегi барлық елге мәлiм болып отыр, – деп айтты. Бадырайып тұрған масқаралық, өз атын ән дептi, өнер дептi. Бар жасты қызықтырып, елiктiрiп барады. Қызыл-жасыл киiнiптi. Бұлаңдап, үкi тағынып, бұралып ән шырқап, төрiмде тайтаңдап жүр, – дейдi. Зәрлi, қысқа хабарымен, дауын аяқтата кеп:
– Өз төбемде ойнақтаса көтерер ем, әуруағымның көрiнде, соның төбесiне кеп тайтаңдап ойнақ салды. Сенi мен менiң өлер күнiмiзде, бетке таңба түстi. Сенi аяғанмен, айтпай тына алмадым. Өзгенiң кiмiне айтушем мұны! Қай итiне шағушем? Құбылған заманның, қай қу шолағын қуат-медеу көрермiн! Сал мынау желiккендерге тыйымыңды. Өзiме де, оған да кесiгiңдi өзiң айт! – дедi.
Сөйлер сөз жоқ. Аздан соң, Құнанбай бұйрығы бойынша, Нұрғаным қонақтарды ұранқайға алып кеттi. Сонда сыйлады. Құнанбай өзi аулындағы көп жiгiттiң iшiнен Нұрғаным бауыры Кенжеқанды шақыртып алып, тығыз бұйрық еттi.
– Қос атқа мiнiп, қазiр шапқылап отырып, Шолақтеректе Алатай аулында жатқан Ызғұттыға бұйрық жеткiз! Әмiрдi алсын да, жетектеп отырып, күн шықпай алдыма әкеп жеткiзсiн! Келмес болса, қол-аяғын байлап тұрып, дүрелеп отырып жеткiзсiн! – деген.
Бет пiшiнi Нұрғанымша нұрлы, қызғылт, дөңгелек келген балғын денелi Кенжеқан әрi балуан, әрi жау түсiргiш ер болатын. Ол Құнанбай ашуын өз iшiне бар ынта, бейiлiмен сiңiрiп тұрғандай.
Серпулi шымылдықты алғаш бүрген қалпында уыстап ұстап отырып қалған Құнанбай бұл түндi кiрпiк iлместен, қыбыр етiп қозғалмастан өткiздi. Жаны жоқ, тас мүсiн тәрiздi. Бұл күнде қалың терең көлеңке түскен ажымдары кәрi зәрдi, қайнар ашуды тас қабаққа түйiп апты.
Таң аппақ атқан едi. Күздiң күнi, ұзақ сұр дала мен құла тартқан, адырлардың үстiне, қып-қызыл шапақ атты. Қанды сәуле шашқандай. Осы шақта, кәрлi шалдың үйiне Ызғұтты мен Әмiр кеп кiрдi. Жас жiгiттiң өңi құп-қу боп ағарған, жағы солып, екi ұрты көлеңкеленiп тұр екен.
Құнанбай өз немересiн көптен көрген жоқ едi. Үнсiз түйiлiп, қос қолын Әмiрге қарай созып: – Алдыма кел! – дегендей қатты белгi еттi.
Әмiр үлкен әкесiнiң алдына тымағы мен қамшысын тастап, жүгiне кеп отыра бергенде, түн бойы шымылдықты бүрiп отырған салалы суық, сiңiрлi саусақтар жас жiгiттiң алқымынан, жаланаш мойнынан сығымдап қысып алды. Қарт қолы әлi де кәрi жыртқыш тегеурiнiндей күштi екен. Темiр құрсаудай сығымдап ап кеп, буындырып, өзiне қарай сiлке қысып, қинағанда, босатар емес, аз уақытта жiгiт тынысы бiтiп, көгерiп талықсып кеттi. Сонда да құрсау шеңгел жұмсар емес. Ендi буынғаннан үзiлiп бара жатқан жiгiт қырылдап барып, талып кеттi. Қарт алдына шалқасынан сұлқ жығылды. Құнанбай тiзерлеп алып, әлi қылғындырып, ендi сәт болса, үнiн өшiрiп, өлтiрiп тындырғандай.
– Не болды? Өз нәсiлiң едi ғой, ит те болса! – деп Ызғұтты ұмтылып келiп қалып едi. Құнанбайдың жалғыз көзiн қан жауып алыпты. Отты жиренiшпен жалт етiп қарағанда, Ызғұтты шошынып барып кейiн шегiндi.
Оның жасқанып қалғанын көрген және Әмiрдiң қарт шеңгелiнде ендi бiр сәт болса өлетiнiн аңғарған Нұрғаным, жан ұшырып кеп, Әмiрдiң қасына құлап, Құнанбайдың екi қолынан шап етiп ұстай алды.
– Қажы, жарықтық, сiзге не болды? Кеш, кешшi, айналайын жарықтығым! – деп өзiнiң қайратты жотасымен, Құнанбайдың қос қолын Әмiрдiң тамағынан қатты итерiп, үзiп, айырып жiберiп едi.
Құнанбай жүгiнiп отырған сол аяғын жаза берiп, Нұрғанымды кеудеге теуiп жiбердi. Жүректен тиген қатты тепкiден Нұрғаным талықсып барып, сылқ құлап түстi.
Дәл осы кезде киiз есiктi жұлқып ашып, Абай кiрiп келген едi. Нұрғанымның Әмiрге болысып жаза шеккенiн көрдi. Құнанбай жас жiгiттi шеңгелiнен босатпаған күйде тағы қатты буындыра жөнелiп едi. Абай есiктен төрге қарай бiр-ақ аттап ырғып түсе бере:
– Тоқтат! – деп, саңқ еттi.
Әкесiнiң қан басқан көзi бұған жалт бұрылғанша, қатты серпiнмен Құнанбай қолын қағып жiберiп, Әмiрдi өлiм шеңгелiнен бiр-ақ жұлып, сүйреп алды.
– Арам! – деп, Құнанбай ақырды.
– Өлтiртпеймiн! – деп Абай да қарсы, қатты ақырып жiбердi.
Ендi екi долы көздер бiр-бiрiне тiп-тiк қадалыпты. Жұлқысардай қарасып қапты. Абай көзi тайған да, жiбiген де жоқ. Әкеге түк кешiрiм, кiшiлiк жоқ. Жиренiштi ызасын оқтай қып, суық атып тұр. Қанжар сермегендей сөз қатты. Айғайлап, шапшаң сөйлеп, суырыла жөнелдi.
– Аузыңда алла, шеңгелiңде қан! Тағы қан! Бұларды шариғат та қосады. Бiр кезек сол шариғат жолы деп, бiр нахақ қан төгiп ең...
Абайдың он үш жасында жүрегiне оқ боп тиген Қодар өлiмi қазiр ғана болған әке қылмысындай, көз алдына сап етiп кеп едi.
– Ендi шариғатқа қарсы тағы да өлiм жұмсадың ба? Үнсiз, сопысып жатқаның құлшылық емес, сұмдық үшiн, осындай сұмдық жыртқыштық үшiн бе едi? – деп қайнап тұр. Бiр жағынан жазаны тоқтатам десе, тағы бiрден өкiм, қатал өкiм айтып тұр.
Құнанбайға жаңа ғана тiл бiттi.
– Шық! Жоғал көзiмнен, азғын!
– Шықпаймын!
– Аздырарсың, сен бе! Аздырарсың! Сенен, бәрi сенен!
– Болсын солай! Менен! Неге өлмейсiң тынышыңмен сен! Заман сенiкi емес, менiкi! Нең бар?
– Ә-ә, солай дедiң бе... Жеттiң бе соған?! – деп Құнанбай Әмiр мен Абай екеуiне қатар бiр ғана шұғыл, қатал кек ойлады да, Абаймен ұрысты сәтте тыйып, сол ниетiне тез ауды.
Талып жатқан күйiнен есiн жаңа жиып, екi көзiн алартып ашып атасына жаңа қараған Әмiрге, Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр. Намаздағыдай мiнажат қимылын, суық тiлек қимылын жасады.а-әмiр мен Абайға қатар созды. Бұл – терiс батаның, қарғыс батаның белгiсi. Нұрғаным мен Ызғұтты екеуi екi жақтан ұлардай шулады.
– Иә, құдай қабыл етпе!
– Жаратқан, елең алма! Не сұмдық! Қарғыс айтқалы жатыр ғой, өз балаларына! – десiп үркiп үн салды. Бiрақ Құнанбай ендi оларды пәруәйiне де iлген жоқ .. Жүгiнiп алып, көлденең жатқан немересiнiң кеудесiнiң үстiне терiс батаның алақанын жайып тұр. Абайға да қатал қолдарын жиi нұсқайды.
– Қызарып атқан таңда, мынау зауал таңда... Айттым аталық қарғысымды. Менен туған арам қан, бедбәхiт нәсiлдерiм мынау екеуi. Жаратқан ием, я кәрiм алла, менiң қолымнан өлтiртпедiң. Бендең болған бар тiлегiм, ақ тiлегiм со болсын. Ал мынау екеуiн! Жiбер өзiңнiң ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрiн өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерiн, жоғалғырлардың! – деп қолының сыртымен терiс батасын етiп салды. Есiн ендi жиған немересi мен Абайға: – шық! Жоғал, жойыл көзiмнен! Ұрпағым екенiң шын болса, құрбан еттiм екеуiңдi. Садаға еттiм сен екi шiрiген жұмыртқаны, бар да өл! Тез өл! Жөнел! – дедi.
Абай мiз бақпай, әкеге жирене қарап тұр едi.
– Мейлiң, кеттiм, бiржола кеттiм сенен! – деп бiр-ақ кестi.
Құнанбай қарғысын айтты да, шымылдықты сiлке түсiрiп, бүктүсiп бауырына жастықты басты. Ернi жыбырлай күбiрлеп, тәсбихiне, тәубесiне ауысып кеттi.
Әмiр жатқан қалпынан қазiр ғана бас көтерiп тымағын, қамшысын қолына ұстап, жүгiнiп алды. Аз отырып, қыбырсыз тұрған шымылдыққа:
– Көпсiнгенiң тiрлiк болса, өзi берген құдай өзi алар. Бұйырар өлiмiңе бұйырдың ғой, бiрақ өкiнбеймiн. Отқа өртенсем де өкiнбеймiн! – дедi.
Абай бұны сүйеп тұрғызды да, ертiп алып кеттi.
Көкшеден Әмiрдi Ызғұтты алып жөнелгенде, Байтас Абайға кiсi шаптырған. Ол Әмiрдiң жолдасы Мырзағұл едi. Сол Абайды таң ата үркiтiп оятқан. Әке қаталдығын бiлетiн Абай, ауылда ат жоқ болған соң, Мырзағұлдың атын мiне сала, жалғыз шауып отырып, жеткенi жаңағы едi.
Достарыңызбен бөлісу: |