Абай жолы. 1 кітап



бет21/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Бүгiн Ақшоқыдағы ауылда қалың думан бар, ауыл әбiгерде. Кешкi шайдан соң Абай отырған үлкен бөлмеге, қонақтардан басқа, барлық ауыл адамдары да бiрi артынан бiрi кеп, лық толған едi. Бөлмеге сыймағандарды Әйгерiм, Ербол, Баймағамбет және Абайдың жас iнiсi Кәкiтай төртеуi меймандос жүзбен түкпiр үйге орналастырды. Ауыз үйге жайғасқан жастар да бар. Абайдың тату, сыйлас көршiлерi – шал Байторы, қартаң, Бүркiтбай, Байқадам сияқтылар қастарына кемпiрлерiн ертiп кеп, Абайдың өз жанына отырысқан. Даусы жiңiшке болса да, аса қатты шығатын Кәкiтай Әйгерiмге көмектесiп үш үйдегi жиынның бәрiне өзi шай жасатып бергiзген. Қай үйге барса да, ашық жарқын жүзiмен жиынды ырзалап, үлкеннiң бәрiне әдептi iнi болады. Жеңге құрбыларға әзiлқой, ақкөйлек, ашық қайын боп, Абай мәжiлiсiн бұл ауылдың барлық жанына еркiн, қызық мәжiлiс еткiсi келедi.
Кәкiтай – Абайдың Ысқақ деген iнiсiнiң баласы. Жасы Мағауиямен құрдас. Ол екеуi достық пен туысқандығы, құрбылығы қосылып, жан жүзiнде ең бiр тәттi, ыстық жақындар болатын.
Кәкiтай Мағауиядан қысы-жазы айрылыспайды. Соңғы екi жыл бойында ұдайы Абай аулында, соның өз тәрбиесiнде жүретiн. Кең, ашық жүздi шошақтау келген сұлу, өткiр көздi Кәкiтайдың мұрны шолақтау болса да, бетiнде бала-бозбалалық, уыз жастық бар. Жұқалау, қып-қызыл ерiндерi мiнсiз, кiнәсыз, тазалықпен тыныс алады. Қандай сұлу қызға бiтсе де, мiндi дегiзерлiк емес. Оның осындай айнадай ашық таза мөлдiр жүзбен шiңкiлдеп, қатты сөйлейтiн және бар шынымен үнемi ашық сөйлейтiн мiнездерiн Абай ерекше сүйедi. Өз балаларынан, тек Мағаш пен Әбiш болмаса, Кәкiтайды сонағұрлым артық көредi. Оның әке-шешелерiне жiбермейдi.
– Ысқақ пен Тектiден, Мәнiкеден не тәлiм алушең? Сенiң ата-анаң осында – өзiм боламын. Менiң бауырымда, қасымда өс, – дейдi. Аса мейiрленiп, Кәкiтайды көңiлдендiрiп отырады. Қалаға барып оқи алмаса да, соңғы екi жыл бойында. Кәкiтай Абайдың қасында отырып, орысша тiл үйренуге, жеңiл кiтаптар оқуға бар ынтасын салып жүр. Жазды күнi елге келген Әбiштен сол жаз бойы оқып қалған едi. Қалада, школда болған Мағауияның бiлгенiнен де көп пайдаланатын. Өзi Абайдың қасынан екi елi айрылмайды. Ат үстi жүрiсте, жай отырған мәжiлiсте, ас үстiнде, қысқасы, Абайдың қалт еткен бос кезiнде орыс тiлi жөнiнен, оқыған кiтаптар мәндерiнен үнемi сұранып, талмастан тiмтiнiп, түртiнумен болатын.
Сол Кәкiтай бүгiнгi Абай аулының қонақтарына да үлкен қызу, қызық желiк бiтiргендей. Қонақтардың жастары Абайдан кiшi болғанмен, қазiр Абай алдында Кәкiтайдың еркiндiгiн, ерке иелiгiн көрiп, сезiп отырып, өздерi де бүгiн Абайға бiр үйдiң iшiндей, жанаса, жақындай түскен сияқты. Бұл қонақтар бөтен емес. Абайдың iнi, достары, ақын, әншi, жас қауымы болатын.
Олар барлық тобымен бiрнеше ай Семейде жүрiп, жаңа қайтып келген. Бүгiн күн батар алдында Абай аулына көп шана, көп салт атпен асығып, сағынысып жеткен. Мұқа, Мағауия, Ырсай, Қысатай, Мұхаметжандар болатын.
Жастар келiп, шайға отырмастан бұрын-ақ Абай мен Әйгерiмнен, Ерболдан бүгiнгi кештi өздерiнше кең сауықпен өткiзуге рұхсат өтiнген. Топ атынан бұл жайды бiлдiрген Ысқақ.
– Абай аға, бiздiң осы тобымыз биылғы қыста Семей қаласында шетiмiзден әншi ақын боп атақ алып қайтпадық па!Атақты әншi мына Мұқа былай тұрсын. Қалада қыз ұзатылса, келiн түссе, сүндет тойы болса, ар жақ, бер жақтың барлық үйлерi осы бiздiң бiрде-бiрiмiздi қолға түсiрiп, өз мәжiлiстерiнiң шырайын ашуға сонша құштар болды! Тiптi қанымыз жерге тиген жоқ. Қалаңыздың алақанынан түскемiз жоқ деуге болады. Соның көптен-көп себебi – сiздiң әндерiңiз, әнмен айтқызған өлеңдерiңiз болды. Әсiресе, мына Мұхаметжан апарған "Татьяна-әнiне" тал бойы ұйымаған жиын көрмедiк. Сүйтiп мiне, аулыңызға осы кеп отырған iнi-бауырларың ән-өнердiң үлкен бiр думаны боп, тың өнер тауып кеп отыр. Бүгiн сол тобымызбен алдыңыздан өтейiк. Бiздiң сауығымызды көрiңiз! – деген-дi.
Абай Ысқақ сөздерiн күле отырып, сүйсiне тыңдады.
– Бiреуiңнiң өзiң бiр үйдiң думаны болсаң, бүгiн қауымың боп келгенде, Ақшоқыға қан базарды көшiрiп келдiк десеңшi! Сал! Салыңдар әнiң мен сауығыңды! – дедi. Содан кейiнгi сөзiн шай бастала берген кезде, үй iшi достарына қаратып айтқан.
– Әйгерiм, Кәкiтай, Ербол, Баймағамбет! Сен төртеуiң, ендеше, ауылдағы анау көршi-малшылар қорасындағы барлық үйлердiң шал-кемпiрлерiн, жас-желеңiн түгел жиып әкелiп, бұлардың ән-сауығын бiрге тыңдаңдар. Олардың көңiлi сергiп қалсын. Мына қонақтарың болса, Семейдiң қалың қала, мол жиындарында бәйгеге түсiп, төселiп келгендер, маңдайы ашылғандар көрiнедi. Алқыны зор емес пе! Бiздiң төртеу ғана боп тыңдағанымызды азсынар, мiсе тұтпас. Осылар олқысынып, ұртын шайнап алмасын, үйренген қауымын, халқын қастарына жиып берiңдер. Бар үйлерге жайғастырып отырғызып, оларды да жақсылап қонақ етiңдер! – деген.
Ымырт жабылғаннан берi қарай, Кәкiтай, Баймағамбет екеуiнiң тыным алмай, сарп ұрып жүрiп, жұртты жиғандары, көңiлдене күткендерi сонан соң басталған-ды.
Думан-сауық басталғанша Мағаш Абайға қаладағы көп жаңалықтарды айтып отырған. Бiр уақыт, әкесiнiң сұрауымен Михайлов жайына көштi.
Өзiнiң Михайлов үйiнде бiрнеше рет болғанын айтты. Бұған да кiтаптар берiп, көмек еткенiн сөйледi. Сонымен бiрге ең соңғы кездесудi есiне алды. "Татьяна-әнiне "байланысты Михайлов мiнездерiн, Абайға айтқан жақсы сәлемдерiн жеткiздi. және де "Пушкин өлшеуi мен Абай уәзiнi дәл бiрдей емес пе?" деген күдiктi ойы болғанын да жеткiзiп берген едi. Абай Михайловтың танығыштығына таңырқап, сүйсiнiп сөйледi.
– Михайловтың айтқаны рас, жiгiттер. Менiң тәржiмам Пушкин өлшеуiмен үнемi бiрдей түсiп отырған жоқ. Дәл тапқан. Одан басқа Татьянаның жүрек тiлiн қазақ тiлiмен айтқызуда, менiң өзiмше, өзiмдiк бiр себептермен, кейде дәл шығармағаным да бар! – дедi. "Өзiмдiк бiр себеппен" дегенiнде, өз қаны мен жанынан туған кейбiр шындықтар барын тұспалдаған. Бiрақ бұл жайды бұл отырыста осыдан әрi шешiлiп, таратып айтқысы келген жоқ. Михайловқа сүйсiнген ойына қайта оралды.
– Япыр-ай, қаншалық қайран қаларлық сергектiк, сезгiштiк бар Михайловта! Қазақ тiлiн жете бiлмейдi, бiрақ сонда да менiң күдiктi жерлерiмдi дәл басып айтқан. Бұ ғылым адамның бойына сiңiп, бар жаратылысын ағартқан шақта, қандайлық қырағы қасиет бiтiредi. Қасымдағы қазақтан да алыста отырған Михайлов менiң барымды бiлiп, болжап отыр ғой! – дедi.
Бұл кеш түн ортасына шейiн созылған ән мен өлең, әсем өнер жарысының қызу еркiн сауығы болды. Түнгi астан соң көршiлерден келген қонақтар жатар мезгiлiн ойлап, тарасқан едi. Ендi қала қонақтары мен Абайдың ең жақын айналасы ғана үлкен үйде кеңiрек тыныш жайғасып отырысты. Бұл кезге шейiн қонақтар мен ауыл адамдарының iшiнде ән айтпағандар аз-ақ. Ол тек Абай мен Әйгерiм ғана.
Екеуiнен басқаның барлығы бiресе жеке айтқан Мұқа, Мұхаметжан болса, бiрде екеулеп айтқан Мағауия мен Кәкiтай болды. Кейде Ысқақ, Ербол, Баймағамбетке шейiн қосылып, тобымен, өзiнше хор болып та айтысқан.
Ендiгi отырыста Абай мен Әйгерiмнiң қалауы бойынша жеке, шебер әншiлер ғана ескiлi-жаңа әндердi айтып отыр едi. Бiр кезекте Ысқақ пен Мұхаметжан Әйгерiмнiң өзi айтуын өтiндi.
– Талайдан жеңешемнiң әнiн естiмей кеттiк қой!
– Нелiктен айтпай кеттi! Бiр тыңдайтын шағымыз болмады ма, Абай аға! – дескен.
Абай да Әйгерiмнiң нұрлана балқыған, ақ-қызылы шапақ атып көрiктенген жүзiне аса ынтыққандай қарап қалған екен.
– Айтпай кеттi ғой Әйгерiм! Айтады деймiсiң! – дедi.
Үнiнде өкiнiш тәрiздi, бiр қимас қиналу салқыны да бардай. Шынында, соңғы бiрнеше жыл бойында, Абай мен Әйгерiм арасы тек бiр сыйластық қана сақтасқандай. Көңiлдiң тоңы жiбiп, бұрынғысындай емiренiскен күйдi қайта таба алмаған. Сырт сүйiспендiкпен ғана, бiр орында тұрып қалғандай едi. Араларында алғашқы бақыт жылдарындай ұзақ сыр шешiп, шер айтатын сағаттар үзiлген. Ыстық толқын күндерi тоқталып, әлденеден тыйылып қалған болатын. Әйгерiм жаңағы Абай назын көрiп, сол бұрынғы күндердiң ерекше нәзiк сезiмталдығымен, жүрегi дүр сiлкiнгендей болды. Жалт бұрылып, Абайға қараған нәркес қара көздерiнде тұңғиықтанып тұрған көркем ажармен қатар, бiр сұрау да бар сияқты. Күйлi, нәзiк үнiмен, ән ырғағын ақырын айтқан сәндi саздай етiп, сөз қатты:
– Мен бе едiм, Абай-ау! Айтқызбай кеткен өздерiңiз, өзiңiз емеспедiңiз, – деп, сыпайы ғана күлiп қойған.
– Ендеше айтшы, Әйгерiм! Шертшi барыңды. Бiлгенiң, ұққаның бар ма, жаңа әнiңдi айтам! Бармедi сондайың? – деп, Абай өзге емес, ендi тек Әйгерiмнiң айтқанын күттi.
Осы кезде Әйгерiм Ерболға сәл ғана қабақ қағып, белгi еткендей едi. Сыр мiнез дос домбыраны Мұқаның қолынан алып, Әйгерiмнiң қасына отырып, Татьяна әнiн тартып жөнелдi. Сол сәтте бұл мәжiлiсте Абай өзi де көптен естiмеген және естiмегенiне ендi өкiнерлiктей ететiн, жiңiшке күмiс толқын, нәзiк, сыңғыр үн кеттi. Абай тыңдай отырып, таңдана түседi. Бұл бiлмесе де, өзi " үйрен " деп айтпаса да, Әйгерiм Татьяна-әнiн және Татьяна-хатын тегiс жақсы бiледi екен. Ерболға жаңа белгi еткенi – Әйгерiмнiң соңғы кездегi сырын сол бiлетiн. Оған домбыра тартқызып, соның баяу үнiмен айтуынан Татьянаның әнiн де, барлық хатының ұзақ сөзiн де Әйгерiм өздiгiнен жаттап, бiлiп алған екен. Бұның әнi шыққанда, Татьяна сазын осы күнге шейiн айтып жүрген жiгiт әншiнiң бәрi "шын Татьяна осы! Ал гүл жанған ақ жүздi, өзгеше нұрлы Әйгерiм", деп, "дәл өзi" деп таныды. Таныды да, қыбыр етпей сiлтiдей тынды.
Абай да алғаш әндi шығарған күнi Мұхаметжан айтқанда, бiр тамашалап тыңдаса, сонан соңғы анық бойы ерiп тыңдағаны осы. Ауылда, Абай қасында, әншi жастан ешкiм қалмағандықтан, Татьяна әнi тек домбырада болмаса, әзiрше көп айтылған жоқ-ты. Әйгерiм қазiргi сәтiнде Абай үшiн жаңа бiр тыныс, туыс тапқандай. Сонау жылдарда ерi Әйгерiмнен көз ала алмай, демi үзiле қыбыр етпей, ұйып тыңдайтын күйiн тапты. Қазiр Әйгерiм өзi де әндегi сөздi бiр дыбысын бұлжытпастан анық етiп, әрбiр азғантай нақысын да бар жанын салып, жеткiзе айтады. Ән емес, бұл сәтте ол, арманын, назды мұңын шертедi. Татьяна назы емес, өз жүрегiнiң қайнай шыққан ыстық жалын шынын айтады. Жан-иманын, жас мiнажатын, құпия дұғасындай етiп, жалғыз қадiрлесiне арнайды. Абайға айтады ...
...Өзге ешбір дүниеден
Еркімен тимес бұл жүрек.
Әуелде тағдыр иеден
Қожам сенсің, не керек.
...Әуелде кірдің түсіме,
Ортақтасып өміріме.
Толғау салып ішіме,
Сол күнде-ақ жақтың көңіліме...
Құдайдан болғай деп емі,
Құдайыны мол бердім.
Көрген жерде-ақ мен сені,
«Осы екен ғой, сол!» дедім...
Тағы да толқынып, назды, мұңды жар шерi ширатылады. Қазiр Әйгерiм жүзi аппақ бопты, қызыл арай жоғалғандай. Шын шабытты ақын, ыстық толқынына берiлiптi. Даусына, сөзiне бар жаны да өзiнiң шыншыл тынысымен тұтас ерiп қосылғандай. Айтқан сайын нәзiктенiп, нұрлы сырын аша түскендей. Жиынды ұмытып, бiр Абаймен наздана, кiнәласқандай. "Жазығым бар ма едi? Болса, кешпесiң жол ма! Өзiме өзiң ғана болып, барыңменен келмесең жол ма! Тапшы қайта бұрынғы жарқын, ыстық күнiңдi. Тапшы өзiмдi!" дегендей.
...Жатқан сайын ұйқыға,
Дұға оқушы ем шошынып.
Ұнатып мені халқыңа
Жүруші едің қосылып...
Шеше көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыш,
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс.
Осыдан соңғы жолдардың жiбек талдай нәзiк ширатылған сөзi мен ырғағы Әйгерiмнiң бар қуатын, ендiгi шыдамын, ықтиярдан тыс әлсiретiп, үздiктiрiп апара жатқандай.
...Не болса да, өзімді
Тапсырдым сізге налынып.
Толтырып жасқа көзімді,
Есірке деймін жалынып...–
деп келдi де, Әйгерiм тоқтап болмастан өксiп жылап жiбердi, тына қалды. Үй iшi де жым-жырт. Абай құп-қу боп, екi көзi шарасынан шығып үлкейiп, бар денесi тоңази дiрiлдегендей, қабақ шытып қалды. Қатарында отырған Әйгерiмдi қатты қысып құшақтай алып, жасты көзiнен ұзақ сүйiп алды.
– Әйгерiм! Асылым! Әнiңмен, жасыңмен қайта таптың ба! Татьянаның әнi, наз-мұңы сенiң де жүрегiңнiң шыны боп шықты-ау көңiлiңнен! – деген едi.
Екеуiнiң айналасындағы жас достар қауымы да бұлардың күйiн соншалық жақсы ұғынды.
– Қайран Татьяна, қазақ қызынан да мұңласыңды таптың ба! Талай шыншыл жасқа тiл бiтiрерсiң-ау! – деген едi Ысқақ.
Өзге жұрт үн қатқан жоқ. Бiрақ " анық рас, шын солай " дескендей, ым қаққандай болысты. Жастар Абай мен Әйгерiмдi ендi қайта сөйлете алған жоқ. Ол екеуiнiң жүрегi қазiр сөздi қажет етер еместей. Үнсiз халдерiне шыншыл көңiлдерi қазiр-ақ сырласып отырғандай. Қайта оянған қатты ғашықтық ендi көлденең бiр сөздi де, көлденең бiрде-бiр көздi де керек етер еместей. Осыны анық аңғарған Мұқа мын Ысқақтар ақырын тұрысып, тараса бердi. Аз уақытта Абай мен Әйгерiм екеуi ғана қалғанда, бiрiне-бiрi соншалық ыстық жалынмен құшақ жайып, ұзақ сүйiсiп қалған едi.
Бiрталай жыл ұғыса алмай, тығылып қалған iштегi түйiндерiн ән таратты. Шабытты, тең ақынша табыстырды. Бұл өмiрде ендi қайтып қажымастай, айнымас, азбас махаббат табыстырды. Татьянаның мұңды сазы мен шерлi назы қайта қуантып, өшкендерiн жандыра табыстырды.
Осылайша 1887 жылдың қысында, орыстың данасы Пушкин өзiнiң сүйiктi Татьянасын қолынан жетектеп кеп, кең қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басты.
Өзi тыңдаушысын ұйытқан қадiрлi ақын болды. Татьянасы қазақ жасының жүрек сезiмiне бұрын қазақ сөзiмен айтылып көрмеген көркем, шебер тiл бiтiрiп, жандай жақын туысы бола келiп едi.

ЭПИЛОГ

Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшiрiлiп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желiндей жай жылжып, бiрақ кең жайылып тарады. Бұл атырап, бұл сахара бұрын естiмеген сарын естi. Ғасырлар бойы жұмбақтай үнсiз сұрақпен мелшиiп, мүлгiп тұрған далаға жел қанатымен жырдай жауап естi. Игi желдей. Жыл жетерiн бiлдiретiн көктем желiндей естi. Ол – тарихтың жаңа бiр төлiнiң үнi. Арттағы қыстан тумай, алдағы жаз үшiн, жаздың жаңа өсiм-өнiмi үшiн, гүл атар тiрлiгi үшiн туған төлдiң үн-лебiзi. Оның жыры – жаңа дүние көксеушi, жаңа өрiстi iздеушi жыр. Барлық сергек ой, сезiмтал жүректер үшiн, тынымсыз ойлар үшiн, алысар жiгер үшiн туған жырлар едi ол.
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшiрiлiп, әуендеп толқып Ералыға жеттi. Абай қалаға апарып оқытқан жатақтың жетiм балалары Хасен мен Садуақас кеш сайын өздерi көшiрiп алған өлеңдердi оқиды. Құдық басында, кешкi ауыл сыртында, от басында әр кезде Абай сөздерiн бұларға оқытып отырып тыңдайтын Дәркембай бастаған көп кәрi-жас бар.
Абайдың аға досы Дәркембай насыбайын иiскеп, шiмiркене түсiп, хат оқыған жасқа жабыла тақап, ұзақ тыңдайды
...Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузына түсті мұртың...–
деп, ел мұңдары боп кеткен Абайды көз алдына елестетедi. Оның айтқанына сенедi Дәркембай. Ақын мұңына қарт көңiлiнiң мұңын қосып бас изейдi.
Дәндiбай, Еренай боп, бiр кезек "Күздi" оқытады. Бiр емес, қайта оқытады–
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы...–
дегенде, барлық кәрiлер құшырлана күледi. Бұны бекер едi деп ешбiр Тәкежан, Майбасар, Оразбайлар да айта алмас. Осы қарттар үй iштерiмен бай ауылдардың шетiнде талай кешiрген күйлер, күндер ғой. Сондайлық өз күйлерiне дөп тиетiн өлеңдердi бұл жиын әсiресе көп оқытады. Оқытқанды мiсе қылмай.кейде "мақамдап айт", "әндетiп оқы" деп, жастарға әнге қосқызып айтқызады. Бiр кезек бар жастар қосылып, жырлап та кетедi. Қоңыр кеште көп жастың үнiмен толқыған шындық жыры тыңдаушы қарттарды қатты таңырқатады. Сүйсiнген үндер шығады...
– Сөзi қандай!
– Неткен сөз!
– Алпыс екi тамырды шымырлатқан сөз.
– Айтарсың. Осылай айтарсың. Қазақ баласы айтпағанды сен айтарсың, Абай! Асылым! Шөлiмдегi жалғыз алтын терегiм. Шөлден шүлен боп туған сергегiм! – дейдi Дәркембай. Көп үнсiз тыңдаушының сүйсiнген жалынын атады.
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшiрiлiп, жатталып Мұхаметжан әуенiмен Ұлжан аулына жеткен едi. Кеше кеш бойы Оспан отауында Мұхаметжан Абай сөздерiн әрi оқып, әрi жырлап берген. Ауылдың жас-желеңi, көп көршiсi Еркежан мен Оспан отауын iштен кернеп, тыстан да жапырлай басып, анталап тыңдаған.
Ұлжан Абайды көптен, қыстан берi көрмеген. Ана көңiлi сағынышты едi. Таңертең Мұхаметжанды өз алдына шақыртып, Абай сөздерiн көп оқытты. Кiрген мен шыққанға, ат үстi жолаушының келгенiне де қараған, мойын бұрған Ұлжан жоқ.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Келейін сендерге де енді аяңдап..–
дептi баласы. Анасына да ескерткенi де! Бұрынғы кейбiр надан ақынды. Сатымсақ сөздi, мәнсап мәздi шенептi баласы
Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты!..–
дептi бiр кезек.
Ұлжанның Абай сөздерiне әрi таңырқап ырза болып, әрi тереңдеп ойланып ұйып қалған қалпын Оспанның қатты күлкiсi бұзды. Шешесiнен төмен отырған Оспан да кешеден бергi әдетi бойынша үндемей, қыбыр етпей тыңдап едi. Әлi күнге "жақсы, жаман" деп бiр ауыз сөз қатқан жоқ-ты. Қазiр сол үнсiз Оспан шұғыл құбылып, қатты өзгердi. Қарқылдап күлiп, құшырлана мәз болады. Анадай жерде қиыс отырып, қымыз iшiп жатқан Тәкежандарға қарап, иек қағып, соларды мазақтап күлiп отыр.
– Әнi... Ана отыр! Ойбай-ау, тап мыналар ғой сол айтқаны!
Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты!..–
дей түсiп тағы күледi.
Тәкежанның қасында Оразбай мен Жиренше бар-ды. Солардың өлеңдi де қазiргi Оспанды да жақтырмаған қабағын тани түсiп, бұл ендi әсiресе мәз болды. Қазiр айқын мазақ ете күледi.
Жиреншеге баяғы тентек, сотқар бала Оспан, бүгiн қайта балалық қаз-қалпымен келiп күлiп отырғандай көрiндi.
– Немене, Оспан, балаша ыржақтап, саған не болды!? – дедi.
Оспан оның сөзiн елеген жоқ, екiлене түсiп, қатты дауыстап:
– Осы үшеуiңнен бүлiк атқамiнердi ендiгi Тобықтыдан iздесе табар ма кiсi, деген. Төбелерiңнен түйiп түскен жоқ па Абай, құдайшылығыңды айтшы өзiң, ей, Жиренше! – деп, әзiлдей бердi.
Оспанға Абай өлеңiнiң анық сыры ендi танылған.
Ұлжан Оспанды қостап ақырын мырс берiп күлдi де, қайтадан ойланып қалды.
Көп өлең оқып берген Мұхаметжанды ендi бiраз тоқтатып отырып, барлық үйдегiлерге анық естiртiп, салмақты бiр сөз қатты.
– Туғанынан... Тiптi титтейiнен Абайым бiр төбе, өзге қалған өрен-жаран бәрi бiр төбе едi. Аналық бүйiрiмдi тоқ етiп жатқан бiр алтын жамбымдай көрушем. Өзiмен бiрге туған аналық тiлегiм, үмiтiм екен. Бүгiн сол тiлек пен үмiтiм мынадай бәйтерегiм бопты. Ендi мен өлсем де арманым жоқ ана екемiн-ау! Шүкiрлiк еттiм, тәңiрi. Зор тәңрiм! – дедi.
Үй iшi жым-жырт боп тыңдаған екен. Аналық шын мiнажат, дұға естiгендей едi. Бiрақ аз аялдан соң Тәкежан жаңағы Оспанға ыза болған қалпына қайта келдi. Шешесiнiң сөзiн де жақтырмапты.
– Әй, апа-ай! – деп, Ұлжанға бұрылды да: – Әйтеуiр бар бейлiңдi бергенiң сол болған соң айтасың ғой. Болмаса сенiң балаңнан басқа да талай тектi, тiлдi қазақ боп едi ғой. Солар айтпап па едi: "құдайға шүкiр, тұқымымыздан бақсы мен ақын шыққан жоқ" деп. Сен балаң бақсы-құшнаш болды деп несiне мәз болдың!? – дедi.
Жиренше кейдегi сайқал әдетiнше, үнсiз сылқылдап күлiп, Оразбайдың санын шымшып, Ұлжанды бағып қарап қапты.
Ұлжан Тәкежанның сөзiнен жиренiп кеттi.
– Е-е, ұялас итпiн деп отырсың ғой. Ұяластың да бiрi құмай болғанда, бiрi сендей бөрi ала болады екен-ау, хұдауәнда! Десең, де! Бiрақ сенi Абайдың бiр сынық қара тырнағына алам ба екем мен! – дедi.
Түсi ашулы екен. Ажымы қалың, кең жүзi аппақ боп, екi көзi жасқа толыңқырап, қанталай қызара түсiп, Тәкежанды қатты атып қарады.
Тәкежан тымағы мен қамшысын бiр қолына шапшаң қымтып алды да:
– Жүр! Жүрiңдер түге! – деп, Жиренше мен Оразбайды өзiмен қоса тұрғызды.
– Алжыған шешенiң айтарын естiп болдық қой! Жүр! – деп адымдап шығып кеттi.
Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердiң бiр кешiнде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жеттi. Бiр ызың ән түн iшiнен үзiлмей соғады. Төсекте көп аунап, тыныштығы қашқан кәрi сол бiр ызың сарыннан құтыла алмайды. Қайта-қайта бiр сөз келедi. Ол күзетшi жас жiгiт Кәрiбжан айтқан ән. Сөзi де Құнанбай құлағына ерiксiз қақтығады. Кәрiбжан жаңада ұққан, бiрақ шала ұғынған ән – "тәңiр қосқан жар едiң сен..." болатын.
Күзетшi жас жiгiт осы өлеңнiң алғашқы бiр-ақ аузын айтады. Қызыққан сөздерiн қайталай бередi. Құнанбай құлағына жат сөз, алыстан әсiресе өзгерiп, бұзылып ұғылады.
"Тәңiр соққан", "тәңiр соққан" боп басталатын сияқты.
Өлең сарыны мен шала-шарпы сөзiнен құтыла алмаған Құнанбай бiр кезде даурығып Нұрғанымды оятты.
– Қалмақ! О, Қалмақ! – дейдi. Тоқалын ол Қалмақ деп айтайтын. Осы анау күзетшi "тәңiр соққан", "тәңiр соққан, дей ме, не дейдi? Кiмдi қарғап, сiлеп жүр сол зар жақтанып? Бiлшi! – дедi. Нұрғаным күзетшi әнiн бiлушi едi.
– "Тәңiр қосқан жар едiң сен", – дейдi ол. Абай шығарған ән деп, жұрт айтып жүрген жоқ па! – дедi.
Құнанбай аh ұра күрсiндi де, iргеге қарай аунап түстi:
– Айтпасын! Зарламасын! Тый барып! Мазамды алды! – деп, үнi өштi...
...Тәңірі қосқан жар едің сен,
Жар ете алмай кетіп ең...
Нұрғаным Татьяна зарын түгел естiп, алғаш ұққан шағында қатты мұңмен кеткен. Бұл сөзде оның өзiнiң де шерi жүр. Есiне Базаралы кеп едi. Ән басталғаннан, а дегеннен сол сағынышты, өкiнiштi дос есiне түсiп, iштен тынып, тұнжырап қалған-ды.
Күзетшiнi қасына шақырып ап, Нұрғаным оған:" айтпа, тоқтал" деген жоқ.
– Әнiңдi ана жақ шетке барып, алыстан айт! Бұл жаққа келгенде ақырын айтпасаң, кәрiнiң iшiн өртейдi. Ыстық өлең. Өлеңiң оттан да ыстық боп тұрған жоқ па! Жақпайды бұнда! – деп, сәл ғана күрсiндi де, үйге қайтты. Күзетшiге емес, өзiне өзi айтқан iштiң, жанның сөзi едi.
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желiндей, жай соққан самалындай лүпiп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өттi. Сырттағы Керейге, ойдағы Уаққа, Арқадағы Қаракесек, Қуандыққа да кеттi. Аягөз, Тарбағатай, Алтай Наймандарына да жетiп жатты.
Сол кезде Машандағы Найман атты шал аулына да жеткен едi. Ойда жоқ бiр шақта ауылдың шеткi үйiне қалыңдық ойнап жүрген күйеулер кептi: жұпыны киiмдi екi жiгiт өздерiндей кедей үйiнен қыз айттырған күйеу екен. Сол күйеу Молдабек әншi болып шықты. Көршi шеткi үй Тоғжанды аса сыйлаушы едi. Ендi күйеу келген кiшкене сауығына момын көршi шақырған соң, Тоғжан әдейi келiп едi. Сонда ойда жоқта "Татьяна-хаты", "Онегин-жауабы", "Татьянаның-екiншi-сөзi" толқып кеттi. Оңаша тыныштықта, қоңыр кеште, бұрын естiлмеген нәзiк терең мұң қалқып тұр. Тоғжан жүрегi ән басталған жерден: "Абай!" деп, "бұны айтқан тек Абай!" деп, нық байлады. Өлеңнiң тегiн, мәнiн сұраған да жоқ.
Тоғжан тақатынан айрылғандай болды. Көптен берi сезiнбеген бiр жалын жүзiн де, жүрегiн де лезде шарпып, жан әбiгерiне салды.
"Өз сөзiм емес пе мынау!?", басқа өмiрге ырза болмасам да, көндiм" деп тұр. "Сүюден, сағынудан жаңылмасам да ендi екеумiзге қайта бақыт жоқ" деп тұр ғой. "Осы едi-ау!". Жасын жұтып отырып айтса да, ауру досына, арманды досына Тоғжан өзi айтқан сөз едi-ау. Ұмытылмапты. Өшiп, жоғалмапты сондағы шын жалын. Ендi әнге түсiп, мұңды шер мұншалық көрiктi сәнге ауысыпты. Ойда жоқта бұған жеткен жан сәлемi сабырын алмай қояр ма! Тоғжан ыстық жастық шағын тауып қобалжиды.
Ұзақ кеш бойында бiр жанып, бiр тоңазыды. Үзiлместей үнсiз жастарын қат-қат тамшылатты. Iшiмен Татьяна әнiн соншалық нақыштап, көп қайырып, құпия қайырып айтып кеттi.
Жаздың бiр тыныш кезiнде Қасқабұлақта, биiкше тастақ төбенiң басында, кешкi ауылдың тiрлiк тынысын тыңдап Абай отырды. Бұның оқшау аулы сыртқа шықпай, бауырда қалып, Ойқұдық, Ералыны жатақтармен көршi жайлаған. Қалың ел дырдуынан әдейi жырылып, қалыс қалған едi.
Бүгiн таңертең сырт жайлаудан көп жолаушы жас қонақтар, ақын, әншi достар келген едi. Абайға солар жаңа қуаныш хабарлар жеткiзген. Абай сөзi халыққа жағып, кең жайылып кетiптi. Қарқаралы-қоянды жәрмеңкесiне жиналған төрт арыстың бар кәрi-жасы Абай атына қанық бопты. " Абай деген жақсы шығыпты". "Сөзi, өсиетi бөлек, бiлгiш шығыпты", "халыққа қамқор, мұңдыға дос, жуан-содырға қас жан дейдi", "Тобықтыда туса да, бiр Тобықты емес игi ел жақсысы, ел ұлы боп туыпты", "сөзiн тыңдаймыз. Өсиетiн ұғамыз" деседi екен жұрт.
Мұқа, Мұхаметжан, Мағаш, Кәкiтайлар осы хабарларды Абайға қуанышпен әкелiп, аға ақын, дос ұстаз жанында масаттанады. Абайды өздерiне мақтан тұтып, мәз болысады. Абай мен Әйгерiм бұларды үнсiз ырзалықпен, ұзақ тыңдап болған едi.
Ендi Абай сол топтан жалғыз бөлiнiп, өз ойымен оңаша шығыпты. Қазiр ол кешкi дүние көркiне сыр қосады.
Шексiз жайқын боп Ералы, Ойқұдық, Қорық далалары созылады. Кең әлемнiң бұдырсыз жазық жүзi жадырап тыныс алғандай. Батар күннiң қиыс түскен шұғыласы даланы қызғылт жарқын нұрға бөлептi. Тегiс, шексiз рахат нұр. Шабытты ақын көңiлi қазiр көз алдында дала емес – теңiз, кең тыныш теңiз жүзiн көргендей. Сол теңiзге, өмiр тарих мол мұхитына бiр кеме жалғыз жалауын көтерiп, жол тартты. Алға басты, белгiсiз болса да ғажайып шұғылалы бiр жағаға, ұзақ сапарға басты ол кеме. Жалауында "Тартыс", "Үмiт" деген ұран бар. Халық үмiтiн үстiне арқалаған сол кеме "келешек" деген жағаға қарай тартты. Бұл "Абай-кемесi", кең жайқын әлемде сенiмдi, түзу жол сызып, маңып барады. Алға барады, ұзап барады. Биiктен қиян, алыс көкжиекке қадалып қараған Абай көзi, ой көзi, сол кеменi оң сапарға ұзатып, талмастан телмiре қарап қалыпты. Бар жазықтан үстiн биiк төбеде, шабыты мен өзi боп отырып қалған Абай қуанышты бiр мақтаныш сездi. Оның сол мақтанышқа хақы да бар едi.
Осы күйi, бiр ғана сәт жалт еткен сәл қуаныш жүзi екен. Ендi сонымен iлес тағы бiр толқын ойлар кеп, көңiл жарына қатты соқты. Көшкен бұлттай, қарауытып ауып келген ауыр ойлар шындық кескiнiн танытады. Жаңағы жалтыраған күн шуақты қуаныш сәулесiн ендi күдiк пен дерттей, соңғы ойлар бұлттары бүркеп басып барады.
Алда – өмiр, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз. Шынға келсе, жапа-жалғыз. Рас, оның бiр қуаты, бiр үмiтi бар екенi рас. Қуаты – ақындық, үмiтi – халық. Бiрақ бiрi оянбаған күш болса, бiрi танылмай, ұғылмай кетер ме! Жетер ме сабыр, жетер ме қайрат. Жалғыздықтан жасымас қайрат жетер ме!
Өмiрдiң белiне шығыпты. Сол арттағы жолда жоғалтқаны көп пе, тапқаны көп пе? Рас, жоқалтқанының көбiне өкiнбейдi. Жақыннан әке, Құнанбай кеттi жат болып. Туыстан Тәкежан, Тәкежандар кеттi жауығып. Оразбайлар, Жиреншелер де бiрi артынан бiрi шұбалып кетiп жатыр. Үзiлсiн бұдан. Кетер кете берсiн. Әлi де кетер табылар. "Бiрақ халық қалса, халыққа жолымды, жанымды қосар қолымдағы жарық қалса, жеткенi!" деп, өзiне-өзi осы отырыста құпия бiр ант-серт айтқандай бекiнедi.
Жаңағы мұхит қайда?!
Абай кең далаға тағы қарап едi. Мұхит емес, күндегi құлазыған дала боп көрiндi. Ол әлсiз, жүдеу Ералы жазығы. Сол жазықта ендi шаң шығады. Будақ-будақ бүлiк шаң. Бұ не? Абайдың қасына дүсiрлетiп шауып отырып, асығыс жүрiстi бiр салт атты жеттi. Сырт жағынан келген аттыны Абай ендi ғана аңғарды. Жүргiншiнiң астындағы аты қан сорпа. Жатақтан, Ералы жатағынан, Дәркембайлар тапсыруымен асығып жеткен шапқыншы екен. Жас жiгiт Абай оқытып жүрген шәкiрт – Садуақас боп шықты.
– Анау шаңды көршi, Абай аға! Сол жау! Жатақтың азғантай жылқысына тиген жау. Айдап, қуып әкетiп барады, әнi. Тағы тиiп әкетiп барады сойқандар! – деп, жiгiт жылап жiбергендей болды.
Теңiз де, қиял да жоқ. Аз алданыш, қуаныш та сөне бердi. Тағы өмiр шындығы. Тағы тiрлiк тартысы Абай алдына еселi сыбаға тартты.

Үшінші кітап





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет