Абай жолы. 1 кітап



бет24/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Жұман айтқан сөздің көбі дұрыс болатын. Базаралының қашып келгені де рас және «бұрын емес, дәл биылғы жылы қашып келуіне себеп — Күнтудың болыс боп тұрғандығы» дегені де дұрыс.
Базаралы өзін айдатқан Тәкежан, Шұбарлар болыс болып тұрса, бұл істі істеуге бекінбес еді. Өткен сайлауда Құнанбай балаларының қолынан бір жолы ұлықтық кетіп, Шыңғыстың болысы Бөкеншіден шыққан Күнту боп алды.
Бұл уақиға бүкіл Тобықтыда талай жанды таң қылған, ойда жоқ оқыс іс болды. Семей оязының көптен бергі ояздық начальнигі Казанцев сол соңғы сайлауды өзі келіп өткізген. Бірақ ол дәл сайлаудың соңғы сағатына шейін болыс Құнанбай баласынан бөтен біреу болар деп ойламаған. Күнтудың болыс болып шығуы -Құнанбай балаларына қаншалық ойда жоқ сұмдық болса, ояздың өзіне де соншалық жат көрінген,
Бұл істің басы өткен жылы көктемде Жидебайда, Оспан аулына келген жуандардың бір жиыныңда басталған-ды. Ол кездегі болыс Шұбар Шыңғыс елінің ірі атқамінерлерін осы Құнанбайдың үлкең аулына, Оспан отырған үйге жинатқан.
Жұртты жинаған себебі оқшау бір жай болатын. Тәкежан, Майбасар, Ысқақтармен ақылдасып, Шұбар жаңа сайлау алдында ед аңғарын түймек болған. Құнанбай баласына іштей қарсылық ойлаған кісі бар ма? Жаңа сайлауда бұлар атайтын жаңа болысқа ереуіл болмай ма? Енжар көңілде жүрген атқамінер болса, солардың сырың тартпақ, алдын ала ажарын андамақ. Құбылу-қыбылжу болса, ерте әрекеттерін істемек. Міне, осындай ішкі есептермен Шұбар жүз қаралы атқамінерді көкқасқа сойып қонақ
еткен.
Жиын ортасына Шұбардың тағы бір салған сөзі бар. Онысы - әр кезде болыс болып отырған әкімдердің ел үстіне салатын төтенше бір шығыны туралы. Ол -патшалықтың жыл сайын елден алатын алым-салығы емес. Болыс пен билер алатын «қарашығын» деген салықтың жайы «Болыстың сойысына, қонағасы, мініс-берісіне» деп ел басына үлестіріп салынатын салық, Өзінің де, шегі де жоқ, Халықты жебей сауып, ұлық атаулы алатын жем-пара осы.
Белгілі өлшеу, мөлшері жоқ бұл шығын, анық қараңғы жолмен алатын жем болғандықтан, оның атын жұрт «қарашығын» дейтін, Тегінде, бұл істі бір Шұбар емес, бұдан бұрын болыс болып келе жатқан сан Шұбарлар мерзімді «қор» егіп алған. Жүздеген қойлар саны, көп ат майы, ақша-пұл, көп мүлік болса, болыспен шырайы жақсы билер, елубасылар, старшындар және әр рудың бір шошағы — атқамінерлер, осы «қарашығыннан» үлес алып жүретін, Болыстың биылғы салын отырған шығыны жылдағыдан көп болса да, Оспан аулына жиналған «ел ағалары» көп керіспей, тез келіскен. Әр старшынның билері мен елубасылары, атқамінерлері әз үлестерін бөлісіп, өздерінің қол астындағы шаңырақ иелерінің бәріне қосымша сомаларды жазысып жатты.
Шыңғыс он екі старшын еді. Сол он екі старшынның адамдары Оспанның соңғы жылдар салғызған жақсы қыстауының көп бөлмелеріне, даландарына тарап, үйір-үйір кеңеседі. Шығыңды өз қолдарымен үлестіріп отырған топтардың қайсысын көрсең де, әдет-мінездері бір-ақ түрлі. Бұл отырғандар өз шаңырақтарына немесе іні-туысқандарына шығынды салмайды. Әлді, ауқаттыны қорғап қалып, қайда момын, жалғыз-жәутік, қайратсыз, қорғансыз шаңырақтар болса, соларды атап, бір де түңлігін тастамастан үлес береді. Осы сыбағаны халыққа салып жатқан мінездерін өздерінше бір қисынмен істеген болысады.
Әр ауылнай ортасына жиын барса, ұлық жүрсе, үй тігілсе, қонағасы, лау келсе, осы ауқаттылар үнемі көп тауқыметін тартады-мыс. «Кедей-кепшікке кім барады? Қоқсық, қоңсығына кім тоқтайды? Оларға түсетін лау да жоқ, сойыс та жоқ. Айранына, отбасына ортақ та жоқ. Бірақ олардың аты да «ел» емес пе? Ендеше, тым құрыса, осындайда сәл салмақ сезсін. Әйтпесе, кімнің қол астында екенін, ұлығы кім екенін де ұмытар. Құдайын да ұмытар» деседі. Сөйтіп, «қарашығынды» өздері әдейі шетке қаққан, шыр бітпеген жыртық-шоқпыт лашықтарға салып жатқан.
Халыққа қарсы жұмсалған бұңдай істерде қабақпен табысатын ел жуандарының ынтымағы - «бөрі көргенде бірігетін ауыл итінің мінезіндей».
Халық соларын танитын. Өзіне қарай аунап түскен әр алуан үздіксіз, танымсыз «қарашығындар» жайын өзара мұңдап қоятын.Бірақ биіне, ақсақалына, старшынына, болысы мен бегіне шақсын ба!? «Оларға айтқаннан не түседі? Біреуіңе айтсаң біреуіне сілтейді. Аяғы, ақтас пен көк тастың арасына барып ізі жоғалады. Сөз—тек бос шығасы. Бірін-бірі жебеп, демеп, неше саққа ұрады
да, шаң қаптырады. Аяғы, «ауыл итінің құйрығы қайқы» дейсің де, түңілесің де тоқтайсың» дейтін.
Жидебайдағы жиын Шұбардың «қарашығыны» жөнінде де Құнанбай балаларына жат ажар көрсеткен жоқ. Бірақ көп шығынды көп шаңыраққа бөлу оңай да болған жоқ. Таңертең келіп шай ішкен, одан көкқасқаның етін жеген жиындар түске шейін сөздерін тауыса алмады.
Түс ауа осы ауылға Дәрмен келді. Өзінің үлкен үйлерін жасы үлкен атқамінерлерге босатып берген Оспан түкпір үйде жеке жиын жасаған. Бұндағылар — Оспан сияқты қолы бостар. Қызық қуған, түстік аңдыған, жай қыдырмалар.
Орталарына Дәрмен келгенде Оспан қуанып қалды. Дәрменді өз қасына отырғызып, қысырдың қою қымызымен сыйлап отырып, қолына домбыра ұстатты.
— Жақсы келдің ғой! «Шығын деген боп, мешкей көмейлеріне тығын іздеп жатқан жуандарың анау! Аулымды басып, мазамды кетіріп болды. Тілеуің берсін, осылардың жон терісін сыдырған өлеңдерің бар ма Абай екеуіңнің? Соларыңды айтып, тым құрыса, етім мен шайымның есесін әперші?— деп, үй ішін күлдіре сөйледі.
Дәрмен бөгелген жоқ. Бұл жиын әлі естімеген бір үлкен өлеңді желдірмелей шұбыртып айта жөнелді.
Оспанның анық тілеген өлеңі. Елдің содыр жуанын, қу болысын, парақор билерін, тынымсыз партия басыларын қатты ызамен, кекесін мысқылмен әйгілеген анық Абай сөзі екен.
Оспан әр сәтте қарқылдап күліп;
— Бәсе... бәсе! Сой, сөйтіп! Таспа тілгендей соқ, бауыр сыртынан! — дей түседі.
Оспанның көңіл қызуы түкпір үйді тегіс желіктіріп, мәз етіп, күлдіріп отыр. Дәрмен де осыған орай шырқай түсіп, ағындап ойнақы жырлайды.
Аздан соң бұл үйдің қызу-дырдуы үлкен билер, шонжарларды да елең еткізді. Бірен-сараны есіктен қарап, өлең мәнін аңғарды да, арттағы көпке мәлім етті.
Сөйтіп, Дәрмен өлеңінің орта тұсында үлкен үйдегі Оразбай, Жиренше, Бейсенбі, Абыралылар да осы үйге кіріп, сөз тыңдады.
Абай өлеңінің бұлар келген тұстағы зілі де қатты еді. Дәл осы отырған, күнде жиын құрған, бәле қуған, елді жеген, ант бұзғыш, достық сатқыш, алдамшы арам атқамінерлердің бәрін таңбалапты.
Оразбай күлген жоқ, күлмек түгіл, жымиған да жоқ. Оспан өз тобымен әлі де мәз болысын отыр.
Ақыры Дәрмен бар ұзақ өлеңді, сыншы жырды айтып болды; Билер тобы томсарып, жым-жырт отырып қап еді. Оспан Оразбайға бұрылды да:
— Е, байеке, неғып тыжырынып қалдың? Дәл төбеңнен түскені жақпады-ау, ә, Абайдың?— деп тағы күлді.
Оразбай салқын қабақпен, түкпірлі тәсілін ойлап қалғандай ашулы сөйледі.
— Осы заман...— деп алыстан тарта бастап,— бұзылады-ау! Бұзылғалы тұр-ау! Сонда бұзатын сен боласың-ау, қажы баласы!— деп, Оспанның басынан аса, жоғарылай қарады.
Қасындағы айлашыл, алаяқ билер Оразбайға еміне, исіне қарап қапты.
— Бүгінгі игі жақсыны ауылыңа жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшы-жалшыға да құрық бер!.. Бұза бер!— деп, қолын бір-ақ сілікті.
— Уәй, Оразбай, не дауың бар!? Шын жақсы болсаң, саған айтылған сөз емес. Ал жаман болсаң, жаңағы сөзден өзіңді-өзің танысаң — өз обалың өзіңе!.. Мүрдем қат!—деп, Оспан сақылдай күлген-ді.
Дәрмен де сүйсіне күліп жіберді. Жуандар Оспанға дуана көргендей жирене қарасты да шығын кетті.
Күн еңкейіп бара жатты. Сол кезде тысқа шыққан Оспан өз қыстауының айналасында, қорықта қаптай жайылып жүрген өңшең ерттеулі аттарды кәрді. Жүз қаралы қонақтың аты мынау қыс аяғы бітпей, көктем шықпай, күн райын бағып жүрген кезде қолдағы малға керек қорықты ойсыратып жеп жатыр. Шұбардың жиыны мен ас шығынын көтерсе де, Оспан мынау жүз аттың қорықты жеп жатқанына шыдай алмады. Далада жүрген қоңқақ мұрын, зор денелі малайы Сейтқанға ақырып әмір етті.
— Етімді жегенінен, жерімді жегені батты-ау мыналардың! Тарасын! Тарамаса, қазір қолыңа сойыл ал да шапқылап барып, бар атын қуып әкеп қораға тық! Дастарқанымды жайлағанымен қоймай, қорығымды тағы шиырлатам ба? Қу, шапшаң! Сойылдап айдап кел!- деп, қатты бұйрығын берген де, қонақ ішіне кетіп қалған-ды.
Сейтқан сол бетте қолына үлкен қара сойылды алып, жақын тұрған қонақ атын өреден босатып мініп, құйықтыра шапқан. Жуан ауылдың сотқар малайы, өзі ожар, доғал жас, тегінде, Оспан «шаш ал десе, бас алғандай» іс ететін. Айғайды салын, ағызын бара жатып, әр қонақтың ата ұранын шақыра ақырып жүр: «Сақ-Тоғалақ! Көтібақ! Жігітек! Бөбең! Қарабатыр! Жуантаяқ! Топай!
Торғай!» деп айқайлады. Өзі білетін ру басыларының топ-топ аттарының тұстарына кеп, таңбаларына қарап, ұрандарын шақыра жүріп, өредегі аттарға жауша тиген. Дамылсыз айқайлап, ақыра ұрандап жүріп, тыныш жайылыста жүрген аттарды үркіте қашырған үстіне, ұзын қара сойылмен сауырдан, тірсектен ұрып, сатырлата қуды.
Жүз қаралы тұсаулы атты өрттен қашырғандай үркітіп, шоқытып, секіртіп, дүрілдете қуып отырып үлкен ат қора, қой қора, түйе қоралардың қақпаларына сойылдап кеп тықпалаған. Сейтқаннан шошып алған семіз жарау, желігі көп аттар алдарында от пен су тұрса да бөгелместей.Жөңкіліп кеп жаңағы қоралардың қақпаларына қақтығыса, таласа ұмтылысты. Секіре кіріп жатты. Бірақ қоралардың қапалары аласа еді. Жай кірмей, секіріп кірген тұсаулы аттар маңдайшаға биік ерлерінің алдыңғы қастарымен сарт-сарт ұрып кіріп жатыр. Сейтқанның да, Оспанның да ойында жоқ бір оқыс іс осы арада көрінді. Күшті аттардың секірген екпінімен маңдайшаға соғылған ер атаулының алдыңғы қастары шетінен шарт-шарт сынып, ұшып-ұшып түсіп жатты.
«Қарашығынды» халыққа бөлгенде ынтымағы бір жерден шыққан жуандар, бүгін бір кезекте өздері үлесетін олжаны да айтысқан-ды. Сонда Құнанбай балалары қараулық жасап, жемнің көбін өздері басып қалды. Бұл елдің ірі бай, салмақты жуандары Оразбай, Жиренше, Бейсенбілер осы мінезге де наразы боп шықты.
Енді кешке жақын сөздерін бітіріп, атқа қонуға келгенде жуан шонжарлардың барлығы ойда жоқ әлекті көрісті. Біреу әдейі мазақ еткендей, тегіс ерлерінің қасын опырып, шұнтитып жоқ қып жіберген. Бұл жиында Оразбай, Жиренше, Күнту, Бейсенбі, Абыралы, Байғұлақтар бастаған нелер байлар, нелер жуансыған мырзалар, сөзуар, пәле баққандар болатын. Оспан қорасының алдында тұрып мынадай масқара болған күйлерін барлық жуандар айтыспай-ақ аңғарысты, Ауыл иесі — Оспаннан жөн де сұрасқан жоқ, Бұларды аттандырып жатқан Шұбарға да шырай беріспеді. Көбі қош айтыспастан кетті,
Алдыңғы топта Жиренше мен Оразбай бар еді. Қастарына Күнту мен Бейсенбі жеткенде, сол екеуі сөз бастады. Ең алдымен тіл қатқан Жиренше:
— Шектен асқан шығынымен Шұбарын байытамыз деп жиылыппыз. Жазығың бар ма, ағайын? Дегенін істедік. Барды осыларға беріп, бүгін үлестен де қақас қалдық. Бізге де олжа түссің деп, тым құрыса^ мезіреті жасады ма? Ол-ол болсын, жә,
мынау көргеніміз қай мазағымыз!?— деп, қатарында келе жатқан Күнтудың опырылып қалған ерінің қасын қамшысымен салып кетті.
— Асқан екен Құнанбай баласы. Тіпті, бұндай қорлықты Құнанбай да көрсеткен жоқ. Тегі, біздің өзіміз бұларды бұзып болған екенбіз. Құдайын ұмытқан екен мына Құнанбайлар. Тап осы жолы тұяқ серіппесек, бәрімізді де атаның әруағы атсын! Ит болайық, енді қыбырламасақ!— деп, Оразбай жалғыз көзін жалтылдатып, айнала қарап, қанын ішіне тартып сөйледі.
Бейсенбі жай сөйлесе де, үнемі қапысыз есеппен сөйлейтін. Ол алдыңғы екеуі ғана емес, өзге сөйлемегендердің де түсін барлап білді де:
— Уәй! Осы алқынған ашуың ба? Соныңды ғана айтшы! Жүзіме айтшы, жарқыным!— деп, Оразбай мен Жиреншеге кезек қадалды.
Ананың екеуі де, Бейсенбі де үлкен ашу толқынып келе жатқанын аңғарды да, сәтте саңқ етіп, шолақ жауап берісті:
— Әу, бір құдай, бір құран! Ашуым — ашу! Кегім — кек!
— Бір әруақ, бір құдай, өлсек те қасындамыз. Тек айтшы бірдемеңді!— деп Жиренше қостады.
Енді Бейсенбі ширап, шымырлап алған екен. Дағдысынан тыс шапшаң сөйледі.
— Әуелі, осының рас болса, ашуыңды сөзбен шығарма. Айтысар түк те жоқ. Аңғарылмаған дүние жоқ. Шашау сөз шығарып, көп алдында көпіріп, ертең апарып сырын Құнанбай баласына жеткізетін кісіні жауыңның үлкені деп біл. Қазір шашау сөз шығаратын орын емес. Көпті де қасымызға алмайық! Осы топтан жеті-ақ кісі болайық та, былай бұрылайық. Ана Қабекеңнің басына қарай тарт! Кеңгірбайдың зиратына барып тұрып, серт уәдені сонда түйеміз!— деді.
Қатарындағы жуандар: «Мақұл!», «Болды!», «Тарт!» десті. Жиренше бәрінің соңынан сөз қатып:
— Бер, тәңір, берекеңді! Кеңгірбайдың қабір тасын төбеме тік көтеріп тұрып, серт беруге бармын! Тек кімді аламын қасыма?— деп, ендігі істі өзі бастайтын аңғар көрсетті.
Сол арада төртеу-бесеуі аттарының басын түйістіріп тұрып, жаңа сертке, антқа ортақ етіп алатын кісілерін шапшаң санасты. Атаған кісілерімен оқшауланып бөлініп алып, бір топ салт атты ымырт жабыла бергенде Оспан қорасынан тай шаптырым жердегі кәрі әруақ — Кеңгірбайдың биік, шошақ моласына келіп, ат тұмсықтарын тіресті.
Қарлы дала ымыртқа тақау қарауытпай көкшіл тартқан. Ақ-көк ренді суық дала. Сол далада қоңыр-күңгірт биік мола тұр. Жүз жыл бойы бар өңірден басы озған шошақ, сопақ қалпында әлі балғын. Қобыраған жері жоқ. Кеңгірбайдың әруағы исі Олжай, Жігітектің надан нәсіліне әлі қандайлық қадірлі, құдіретті болса, моласы да сол жүз жылғы мызғымас меңіреу, тылсым қуатынан айнымағандай. Бұл молаға бақсаң, заман да өтпегендей. Сахара заңы да бар қаталдық, бар надандық зұлымдығымен молаша мызғымай қалғандай. Тар есіктен қараңғы қуыс қабір іші аңғарылады. Онда үнсіз, мәңгі түн. Жарықпен, тірлік үнімен шарпысқан қыңыр қараңғылық. Айналада ызындап, кешкі аязды жел соқты... Жақын шилер басы күпсек қарын сілкітіп, мүшкілдік халін құптайды. Аласа, әлсіз жас бұталар да жел екпінінен қалтақ қағып, тыным тыныштығынан айырылған... Осындай күшпенен әлсіздік айғақтарының арасында, қайсар мола өзі де иесіз өңірдің қара күшіндей дөңкиіп, қатқыл қарап, суық мұңмен қарауытып тұр.
Оразбай мола басында құраннан бұрын бір тіл қатты. Бағана Оспан үйінде Дәрмен аузынан естіген зәрлі сын арқасына әлі батып келіпті... Ол сөздің түп айыпкерін осы арада есіне алды.
— Абызы Абай болса, Абай болса... Менің сыйынғаным бір әруақ, бір құдай! Өзіңсің, бабам! Азған менен бұзғанды өзің тап, әруақты, киелі ата!— деді.
Бұнысы да бір ант, серттей... Арам пәле болатын.
— Абызы Абай болса, сопысы сұрқия болар ендігінің!... Кесерміз кесілгір тілін, жолын!—деп, Жиренше де молаға үңілді...
Бейсенбі күбірлеп құран оқып, бәрі бірдей бата қылысын болған соң, осы арада тұрып жеті бай аса бір қатты жасырын байлау жасасты. Мұнда төрт старшын Сақ-Тоғалақтың атқамінері
— Абыралы, екі старшын Жігітектің басы — Бейсенбі, Есболатан
— Оразбай, Көтібақтан — Жиренше, Бөкеншіден — Күнту, Жуантаяқтан — Байғұлақ, Топайдан - Байділда бар.
Бұлардың Кеңгірбай басында берген анты, ең алдымен, құпиялық жасырында. Сыртқа шығарып, бүлк етпей, дәл осы бейуақтан бастап жетеуі Құнанбай балаларына қарсы баталасады. Адда екі-үш айдан соң болатын сайлауға шейін бүкіл Шыңғыс елін Құнанбайларға түгел қарсы әзірлейді. Партияның тартысына ат пен пұлды астыртын беріп, елубасы атаулының барлығын осындай құпия батамен, қатты сертпен тартады. Малды да, сырды да көпке жаймай, тек он екі старшынның шар салатын елубасыларына ғана төгіп беріп отырып. үнемі астыртын әрекет
етеді. Сырттай Құнанбай балаларымен бұрынғыдан да тәтті-тату жүреді. Оларға «атағаныңды аласың» деп, үнемі жылы-жылмаң жүріс көрсетеді. Дәл сайлаудың сағатында шалқасынан салатын болады.
Сол түнде осы сертті жақын жердегі Жиренше қыстауына барып, сонда қонып отырып, бар уәдені анықтап аяқтаған-ды. Күндізгі Оспан үйінде жеген көкқасқаға қарсы осы кеште ақсарбастың еті желініп, көкқасқаны ақсарбасқа бастырудың серт уәдесі бекіген.
Сонымен, айтқандай, үш айдан соң қан жайлауда, Құнанбайдың үлкен аулы отырған Пұшантайда сайлау күні келген.
Құнанбай балаларының талай жылдан жемдеп жүрген айлалы досы — Казанцев ояз көп күймемен қоңыраулатып, жер күңірентіп келген болатын. Казанцев бұл жолы қасына өзінің келбетті, семіз, көк көз бәйбішесі Анна Митрофановнасын ерте келген. Үш күн бойында бұлар Оспан үйінде қонақ боп жатқанда, Анна Митрофановнаның иығына қалың қара жібекпен тысталған бұлғын ішік жабылған. Қаттаулы аққұйрықтар да Казанцевтің темір сандығына салынған-ды.
Бұл жолы Құнанбай балалары болыстықты Оспанға беруді ұйғарған. Оның алғаш рет ұлықтықты сұрағаны осы жол. Бұл күнге шейін Құнанбайдың өз балаларының қайсысына болсын өзінің мол дүниелігін іркусіз керекке жаратқаны болмаса, Оспан өз басына түк те тілеп көрген емес еді. Қазіргі шақта қырыққа тақалған, бақ-дәулеті барынша шалқыған Оспанның бір үлкен арманы бар. Ол — бала. Оспанның Еркежан, Зейнеп, Торымбала деген үш әйелі бар. Бірақ үшеуінен де әлі бір нәресте иіскеп көрген жоқ. Қалың үйір, көп ауыл Құнанбай ішінде сондай жалғыздығын Оспан өзі іштей қатты қамырық ететін. Кейде ол алпамсадай алып денесімен сол жайды жанкүйер жақындар арасында күйзеліп айтқан шақтарында еңкілдеп жылап та жіберетін. Бар Құнанбай, Ырғызбайдың байы, мырзасы да өзі. Үлкен орынның жалғыз иесі де өзі. Бірақ осы бір жай оны сыңар мүйіз бұғыдай,сынық қанат сұңқардай етіп, көңілін санадан солдыра беретін. Сондықтан биыл аға-іні тобына:
- Мен, тым құрыса, осымен алаң болайын. Осы бір жол ұлықтықты маған беріңдер!—дегенде, бар Ырғызбай, Құнанбай боп, ар жағын айтқызбастан, «ендігі болыс Оспан болсын» деп ұйғарысқан.
Ел не дейді? Жұрт жайы қалай, оны тегінде, Құнанбай балалары ойлауды ұмытқан. Олар болыстықты өздеріне ортақ, төл аты
деп білетін. Бүгін біреуі иемденіп жүргенімен, өзге Құнанбай балалары «ертеңгі күні өзімнің де тақымға басарым» деп қарайтын. Құдайы мен әруағы әдейі осылар үшін бөліп беріп қойған, «үлеспеген еншісі», «басыбайлы берекесі» санайтын.
Казанцевті Оспанның үйіне түсірмес бұрын бар Құнанбайлар: «Осы үй — болашақ болыстың үйі» деп әкелген. Ұлықта Оспанның сыйын көріп, парасын, құрметін қабылдап жатқанда «болысым», «сайланатынын» осы деп сенген-ді.
Бұл жолы да сайлау үйлері әдеттегідей ерекше боп тігілген. Ұлықтар жататын жай үш үйден құралған. Бөлек-бөлек, буын-буын үш дөңгелек зал сияқты. Оспан үйлерінің қасына тігілген осы сайлау үйлерінде әүелі, таң атқалы елубасылар бөлек жиын жасады. Әдет бойынша болыс сайлауының алдында ұлықтың көзінше осы жылы ел басына түсетін алым-салық үлеске түседі. Ояз бен крестьян начальнигі бұл күні қастарына тек елубасыларды ғана алып, осы болыстың бар старшындарына түсетін патшалық алымы мен салығын бөлгізді. Бір старшынның үй саны көп, біреуінің малы, басы молырақ, соның аңғарына қарай, старшын басы дөңгелек түскен салықты біреуіне аздап аударыстырып, нақтылы үлес беріседі. Дәл осы салық бөлуге крестьян начальнигі мен елубасылар қатысады. Шыңғыстың он екі старшынында отыз елубасы бар.
Сол елубасылардың алғашқы жиынында бар іске басшылық еткен Семей уезінің үшінші учаске крестьян начальнигі Никифоров болды. Ояз бұның үстінен қарайтын ұлық болғандықтан, жұмысты Никифоровтың өзіне басқартты. Ал өзі тек қана қалың дене, бурыл мұрт, күрең жүзін салқын ұстап, үнсіз отырды. Көп жылдардан бергі дуан ұлығы Казанцев патшалық өмірінің бұл өңірдегі үлкен өкілі өзі екендігін ұмытпайды. Суық көзден, күлкісі аз тұйық жүзден өзінің салмағын да, зілін де қазақ атаулыға таныта біледі.
Оның бұл сахарада азды-көпті тіл қататын адамдары қасындағы жас қазақ тілмашы мен болыстың песірі Захар Иванович. Халық бұны «Закар» деп атайтын тәпек песір. Ел қазағында ояздың санаулы сөз қатып, сәл шырай беретін кісілері Құнанбай балалары: Тәкежан, Ысқақ, Шұбар болды. Соңғы күндерде өрі үйінде қонақ боп жатып, әрі астыртын сый алғалы Оспанмен де бірер сөзбен тіл қатысатын.
Оспан орысша білмей, тілмаш арқылы сөйлессе де, өзінің сырт ажарымен Казанцевқа және әсіресе, оның әйелі Анна Митрофановнаға сүйкімді көрінген. Бұның қатты күлкіде ақсиын
көрінетін мінсіз аппақ тістері, қызын ерні, қара мұрты да өзгеше. Бірде қызумен, бірде көңілді әзілмен айқын ашылып, жалт-жұлт етіп отыратын шошақтау үлкен көздері де әсерлі. Шам отындай, лапылдап жанғандай бір шыншыл қызуды білдіріп тұратын кез. Өзге тұңғиық, қытымыр атқамінердің бәрі шынын ішіне тығып, сырттан, бет ажардан түкті сездірмеуге тырысса, Оспан олай емес. Олардың қасында ақтарылып, ағылып отырған кең сабадай, Күлкісін де, ашуын да, наз-наразылығын да ірікпейді. Шын бейіл берген адамына ыстық көрінетін қошеметін де мол төгіп отырады. Үлкен, ауыр, алып денесі бейіл берген қонағын күтуде соншалық тез қозғалады. Оның шапшаңдығы қолды-аяқты баладай оқшау білініп тұрады. Осы жайларының барлығы Казанцев пен әйеліне, Никифоровқа, тілмаш, урядник, стражниктерге ерекше жағатын. Олайша жағуына Оспанның жаратылысынан басқа тағы да бір оңай түсінерлік себебі бар. Өзі қолы ашық, кең, мырза болғандықтан Оспан ұлыққа ере келген қосшы-қолаңның баршасын, крестьян начальнигі Никифоровтан бастап, стражник Сергейге шейін және ояз бен начальник кеңсесінің атшабары қос шұбар Ақымбетке шейін сыймен сыпап тастаған.
Үй ішіндегі салық сөзі бітіп, елу басылардың дағдылы жиыны аяқталған соң, қалың елге енді «сайлау», «болыс сайлауы», «би сайлауы» деген дақпырт естілді. Сайлауқұмар көп атқамінер пысықтар жиындарына бұл хабар «бәйгіден ат келді* дегендей оқшау, шапшаң, қызу боп тарады. Жаяу-жалпы топтанын, кейде шұбалып, әр тұсқа тарап жүрген жұрт ұлықтарға тігілген үлкен үйлердің алдына лезде келісті. Урядник, стражниктер, атшабарлар жиынның әр тұсына тарап, жұртқа дыбыстап бұйрық берді. Қос бүктеп алған сары ала қамшыларын шапшаң сілтеп, жасқап жүріп, әуелде анталап келген жаяудың бәрін жайғастырып, кейін тықсырды «Отыр, отыр!», «Қозғалма!», «Қатар отыр», «Дабырлама!», «Доғар сөзді, доғар!» деген шолақ-шолақ әмірлер сайлауға жиылған қалың елді ұлықтар үйінен кейін серпілтіп, алқа-қотан отырғызды.
Көпшілік жырақтау орныққан соң, үлкен үйлер алдында көрмеге тұрғандай бөлек екшеліп ұлықтар мен сары ала қылыш, жезді айдар тағысқан урядник, стражниктер ғана қалды. Ұлықтар отыратын екі биік стол қатар қойылын, үстіне алалы мақпал жабылыпты. Жаз күніне лайықты ақ кительдер киген Казанцев, Никифоров және жас қазақ тілмашы шағаладай көрінеді. Күн астында алтынды, күмісті погондары жалт-жұлт етеді. Ояздың қасында сұлу көк көзді, келісті, толық денелі, аппақ етті мадам
бар. Ол жайлаудың ыстық күніне пысынағандай албырап, қызара түсіпті. Жұқа жібек орамалымен жиі желпініп отыр. Қалың жиынның даурығы басылған соң Казанцев бурыл мұрт астынан қатқылдау үнмен қысқа бұйрық айтты. Крестьян начальнигі Никифоров орнынан тұрды. Оның сол жақ қанатындағы қатар столда қазақ тілмашы мен болыстық песір Захар отыр еді. Сол екеуіне белгі етіп, начальник болыстық сайлау басталғанын мәлім етті.
Көп жиыннан ұлықтардың столына тақау келіп, оқшау отырған бір топ елубасылар. Бұлардың кейбірі малдас құрған, кейбірі жүгінген, тағы біреулері шынтақтап сүйеніскен қалыпта, бастарынан тымақтарын алып, ұлықтар ажарын қалт еткізбей бағып отыр. Болысты сайлайтын отыз елубасылар осылар.
«Болыс сайлауы басталды» дегенде, Тәкежан, Шұбар, Ысқақ, Оспан сияқты бір топ енді ғана ұлыққа тіккен үйлердің жанына келді. Елубасылардың бір жақ шетін ала отырысты. Бұлардың ажарын бағып, тыным таппай, күрескен кісідей қапысын аңдысқан Оразбай, Жиренше де сәтте қыбылжып қалды. Олар да орындарынан қозғалып, «жүр, жүр», «бас», «бол, бөгелме» десіп, күбір-күбір етісіп қалды. Алты-жеті кісі боп, жаңағы оқшау отырған елубасылардың екінші жағынан, Құнанбай балалары отырған жақтың қарсы қанатынан келіп орын алысты. Бұл топ — әлі күнге ілігі мен түйіндерін, шоғыры мен тобын жазбаған баяғы жеті бай.
Ұлықтың урядник, стражниктері сайлау үстінде орындарынан қозғалған кісілерді жазғырып, қамшы үйіріп, мазалай беруші еді. Қазір Құнанбай балаларына тимегендей, бұларды да қағажулаған жоқ. Бұның да себебі жоқ емес-ті. Шашын шошқаның жон түгіндей үдірейте тікейткен қалың бет, қара сұр қазақ тілмаш бағана таңертең Жиреншенің қолынан бір топ кесек пұл және бір буда ұсақ ақша алған. Сонда Жиренше аса құпия сыбырлап, бұл тілмашқа екі тілек айтқан. «Ең әуелі, шар салған жерде тасты құтты қолыңмен сана! Менің де атайтыным болады. Егер күнім туып, сол дегенім болса, сенің жақсы лепесті жариялауың үшің алдын ала орамал етіп, мынаны ұсынамын...» деген.
Бұнысы — елубасылар шар салған күнде мұрты ғана емес, бүтілімен Оспанға қисайып отырған ұлық тас қағыстырмасын деп паралап жатқан әрекеті. Көптен бері сан сайлауды өткізген, тіс қаққан Жиренше біледі. Шарды, түбіңде, елубасылар салып болған соң, санайтын ұлықтың өзі болмайды, осы мынау столда отырған екі тілмаштың бірі болар. Сол себепті қазақ тілмашқа қолқасын салған. Екінші түйіншекті урядник, стражник атшабарларға, мынаны қоршап жүрген көп «жалаңқылыштарға беріп қой» деп тапсырған. Олар жөнінде қадағалап айтқаны: «Ал мынау жиын алдында, әсіресе, ұлық алдында оқыс сөзім, оқшау ісім бола қалса, қамшы үйіріп, қақап тұрмасын. Бұндайда бетке сермеген, шошайған қолдың өзі де кісінің пысына жақсы болмайды. Бағына нұқсан болғандай зіл, зеку болмасын! Соларына осынымды да асатып қойшы!» деп берген-ді.
Қазір, міне, сол бергені тап келгендей болды. Жиренше мен Оразбайға қосыла Бейсенбі, Абыралы, Күнтулар шар салатын жерге мінбелей кеп отырды. Сонда да оларды байқаған, қаққан ұлық қабағы аңғарылмады. Екі жақтағы осындай ұсақ қозғалыс біткенін тосқан Никифоров енді қазақ тілмашқа бір тізім қағазды әкелуге бұйырды. Өзі түрегеп тұрып, сол тізімдегі адамдардың аты мен әкесін атап тұр. Отыз елубасыны начальник санап тұрғанда, қазақ тілмаш та қатты саңқылдап қайталап айтып тұрды. Бар елубасы: «менмін», «бармын!», «мұндамын!» десіп үн қатып шықты.
Осы кезде крестьян начальнигінің алдына әдемі сырлы, төрт қырлы сұлу сандықша кеп орнады. Енді жаңағы аталған елубасыларға сол сандықты сипай тұрып, крестьян начальнигі ең бір мәнді, ең тиянақты қысқа сұрақ қойды:
— Жә, Шыңғыс болысының выборщиктері! Сіздер бүгінгі жаңа сайлауда өздеріңізге болыс етіп кімді атамақсыздар? Соны айтыңыздар!
Сол-ақ екен, Құнанбай балаларына қарап, жалтақтап отырған бірінші ауылнайдың елубасысы Есіргеп Шұбарға жалт қарады. Бұрынғы сайлауларда төселген омырау әдетімен Шұбар лезде емеурін берді.
— Атап қал! Бол, алдымен ата!—деп, Есіргепке күңк ете қалды. Сол арада Есіргеп:
— Уә, тақсыр ұлық! Болысымыз — Оспан! Өскенбаев Оспан!— деді. Анна Митрофановна бұл кезде өзінің нұрлы көзін жалт еткізіп Оспанға төңкергенде, оның қысылмай, қымсынбай еркін күліп тұрған жалынды жүзін көрді де, қоса жымиып күліп жіберді. Біраз үнсіз кез өтті.
Никифоров қағазға Оспан атын жазып жатыр. Ұлық пен барлық жиын енді, тегі екінші ат аталмас деп ойлаған. Таласқа түсетін кісі болар деп ойлаған Құнанбай жағы тіпті жоқ. Бірақ дәл осы кезде елубасының екінші шетінен Жігітектің көселеу қара сұр жігіті — Омарбек дейтін елубасы қатты дауыспен саңқ еткізіп:
— Уә, тақсыр ұлық! Болыстыққа атайтын тағы бір кісіміз бар. Оны да тіркеуіңізді өтінеміз!— деді.
Ұлықтар қалта қарасты. Сыртқы жиын мен Тәкежандар жақтан таңырқаған, сескенген үндер шығып қалды.
— Онысы кім? Бұл неменесі!? Кім айтты осы сөзді?— десіп жатыр.
Бірақ ендігі дауыс елубасы ішінен жалғыз Омарбектен шыққан жоқ, қатар отырған Жігітек, Бөкеншінің үшеу-төртеуі бірауыздан бір-ақ кісіні атады.
— Болысымыз — Күнту! Шоңқа баласы — Күнту!.. Күнту!— десті.
Күнтудыңда аты қағазға тіркелді. Осы екеуінен соң өзге адам аталған жоқ. Ырғызбай, Құнанбай жақтарының өздеріне сенімі сонша күшті еді. Қазір олардың жұртқа қараған жүздеріңде кезек ауысқан ызғар, әжуа не кекесін, мазақ күлкі бар.
Тілі шайпау біреуі Тәкежан жақта тұрып мазақ сөз де тастады. «Шоңқа түсейін деп, оңқа түсейін» деген ғой! Күлкіге түскен Шоңқа ғой!—деп қалды.
Бұл кезде начальник пен тілмаш елубасыларды кезегімен шақырып, қолдарын қойғызып, хат білмегендерінің бармақтарын бояп бастырып, ұлық столындағы сырлы сандықтан көгершін жұмыртқасындай бір-бір жылтыр, әсем шарды беріп жатқан, Аздан соң бар шар үлестірілді. Енді сайлауға кірісті. Жұрт жым-жырт. Сабыры кеткендер отырған орнында жорғақтап, тынымсыздықтан түкіріне береді.
Аталған ретіне қарай «әуелгі шар Өскенбай ұлы Оспанға салынады» деп жарияланған. Отыз елубасы бірінен соң бірі тағы да кезекпен шақырылып, салмақпен басып, стол басына барысты. Тілмаштар мен начальниктің аралығында сары барқытпен бүркеулі биік сандық тұр. Соның бір жағы қара, бір жағы аққа боялған. «Оспанды сайлаушылар оң жаққа, аққа салсын!» деп, елубасылардың өздері білетін жайды онан сайын еске сала тақылдап, көп Ырғызбай құжынап тұр. Кей тілмаш, атшабарлар да сол жайды айтысып қояды.
Елубасылар стол басына үнсіз келіп, аты-жөнін начальникке ғана айтады. Жеңіл шапандарының ұзын жеңіне қолдарын тыға барып, сары барқыт бүркеудің ар жағына өз сырымен өзі боп, қолдарын сүңгітіп жатыр. Қазақ көзі қаншалық сығалағыш болса да, сан жыңдардан бері қарай дел осы сайлау үстіңде елу басының қолы барқыт шымылдық ар жағында ақпен қараның қайсысына түскенін әлі аңғарып көре алған емес. Сол білінбеген шар саны,
отыз елубасы Оспанға тегіс шар салып шыққанша, білінбеген күйде қалды. Бар елубасы өтіп болған соң ғана начальник орнынан тұрды. Шардың басына ояз бен екеуі қатар келді де, тілмашқа бұйрық етті.
Қазақ тілмашы ұлықтар көзінше ақ пен қараның тартпасын ашуға ыңғайланып еді. Казанцев: «Әуелі қатар ашпай, ақты ғана аш! Жұрт көзіне көрсетіп сана!» деді.
Қазақ тілмашы бір танауынан мырс бергендей сәл жымия түсті де, өзі көріп тұрған ақ шарлар көлемін әуелі алақанымен бір сипап өтті. Сонан соң бір-бірлеп алып, ашық стол үстіне қолын көтеріп, қат-қат салып тұрды.
«Оспанды сайлаған ақ шар отыз болмаса да соны алқымдар! » деген үміт күл-талқан болды. Тілмаш: «Бір! Екі! Бес! Тоғыз!» деп барды да, құдай ұрғандай тоқтап қалды.
«Тағы!», «Тағы!» дегендей Құнанбай балалары ентелеп түр.
— Тамағына тас тығылды ма, мына иттің?— деген күбір, зіл де шығып жатыр. Бірақ тілмаш ақ шардың санын сонымен біржолата тоқтатты.
Осы кезде бұлқынып бұрылып қалған Казанцев санын бір соқты да, әйеліне бұрыла беріп: «Провалили!» деді. Анна Митрофановна да жайбарақат отырған жүзі жалт етіп, ду ете түсті. Көзі шарасынан шыққандай шаншыла қарап, оқыстан шаңқ етіп айқайлап: «Как так!» деп қалды. Тұтанғандай боп, орнынан атын тұрды.Бұл күйді Жиренше, Оразбай мен солардың сыртында отырған бар қоршаулары көрген еді. Олар сақылдап, қарқылдап, сықылықтап мәз бола күлісті.
- Не деді?
- Не десті?— десіп, аңғармай сұрағандарға Жиренше мен Оразбайлар ұғындырып жатты.
— Ояздың қатынына шейін «көтек» деді.
— Ояз қатыны «көтек» деді!— десіп, айнала отырған бар жиын мәз-мейрам болып күлді.
Оразбай енді күлкіні тыйын, сызданып, салмақтана сөйледі:
- «Көтек» болса сол! Бар Құнанбай баласын тулап, төңкеріп тастап, анық «көтек» дегізген осы болды. Тек, әмісе, жолым болсын, я әруақ!— деп жіберді.
Сайлауды тоқтатуға болмайды. Томсарып, есеңгіреген ұлықтар енді Күнтуды шарға салды. Оған да елубасылар сыр білдірмей, ұрланын кеп, сары шымылдықтың ар жағына қол созып жатыр. Бірақ жаңағы Оразбайлардың жеңген ажары ажар еді. Шарды қайта санап жібергенде, ақ жағы нақ жиырма бір тас болды да шыға
келді. Сөйтіп, Құнанбай балаларының басына ашық күннің аспаны қақ жарылып, жалғанның жартысы құлағандай болып, сұмдық шындық жетті.
Оспан сайлауда құлады да, Күнту болыс болып шыға келді.
Жеңіп алып, болысты өздері атаған жиырма бір елубасы сол жиырма бір шардың жұбын жазбастан отырып, дәл осы орында он екі старшынның билерін де өз дегеніндей сайлап шыққан. Құнанбайлар жағының атаған билерінен де қатарға ілінген кісілер некен-саяқ-ақ.
Сайлау бітіп, ел тарар жерде Оразбай, Жиренше топтары жаңа болыс болған Күнтуды ортаға алды. Жеңістерінің қуанышын білдіреді.
Осы Құнанбай аулының іргесінде тұрып-ақ шулап, даурыға күліседі. Жиренше бір кезекте мұртынан жымия тұрып, Оразбайды санынан түртіп қойды.
— Жаңа аңғардым ғой, атыңнан айналайын, осы болысымның атының өзі қандай жақсы еді. Енді аңғарсам, баяғыдан Күнту — Күнту атанып жүріп, осылайша сарғайтып келіп бір туғалы жүр екенсің ғой! Жетіскенімнің, жеңгенімнің күні боп тудың ғой!— деген.
Жиренше мен Оразбайлардың мұндай сөздеріне қарағанда, бұдан былай Күнту болыстың мөрі де, әмірі де оны осы жолы сайлап отырған жеті жуанның еркінде болатыны айқын. Кейін біреуді көрсететін приговорлар, тентек-тебізді сүйейтін хат-қағаздар өз қолдарында болмақ. Әлдекімнен жер, тағы біреуден үйірлі мал тартып алыспақ болса, солардың сілтейтін қайратты қара шоқпары да осы Күнту қолындағы мөр, мойнындағы знак болатыны даусыз.
Құнанбай балаларын бұрын болып көрмеген жасырын әрекет, құпия тартыспен ойдағыдай жеңіп шыққан желікті топ көп жайлауларға тарап жөнелгенде, талай күлдіргі, мәз-мереке, желік, мақтан сөздер ала кетті. Сол ретте қалың елдің аузына түгел тараған қалжың мысқылдың бірі — ояздың әйелі айтты деген, бағана күндіз жаңсақ ұғылған бір сөз. Ояздың қатынына шейін, есі кеткеннен «көтек!» деді десіп, масайрап күлісетін.
Осы күні жеңілген Құнанбай балалары өздерінің қалай алданғанын, қалайша құрамай қапқанын аңғара алмай, көп әлекке түскен. Ояз бен начальникті жөнелте сала, олар күндіз-түн қамалып, үйілісіп, тағыда әр алуан шараларын істеп көрмекке жан салған-ды.
Бірақ дәл бұл күндерде оларынан түк шықпайтыны өздеріне де, жұртқа да мәлім. Соны бұлар тобына бір орайда оқыстан соғып,
әзіл етіп Абай білдірді. Ол Оспан үйінде отырған Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалының үстіне бір-ақ сәтке ғана кіріп, түрегеп тұрып бір мысқыл айтқан:
— Е, көп суыр!.. Көбің қосылып ін қазамын деп жатырмысың! ? Күнту деген бір томар табылыпты. Енді тобыңмен тырналап, тістелеп тырмысқаның сол жалғыз бір томардың түбін кеміру ғой! Жә, жә! Суыр болған соң, суырлығын етеді де сол!— деп күле түсіп, шығып кеткен.
Өзге Құнанбай атаулының бұл сағаттардағы «сағым сынды», «бағыма нұқсан келді» деген беймаза байбаламын Абай түсінсе де, өз бойына дарытпаған. «Мұқаттым» деп, «қара жерге отырттым» деп қара борандатып Оразбай, Жиреншелер кеткенмен де, өзінің бұл күндегі ісіне, еңбегіне ойы берік, бойы бекем Абай селт етіп, шіміріккен жоқ. Қайта қылшығы құрамағандай қымсынбайды. Соған жаңағыдай қылаң ұрып, қалжың айтып жүрген мысқылшыл ажары айқын айғақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет