1 Жас шалғыны мол, кең қоныс — Барлыбайда отырған Абай аулы. Мұнда бүгін үлкен әбігер бар. Ақ үйлер мен отаулар, қонақ үй, ұраңқайлар арасында асығып басып жүгіргендер көп. Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған, самауырлар тасыған жас әйелдер, еркектер қарбаласады. Таза көйлек, камзол киіп, көкбараздаған кимешек-шаршы тартқан келіншектер мен үкілі бөріктері бар қыздардың ажарында мереке күн белгісі сезіледі. Әлденеге қуанып, шулап жүгіріскен үлкенді-кішілі балалар да таза киімдер киіскен. Оларды оқудан да босатқан күн сияқты.
Ауыл сыртындағы көгалға апарып, қағып-соғып тазалаған кілем, түскиіз, алаша, текемет, жаңа сырмақтар көрінеді. Бұлар Абай үйлерінің айналасын оюлап, кестелеп, ерекше әшекейлеп тұр. Күміс қарғылы сыландаған екі сары тазы да үйлер арасында қарғып ойнап, әсем көрініс береді. Шашақты құлақтары жалбырап, ұзын құйрықтары шиыршықталып жүр. Олар секірсе де, ортқып ойнап алысса да, сыпайы сұлулықты байқатады. Еркелі шапшаңдықпен ұстарадай өткір қуатты да танытқандай. Барлық жинақы сәнді бітімімен еріксіз көз тартады.
Ауыл сыртында, үйлер арасында ат үстінен үн беріп әбігерленіп, жорта жөнеліп жүрген жас жігіттер жиі кездеседі. Ауыл үстіндегі әбігер, құнан-тайлы балалардың тоқтаусыз дабыстап, айқайлап, шапқылап жүрген қозғалыстарынан, әсіресе, анық танылғандай. Олардың желу-жортулары, кейде ауылдың тазыларын, жас күшіктерін де еліктіріп, бірге шапқызып ойнатады.
Осындай қозғалыстан туған қызумен қатты дабырлаған адам үндері кермеде тұрған аттарды да еліктіреді. Ерттеулі жарау аттар байсалды тұрғанымен, үлкен үйге тақау байланған қара жал, қара құйрық, құрым сары ат көптен тықыршып, тыныштық ала алмай тұр. Қасынан тазы иттер жүгіріп өтсе, балалар шапқылап кетсе немесе қыз-келіншек пен жігіттер әзілдесіп, қатты күлісіп, дабырласып сөйлесіп өтсе де семіз сары ат кермені сүзе жөнеліп, ары-бері бұландап елегізіп қояды.
Ауыл сыртында, көк бетегелі ұзынша төбешіктің басында Абай бір топ көршілерімен, Шыңғыс жаққа көптен көз салып отыр. Кейде ауылға да бұрылып қарасады. Ондағы киіз қаққан, үйлерді жасап жүрген, жерошақ басында самауырларды түтіндетіп қайнатқан, көп қазандар асқызып жүрген таза киімді әйелдерге, күтуші жігіттерге де бейілді жүзбен қарайды. Әдеттегі ауыл тәртібін бұзып, үй қасына қатты жүріп келген аттыларға, үйлер арасынан, қотан ортасынан шапқылап өтіп жүрген балаларға бүгін Абай кінә қоймайды. Қасында отырған үлкендер де әдеттен тыс әбігерін түсінеді де, кешіріммен қарайды.
Бүгінгі Абай аулындағы үлкен әбігер мен қарбаластың жөні бөлек. Бұнда тартыс-таластың жиыны болмақ емес. Бөтен, бөгде, жат-жалаң келмек емес. Мазасыз, жайсыз кеткен ауылдың тәрізі жоқ. Бірақ күйеу келтіретін, келін түсіретін, қыз ұзататын дағдылы той әбігері де емес. Абай мен оның барлық үй іштері, әсіресе, іні-шәкірт, достары үшін ең бір қадірлі әбігер. Бұның себепшісі — Әбіш. Екі жылдан бері елге қайтпай, осы бүгін, енді ғана «туған аулына келеді» деп, ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған Әбіш.
Оны тосушылар тек ауылда ғана емес. Ат үсті әбігер ауылдан алыста. Шыңғыстан Барлыбайға қарай асатын Бөкенші асуының маңынада созылып барған. Ересек азаматтар, бозбалалар ауылдан алыста, асуға тақап барып, таңертеңнен бері сонда тосып жүр. Ол кеткендер Көкбай, Ақылбай бастаған — Кәкітай, Дәрмен, Мұқа, Әлмағамбет сияқты жастар. Оспан аулының жігіт-желеңі де бірге кеткен.
Оспанның өзінен туған бала болмаса да, бұның кенже інісі есебінде, Құнанбайдың қолында өскен Ақылбайдың екі баласын Оспан асырап алған еді. Олар үлкен үйде, Еркежанның қолында өсетін — Әубәкір және Пәкизат. Оспанның ерке етіп өсірген бұл екі баласы өзге балалар жүрмейтін жерлерге еркін бара беретін. Бүгін Пәкизат «Әбіш ағамның алдынан шығамын» деп, қасына бір топ өзінен үлкен қыздарды ертіп алған.
Төбе басында аттан түсіп отырған Ақылбай, Мұқалар құмалақ та салады. Кесек, сұлу жүзді, ақ сұр жігіт — әнші Мұқа қазір «көріпкел» балгер пішінмен, жаңа ғана салған құмалағын шапшаң жинап жатыр.
- Енді қайта салып қажамау керек. Жолаушыға салғанда, бұл құмалақғы «шығып қара» деп айтады. «Ат тұмсығы тірелді» деген осы. Қоржыны тоқ, көңілі орнында, есіктен төрге шүйішігі! Бол, атқа қоныңдар! Мен білсем, қазір Бөкеншінің сонау асуына Әбіштер шығып қалды. Ал атқа қон!— деп сілкініп, көңілденіп түрегелді.
Сабырсызданған балалар «келіп қалды!» деген сөзге шынымен иланып, құнан, бестілеріне жүгірісіп, асығып мініп, «қайда, қайда! ?» десіп, қарбаласып жүр.
Құмалақ атаулының бірде-бір жол, дәл осы жерде анық айтқаны келіп. Атына жаңа мінген Дәрмен асу жаққа көз салып:
— Жаным-ау, мына Мұқаның ақмартуы бар ғой, жарандар-ау! Әне келіп қалды Әбіштер!— деді де, тебініп ілгері баса берді.
Шынында, осы кезде Бөкенші асуының жотасынан бері қарай шапшаң құлдилап келе жатқан қалың шоғыр көрінді. Арбалы жүргіншілерді қатарласа қоршап келе жатқан төрт-бес салт атты да бар. Шамасы, тай шаптырымдай жер еді. Тосушылар енді бет-бетімен аттың басын қоя берісті. Шұбартқан аттылар тобы аласа шалғыны бар, әдемі жасыл төбелер мен сызатты сайлар бойында андыздап, бір жерлерде шашырап, кей жерлерде үйіліп, сығылысып, қалың нөпір-топыр жасап, жарысып барады. Олар енді біразда, ең соңғы кезеңге шыққанда, жолаушылар арбасы ойға қарай күлдіреп құлай берді. Үш құланы жеккен жаңа күйме ылдиға қарай ағындап жонелгенде, қасындағы салт аттылары кейіндеп қалды.
Жүргіншілер ойға, жазаң жерге келіп түскенде, бағанадан бұларға көрініп, өздеріне қарай асығып, тырағайлап шауып келе жатқан аттылардың алдыңғы екеу-үшеуі үйме-жүйме қатар жетті. Омырауларын тер басқан, демігіп, танауратқан сәйгүліктерді зорға тоқтатқан ауыл кісілері күймеге соқтыға жаздап, дабырлап сәлем берісті. Қуаныштың айқай-шуын, шат күлкісін Әбіштің алдынан ала шықты.
Бұрын жеткен Кәкітай, Дәрмен және Оспанның бір ұл, бір қызы — Әубәкір, Пәкізат. Алдарынан бұлар орала бергенде, күймеде отырған Әбіш: «Тарт! Тоқтат аттың басын!» деді. Қатты жортып келе жатқан күйме тоқтағанша, өзі ерекше шапшаң жас әскери дағдысымен кйүмеден жеңіл ытқып, қосаяқтап секіріп те түсті. Козлода отырған Баймағамбет те аттарды тежей берді.
Іні-бауырлар көздерінде қуаныш жасы бар. Жарқыраған күлкі мен жас аралас шыққан үзік-үзік сөздер естілді.
— Ағатай!
— Әбіш аға!
— Айналайын, Әбіш аға!— деген шашудай шат, ақаусыз таза бауырмал сөздерді естігенде, Әбіппің өңі аппақ боп, жүрегі қалтырап кетті. Атынан домалай түсіп, құшағын аша жүгірген Кәкітай Әбішпен қатты құшақтасып, сүйісіп тұр. Бұған Әбіш ауру сияқты көрініп еді. Бауырмал жүрегі зу етті. «Ауру болмаса,
бұншалық шөлмектей аппақ боп жүдер ме еді?» дегендей күдік оянған.
«Әбдірахман көп уақыт елге келмеді. Қаладан ауру алып қала ма!» деген күдік уайымды, бұл азамат туралы үлкен аға, кәрі шешелер күдігін Кәкітай көп еститін. Жаңағы үріккен қалпын ол жасырған жоқ. Әбіштің құшағынан босай бере:
— Әбіш аға, деніңіз сау ма? Аман-сау жеттіңіз бе? Түсіңіз неге жүдеу?— деп еді. Әбіш Әубәкір мен Пәкизаттың бетінен кезек сүйіп жатып, Кәкітайға жалт қарап жіберді. Жаңағы аппақ сұр жүзіне қазірде жұқалаң қызыл жарастық қан ойнап шығыпты.
— Денім сау, Кәкітай!— деп, ауыл-аймақтың, әкесінің амандығын сұрап кетті.
Осы кезде созыла шапқылаған тосушылардың барлығы ағызып кеп, үйме-жүйме аттарынан түсе, жүгірісіп жатыр. Әбішті бәрі де аймалап, орталарына алды. Кәкітай қазір күйменің ішінде бұған қарап күліп, екі қолын жайып, тосып отырған Мағашқа қарай үмылған.
Мағаш Кәкітайға әзілдеп:
— Қуанғанда сенің мұрның, тіпті, мүлде пұштай болып кетеді-ау! Түрің қалай жаман еді. Салиқа да жоқты менсіне береді екен-ау!—деп, сылқылдап күліп қойды.
— Пұшық болсаң бол! Тек Мағаштай көсе қыла көрмесін деп жүр ғой Салиқа,— деп, Кәкітай Мағашпен көрісер-көріспестен әзілдесіп, қағысып қалды.
Әбішпен бірге күймеге Пәкизат отырды. Кәкітайды Мағаш та қастарынан жібермеді. Сонымен қуанысып табысқан күйме толы бауырлар көп салт аттылардың қоршауында, енді Абай аулына қарай құйықтыра жөнелген.
Доғадағы жез қоңырау қатты шылдырайды. Дүпке жеккен нар құла аттың басын шұлғып тастап, екпіндеген ағынын қостап, тынымсыз шыңғырлайды. Шаңсыз жазықта бетеге, тарлау арасында жіңішке созылған тастақ жолдың үстінде жақсы күйме күлдірлей түсіп, шапшаң ағындайды. Әбіш Кәкітай мен Мағашқа кезек-кезек қарап, екі інісінің аймаласқан татулығын тамашалайды. Олар біресе әзіл қатысып, бірде сөзсіз-ақ сағынысқан күйде көз алмай күлімдесіп, қуанышпен қарасады.
Кәкітай Әбішті сағынғандай, Мағашты да қатты жоқтап, сағынған сияқты. Мағаш қалаға кеткелі де көп болған. «Әбіштің алдынан шығамын» деп, бір жарым айдан бері Семей қаласында тосқан. Мағаш Әбішпен сөйлескенде Кәкітайды ерекше достықпен сүйетінін айтушы еді.
Әбіш енді Кәкітайдан ауылдардың қонысын сұрастырып келе жатты.
Барлыбайда Абай аулы бар екен. Бұдан өзге Ырғызбайдың көп ауылдары ілгері жайлауларға көшіп кетіпті. Мыгаау ауыл осы жолаушылардың келуін тосып, іркіліп қалыпты.
Шымы түтас жазықта дүрілдетіп шапқан көп аттылар барлық ағындаған тобымен Барлыбай өзенінің жағасындағы Абай аулына келіп те қалды.
Қазір бұл ауылдың үстінде бұрынғы әбігер біткен де, енді қалың жиын Абай мен Әйгетімнің үлкен үйінің сыртында, үнсіз қадалып тосып тұр екен. Абай жиынның тап ортасында тұр. Үстінде ұзын, ақ сарғыш қытайы жібек бешпеті бар. Жазғы жеңіл киім бұл күнде толған денесін аса айқын көрсетіп тұр. Күрең барқыт желетке мен ақ көйлек, кең бешпет өзінше бір келісті көрнек, жарастық бергендей. Самай, мандай шаштары кейіндеп, бурыл тартқан Абайдың бұл күндегі үлкен, кесек жүзі ойлы, келбетті адамның жүзіндей ашыла түскен. Кең, жазық мандайында әжім аз. Жіңішке ұзын қастары әлі де қап-қара. Бетінде де әжім тіпті аз ғана. Селдірлеу боп жайыла біткен сақалы ұзара түскен, соңғы жылдар білінген бурыл талдар бар.
Абайдың айналасы қазір, көбінше, әйелдерге толы. Дәл қасында екі көзі жасаурап, әні ақ сұрланып Әйгерім тұр. Кәп келіндер, жұмысшы, сауыншы, жылқышы, биешілер сияқты жұпыны жүзді көрші-қолаң да көп. Үлкендерден қартаң шал көршілер болмаса, басқа бәгде адам аз. Жүргіншілер дәл ауылға тақай бергенде, салт аттының бәрін Дөрмен дабыстап тоқтатқан-ды.
- Әбіштің күймесін алға шығарыңдар! Алдымен Әбіш жетсін! Ауылдың тосқаны сол ғой, біздер емес. Және ауылға атшабар, стражниктер тәрізденіп, қоқандап бармайық! Іркіле жүріңдер!— деп бұйырған.
Баймағамбет ауылдың іргесіне жеткенше нар құла атты басын ірікпестен, сар желдіріп әкелді. Күйме тоқтамастан, Абай бастаған жиын қарсы алдынан өздеріне қарай қозғалғанда, Әбіш тағы да тоқтап болмаған күймеден ытқып, секіріп түсіп, әкесіне қарай құшағын жайып, асыға жүгірді.
Абай да мол құшағын кең жайып, Әбішті бауырына алды. Соншалық қатты қысып, құшып тұрып, құлағынан, бетінен, көзінен сүйіп, ұзақ уақытқа шейін өз бауырынан босатпады. Әке мен бала екеуінде осындай сағынышты құшақтанбасқа бір ауыз сөз болған жоқ. Әбішті көп уақыт жүрегіне басып тұрып босатқанда Абайдың қара сұр жүзі аппақ сұр боп, өзгеше оңып өзгерендей.
Айнала дүниені біраз уақыт аңғара алмай, есеңгіреп қалған жайы бар.
Әбіш бұл кезде бала халінде болатын. Ақ гимнастеркаға жезді түйме таққан Әбіштің юнкер формасындағы погондары, қазіргі сәтте кезек-кезек құшақтаған аналар, жеңгелер, кемпір-шал көршілер арасында еміс-еміс көрінеді. Кокардасы бар картузын Әбіш бұл уақытта қолына алған. Сұйықтау қызыл қоңыр шашы жылтырай, жабыса таралған екен. Ертерек қасқа бола бастаған кен, биік мандайы ашық көрінеді. Әбіштің бойы сұнғақ. Көрнекті, қырлы мұрны байқалады. Жұқа ерін, қызғылт жүзді, сәнді киінген жас жігіт өзгеше сұлу көрінеді.
Көп қауышу, жылап амандасу арасында шешелер мен жеңгелерінің тілеулестігі айтылады. Балажан көрші кемпір-шалдардың, Әбішке айтып жатқан үзік-үзік мейір, шапқат сөздері естіледі.
— Жаным, есен жеттің бе?
— Сәулем, ұзағынан сүйіндірсін!?
— Кәп сағындырдың ғой, қуатым!
— Айналайын, күнім!..
— Ата-ананды ұзағынан сүйіндірсін сапарың!
— Сапарың құтты болсын, қарағым!
— Қош келіпсің, Әбішжан!— деген, сан тілеулес жүректерден шыққан ыстық сөздер Әбіш үйге кіргенше барлық жиын атаулының тұла бойын шымырлатқандай.
Қонақтар үйге кіріп отырысымен, Абай Әбіштің жүзіне үңілді.
— Неге жүдеусің Әбіш, денің сау ма?
— Қаланың оқуы жақсы болғанымен, тамағында нәр бар ма?! Сорып тастағандай, шөлмектей болыпсың ғой?— деп, Көкбай Әбіш өңінің ақшылдығы үшін бүкіл қала тамағын кінәлауға айналды.
Тағы бір кезде Абай Әбіштің оқу жайын сұрастырып еді.
Петербургтегі Михайлов атындағы артиллерия училищесі Әбіппің айтуынша, оның тандап түскен мектебі емес екен. Ол өзілдеп отырып, Абайдың өз сөзін келтірді:
«Баламды медресеге «біл» деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»
дегеніңіз есімде, аға! Ниетім, өзіңіз білесіз, политехникалық интститут еді. Былтыр да, арғы жылы да оған түсу ге менің жолым тар болды. Мынау школдың енді біраз оқуы қалды. Өзге оқуды осыны тамам етіп алып, ескермекпін,— деген.
Абай әзірге сөзді ұзаққа созған жоқ:
— Ғылымның жаманы жоқ. Біздей сусағанға қай ғылым болса да, соңына түссе, алтын асыл қазынадай. Азаматтық құралынды мығым етіп берерлік оқу, тәрбие болса, ата-ана одан өзге қолқа салмайды, қарағым! Халқына басшы болар талап соңына түссең, офицер боп жүріп жетесің бе, инженер болып, адвокат оқуын оқып жетесің бе, бәрібір! Қай тұрғысына барсаң да еліңнің мұңы мен мұқтажы мың батпан. Тек, оқып өсе беруінде, саушылық қуатың ғана жетсе екен деп тілеймін!— деді.
Әбдірахманды тағы да күшақтап, бір қолымен бауырына қысып, ұзақ ұстап отырды.
Үй толы адам жиылып, ас әзірленді. Әр тұста әр алуан сөз шығып жатты. Абай енді бір орайда өзінің жаңа досы Павловты еске алды. Онымен Абай Семейде танысқан екен. Павлов бұл жаққа Тобольск абақтысынан шыққан соң жер аударылып келген екен. Абай оны өз аулына қонаққа шақырып, осы жолы Мағашқа ертіп ала кел деп тапсырған еді.
Қазір Абайдың ендігі сұрағаны өзінің сол досы Павлов туралы болды.
— Федор Иванович неге келмеді, Әбіш? Не бөгеді? Сенімен бірге келемін деп қатты уәде қып еді ғой.
— Оныңыз рас, бірге жүрмек болып, сонша тырысып еді, рұқсат ала алмады.
— Губернатордан сұранды ма?
— Губернатор арызын полицмейстрге жіберіші де, соның өз еркінше шешуіне тапсырыпты. Ал онысы рұқсат бермеді. Айдаудағы адам жайлауға барып қымыз ішпесе де болады десе керек.
Абай Павловтың келе алмағанына көп күйзеліп қалды.
— Бәрекелді-ай! Аса қадірлейтін қымбат адамым еді, денсаулығыда нашар. Сенімен бірге жақсылап тынықса деп ем. Өзімен дұрыстап таныстың ба?
— Таныстым. Көп кездесіп жүрдім. Бірнеше рет ұзақ-ұзақ та әңгімелестік. Бар жайды сонша кең, терең түсінетін аса біл-гір адам екен. Революционердің ардақты тобынан болғандай. Сізге де соншалық дос екен. Өзіңізді, еңбегіңізді сан қазақтан артық түсініп бағалайтын жан ба деп ойладым,— деп Әбіш
ауылға Павловты ертіп келе алмағанына бірталай өкініш білдірді.
Осы кеште жиі ауысып отырған шай шіу, қымыз шіу, ет жеу араларында үй толы жиын әдемі бір сауық өнер көрсетісті.
Сахара тіршілігінде ақын, әнші, ойыншы, күлдіргі адамлар көп кездеседі. Абай аулының өзі болса, бұнда неше сырлы сымбат, өнер үлгілері бар. Бірақ бүгін бұл ауылдың барша адамдарын анық тамаша қалдырған жаңа өнер кәріңді. Ендігі сауықтың әрбір түрін тың қонақ бастады.
Барлыбай жазығында жайлаудың жарық айлы, желсіз тынық түнінде, Абай мен Әйгерімнің үлкен үйінде, аса нәзік шеберлікпен сызылып созылған скрипка күйі кетті.
Бүгінгі отырыста үй іші сауыққа ауысқан сайын сол скрипка шектерінен өзгеше бір саздар тамылжыды. Әбіш жақсы скрипкашы екен.
Ол кей уақыттар орыстың сұлу назды романстарын тартады. қауымға тың болғанмен, барлық орыс жұртына мәлім «Стенька Разин», «Ермак», «Бродяга» сияқты әндерін де тартады. Ойнақы, мөлдір қызық ырғағы бар, қайнағандай жігері жұлқынып тұрған өте әсем ырғақты би күйлерін ойнайды. Кезектесіп мазурка, полька-мазурканы жайнатады. Бір ауық құтыртып, асқақтата тасқындаған музыкамен «Гопакка» соғады.
Әбіш әр өнер, әр мінездермен, отырыс-тұрыс, киім қал-пымен Абайдың жас достарының барлығын таңғалдырды. Олар қызығып таңырқайды. Оқу тәрбие мен шаһар тәртібі бұлардан әрбір қимыл-қозғалыстарын, пішін-мүсін, қалып-қабілетін мүлде басқа еткен Әбіш мынау. Осылардың кейбірі туған ана құрсағынан туса да, мүлде басқаша боп, сыпайы бекзада үлгіде қалыптанған Әбішке көп таңырқап қарасады. Өздерінің ағасы, бауыры, ыстық досы, жандай жақын қадірлісі болған Әбіштің, бұлардан сондайлық ала бөтен өзгешеліктеріне кейде кешіріммен, кейде қызығу, мақтанумен, шексіз қошемет, құрметпен де қарасады.
Сан рет скрипканы өзі таргып өткеннен кейін, бір кезде Әбіш өз скрипкасын Мұқаға ұсынды.
Мұқа Абай аулына бұл жастарға жолдас, дос болып, бертінде кеп қосылған. Ол — осы елдің адамы да емес. Көршілес Көкен болысындағы Уақтың Қандар дейтін руынан шыққан. Елінде өзінің құмар болған бір қызын ала алмай жүргенде, Мағаштың мөслихатымен Көкеннен алып қашып, осы Абай қолына келген де, басында тұрып қапған. Қалада кездесіп жүретін сыпайы мінезді, өнерлі күйші-скрипкашы және әсем әнші Мұқаны Абай мен Мағаш екеуі де қатты ұнатқан. Дәрмен, Әлмағамбет, Ерболдар сияқты өздерінің қасында сақтап, айрылмас дос етіп алған.
Ұзақ түн бойында ас пен сауық кезектесіп, ауысып отырған кездерде, әрбір әредікте домбырашы Ақылбай, күйші Мұқа, әнші-күйші Әлмағамбеттер қонақ тартып өткен полька-мазурка сияқты билердің кейбір қайырмаларын өздерінің домбырасына ақырындатып, іліп-тартып, ұғып қалып отырғандарын да байқатып отырды. Сол орайда, Әбіш ұсынған скрипканы алған Мұқа өзінше бір сезімді күй тартып кетті.
Саусақтары үлкен, тартыс мәнері Әбіштей емес. Бұл отырып, байсалды салмақпен, тек қол қозғалысымен ғана тартады. Әбіш байқап отыр. Мұқада скрипканың тартуын әлдебір провинция күйшісінен үйренген, аз оқыған тәсілдер бар. Үлкен техникасы болмаса да, барынша шын сезімін ынтабейілмен жеткізбек болған сирек талап танылады. Күйі анық мұңды, күйікті жүректің шын шері. Осы күйін екі қайырып тоқтағанда, Әбіш жалт бұрылып, бұл күй не күй екендігін сұрады.
Мұқа өзіне сенімді жүзбен жуап қатты:
— Бұл күйді біз «томнай места» деп тартамыз.
— Темное место?
—Темное место?!—деп, Әбіш бұрын өзі естімеген күй жайынан сәл ойланып қалды.
— Бұл вальс қой өзі,— деп тағы біраз ойланды да:— атына қарағанда, бір сезікті орыннан естілген күй сияқты ғой!— деп, Мұқаның жүзіне күле қарады. — Қайдан үйренгенсің?!
Мағаш пен Кәкітай қоса күліп жіберіп, қысылғандай боп, біріне-бірі сыбыр етті. Мағаш үй ішіне естіртіңкіреп:
— Танып отыр! Қай жерден ұққанынды да біліп қойды, Мұқа! Өзің есебін тауып шынынды айт!— деді.
Бұл сырды білмейтін Абайдан жастар қысылып отыр. Мұқа оншалық именбеген сияқты.
— Мұны ар жақта, қонақшыл әйел үйінде естп ем. Фзгеше жүдеу жүзді, аса бір жазықсыз сыпайы жас қыздың жылап отырып айтқанынан ұғып қалып едім. Кім шығарғанын білмеймін. Тіпті, сол сорлы қыздың соншалық жат жайға түскен өз қайғы, зарынан туған жыр ма деп те ойлап қалып едім!— деді.
Үй ішіндегі өзгеадамдар күй жайып қайталап сөз қылған жоқ. Жастар Абайдан именіп отыр. Абай соны түсініп, әзіл етті:
— Жаманшылықтан жақсылық туа бермесе де, кейбір жаман жүрістен де жақсы олжа алып шығуға болады екен-ау! Соны
сездіріп отырсың ғой, Мұқа! Бірақ барған сайын ала береді екемін десең ғана алданарсың! Бізді де және үнемі алдай бере алмассың!— деді.
Мұқаның өзі бастап, барлық жастар үндемей қабақ танысып, ақырын именіп қана күлісті.
Алыс жолдан келген өнерлі, оқымысты қонақпен сағынысқан аға, бауыр, құрбы-құрдас, дос-жарандар ең алғаш осылай кездесті.
Кешегі мол сауықтың қалың тобы бүгін екіге бөлінетін болды. Биенің бас сауымы кезінде Абай үйінде қымыз ішіп отырып, жастар өзара кім жүріп, кім қалатынын айтысты.
Алдымен жүретін Әбіш. Өткен қыста қайтыс болған үлкен ана Ұлжанның орнына құран оқымақшы. Сол ауылдағы өз шешесі Ділдәға да амандаспақшы. Әбіштің қасына Мағаш, Дәрмен, Кәкітай, Өлмағамбет еретін болды.
Әбіштер тысқа шыққанда ұзын кермеде көп ат ерттеулі тұр екен. Әлмағамбет ең алдымен кішілік етіп, Әбіштің атын көлденең тартты.
Кеше қонақтар келерде кермеде ерттеусіз тұрған қара жал, қара құйрық ақ сары ат бүгін әсем ерттеліпті. Күміс жүген, құйысқан, тартпа, таралғы, үзенгіге дейін тегіс кавказдалған, қара ала нақысқа толы. Жұқа көкшіл шұғамен қапталған тоқымның тебінгісі қызғылт сафьян. Сырлаған ердің үстінде көкшіл барқыт ат көрпе. Осындай әбзелінің бәрі де қылаң атқа айқындай қонып, жақсы жарасып тұр. Ақ сары ат дом болып, ішін тартқан, сартап боп жақсы жараған.
Қазір Әбіш мініп алған жерде аз ойнақшып, бұлаң қаққан қамыс құлақ ұзын сары ат, нағыз бозбаланың аты екенін аңғартты.
Әбішті аттандыра шыққан жастардың қасында Әйгерім де тұр еді. Сары ат сәл ортқи түсіп, ауыздығын шайнап, жер тартып, ыгыса қырындайды. Бұның әр қимылына Әбіш қызыға қарағандай. Ақ жүзіне қан жүгіріп, күле түсіп, қарсы әрекет етеді. Әйгерім болса, аттың мінезін асаулық көріп, қауіп ойлады.
— Қалқам-ай, мынау атыңның мінезі қалай өзі?.. Сақ болшы!— деді.
Өңі де ду етіп, қысыла күлімсірейді. Бұл уақытта өзге жігіттер де аттарына мінген еді. Әбіш кіші шешесіне бас иіп, сыпайы қарады.
— Жоқ, кіші апа! Асау емес, сәні ғой!
Аздан соң ауылдан шыға бергенде, сары ат топ алдына түсіп, ойқастап, қайта-қайта жер сүзіп. көбінше кытпымен бұлкектеп
отырды. Жолаушылар Әбіштің аты аяндамайтын болған соң, бұлкекке ауысты. Әбіш әлі де алда, оқшауырақ келе жатқан. Көптен атқа мінбеген және сырттың салқын бел, өзен, бұлақ, көк орай жайлауын сағынған жігіт қазір өзінің оңашалығын ұнатады. Бұның ел мен жерді көксеген көңілі сонша сергек, шат, еліккіш. Жас шалғыны майысып толқыған қоңыр желі леп берген соны жайлау, сондайлық бапта тұр.
Әуеде жалғыз түйір тозаң жоқ. Дүние жуылып ашылғандай, мөлдір тұнжырайды. Жақындағы үсақ жасыл төбелердің қалың бітік бетегесі жел ығына қарай жапырыла толқиды. Шағырмақ күн астында сол бетеге бозғыл буалдыр, сырт береді... Мындаған үсақ инедей жылт-жылт етеді. Төбелер беті бұндайда күміс үшқын төгілткендей күнге шағылысып, көз үялтады. Алыста, жігіттердің бет алдында үш-тәрт бөлек кәгілдер жоталар жатыр. Ол — Шақпақ, қазбала, Байқошкзр жондары. Жұқалаң ғана ақшыл көк мұнар жамылып тұр... Сайларда сол мұнар қалындау үялаған. Өлке бояуынан бөлек, аспан ренді сырлы қойын тез тартады. Өзінің лебімен сорғандай, қазіргі жүргіншілердің де мақсүт еткен өрісі сонда. Аз уақытта бұлардың сол жақтырынан сандық тасты, оқшау-оқшау көп қатар төбелі — Керегетас ілесті.
Бергі жазықтағы қалың көкмайса шұғыл барып, қорым тастарға ауысады. Одан жоғарыда ұзын-ұзын сандықтастар қат-қабаттап биіктеген. Көп жерде сол тастар арасында аласа арша көгереді, ол тас бауырына жабыса өскен. Бұйра аршасы қалындаған тас төбенің кейбірі жүндес адыр тәрізденеді. Бұл өңірде кейда ақтандақ, доңғалақ мүйіз арқар жон беріп, жүйткіп тартады. Кейде қорым тастар арасында ұзынша қызыл түлкі көрініп қалады. Шұбалаң құйрық сақ сайқал бейне бір қызыл кесірткедей боп ирелендеп жүреді. Кейде тас-тастың үстінде созыла жабысады. Тышқан аулап, шұқынып, кейбір арша түбін тырналайды. Бір сәт қызғылт сары аш бүркіт осы тастарға қарай бездіріп қоян қуады. Қанат-құйрығы суылдап, аспаннан тәгілген ажалды баққан сақ түлкі ортқып тасқа тығылады. Бір кезек жалт етіп, жасырынып, қылт етіп қайта баспалайды.
Әбіш бинокльмен қарап, алыстағы айлакер тағының әрекегіне қызығып тамашалайды. Шалғынды бір беткейде, самарқау жел сусылдап есе түскенде, мұрын жарғандай боп, жас бүлдірген иісі аңқиды. Жасыл жұмыр өлке, сағындырған самал алыстан келген ұлына құлпырып тұрып, қызық атады...
Ұлжан отыратын үлкен үйде бұл күнде Оспанның үлкен әйелі Еркежан барды. Ол ауыл жартылай көшіп, Шақпаққа қонған. Ділдәнің үйі де сонда. Әбіштер түс ауа осы ауылға кеп түсті.
Үлкен үйдің сыртына жастар жеткенде үй ішінде жоқтау айтып, жылаған аз әйелдің үні шықты. Әбіш те үйге жылап кірді. Ұлжандай ананы жоқтап отырған екі келіні - Ділдә мей Еркежан екен. Әбіш әуелі төмен отырған Еркежанмен көрісті. Содан кейін өз шешесіне жеткенде, Ділдә мұны құшақтап, бауырына ұзақ қысып, көп жылады. Әбіш те көз жасына ерік берді. Ұлы ана, қарт әжеден айрылғандық, оның орнының қаңырап қалғандығы — бір дерт. Ал Ділдәнің зарында Әбіштей сезімтал бала үшін өмірдің көп реніш, күйініші де танылады. Ол әділетсіз тірлікте үнемі жазықсыз жапа шеккен көрінеді. Ешкіммен бұл жайда сыр ашып сөйлеспесе де, Әбіш өзі туған анасы туралы Петербургта да, әр кезде қынжылып, ренжіп ойланатын.
Көп жылаған Ділдәға Дәрмен басу айтты.
— Жеңеше, сабыр етіңіз, Әбіштей баласы бар шеше де жылай ма екен? О неғылғаныңыз!— деді.
Азғантай сөзде Ділдәнің түпкі мұңын танып айтқан мән бар. Енді біразда, әйедердің жылауын баспақ болып, «Сүннатаны» мақамдап оқып кетті...
Жылау тыйылып, құран тұсында жайылған дастарқай жиналған соң Еркежан Әбішке қарап отырып, үлкен ананың өлімін, өлер шағындағы сөзін, мінездерін баяндады
Ұзын бойлы, кесек, сұлу жүзді Еркежан салқын сабырмен, байыпты етіп сөйлеп огыр. Әбіш турасында ол кісі айтқан сөздерді еске алды:
— Қалқам Әбіш, әжең сені де көп ойлады ғой, марқұм. Өзінен өрген өрен-жаранның ішінде жалғыз сенің шетте жүргеніңді қанша уайым етуші еді. «Басы ауырып, балтыры сыздаса серігі жоқ, бүтағынан үзілген мәуем еді, дегеніне жеткенін, пісіп толғанын әкесіндей-ақ аңсаушы ем!» деп, кәп күрсінетін. Осыны саған айту маған бір қарыз еді,— деп Әбішке ажарлы, ойлы көзін аударып, ұзақ қарап отырды.
Ділдө мен екеуі кезек әңгімелеп, Ұлжанның соңғы шағын түгел баяндады. Былтыр күз аяғында, ел қыстауға қонысымен қайтыс бопты. Соңғы жылдарда қатты қартайған жөне ұзақ аурулы болған Ұлжан ана, ел анасы көбінше ақырын, баяу, үнсіз өмір кешіпті.
Келін мен баланың, үй ішінің сәзіне араласпай, ұзақ тыныштық сақтапты. Әдейі келіп, қасына отырып халін сұраған
үлкендермен де өте аз сәйлесіпті Оқта-текте Абай мен Оспанға ғана біраз тіл қатады екен.
Әбіш өзі ананың бауырында өспесе де, бұны көргенде құшағына алып, ұзақ иіскеп отыратын қарт шапағатын, кең ыстық мейірімін үмытқан жоқ. Барлық шақтар көз алдында. Ұлжан үмытылмас жан екені енді аңғарылды. Ол отырған осы қара шаңырақ бүгінгі қаралы қалпында сол бір таза, ғазиз, бөлек жанды қатты ойлатады.
Мағаш кәрі әженің өлер алындағы бір кесек сөзін Әбішке енді айтты.
Ұлжан әл үстінде жатқанда, Майбасар көңілін сұрап отырып, өрескел сөйлепті:
— Қалайсың, бізді тастап еріңнің артынан сапар шеккелі жатырсың-ау! Көпті көрдің ғой, айта кетсеңші, өлген деген қандай болады екен?— депті.
Сонда Ұлжан сәл езу тартып, ақырын ғана әзіл айтыпты:
— Пәруәйсіз қайным-ау! Көрсем — қартайғанша ой түспеген сені көрдім. Бұрын мен өліп кәріппің бе? Әзің өлгенде көресің, несіне ынтықтың!— депті де, тіи-аузын қойыпты.
Өмір бойы ашық ойлы, білгір саналы болған асыл жан өлім сағатында да даңалық қайратынан айырылмаған. Барлық ықтиярсыз, теңсіз тірлігіне өзінің адамгершілік таза биігінен қарап өте білген. Өлімнен де жасқанбай, бұқпай кеткен тәрізді. Кең сабырға толы момын жан өмір есігін ақырын ғана жауып жол кешкендей.
Ділдә осы келісте Әбішті өз қасынан жібермей, екі күндей қонақ етті. Үшінші күні балалары аттарын ерттеп, әке қасына қайта кетпек болған жерде, Әбіштің қасына жабыса жақын отырып, шешесі ойдағы бір арманын айтты... Аналық арыз етті.
Бұл жайын Мағашқа алдын ала білдірген болу керек. Ол да шешесінің ендігі сөзін үлкен ықыласпен қуаттап, тыңдап отыр.
— Сәулем!—деп, Әбіштің жіңішке қолын өз қолына алды,— Кешегі өткен енеден менің де ұққан өсиетім бар-ды. Баяғыда, сендер жас шақта, Абай қалаға оқуға кетем дегенде: «Талабына тілек қос, тізгінін алмай, оң шырайыңмен ұзат. Білім іздеп барады. Адам болсам деп аттанып отыр. Ол сенің де, мына кішкентай күшіктеріңнің де ырысы» деген еді. Сенің ұзақ шырқап жүрген жүрісінді де солай ұғынғам. Әлі де жолың болсын,— деп көзіне жас алды. Орамалымен бетін де басты. Қимастық шерге толы сағынышты ана көңілі зорға шыдап жүргенін сездірді.
Бірақ...— деп жыламсыраған үні қатқылдай түсті.— Менің де сенен тілер бір тілегім болса, сенің бермесіңе бола ма? Мең сенен аналық өтініш етем. Сол қолқамды бересің бе?— деп, баласын иығынан құшақтай түсіп, жауап күтті.
Әбіш іркілген жоқ. Шешесі бұлай өтінгенге ол өзі де қатты толқыған-ды.
— Апа, айт! Беремін!— деп тез кесті.
— Ендеше, өзің ұзаққа кетсең де, мұнда сенің үяң болсын. Өз қолымда, қасымда болсын. Мен саған қалындық айттыр деп өтінем...—деді.
Әбіш тәрбиелі жастың ашық, шыншыл мінезі бойынша, бұл өтінішке таңғалғанын жасыра алмады.
— Ойбай-ау, не деді апам! Не деп отыр? Бұған мен не деймін?.. Мен еркім, ықтиярым өзімде, ер жеткен азамат емеспін бе!.. Әзім ойламаймын ба?— деп, Мағаштарға қарап еді.
Мағаш ақырын ғана жымиды да:
— Әбіш аға, оныңыз рас қой. Зорлау жоқ, апамдікі өтініш емес пе? Ал және осы отініштің мезгілі жеткен жоқ па еді?— деді.
Әбішке мына жауапты Мағаштан есіту, тіпті, тосын болды. Ол бірақ қарсылық, наразылық білдірмей не күлмей шарасыздықпен отырып қалды. Жаңа шешесіне берген серті де түсап отыр. Ділдә тағы сойледі:
— Зорлық жоқ, жаным! Бүгін үйленіп кет деп те айтпаймын. Жалғыз-ақ маған келінің, құдай қосса, мынау болады деп ұнатқан жанынды атап кет. Биыл айттырып қой да, жолыңа жүре бер. Соның бары да жұбаныш. Өзіңнен соңғы қуанышым, үмітім болады да отыра береді!— деді.
Әбіш әлі де байлау айта алмады. Бұлқынып, «керексіз» деп шоршыған да жоқ. Енді Ділдә соңғы сөзін де айтып қалды:
— Өзің көресің. Көңілің ұнатса ғана құп дерсің. Менің өздігімнен саған атайтын кісім де бар. Мынау ноғай Махмұттың үйінде, Мағрипа деген сондай асыл зат, жақсы бойжеткен бар. Соны бір көрші, сәулем! Көріп тұрып маған жауап айтшы. Мен сенен әзір басқа серт сұрамаймын. Осыныма уәде бересің бе?— деді.
Әбіш үялып, күрмеліп қалды. Бірақ сонда да қызара, қысыла отырып, шешесіне ақырын ғана бас изеді.
Ділдә Әбіштің бетінен сүйді де, Мағашқа қарады.
— Мағаш, Дәрмен екеуіңе де осы сөзім қарыз... Әбішіме Мағрипаны дәл осы екеуің көрсетесің! Жауабын екеуіңнен аламын!—деді.
Бұлар үндеген жоқ. Бірақ Әбіш екеуінің жүзіне қарап, олардың бар ынтасы бұл міндетке әзір екенін аңғарды Тек Әбіштің алдына түсіп, оның өзінен бұрын ықылас, бейіл білдіргілері келмеді. Әйтпесе, Ділдәнің ойындағы қызметке бұлар іркілер еместей...
Кейін атқа мініп, қайта жүргенде Мағаш пен Әлмағамбет бір бөлек оқшауырақ қалды да, Дәрмен мен Әбіш оңашалау кетті.
Дәрмен енді жаңағы Ділдә айтқан сөз, барлық үлкен аға, кіші іні — бәрінің де көкейінде жүрген іс екенін білдірді. Әбіш бұл тұста да сыр ашқан жоқ. Бірақ көңіліне неғылса да, үміт, қиял аралас дос көксегендей ыстық бір толқын кірді. Дәрменнің сөздерін қаққан жоқ. Ал епті мінезді және тілі орамды Дәрмен, қазір Мағрипа жайын айтып келеді. Жасы он жетіге келген, мұсылманша жақсы оқуы бар, аса биязы, асыл тәрбиелі Мағрипа бұның айтуынша, бұл өңірде жоқ сұлу, нәзік бойжеткен екен... Соны көру керек. Бұл арада еш нәрсеге байламаса да, Әбіш тек қана бір кәрсе, дидарласса екен... Одан арғының бәрін жүрек шешеді... Бөгде кісінің үгіті, тілегі керек болмас... деп, Дәрмен досіық мәслихат сөйлеп келеді.
Артта тақау келе жатқан Әлмағамбет әсем кең шырқап тұрып, ынтық-ынтызар сәлемін жырлайды. «Ғашық от», «Махаббат», «Асыл жар» деп шебер сәнмен безеп келеді.
Салқын самалы жайлы соққан көк жасыл жайлау дүниесі жүректі қуанта көтереді. Іштегі қиял ыстық үміттер, тілектер оятады... Әбіш үнсіз ғана жымияды. Өз ойынан өзі үялып, ұрланғандай. Жауапсыз, байлаусыз қобалжуда... Жүзі де бір ағара түсіп, біресе дуылдап қызарып кетеді.