Абай жолы. 1 кітап



бет30/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


5

Шолпанның бауырында күнұзын Тәкежанның баласы мен жылқышылары мал үшін қырқысқан күні, сол Шолпаннан тай шаптырым жерде, Ақшоқыда, Абайдың іні-достары Лермонтовқа айрықша шұғылданып жатқан-ды.
Бұған себепші Абайдың өзі болған. Ол соңғы күндерде «Вадимге» ерекше қызықты. Осындай ер, өр кедейдің кекшіл ызасына қызыққан.
— Қазақ қауымы білерлік бір алуан асыл жан — мынау Вадим! Мен оның жайын өлеңмен дастан етіп баяндасам деген ниетке бекідім!— деп, күндіз түстік алдында, жас достарына көрікті келісіммен толқыған ұзақ өлең қатарларын оқып берген.
Батар күнге шымылдық көк бұлт кең, Толқынды қызыл торғын өртпенен тең! Өткен дәурен секілді нұры жайнап Арттағы мұнараға береді рең!..—
деп, құшырлы, қызғын толқынмен басталған жыр еді.
Вадим жайын Кәкітай оқып алған екен. Абайдың тапсыруы бойынша сол отырыста өзге ақындарға әңгімесін айтып берді.
Абай: «Дастан жазу үлгісін осы Ле^монтовтан үйрену бір үлкен өріс болады. Бұның көп дастанын Мағаш пен Кәкітай екеуің мына Дәрменге, Көкбайға, басқаларға да оқып, айтып беріндер. Ақылбай да орысша оқи алмайды. Білгенің, әлің жеткенің езгеңе тізгін үшын берсеңші!» деген.
Сонан соң Абайды Лермонтов томымен оңаша тастаған жастар кешке дейін түкпір үйде орыстың қадірлі, ұлы ақынның екінші кітабын ортаға алған. Оның қызықты, сымбат сырлы дастандарынан «Демонды» тамашалап оқысып, неше алуан ойлар айтысқан. Бақас-таластар бұндайда бәріне де ортақ қызық шақ болғандықтан олар Демон, Тамара туралы неше саққа ой-қиял өргізді. Демонды «әзәзіл» деп, оны «осынша қайнаған ыстық құмарлықпен елтітуді» Дәрмен мен Мағаш танданып қошеметтеді.
— Қандайлық батыл ой! ?
— Батыр ой ғана туғызатын кескін емес пе?— дескенде, Кәкітай:
— Тіпті, тәңіріңе, тағдырыңа да табынбай ма, қалай еді?— деген.
Осындай қобалжып толқыған ойға берілген жастар кешқе шейін Абай қасына келген де жоқ. Тек іңірдегі шайдың үстінде, Абай мәжілісінде, ақындар тобынан Көкбай, Мағауия, Дәрмен, Кәкітай отырғанда, жалғыз жолаушы Ақылбай келген.
Бұл кезде Ақылбай бәлек қыстау иесі болатын. Оның оіауы Байғабылдағы жатақтарға жақын Аралтөбе, Миялы деген жерде Ақшоқыдан жарым күндік жер.
Үйге кіріп шешініп, Абайдың төрдегі қонақтарының қатарына отыра бере, Ақылбай өзінің жай сейлейтін қоңырқай баяу үнімен әңгіме бастаған.
— Бауырдағы ел аман-есен бе?— деген Абайдың сұрауына жауап ретінде жаманат хабарды алдымен айтты.
— Бүгін Тәкежан ағамның қосын бір қалың жау тік көтере шауып кетті! Осындай жаманат хабар әкеп отырмын!— деді.
Содан әрі Абай, Кәкітай, Мағаш:
— Қашан?
— Қайдағы жау?!
— Бар жылқыны әкетті ме?— деп, жан-жақтан жапырлай сұрасты.
Шай ішілмей қалды. Дөңгелек стол айналасында отырған Әйгерім, Зылиқа да Ақылбайдың аузына қарасты. Сүмдық көргендей, қабақ түйіскен үркек түстер бар. Ақылбай бар білгенін өз дағдысынша баяу, жай сөйледі. Бірақ байыпты етіп, түгел жеткізді.
Жаудың санын, таңертең тигенін, Әзімбай мен барлық жиырма шақты жылқышының соққыға жығылып, қан жоса боп қалғанын, сегіз жүз жылқылы қостан «бүтартар» тай-тулақ қалмағанын айтты. Жылқыны Шыңғысқа қарай қуып кеткен жаудың бағдарын айта келіп, шабуыл жасаушы Базаралы мен Абылғазы екенін де баян етті.
Сол шабуыл уақытында Ақылбай Тәкежан қосының өзінде екен. Соққы жегендер бастығы Әзімбай боп, жылқының өрісінен жаяулап қосқа жеткенде, қолдағы бар ат, тек, Ақылбайдың аты болған соң, соған тың түяқ жылқышының біреуін міңгізіп, жақын жердегі ауылдарға шаптырып, үш-төрт ат жиғызып алыпты. Осымен аялдаған Ақылбай Әзімбайлар елге қарай жөнелгенше, қоста бөгеліп қалыпты. Бұл ауылға кеш жеткен себебі сол екен.
Ақылбай өзі көрген жайды баян еткен соң, Абай бұның куәлік әңгімесін былай қойып: «Жылқыға жау тигенде,өзің қайттің!» деп сұрады. Ақылбай енді сөйлегенде божырап, аса бір бос адамның мінезін көрсете бастады. Оның айтуынша, таңертең Әзімбай атқа қонғалы жатып, Ақылбайға жылқы аралайық деген екен. Оған бұл ерініпті де, барғысы келмепті. Сонымен қоста бақыршы баламен екеуі ғана қалыпты. Қыстыгүні қостың асын «төбеқызар» қып жаққан отын және бақырға куырған куырдағын Ақылбай жақсы көреді екен. «Сүйтіп, суықта жылқыны аралағанша, Әзімбайлар кеткен соң қоста қуырдақ қуыртып, жеп отыр едім» деп сөй-леуімен ол Абайды ыза қыла бастады. Құрбы тыңдаушылар Ақылбайға күлуге айналды. Абай Ақылбайға оқыс бұрылып:
— Ал жылқыға жау тигенде, сен соны біліп отырдың ба, жоқ, кейін білдің бе?— деді.
— Бақыршы бала қуырдақты жаңа түсіргелі жатыр еді. Бір уақыт тысқа шығып келіп: «Осы жер де айқай, көк те айқай. Жылқыға қасқыр шапты ма? Жоқ, Әзімбайлар қашаған ку ғызып жүр ме? Маңайдың бәрі аппақ боран болып кетті»— деп бір келді. Сол кезде қуырдақты жаңа жей бастап едім. Өзі бір семіз жабағының сан етінен ұсақ қып тураған, майы кілкіген қуырдақ екен!— деп, қуырдақ жайына тағы ауысып кетті.
Дәрмен бұған шыдай алмай, Абайдың ызаланып отырғанын сезіп, зілсіз күліп қойдык
— Алда айналайын, Ақыл аға-ай! Жау шапса да саса ма?
Мағаш әзілдей күлді:
— Қуырдақ аз бөгет пе?— деп қойды.
Абайдан басқаның бәрі енді Ақылбайдың ездік сияқтанған сылбыр, шабан мінезіне ашық күле бастады. Ақылбай оларды
елемей, өзінің барынша шыншыл қалпымен баяу әңгімесін саспай айтып жатыр.
— Бақыршы бала тыным ала алмай тыпыршыған соң «шығып қарашы» деп, тағы бір жіберіп едім. Бір мезетте далбандап, бақырып кірді. «Ойбай, Ақыл аға, жылқыны жау шауып жатыр. Қалың төбелес. Айқайдың бәрі «аттан-аттан!» дейді. «Бар жылқыны Шолпаннан асырып әкетіп барады, енді қайттік?!» дегені,— деп, Ақылбай әлі саспай сөйлеп отыр.
Абай:
— Ал сен қайттің?— деді.
— Атқа міне шаптыңыз ба?— деп, Мағаш та асыға сұрап отыр
Ақылбай үй ішін түгел түңілдіріп, шын жауабын айтты.
— Жоқ! Мен шапқаным жоқ! Қуырдақты жеп отыра бердім. Біреу-міреу хабарға келер деп тосып қалдым!— дегенде, Абай қатты түңілгендей, зекіп сөйледі.
— Әй, сен осы, не деп отырсың, қайта айтшы?!
— Өтірік айтайын ба, Абай аға! Шапқаным жоқ.
— Неге? Еркек емессің бе?
— Шынын айтайын, қорқақтық еткем жоқ. Бірақ еріндім!— дегенде, үйдің іші ду күлсе де, ол өзінің шын жайын айтып жатыр:— Шолпаннан асыра қуып кетіпті, жер болса қалың қар, оны қуғанда, мен қай жерге дейін шаппақпын?! Кем қойса, Ералыңа қуып жетермін. Сондай ат шаптырым жерге қалың киіммен қыстыгүні шапқылаудың өзі бір жаза ғой! Және жалғыз барып, жалынып сұрамасам, төбелесіп, жау түсіріп алатын мен емес қой! Тіпті, батыр жігіт болмай-ақ қоям, мүлде!
Өзінің тура сөзін жұрттың күлкісін елемей, қыңыр сөйлеп бітірді. Мағаш пен Кәкітай сол кезде күле алмай, іркіліп қалды. Өздері жақсы көретін адал, аңқау мінезді ағаның мына жерде ез сияқтанып отырғанын ол екеуі де намыс етті. Және Абайдың ажарына қарап, «ашуланады да, Ақылбайды үялтып, ұрсып жерлейді-ау» десіп отыр.
Бірақ Абай енді Ақылбайға қайта қарап, оның мінезіне шұғылдан қызығып, әуелі біраз күліп алды.
— Осы айтқанынды бөгде біреу тыңдаса, «анық қор мынау екен!» дер еді-ау, шырағым! Жұрт не дейді ертең?— деп, әлі де күліп отыр.
— Құнанбайдың бір баласы жаумен еркекше жағаласып, қан жоса боп жығылып жатқанда, тағы біреуі «қоста қуырдақ жеп алайын» деп тоғышарлық етіпті. Қазан түбінің майын жалап отырыпты дейді-ау!— деді.
Абай үй ішін осы әзілмен жадыратып, Ақылбайды өз жайына тастады.
Енді ол Ақылбай әкелген хабарды естігенжерде, алғаш ойына алған бір жайға шұғыл ауысты.
— Жылқыны әкеткен жау кім?— деп еді.
Ол Базаралы екенін білгенде, Абайдың көңіл-күйі шұғыл өзгерді. Өз ойларын іштей түгел қорытып болмай-ақ жарыққа салып, сөйлеп кетті.
— Ә, Тәкежан зорлығы осыған әкеп соқты ма? Ал Базаралы-ның осы қимылын не дейсіндер?— деп, аз үндемей ойланып, жиынға жағалай қарап өтті,
Жастар үркіп тыңдағаннан басқа, ой қорытпаған екен. Ешкім үндемеді. Абайдың шешуін күткендей.
— Мен білсем,— деп, Абай осыдан ары жазыла сөйледі.— Бұл іс — исі Тобықты істеп көрмеген, тегі үлкен, бөлек іс. Ашудың ісі. Және әділет керек, әділ ашудың арыны бар. Арты да алысқа, қиынға кетер. Оны көре жатармыз. Бірақ адамның адмашылығы істі қалай аяқтағанынан ғана көрінбейді. Қалай бастағанынан да танылады. Әнеугүні Шүйгінсудағы Жігітек ауылдарын зарлатып Тәкежан баса қонғанда Базаралы айтты деген кекті сертті есітіп ем. Мынау соның алғашқы серпіні ғой. Ердің кегі... болғанда, езілген елдің де кегі екен... Құнанбай баласы құдайды үмытқалы қашан! Алысқа шықпаса амалы қане! Онан соң бұл әрекет бүгін дегеніне жетпесе де, түбінде көпшілікке, момын, адал жұртқа «ендігі замандағы тартыс жолы, есенді іздеудің жолы осылай болар!» дегенді аңғартса керек!— деп бір тоқтады.
Ербол Абай сөздеріне сүйсініп отыр екен.
— Япыр-ай, мынауың да бір соны сөз болды-ау, Абай,— деді.
Жастар әлі Тәкежанның қазасын көбірек ойлай ма, тіс жарып,
тіл қатпады.
Абай Дәрменнің жүзінен де Ербол сияқты сүйсіну белгісін андады да, соған қарап, тағы бір тың ойлар айтты:
—Ғажап бір нәрсе бар. Орыс кітаптарынан оқыған ер қимылы, ерлік серпін өзінді бір қатты сүйсіндіретіні бар емес пе. Сол сахара тірлігінде, тартысында қайда бар, кімде бар? Кімнің қолынан елер еді десем, өмірімде бірнеше рет Базаралы мінезі, сөзі, кейбір істері оралушы еді. Әнеугі Тәкежанмен серттескенін естігелі, Базаралы-дан белгісіз бір ірі әрекетті тосып қаппын!.. Соны тосу үстінде Вадимге қызығып ем. Бұның жайын, енді бақсам, тіпті, желісі бір жай екен! Намыскер, ызалы кедей асқақ байға қарсы кекшіл семсер суырады қынаптан!..— деп, өлендетіп тоқтағандай болды.
Мағаптар дәл бүгінгі кеште осыдан арғы сөздердің айтылуын қатер көрген сияқты. Тәкежан естісе, осы айтылғанының бәрі, оның надан тоңмойындығын оятпай қоймайды.
Ол Абай басына жауықпай да қалмайды. Әкесін ішкі қызық, әділ ойларынан тоқтата алмаған Мағаш, Кәкітаймен қабақ танысты. Ендігі Абай ойын олар басқаға бұруды талап етті. Сөйгіп, әке сөзінің бір тоқталған кезінде, оның ойларына жауап бермей, Мағаш басқа өтініш айтты.
— Аға, Тәкежан ағам мен Базекеңнің тайталасында бастаушы да біз емес, септеуші де біз емес боп қала тұрсақ қайтеді? Осы жөнде бүгін Ақыл ағамның шаппай қалғаны дұрыс екен деп отырмын. Қалыстық сақтағаны да, тапқаны сияқты. Сөйтіп, ол жайды қойсақ та, бағанағы кітап әңгімесін тыңдасақ жақсы болмас па еді?— деді.
Абай күндізгі уақиға туралы әзіргі өз ойын айтып болғандықтан, Мағаштың сақтығынтеріс көрген жоқ. Дегеніне көнді де.
Осының алдында әңгіме етіп отырған, жаңа оқыған «Анна Каренина» романын тағы да ілгері қарай айтып, жақсы мәжіліске ауысқан. Ырғызбай Құнанбайды бөріктіріп, бұрқ-сақ еткізіп, тулатып жатқан тартысқа Ақшоқыдағы ауыл қатысқан жоқ. «Күнту бұлардың зілінен қорқып, қалаға шауыпты» деген хабар бір келді. Сол орайда Тәкежанның тапсыруымен, Базаралыны жаулауға қалаға аттанған Шұбар да Абай аулына кеп қонған еді.
Ол бұл ауылды бар әңгімеге түгел қандырды. Тәкежанның мал дауымен қатар, Ырғызбайлар Күнтуды болыстықтан түсіретін болғанын айтты. Және Күнту өзінің орнына, болыстыққа Оспанды атауға да көніпті. Оны да айтты. Содан соңғы бір келісім сөз, Күнтудың бір тілегіне бұл жақ та қарсылық етпей, орындауға көніпті.
Болыс боп тұрған күнінде Күнту "күндердің күні үшін" деп, бүкіл Шыңғыстың барлық старшынынан өзіне қараған Бөкеншінің елу үйін ертіп, Мұқыр болысына шығуға «піргауар» алған екен. Жер ыңғайы жақын Мұқырдың болысынан да бұларды әз болысына алуға ризалық хат-мөр алып қойыпты. Енді Күнту Базаралы бәлесінен қашқанда, біржолата бұл елдің болыс-тығынан өзінің қағазын да аулақтап қашатын болыпты. Сөйтіп, Базаралыға көмек етер деген болыс көрден-көрге тығылғандай, Шұбардың айтуынша, ол Базаралыны енді «каторгадан қашып келген, патшаның заңынан қашқан қашқын» есебінде де көрсетіп беретін сияқты. Құнанбай баласы тілесе Базаралының қол-аяғы
енді біраз күнде кісенделетін болыпты. Осы жайды жеткізумен қатар Шұбар Жігітектің жалғыз қалғанын білдірді. Күнту қолымен Құнанбай балалары не қастық істеймін десе де орындалатын болыпты.
Жалғыз-ақ, осы орайда енді Майбасар, Тәкежандар екінші бір есепке ауысып отыр екен. Онысы — Базаралыны қашқын деп көрсетіп, ұстатып жіберсе, Тәкежанға сегіз жүз жылқы қайтпай қалуға болады. Базаралы қайта айдалады да, мына бір қос жыл-қыны қайтарушы айыпкер болмайды. Елдің дауына да: «Жыл-қынды алса, алған дүспаның байлаулы кетті, сонымен басын жойды. Сенің малың кетсе, ол — азаматтың құны. Менің арыстай ұлым кетті» деп, қазақ жолымен мықты дау айтысуға болады. Екінші жақтан ұлық та айдап жіберген кісіден ақы-пұл әпермейді. Осы есеп Тәкежандарды тағы бір тәсілге салып отыр. Олар Базаралыны әзір мүлде ұстатпақшы емес. қазақ жолымен айыпкер етіп, қандымойын құныкер етіп отырып, әуелі малын түгендетіп алмақ.
Бірақ Жігітек жөншілікпен тізе бүкпейді. Сондықтан Ба-заралыны бір жағынан ұлыққа бұзық етіп көрсеткенде, оның қашқындығын жасырып көрсетеді. Қаумен баласы демей, Кеңгірбай баласы деп, қағаз жүзінде ұлықтарды жаңылдырып арыздау керек. Тың қылмыс жасағаң, тың сотқар етіп көрсетпек дейді.
Осылай ете ме? Жоқ, айдатып, байлатып жіберіп, қалған Жігітектен малды бөлек төлетіп ала ма?! Сол екі арасы анық емес. Сондай сөзбен Тәкежан, Майбасар, Оспандар Семейге кетіпті. Олар Абайға әдейі соқпай, ақыл салмай кеткен. Тәкежан, Әзімбай екеуі де Абайға қатты өкпелі дейді.
«Күні әнеугүні, күзекте ғана сол Базаралының жоғын жоқтап кеп, аузына келгенін айтып кеткен. Осы жауымды қолтығына дым бүркіп, құтыртып отырғанның өзі - Абай. Енді барып оның «адамшылық», ар-мар» деген азғырындысына түсер жайым жоқ. Мен дегенің Абайдан аулақ бол!» депті. Оспанды да «ертең болыс етемін» деп, Тәкежан артынан ертіп кеткен тәрізді.
Шұбар болса, бұл ағайын ішінде Абайдың ақылымен жүретін кісі боп сөйлейді. Аналарды жаңағы, соңғы ақылмен бір сорапқа салып жіберушінің біреуі өзі еді. Бірақ Абайға ішті-тысты мінезі арқылы бүгін жақсы атты кісі болып келіп сырласады. Өзге туыстың бәрің түгел жаманатты қөрсетіп отырған да өзі.
Абай бұл әңгімеде тек Шұбарды ғана сейлетіп, өзі оның екіжақты екенін үнемі аңғарып отырды. Және бұның қезінше Базаралының барлық ісіне соңғы күндерде сүйсініп, тамашалай
қарап жүргенін де айтқан жоқ. Ондай бірдеңені айтса, Шұбар анау жауығып кеткен ағайынға сыздықтатып жепсізудің ебін табады. Сонымен олар бүгінгідей тулап-томырылып жүрген күйінде, тағы да жауыға түседі. Ол қазір мүлде керексіз. Әсіресе, Базаралы мен Жігітекке қарсы беттеген жаулықтың тұсында мүлде керексіз.
Абай Базаралыны енді тағы қорлатып, айдатуға көнбек емес. Өз ағайыны ішінде айтқанын аларлық бірде-бір жан болса, оларға «енді Базаралыны ұлыққа шағып, қайта айдатуды ойға да, ауызға да алма» демекші. Тек осы жөнінде Шұбарды қатты шүйледі.
— Базаралыны қашқын еді дегізбеңдер! Тәкежанның есебіне де тура емес, деп отырсың. Оның үстіне, Базаралыдай арысын тағы өлімге байлап беріп, соның ар жағында және Жігітектен мал аламын десе, естерінде болсын, бұл жолы Жігітек жағынан табыламын. Жігітектен қотыр тайдың да құйрығын сипатпаймын. Осыны, әсіресе, жадында тұтсын,— деген.
Осымен Шұбар жүргелі жатқанда, ойда жоқтан бұл ауылға Тәкежан кеп түсті. Қасында атқосшысынан басқа Майбасар бар. Абайдың үлкен үйіне кірісімен Шұбарды көрген жерде Тәкежан жиырылып, қырыс қарап қалды.
— Әлі, қалаға асығыс жөнелткен пысық жігітіміз сенбісің? Семейге жеткен шығар десем, мұнда жүр ме ең малтығыгі, айналшық жегендей айналсоқтап!—деп кекетіп отырып, ызамен күлді.
Шұбар Абай мен Тәкежанның арасында сәл қайсақтап, қысылып қалды да, қиялап, жалтара сөйледі.
— Қостағы жылқыға кісі жіберіп, ат ауыстырам деп осында оралып ем, жүргел і отырмын!
Абай жақтырмай, ернін шүйірді. Шұбардың бұл ауылға, Абайдың өзіне «әдейі бұрылып келдім, ақылдаспақ болдым» деген жаңа ғана айтқан сөздерін еске алды. Енді Тәкежан алдында қолма-қол тайқып салғанын екі жүзді ұсақтақыстықайлакестік көрді. Түңілгендей бас шайқап, бұ да мысқылмен күліп қойды.
Тәкежан асығыс екен. Шұбар айтқандай, қалаға тура тартып кетпекші де болған. Көп жолдастарын, Оспанды солай жөнелтіп жіберіпті. Өзі болса Абайға салмақ салып іс тагісырмақ болып немесе бетпе-бет ашық сөйлесіп, ағайынның анық бетІн көріп кетпек боп келіпті.
Абайға өздігімен сөз айтпайтын болған Майбасар осы ақылды Тәкежанға миландырып, әдейі ере келген екен. Тәкежан «ас-суға қарамаймын, тығыз ғана сөзім сенің өзінде!» деп еді, Абай оңашаланған жок.
— Айт сөзің болса!— деді де, осы үйдегі жұрт естісін, куә болсын дегенді ойлады. Өз қасындағы Дәрмен мен Мағашты да шығарған жоқ. Майбасар мен Шұбар да отырып қалысты.
Енді Тәкежан да ішінен қыжалданып, бір қиясқамінді. Абайға кейін айтармын деген тілегін сын есебінде алға сала сөйледі.
— Мен сенің көмегінді сұрай келдім. Қалаға жүр!
— Қалада неғыл дейсің? Көмекшің, жоқшың аз боп отыр ма?
— Олар бір төбе, сен бір төбесің. Несін айтқызасын! Ұлық алдында керіс болса, сен керексің!
— Мен қай ұлықпен дос едім? Олар мені көрсе өшіге түсетінін білмеуші ме ен!?
— Өшіксе де сенімен есептеседі. Салмағың өтеді.
— Менің салмағымды отқа салып сынамақпысың?
— Мен отқа күймей отырмын ба? Жанкүйерім екесің, бас сауғалайын деп пе едің?
— Әрбір күйген кісі «неден күйдім?» дегенді ойлар болар. Сонда «нақақтан күйдім» дей алса, сөзі де, салмағы да басқаша. Сен осы, «неліктен күйдім» дегенді ойлағаның бар ма, Тәкежан?
Бұл түсқа жеткенде Тәкежанды ыза керней бастады.
— Мен ойламағанды түкпірлеп ойлап қоятын сен барсың ғой. Сен айтшы, неліктен күйіппін?
— Елді жылатқаннан күйдің ендеше, көгпің көз жасынан үшырап отырсың осыған,— дегенде, Абай аласа дөңгелек үстелге нығыз шынтақтап сүйене түсті де, Тәкежаннан көз алмай қадалды.
— Сен осы сайда саны, құмда ізі жоқ қайдағы бір құнсыздарды «ел», «жұрт», «көп» дегенді қашан қоясың?
— Ешқашанда қоймаймын, өйткені «қалың елім, қазағым, халқым» дегенім » сол жоқ-жітік, сол — көпшілік... Сендей Тәке-жандар біреу болса, олар бір байға он бес-жиырмадан келеді. Жылаған сол, сорлаған сол халық. Анық жәрдем күткен сол. Онымен болмай, кіммен болайын?
Абайдың мына сөзі Дәрмендерге де өте айқын, ашық, тың өріс сияқты сезілді. Тәкежан болса, танданғаннан, ашудан сөз де таба алмай қалған еді. Шұбар Абайдың сөздерінен торығып, наразы боп отыр. Тәкежан булығып күйіп сөйледі:
— Онда «атаның ұлы емеспін, Құнанбай баласы емеспін, ел жақсысымен қаспын, елдің жаман-жәутігімен табыстым» десеңші!
— Тілегенің сол болса, айтқаным да сол екені рас!
— Аздым де! Ата жолынан аздырам деші! Оразбай, Жирен-шенің саған жапқан жаласын, «ата жолынан елді аздырды» деген айыбын ақтадым десейші! ?
— Ата жолы көпке зорлық, қастық болған соң, мен ата баласы болмай, халық досы боламын дегенмін. Азды десең, азғаным сол Құнанбайлықтан!..
Өзің ғана емес, тамам жұртты да аздырарсың. Сол екен ғой балаң Ақылбайдың, менің жылқымды жау шапқанда қосымда қуырдақ жеп, қыбыр етпей, жауша «шоқ-шоқ!» деп қалғаны. Өзің де сөйдеп отырсың ғой!
—Иә, сөйтіп, өзіңнің зорлығыңа орай жылқынды алған Базаралыны және айыбынды айтқан мені «біріккен қастар» деп отырсыңғой. Мейлің!
— Ендеше, жауым өзің боп шықтың ба?
— Бар, ендеше, әуелі ана Базаралыдан есенді алып бол да, сонан соң мені жаула!
— Базаралыдан есемді де алармын, басын да жоярмын осыжолы!
— Басына тимейсің, ұлыққа көрсетіп ұстататын болсаң, мен Жігітектің кедейіне болысам, біліп қой. Тағалы тайын да алмайсың онда. Азаматының құнына кетеді бар жылқың.
— Не деп отырсың, ол менің малымды қырып, қиянат етіп отырған жоқ па? Не жаулықтан аяйтыны қалып еді?
— Жаулық — жаулыққа, қорлыққа, сен жасаған қаскөйлікке орай болған.
Бұл тұста Шұбар шыдай алмады.
— Абай аға-ау, біреудің ақ адал малын айдап алып, қырып салған қиянаткердің барып тұрғаны емес пе? Жаулық, қорлық осыдан зор бола ма? Бұны, тіті, мұсылман шариғаты да күнәнің зоры дейді ғой.
— Шариғат Тәкежанның жоқшысы болса, ол да адасқан жол.
Тәкежан күйіп кетіп, ұрыса жөнелді.
— Ата жолынан да, шариғат жолынан да, мұсылман қауымынан да бездім десеңші! Бүйткенше, айыпкерім, құныкерім неге болмадың, Абай!- деп, қамшының сабымен үстел үстінде, Абай алдында жатқан қалың кітапты салып қалды. Абай Тәкежанға қабағын түйе ашулана қарады да:
— Құныкер дейсің бе? Ендеше, жақсы айттың! Базаралыны ұлыкқа ұстатып беретін болсаң, мен сенен кешегі күнбосағанда өлген Исаның құнын даулатамын, білдің бе?
Бұл сөзге Абай жеткенде Тәкежан өте сескеніп қалды. Өз ішінен «кейбір жаулық ойлаған жандар осыны сөз қыла ма» деп қатты қыуіптенуші еді.
- Мен өлтіріп пе екем? Құдайдың ажалынан өлген Исада не ақың бар?— деп ақталған, танданған болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет