2 Келер сәскеде, Сәменнің үйі ойлаған үлкен қауіп, жол тауып келіп қалды. Түн бойы Затонға жетіп, тыным таппай, әр көше, әр үйді тімтіне баққан Қорабай мен Дайыр осы Затоннан өздеріне таныс үй тапқан. Сол үйлердің біреуі, шарбақ құймасы бар, кішкене ғана тоқал үй Сәмен үйіне құймалас боп шықты. Өткен кеште жаңағы шарбақ тесігінен сығалап қарап жүрген ұйқысыз бір кемпір бар еді. Сол кемпір сәскеде келген Қорабай мен Дайырға түн бойғы бар сезгенін баян еткен. Сол-ақ екен, Дайыр мен Қорабай Затонның басқа көшелері мен оқшау түкпір қалтарыстарына таратқан жолдастарын іздетіп, жинастырумен болған.
Өздері шарбақ арасынан баспалап қарап, Сәменнің кішкене көне қорасынан көз айырмай үнсіз отырысқан-ды. Осы қарсаңда таңертеңгі пароммен ар жақтан өткен қос салт атты, Мұқа мен Әлмағамбет те Сәмен үйіне келді. Аттарын қораға байлап, Айшаның бастауымен олар да кірген-ді.
Сонымен, таңертеңгі шайды Сәмен үйінің жасырын қонақтары ішіп бола бергенде, жаулар саулап келген. Жат жүрісті, жау ниетті адамдардың жеткенін ауыз үйде, самауыр қасында, есікке тақау отырған сергек Айша бұрын аңдаған.
– Ал, жандарым, жетіп қалды кеселдер! – деуге ғана мұршасы келіп, ол жүгіре басып, ұмтыла барып ауыз үй есігінің шотын да салып еді. Сүйткенше болмай, сырттан есікті тепкілей, соққылады. Анық талаушы жауша сатырлатып қатал әрекет бастаған топ қимылы танылды. Айша самауырды пеш жанына көтеріп қоя салды. Сәмен мен Әбді және Мұқа, Дәрмен төртеуі енді ер қайратына бекінген күйде, қолдарына бір-бір қару ұстай алысты. Шошына қабақ түйіп, бетін басып тұрып қалған Мәкенді Айша құшақтай алып, өз бойымен қоршап тұр.
Сырттағы жаулар:
– Аш!
– Жібер жаның барында!
– Құтылмайсың, жоямын көзіңді!
– Қырыласың шетіңнен!
– Аш есігіңді! – деп, көнелеу кішкене есікті құлатарман болып, қатты соққылап тұр.
Әбді өз қолына бұрыннан бір ескерген қаруын ұстап қалған екен. Жаяу ұрысқа табылмайтын құрал – қара шоқпар бұған тиіпті. Сәмен насыбайшы еді. Соның ертеде ауылдан ала келген, қатқан қайың, қара шоқпары болатын. Сәменнің де қолына ұзынша кіндік темір ілініпті. Ескі балтаның желке жағын бетке алып Мұқа да сайланған тәрізді. Темір келсап Дәрменнің қолына тиіпті. Бойы аласа, әл-қуаты шамалы, өзі қорқақ Әлмағамбет екі әйел мен еркек тобының аралығында көзі алақтап, "алла" мен "тәубені" көп айтып, сиынумен жүр.
Енді біразда сырттағы жұрт кішкене есіктің топсасын сындырып жіберді. Қалған күйде бұл есік пана болмасын көрген соң, Сәмен есіктің шотын шығарып жіберіп, панасы болмаған тақтайды жұлқа серпіп, лақтырып тастады. Сол сәтте бұларға қарсы сермеле тиген Қорабай, Дайыр екеуінің қамшысы сатырлап еді. Сәмен мен Әбді бұған орай есіктің екі жағына тұра қалып, пәле басы Дайыр мен Қорабайды қамшы, сойылдан әлдеқайда оңтайлы құралдармен қатты қағып, періп кеп жіберісті. Әлуетті Дайырдың оң қолы салдырап түсіп, қамшысы ұшып кетті. Зіл шоқпармен табандап ұрған Әбдінің соққысы тигенде жанжалқой Қорабайдың да оң иығы сынып кеткендей сытыр етті. Атан кеуделі, жауыз тілді, қара сақал қаскөй саудагер Қорабай бір жағы жапырылғандай қисайып, есік алдынан жалт берді. Оң қолынан қан саулаған, сол қолымен өз қолын сүйемелдеген Дайыр да боқтық пен кекесіннен басқа, "қырам, жоям" деген доңайбаттан басқа түк істей алмай, шегіне берді.
Өз қайраттарына енді берік сенген атан жілік, атпал азамат Сәмен, Әбді, Мұқа үшеуі ожарланып, қатты ашумен түйіліп апты. Бұлар қатарынан ұмтыла атқып, есік сыртына шығып алды. Қамшыдан басқа құралы жоқ бес жігітті жондай сойып, кішкене қораның ішінен тықсыра қуды. Қақпадан көшеге қарай әп-сәтте айдап салды.
Қолынан қан саулап жүрген Дайырды, Әбді қақпа аузында белуардан бір теуіп, сыртқа қарай шаң қаптыра жалпасынан түсірді. Осы әредікте Дәрмен Әлмағамбетті сүйемелеп келіп, қорадағы жүйрік торы атқа мінгізді.
– Сенен осыдан басқа көмек жоқ. Шап, жөнел де жет Әбішке, Кәкітайға жет! Данияр үйінен тап! – деді. Қақпаны сәл ғана аштырып жіберіп, Әлмағамбетті жөнелтіп салды.
Кішкене үйде жазықсыз жандарды қорғап қалған ер жігіттер тобы енді қандай пәлеге болса да тістеніп бекінгендей. Зор денелі, балуан бітімді Мұқа да Әбді мен Сәменге сай екен. Әрі қайратты, әрі батыл серік боп тізе қосты. Жаңа өздеріндей он шақты ер-азаматты айдап салғалы бұлар қандай жау болса да сескенетін емес. Үйдің сыртқа қараған терезелері қақпақпен жабылған да, темір сүймені үй ішінде кепіл шегемен нық бекілген болатын. Жаңағы жаулар алғашқы келісте терезені ескере алмады. Қақпа мен есік мынау жігіттердің өз қолында. Ендігі толас шағында Сәмен Дәрменді "үй ішіне ие бол!" – деп, әйелдер қасына қайырды.
Қолына өткір балта беріп: "Жан қысылса, аянар не бар, сен әйелдерге шошыма деп басу айт та, ана сыртқа шығатын терезені бақ!" – деп, Әбді мен Дәрменге қамқор бұйрық етті.
Сәскеде Әбіш пен Кәкітай түндегі Мәкен арызын алып, ояз кеңсесінде болып шыққан. Енді окружной сотқа Әбіш жалғыз кіріп, Кәкітай тыста тосып қалған-ды. Алқынып шапқан Әлмағамбет екі қабат тас үйдің басқышында тұрған Кәкітайды көрді.
– Ойбай, жаным, неғып тұрсың! Қаптады ғой, қырып жатыр ана Затонда. Жандарың болса жете гөр! – деп қаны қашып, аптыға сөйледі.
Бар жайды Кәкітай әп-сәтте түйді. Әлмағамбетке:
– Тұр осылай, тапжылма! – деп, оны тастай сала, жоғарғы этажға тура көтерілетін кең, биік басқышпен жүгіре жөнелді.
Сол кезде тыстағы Әлмағамбеттің қасына шапшаң басып, лыпыл қағып сары сақалды, көк көзді Баймағамбет жетіп келді. Оның түксиген қабағы, түйілген көзі Әлмағамбетке тағы бір қатал хабар әкелгенді сездірді. Әлмағамбет көңіліне Баймағамбеттің тіпті көзі де дағдысынан тыс шақырая көгеріп алған тәрізді. Баймағамбет: "Хабар нашар", "хабар нашар" дегеннен басқа сөзді Әлмағамбетке ашқан жоқ. Бұны "Абайдың сыр сандығы" десетін. Әдейі "соны, пәленге айт" деген арнаулы бұйрығы болмаса, Баймағамбет Абайдан естіген сөзді әуелі Әйгерімге де айтпайтын. Соған орай бұны "Абайдың сыр сандығы" деп Әйгерім атандырған болатын.
Сәл шамада үстіңгі үй, сот кеңсесінен Әбіш пен Кәкітай асыға түсті. Баймағамбетгі көре сала екеуі де үнсіз ұмтыла беріп:
– Е, немене, Бақа! Не хабар?!
– Ағамның не хабары бар, немене? – десті.
Баймағамбет суық түйілген қалпынша, үндемей ғана тұрып, омырау қалтасынан екі бүктелген хат алды да, Әбішке ұсына берді.
Кәкітай Әбіш қасына қатар тұра қап, хатты бірге оқыды.
Бұл хатта Абай түндегі Оразбаймен ұрысып ерегіскен жайын айтыпты да, сақтандыра сөйлепті. Дәл білгендей, "Дәрмендер қайда жатыр екен? Қазақ үйіне түссе, сыбысы тез шығады, мыналар оңай тауып ап, бастарына қастық етіп жүрмесін!" – депті. Тезінен бір орыс үйіне шығарғанды мақұл көріпті. Оның үстіне Әбішке бүгін тағы бір жайды баса тапсырыпты. "Кешегі хатта мен екеуміздегі достық қарызын ғана атап ем... Бүгін ежелгі жау зұлымдық мені қорқытпақ, қорламақ бопты. Енді тек бетпе-бет белдесіп тұрып, қан керек болса – қан, жан керек болса – жанды да қию бар. Аянбай жұлысу ғана қалды. Мен қазір сол егеске бекіндім!" – депті.
Абайды бұндай сөз бен осындай күйге жеткізген іс-мінездер не екенін Баймағамбеттің ауызша айтқан қысқа хабары білдірді. Түнде Оразбайдан Есентай, Сейсекедей елші келіп, Абайды қорқытпақ болғаны, ашуландырғаны, егеске шығарғаны түгел мәлім болды.
Әбіш те осыған орай енді әке жүрегіндегі барлық намыскер ызаны, қорлана құлшынған ызаны өз бойына үнсіз, сөзсіз шапшаң жиды. Асығыс, қысқа сөзінде Баймағамбетке тапсырғаны:
– Ағама айт! Мен аянып та, іркіліп те қалмаспын! Тек ақыл-кеңесі керек болар, тез ғана осы жаққа өтсінші! – деді де, жүруге беттеп қозғала берді. Баймағамбет жалт бұрылып, тағы да жаңа өзі келген жағасына, қызыл барабай қасындағы желқайыққа қарай ұмтылды.
Поручик дәрежесіндегі офицер киімін киіп, қылыш асынған Әбіш, қасына Кәкітай мен Әлмағамбетті ертіп, Даниярдың қара жорғасын пәрмендетіп жорғалата отырып, әлдене шақта Затонға жетті. Бірақ жетулері қуантқан жоқ. Қатты қауіп-қазаны, ойда жоқ үлкен сұмдықты енді білді. Сәменнің үйінде соққыға жығылып, қан-жоса болған Айша мен Мұқа, Сәмен үшеуі қапты. Есіктен төрге шейін, қораның ортасы қақпаға шейін шашылып, ойран болған үй мүлкі жатыр. Қираған бұйым, әр жерде ұйысып қалған қан. Сұмдық әрекет, қатал жаулықтың анық сорғалаған қан, сойқақтаған ізі жатыр. Сәл ғана есін жиған Айша жығылып жатқан бойын жимастан:
– Шабындар, жетіңдер, көп болған жоқ. Паромға шейін жетесіңдер! Жаңада ғана кетті. Қырық, елу саудагер қаптап келіп, қырғын жасап кетті. Әбді ғана Дәрмен мен Мәкеннің үстіне жығылып, пәрмене боп, қолына қанжар алып, арбаға бірге мінді! – деген сөзді талықсып жатып, үзіп-үзіп айтты да, Айша қайтадан қансырап, сұрланып есінен жаңылды.
Әбіш Әлмағамбетке бұйрық етті:
– Мыналарға сен көмек ет, қасында бол, көршілерін жи! – деді. Өзі Кәкітайды алып, ақ көбігі омырауын жапқан, қара тер басқан жүрдек қара жорғаны қайтадан соққылай шапқылап, паромға қарай жан ұшыра ұмтылды. Биік жолды құлдап, паромның көпіріне шейін ұшыртып келген қара жорғаның жеңіл арбасынан ыңғайлы офицер Әбіш секіре түсті. Паромға қарай ұмтыла берді.
Жаңа бұлар белге шыққанда, бергі жағада тұрған үлкен паром жуан кедір арқанын жиып алып, кірер ауызға кепіл ағашын қойып, бұл жағадан кетуге айналып еді. Енді көпір үстінде жүгірген Әбіш жеткенше, паром бір саржандай жерге сытылып кеткен екен. Тәуекелмен көз жұмған, бар денесімен ақыл, санасын жалғыз ғана әмірлі байлау билеген Әбіш, көпірдің қанатына секіре шығып, паромшыға орысшалап: "Қайтар, тез қайтар!" – деп ақырып жіберді. Өзі де сол бір саржан бойындай жердегі паромға қаршығадай атқып берді.
Қиуасыз жерде, жай адамның бірде-бірі бекіне алмас әрекетке басты. Жалындап ұмтылған офицер суға түсер деп барлық жан сескене үн қатып, қадала қалғанда, ол дік етіп барып, паромның шетіне аяқ ұшымен ілінді. Жіңішке, аппақ мықты саусақтары да паромның жиек ағашына шап етіп жабыса түсті. Осындай өзгеше өрт үстіндегі қимыл-әрекет еткен, өзі көрнекті ұлық бейнелі офицер, жаңағы қимылының өзімен-ақ құдіретті бұйрық еткендей болды. Енді паромның кормасын ұстаған бурыл сақалды ноғайға
Әбіштің: "Кейін қайт!" – деп, басын бір-ақ изеп бұйрық беруі жеткен еді.
Әлдекімдердің үзіле, күрмеле шыққан қарсылық үндері ескерілген жоқ. Қалың арба, көп салт атты, көп жанды тиеген үлкен ауыр паром Әбіштің қадалып тұрған үнсіз қалпына бағынды. Паром қайта қайтып, мерзімді көпіріне жетіп, жуан арқанмен нық байланып, қайта тоқтады. Ол тоқтай салысымен алға қарай көз қадап тұрған Әбіш, жағадағы жуан, жоталы, қызыл шүйделі, сары ала қылыш асынған полицейскийді қасына шақырып алды.
"Семіз сары" деп аталатын ар жақ, бер жақтың бар жүргіншісіне мәлім бұл стражник Әбішті ұлық тұтып, кішілік түспен алдына жылдам басып кеп, қалт тұра қалды. Әбіш оған сараң сөзбен қазіргі шатақ жайды білдірді.
– Мынау паром үстінде жаңа ғана Затонда болған разбойдың, қантөгістің айыпкерлері кетіп барады. Бұл қылмыстылармен, бұзықтармен солардың құрбандықтары да бар осында. Мен қазір уезд начальнигіне жетіп, саған көмекке бірнеше полицейскийлер жеткіземін. Соған шекті тапсырылатын міндет - паромды қайта жүргізбей, қыбыр еткізбей және ішінен бірде-бір кісіні шығармай, осы жағада ұстайсың. Саған бұйрық беруші военно-полевая артиллерияның поручигі Ускенбаев. Ұқтың ба?
– Так точно-с, Ваше благородие, господин поручик! – деді де, семіз сары ілгері қозғала берген Әбішке жол беріп, алдынан өткізді. Өзі ұзын қылышын сол жақ жамбасына баса қысып алып, паромға қарай адымдай жөнелді.
Әбіш осы бетінде тағы да күдіс қара жорғаны Ертіс жағалаған тақырлау көшелермен бездіре жорғалатып отырып, таңертең өзі кірген уезд начальнигі Маковецкийдің кеңсесіне кірді. Семей уезінің бұл кездегі уездік начальнигі Маковецкий бұдан бұрынғы Казанцевтардан әр сыпаты артық келген білімді кісі. Әр істегі орамы өзінше шебер әкімді танытатын. Маковецкий жас жағынан отызға жаңа ілінген. Өзі биік бойлы, басы-беті келісті, келбетті адам. Ол Абайды жақсы білетін. Бүгін таңертең Әбіш айтып келген арызды үлкен ілтифатпен оқып, аңдап шыққан.
Орыс тәрбиесін алған жас поручик Ускенбаев Маковецкийге әділ сөз, орынды хабар әкелген адам сияқты. Ол әдеттегі сахараның дауын қуушылардай, өз басын жоқтаушы емес. Қызды алып қашқан адам да бұл емес. Және қыз бен оны алып қашушы жігіт те бұл поручиктің інісі, ағасы, жақын туысы емес. Олай болса, сахара заңының қараңғылық, озбырлығына, надандық қиянатына, жабайы жыртқыштығына орысша оқып, тәрбие алған өнерлі жас қарсылық білдіреді. Ереуілмен алысады. Және сол қарсылық, алысу әрекетін сахара жолымен, Маковецкийге аса белгілі, тартыс жолымен жүргізуге болмайды. Аталар заңына бұл, Россия патшалығының үлгілі заңын қарсы қоюға талпынады. Қысқасы, даланың жабайылығынан қашқан панасыз, айласыз жастарды бұл патшалық әкімшілігінің панасына әкеледі. Поручик Ускенбаев, Маковецкийдің түсінігі бойынша, өте тура, дұрыстық жолда әрекет етіп жүр.
Бағана Әбіш әкеп қалдырған Мәкеннің арызын ойға салып отырған Маковецкийдің түсінігі осылай еді. Енді, таңертеңгі қалпынан, ондағы сабырлы, сүйкімді жүзді, майда мінезінен мүлде өзгерген поручик Ускенбаев келді. Бұл кірген сәтте Маковецкий таңырқап, өз орнынан түрегеле жөн сұрады.
Әбіш отырмастан, қалт тұрған қалпында барлық болған жайды Маковецкийге айтып шықты. Ең ақырында өзінің бұған берілген әмір дәрежеден тысқары әрекет еткенін сәл айыбы есебінде мойнына алды. Паром жағасындағы полицейскийге өздігінен бұйрық етіпті. Қалың қылмысқа қарсы өзге айла таппағанын айтты. Тиісті әкімдердің правосына қол сұққаны үшін сыпайы күйде кешірім өтінді.
Болған халді ұғына салысымен, Маковецкий қаланың паром жағын әкімдік жөнінен билейтін, үшінші участкенің становой приставы Старчакты алғызды. Сол приставка өмір етіп, қасына бас полицейскийді алып, тезінен паромға жетуге бұйырды. Ондағы басты айыпкерлер мен арыз берген Әзім қызы Мәкенді және оның жігіті Дәрменді осы уезд кеңсесіне шапшаң жеткізуді тапсырды.
Енді бір жарты сағат шамасында пристав Старчак өңшең биік бойлы, сом денелі бес полицейскийді ерткен бойда, айбарлы ажар көрсетіп, қайық аузына жетіп келді. Паромның көпірін үлкен айбынмен тарс-тұрс басып, әлі де байлаулы тұрған паромға шапшаң аттап кіре берді. Қылыш, қарулары сатырлай жарқылдаған әкімшілік адамдары паром үстіндегі барлық жай жүргіншілерді сескенте берді. Полицейскийлер келер алдында осы паром үстінде тағы да бір қатты қатал қақтығыс болған-ды.
Әбіш кетісімен, паром үстіндегі бақырауық Қорабай және оның қасына ерген бірнеше, өзіне тартқан "портерде" жүргіш жанжалқұмар шолақ саудагерлері бірігіп ап, паромшыларға жанжал салған. Паромды жөнелт деп бұйрық еткен.
Семіз сары паромшыларға "қозғалма!" – деп бұйырғанда, Дайыр мен Қорабайлар жылы сөйлесіп көрмек боп, Қызыл қағаздың шетін де қылтитқан-ды. Бірақ жаңағы офицердің ажарынан тайлығып қалған стражник үйреншікті парасын алмай, бой сағаттап, екіұдай күйде қалған.
Әбішті көргеннен бері ызасы мен кегі қайнай түскен Дайыр, енді тағы бір кезек Дәрмен мен Мәкен отырған арбаға құлшына ұмтылып, олардың басына сау сол қолымен қамшы үйірген. Бетінің қаны қата түскен, шекесі мен желке тұсының жарасы таңылмаған Әбді, өз қолындағы ұзын сапыны Дайырға осымен сан рет қайта көрсетті.
– Жалғыз тамшы қаным қалғанша бұл екеуінің басына сенің таяғыңды тигізбеймін, Дайыр! Сертім, антым сол. Қара қаныңды ағызамын. Тақап көр, тиіп көр! – деген.
Бұл егес Қорабай қасындағы сотқарларды және қоздыра түсіп еді. Олар паромға мінген жандардың жарымына жуығы шулай сөйлегенде үлкен бүлік тобы екенін танытады. Осылар алдауға, параға көнбеген Семіз сарыны енді қорқытып, ықтырмақ болды. Бір ауыздан қосыла зекіп, айғайлап:
– Босат паромды! Жібер бізді!
– Жетті тоқтатуы тамам жұртты! – деп, Семіз сары мен паромшы бурыл сақал ноғайды ортаға алды. Қыспаққа салып тұр еді.
Осы шақта паромның көпірін солқылдата, тасырлата басып он шақты жаяу, өңшең еңгезердей, жұпыны киімді қазақ жігіттері жүгіріп келді. Паром аузында тұрған жаңағы топқа олар кимелей араласты. Ауыздарында бір-ақ сөздері бар.
"Қайда Қорабай?", "Қайда қанішер Қорабай?" – десіп, сұрау сала килікті.
Бұлар үнін естіген Дәрмен, Мәкеннің қолын қатты қысып, Әбдіні де иығынан түртті.
– Ия, сот, мынау Затон жігіттері! Асыл азамат, грузчиктер ғой! – деп қалды.
Анығында бұл топ Сәменнің тату жолдастары. Шетінен балуан атағын алған балғын грузчиктер болатын.
Бағана Әлмағамбет Айшаның нұсқауымен осылардың Сейіт дейтін біреуіне жетіп, Сәмен үйінің қан-жоса боп жатқан жайын білдірген. Кең жауырын, бітік көздеу, қызыл сары Сейіт әп-сәтте мынау сегіз-тоғыз көрші достарын ертіп алып, Сәмен үйіне кіріп, бар жайды көріп білген-ді. Сонымен, серіктерін ертіп, осы паромға қарай өзгеше кекті ашумен ұмтылысқан болатын.
Сейіт паром үстінде, бұлар іздеген бүліктің бәрі барын білгенде: "Ия, сәт, берерсің!" – деп тісін қайрап, құлшына түскен. Қазір сол Сейіт "қанішер Қорабай" деп ақырғанда, содыр сойқаннан жалтарып көрмеген аңсағай бойлы Қорабай жайдақ арбадан секіре түсіп, Сейіттің алдына ентелеп келіп, ақырып жіберді.
– Әкеңнің көз-құны бар ма еді? Мен Қорабай!Сол-ақ екен, Сейіт Қорабайдың ұзын, тығыз қара сақалынан шап беріп ұстай алып:
– Мә, Қорабай сен болсаң! – деп, шойындай жұдырығымен ауыздан қойып-қойып жіберді. Қорабай сол қолымен жұдырық сілтесе де, Сейіттің қолынан сақалын босата алмады. Беті-жүзі қан болып, екі бірдей күрек тісі салдырап, аузының ішіне түсті.
Паром үсті айғай мен сатыр-сұтыр төбелеске айналып қалды. Осында үлкен сары арбада күжірейіп отырған Дондағұл дейтін бүлік бар-ды. Ол қаланың екі жағасына аты мәлім, аса бір балуан және атақты ұры болатын. "Пәленше байдың тас құймасынан бір месте шайды лақтырып ырғытқан", "кесек ұрлайтын алып ұры!" – деп Дондағұлды барлық қала аңыз етісетін. Қорабайдың әр кездегі қайраты мен айбаты осы Дондағұлдай, портерден шықпайтын, өзі ішкіш, әрі қайраты күшті пәлелер еді.
Бағана алғашқы толқын, он кісілік жауды жеңіл айдап тастаған Сәмен, Әбді, Мұқа үшеуіне кейін қайта келіп қаптағандар, тағы Қорабайдың бастауымен жеткен, осы Дондағұлдар екен.
Сәменді, Әбдіні қатарынан ұрып жыққан да Дондағұлдың өзі. Бірақ сол үлкен айқаста Дондағұлдың басына Сәменнің кіндік темірі де қатты тиген. Қазір содан бері бас, желке, жотасы түгел дүңкиіп ісіп, жаңағы паром үстіндегі айғай-шуға ол қатыса алмай, басы зеңіп отырған. Қазір қуғын келіп, Қорабайды анадай еткенін көре сала, Дондағұл қолына дағдылы келтегін алып, ақыра ұмтылды. Жолда тұрған бір жайдақ арбадан көлденең басып секіріп кеп түскенде, Қорабай мен Сейіттің тап қасынан еңгезердей боп дүңк ете қалды. Аузында боқтық, Сейітті жоям деп секірген-ді.
Бұл әуелгі бетінде жерге тарбия секіріп түсті. Бір сәтке бойын иіп, тізесін бүгіп, енді ғана ақыру үстінде жазыла берген еді. Қапысы жоқ сәтті баққан Сейіт пен оның өзіндей кең кеуделі, қара бұйра сақалды Жайнақ, мына Дондағұлдың үлкен ұрыс бастарын сезіп қалысты. Сол сәтте екеуі де қолдарындағы қаруын қатар сілтеп, біреуі Дондағұлды көк желкеден ұрғанда, екіншісі қатты қайың таяқпен білек қарынан келістіре қайқайта соққан еді... Желкеден тиген Сейіттің қолындағы Сәмен үйінің қара шоқпары болатын. Өгіздей дүңкиген қара жон Дондағұл, мынау екі балуан грузчиктің қатар соққысына төзе алмады. Өкіріп барып етпетінен түскенде, арба астына бас сұға бере, тырайып қалды.
Бір-екі грузчик Дайырды тауып алып, оны қойғылап тепкілеп, иттей езгіледі. Пристав Старчак пен қасындағы полицейлері және Әбіш пен Кәкітай жеткен шақта паром үстіндегі жай осы еді. Старчак көп сөзге келген жоқ. Әбіштің айту, көрсетуімен ең әуелі Мәкен мен Дәрменді бөлек босатып, жағаға шығартты. Содан кейін Қорабай мен Дайырды және де бар топтан бөлгізіп алды. Оларды екі полицейскийге арнап тапсырып, Маковецкийдің кеңсесіне қарай бастап жөнелді. Грузчиктер үнсіз сазарған қалпында үйлеріне қайтты. Үндері өшіп, жуасып қалған жанжалқой саудагерлердің тобын көтерген паром, енді мерзімді жүрісіне басып, Семей жағасынан жылжып кете барды.
Сол жүргінші тобы Ертістің Слободка жағасындағы көпіріне кеп тоқтады. Осы "қайық аузы" дейтін жерде тағы да жесір қуған, пәле іздеген үлкен топ сабырсызданып, тықыршық атып тур екен.
Бұл топтың алды – бурыл сақал, зор мұрынды, жалғыз көзді Оразбай. Қасында ерткені – бай құдасы Сейсеке және басына сәлде салған Шәрібжан халфе. Үшеуінен бөлек салт атқа, жайдақ арбаға, жеңіл трашпеңкелерге мінген тағы да жиырма шақты қала саудагерлері мен ел адамдары бар. Бұлар паромға көліктерін, арбаларын кезекпен кіргізе жүріп, хабарға қанды. Ар жақтан тауаны қайтып, бар пәлені бастарынан атқарып келе жатқан Дондағұл мен бірнеше саудагерді ортаға алған. Паром жүріп кеткенше солардан жайдың бәрін білді.
Қорабай мен Дайырды приставтың жапқалы әкеткенін естігенде, Оразбай жай қозғалған паромды тебіне тыпырлағандай, жарылардай боп асықты. Аузынан от жалындай, зәр қарғыс атты:
– Қанды балақ қас жауым Абай десем, бөлтірігі тағы еріп пе еді?! Жетіп қап па еді тағы бір дұспаным боп! Ұлық, төре болғансып дегенін істетіп тур ма екен!.. – деп, ар жағын айтпай, тек өкініш қана білдірді... Бас бармағын құшырлана тістеп қалды. Баяғыда: "Абай баласына орыс оқуын оқытып жатыр. Ұлық, төре жасамақшы. Сенің де құдіретің, мүлкін жетеді. Оқытсаң қайтеді бір балаңды орысша?" – деген ақылшыларды Оразбай ауызға ұратын. Қазір сол оғаты есіне түсіп өкінгендей. Бірақ бұл шағында күйреп кетейін деп тұрған Оразбай жоқ. Сәлден соң қайтадан дүр сілкініп, құлшынып кетті.
– Көрермін, шығып көрсін... Шыдап көрсін көлденең!.. – деп булыға қайнап, кіжініп алды.
Қуғыншылар мен қашқындарды енді қайдан іздерін анық аңғара алмаса да, Оразбайдың жалғыз көзін қадаған бір ғана нысанасы бар.
Ол үлкен Семейдегі өзіне таныс қазақ тілмашы Самалбек, Маковецкий уездің тілмашы. Сүйегі қырғыз, Тобықты ішіне сіңген он шақты үйден шыққан оқыған жігіт Самалбек Доспанов. Оразбайдың бұдан бұрынғы бірнеше істеріне ақылшы да себепші болған делдал еді. Бар мінезі мен сырына көзі жетпесе де, Оразбай сол Самалбекке кейде қысқы соғым жібертіп, жазда сабалап қымыз, семіз қой, бағландар жіберіп, іліктесе жүретін. Самалбек арқылы мировой судьяның, окружной соттың, банкенің және жандарал кеңсесінің бәріндегі қазақ тілмаштарымен Оразбай дәмдес, таныс болған.
Қайықтан өте сала Оразбайлар тобымен Самалбекті іздеп келді. Бұл шақта Маковецкийдің кеңсесінде кезек тосып Әбіш пен пристав Старчак және Дәрмен мен Мәкен отырған. Қаланың бірнеше ірі чиновниктері мен тағы бір советникті бөгде жұмыспен қабылдаған Маковецкий, Әбіштер жеткеннен кейін бір сағаттан соң ғана босады. Ол әуелі Старчакты қабыл етіп, одан жанжал басы Дайыр мен Қорабай жайына қанып алды. Паром үстінде де тәртіп бұзған, үлкен айуандық әрекет болғанын Старчак дәл мәлім еткен. Пәленің себепшісі Қорабай, Дайыр екенін, олардың Старчакты да иянаттап, ұрсып, "параға сатылдың" – деп айыптап сөйлеген сөздерін оязға түгел жеткізді. Осы дерекке сүйеніп, бұл екі әкім өздеріне берілген администраторлық право бойынша, қалада разбой жасаған екі қылмыстыны бір айға каталашкеге жауып, істерін мировой судьяға жолдайтын болды. Сөйтіп, Старчакты жөнелтіп, Маковецкий Әбішті қабылдаған.
Әбіш өзімен бірге Мәкен мен Дәрменді ерте кірді. Арыз иесі Мәкеннің сөзін Маковецкий өз аузынан сұрап еді.
Берген арызынан қайтпай ма, осындағы сөзінде тұра ма? Жоқ бүгінгідей жанжал, әлек, қантөгісті көрген соң, бұрынғы байлауынан қайта ма? Қайта ойлана ма? Соны білмек.
Әбіш Маковецкий сөзіне бірде-бір сөз қоспастан, бұлжытпастан дәл аударды. Осы кезде ояздың көптен күтіп отырған бір адамы амандасып кіріп келді. Ол қазақ тілмашы Самалбек. Бұның пәтеріне барып ошарылған Оразбай бастаған қуғыншыларды ілестіріп, Самалбек ояз кеңсесіне жаңа кеп кірген.
Оразбайларды ауызға қалдырып, оязға өзі жеткен. Таныс тілмаш Самалбек келген соң, Әбіш оған бас иді де, кезек берді.
– Мен тілмаштықтан тоқталайын, господин Доспанов өзі аударсын. Арыз берген қыздың ендігі сөзін сізге өз тілмашыңыз жеткізсін! –деп, Әбіш тәрбиелі ұстамдылық көрсетті.
Маковецкий жас офицердің бұл мінезін де құп көріп, үнсіз ғана бас изеп, Самалбекке иек көтерді.
Мәкен жаңағы Әбіш жеткізген ұлық сұрауына, ақырын айтса да, ойлы, салмақты жауап қатты.
– Тақсыр, мен көптен зар шеккен жылаулармын! Қалада әділ ұлық бар деп, сіздің панаңызды іздеп келгемін. Солай өзім іздеп келіп, кеше берген арызымнан бүгін қалай айнимын. Екі айтарым жоқ! Сол арыздағы сөзім сөз! Азаттық тілеймін ақ патшаның әділ заңынан! – деп сөзін аяқтады.
Кей жерде тоқтала түсіп, көзіне жас алып, соншалық бір сабырлы, саналы жүзбен сөйледі. Қасындағы Әбіш пен Дәрмен екеуі таңданып, сүйсінгеннен бір-біріне көз тастады. Іштерінен Мәкеннің ақылынан айналғандай. Самалбек, Әбіштің байқауынша, орысшаға едәуір жүйрік, әділ аударушы екен. Бұл арада оның көлденең сыншысы орыс, қазақ тілдерін бірдей жақсы білетін Әбіш, Самалбек қыздың сөзін айтып болғанда, Маковецкий "қалай аударды?" – дегендей сұрақ тастаған жүзбен Әбішке көз қиығын бір бұрып еді.
Әбіш үндемей құптап қана бас иді. Осыдан кейін Маковецкий өз сөзін Әбішке арнады.
– Поручик мырза Ускенбаев, мен сізге бір жайды мәлім етейін! – деп, өзі осыдан бұрын ойлап қойған салмақты бір ойларын өлшеулі, дәлелді сөзбен баяндады.
– Әзім қызының арыз, тілегі патшалық кеңселеріне жеткен соң ескерусіз, тексерусіз қалмайды. Әрине, әдетте, бұндай істердің баршасы сахараның өз заңы мен шариғаты бойынша тексеріліп, шешіліп келген. Біздің кеңселер алдына бұл істер бұрын келіп түспейтін-ді. Ол ретке қарасақ, Әзімова қазақ даласынан Россия заңы арқылы өз басына азаттық тілеуші бірінші әйел. Сонымен қатар шығыс әйелінің эмансипациясы үшін алысушы бірінші әйел деуге де болады. Поручик Ускенбаев, бұл іске сіздің араласуыңыз бен менің араласуымды әділет үшін араласудың бір түрі деп түсінейік. Бірақ сіз Әзім қызына және қасындағы дос жігітіне ұғындырыңыз. Заң бойынша бұл адамдардың арызы мен барлық істері сот орындарына тиісті жұмыстар. Ендеше, бұдан былайғы тексеру, шешу, қорытулар -бәрі де сот байлауы бойынша болады! – деді.
Осы турадағы бар әрекетін окружной сот председателіне Маковецкий өзі барып мәлім ететінін білдірді.
Содан кейін Әбіш, Мәкен, Дәрмен үшеуі Маковецкий кабинетінен шыққан еді. Енді Самалбектің Оразбайлар жайын мәлім етуі бойынша, ояз начальнигі Оразбай мен Сейсеке байды, Шәрібжан халфені қабыл етіп қалды.
Ішкі бөлмеден офицер киімді Әбіш шыға келгенде, Оразбай жыландай жиырыла қалды. Қарсы келе беріп, қасындағыларын ілгері өткізді де, өзі тоқтай берді. Әбішке жалғыз көзін оқтай шаншылтты. Әбіш те бұның көзіне қабақ түйе, қадала қарап, сескенбестен өте беріп еді. Оразбай тістене тұрып зіл тастады:
– Болмай жатып бәле қуғызды ма әкең саған? Тек тырысып көріңдер әкең екеуің!.. Өлісер жерге жетіпсің, өкінбе тек!
Әбіш Оразбайға қырынан тұрып, ажуалай, жирене қарады. Әкесіне осы адам істеп жүрген бар қастық пен кесір-кесел қазір бір араға жиылып, бадырая көрініс бергендей. Бүгін көзі көрген қаталдық, қаскөйлік пен қан-қаза жас жүректің ызасын өршітіп тұрған. Ол Оразбайды табалап, қатал үн қатты:
– Мен пәле қуғам жоқ. Бірақ пәле тудырам деушімен алысуға шықтым. Біліп қойыңыз, ардан, аяныштан аттаған жыртқыш жауыз болса, оған қарсы мен де әкемсіз-ақ шыға аламын! Аянбастан, өкінбестен алыса білемін!.. Есіңде болсын, ақсақал! – деді де, жүре берді.
"Доңайбат жасап сескентем" деген Оразбай, мына жігітті қорқыта алмай, ширықтыра түскенін көрді де, үн қатпай, сүзе қарап қала берді.
Мәкен, Дәрмен, Әбіш тобы ауыз үйде Маковецкийдің жаңағы уәдесін тосумен болды. Бұл кеңседе қуғыншы мен қашқындар және арадағы жанкүйерлер бетпе-бет тізелесіп отырғанмен, бірде-бір жақтан тырс етіп шыққан сөз де, ұрыс та болған жоқ. Ашу үстінде аямас қастыққа қатты бекініскен топтардың іштегі оттарын әрең бүркеп отырған күйлері танылады. Егер бірде-біреу тіл қатып, үн шығарса, от қынабынан суырылған жалаң қылыш есепті сермелу керек те, қан төгу керек тәрізді. Әсіресе бүгін таңнан бері екіұдай болған осы топтардың арасынан түскен жара мен қан, соққы мен қырғын, енді екі жақты да өлімнен бетер қаттылыққа бекіткен.
Оразбайлармен Маковецкий сөзі тіпті қысқа болды. Ол:
– Бұл істі мен тергемеймін, сот тергейді. Менің араласқан себебім: қалада, мен билеп тұрған орында қантөгіс, жанжал болғандықтан соған ғана тыйым салудың әрекеті болатын. Мен қазір қызды да, оны қуып дау айтушылар – баршаңды да сот алдына айдаймын. Ендігі сөзді сол жерде айтып, дау, дәлелдеріңді сол мекемеде шешкізесіңдер! – деген.
Бұрын елде болған бір сайлау үстінде Маковецкиймен астас, білектес болған бай Оразбай, Самалбекке де сыр-мінез көз таныстай батыл сөз айтты. Онысы – қазір патшалық кеңсесінен заңға лайықты дәлел тауып сөйлеген өтініш тәрізді боп шықты. Бұның айтқаны:
– Рас, ояз сөзі бастан-ақ орынды. Заңға келсек біз тентек. Сотқа жіберсін, заңға келсін. Мақұл-ақ, бірақ мынадай бір өтінішке ояз да, сот та теріс деп қарсы шықпас дейміз! – деп, Оразбай қанын ішіне тартып алды. Қатты сұрланып, қатқыл үнмен көтеріле сөйледі.
– Тергеу бүгін бітпейді, бірталайға созылады. Олай болса, қашқын қыз қайда болмақ керек? Сол қашқын жігітінің қатыны боп қасында қала бермек пе? Онда соттың тергеуі неге керек? Дау үлкені сол екі бүліктің қосылу-қосылмауы турасында емес пе? Ендеше, ей, Маковецкий, – деп алып, Оразбай жалғыз көзін оязға оқтала қадады.
– Мейлің өзің шеш, мейлі сотың кессін. Бірақ дәл осы сағаттан бастап, сенің кеңсеңнің табалдырығынан аттағаннан былай, анау бүлік қыз бен бұзық жігітті тізе қостырып отырғызбай, қазір айырыңдар! Айырып тұрып тергеңдер. Біздің өтінішімізді тыңдасаң, екеуін екі бөліп, екі абақтыңда ұста! – деді.
Сөзінің басы Маковецкийге орынды көрінген еді. Соңғы байлауы, әрине, сахараның қатал заңын қолданушы озбыр-зорлықшының қияс дауы. Маковецкий Оразбай сөзінің осы тұсын естігенде ернін шүйіріп, бас шайқады.
Сотқа оның арызын да жеткізбек боп уәде қылып, бұл топты да ояз ұзатып салды. Енді арада тағы бірер сағат өтіп, кеңсе ісі аяқтар шаққа жеткенде, окружной соттың іші мен алдыңғы жағы, көше бойы, айналасы қазақ арызшыларына лық толды. Бұл араға бағанағы бір кезде Абай мен Баймағамбет те жеткен. Ол екеуін басжатақтан әдейілеп алып өткен қайықшы Сейіл де "не болар екен" деп ере келген-ді.
Абайды жиын ішінен көріп қалған Оразбай, салғаннан соқтықпаса да, бір кезек маңайласып келгенде, Абайға көп жұрт көзінше даурыға тұрып, кінә тастады.
– Тағы салдың ба өртіңді?.. Өрте! Өртеп қал, Абай!
Абай сасқан жоқ. Даусын Оразбай даусынан асыра, қатты көтерді де, мысқылдай сөйледі.
– Өрт деймісің?! Өрттің бәрі жаман дегенді саған кім айтты?!
– Ия, өрт жақсылық демексің ғой, сонымен, ә?
– Өрттің жаманы да бар, жақсысы да бар. Шіріген шеңгел, қуарған түп-түбір, кәрі тікенектерді әдейі өртейтін де кез болады. "Орнына жаңа көк шықсын", "анау жол берсін" деп өрт салады. Бар пәлені білгенде соны білмей, не қара басты? – дегенде, Абай маңындағы Сейіл бастаған жұпыны киімді бар жиын мәз бола, даурыға күлді.
Оразбай Абай жаққа қарай қолын бір-ақ сілтеді де, сырт берді.
Бұл жиында ар жақ пен бер жақтың саудагерлері ғана емес, бір жағы қайықшы, бір шеті Затондағы грузчик жұмысшы, жай көпшілік кедей, кәсіпшісі бар. Екі жақтың базарында жүрген ұсақ саудагер қала тұрғыны мен маңайдағы ел-елдің қалашылары және кепті.
Бай, саудагер Сейсекенің қырдағы үлкен бай, жуан құдасы Оразбай қуған дау екен. Бір Сейсеке емес, Қасен, Жақып сияқты байлар жар салып, ар жақ пен бер жақтың көп саудагер байшыкештері де сәнді арбаларын жектіріп, көбінше ноғайша киініп, сыланып, таранып келісіпті. Осылардың кейбірінің арбаларына мініп, араларына кіріп сәлделі молдалар, халфе, қарилар, шар тартқан шәкірттер де жетіпті. Бұлар қазақтай "мұсылманмын" дейтін елдің әйел жайын, әсіресе "никах", "талақ" тәрізді шариғат үкімі шешетін жайларын патшалық сотына, орыс законына беруді үлкен қылмыс санайды. Айыпкерлерді, қолдарынан келсе, сол сәтте лағынетке ұшыратып, кәпір қауымына жазып, түтіп жегендей.
Жарым күн өтсе де, бар қалаға өрт хабарындай өрекпіп жеткен лақап, қанды жанжал осы қаланың әр кеңсесінде істейтін қазақ чиновник, тілмаштарын да сот үйіне тартқан-ды. Олар қыр қазағы мен қаланың жай тұрғындарынан басқаша басады. Кеңсе ішіне, жұрт батпай жүрген жерге кіріс-шығыстары батылырақ. Абай да окружной соттың үстіңгі қабаттағы кең залында Әбіш, Кәкітай, Дәрмен, Данияр және Самалбектей жігіттерді қасына алып, көбінше үндемей отырған. Бұлардың ортасында көптен бері Мәкен де жоқ. Маковецкий сот председателіне келгенде, Оразбайдың арызын еске алып, қызды Дәрменнен, Әбіштен де бөлген. Өз кеңсесінің қызметкері Самалбекке ерткізіп бөлек әкелгізген. Окружной соттың председателі мен Маковецкий оңаша сөзге кірісе бастағанда, Мәкенді стражникке шақыртып, ішкі бөлмелерге алып кеткен. Аз уақыт ішінде сот председателі істес адамдарын тез жиғызып алды.
Қыз арызын окружной сот өз қарамағына ала ма, жоқ па? Қазақтың бұл күнге шейін сахарасында қолданып келген әдет-заңына бере ме? Оразбайлар тілегендей әдет пен шариғат жолына тапсыра ма? Жоқ, әлде қыздың арызы, Әбіштей офицердің өтініші бойынша, Абайдай көлденең арызшы, ел адамының сөзі бойынша окружной сот өзі қарап шеше ме? Міне, осы екі жайды кезек салмақтап, бір байлауға келу сотты да көп ойға салған жай болды.
Мезгіл кешке тақап, жұрт сарылып болған шақта әзірге: "предварительный" дейтін уақытша байлауы кеңсенің өз ішінде аз жұртқа ғана мәлім етілді.
Бұл байлауды арыз иесі Мәкенді алдарына келтіріп отырып мәлімдеген сот председатель Ол келісті қасқа бас, самай шаштары ағарған, салқын жүзді, тығыз біткен ақ сақалды, көп шенді, келбетті адам. Председатель қысқа ғана байлау айтты.
– Округ соты ерекше шара есебінде сахарадан қашып келген, патшалық сотына арыз берген Әзім қызының ісін уақытша өз қарамағына алуға ұйғарады. Іс тергеу аяқтап болғанша Әзім қызы қалада болады. Оны қуған адамдарға да, алып қашқан адамдарға да берілмейді. Алысқан екі жақтың адамдары оған кездеспес үшін, іс тергеуге әсер етіп, бөгет жасамас үшін, Әзім қызы үкім байлау күніне шейін полицияның надзоры астында болады. Сол жөндегі айрықша шара есебінде окружной соттың тілмашы, сенімді гражданин, тайный советник Әлімбек Сармановтың үйінде тұратын болады.
Үлкен кеңсенің әзірге ешбір жайды байлап, шешпеген алдын ала шарасы осылай мәлім етілді.
Сонымен, Мәкен енді Дәрмендер көзіне де, жаулар жүзіне де көрсетілмей бөлек кетті. Талас-тартыс тетігі болған жылаулар қыз, мұңды Мәкен екі жаққа да жоқ болды. Бүгінгі күн бүлікпен басталған қала тірлігі, әлі де бар жұртты белгісіз, тиянақсыз дәркүмәнға салған сергелдең үстінде аяқталды.
Осы күннен бастап Мәкен тірлігі оның да, Дәрменнің де ойында жоқ өзгеше күйге ауысты. Ауысуға себеп көп еді. Ең әуелі патшалық кеңселер өздерінің дағдысынан тыс өзгеше мінездер ұстанды. Аз сағаттар ішінде бұл іске айналысса да, олар көп-көп қайшылық, тартыстарды тыңдап, андап шықты.
Бұл кеңселердің тегінде осындай іске араласуы Семей облысы мен қаласының тәжірибесінде болып көрмеген. Сонымен қатар: "мұсылман әйелдерінің неке, талақ жөндері шариғатқа тиісті. Бұл жайды мешіттердің имамдары, мұсылманның дінбасылары шешуге жол!" – деп Оразбай, Сейсекелер шүйлеп салған сәлделі халфе, қари, молда, мәзіндер арыз берген. Олар бес-он сомға да жалдана салатын қазақтың шолақ тілмаштарын ертіп келіп, салмақ салған. Бұдан бөлек қаланың Сейсекедей, Қасендей байларын ертіп, сахараның ақсақалы, ру басы, әдет-ғұрып жоқшысы болып Оразбайлар да өктеді. "Сот пен ояз осы дауды өздері қарамасын", "халқымыздың заңына берсін", "ата-бабамыздың ежелгі жолына айдап салсын", "патшалық заңы бұл шаққа шейін біздің құда болу, қалың төлеу, келін ұзату, жесір алу жөндегі заңымызға қол сұқпаған болатын!" – дескен.
Мәкенді қуған топ осындай болса, енді бір көп жұрт өте орынды дәлелдермен "осынау істі сот өзі қарау шарт" деп өтініш етеді. Военно-полевая артиллерияның поручигі Ускенбаевтың өз бетімен жазған, амалсыз куә болып көрген-білгендері аса бір салмақты жайларды еріксіз еске алғызады.
Ол Маковецкийге айтқан ауызша дәлел-деректерін енді өтініш талабы түрінде молайтып, дәлелдеп жазған. Жабайы сахараның ортағасырлық құлдық-қорлық заңынан түңіліп, Россияның жеке адам правосын басқаша қорғайтын заңынан әділет тілейді. Көмек күтіп, пана тілеп келген бірінші қазақ әйеліне қорған болмау, Семей қаласындағы патшалық -әкімдік орындары мен құрметті сот орындарына үлкен айып болар еді! – деп жазыпты.
Екінші, бұл істер сахараның өзінде патшалық-әкімшілік орындары көрмеген, білмеген жерде болып, жүріп жатса бір сәрі. Қала әкімшілігі, уезд әкімшілігі және тіпті болыс әкімі әскери губернатор отырған Семей қаласында бар әкімшілік орындарының көбіне мәлім болып, көз алдында қанды оқиғаға айналды. Осындай істі қолға алмай, көрмеген кісі болып, сахараға қайтарып жіберу үлкен қателік болар еді. Патшалық үкіметінің Семей облысындағы әкімшілік, сот орындарының дәрежесін, намыс престижін сахарадағы қазақ халқының көзінде аса төмен түсірмекші.
Және де осы жай орталық баспасөз жүзіне шықса, министрге, сенатқа мәлім етілсе, бұл жердегі патшалық кеңселерінің басындағы адамдар батылсыздығы үшін ұятқа батқан болар еді деп те жазыпты. Осының бәрі соншалық салмақты, еріксіз ойландыратын сөз. Шынында Әбіштің сөздерінде әрі саясаттық шеберлік бар, әрі бір жағынан Семейдің үркек, шорқақ чиновниктерін айламен сыз өткізіп, "баспасөз жүзіне шығарамын" дегендей сескендіру де бар. Бұл жай, әрине, өте орамды сөзбен шебер айтылған болу керек. Әйтпесе, тікелей қатаң айтылса, жалған намыс иесі жергілікті чиновниктерді ыршытып, егестіріп жіберуге де болар еді.
Осындай нәзік, өткір және қиюы шебер жайлар тоғысқандықтан, Әбіш өзінің әрі куәлік түрінде, әрі патшалық қызметкері ретінде жазған жайларын қатты ойланып, көп ақылдасып жазуды дұрыс көрген. Сол себепті бүгін таңертең Павловты шақырып, өз арызын соның түзеуіне, өңдеп шеберлей түсуіне беріп кеткен.
Павлов, тегі, бұл іске мезгілімен ерте қосылды. Оны қосқан Абай. Таңертең окружной сот залында Әбішке кездесіп қайтқан Баймағамбет хабарынан соң, Абай тез іске кірісті. Семей жаққа өтер алдында Павловтың пәтеріне келген. Александра Яковлевна да барлық болған жайды естіп қанған екен. Абайға тығыз кеңес, көмек керек екенін толық аңдаған Павлов та ар жаққа өтпек болды. Ол Затонның бар жұмысшысын білетін, әсіресе Сәмен бұның жақын танысы, үйіне де барып, араласып жүретін. Сол үй ішімен бұзықтардың соққысына, шабуылына ұшырап қалды дегенді естумен бірге Павлов көмек етуді, ақыл беруді өзінің борышы санады. Төбелес, қантөгіс хабары тағы да болғандықтан, қолма-қол көмегі болар деп әйелін де бірге баруға шақырды.
Александра Яковлевна Павловтың жүзінен, байлауынан анық қатерлі жайды аңдады да, өмір бойғы үйреншікті дағдысы бойынша іркілместен қасына ерді.
Сонымен, Абай Баймағамбет екеуі басжатақтағы жел-қайықпен жөнелгенде, Павлов пен Александра Яковлевна қолдарына дәрігерлік аспаптар мен кейбір дәрі-дәрмектерін алып, Слободканың төменгі жағындағы паромға қарай асыға басқан. Затонның өкпе тұсына паром жақын болғандықтан солай кетісті.
Сәменнің үйі мен паром үстінде болған қантөгіс төбелестердің соңында Затонда бірнеше жұмысшының үйінде жаралы боп қалған адамдар бар-ды. Сәменнен осы жайларды біліп алған Павлов, қалаға, Әбіштің пәтеріне асыға кетті де, Александра Яковлевна жаралыларды емдеуге кірісті. Оның осы Затонда тұратын жақын таныс фельдшері Дмитрий Артемович Девяткин деген бар еді.
Обадан бұрын Александра Яковлевна Семей қаласында, қалалық больницада дәрігерлік еткенде көмекшісі болған және Александра Яковлевнадан көп жаңалық үйренген фельдшер осы кісі. Қаланың байырғы тұрғын адамы. Мінезі салмақты, өте орнықты, есті жан. Қоңыр шаш, сәл жирен шоқша сақалды фельдшер Девяткин 35 жастар шамасындағы адам. Дәрігерлік ісін ол үлкен бір мінезділік достықпен, жылы жақындықпен атқаратын. Әрі қазақша тілді жақсы біледі. Осы сыпаттарымен ол қазір Затондағы қазақ үйлерінің еркек, әйел мен жас, кәрісінің бәріне қадірлі.
Александра Яковлевна Сәменнің жарасын өз жуып, тазалаумен, дәрілеумен қабат, сол Девяткин фельдшерге кісі жіберген-ді. Жіберген адамы Сәмен үйінің екінші жағындағы көршісі, Затонның слесары Захар Ивановичтің әйелі – Марфа. Захар мен Марфа Сәменнің өзімен, әйелі Айшамен де аса тату болатын. Павловтың жолдасы Марков осы көршілес екі үйде кезек жататын да, екеулерін бір-біріне өте мақтап, әсіресе дос етіп жіберген. Марфа Сәмен үйінде болған әлекті кеш біліп қалды. Мәкен мен Дәрменді жаулар тартып алып кетіп бара жатқанын, ол үйіне қайтып келе жатып, көшеде көріп, жай бір бөтен адамдар төбелесіндей түсінген еді. Кейін сол көргенін тату көршісі Айшаға айтпақ болып, оның үйіне кіргенде, барлық бүгінгі қанды сойқан осы үйде болғанын аңғарған.
Сәменнің талып жатқан, қансыраған күйін көрді. Соққыға жығылған Айша жылап жатып, ыңырсып "Сейітке хабар айт" – деген-ді.
Марфа содан өзінің 30-ға тақап қалған ересек жасына қарамай, екі етегін көтеріп алып, жас қыздай жүгіріп, ұшып отырып Затонда жұмыс істеп жатқан Сейітке хабар айтқан.
Бағана паромдағы соңғы тартысқа, майданға Сейіт бастаған бір топ грузчиктің жан ұшырып жеткені, сол Марфаның хабарымен болған. Оларды паромға, қуғынға жөнелтіп салып, Марфа Сәменнің үйіне келіп, оның қанын жуып, қолынан келген көмегін істеп жатқан үстіне Павлов пен Александра Яковлевна жеткен-ді. Марфа дәрігер әйелдің тапсыруы бойынша фельдшер Девяткинді алып келіп, қазір Сейіттің, Сәменнің, Әбдінің, Мұқаның – бәрінің де қанды жараларын емдеуге осы дәрігер достар күнұзын айналысқан-ды.
Кейін Девяткин жаралылардың бәрінің жөнінен акт жасап, хат мөрлеп, алда болатын тергеулерге арнаулы деректерді Александра Яковлевнаның қолына берген.
Павлов қалаға, Данияр үйіне келіп, Әбіштің кейбір қағаздарын жазысуға көмектескен.
Күндіз Әбіш бізге мәлім әлектің ортасында жүргенде, Павлов Мағыш пен Афтаптың кезек күтуін көріп, Данияр үйінде ұзақ отырып, Әбіш арызын көп ойланып, оңдап шықты. Семейдегі патшалық кеңселерінің осы жөндегі жауаптылығын ескерткен, саясат жағдайын айтып отырған дәл Павловтың өзі еді.
Кейін окружной сотта, оңаша ұзақ кеңестер болып жатқан шақта Павлов сол ғана уақытқа окружной сот кеңсесіне келіп, Әбішке арыздың черновигін әкеп беріп кеткен.
Әбіш сол арада осы арызын көшіріп болып, Маковецкийден соттың оңаша кеңесіне апарып жеткізуді өтінген.
Абайдың ақылымен Сейіл бастаған бір топ қайықшы куәлардың арызы да кірді. Олар қашқан мен қуғандар жайын әйелге тон тілектестік, көмектестік ретімен жазған. Бұлардың үстіне Затон грузчиктері – Сейіт, Сәмендер арызы болған. Олар да Павловтың Затон жақта тұратын, бұларға күнде араласып жүретін, айдалып келген досы, жас жігіт – Марков қолымен аса дәлел-деректі арыз жазғызып алған. Бұндағы еріксіз көңіл аударатын жай, қыр адамы Дайыр мен қала бұзықтары Қорабай, Дондағұл тал түсте қаруланып барып, қала ішінде разбой жасағаны, қан төгіп, зорлық қылмыс еткені, үй талағаны, қыз бен жігіт екеуін "самосуд" ретімен "казнить" етпекке талап еткені, әсіресе, баса жазылған. Бұндай қылмыс қала әкімінің билеуіне тиісті. Затонда, паромда, көше бойында орын алғандықтан, осы істі қала соты өзі тексерсін деп өтінеді. Арызға қол қойған – Сейіт, Сәмен бастаған толып жатқан грузчиктер және Затондағы тоншылар, пимашылар тәрізді жұмысшылар. Ұзақ созылып жатқан округ сотының оңаша кеңесіне бұл приговор да мезгілімен жеткен.
Осылайша, жаңағыдай топтардың біріге жазған, қол қойған, бармақ басқан, таңбалар салған приговор қағаздары бір-ақ күн бойында "Әзімова Мәкеннің ісін" толықтыра берді.
Нәтижеге келгенде қуушы жақтардың ісі боп тігілген деректі документтері аз болды. Олардың ауызша жасаған домбыттары, даурығы көп. Ондай халдің, әдетте, қағаз бетіне дәлелді боп қонбайтыны мәлім. Бұның орайына Абайлар жағының қағазға түскен куәлік деректері, тілек-талаптары әлдеқайда орынды боп қалыптасты. Сондықтан да бүгін ең алғашқы уақытша байлау жасауға келгенде, округ сотының председателі мен мүшелері амалсыз қиыншылық сезді.
Бір жағынан ойласа, қаланың инабатты, беделді адамдары, мешіттердің имамдары араласқанын көріп отыр. Бұлардың даусына қала саудагерлері мен байларының тілегі қосылыпты. Ал екінші жағын салмақтаса, онда дәлел, дерек, заңды жолмен өтілген тілек-талаптар бар. Бұны еске алып, есепке тұтпауға тіпті мүмкін емес. Өйткені соттың қолында тұрған қағазына көлденеңнен қараса, екінші топтың істерін дұрыс демеске шара жоқ.
Міне, осындай көп шытырман жайлардың түйіні ұзақ толғантып, көп қиналтып келіп округ сотының жоғарыдағы байлауына сайған.
Байлау осылай болғанмен, жастар жолы кеңейген жоқ, әзір қайта қатал тұсауға түсті. Мәкенді Әлімбек Сарманов сияқты кісінің үйіне қойысты. Бұл байлаудың бірнеше жағдайы Әлімбектің өзімен сөйлесе отырып байланған. Ең әуелі, Әлімбек облыс әкімдеріне ешбір ой, пікір жағынан күмән тудырмайтын, сол себепті бірнеше чин алған, қазір советник атағына ие болған чиновник. Екінші, уәде бойынша қызды ол өз үйінде екі жақтың адамының ешбіріне де көрсетпей, сөйлестірмей бағып, бақылап ұстауды серт етеді. Әлімбек Сармановқа бұл іс жөнінде сенуге болатын тағы бір себеп – оның сүйегі, руы Тобықты руымен жақын емес. Бұл – Қарқаралы уезінің қазағы.
Қыз оның үйінде тұрған шақта сот орыны Сармановқа ақша-пұл салмақ салмайды. Пұл шығынын патшалық кеңсесі өз мойнына алады. Тергеу біткенше Әзім қызының тамақ жайына арнап күніне елу тиыннан шығарып, айына он бес сом ақша төлейтін болады.
Сармановтың әйелі қазақ емес, татар. Бұл да Әзім қызын оған әсер етерлік жай-жағдайлардың барлығынан сыртқары етіп, оқшау ұстауға себепші болмақ.
Сармановтың өзімен ақылдаса отырып жасалған осы байлау, кейін анығында Мәкен мен Дәрмен үшін анық тас қамаудай қиын жағдайға айналды.
Сарманов бітік көзді, тылтиған аласа бойлы, бөтегесі жаңа шығып келе жатқандай семізше жігіт. Өзі секектеп жүреді. Маңдай шашын кірпінің түгіндей тікірейте қайырған советник Сарманов өте ынталы чиновник болудың үстіне, аса қатал, шолақ-шолтырақ адам боп шықты. Ол Мәкенді пристав Старчакпен келісіп алып, арнаулы екі поли-цейскийдің надзоры астында ұстады. Бұның үстіне Дәрменнің жүзін көрсету былай тұрсын, тілхатын, бірде-бір дерегін де білдірмейтін болды. Тіпті Абайды да Әлімбектің өз маңына келтірмейтінін мәлім етті. Бұл чиновниктің үйі қазақ арасы емес. Семей қаласының "ноғай жағы" дейтін бөлімінде. Асты кірпіш, үсті ағаш, екі қабат, көнелеу үй. Құймалар биік, қақпалар берік. Сарманов маңайдағы ноғай көршілерден де қатынастан тыйылып, айналасын тап-тұйнақтай қымтай жүретін.
Өзі қырдан қол үзген. Әйелі болса қазақ қонақты ұнатпайды, жанасу мүмкін емес. Әлімбекке Данияр таныс болғандықтан, Әбіш тым құрса сол арқылы бір сөйлесуді талап етіп көріп еді.
Тықақтаған шолақ чиновник Әлімбек Даниярға ұрысарман боп, ұзатып салды. Кейін Данияр мен Әбіш Әлімбектің үйіне Афтапты жіберген. Бірақ бұл әлі қазақ тіліне жаттығып болмаған марғұландық жас әйел. Татар тілінен басқа тілден әлі бір ауыз сөз үйренбеген Әлімбектің әйелі анау. Екеуі өздерінше шүлдірлесіп мүлде шала ұғысумен тез айырылысты.
Әлімбектің әйелі Мәкенді Афтапқа әдейі көрсетпей қалды. Келер күндердің бірінде Әбіш өзінің тез уақытта жүретінін айтып, сот председателіне бұның куәлігі қажет болар деп айрықша мәлімдеме жасап еді. Бұл шақта оқшау іске арналып бөлінген "особое поручение" чиновнигі Злобин дейтін следователь Мәкен ісін өз қолына алған екен. Әбіш өзі жазған куәлік арыздың жөні бойынша Злобинмен көп сөйлесті. Тергеушіге талай жайларды кең ашып, мол деректер беріп айырылысты.
3 Осы күндерде Түркістанның әскери округінен поручик Ускенбаев Ғабдрахым турасындағы байлау – бұйрық та келіп жеткен болатын. Тегінде, осы өткен жаз басында Петербургтегі Михайловское артиллерийское училищені поручик дәрежесімен бітіріп шыққан жас офицер Ускенбаев Ғабдрахым, енді әскерлік қызметті ада қылу үшін, сол азиялық шеттегі Түркістан әскери округінің қарамағына жіберілген-ді.
Қалаға келіп, Мағышпен екеуі жүріс жайына көптен қамданумен болғанда, Әбіш осыдан бірер ай бұрынғы ауызша келісім бойынша өзін "Алматы қаласына баратын болармын" деп топшылайтын. Қазір жоғарғы әскери орыннан келген бұйрық та, бұны сол Верный қаласына барып, полевая артиллерия бөлімінде арнаулы қызмет ада қыла бастауын айтыпты. Сонымен, жол әзірлігін, күйме-көлігін бұрыннан сайлап жүрген Әбіштің енді жүретін шағы жетті. Бұл кезде Абай мен Баймағамбет Слободкадан Семей жаққа көшкен. Бұрыннан Абай өзі пәтер етіп жүретін шаруа адамы, ескі тату-танысы Кәрімнің үйіне пәтерге жайғасқан.
Дәрмен мен Мәкен ісі Әбіш қана емес, Абайды да ауыр азап, ұзақ әлекке салған. Соңғы шақтағы Абайдың іштей шеккен мұң, наласы осы күзде әсіресе ауырлап, қоюлана түскен. Бұл жайларын Абай осы айларда сыртқа шығарып айтпағанмен, қалаға келгеннен бері күн сайын қағазға қадалып, толғана ойланып жазып тастайтын. Ендігі ішкі сырларын өлең сөзінен, өнер сазынан аңғартады. Соңғы жылдар жазу өнеріне тыңнан қосқан бір үлгісі "қара сөз" еді. Сондай кенеулі ой жемістерінен де жаңағы жайын жеңіл танытатын. Дәрмен ісі тұсында Абай, әрине, не күрсінген, күйінген қабақ танытқан жоқ-ты. Бірақ әркімге арналған істің, айтылатын сөздің жайын бұрынғыдай емес, енді ылғи салқын қабақпен айтады. Өте қысқа ғана қайырып қояды.
Көп тартысқа көп шабылып ысылған және мейлінше тойып, талып қажыған салмақты ойшыл барлық жайды өте тез аңғарып, шешулерін аса шапшаң түйеді. Сонысы және асығыс байлаудан балтамен шапқан орашолақ қопал қимылдай көрінгенмен, ұдайы орынды және өте дұрыс ақыл болып шығатын. Қала қазақтарының да молдасы, мешіті, саудагері, тілмаштары араласқан қыбын-сырын Абай оп-оңай үйде отырып-ақ лезде біліп, тез де танып, таратып отыратын. Әрине, сондай Абай ақылы орнымен, ұдайы араласып отырғандықтан да, округ сотының "Әзім қызы" дейтін "делосында" бұлар жағының бар сөзі салмақты боп шыққан.
Енді Абай мен Әбіш күткен жоғарғы орын бұйрығы Әбіштің жүруін талап етіп келгелі, Абай күн сайын Әбішті қасына алады. Әсіресе кешкі шақта талай мәжілістерін бірге, оңаша өткізеді. Бүгін сондай бір отырыс үшін, Абай кеш батар алдында Баймағамбетті жіберіп, Әбішті дағдыдан тыс ертерек шақыртып алған.
Әбіш келгенде, Абайдың қасында бұрын сөйлеспейтін екі адам отыр еді. Олардың біреуі Шәрібжан халфе де, екіншісі сүйегі найман Юнуспек халфе екен. Үлкен Семейдегі "Қазақ мешіті" дейтін мешіттің имамы, қазағуар татар молдасы, Кәмәли хазірет Абайға Юнуспекті жұмсапты.
Бұл адамдар бір жақтан астыртын Оразбай, Сейсеке сияқты байлармен ұштасып, жалғасса, екінші жақтан заң орындарының үлкен чиновниктеріне де баратын. Маковецкий сияқты уездік, қалалық әкімдерге мұсылман қауымы атынан бұлар сөйлегенде: "Біздің дінімізге, қағидамызға патшалық орындары зорлық етпесін" дейді. "Патша ағзамның Русия қоластындағы барлық мұсылман қауымына арнаған ілтифат, ықыласы бар. Соған хилаф келетін жолсыздық істелмесін" – деп, салмақ салған. Соңғы күндер приговор қарсылықтарын қағазға түсіріп, сот орны мен уезд кеңсесін аралап шыққан да осы екі халфе.
Бірақ мекемелердің бірнеше басшы адамдары бұлардың алдын Абайдың арызымен тосқан, бөгеген. Өздерінше дәлел тауып тойтарған болатын. Сол жөнде тұмсықтары тасқа тіреліп, тайқи түскен екі халфе Абайды ол күтпеген кезде пәтерінен тауып, шаруаларын айтысты.
Шәрібжанды Абай әнеугүні оба тұсында, әсіресе Сармолла ісінде сырттай жақсы біліп, сұм адам көріп, жирене қарайтын. Қазір сол кіріп, ширатыла созылып "фатиха" қылып, өз атын айтқан жерде Абай жақтырмай, зеки сөйлеп, қарсы алды.
– Е, әлгі мешіттен шыққан мерез, бүлік халфе сенбісің? – деп, жиренішке толы өткір көзін бұл адамға ұзақ қадап, үнсіз жауап күтіп, отырып қалған еді.
Шәрібжан бұндай тура қадалған, қатты айтылған айыптау сөзден жасқанып, ығып қалды. Ішінде кейбір егес-қияс жауап тұрса да, қарсы сөйлесе алмады. Отырған орнында қыбжыңдап, қозғалақтады да, иба қылған боп, Абайдың үлкендігін сыйлаған боп:
– Әй, Абай мырза, ғайыпладыңыз ғой! Абай мырза, әй-әй! – деген болды да, үндей алмай қалды.
Абай көпке шейін оның жүзінен өзінің ызалы, сыншы көзін алмай отырды. Екі молданың бұнда келген шаруасын Абайға баяндаған Юнуспек халфе. О да жаңағыдай зеки сөйлеген үн ажарды аңдай отырып, Абай алдында шешіліп, көсіле алмады. Көбінесе бүгін күндіз кеңсе бастықтары, орыс чиновниктері алдында айтқан дау-дәлелдерін қайталаған. Аяқтай келе Кәмәли хазіретті ауызға ала отырып, Абайдың өзіне арнаған сөзін дін атынан айтылатын уағыз, өсиетке бұрды. Абайды таңдандыра отырып, иман жайын сөз етті. Оның Абайға ендігі айтқаны:
– Абай мырза, мұсылман қауымының қай заманда, қай мекенде болса да, тетігі мен тиегі иманы еді. Халық – надан, заман – иман, ынсаптың азған заманы. Сіздей қауым, халық ұстазы болатын адам ислам жолынан закон жолын, яғни діні жат қауымның жолын артық санаса, сіздің соңыңызға ерген қауым мен нәсілдерде қандай иман, еғтиқат қалады? Қандай қылмыс алдында ұждан, инсаф таразысы болады? Біз сізден сол мұсылманшылық иманы үшін, осы іс уақытында өзгеше ойлануды күткен едік! – дейді. – Бізді сізге жіберген ишан мен хазіреттер... – деді.
Абай Юнуспек халфенің жұқалаң, кішкене денесі мен сұлуша ақшыл-қызғылт жүзін аңдап отыр. Әсіресе оның жирендеу біткен, әсемдеп күзелген сақал-мұртына сәл қызыға қарап қалды. Бұл халфе тегінде бақасқа жүйрік, қазақша тілге де орамды болар. Қыр мен даланың үлкенді-кішілі сөздеріне көп араласса керек. Бір жағы қазақы бишікеш, екінші жағы қалалық дін өкілі, сондай қыры мен сыры бар халфе тәрізді. Ол Абайды мұсылманшылдық дін жағынан, түп қазығынан сынайды. Тығырыққа қамай соқтыққан тәрізді. Бүгін болып жатқан даудың анық терең тамырын ұстап алып, сол жерден бұғалық тастамақ сияқты.
Абай әуелі халфенің орамдылығын сәл тамашалай түсті де, енді біразда мысқыл аралас, бір ажуаны ойлады. Бұл халфеге өзі қатаң үнмен сөйлесе де, өңінде мысқыл бар. Осы кезде, Абай сөйлей бастағанда, әкесінің шақыртуымен келген Әбіш үйге кіріп, сәлем берген еді.
Абай оның сәлемін алмаса да, үнсіз ғана қабылдап, өзінің оң жағынан төменірек орын нұсқады. Сабыр етіп отыра тұруын аңғартты. Сөйтті де, жаңағы халфеге бұрылған алғашқы бет ажарын сол күйінде сақтай отырып, сөйлей жөнелді.
– Сіз, дін адамдары, осы қаланың хазірет, ишан, ғұламалары, осындай жайға өздеріңіз араласуды шарт, қажет деп біліпсіздер. Айтайық, оларыңыз жөн болсын. Бірақ осындайда инсафты, ұжданды, ар-иманды несіне ауызға алып, көмей толтыра, көптіре сөйлейсіздер? Неге риямен, екіжүзділікпен сәттің арасында жүз құбылып, жалған жолда жүресіздер? – деді.
Абай сұрауларының салмағы бата бастаған Юнус халфе жүгінген қалпында, жорғақтай түсті.
– Қалай, қалайша? – деп қалып еді.
Абай оң қолын жай салмақпен, бұйрық ете қозғай берді.
– Сабыр, сабыр... солайша! - деді де, жылдам ғана бастырмалатып, қадала сөйлеп кетті.
– Риялық, екіжүзділік дейтінім: сіздер кеше мен бүгін, барлық мешіттердің ұстаздары, иман-хазіреті болып, ең алдымен патшалық кеңсесінің, орыс чиновниктерінің, бөтен дін адамдарының, яғни кәпір қауымының ұлықтарына бардыңыздар! Бар ажар, назарларыңды салып неше алуан айла, дәлелмен жалынып та, жалбарынып көрдіңіздер. Жағынып, мақтап сөйлеп, өтініштер айтып шықтыңыздар. Мешіттеріңіздің мөрлерін былшита басып, нелер шебер жазылған хұснихат, ғаризаларыңызды өбектеп апарып, жағына кіргіздіңіздер! Енді сол махкамалардан қарға адым жерге шықпай, менің үстіме келіп, үйіме кіре бере жаңа ғана өздеріңіз мадақтай мақтап шыққан патшалық әкімдерін хақараттап, иянаттай келесіздер. Бұның аты не? Барып тұрған екіжүзділік, жалғаншылық, масқаралық емес пе? Жеке адам жалғыз басымен, өз бетімен осындайды істесе, біз соны көре тұра жерге түкірер едік! Жиренгеннен өртенгендей болар едік. Осы қаладағы ноғай, қазақ халқының атынан, сан мыңдаған қауым атынан, сол қауымның ұстазы, тәрбиешісі, рухани басшысы аталған көп жандар, яғни ишан, имам, халфе, хазірет, молда, мәзін, шәкірттер атынан сөйлейтін сіздердің мінездеріңізді не деп ауызға аламыз? Қайтіп жиренбей, ренжімей айтамыз? Жалғаншылар, екіжүзділер, қор мінезді, адамгершілік қайыршылары демей, сорлылары демей, қайтіп шыдаймыз? Мен сіздер шығып келген сол мешіт, сол дін атынан намыс етер едім әуелі! Қорланар едім осындай мінездерің үшін! – деді. Екі халфенің енді аузын аштырмады, үстеріне, олардың өздері айтатын: "жаһаннамның жаһилдерге шашылатын әділ ғазап отын" төккендей болды.
Осы сөздердің бәрінің тұсында әрі даугер, әрі айыпкер сыншы қалпына ауысып алған Абай, екі халфені соншалық шындап, елемей де отыр. Сондықтан бұның қыры көп кесек мінезіне қазір үнемі бір мысқыл, жерлегіш ажуа да ұдайы араласа отырды.
Әбіш көлденеңнен қарайды. Оның естіген сөздері мен ұғынған жайлары Абайды қатты бір намыспен ширықтырып отырған сияқты. Бірақ сонымен қатар Әбіш әкесінің жүзіне қараса, оның ақ-қарасы әлі де ап-айқын, шошақтау біткен көздерінде салқын күлкі, ащы бір мысқыл аралас отырғанын байқады.
Абай ендігі сөзінің соңын иман деген жайға, Юнус халфе бұны өзінше тұсамақ болған жайға соқтырды. "Шархы Ғабдоллаға" дейін жетіп қалдық, "үлкен кітапқа орай біліміміз бар" деп жүрген молдаларды енді Абай сол кітаптарының тілімен сөйлеп таңдандыра бастады.
– Екі түрлі иман бар еді – яқини иман, тақлиди иман. Жұртқа сол иман атымен өсиет, хұкім айтпақ боласыздар. Осы отырған екеуіңізді мен не дейін?! Яқини иманы бар деуге сіздерде ғылым жоқ. Тақлиди иманы бар деуге әуелі өздеріңізде беріктік жоқ, яғни я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаңызға қарай дархал осы сағаттың өзінде "ақты – қара" деуге, "қараны – ақ" деуге, "өтірікті – шын" деуге әзірсіздер. Сол терістіктердің бәріне ант етуге әзір отырған сіздерді не дейміз? Жоқ, бүгін мынадай дау мен пәле шығып тұрған шақта, "қылыш үстінде серт тұрмайды" десеңіздер, "құдайтағаланың кешпес күнәсі жоқ" десеңіздер, сіздерден не күтейік? Патша әкіміне кіргенде тағзым ете жалынасыз, жалған айтасыз. Үйге қайтып, киізші Сейсекедей байға барғанда, бет сипап фатиқа қыла отырып, жаңағы өзіңіз кірген ұлықты қиянаттайсыз. Маған келе бере, жаңа ғана өзіңіз екі жерде екі түрлі жүз көрсетіп, өздеріңіз сатып қорлап келген иманды маған қарсы құрал етесіз. Қылыш етіп суырасыз. Яғни менің қолыммен қазақтың онсыз да қорлық астында қан жылап, сор кешкен бейшара қызын дарға астырмақ, қанға былғатпақ боласыз. Солай ма? Осылайша иманы мен арын саудалап жүрген сіздердей жандардың, сіздерді жіберіп, жұмсап отырған иман ұстаздарыңыздың "жалғаншы, қиянатшы жүзі құрсын!" демеске не шарам қалды? Барыңыз, жөнеле беріңіз! Менен осыдан өзге есітер сөз, алар сыйларыңыз болмас! – деп, соңғы сөздерін бұйрық ретінде айтты. Екі халфені өз алдынан айдап сала сөйледі.
Абайдың ашуын бағып, тез қимылға әзір отырған Баймағамбет енді халфелер бір-біріне қараса бергенде, өз орнынан атқып тұрып, оларға "жол бос" дегендей, қаусырма есікті кеңінен ашып жіберіп, тұра қалды. Бұл да: "барыңдар, сол сыйларыңмен" деген тәрізді.
Енді біразда Абай жаңағы ызалы қалпын басып, шарасына түскен шақта қағаз, қарындаш ұстай отырып:
– Осы жаңағыларға айтқан дауымның кейбірін мен қағазға түсірсем керек! – деп, биылғы күз бойында өзі көп оралып жүрген еңбек жайын айтып еді.
Әбіш ол жазуларды Абай үйіне келген сайын оқып кетіп жүретін. Әкесі жазып жүрген еңбектерінен көрінген бір өзгешелікті сұрамақ та, өзінше сынамақ та ойы бар. Енді Әбіш соны айтты.
– Аға, мен бір нәрсе жөнінен сізден сұрамақ едім де, кейбір күдігімді өзіңізге айтпақ та болып едім! – дегенде, Абай бұған кең бір мейірлі жүзбен қарады.
Көптен әке мен бала арасына қанықты мінез, қалыпты әдет бойынша Әбіш кейде әкесін сүйсіндірсе, кейде таң қалдырып қуантатын. Әбіш осындай шақта Абайға тосын, оқшау ойлар, соны сөздер тастайтын.
Қазір Әбіш өздігінен тың сөз бастамақ емес екен, бір жайға іштей күдік етіп жүріп, жаңа соның кейбір себебін оқыс жайда өзі де шешкен сияқты екен. Соны айта бастады.
– Мен соңғы айлардағы кейбір "Қара сөзден", "Өлең сөздеріңізден" дін өсиетіне дағдыланған молда ақынның аңғарын байқағандай болатұғым. Ойлаушы ем, осындай сөз үлгісі ағамды оқып, ұғып, жаттап жүрген қазақ қауымының көбіне түсініксіз ғой. Осылай сөйлеудің қажеті қанша екен? – деуші едім. Жаңағы молдалармен шарпысқан, – деп Әбіш күлді де, – сөзіңізге қарағанда, сондайлық сөз үлгісінің орны бар екен, дедім. Өзінің арналатын адресі бар екен деп, солайша жазуыңыздың себебін түсіндім. Бірақ тағы да айтайын, көңілімде жүрген осы жөндегі күдігім әлі айыққан жоқ, аға! Жаңағыдай халфе, молда қазақ қауымында көп емес, сирек ұшырайтын селдір ғана топ қой. Солар үшін тіліңізді өзгертіп, түріңізді басқартып, кейде көпшілікке ұғымсыз жайларға жырақтап барудың қажеті бар ма? – деді күле сөйлеп, осындайда әкесіне бар ойы мен сезімін батыл айтатын әдетіне ауысты. Бірақ сондайдағы және бір қалыптанып келе жатқан дағдысы бойынша әкесінің ажарын, өңі-түсін аңыстай отырып, күліп айтады.
Абай баласының майдалап айтса да, туралап сынап отырған әзілқойлық ажарына жұмсақ қарап, қоса күлді.
– Мен олардың арам құлық, жаман қылықтарын айыптаушы сыншы болсам, олардың өзіне ұғымды болатын өз тілдерімен сөйлемеске шарам бар ма?!
Әбіш әлі де күлді.
– Жаңағы иман яқини, иман тақлиди, қазақ баласының тілін сындыратын сөздер сол себептен келіп жатыр екен ғой. Бірақ бұл олармен жүз көрісіп дауласқан жерде жаңағыдай тұста айтылса да, өзіңіз жазған сөзге, еңбекке аз кіретін шығар, солай емес пе?!
– Ол кейде менің жазатын сөзім мен жырыма да кіреді.
– Сіздің тыңдаушы, оқушыңыз көпшілігі түсінбейді ғой.
– Олар керегінше түсінер, бірақ мен бүгін өзім жарғыласып отырған мынау топқа айтар сөзімді бұлардың өзінің тілімен айтпасыма болмайды.
– Қазақ тірлігінде бұлардың қандай орын, салмағы бар?
– Жоқ, Әбіш, сен бұл тұста ұшқары айтасың. Олар аз болғанмен, әсері мол, кесірі көп жұрт. Осы күзден бері екі үлкен істің тұсында бұл топтың надандығы мен зұлымдығынан жиренудің үстіне, олардың қазақ халқын, әсіресе, осы қала жұртшылығын қаншалық үлкен улармен улатып, сорлатып жүргенін көрдім.
– Ол, көпшіліктің өз надандығы емес пе? Қырда да сол надандық бар ғой.
– Олай ғана емес екен. Қала – өнер орны, білім жарығының көпке пайдасы тиер, үлкен дүкені, мекені десек, кейде адасады екенбіз. Өйткені мынадай халфелер, мешіт, медреселер иесі ишан, имам, хазіреттер жүрген жерде оқымаған қала халқы нағыз сорлы, тұсаулы, қамаулы қауым екен.
Абай қырдан да қаладағы көпшіліктің дүмше молдалардан молырақ залал шегетінін көп таратып айтты. Кейде медресе, мешіттен шыққан дағуа болмыс, қара ниет, надан, зұлым байлау – үкімдер сонша көп халықты сондайлық тез адастырады. Жан түршігерлік сұмдық сорақылықтар дәл осы қалада, мұсылманшылық жолын тұттық деген қауым арасында болады екен.
Абай бұл жайды сөйлей келе, Әбішке жаңа бір сыр айтты.
– Ал осылар кімге болсын өз кебін кигізіп, өз тезін ұсынбақ. Мұсылманмын деген сөзге сүйеніп, өздерінің қараңғы нанымдарын іске асыруға кімді болсын құрал етпек, жетекке алмақ. Оны айтасың, бұлардың бір шеті жыраққа кетіп жатыр. Россия ішінде отырып, сол уатанына халықты жау етіп тәрбиелейді. Жаңағылардың аузынан соның иісі аңқып отыр. "Дін қарындастық, кәпірге қастық" деген талай үгіт, өсиет бір арнаға саяды. Өздерінің ұстаздары Тройцкіде, Қазанда, Қырымда, сонау Бұқарай-Шариф, Самарқанда, одан әрі халифа жұрты дейтін Мысыр, Меке, Мәдинеде. Сонау "Мың бір түн" заманының тирандығын сақтаған сұлтанды Стамбулда, Түрікте. Солардың бір тобынан маған кейде сәлем келеді. Және бір хат, кейде газет үгіттері де жетеді. Танимын, ойланамын да, кейде ызамен құса боламын. Бар ниеттері исламның бес парызын сәлделі молдаға табындыру. Өзге дүниенің жаңалығынан бүгінгі қауымды, келер нәсіл-ұрпақты аулақта, қараңғылықта ұстамақ. Әсіресе құбыжық етіп көрсетіп, үркіткені мынау орыс халқының өнері мен білімі, тағылым-тәрбиесі. "Біздер дін қарындастарымыз", "ол дін дұшпандарымыз – аулақ бол, қабыл алма, қас бол" дегеннен өзге үгіті жоқ! – деп, Абай бүгін Әбішті таң қалдырған жаңа бір жайлар, хабарлар айтты.
Бұл жөнде өрісті ойы бар екен.
– Осы қауым менен не тілегісі, не алғысы келеді, аңдаймысың? Ойласам, барласам, надан сахарадан, қараңғы қауымнан шығып, көзі ашық адам болғанымды мен енді ұмытсам керек. Орыс өнері арқылы, орыс кітаптары арқылы сәл сәуле көріп, азаппен тапқан аз жарығымды өзім лағынет айтып жойсам керек. Исламият атынан бүгін маған сөз салушылардың үніне бақсам, мен осы заманның дәруіші, жаңа бір сопы Аллаярына айналмақпын. Өзімді өзім қорлап, сөзімді өртеп жоймақпын. Содан әрі, мысалы, сен орыс тәрбиесі өсірген адам болғандықтан, мен саған "бәддұға" оқып, аталық теріс батамды бермекпін. "Шураи ислам дағуасына" бой ұрып, мен өзім лағынет айтып аластамақпын. Көрдің бе, міне, бұлар тілегенде нені тілейді? Ырқына көнсең, еркіне берсең, бұлар қалай бастамақшы? Бір мені емес, мені құрал етіп, бүгінгі бар қазақ қауымын солай улатпақ. Келер нәсілін, тарихын түгелімен, осындай қараңғы надандық жолға бұрмақ! Сен оларды қазақ ішінде аз қауым дейсің. Сан жағынан аз болғанмен, олар үлкен күш есепті боп, зор зарар таратып жатқан қауым! – деді.
Абай және де ойлана отырып, бұл жолдың үгітшісі жалғыз ишан, молда, халфелер емес екенін еске алды. Талай қараңғы қазақ, қас наданнан шыққан – Сейсеке, Қорабайдай саудагерлер, тіпті Оразбайдай мүлде кітап ашып көрмеген әміршілер солардың серігі. Нелер жуан бел, қарадүрсін әкімдер де сол жолда көп заманнан бері үздіксіз әрекет етіп келе жатқанын айтып шықты.
Абайдың бүгінгі бұл жайдағы сөздері көп толғанудан туып жатқан сыр екендігін Әбіш әбден аңғарды. Бір жағы сахарада, бір кезі тек осы Семейде ғана өтіп жүрген әке еңбегінің іздегіш ойлары алысқа кетіп, жырақпен жалғасып жатыр.
Осы кеште Әбіш те өзі көрген бірталай мекен, өлкелерден дәл осы жөнде байқап шыққан жайларды әңгіме етті.
Жаңағы халфелермен кезігу тұсынан ширығып сөйлеген Абай, Әбіш үшін де бірталай жайдың түйінін шешіпті. Оның жеке-жеке байқап жүрген бір жөндері енді кеп бір арнаға сая бастады.
Әбіш биыл келгенде әкесіне өзінің тамағындағы бір тыртығын көрсеткен-ді. Онысы, тегінде, Әбіштің Петербургте, әскери оқуда жүрген шағында пайда болған, без шошу науқасы болатын. Сол ретте бұны Петербургтен әдейілеп оңтүстікке, жыраққа жіберіп емдеткен. Әбіш өзінің Қырымда, Феодосияда болғанын және Кавказға барып, Кутаиси жанындағы Абастуман қыстағында арнаулы санаторийде ұзақ емделіп, жазылғанын айтатын. Кейін оқуын бітірген соң, өткен көктемде ол ұзақ сапар кешіп, Түркістан әскерлік округін іздеп Ташкентке барған. Оны да кейде үзік-үзік әңгіме етуші еді. Көбінше сол өлкелердегі халықтар мен салт жағдайларды айтатын. Қала, қыстақтардың, жол мен базарлардың жайын көңілді әңгіме етіп қоятын.
Әбіш бүгін кеш Абай ойларына, наным, ұғымдарына үлкен тірек, дерек болатын бір жайларды қосып айтты.
Петербургте жүргенде бұнымен бірге оқитын бір татар жасы болған екен. Қазаннан келген сол жолдасынан Әбіш бұл шақтағы Қазан жайын көп ұққан. Екі жас өз халықтарының Россия өнерінен жырақ жатқанын сөз қылушы еді. Сонда жаңағы татардың жас юнкері Ғизатолла, татар қауымының халін осы имам, хазіреттерге байланысты қатты күйзеліп сөйлейтін. Россияға баяғыда қосылғанына, қояма-қолтық келіп күнделікті құшақтаса араласып отырғанына қарамай, әлі күнге татар қауымы мен орыс өнерінің арасында тас қабырға тұрғандай. Сол тас қабырғаны орнатушының үлкені мешіт, медреселер, ислам фанатизмі.
Ол Россия өнерінен қашады, қорқады. Тартына түсіп, халық ақылын, ойын тұсауға тырысады. Кейін Қырым, Кавказ, Ташкент барған, Түркістанды көрген сапарында Әбіш сол жаңағы өзінің досы, татар жасы Ғизатолланың айтқан ащы шындығын көп байқапты. Халық үшін мұңдық қараңғылық жайды өз көзімен көріп, түгел таныпты. Бәрінде мешіт, медреселер ықпалы, ишан-хазіреттер өсиеттері жаңағы Абай айтқандай. Бүгінгі қауымдарды қасында тұрған орыс школасынан қашырып, орыс өнеріне жауықтырып, өзгеше сенімсіздікте, жаулықта ұстауға тырысады.
Түн ортасына дейін созылған әке мен бала кеңесінің соңында Әбіш өзінше бір ойын түйді.
– Аға, бүгін сіздің еңбегіңіздің аса мәні зор бір сыры мен шынына жақсы жетіп тірелген екенбіз. Басында мен ойлағандай емес. Сіз шынымен әр кезде сол молдалар айтып жүрген өсиет болмысын сез қылмай болмайды екен. Олар өсиетінің сыртқы, жалған қабыршақ, алдамыш бояуын ашып, лақтырып тастап отырасыз. Ішіндегі талай заман дертін, қараңғылығын әйгілеп ашып отыруыңыз аса қажет екен. Соны енді ұғындым, енді таныдым! – деді.
Сөйте тұра әкесінің тынымсыз ой әрекетіне бас игендей ырзалық білдірді.
Сонымен қатар осы биылғы және былтырғы жыл бойларында Абайдың Лермонтовтан зор ықыласпен көп аударған өлеңдерін қолжазбадан жағалай қарап барлап өтті. Бұл еңбектің де ермек емес екенін ойлайды. Анау сәлделі екі халфемен қағысу тегі осында. Өте бір өрісті, өзгеше тартыс іздерін бұнан да аңғарды.
Алыс сапарға белгісіз ұзақ мезгілге кетуге әзірленіп жүрген Әбішті Абай қимай, бірнеше күндей қасынан жібермей жүрді. Мәкен дауының ең алғашқы бұрқ-сарқ еткен тасқыны бәсеңдей бере, Әбіштің сапарға аттану кезі тақап қалды. Соны білген соң Абай, әсіресе, Әбішті көз алдынан кетіргісі келмей, өз баласына өзі қызығып, көпшілік жайдан қызғана қарайтын. Қайта оралып кездескенше кім бар, кім жоқ. Соны ойласа әке, бала екеуі де биыл әсіресе бар сыр сезімдерімен оңаша болысқан мәжілістерін аса артық көріседі.
Әке мен бала азғана күн ішінде Семей қаласында бір майданда тізе қосып, иыққа иық сүйесіп, табандасқан тартыстан өтті. Бүгінгі әңгіменің соңын аяқтай бере Абай соны еске алды.
– Қарағым Әбіш, барласам екеуміздің ойларымыз ғана, арманымыз ғана бір емес, биыл тіпті майданымыз да жақсы қосылған екен-ау! Сені тартыста танығаным қатты бір қуанышым болды-ау! – деді.
Әбіш Мәкен жұмысы турасында өз әкесінің бұған ырза болғанын жақсы білуші еді. Ол тұста екеуі біріне-бірі "жақсы", "жаман" десіп ешнәрсе айтысқан да жоқ-ты. Енді Әбіш жаңағы әке сөзіне орай өз көңіліне алдыңғы күндерде оралған бір жайды білдірді.
– Аға, сіз мені тартысқа жарадың, майдан көрдің, сонда сыналдың дегіңіз келеді ғой. Ал мен өз өнерім жеткізді дегім келмейді. Қанша дегенмен қырдың қара заңынан, мұсылманның қожа, молдасының шариғатынан Россияның заңы адамға мейірімдірек, рақымдырақ қой. Жеке адамның правосын, өмірін, мүлкін қорғаудағы Россияның ережесі әділірек. Олай болмасқа әдді жоқ. Өйтпей, Оразбайға не Ақишанға ерсе, олардың қараңғы қанішер заңына жастар тағдырын тапсырса, Россияның сот орындарын қара басар еді ғой. Қысқасы, бұл да өзіңіз айтқандай, қазақтың ендігі нәсіліне Россиянин саясы мен панасы басқаның бәрінен бағалы дегеннің айғағы ғой. Соны ойласам және де Мәкендер ісінде менің өнерім жеңген жоқ, олардың келетін жеріне келгені жеңді ғой, – деп күліп қойды.
Бірақ жалғыз Абай емес, Әбіштей жасты жанындай жақсы көретін іні-құрбы, дос-жаран, жора-жолдас бар. Олар: Кәкітай, Дәрмен, Мұқа тәрізді жастар. Мағышпен екеуіне бірдей жақын күлдіргі дос Өтегелді, әнші Әлмағамбет, әңгімеші Баймағамбеттер бар. Бұлардың да мәжілісіне Әбіш өз ынтасымен, дағдылы қимастығымен бірнеше кешін арнады. Жақында өткен сондай кештің бірі Кәкітай пәтерінде болған еді. Ал бүгін сол жастар тобы Дәрмен пәтерінде, Затондағы оның белгілі досы грузчик Сәменнің үйінде болды.
Сәмен мен Айша жақында Дәрмен мен Мәкеннің отына күйген, күйзеулік тартқан адамдар болса да, Дәрменге деген дос көңілден айнымапты. Бұлардың қонағуар, меймандос кішкене үйінде қазір жалғыз Дәрмен емес, Мұқа мен Әлмағамбет те жататын. Бүгінгі Әбішпен бірге мұнда Кәкітай, Өтегелді де ере келген.
Дөңгелек үстел айналасында отырып, кешкі шайды қонақтар іше бастаған кезде, бұл үйге үйреншікті жақын танысы Павлов та келіп қалған еді. Сырттан өте ақырын басып, төргі үйге үнсіз ғана бір-ақ аттап кіріп, жымия қарап, барлай тосып тұрған Павловты көргенде, Сәмен мен Айша көңілдене күлісіп жіберген. Сомен Павловқа аса сыйлас, қадірлес адамындай бейіл-белгі көрсетті. Орнынан атқып тұрып, Павловты өз орнына шақыра берді.
Әбіш те Павловтың келгенін ойда жоқ, қымбат сыйдай қабыл алды.
– О, қандай тамаша! Қандай жақсы сюрприз! Келіңіз, мұнда келіңіз! – деп, Сәмен мен өзінің екі арасындағы орынды жылжи түсіп, босата берді.
Павлов ұзақ отыра алмайтынын, азғантай ғана уақытқа бір шаруамен Затон жұмысшыларынан шығып, Сәменге кіре кетуге ойлағанын айтты. Ол шай іше отырып, Әбішпен күле сөйлесті. Дәрмен мен Мәкен ісіне өзінің барынша қанық екенін білдірді.
– Сізге барлық жайды кімдер мәлімдеп отырды? – деп сұраған Әбішке, ол салмақпен күле жауап берді.
– Мынау Сәмендер қатынасы бар іс пен халдің барлығы бұл шақта мені еліктіре жүретін болған. Марковтың Затон жұмысшылары атынан окружной сотқа жазып түсірген алғашқы адвокаттық тәжірибесіне менің де ең алғашқы адвокаттық ақылым қосылған! – деп, тағы да Сәменге қарап күліп алды. Әбіш ол әрекеттерін алғыспен құптады да, енді бір өзі қызыққан сұрағын берді.
– Айтыңызшы, сіздерге қазақ даласынан қалаға қашып келген жалғыз ғана қыздың дауына араласу да революцияшыл программаға кіре ме? – деп әзілмен күліп еді.
Павлов бұның кекесін емес, сүйсінумен сұрап отырған жайын түйсіне отырып, өзі де әзіл жауап берді.
– Әрине! Болмаса Затондағы өңшең кедей жұмысшылар қандарын текке төге ме? Бастарын жарғызып, өздері де осы қаладағы бай, саудагер мен қырдың ақсақал байларының бастарына шоқпар соғар ма! – деп күліп отыр.
Әбіш әлі де алғашқы бетте қалжыңдай сөйледі.
– Олай болғанда Затон жұмысшылары өздерінше келтек тілмен, білек күшімен жаңалық қосқан да, солай бола ма? Осылай десек қалай көрінеді? – деген еді.
Павлов бұл жайға шын жауап берді.
– Оныңыз да айтуға сыяды. Біз жұмыскер қауымды қандай тұста, нендей істе болса да, өздерінің жауларын аңғара берсін дейміз. Рас, шын сырын, бұдан арғы жайларын біздің Сәмен, Сейіттер түсінеді! – деді.
Сәмен бұған арнап айтқан Павлов сөзін орысшадан тура долбарлап ұғынды да, өзінше бір байлауын сөйледі.
– Сенің үлкен жауың бай мен болыстар, саудагер мен ұлықтар деген сөзді Марков пен Павлов айта бастаса болды, біздің Затон жұмысшылары өзінің бала күнінен не қырда, не қалада сол содырлардан көргенін айта жөнеліседі. Сол-ақ екен, бұл кісімен ежелгі бір сырласымыз, мұңдасымыздай ұғыса кетеміз. Мәкен мен Дәрмен дауының әлек, шатағының үстінде бұл кісілердің бізді ұғынып, түсінуі де сондай оп-оңай болды. Қағазымызды өздері жазып, болатын сөзді өздері жолға салып берді. Тегі, жауын білген қауымның қаруын қайда сілтеуі оңай мәлім болса керек! – деді.
Павлов енді бұл жөніндегі сөзді аяқтай келе:
– Мінеки, солайша Мәкеннің дауы біздің Затон халқының тосып жүрген жайына мезгілін тауып қосылған керекті сылтаудың бірі болды. Сіз, Әбіш, бұл жөнде Марков әңгімесін аңдасаңыз, ол осы болған жайларды соншалық сүйсініп, құшырланып әңгіме етеді. Ол жұмысшы қауымының өз жауларын тануына біз мұнда тіпті орта ғасырдағы "қыз алып қашудың" керекке жарағанын да көріп отырмыз деп, кей достарына хат та жазды! – деп Павлов әңгімесін аяқтады.
Әбіш жай ғана жөн сұрағаны болмаса, бұл тұста Павловқа іштей тілектес адамша қарап, үнемі бас изей отырды. Сүйсінген ықылас білдірді.
Жүрісі асығыс Павлов шайдан соң тамаққа қарамай жүріп кеткен еді. Ендігі кеш бойы, ас піскенге дейін, онан соң түн ортасы ауып ұзақ отырып барып ішкен соңғы шайға дейін бұл жиын-мәжіліс бір ғана жайға көңіл аударып, ден қойды. Әбіштің өтінішімен өнер, саз сарыны басталды. Бұл жиынның тыңдағаны Дәрменнің соңғы өлеңі мен әндері болатын.
Домбырасын қоңырлата сөйлетіп отырған, ырғағы шебер құлақ күйінің тұсында Дәрмен әуелі азғантай бір үзіліс жасады. Жан-жақтан бұған көз тігіп отырған достар жүзін барлап шықты. Сөйтті де Әбішке бұрылып сөйледі:
– Маған бір нәрселер айт дедіңдер ғой. Бұл күнде, бұл шақтарда менен шығатын жыр мен сыр қандай боларын андайсыңдар ғой! Әлі ешкімге айтпаған, ашпаған, іште ғана оралып жүрген ырғақтар бар еді. Көзіме көрінсе, тірі болсам, ең алдымен Мәкеннің өзіне елден бұрын айтармын деп ем, Әбіш, сапар жүріп барасың! Бүгін айтпасам, естімей, білмей кетуің мүмкін. Мәкеннің өзі жоқ болса да, достары отыр ғой. Соны ойлап ашпағанымды ашайын, сақтағанымды ортаңа салайын дедім. Бірақ білесіздер ғой, Бақаң, айтатын "Шәркен" ертегісінде жас Зукуль – Мәкен, батыр ағасы Шәркеннің өлімінен соң не деп еді? Өзінің бар денесін оқ тескен, жаралы. Ағасы болса өлген. Сонда ақылды дос Данданға айтып еді ғой: "Іштегі жара анау, тыстағы жара мынау, көңілді аулар бір жайларды баян етсеңші, Дандан!" – деп. Мен де соның бір кез-кезегінен шертіп көрейін де! – деген еді.
Әншейінде үнемі ашық қабақпен жарқырай сөйлейтін Дәрменнің қазіргі үнінде ойлы мұң сезілді. Үй іші оның сөзін үн қатпай тыңдап қалған-ды.
Осыдан әрі Дәрменнің қиылған мұрты, құндыздай қою жылтыр қасы, сәл қанталай түскен өзгеше ойлы сұлу қара көзі тыңдаушы достарын Дәрменнің жүз ажарына да қызықтыра қаратады. Дәрмен үніне осы күнде қосылған өксік лебі сезілді. Сорлы асық өзінің ынтызарынан айрылу мұңын толасы жоқ шер тынысына айналдырып алыпты. Біресе Дәрмен алғаш жүрек сырын ашқан шаққа кетеді. Тағы бір кезек үмітті, көтеріңкі ән қанат сермеп, екеуі жасаған тәуекел, серт жайын тебірентеді. Одан келе бір шақта, қазақ ақыны айтпаған, Абай ғана бастаған "Көзімнің қарасындай" ырғақпен, жалыны қайтпас, арманы айықпас анық асықтығын ырғалтады.
Тағы бір сәтте Әбіш пен Мағыштай достарынан Мәкен екеуі алған ауызша сертін, дос жүрек көмегін шын баяндайды. Және бір ауық баяу, қоңыр, сараң сыр бастаған ділмар домбыра, жиі ауысқан ырғаққа сүйене отырып, бар жиынның күтпеген қалпында әзіл, қалжың күйді де қозғай кетеді. Мәкен мен өзінің әп-сәтте қашқын болғанын мысқыл етеді. Енді бірде сол ырғақпен, мынау қасында отырған жан аямас достар Сәмен мен Айшаның, атандай асқар бойлы Мұқаның соққыға жығылып, қанжоса боп жатқанын әзіл, қалжыңға айналдырады. Аз жиынды көп күлдіре жырлап өтеді. Сонда көңілді күйін ауыр мұңымен алмастыра отырып, енді бір шақ сонау қырғын күні Әлмағамбеттің қорқып сасқан ұсқынын мысқылына оралтады.
Бар жиын ішек-сілесі қатып күліскен шақта Әлмағамбет өзі де, сол күні зәресі кеткен жайын мына жұртқа ұғындырмақ болады.
– Қайтейін қорықпай! Қорабайдың сыңар жұдырығының өзі қап-қара тоқпақтай. Анау кәпір жұдырық келіп тисе, бір жапырақ Әлмағамбеттен не қалады, деп шошынғаным рас! – дейді.
Сәмен мен Айша көздерінен жас аққанша күлу үстінде Әлмағамбетке мүсіркей қарасады.
Өзінің аузына қарап отырған дос тобына Дәрмен бар бейілін беріп, мейірін сарқа сыр толқытты. Кейде көңілдендіріп, күлдіріп алған достарына енді келіп аса бір ауыр наласын шағады.
Көп күндер өтсе де, сан сағаттар бұны сарғайтумен соғып кетіп жатса да, ол әлі Мәкеннен бірде-бір хабар, белгі білген емес. Кейде бұл оның жүдеген, жылап, қиналып, Дәрменді жәрдемге шақырған жүзін көреді екен. Осындай түсінің бірінде Мәкеннің терең зындан ішінен шырылдап шыққан даусын естиді. Сонда Дәрмен: "Мен бармын, жақындамын!" – деп, айғайлап жауап қатайын десе, үні шықпай қалады. Қолын созайын десе, бауырына тартылып, байланып қалған қолы тұсауын үзе алмайды. Дәрмен бұл шақты бірінші рет осы топқа мәлім ете зарлай жырлағанда, жаңағы күліп отырған Айша мөлтілдетіп жас төгеді. Әбішке ақын досының жаңағы, соңғы жыры орыстың шебер даналары жазған кейбір балладаға сай туғандай көрінді.
Дәрмен ең соңғы кезде бар тынысы бетті шарпып тұрғандай, соншалық ыстық жайды толғап өтті.
Тас қамаудан бетер болған Әлімбек тілмаштың үйіне Дәрменнің делдалы жетпеуі былай тұрсын, осылай зарлаған оңаша шер куәсы, хаттары да бармайды, тимейді екен. Қатал тілмаш оның да жолын кесіп қойыпты. Сондықтан ең соңғы күндер тым құрса осылай жетер ме деп Кәкітай мен Дәрмен бір шара жасапты. Мәкенге арнап жаңадан тіккізіп жіберген көйлек пен кемзал, бешпет, ішік жағасына, омырауына, қаусырмасына Дәрмен көп тұмарлар тігіп жіберіпті. Сол тұмардың бәрі жетер ме екен Мәкенге. Егер аман-есен жетер болса, не сыр барын елер ме екен асық жар! Ол тұмарларда қапалы көңіл құмарлары тізіліп жазылғанын сезер ме екен! Тауып, танып білер ме екен ынтызар! Соңғы, ұзақ, өзгеше бір тың ырғақпен айтылған ғажайып өлең осылай оралып толқып еді. Үй іші соңғы шайға ауысар кезде, бұл жырдың соңына келген күдік сұрау, үміт сұрау, арман сұраулар қайталады. Дәрмен соны айтқанда, үй іші көп ауыздан тілек қосып, жамырай үн қатысты. "Білер Мәкен", "алар хатыңды", "таныр тұмар сырларын!", "айтқаның келсін, дегенің болсын!" – десіп барынша адал тілек қосады дос қауым.
Дәрмен мен Мәкеннің жұмысына жанын салып араласқан Әбіш енді сол жұмыстың сот алдында аяқтауын тоса алмады. Ол жайды адал серік болған өзі, тіпті Дәрменнен де көп арман етіп еді. Ақын досына: "Енді бар бөгет жойылып, Мәкен екеуің қайта қауышып, күле жайнап отырғаныңды өз көзіммен көріп кету соншалық ыстық тілегім еді. Амал жоқ, Мәкенге осынымды өзің айт, ұмытпай айт!" – деген сөзді Әбіш дәл қоштасар сағатта айтқан да, онымен сүйісіп қоштасқан.
Әскерлік қызмет ретінен Алматыға барып іске кірісу жайы Ташкенттен тың бұйрық, анық, нақтылы бұйрық боп тағы жетті. Семейге Әбіш ойлаған мезгілден бұрын жүретін болды. Сөйтіп, ол Алматыға сентябрьдің аяғында аттанған еді.
Содан бері айлар өтіп, енді міне, январьда кірді. Мәкен болса, қалаға Дәрменмен алғаш кірген іңір қараңғылығынан бері, сентябрьдің басындағы бұған жұмбақ кештен бері, төрт ай бойында ел-жұрттан, жақын жандардан жырақта. Тырс еткен сыбыссыз, хабарсыз өзінше бір қамауда қалды. Тек соңғы айдың ішінде Әлімбек тілмаштың татар әйелі Сәлима жеңгей бір күні Мәкенді өз қасына кәшаба шанаға отырғызып, басын Сәлиманың өзінше, осы қаладағы татар әйелдерінің салты бойынша қара шапанмен бүркеп, окружной соттың тергеушісі Злобинге апарып қайтқан.
Тілмаш боп Әлімбек қатынасты. Бірақ Мәкенге бірде-бір сөз көмегін беріп, қазақ баласы, таныс адамы болып, икемді мінез көрсетпеді. Тек қана тергеушінің Мәкеннен сұрағанын қазақша, шолақ-олақ тілмен оған жеткізеді де, Мәкеннің жауабын да өңдемей, шеберлемей, "нем кетеді" күйде айта тастап тұрған тәрізді. Мәкен бұған сенген жоқ. Өзінің ғана Әбіш көзінше айтып шыққан сөздерін бұлжытпай, айнымай қайта бекітті.
Ол тергеу болғалы да ай өтті.
Енді міне, аязды ашық күннің сәскесінде Мәкенді, ана жолғыдай, басына қара шапан жамылдырып, Сәлима тағы окружной соттың жоғарғы этаждағы өздері білетін бөлмесіне әкеліп кіргізген-ді.
Мәкен осылайша мылқау жандар арасындағыдай. Тіл қатысар, жан тартар адамын көрмеген күйде бүгін, енді өз ісінің байлауына жеткен тәрізді. Жаңа сот үйіне жортып жеткен кәшаба шанадан түсерде Мәкен байқап қалды. Осы үлкен үйдің алды, айналасы, тіпті Ертіске қарай құлай берген, үлкен ауыл аймағындай, кең алаңы түгелімен қаптап кеткен қазақ адамына толы екен. Беті бүркеулі күйде ешкімге көз тоқтатып, іркіліп қарай алмаған Мәкен, әйтеуір, жапырлап қаптаған еркектердің көпшілігі қыр қазағы, Тобықты үлгісінде киінген топтар екенін аңғарған. Сонымен қатар жағаларын мол қайырып, мәуітімен тыстаған тымақ ішік, жанат ішік, тиін ішік киген ноғай бөрікті байларды, сәлде салған бірен-саран молдаларды сезіп қалған.
Өзі үміт ететін, алыстан асқар бел санайтын Абайдай асыл аға, бұл асығыс жүріс кезінде Мәкеннің көзіне түспеді. Соны күдік көрмесе де, көңіліне сәл жұмбақ біліп еді. Дәл сәт есігіне кіре бергенде, бір жылы дауыс сыртынан анықтап тұрып, қазіргі сәтте Мәкенге аса қажет болған бір ауыз сөзді жеткізіп қалды. Мәкеннің аңғаруынша, ол Әлмағамбеттің даусы тәрізді. Қымбат сөзі: "Жасқанба, жалтақтама, Мәкен! Жоқшың қасыңда, Абай ағаң да осында!" – деп қалған.
Мәкен осыдан өзге қазақ үнін жау жағынан да, дос тобынан да естіген жоқ. Оны тергеген ұлықтар оңаша үйге өзін ғана алып байлау айтты. Соттың бүгінгі кесімі де осы өзгеше оқшау істің жайына байланысты өзгеше кесім боп шықты. Бұл кесімді окружной сот кең мәжілісінде жасаған жоқ. Арнаулы отырыс ретінде сот бастығы мен екі мүшесі - үшеуі болып өткізді.
Дағды бойынша үлкен тергеулерде ұдайы болатын прокурор, қорғаушы адвокат, зал толы куәлар, тыңдаушылар тобы да болған жоқ. Іс түгел тергеліп отырған жоқ, оқшау шара ретінде қысқа тоқтам ғана жасау мақсат болған. Сондықтан Мәкенді жалғыз бөліп алып келген стражник, одан өзге тергелетін кісіні де, куәні де, көлденең адамдарды да келтірмеді.
Мәкен есіктен ақырын ғана кіріп, аяғын баяу ғана басып, бөгеле беріп еді. Ұзынша кең бөлменің төріндегі көк мәуіті жапқан ұзын үстелдің ар жағында сары сақалды, қасқа бас, көзілдірікті, сары ала түймелі келісті адам отыр екен. Мәкеннің көз қадағаны сол ғана кісі еді.
Үстелдің екі шетінде бірі ұзын бойлы, бірі аласа бурыл шашты - екі бөгде адам бар екен. Төртінші кісі үстелдің бергі шетіне сол қолын сүйей тұрған тілмаш. Ол үлкен көзді, сәл шұбар жүзді, толықша денесі бар қазақ.
Сары сақалды ұлықтың өңі-жүзін аңдай бере Мәкен ішінен "мына кісі орыстың бір сұлу адамы екен" деп қалды. Әдеп сақтағаны болмаса, Мәкен бұл сәтте де үрейленіп, қорыққан жоқ. Кей сәтте аңдап қараса, Мәкен әлі бір уақыт соншалық шошып, қорыққан емес екен. Бір ауық өзіне-өзі: "Осы мен есуаспын ба, неге шошып, неге үркіп қалтырап жылап, үрейленбеймін? Әлде есім шығып, мәңгіріп жүрмін бе?" деп те күдіктенетін. Анығында Мәкен қорқақ емес, тәуекелі мығым жан еді. Ол сонау күндегі қан-қазадан естен айрылмай өткен соң, "енді несіне болса да шыдадым", "өкінерім, қайта айтарым жоқ!" –деп, сол әлек үстінде өзіне өзі бір-ақ түйін айтқан да, бекініп қалған-ды. "Оттан да, тозақтан да қорқарым жоқ", "өлсем өлейін, шыдадым" деп қана қойған еді.
Мәкенмен қазір жауаптасқан тек сот бастығының өзі ғана. Есіктен кіре, стражник қасынан ұзамай, ақырын жылжып, іркіліп қалған Мәкенді сот бастығы шошып тұрған сахара қызы деп түсінді. Ол жұмсақ үнмен сөйлеп, қолын да бұлғап:
– Бері қарай, бері таман, жақындай түсіңіз! – деп өзі шақырды.
Тілмаш сол сөздерді жеткізе бере Мәкен әуелгі қозғалысын шапшаңдатпаса да, аяғын ақырын ептеп басып, залдың ортасына тақап келді. Ұзын сұңғақ бойлы, қынай бел кемзал киген, басында оқалы тақия, жеңіл жібек шәлі бар, қоңырқай жүзді, нұрлы, ойлы көзді қазақ қызы сот бастығына сүйкімді көрінді.
Бастық салған жерден Мәкеннің өз атын, әкесін, жасын, оқыған, оқымағанын башайлап сұрай бастады. Үстел басындағы аласа бойлы бір төре тілмаш аударған Мәкен жауабын хатқа да түртіп отыр. Мәкен оны да аңғарды. Барған сайын Мәкеннің көңілі өзі күтпеген күйде, соншалық тыныш орныға түсті. Ол тіпті жаңағы жақсы шырайлы бастықтың жайлап сұраған сөздерін енді сынап та тұрған тәрізді. Ішінен: "Алты айдан бері кім екенімді әлі біліп болмаған ба? Анық бес рет сұрап, тіркеп, қайта-қайта айтқызып, жазғызып алғандары кәне! Менің атым мен әкем аты осы қыс бойы сан қағазды толтырмап па еді? Өйткенше қайта-қайта ежелей бермей, байлауын айтса не етеді екен?" деп те қойған. Сол ойының жауабы да, орайы да енді дәл табылғандай болды. Аз уақытта сот бастығы Мәкеннің Дәрменге қашан көңіл қосқанын, Дайырдан неге қашқанын нықтап сұрады. Оған Мәкен аз сөзбен өте орнықты, берік жауабын айтты. "Дәрменнен айрылмақ ниеті жоқ, Дайырға қайтқаннан өлгенін артық көреді және патшалық сотынан, законынан өз басын қорғауды тілейді. Пана сұрап келген, жол көрмеген даланың жас қызы осы тергеуші ұлықтардан рахым сұрайды!"
Бұл сөздер тілмаш арқылы жеткенде, салқын жүзі көп өзгермеген сот бастығы, өзінің екі жағындағы серіктерімен Мәкенге түсініксіз, орыс тілінде кезектесіп сөйлесіп, ақыл қосып қалғандай болды. Соттың үш адамы – орыс адамдарының бұл жүздерінен Мәкен күдер үзген жоқ. Анығында оның байқағыштығы теріске кеткен де жоқ еді. Сот бастығы: "Мынау қазақ қызының сөзі орынды, тілі тапқыр, бұл барынша шынын әкеп тұр!" деген болатын.
Оңаша үйге қайтадан екшеліп шықпай-ақ, осы топ төрелер Мәкенге тілмаш арқылы өздерінің байлауын баян еткен. Бұл кесімдері бар істі мүлде бітірген байлау емес. Бірақ бұған білдіретіні: "Қыздың басы азат. Патшалық законына сүйенген округ соты Мәкен басына азаттық береді. Ал қалыңмал, мүлік дауын шешуді қазақтың өзінің заңына бұйырады". Осымен талайдан күткен соттың байлауы болды. Жартылай кесімді сот өзі жасап, осы іс жөніндегі ендігі бір жарты дау-тартысты екі топтың өзара келісіп, бітісуіне берді. Мәкен үшін бақыт шағындай болған алғашқы бөлім байлау еді. Ол – сот байлауы. Бұл жөнінде басына азаттық тілеуші Әзім қызы Мәкенді бұрын төленген қалыңмал бойынша зорлықпен алам деуші Шақар ұлы Дайырдың талабын сот теріс деп табады. Дайырға тимей, өзінің таңдаған адамына тиюге қызға рұқсат етіледі. Оны патшалық заңы, сот орны өз қорғауына алғанын мәлім етіп, қолына азаттық қағаз береді.
Осыдан соңғы бұл істің бітім, келісімге берілгені мал-мүлік жөніндегі сөздер. Қызға төленген қалыңмал тәрізді, алық-беріктің бәрін қазақ халқының осы күнде өзі қолданып жүрген әдет, заңы бойынша "қызды жоқтаушы Шақар ұлы мен қызды қорғаушы Ысқақ ұлы Кәкітай келісіп, тыныштық табысатын болсын" делінген. Осы байлау соттың үлкен залына лық тола кірген қазақ атаулының бәріне мәлім болды. Ендігі ұзақ, оқшау келіссөзі тыста, сот кеңсесінің маңында жүрді. Оразбай, Дайырлар тобының қарашы тілеулесі боп келген қала саудагері, шәкірт, молдалары, тілмаштары қанша көп болса, Абай айналасындағы тілеулес жұрт та мейлінше мол еді. Бұлар – ар жақ, бер жақтың қайықшысы, әралуан ұсақ кәсіпші, қалың еңбекші көпшілігі. Және бас киім, аяқ киімдері көнетоз болса да, орысша киінген жұмысшылар көрінеді. Әсіресе, денелері, бітім-тұлғалары балғын, кесек біткен, отыз-қырқы тізе қосып, жұбын жазбай жүрген грузчиктер болатын.
Бұлардың Абай мен Кәкітайды, Дәрменді және соларға тілек қоса келген көп ел қазақтарын қоршап жүргені, бүгінгі күнде өзі бір үлкен айдын, көңілді көрініс боп шықты.
Қазіргі сәтте Абайдың ажарындағы ырзалық оны жасартып, өзгеше бір жадыратқандай. Жүзінде күлкі, іреңі ағарғандай. Кейіс кеткен қас-қабағы жоғары көтеріле, керіле түсіпті. Екі көзінің айналасында нұрлана біткен өзгеше бір сәуле бардай. Шат, игі сәуле! Қарасынан ағы молая түскен мұрт, сақалы едәуір егде жасты байқатса да, Абайдың езуіндегі күлкі, ақсиған сұлу аппақ қатар кесек тістері оның жасын да ұмыттырғандай. Қасындағы Кәкітайды, Дәрменді екі жақ қолтығына ала құшақтай түсіп, сот үйінен шыққанда, Абай өзгеше өркештеніп, сонша бір тыныс алып, шоқтығы аса шықты.
Осы істің алғаш әлек күнінде Оразбайдан Есентай әкелген кесір, асқақ сәлем Абайдың есінен кеткен емес-ті. Сонда сескенбей, жиреніш қана атып, тәуекел етіп, шыдамға бекінген өз мінезін енді өз ішінен қуанышпен құптады. "Жауыздықпен әрбір кездесу, табандасып белдесу әмісе осылай аяқтағай-ақ та! Осылай тынсашы!" – деп, соңғы сөздерін қуанысып келе жатқан Кәкітай мен Дәрменге қатты сөйлеп, айтып та қалды.
Абайдың бұл қалпын көлденең бағып тұрған көздер бар-ды. Ол – Есентай мен Оразбайдың қызғаныш пен кек ызаға толған көздері. Абайды аңдай бере Есентай сол қолының шынтағымен қатардағы Оразбайдың шынтағын мытып қалды.
– Жауланып, өкпесі қабынып бара жатқанын қарашы! – деді.
Оразбай тістеніп, қырылдай түсті. Гүж еткен қабаған төбеттің ырылындай ашу атты:
– Бара түссін барарына... Аса түссін, бүлдіре түссін
Ыбырай! Бұны бір қан тартып барады ғой. Тілеген сыбағасын тартармын... Тостым алдын тағы да, үндеме! – деп, Есентайдың қолын сілке қысты.
Мәкеннің босағанына мәз болып, көңілі жайланып шыққандықтан, екінші кезекке қалған келіссөзге Абай кіріскен жоқ. Мәкен сот үйінен соңғы рет Әлімбек тілмаштың әйеліне еріп шыққан еді. Абай Әлімбекке сөйлесіп, Мәкенді Даниярдың үйіне апарып, еркіне жіберуге келісті.
Ал мал жөніндегі Оразбай мен Дайыр айтқан қалыңмал шығынын "Дәрменге доспын" деген Абайлар жағы дау-далбайсыз, толық етіп төлемек болды. Абай қарсы жақтың ойынан қара үзіп, өзгеше көнгіш боп шықты. "Тілегенін бермек, дегеніне көнбекпіз" – деді.
Екі жақтың сөзін ұстап араға кірген Айтқазы дейтін Белағаш қазағы пысық, сөзшең жігіт арқылы, Абай келіссөзді керіске жібермей оп-оңай шешті. Ұзақ дауласармыз деп әлі де қанын ішіне тартып, қабақтарын кісі өлтірердей боп суыққа салған Оразбайлар, Абайдың мал жөніндегі көнгіш жауабын естігенде, біраз уақыт не дерді білмей, мәңгіре дағдарды.
Артынан Оразбай пәлеге тоймас қалпымен, енді тағы асқындай түсіп, айып тіледі. Айтқазы Абайларға бұл сәлемді әкелгенде, Абай өз аузынан өз жағына екі тоғыз айып атады. Дәрменнің көп досының мойнына сәл салмақ боп, тарап түсетін шығындарға қарамады. Мал шығынын өз жағына өздігімен баса салған Абай Оразбай, Дайырларды, қаншалық қақап тұрса да, тез қақалтып, тоқтау салды. Ұзақ айлар бойына Абай мен оның көп достарын Семейдің тұрғыны еткен сұлу жүз, сезімді жүрек, сыпайы мінез Мәкен дауы осымен аяқталды.
"Мәкен қыздың ылаңы" деп, Дәрменнің ынтызарын, асыл жарын әлдекімдерге жаманатты етіп айтқызған ауыр тартыс әлі де талай зілін кейінге сақтап қалды.
Бірақ бұл дүние солай бола берсін. Ал Дәрмен мен Мәкеннің енді тозақ отындай азаптан айрылудан өтіп, қайта ұшырасуы бұл екі жас бастан кешірген өмірдің ең бір естен кетпес жалындай шағы болды.
Тағы да Сәменнің төргі үйінде, кешкі ымырт шағында Дәрмен есіктен кеп кірген Мәкенді қаншалық арманды құмарлықпен қарсы алғанын өзі де аңғара алған жоқ. Тілмаш Сармановтың үйінен Мәкенді осыдан бір сағат бұрын өзі барып босатып алып шыққан Кәкітай жолда ешқайда соқпай, тура Затонға тартқан-ды. Ол Дәрменге алдын ала пәлен шақта Мәкенді қайырып әкелеміз деген жайын айтқан да жоқ-ты. Алакөлеңке үйде, кешкі шақта сағыныш ойымен күндегіше оңаша күңіреніп, қоңыр домбырамен "құлақ күйді" қоңырлата тартып отырған Дәрменнің бұл сәтте Мәкен келер деген үміті жоқ-ты. Бірақ азапты айлардың бар кеші мен түнінде тыным бермей сарғайтқан сағыныш қазір де Дәрменнің бойын, ойын улата мегдеткендей болатын.
Кәкітай Мәкенді төргі үйге кіргізе бере өзі кейін шегініп кетті. Бұл шаққа шейінгі қорқыныш, азап, қысым-жаза шағында көзінен бір түйір жас шығып көрмеген Мәкен қазір Дәрмен құшағына алған шақта ыстық жастар төгіп, үнсіз егіліп жіберді. Дәрмен мұның әлі салқын жүзіндегі салқын жасын жұта сүйді. Алғашқы ұшырасу минуттары ғана емес, екеуінің құмарлық ынтығында тегінде әлі күнге сөз аз да, бірін-бірі іштей үнсіз сезіну мен тануға көбірек бейім болатын. Қазіргі шақта да шала шешініп болған Мәкенді жердегі көрпеге қарай құшақтай тартып отырғыза бере, Дәрмен дамылсыз жабысып, іштей сиына сүйеді. Әлде кімге, әлде қалай тағдырына алғыс айта сиынады.
Мәкен де басында сәл тосаңсығандай. Оңаша жалғыздықта тығыла тартынып қалған қалпымен үн де қатпай, құшақ та жазбап еді. Ол сәтте, тек Дәрменнің аймалауына өзін қиыла, қысыла сүйгізгендей ғана болатын. Кейін ол да кезек жалын атқандай дірілдеген ыстық еріндерімен Дәрменте өзі де өзгеше бой жаза түсіп, ыстық, нәзік жалынмен жабысты.
ҚАПАДА