Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер.
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтіп күн көрер!
Жазушы Абыздың осы толғауынан белгілі Асан қайғының үніне үн қосып айтқан сөздерімен ұластырады.
Тұнығым ылай болды,
Уа, тұнығым ылай болды.
Қуғыншым кұмай болды
Құтылар кайран жоқ,
Сор қамар сыңай болды… (Асанша )
Алданар жоқ, арман көп.
Кәрім қайтіп күн көрер!
Жарастық жоқ, жалын жоқ,
Жарым қайтіп күн көрер!
Барары жоқ, байлау жоқ,
Ерім қайтіп күн көрер!
Бәріңнің де нәрің жоқ,
Елім кайтіп күн көрер?..
Бүкіл халқының ой-арманын, мұң-шерге толған тағдырын зарлап, күңірене жеткізуі тыңдаушыға ерекше әсер ететіні сондай, Абызбен бірге толғанып, үн қосып күңіренесің. Іштегі шерді сыртқа шығарғың келгендей, жалын атып аһ ұрасың, күрсінесің.
Абыз – имандылықтың насихатшысы, бұл – пьесада халық даналығының символы ретінде көрінеді. Драмада әр кейіпкер сөзі өзін таны деп тұрғандай.
Батыр Кебек пен батыр Есен
Батыр Кебек. …Өз көңілімді барласам, дүние бәрі дос. Жарқыраған күн де дос, тұнжыраған түн де дос. Бәріне де жаным шат!… Сүйерім мен сүйсінерім мүлде көп. Саусақ құрам – ән сүйем, жалын ұрам – жар сүйем. Қазірде, міне, сүйгендеймін, ынтығамын. Бірақ қайда сол, кім сол өзі, кезікпедім, таппадым. Тек алдымда нәркес қана қара көз. «Ізде мені, тап мені!» – деп, тұнжырап қана бір қарап, наз тастап қана бір кетеді!..
Бұл сөздер жалғыз Кебек сөзі емес, Кебек сияқты жас адамның ішкі толғанысы, жан сыры екені толық көрініс береді. Пьесада батырдың жігіттік адамдық қасиеттері, ақыл-парасаты Еңлік сөзіне берілген жауаптан анық байқалады. Драманың барысы халық поэзиясының дәстүрлі ізімен астасып жатыр. Еңліктің ата-анасымен қоштасу өлеңінен мұң боп төгілген көздің жасын көреміз. Жылап тұрса да ертеңіне үміт артқан Еңліктің жүрек жарды сырын танимыз. Мысалы:
Ата-анам ақ батаңды аттап кеттім,
Тентек ел талқысына тастап кеттім.
Болсам да шұбар жылан іштен шыққан,
Қарғамас деген сенім сақтап кеттім.
Туған ел, амандасам жас-кәріне,
Бірге өскен құрбы-құрдас, дос – бәріңе.
Жарасқан әзіл-сауық аға, жеңге,
Аласың мені не деп естеріңе!
Аман бол, Найза шоқы, тоғайлы өзен,
Өрістен қой асатын тұмсық кезең.
Бөрлі мен батыр шыққан Қарауылым,
Ен дала көркі болып жалғыз бізбен.
Білмеймін қандай асу жолда жатыр.
Құз бе екен, қиял ма екен таңдай татыр.
Сиынып аруақ пен бір құдайға,
Ұстадым етегіңнен баста, батыр!
Енді бірде жас ару:
Жар көрсе сүйінеді сағынған жас.
Толқытпай ауған көңіл ерікке қоймас.
Сұраймын уәдені ұстап келді ме деп,
Бауырына, жан батырым, айтшы жартас! –
дей келе, өз құпиясын білдіреді.
…Мен төкпеген жас, шертпеген шер бар ма еді бауырыңда. Игілік пен сәті сәскеде келтір жалғыз арман жанымды…жалғыз тірек жарымды!..
Алып ұшқан, асқақ албырт сезімді танып, қыз жүрегінің лүпілін естігендей әсерге бөленеміз.
Еңлік мінезінің ұстамдылығы, аз күндік қызыққа қызығу емес, баянды сүйіспеншілікті аңсаған жүрек дүрсілі, арман-тілегі Кебек пен арадағы диалогте жақсы ашылған. Осының бәрін жазушы мейлінше көркем бейнелейді. Сөз сиқыры, суреткерлік шеберліктің құдіретті күшін тани түсеміз.
Батыр Есен. Ол даңғой, мақтаншақ, өркөкірек, оңай алдауға түсіп қалар аңғал түрінде суреттеледі.
Абыз сөзіне тосылып жауап таппай сасқалақтаған түрі… «Болды, баба! Тоқта, баба, толас бер. Жеңілдім, жеңдің сен мені…»
Ел намысы үшін жаумен егесудің орнына, өзіндей батыр Кебекпен бәсекелесуінен Есеннің үйтентек (ұсақ) батыр екеніне шүбә келтірмейміз. Бұл азаматтыққа үлкен сын екенін түсінген оқырман тағы еріксіз ойланады.
«Еңлік–Кебек» пьесасы қазақ әдебиетінде ғана емес, тарихы үлкен ірі әдебиеттердің осы жанрдағы үлгілерімен теңдес түсетін шығарма. М.Әуезовтің драматургия саласындағы еңбегі қазақ көркем өнерін ілгері дамытуда, ұлттық театр шаңырақтарын көтеруде ерекше рөл атқарды.
Драма театры 1926 жылы өзінің шымылдығын тұңғыш рет «Еңлік–Кебек» трагедиясымен ашады.
Әңгіме қазақ әдебиетінде нағыз көркем жанр ретінде М.Әуезов суреттеуінде жаңа тың, өзгеше сипатқа ие болды.
Жазушының еуропалық прозаның деңгейіндегі алғашқы көркем шығармасы 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты әңгімесі. Жазушы өмір шындығын, заман сипатын, адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер әңгімелеп жеткізеді. Оқиға басталғаннан-ақ оқушыны қорқынышты бір үрей сезімі билейді.
Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап калуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп ашады. Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ оқырман Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қорлыққа жаны төзбеген, жауыздықтың құрбаны болған Ғазизаның әкесінің моласына барып, үсіп өлуі себебін жазушы өте анық та дәл шебер суреттейді: «Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңадан ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіт сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан – Ғазизаның әкесі – Жақып және жалғыз кішкене бауыры – Мұқаш».
«… Ғазизаның шашы азырақ дудырап қапты. Денесінің жартысын қар басқан. Әкесінің бейітіне жабысып, қасіретті өмірдің ақырғы қуатын сол жерге берген екен. Өлер сағатына шейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта ыдыраған, ізі қалған жоқ. Балалық жүзінде: «Менде жазық жоқ, мен тазамын» деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы — қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар».
Әңгімеде жазушы ескі өмірдің бір елесін көрсетіп, пасық әрекеттерден аулақ болуға оқушыға ой салады. Мұнда автордың ең негізгі түйін-тұжырымы –жауыздық ешқашан да адамшылықты, тазалықты жеңе алмайды.
«Жетім» әңгімесінде жетімдік тауқыметін тартқан он үш жасар Қасым, өгейлік тепкісінен қашып, әке-шешесінің зиратына келіп қаза табады. Қараңғы түндегі табиғат құбылысы үрейі ұшқан баланың ішкі сезімімен тұтасып, өте әсерлі бейнеленген. «…Бір мезгілде, Қасым қорқып, дірілдеген жүрекпен маңайына жалтақтап әр нәрседен үркіп келе жатқанда, күн жарқ етті…» Жетім балаға рахымсыздық жасаған тас бауыр жандардан мейлінше түңілесің. Сондай-ақ, сол кездегі өмір шындығын жете тануға итермелейтін әмеңгерлік салтқа лағынет айтқан Рабиға «(Қыр суреттері»), құса болып – өмірін қиған Ғазиза («Кім кінәлі?»), т.б. – бұлардың тағдыры бір-біріне ұқсас болғанмен, әрқайсысы өмір талқысында өзіндік ерекшелігімен әр қырынан көрінеді. Бұл әңгімелердің бәрінде жағымды кейшкерлер бір-бірімен тағдырлас, қорғансыз, жетім, жесір, көкірегі мұң шерге толған аяулы жандар. Жазықсыз құрбан кейіпкерлер тағдыры бұлай болып қала бермейтініне жазушы үлкен үміт, сеніммен қарайды. Бізді де сендіреді. Бұлардың аянышты халінен құтылудың жолы, азаттық үшін күрес екенін автор шындықты шынайы суреттеу арқылы жетеді. Ол «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятында анық көрініс тауып, әлеуметтік теңсіздік тартысы үлкен суреткерлік күпшен бейнеленеді. Демек, алғашқы мақала, алғашқы әңгіме, пьесаларының өзінде-ақ М.Әуезов ешкімге ұқсамайтын өзіндік даралығымен, көреген білімпаздығымен танылды. Өмірді жан-жақты қамтып, терең сипаттаған бұл дүниелер – жазушының реалистік қол таңбасының айғағы.
М.Әуезов қаламынан туған 30-40 жылдардағы әңгіме, хиқаяттардың қай-қайсысында болмасын кездесетін терең де нәзік психологизм, өзгеше үн мен тіл көркемдігі, жаңа сапа, ой-қиял жүйріктігі табиғи дарынымен тоғыса келіп, автордың суреткерлік талантын паш етеді. Бұл туындылар қазақ прозасындағы ерекше құбылыстың әсем үлгісі болумен бірге, ұлы эпопеяға бастар жолдың, шығар шыңның алғашқы дайындық баспалдақтары екеніне күмән келтірмейміз.
Ұлылық үлгісі