Абай Құнанбаевтың «Ескендір» поэмасындағы ақын жеткізген Ескендірдің әлсіздігін талдап жазыңыз



бет12/20
Дата15.09.2017
өлшемі1,06 Mb.
#33115
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20

Мұхтар Әуезов Абай тақырыбын, Абай өмірі мен өнерінің мән-мағынасын бар ынта-ықыласымен, асқан сүйіспеншілікпен терең зерттеді. Жазушы ұлы ақынның өпшес мұрасын, тарихи тұлғасын өз халқының тыныс-тіршілігімен, бүкіл өмір жолымен бірлікте алып суреттеп көрсетті. Ол жөнінен автордың «Өз жайымнан мағлұмат» естелігінен талай сырды ұғамыз. Сондай-ақ жас ойшыл жазушылық міндеттің не екенін ерте танып, жете ұғына білді.
Тарихи бір дәуірді толық қамтитын қазақ даласының бүкіл тыныс-тіршілігімен, өмірін жан-жақты суреттеп көрсететін ұлы эпопеяға автор үлкен дайындықпен келді. «Абай жолы» романының негізгі арқауы – заман шындығы, сол кезеңде өмір сүрген адамдар арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыс, күйініш-сүйініш. Жазушы халық есінде сақталған естелік, әңгіме оқиғаларын, Абай туралы мұрағат материалын, ақынның өз мұрасын жинап, зерттеп, ой елегінен өткізе отырып, ұлы туындысына кеңінен ұтымды пайдаланды. Автордың өзі: «Биограф ретінде Абай өміріне қатысты материалдар жинаумен 1930 жылдан кейін айналыса бастадым. Өкінішке орай, бұл кезде ақынды жүзбе-жүз танитын адамдардан бірен-саран қариялардың ғана көзі тірі еді», – деп жазады. Абай туралы ұзақ уақыт материал  жинаудың қиындығын былай жеткізеді: «Жалпы бұл кезеңдегі романға байланысты жұмыс сипатымды мен әлдеқашан көшіп кеткен керуеннің жұртына келіп, сөнуге айналған ошақ орнынан әлсіз қызуы бар соңғы шоқты тауып алып, оны демімен үрлеп қоздатып, жалынды алауға айналдырмақ болған кешеуіл жолаушының харекетімен салыстырар едім. Көне көз қариялардың күңгірт тартқан зердесі мені Абайдың жас дәуіріне жетелеп, жол көрсетіп отырды. Алпысты алқымдаған Әйгерімнің жүзінен мен оның ақын жүрегін жаулаған балғын заманындағы сұлу ажарын елестетуге тырыстым».
Бұл романдардың негізгі арқауы – өмір шындығы, сол өмірде әрекет жасаған тарихи болған адамдардың арасындағы қарым-қатынас, күрес-тартыс, күйініш пен сүйініш. Жазушы халық жадында сақталып қалған кейбір оқиғаларды, фактілерді, әсіресе Абай турасындағы мұрағаттық материалдарды, есте қалған мәліметтерді, ұлы ақынның қалған мұраларын кең, өнімді пайдаланған. Әйтсе де әрбір көркем әдебиетке тән ойдан қосу, сол арқылы өзінің нысаналанған ойын толығырақ, қонымдырақ етіп жеткізуге ұмтылуының да өте орынды екенін атап айтқан жөн.
Эпопеяның басты қаһарманы Абай болғандықтан, шығарманың өн бойындағы шытырман оқиғалар желісі, сан алуан кейіпкерлер әрекеті, тағдыры Абай төңірегінде шоғырланып, ілгері дами түседі.
Данышпан ақынды әлем жұртшылығына танытқан «Абай жолы» эпопеясы барлығы 4 кітаптан тұрады. Мұнда: Абайдай алыпты туғызған қазақ халқының өзгелермен қай жағынан да терезесі тең, дарынды, ақылды, ақ жарқын, жомарт, сері, өнерпаз халық екендігін, ешкімге ұқсамайтын өзіндік мінезі, ұлттық рухы, салт-дәстүрі бар екені эпопеяда жан-жақты суреттеледі.
«Бұл тамаша эпопея бізге тұтас бір әлемді сыйға тартты, табиғаттың тұрмыстың небір ғажайып картиналары мен адам құштарлықтарын сипаттауымен бізді іңкәр етті. Әуезов қаламымен тарих қайта тірілді, ауылдар өмірі, адамдар тағдыры бой көрсетті. «Абай» эпопеясы, – шығармашылықтың тылсым сырына, өмір мен өлеңнің өзара байланысына терең бойлаған туынды, ақын мен поэзия жайлы әлем әдебиетіндегі ең шоқтығы биік үздік шығарма»,–дейді М.Луконин.
Ш.Айтматов: «Бұл роман бүкіл түркі тілдес халықтардың, оның ішінде өткендегі көшпелі халықтардың да адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі… Әлемді көз алдыңа келтіру үшін, басқалардың көзіне түсу үшін, адам рухының қадір-қасиетін асқақтата көтеріп, жар салу үшін өз биігің – Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек», – дейді.
«Абай жолы» эпопеясы туралы айтылған бұл пікірлердің бәрі – М.Әуезовтің ерекше талантына, халық алдындағы еңбегіне берілген өлшеусіз құнды баға.
Бұл роман арқылы жаңа ғасырдың жарқын жолына қадам басқан ұрпақтың бүгінгіні танып білуі кешегі тарихымызды жете білуімен сабақтасатыны дәлелдене түседі.



С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаштың «Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді» сөзіне өз көзқарасыңызды танытып, талдап жазыңыз.

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінін бірі – академик жазушы Сәбит Мұқанов. Бүкіл шығармашылық жолы кеңес өкіметінің билік құрған жылдарымен тұспа-тұс келген ол өз заманының көкейкесті тақырыптарын шығармаларына арқау етті. Әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Қоғамдық мәселелермен айналысты.
Сәбит Мұқановтың поэмалары кезінде қазақ поэзиясы үшін жетекші рөл атқарды. Ақын поэмаларында әдіс-тәсіл қолданысының небір үлгісі кездеседі. Бірқатар шығармаларында оның халықтық поэзия үлгілерімен, ауыз әдебиетінің дәстүрлерімен терең сабақтастығы аңғарылып жатады. Ең бастысы – Сәбит Мұқанов поэмаларында ежелден келе жатқан фольклорлық мұраларымызға тән бейнелеу құралдары мен ақын өмір сүрген жаңа тарихи дәуірдің өзгешелеу ырғағының қызықты үйлесімі бар.
«Сұлушаш» поэмасы. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан талантты шығармаларының бірі – «Сұлушаш» поэмасы. Оны өлеңмен жазылған роман деп те атайды. Қалай болғанда да осы шығармасы арқылы ақын дәуір шындарын тарихи тақырып тұрғысынан кең қамтып бейнелеуде елеулі табысқа жетті.
Шығарманың сюжеттік желісін ел аузындағы аңыздан алғанымен, ақын оны өз дәуірінің талабымен шебер ұштастырады. Жастардың бостандыққа ұмтылуы арқылы автор жалпы адамзат баласына тән азаттыққа ұмтылу идеясын көрсетеді.
Автор аңыздағы халықтық сарынды сақтайды да, оқиға мазмұнына өз жанынан өзгерістер енгізеді. Сол арқылы өмір шындығын, әлеуметтік мәселелерді терең бейнелейтін реалистік шығарма жасайды. Поэмадағы оқиға бірін-бірі сүйген екі ғашық – Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына кұрылған.
Поэманың кейіпкерлері Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Сұлушаш атақты Тілеуберді байдың ерке өскен қызы болса, Алтай – байдың малын бағып жүрген жалшы жігіт. Өмірден көрген қиындығы мен таршылығы Алтайдың намысшыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Оның бойында тағдырдың әділетсіздігіне қарсылық, наразылық ерте оянады.
Алтай Сұлушашқа ғашық болады. Қыз да өнерлі жігітті ұнатады. Бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Өйткені бірі – байдың қызы, бірі – құл мен күңнің баласы.
Армандарына жету жолында жастар көп қиындықтар көреді. Озбырлардан қанша қысым көрсе, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып-тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Алтайдың жанында сенімді серігі Қайсар болады.
Үшеуі тауды паналап, талай қиындыққа кездеседі. Құстың ұясынан жұмыртқа алам деп жартасқа өрмелеген Қайсар құздан кұлап өледі. Алтай мен Сұлушашты оңайлықпен ұстай алмасын білген қуғыншылар таудың етегіндегі қалың орманға өрт қояды. Сондай бір сәтте өрттен қашқан жолбарыспен бетпе-бет келген Сұлушаш жар басынан өзенге секіріп суға кетеді. Жан досы мен сүйген жарының өлімін көрген Алтай өз жүрегіне өзі қанжар салып көз жұмады.
Ел ауызындағы аңыз желісіне құрылған поэманың оқиғасы осындай. Адам баласының бас еркіндігін аңсаған жастардың трагедиясы аянышты. Дегенмен бұл трагедияны ақын бірлі-жарым жастардың басындағы күй ретінде суреттемейді. Оны әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Бұл қайғылы оқиғаға себешпі сол кезеңдегі қазақ өміріндегі әлеуметтік теңсіздік екенін баса айтады.
Поэмадағы оқиғалар біріне-бірі жалғасып, ширек дамиды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті де үнемі үдеп, бірте-бірте тұлғалана түседі. Оқиғаны баяндауда, кейіпкерлердің образын сомдауда автор фольклорлық бейнелеу құралдарына жүгініп отырады. Мәселен, С.Мұқанов суреттеген Сұлушаштың сұлу бейнесі де, байдың қызы бола тұрып, кедей жігітке ғашық болуы, сол жолда мерт болуы да лиро-эпостық жырлардағы ару қыздарға ұқсайды. Дегенмен Сұлушаштың іс-әрекеті нақты, өз дәуірінің әлеуметтік жағдайларымен үндес, шынайы өмір шындығымен астасып жатыр.
Парасатты, көркіне ақылы сай Сұлушаш ғашығы Алтайдың кедейлігін мін санамайды, онын адамгершілік қасиеттерін қадірлейді. Алтайдың бойында да байлар әулетіне деген ыза мен кек бар. Өйткені көзін ашқаннан бері көргені – байдың есігіндегі жалшылық, жоқшылық, қиянат. Дегенмен шынайы махаббат сезіміне келгенде екі жастың арманы да, мақсаты да үндесіп кетеді. Бірлесе отырып өмірдегі қиянат атаулыға қарсы, адамның бас еркіндігі жолында ақтық, сәттеріне дейін күреседі.
«Сұлушаш» поэмасында автор тек әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын ғана суреттемейді. Поэмада адалдық» ар тазалығы мәселесі бар. Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық арқылы ақын махаббатқа адалдық, ардың тазалығы туралы мәселе көтерсе, Қайсар образы арқылы досқа адалдық, адамгершілік тазалығы жайынан оқырманға ой тастайды. Поэманың композициялық құрылымы шебер, тілі көркем. Бейнелеу құралдары әр алуан. Оқиға барысын, кейіпкерлерінің іс-әрекетін баяндағанда, ауыл тіршілігін, жылқышылар өмірін, табиғат көріністерін сипаттағанда, ақын қарапайым бояумен әдемі өрнек салады. Поэма кейіпкерлерінің ішкі толғаныстарын, сезім күйлерін әсерлі бейнелейді.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   20




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет