Абайдың педагогикалық көзқарасы қазақ жерінде патриархалдық-феодалдық қатынастар әлсіреп, капиталистік қатынастардың өмірге ене бастаған кезеңінде қалыптасты. Ақынның ағартушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы - ақынның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты. Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрлерін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып білуіне себепші болды. Өмір заңдылықтарын түсінуге игі ықпал еткен әке тағылымы да ақын бойында ұстаздық қасиеттің қалыптасуына үлкен әсер етті. Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Ақынның жастарды білім алуға, ғылымға, адамгершілікке үндеген педагогикалық топшылаулары шығыстың атақты ғүламалары Әлішер Науаи, Ғ. Дауани, Әл-Фараби т. б. ой-пікірлерімен сабақтас, өзектес келеді. Ол орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары мен көрнекті педагогтарының маңызды тәлім- тәрбиелік ой-толғаныстарын өзіндік құнды қағидалармен толықтырып, кейінгі ұрпаққа ағартушылық жаңа дәстүр қалдырды.