«Ерлік» мемориалдық кешені.
«Ерлік» мемориалдық кешені Тараз қаласындағы І.Жансүгіров көшесінің бойында, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан.
Мемориалды кешеннің кіреберісіне мәрмәрдан сәні мен салтанаты жарасқан екі аркалы арнайы қақпа орнатылған. «Ерлік» мемориалдық кешені осы қақпадан басталады. «Ерлік» мемориалды саябақтың ажарын ашқан ажырамас бір бөлігі. Кешенге кіреберісте «1941-1945» деген жазу жазылған.
Соғыс жылдарын суреттеген жазулар биіктігі 50 сантиметрлік танкке қарсы темірден жасалған қалқанға жазылған. Ені – 4 м. 20 миллиметрі гранит плиталарынан жасалған. Түбі монолит бетонмен бекемделген.
Мұндағы әр сәулеттік ескерткіш асқан шеберлікпен, дәлдікпен һәм ыждаһаттылықпен жоспарланған. Бірін-бірі толықтырып тұратындай үйлесім тапқан. Бұған дейін қаланың әр бұрышында шашыраңқы орналасқан Жеңіс символдары бір кешенге тоғысты.
Сол ескерткіштердің бірі отты жылдар шежіресінің басты көрінісі – «Мәңгілік алау» кешенінің қақ ортасынан орын алды. Енді бұл алаңға батырлардың ұрпақтары әр сәт сайын келіп, тағзым етіп, гүл шоғын қойып, еске алатын орынға айналды.
Кешенді аралаған сайын сәулеттік композиция шарықтау шегіне шыға береді. «Ерлік» мемориалды кешенінің басты символы – саябақтың қақ ортасында орналасқан батыр Баукеңнің ескерткіші. Жауынгерлердің рухани тірегіне айналған даңқты жерлесіміз Б.Момышұлының еңселі тас мүсіні биік тұғырға қойылған.
Ескерткіштің қос қанатында екі бөліктен тұратын «Батырлар аллеясы» қапталдаса орналасқан. Монументтің қабырғалары сәл майыса иіліп, алтын жалатылған түстей ерекше көрініс беріп тұр. Ал қабырғалардың ортасы «Қызыл жұлдыз» ордені пішінінде Кеңес Одағы Батырларына берілген. Биіктігі – жерден санағанда 3 м. Көлденеңі 5 м. асады. Әр бағананың ортасына батырлардың есімдері қашалып жазылған. Жан-жағында – майдангердің есімдері қашалып жазылған мәрмәр қабырғалар бар. Жамбыл облысынан майданға аттанған 100 мыңнан аса жауынгердің есімдері жазылған.
Бұған дейін 60 мыңдай ғана жауынгердің есімі белгілі болса, облыстық әкімдіктің арнайы комиссиясы майдангерлердің бүгінгі ұрпақтарына хабар беріп, қайта жинақтау жұмыстарын жасады. Нәтижесінде, 6 колоннаға 105 мыңнан аса азаматтың аты-жөні жазылды.
Достарыңызбен бөлісу: |