Ерте ислам дәуірінің мешіті және керуен-сарай Көне Тараз қаласының ортағасырлардағы сәулетті құрылыстарының бірі ерте ислам дәуірінің мешіті (IX-XII ғғ.) және оған қосалқы салынған керуен-сарайы (VIII-XII ғғ.) қазіргі Тараз қаласының орталық бөлігінде, Төле би көшесінің бойында Қарахан кесенесіне жақын жерде орналасқан. Ескерткіш 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.
Ежелгі Таразда түркі қағандары билік құрған заманда әртүрлі дін өкілдері бейбіт өмір сүрді. Х ғ. араб географы әл-Мағдиси: «Тараз – бекiнiстi үлкен қала, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар. Ал базардың нақ ортасындағы үлкен мешiтi көрiнiп тұрады» - деп сипаттайды. Тарихи деректерге жүгінсек, ІХ ғ. дейін Тараз қаласының аумағында несториандық-христиандық шіркеу болып, кейіннен мешітке айналған құрылыс нысаны болғандығы жайлы мәліметтер кездестіреміз. Мұндай мешіттер ортағасырлық Дихнуджикес, Хамукет, Атлах, Жікіл, Бехлу қалаларында да болған. Бұл кезең жазба деректер бойынша ІХ ғасырдың аяғында Таразды саманидтердің жаулап алған уақытына түспа-тұс келеді. Жазба деректер бойынша, 893 жылы Исмаил ибн Ахмад Таразға әскери шабуылдар жасап, көптеген қиындықтар туғызады. Тараз әмірі елін аман алып қалу үшін соғыссыз беріліп, 10 мың қала жұртымен бірге ислам дінін қабылдайды. Осы кезеңнен бастап басқа діндегі ғибадатханалар мен христиандық шіркеулер толығымен исламдық мешіттер ретінде қайта жасақталған.
Тараз қаласының орталық бөлігіндегі мешіт пен оған қарама-қарсы орналасқан керуен-сарай да исламдық мәдениеттің келуімен қайта құрылған ескерткіштер болуы мүмкін.
Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында 8 бөлмеден тұратын керуен-сарай ғимараты үш рет қайта құрылып, қалпына келтірілгендігі анықталған. Мешіт пен керуен-сарай құрылысы Орта Азиялық ислам мәдениетінің сәулет ескерткіштеріне ұқсас келеді. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде тиын, қыш-құмыра, тұрмыстық бұйымдар мен өзгеде тарихи жәдігерлер табылған.
2016 жылы нысанда уақытша сақтау және музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, жергілікті тұрғындар мен туристер келіп тамашалайтын тарихи ескерткіш орнына айналған.
Әдебиеттер: Волин С. Сведения арабских источников ІХ-ХVI вв. О долине реки Талас и смежных районах. // Труды ИИАЭ АН КазССР. – 1960, 5 том. – 72-90.
Ілияс С.Р. Ортағасырлық Тараз қаласындағы соңғы жылдардағы археологиялық ғылыми - зерттеу жұмыстарының нә