Әдебиеттер. Қазақстан Республикасының тарихи және мәдени ескерткіштер жиынтығы. Жамбыл облысы, Алматы 2002, - 312 б.
Әулиеата (Қали Жүніс) мешіті
Әулиеата мешіті (ХІХ ғ басында) көпес Жүністің талабы бойынша салынған архитектуралық ескерткіш. Тараз қаласы, Электрическая көшесі мен Қылышбай ақын көшесінің қиылысында орналасқан.
1998 ж. жаңа материалдар мен өрнектерді пайдалана отырып қайта жаңғыртылды. Мешіттің ескірген бөлмелері қайтада жөнделіп, жаңадан бөлмелер салынды. Осылайша халықтың күн сайынғы тұрмыстық және діни дәстүрлерін орындауға қолайлы жағдай жасалынды. Мешіт ауласы біркелкі тақтатастармен төселген.
Қазіргі кезде мешітте оқу сабағын өткізуге арналған медресе бар. Кең аула ішінде орналасқан бір қабатты, тік бұрышты кеңістік 1973 ж. салынған айван бетімен аулаға қарап тұр. Кейін ол толық шынымен қапталды. Мешіттің ескі намаз оқу залының ұзындығы 21 м, ені 12 м. Батыс қабырғасына қуыстар жасалған, биік терезелер ойылған. Залдың толық көлемінде 20 м биіктікте намаз оқитындарды орналастыратын ішкі жарты қабат жасалған. Зал төбесінің көркемдігі ерекше, онда геометрия және өсімдік үлгісіндегі өрнектер салынған.
Әулиебастау қалашығы мен бұлағы
Әулиебастау қалашығы мен бұлағы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан 13 шақырым жерде, Тараз-Қарабастау тас жолының солтүстігіне қарай 1 шақырым жерде орналасқан. Қалашық шамамен VІ-ХІІІ ғғ. өмір сүрген.
Қалашық орны төбе болып үйіліп жатқан батыс және шығыс бөліктерден тұрады. Батыс бөлігі 85х87 м, шығысы 100х130 м биіктігі 9 м болатын үйінді алаң түрінде сақталған.
Қалашықта ХІХ ғ. бастап ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, топографиялық құрылымы анықталған. Әулиебастау қалашығы В.В. Бартольдтың есебінде «Абдуррахман» деген атпен берілген.
Әулиебастау қалашығының географиялық жағынан өте ыңғайлы жерде орналасуы оның Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалашықтардың бірі болғандығын байқатады. Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің тоғысқан жері Шу мен Талас аймақтары дами келе үлкен сауда ошағына, Қытайдан Европаға өтетін Үлкен керуен жолының дәлізіне айналды. Әулиебастау қалашығы да алғашында Батыс Түрік қағанатының саяси-экономикалық маңызы бар қалалардың бірі ретінде негізі қаланды. Саяси талас-тартыстар нәтижесінде Әулиебастау қалашығы өз тарихында талай оқиғаларды өткізіп, құлдырауды да өрлеуді де бастан кешті.
Әулебастау қалашығының оңтүстік-батыс жағындағы жарылған жартастың астынан бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың суынан қалашықтың іргесінде көлшік пайда болған. Бұлақтың суы жыл бойы тұрақты температурада ғана ағып жатады. Суы аса маңызды минералдар мен микроэлементтерге бай, көптеген ауруларға шипа. Судың емдік қасиеті бар, оны пайдаланған адамға ерекше күш береді. Бір қызығы бұл суға күміс бұйымдарымен шомылса немесе жуса, біраз уақыттан кейін жалтырап тазарып шығады. Сондықтан да жергілікті халық арасында әулиелі бұлақ саналады.
Әдебиеттер
Таласская долина. Труды Семиреченской археологической экспедиции 1936-1938 гг. / Составлены под общ. ред. проф. А.Н. Бернштама;
Материалы и исследования по археологии Казахской ССР. Алма-Ата, 1949. Т. I. С. 120-121 (ҚР ҒА-ның Ә.Х. Марғұлан атындағы АИ-ның мұрағаты);
Бартольд В.В. Отчет о поездке в Среднюю Азию с научной целью в 1893-1894 гг. Соч. в 9-ти т. М., 1966. Т. IV. С. 27;
Алипчеев С, Байбосынов К. Свод памятников истории и культуры Джамбулской области. Джамбул, 1982. № 37.
Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы Жамбыл ауданы – Алматы, 2010, 65 б.
Достарыңызбен бөлісу: |