Қыз әулие кесенесі
Қыз әулие – сәулет өнері ескерткіші. Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылынан батысқа қарай 500 м жерде, Аса-Жұма тас жолының бойында орналасқан. Осы уақытқа дейін, аталмыш кесенеде арнайы ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Жеті бұрышты кесененің қабырғасы ақ кірпішпен қаланған, биіктігі 2,5 м құрайды.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан стратегиялық жағынан маңызды орталықтардың бірі Тараз қаласы мен оның айналасында орналасқан шағын қалалшықтары болған. Әсіресе ІХ-ХІІ ғғ. Тараз өңірі өркені өскен аймаққа айналған. Қарахандықтар билік жүргізген заманда Тараз қаласының маңайында көптеген кіші қалалар болды. Солардың қатарында Тараздың батысында 30 шақырым жерде Дех-Нуджекес, Адахкент қалалары болған. Олардың үйінділері бүгінгі күнге дейін сақталған. Қыз әулие кесенесі осы Адахкент қаласы шахристанының аумағында орналасқан.
Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, ертеректе ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріп, «Қыз әулиенің» басына жеті бұрышы бар кесене салдырған екен.
Ертеде сайдың тасындай жеті ағайынды батыр жігіттер болыпты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қапыда қолға түсіп, жау жеті жігітті сол жерде өлтірген екен. Ағайындылардың артында ай десе аузы, күн десе көзі бар жалғыз қарындасы қалады. Ол қыздың көріпкелдік, әулиелік қасиеті болған. Ағаларының өлгенін, жаудың қызды өз елдеріне әкетпекші болып жатқаның біліп, Алладан өзін тас мүсінге айналдырып, елінде қалдыруын сұраған екен. Әулие қыздың тілегі қабыл болып, тасқа айналған екен деседі. Содан бері тас мүсінді халық «Қыз әулие» деп атап кеткен.
Кесененің жеті бұрышты етіп салынуы да жеті батырға байланысты. Ағайынды жігітке деп жеті бұрышқа шырақ жағу үшін арнайы тұрғызылған. Кесененің арнайы шырақшысы бар, басына мінәжат етушлер жиі келеді.
Қыз әулие шатқалы
Жуалы ауданының басысындағы Құлан тауының етегінде қасиетті деп саналатын орындардың бірі «Қыз әулие» - деп аталады.
Тарихи – аңыздарға қарағанда, Құлан тауының етегінде қасына қырық қыз көмекшілерін ерткен бір ханның қызы шатыр тігіп отырыпты және ол қыз әулие болған екен – делінсе, екінші бір деректе, ілгеріде осы мекенде бір көріпкел қыз өмір сүргендігі айтылады. Ол жастайынан келешекті болжайтын көріпкелдік қасиетке ие болыпты. Қызға келіп бал аштырып, оның айтқанының дәл келетініне осы маңның тұрғындары тәнті болған екен. Жаугершілік замандарда осы өңірді жайлап отырған бір байдың табын жылқысы жоғалып кетеді. Айналаны түгел шолып, ақыры амалы таусылғасын бай жылқылардың қолды болғандығын сезіп, әлгі қызға келіп бал аштырады. Сонда көріпкел қыз ұзақ ойланбастан:
Сіздің тілегіңізді орындайын, алайда қоятын бір шартым бар. Мен жылқыларды тауып бергеніммен өміріме сол қарақшылардан үлкен қауіп төнгелі тұр. Сондықтан да сіз менің өмірім мен қауіпсіздігімді қорғауыңыз керек – деген шарт қояды.
Тек баюды ғана ойлаған бай ойланбастан қызға келісімін береді. Жылқылары табылып, қарақшылардың қылмысы әшкере болады. Алғашында қызға берген уәдесін берік орындаған бай уақыт өте өзінің күйкі тірлігінің қамымен кетіп қыздың шарты ұмытылып кетеді. Ел – жұрттың алдында ұрлықтары әшкере болып, масқара болған қарақшылар бір ұрымтал қараңғы түнді пайдаланып, қызды буындырып өлтіріп кетеді. Сол уақыттан бастап жердің атауы «Қыз әулие» деп аталып кеткен екен.
Жергілікті тұрғындар осы жерді киелі санап, қиыншылықтарға душар болғандары медет сұрайды, маңында өсіп тұрған қалың жынысты ағаштарын кесіп әкетпей, бұлағын бүлдіруге жол бермей қорғаштап, қасиет тұтады.
Байдалиев Д.Д. Жуалы өлкесінің ежелгі тарихы. Тараз, 2007, 108 б.
Байдалиев Д.Ж.., Байдалиев Д.Д. Жуалы жер – су атауларының этимологиясы. Тараз: Формат-Принт, 2018, 254 б.
Достарыңызбен бөлісу: |