Құлжабасы шоқысы
Құлжасбасы шоқысы (1729 - 1730 жж) - 40-45 күндік Аңырақай шайқасы болған жерлердің бірі) Қордай ауданыны, Отар станциясы мен Шоқпар станциясының аралығындағы «Қордай» разъезінің оңтүстігінде 15-20 шақырымдай қашықтықта тау сілемдерінің арасынан дараланып тұр.
Құлжабасы - туралы аңыздарға сүйенетін болсақ - Аңырақай шайқасы кезінде қазақ сардарлары мен сарбаздарына тірек болған әрі, осы жерде маңызды биік шоқыны иемдену үшін екі арада кескілескен ұрыс болған жер.
Құлжабасы - биіктен ұрыс даласын бақылауға өте ыңғайлы шоқы болғандықтан, Төле би мен Қазыбек би кеңесе келе қазақ қолын басқаруға ержүрек, жас сарбаздардың бірін қойған, ал қарама-қарсы бағытта Сарбастаудағы «Доржы» биігінде қалмақтың адамы отырады.
Тарихи деректерге қарағанда екі жақтың әскері екі күн аңдысады. Үшінші күн таңертең қазақтың сарбазы сардарына жүгініп: «Осы шоқының басынан, өгіздің терісін ағашқа керіп, қанат жасап төмен қарай ұшайын, алыстан көрген жоңғарлар мені көріп зәре-құты кетіп, алды-арттарына қарамай қашсын» - деп өтініш айтады. Сардар: «Құласаң мерт боласың, райыңнан қайт» дейді. Ол алып қарақұстың қанатындай өгіздің терісінен қанат жасап, қолына бір қарын айранды қоса алып Қарашоқының биігінен төмен қарай ұшады да қолындағы қарынды жарып ішіндегі айранды төгіп жібереді. Көп ұзамай құзға соқтығысып қазақ сарбазы мерт болады. Қарама-қарсы «Доржы» биігінде жан-жағына қарап шолу жасап отырған қалмақ сарбазы қайта-қайта көзін уқалап: «Екі күн бойы адам деп отырғаным, алып қара құс болды-ау, саңғыт жасап кетті ғой, әттеген-ай, қазақтардың аруағы басым болды, жеткен жеріміз осы болды» деп өкінген екен. Сөйтіп, соғыста қазақ қолы жеңіске жетеді.
«Құлжабасы» шоқысында кезінде арқар көп болған. Аңға шыққан мергенге шығып келе жатқан күнмен сұлу сымбатты болып әдейі орнатқан тұғырдай көрінген арқардың құлжасы өте әдемі көрінеді. «Бұл арқардың киелісі-ау» - деп құралайды көзге атқан садақшы кезеген жебесін қайтадан қорамсағына салып кері қайтқан екен деседі.
Аңырақай шайқасы өткен жер ауқымды. Шығысы Алматы облысынан бастап, батысы Шу ауданынан ары асады. Көптеген дерек көздеріне сүйенсек, ұлт-азаттық соғыс қырық төрт күнге созылады. «Құлжабасы» шоқысы Аңырақай шайқасының темірқазығы деуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |