Абдрахманов сауытбек өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы



бет2/4
Дата05.01.2017
өлшемі0,81 Mb.
#6379
түріДиссертация
1   2   3   4

Сквозь волнистые туманы

Толқынға ұқсас тұманнан



Пробирается луна,

Ай ақырын шығады;



На печальные поляны

Төңірекке мұңайған



Льет печально свет она.

Мұңды сәуле құяды.



По дороге зимней, скучной

Қысқы жолда жабырқау



Тройка борзая бежит,

Келеді аттар бұлдырап;



Колокольчик однозвучный

Жалғыз үнмен қоңырау



Утомительно гремит

Қажытады сылдырап.


Тәржіме тәжірибесіне талдау жасаған тұста аудармашы жұмысының бүкіл үдерісі шартты түрде төрт кезеңге бөлінген. Әуелгі бетте түпнұсқаның мазмұнын, оның семантикалық және стилистикалық құралдарын жан-жақты зерделеу, өлеңнің ырғақтық, фонетикалық, синтаксистік құрылымдарын, пішінінің негізгі элементтерін айқындайтын белгілерді бөліп алу жұмысы жүрмек, онан кейін аударма тілінде түпнұсқаның маңызды қырларын қайта қалпына келтіруге теңдес құралдарды іздестіру басталады. Мұнан соң түпнұсқада о баста бөле көрсетілген белгілерді жаңа көркемдік тұтастыққа жинақтау жүреді. Соңғы кезеңде біткен аударма түпнұсқамен салыстырылып, түпкілікті түзетулер енгізіледі. Негізінде, осы соңғы кезең өлең аудармасына онша тән емес сияқты. Түпнұсқамен салыстырып, біткен өлеңге түзету енгізу жырдың тұтас табиғатына нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Ол жұмыс поэзияда алдымен атқарылуы керек.

Адамды түсіну қандай қиын болса, оның жазғанын түсіну одан да қиын. Иржи Левыйдың: “Дұрыстап оқу – жұмыстың жартысын жасап тастау” [11, 119 б.] деген сөзі бар. Аударылатын мәтіндегі өмір болмысын дұрыс әрі терең түсіну – аудармашыға қойылар басты талап.

Аудармадағы ағаттықтардың, қателіктердің, кемшіліктердің әр кезеңдегі сипаты әр түрлі. Тәржімешінің когнитивті тәжірибесінің жетіспеуінен жіберілетін кемшіліктің бірі – тастап кету. Семантикалық деңгейдегі қателіктер өзгеру, ауысулардың, яғни трансформацияның дәл ұғынылмауынан орын алады. Олақтық, салақтықтан кететін қателіктерге де тиісінше көңіл бөлінді.

Өлең аудармасының өнері дегеніміз бір тұста ұтып, бір тұста ұтылып жүріп барып шығармашылық жеңіске жету. Әр жол сайын дөп табамын, әр жол сайын дәл түсемін деген адам дәл сол жолдарда тауып кеткендей болып көрінгенімен, шығарманы тұтастай алып қарағанда өлеңдік өзегінен айырылып қалып жатады. Белгілі бір дәрежеде “құрбандықтарға” саналы түрде бармайынша, шын мәніндегі көркем аудармаға қол жеткізу қиын. Ол үшін аудармашы өзі қолға алған шығармадағы тастап кетуге, алмастыруға болатын тұстарды бар жан-жүрегімен, бар ақыл-ойымен, бүкіл болмыс-бітімімен сезінуге тиіс. Ең бастысы – нақпа-нақ білуге тиіс. Түйсікке сене беру, шабытқа арқа сүйей беру түптің түбінде бір опындырмай қоймайтыны сөзсіз. Абзалы, аудармашының ақын ғана емес, тарихшы, этнограф, тілші, сыншы, мәдениеттанушы болып жатқаны керек. Аудармашылық өнер мен ғылымның арасында тұруға тиіс дейтініміз де сондықтан.

Реалиялар аудармаларына да назар салынған. Ең алдымен түпнұсқаның рухын дәл табу, негізгі айтар ойын дәл аңдау, басты бейнелерін дәл жеткізу шарт. Қалғаны – екінші қатардағы нәрселер. Тіпті бір қарағанда реалия сияқты көрінетін сөздердің, атаулардың өзі шындап келгенде өлең өрнегін айшықты ете түсуге, дыбыс үндестігін күшейту арқылы әсерді арттыруға қызмет етіп қана тұрғанын көреміз.

Диссертацияда рецепция проблемасына да тиісінше көңіл бөлінген. Бір қоғамның басқа елде немесе басқа дәуірде пайда болған әлеуметтік және мәдени формаларды қабыл алуы әдеби ауыс-түйістен алдымен көрінеді. Көркем мәтінді қабыл алушы, пайымдаушы ретінде аудармашының өзі субъективті тұлға екені талассыз. Әрі тәржімеші мен автордың дүниетанымында да өзгешелік болатындығы сөзсіз. Оның үстіне қабыл алушы (реципиент) – коммуникативтік актінің қатысушысы ретінде оқырманның өзі де субъективті тұлға.

Зерттеуде аударылған мәтіннің қабыл алынуында оқырман менталитетін, тіл заңдылықтарын ескерудің қандайлық үлкен орын алатыны айтылады. Қазақ тілінде орыс тіліндегідей род жоқтығына байланысты туындайтын проблемалардың өзі бірқыдыру. Мысалы, Абайдың Лермонтовтан аударған “Жартас” өлеңіндегі суреттелген жай қазақ оқырманын орыс оқырманындай толқыта қоймайды. Себебі, біз жартасты, яғни мужской родтағы “утес-ті” ер кісінің метафорасы, ал женский родтағы “тучка-ны” жас қыздың метафорасы ретінде соншалықты табиғи қабыл алмаймыз. Мұндай ойлау жүйесі бізге тән емес. Тегінде, ұлттық ойлау жүйесінен шалғай тұрған шығармалар аудармаға көнбейтін болуы да мүмкін.

Аудармадағы ағаттықтардың типологиясы екшеледі. Тіларалық омонимдер, идиомаларды берудегі қиындықтарды айтпағанда, отызыншы-қырқыншы жылдарға дейін мәтіннің мәнін дәл ұқпаудың өзі жиі кездесіп тұрды.

Кәсіби аударманың қағидалары” аталған келесі тараушада алдымен Абайдың аудармашылық үлгісі талданады. Абайдың Пушкин романынан жасаған нұсқасының жанрлық табиғаты жөнінде қазақ әдебиеттануында едәуір материал қордаланып үлгерді.  Абай жасаған асыл нұсқаның белгілі бір анықтаманың аясына сыя қалмайтыны, қатқан қалыпқа дәл түсе қоймайтыны – ақын ұлылығының тағы бір айғағы. Шериаздан Елеукеновтің: “Хаттарда” аударма атаулының бар түрі кездеседі. Дәлме-дәл яки бара-бар, еркін тәржіма және сарындастық тәржімаға қатысты шамалы еліктеу, дербес шығармаға тән қасиеттер түгел ұшырасады” [12, 247 б.] деуі сондықтан. Қалай болғанда да Абай Пушкиннен атымен аударма жасамаған деудің реті келе қоймайды. Абайдың Пушкиннен сөздің бүгінгі мағынасындағы аударма жасамағандығы – басы ашық жай. Абай өзінің “Евгений Онегинін” туындатқан. Қалай туындатқан? Біздің пікірімізше, Абай өзінің “Евгений Онегинін” негізінен алғанда аудармалық лирика [13] тәсілімен туындатқан. Түпнұсқаға шығармашылық еркіндікпен қараған, кейіпкерлер болмысына өз байыптамасын жасаған, туындының табиғатын қазақ реципиентінің қабыл алуына лайықтап келтірген.

Абайдың “Евгений Онегиннен” аудармаларында ақынның сөз сәйкестігінің де, бейне баламалылығының да, уәзін, екпін, ұйқас, интонация барабарлығының да үздік үлгісін жасағандығына мына жолдарды орысша-қазақшасымен текшелеп қойып шыққанда да көз жетеді.


Но так и быть. Судьбу мою

Не болса да өзімді


Отныне я тебе вручаю

Тапсырдым сізге налынып


Перед тобою слезы лью

Толтырып жасқа көзімді


Твоей защиты умоляю

Есірке деймін жалынып


Абайдағы нақтылық, сәйкестік назар аударарлық. “Кто ты, мой ангел ли хранитель” – “Шыныңды айт, кімсің тербеткен, Иембісің сақтаушы?”. “Ангел-хранитель” ұғымын дәл осылайша жатық жеткізу церковнославянизмдер табиғатын тамыршыдай тап басып танудың жемісі. “Или коварный искуситель” – “Әлде азғырып әуре еткен, Жаумысың теуіп таптаушы”. “Искушение” ұғымын “ азғырып әуре ету” деп алған Абай “коварный” сөзінен сол “искусительдің” тұлғаны “теуіп таптайтын” сұмдығын сезіндіреді. “Мои сомнения разреши” – “Шеш көңілімнің жұмбағын”, “Быть может это все пустое” – “Әлде бәрі алданыс”. Эквивалентті дейсіз бе, эквиритмді дейсіз бе, адекватты дейсіз бе, дәлме-дәл дейсіз бе, жолма-жол дейсіз бе, тіпті сөзбе-сөз дейсіз бе – жалпы, аударма теориясындағы талаптардың бәріне бірдей жауап бере алатын шумақтар. Ал енді “Обман неопытной души…” деген жолдан “Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс” деп шығаруға тіпті айтар сөз жоқ.

Абайдың алыптығы Лермонтовтан аудармаларынан тіпті бөлекше көрінеді. Ақын атамыз қазақ поэзия тәржімесінің шыңға шыққан шедеврлерін тап осы Лермонтовтың өлеңдерін аудару арқылы жасаған болатын. “Қараңғы түнде тау қалғып” – аудармадағы көркемдіктің, бейнеліліктің, әуезділіктің, дәлдіктің эталоны. Лермонтовтағы “тау шыңдарын” “тауға” түсіріп, асқақтаған шыңы жоқ Шыңғыс тауына келтіріп, “аңғарды” жазық “далаға” ауыстырып, Қарауылдың айналасына айналдырып жіберген данышпандығының арқасында Гете картинасы қазақ жеріне көшкен де қойған. Тегінде, Абайға Пушкиннен гөрі Лермонтов жақынырақ болған деп айтудың реті бар. Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі оның Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өз қалауынша өзгертуге бейімдігінен де көрінеді. Пушкинге Абай жарыса сөйлесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді. Қазақ поэзиясы көркемдік нақтылық, бейне дәлдігі сипаттарына ие болғаны үшін Абай аудармаларына да қарыздар. 

Ұлттық мәдениеттердің бетбұрысты белестерінде аударманың алар орны арта түседі. Қазақ қауымы үшін осындай белес – Абай дәуірі. Академик Сейіт Қасқабасов дәуірге, қоғамға сәйкес белгілі бір жанрлар актуальды сипат алып, басым түсіп жататынын айта келіп, “Мысалы, ХҮ-ХVІІІ ғасырларда қазақ қоғамы мен тарихы үшін елді қорғау, жауға тойтарыс беру аса маңызды саналды”, “Сол сияқты ХІХ-ХХ ғасырларда ақындар айтысы, лирикалық жанрлар шыға бастады. Олардың басты функциясы – эстетикалық болды, бірақ басқа сипаттарын да жоғалтқан жоқ” [14, 20 б.] деп көрсетеді. Яғни, сол тұста сыртқы жаудан тыншу тапқан қазақ елі өз ішіне үңілуге, адамның жанына бойлауға, сезім жайын ойлауға мүмкіндік алған еді. Абай аудармалары қазақ тілінің ғажап мүмкіндігін көрсетіп берді. Абай өз өнегесімен қазақ әдебиетінің іргесін жоғарырақ түріп, түндігін толығырақ аша алды: мұнан былай ұлттық сөз өнерімізге сырттан самал да көбірек есетін, төбеден күн нұры да көбірек түсетін болды.

Нәзира – аударманың өзгеше тәсілі” деп аталған төртінші тараушада тарихшылдық ұстанымына негізделген салғастырмалы-типологиялық көзқарас қай елдің де әдебиетіндегі тәржіме жәдігерліктерінің идеялық-көркемдік және эстетикалық құндылығын анықтауға мүмкіндік беретіндігі, біз әдеби байланыстар жүйесінде ненің аударма, ненің нәзира екенін мүмкіндігінше басын ашып алуға ұмтылуға тиіс екендігіміз айтылады. Алдағы кезде қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі қазіргіден тереңірек зерттеледі деп сеніммен айтуға болады. Тәуелсіздік жылдарындағы бостан сана, дінге деген көзқарастың өзгеруі, сол арқылы бұрын жабық күйінде келген, әрі барғанда Академияның қолжазба қорында сақталған діни дастандардың, қиссалардың жариялануы ендігі жерде оларды ғылыми тұрғыдан қарастыруға мол мүмкіндік жасайды. “Бұл шығармалар Алтын Орда дәуірінде өзгеше өріс алған аударма-нәзиралық шығармаларға жатады. Белгілі ғалым Алма Қыраубайқызы Алтын Орда дәуіріндегі көркем әдебиеттің екі түрін атап көрсетіп, бірінші аударма-нәзиралық шығармаларға “Хұсрау-Шырын”, “Гүлстан”, “Қисса’с-үл Әнбия”, “Қисса Жүсіп”, “Нахж-үл Фарадис”, “Жұмжұма” кітабын жатқызса, екіншісі – тың тума әдебиет үлгісі деп “Мұхаббат-наманы” атайды” [15, 17 б.].

Нәзираның бойына тән белгінің бірі – оңайлату. Бүгінгі теорияның талабына салғанда, оңайлату (упрощение) жағымсыз жайға жатады. Автордың еркіне қол сұғылады, түпнұсқа қайта пайымдалады, сюжет, композиция өзгертіледі, стилистикалық құрылым жаңарады, т.б. Қазақ даласына тараған нәзиралық шығармаларға да осы белгілер тән. Ол кездегі басты мақсат бүгінгі тілмен айтқанда интеллектуалдық элитаның аз тобына лайықталған таза тәржіме жасаудан гөрі әлем әдебиетінің тың бояуларын, терең ойларын қалың бұқараға жеткізу еді. Бұл тұрғыдан нәзира дәстүрі өзінің тарихи уәзипасын орындады деп айта аламыз.

Төл әдебиетімізде нәзира дәстүрінде дүниеге келген шығармалардың үлкен бір саласы – прозалық туындыларды жыр тілімен сөйлету. Шынтуайтына келгенде, қазақ поэзия аудармасының өзіндік ерекшелігінің келісті көрінетін бір тұсы да осы. Бұл орайда зерттеуде Абайдың Лермонтов “Вадимін” өлеңмен аудару өнегесіне тиісінше көңіл бөлінеді. Прозаға өлеңдік нәзираның біздегі әдемі үлгісін Шәкәрім жасаған. Оның “Дубровский”, “Боран” шығармалары осындай.

Бізге дастанның жанр ретінде әуелде сырттан сіңгендігі мәлім. Ал осы сіңісуде аудармаға тән белгілер болған ба? Болған. “Дастандық шығармаларды ел ішінен жинап, айтушылардан жазып алып, өзінше жөндеп баспаға жіберіп отырған бастырушылардың басым көпшілігі өз аттарын міндетті түрде мәтінге қосып отырған. Өз еңбегін олар былай бағалаған: жырладым, жаздым, шығардым, қазақшаға аудардым, қазақша жырладым, нәсірден назым еттім, көшірдім, т.б.” [16, 26 б.].

 “Пушкин шығармаларын аудару тәжірибесі” аталған бесінші тарауша ұлы ақын мұрасын игерудің бел-белестеріне талдау жасайды.  “Евгений Онегин” романының ізімен жырланған қазақ дастандары – әдебиет, мәдениет ауқымынан асып кететін, аса қызғылықты құбылыс. Қазақтың фольклорлық дәстүрінен ауызданған ақындарымыздың әлемдік әдебиеттегі теңдесі жоқ туынды – “Евгений Онегин” романын білгенінің, қадірлегенінің, соған қызыққанының, еліктегенінің, сол сарынмен дастандар шығарғанының өзі халқымыздың жақсы десе жайылып түсетін, жаңалық десе жанып түсетін ғажап қасиетінің айқын айғағы. Қазақтың дүниетанымы евразиялық санаға бейімдігінің бір белгісі.

Пушкин шығармаларының ішінде алғаш қазақша баспа бетін көргені ертегілер екені назар аудартады. 1899 жылы, Пушкиннің 100 жылдығына орай Қазандағы император баспаханасында “Балықшы мен балық туралы ертегі” басылғаны белгілі. Негізінен, қазақ өлең аудармасында Пушкин ертегілерін игеру мәселесі ойдағыдай шешілген жоқ. Олардың көпшілігі кәдімгі өлең үлгісіне, батырлар жырының сарынына түсіп кеткен. Пушкин өлеңдерінің қазақша өрімі де қазірше тұтастай алғанда көңіл көншітпейді. Ақын поэмаларындағы сиқырлы сөз сазы да қазақ ақындарына алдыртпай келе жатқан асу. Пушкин поэмаларында жекелеген тұстар, тұтас шумақтар қазақша жатық, табиғи шыққанымен, тұтастай алғанда, ақын жырына тән сырлы саздылық, төгілген тіл өрнегі, метафора байлығы әлі де айшықты ашылмай келе жатыр. Бір мәтіннің бірнеше рет тәржімеленуі әртүрлі мағынаны сан түрлі етіп жеткізу арқылы тілдің ішкі мол мүмкіндігін аша түсетіндігімен де пайдалы. Оның үстіне кейбір, аса күрделі шығармалардың аудармалары салған беттен сәтті бола қалуы мүмкін емес те екендігі тағы бар. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ әдебиетінде “Евгений Онегин” романының аударылу эволюциясы – өте қызғылықты тақырып. Еңбекте Абайдың “Евгений Онегин” нұсқасынан бастап, ұлы романның Ілияс Жансүгіров (1937), Қуандық Шаңғытбаев (1949, 1985), Кәкімбек Салықов (2006) жасаған толық аудармалары жан-жақты зерттеледі. І.Жансүгіров аудармасының ерен еңбек, ауқымды жұмыс екендігі талас тудырмайды. Сонымен бірге қазақ жыры Құлагерінің дәл осы аударма барысында сол тұстағы әріпшілдік теориясының құрбаны болғаны да күмәнсіз.  Аударманың  кемістігі – “әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беретін” үлгіні ұстанамын деп жүріп көп жерде поэзиялық сұлулықтан ажырап қалатындығы.

Қуандық Шаңғытбаевтың алғашқы аудармасындағы сәтсіздіктердің негізгі себебі жастық, тәжірибесіздік десек, басқа себептердің де өзіндік орны бар. Соның біреуі – алдыңғы аударманы Ілияс Жансүгіров жасағандығы… Қуандық қалайда Ілияс нұсқасынан қашықтауды, дұрысын айтсақ – қашуды мақсат тұтқан сияқты.  Қуандық Жансүгіров­ке жоламаймын деп жүріп, Пушкиннен де жырақтап кеткенін байқамай қалған. Жалпы алғанда, 25 жасында Пушкин романын аударып шыққан Қуандық Шаңғытбаевтың бұл еңбегін ақынның жастық жеңілісі деп бағалауға болады. Қ.Шаңғытбаевтың елуінші жылдардағы аудармасы мен сексенінші жылдардағы аудармасының арасында айырма жер мен көктей деп қана қою аздық ететінін, бұл екеуі атымен екі бөлек дүние екенін қайталай айту шарт. Қ.Шаңғытбаевтың Пушкин романын аударуы – біздің сөз өнеріміздің үздік үлгілерінің бірі. Диссертацияда бұл нақты мысалдармен көрсетілген. Кәкімбек Салықовтың 2006 – Қазақстандағы Пушкин жылында жарық көрген аудармасы төлтума мәтініне адалдықтың, құрметтің  көрінісі.

Классиканы тәржімелеу тағылымдары” деп аталған алтыншы тараушада Омар Һайям, Маяковский, Твардовский, Ахматова, Блок, Цветаева, Пастернак, Есенин, Мақтымқұлы, Шекспир, Байрон, Бернс, Шевченко шығармаларының қазақша аудармалары талданады. Қ.Аманжолов, Қ.Шаңғытбаев, Ғ.Орманов, І.Мәмбетов, Х.Ерғалиев, Ғ.Қайырбеков, М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, Ф.Оңғарсынова, Ұ.Есдәулет, Г.Салықбаева, Д.Қанатбаев, басқа да ақындардың аудармаларындағы жетістіктер мен кемістіктер ашылады. Олардың бір туындыны қайталай аударуы әрі шығармашылық жарыс, әрі түпнұсқаны пайымдау, бажайлау, түйсіну тұрғысындағы ізденістер.  Әсіресе, Қ.Шаңғытбаевтың Омар Һайям мен Роберт Бернс туындыларын тәржімелеудегі қалам ұстаған адамның бәрін тәнті етерліктей татаусыз төгілген тілі, төлтуманың уәзіндік, ырғақтық, бунақтық, ұйқастық өрнектерін соншалықты жатық жеткізуі нақты көрсетіледі. Сонымен қатар бірқатар классиктердің қазақшасында қарабайырлық кездесетіндігінің себептері түсіндіріледі.

Тарауда тәржіме тарихына қысқаша шолу жасау арқылы әлемдік аударма өнеріне тән эволюциялық бел-белестердің бәрін ұлттық аударма өнері де басып өткені дәлелденді. Қазақтың өлең аудармасында оңайлатып әңгімелеу де, қысқартып аудару да, өлеңді қарасөзбен аудару да, қарасөзді өлеңмен аудару да, сарын қосу да, сарындастыра жырлау да, қайта баяндау да, ұлттық бейімдеу де, еліктеу де, нәзира да, еркін аударма да, дәл аударма да, сөзбесөз аударма да, саймасай аударма да, барабар аударма да – бәрі-бәрі де бой көрсеткен. Ағартушылық уәзипаны көздеген таныстыру тұрғысындағы аударма да, идеологиялық мүддеден туындаған “тапсырыстық” аударма да бар бізде. Сонымен бірге, қазақ аудармасының өзіндік ерекшеліктері де жеткілікті.

Поэзия аудармасына идеологиялық ұстанымдардың салқыны аз тимеген. Қазақшаға аударылуы тіпті де міндет емес шығармалардың аударылып, аударылуға тиісті, қажетті дүниелердің қолға алынбай қала берген кездері де баршылық.

 “Аудармадағы поэтика мәселелері” атты үшінші тарау 3 тараушадан тұрады. “Пішін мен мазмұнның сақталуы” атты бірінші тараушада тәржімедегі көркемдік-бейнелеу құралдарының қолданылуы талданады. Өлеңнің басты өлшемі – оқырманға әсері. Аударма өлеңге де қойылар басты талап – түпнұсқаның әсерін жасау. Ол әсерге аудармашының қалай қол жеткізетіні – бөлек мәселе. Поэтика мәселелерін талдаған бұл тарауда аудармашы түпнұсқаны өзге тілде орындауы үшін аспапты, яғни тілді, сол тілдегі көркемдік құралдарды ауыстыратыны нақты мысалдармен көрсетіледі. Бұл істе түсіну, зерттеу (идентификация) мен өзектен өткізудің (эмпатия) орны үлкен. Қазақ аударма өнерінде герменевтика мәселесінің әлі күнге шешілмегені алаңдатарлық. Тәржіменің талайында қателіктердің біразы мәтіннің мәнін түсінбеуден кететіні өкінішті. Мәтінді ғылыми, яғни филологиялық тұрғыдан талдау әлі де әлсіз. Аудармашылардың көбінде тәржіменің түпмақсаты жөнінде ұғым-түсінік дұрыс қалыптаса қоймаған. Қазақтың өз өлеңінен түк те аумайтын, өлең өлшеміне, уәзініне әкелер соны бояуы, жаңа үні жоқ аудармалардың түгелдей дерлік орысша білетін ұлтқа тигізер пайдасы шамалы. Тарауда қазақтың өлең құрылысына аударма арқылы келген жаңалықтар да талданды.

 Бұл тараушада пішін мен мазмұн бірлігіне қол жеткізу, эвфонияны қалпына келтіру, бунақ, буын, ұйқас, ырғақ, метафора, перифраз, идиома, интонация құбылыстары әртүрлі  ақындар аудармалары арқылы көрсетілді.

Тәржіме тіліне қарап сол кезеңдегі ұлттық әдеби тіл деңгейіне баға беруге болады, әрі тілдің тарихын қалыптастыруға да мүмкіндік ашылады. Аударма шығармалары қазақ өлеңінің көркемдік құралдарын қалай байытқаны бұрын бізде болмаған шалыс ұйқастан, он буындық тармақтардан, тасымалдың тың түрлері арқылы өлең мақамының өзгеруінен де танылады.

Тілдің өзіндік сипатына байланысты тәржіменің түпнұсқадан да асып түсуі мүмкін деген ой ортаға салынып отыр. Мәселе мынада. Өлең – өлшемге байлаулы өнер. Ақ өлеңнің де өзінің ішкі ырғағы бар. Ақын қай шумақты құрағанда да ырғаққа, ұйқасқа, буынға, бунаққа қарамай тұрмайды. Соған орай оның өз ойын, өз образын, өз бояуын дәйім дәл өзінің көздегеніндей етіп жеткізе алмауы әбден мүмкін. Мұның өзі ең мінсіз деген шығармалардан да табылуы мүмкін. Сол ойдың, сол образдың, сол бояудың өзге тілдегі өзге ырғаққа, өзге ұйқасқа, өзге буынға, өзге бунаққа түпнұсқадағыдан гөрі әуездірек, әрлірек болып түсуі де мүмкін.

Тәржіме поэтикасы мәселесінде пішін мен мазмұн бірлігінің маңызы үлкен. Белинский аудармашы талантын пішінді дәл табу таланты деп атаған болатын. “Ұлттық пішін дегеніміз халықтық ойлау машығының көркем бейнелерде көрініс тапқан тұтас жүйесі. Ол әрбір халықтың тарихының, тұрмысының, сенім-нанымының, әдет-ғұрыптарының, үйренген үрдістерінің, талғамының ерекшелігінен құралады. Аудармашының еңсеруіне тура келетін қиындықтарының ең үлкенінің бірі ұлттық пішіннің ерекшеліктерін дәл ұстай білу, соны өзге тілде жеткізе білу” [17, 285-286 б.].

Пішін мен тілді бөлек-бөлек қарастыру қисынға келмейді. Пішін – кең ұғым. Тіл көбіне-көп пішінге қызмет етіп қана қоймайды, пішінді құрайды да. Кешегі кеңес әдебиетінде шығарманың көркемдік пішініне көңілдегідей мән берілген жоқ. Қит етсе қоғамның қынынан формализм деген айыптың алдаспаны суырылып шыға салатын. Социалистік реализм әдісін ұстанатын ақын-жазушылар өздерінің төл туындыларында қолдана бермейтін, қолдана қалса идеологиялық билік, әдеби сын тарапынан қолдала бермейтін тәсілдерді аударма жасау арқылы пайдаланып жататын. Кейін әуелде аудармалар арқылы көз үйренген көркемдік шешімдер, аударма арқылы құлаққа сіңісті бола бастаған дыбыстық үйлесімдер бірте-бірте төлтума шығармаларға да ауысатын.

Пішіндік ізденістер қазақ поэзиясында негізінен екі кезеңде бөлекше бой көрсетті, сол екі кезеңнің екеуі де бір есіммен – Маяковский есімімен байланысты. Алғашында – Маяковскийге еліктеп жазылған өлеңдерде, кейінірек – Маяковскийден жасалған аудармаларда. Маяковскийдің өзі өлеңдерінің аудармасы тәржімешілерге қиындық келтіретінін жақсы білген. Білгендіктен де: “Менің өлеңдерімді аударудың айрықша қиындығы мынада – мен өлеңге қарапайым, ауызекі сөйлеу мәнерінің сөз саптауын енгіземін, мысалы, “светить – и никаких гвоздей” дегенді аударып көріңізші, ара-тұра бүкіл өлең кәдімгі әңгімелесу сияқты болып кетеді. Мұндай өлеңдер тілдің жүйесін тұтастай түйсіне алғанда ғана түсінікті әрі тапқыр болып көрінеді” [18, 274 б.], деп айтып кеткен. Алайда, аудармашыларымыз Маяковский өлең жолдарын сатылап, баспалдақтап құрады екен деп, қазақтың қара өлең жолын беталды бөлшектеп, мағынасын шашыратумен Маяковский поэзиясының сыртқы формасын сақтауға болмайтындығы, өлең жолын сатылауды сөз мағынасы көрінеу керек етіп тұруы керектігі, ішкі, сыртқы форма сонда ғана табысатындығы жөніндегі тілек-ескертпелерді терең пайымдай алған жоқ.

Қай жанрдағы шығарманың да ажарын ашатын, көркем мәтіннің мәйегіндей болып тұратын сөз саздылығы – аударманың да басты шарттарының бірі. Сол жолдағы стилистикалық айшықтардың арасында аллитерацияның алар орны үлкен. Дауыссыз дыбыстардың қайталануынан туатын бұл әсерді жөнімен пайдалана білсе, автордың өзіндік өрнегін де әдемі танытуға болады. Әрине, аллитерацияны қалайда аллитерациямен немесе ассонансты қалайда ассонанспен беруге ұмтылудың тіпті де қажеті жоқ. 

“Сөз сазының, өлеңдегі дыбыстар үндестілігінің біздің эмоциямызға әсер күші қай кезде де ерекше” [19, 131 б.].   Поэзиядағы әуезділікті (звукопись) өлең мағынасынан тіпті де бөліп алуға болмайды. Былайша қарағанда әуезділіктің өзінде, әрине, нақты мағына жоқ, сөйте тұра ол мағынаны эмоциялық-эстетикалық тұрғыдан айшықтап, мағыналық категорияларын айқындай түседі.

Еңбекте тәржіме теориясында әлі шешімін таппаған мәселелердің бірі – ақ өлең аудармасына да тиісінше көңіл бөлінген. “Батыстың жаңа поэзиясында белең алып бара жатқан верлибрді, басқа да ұйқассыз өлең түрлерін аудару өздерінің өнері орыс поэзиясы дамуының негізгі желісінен алыстау осы пішінге аздап болса да келіңкірейтін ақындарды қажет етеді. Біздің поэзиямыздың аға буынында мұндай сөз шеберлері өте аз”, дейді Борис Слуцкий [20]. Бізде ақ өлең аудармасы орнықпағаны анық. Қадыр Мырза Әли дұрыс айтады: “Қазақ поэзиясы, бәрімізге белгілі, дәстүршіл поэзия. Ол жаңалықты мысқалдап, болмаса батпандап қабылдағанды әуел бастан жек көреді. Ақ өлең бізде бұрыннан бар. Бірақ ойға, орбазға, екпін-ырғаққа ғана арқа сүйеген ұйқассыз өлең күні бүгінге шейін сіңбей-ақ келеді. Оны айтасыз, қазақ поэзиясы он бір буынды шалыс ұйқастың өзін бауырына баспай-ақ қойды. Содан да болса керек, Абай орыстың он, он бір буынды шалыс ұйқастарын өзіміздің көне қара өлең формасымен аударған. Иә, қазақ поэзиясы түшіркенгіш поэзия. Ұйқассыз өлең жаза бастасақ болды, сәби жырымыздың өн бойын қызыл бөрткен басып кете жаздайды. Төл туындыларды былай қойғанда, аудармалардың өзінде осылай. Сондықтан да біздің көпті көрген тәжірибелі тәржімашыларымыз Уитменді де, Таку Бокуды да, Пабло Неруданы да амалсыз ұйқасқа түсіріп жүр...” [21, 329-330 б.]. Диссертацияда Пабло Неруданың ұйқассыз жазылған “Қарғыс” атты өлеңінің қазақша 9 түрлі аудармасын салыстыра талдау арқылы жалпы ұйқассыз өлең қазақтың жыраулық поэзиясында  бар екендігі, тәржіме тәжірибелері арқылы бірте-бірте ақ өлеңді сіңістіре беру мүмкін екендігі айтылады.

Өлең өлшемдерінің өрілуі” атты екінші тараушада шумақ, ырғақ, ұйқас мәселелерінің қазақ поэзия аудармасындағы шешілу жағдайы қарастырылады. Планетада тіл қандай көп болса, өлең жүйесі де сондай көп.  Өлең жүйелері мен просодиялардың сан түрлі болып келетіні қашанда белгілі. Олардың негізінде жатқан фонетикалық принциптер де алуан-алуан. Қанша жерден өлең өнері дамиды, өлең жүйесі өзгереді дегенде де, оның тілдің төл табиғатынан туындаған ішкі заңдылықтары бар. Ол заңдылықтарды бұзу арқылы ұлттық өлеңге жаңалық енгізу мүмкін емес. Жаңалық енгізе алғандардың бәрі де тілдің өз бойында бұғып жатқан, бұған дейінгі ақындар байқамаған, аңдай алмаған қасиеттерін байқағандар, аңдағандар. Мысалы, орыс өлеңіне силлабикалық жүйені қалайда енгізуге ұмтылған ақындар аз болған жоқ. Сонда да айналып келгенде силлабо-тоникалық және тоникалық жүйе орнығып қала берді.

Сөзді көбейтіп, өлең өлшемін өзгертіп алу, сөйтіп жүргенде жырдың өзіне тән мақамынан айырылып қалу – қазақ аудармасының әлі күнге арылып болмаған ауруы. Ырғақты Ахмет Байтұрсынов қолмен қойғандай етіп әдемі түсіндіреді: “өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының соқпа-соқпасының арасы” [22, 192 б.]. Ырғақ ерекшелігі – әдебиеттің ұлттық ерекшелігі. Өлең музыкасы дәл сол ырғақты ұстаудан басталады. Поэзияның жаны – ырғақ. Жай сөздің өзін прозаға айналдыратын құдіреттің аты – ырғақ. Ішкі ырғақсыз қарасөздің де күні қараң. “Өлеңді оқу, тыңдау, түсіну, өлеңге тұшыну, толқу, тебірену – бәрі ырғаққа байланысты, Сөз өнерінің өзге түрінен өлеңнің басты өзгешілігі де ырғақта жатыр”, дейді академик Зейнолла Қабдолов [23, 264 б.]. Ырғағының өзгешелігіне, атап айтқанда – екпінінің қозғаусыз қала беретіні мен инверсиясының қиындығына байланысты өзге тілдегі ырғақтарды қайталап жеткізуге шамасы келе бермейтін өлең құрылыстары да бар. Ырғақ табиғаты күрделі-ақ. Сәл артық кетсе өлең басқа интонацияға түседі. Басқа интонация – басқа әсер.

Қазақ оқырманы үшін ұйқастың орны бөлекше. Бұл арада ұйқастың өлең сөздің әуезділігін арттыруға әсерін, қазақ поэзиясының ұйқасқа аса бай екенін, тіпті күні бүгінге дейін ұйқаспайтын өлеңді өлең деп ұға қоймайтынымызды айтып жату артық шығар. Жалпы, флективті тілдерде ашық буындар көбірек болады да, ұйқас жатықтау шығады.Ұйқас түрінің ырғақты айқындайтын сипатын қатты ескермей болмайды.  Алайда, ұйқастың өзі туындының табиғатына сай таңдалуы керек.

Аудармадағы көркемдік құралдар” атты үшінші тараушада метафора, қайталау, перифраз, идиома сияқты мәселелер теориялық әрі практикалық тұрғыдан қарастырылады. Автордың дара стилін танытатын басты белгілердің бірі – метафора. Метафорасы дәл жеткізілген түпнұсқаның қай-қайсысының да бағы бар. Көркем шығарма құрылымындағы эмоциялық, эстетикалық жүктің көбін көтеретін метафора жоғалған жағдайда аударма ажары ашылмақ емес.

Өлеңде де, тиісінше аудармада да сантүрлі қайталаулардың орны өзгеше. Лексикалық, фонетикалық қайталаулар тәржіменің тынысын ашып, әуезділігін арттырып тұрады. Қалауын тапса қар жанар дегендей, мұндайда жұрт былайғы кезде жерден алып, жерге салып жататын, сұлу стилистер айналып өтетін тавтологияның өзі құбылып сала береді.

Аударылған туындылардағы фразеологизмдер арқылы да тіл байып отыратынын дәйім ескерген жөн. Әрине, ана тіліміздің табиғатына жат ұғымдардың, қазақы фразеологизмнің болмысына үйлеспейтін орамдардың жөні бөлек. Біз әдетте орыс тілінен аударма әсерін Абай тәржімелерінен ғана іздеп жатамыз.  “Абай өлеңдерінде кездесетін кептерше сүйінісу (“ворковать как голубки”), салқын тарту (“постывать”), тактісіне билеу (“отбивать такт”), бір сағаттан бір сағат (“от часу на час”) деген тіркестер де қазақ тілі үшін жаңа: олар орыс тілінен калькалау (сөзбе-сөз аудару) жолымен жасалғандар. Бір ғажабы – бұлардың бәрі тек аударма үстінде емес (олар да бар), Абайдың төл өлеңдерінде де қолданылған! Айталық, салқын тарту деген тіркес Абайда: Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі Саған салқын тартқандай, сен бір кәрі – деген өлең жолдарында кездессе, бұл жолдар Лермонтовтың: Пускай теперь прекрасный свет Тебе постыл – ты слеп, ты сед – деген жолдарының аудармасы. Кептерше сүйінісу (Абай жинақтарының барлық басылымдарында сүйеніскен деп жазылып жүр, біздіңше, сүйініскен болуы керек, оны Абай орысша ворковать дегеннің аудармасы етіп алған) деген тіркес те аударма өлеңінде кездеседі, ал қалғандары (мүйіз шығу, тактісіне билеу, бір сағаттан бір сағат) Абайдың төл өлеңдерінде. Бұл – Абайдың орыс тілінің көркемдік дүниесін творчестволықпен игергендігінің белгісі” [24, 503 б.]. Ақынның аударма өлеңдеріндегі жас бұлт, кәрі жартас, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы өмір, өткен күннің улары, көңілдің ауыр жүгі деген тіркестер — жаңа фразалар.

 Абай – перифраздың да шебері. Оған да әсер еткен – аударма. Әсіресе, Лермонтовтан аударылған өлеңдерде ақын перифраздың неше түрін көрсетеді. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, үміттің нұры, еркелі қол, асау өмір, тентек өмір, жабырқаңқы сөз, тәтті үн, нәпсінің сынған қайғысы, асау той, тентек жиын... осылай кете береді. “Бұлардың барлығы дерлік орыс тілінің өзінде перифраз ретінде қолданылған образдар болса, Абай оларды қазақ тіліне өте әдемі аударып, перифрастық тіркестердің қазақша баламасын ұсынады. Әрине, Абай орыстың поэтикалық тілінің канондық (заңға айналған) сөздігін, орыс тіліндегі образдар жүйесін теория жүзінде зерттеп таныған жоқ, бірақ оның ақындық таланты мен қазақтың көркем сөз мәдениетін жақсы білуі Лермонтовтың көркем қазынасын дәл, дұрыс аударуға мүмкіндік берген” [24, 496 б.].

Интонация, интерпретация мәселелері нақты мысалдармен айтылады. Интонацияны табу үшін түпнұсқаның өлең өлшемін сақтау тіпті де шарт емес. Ең бастысы – оның ырғақтық-интонациялық бейне құралдарына сәйкес келетіндей өлшемдер ұстай алу.

“Аудармашылар – өз уақытының және өз халқының өкілдері, түпнұсқаны өзінше пайымдауға олардың толық құқы бар. Түпнұсқаны ой елегінен өткізу, өзінше пайымдау жоқ жерде көркем аударма да жоқ…”, деген болатын Иван Кашкин [25, 439-440 б.]. Осыған орай Наум Гребневтің шешен-ингуш әнін аударып отырып, негізгі образды қалай ауыстырғаны әдебиеттану еңбектерінде жиі мысалға алынады” [26, 337 б.]. Аудармашылар да туындыға өз интерпретациясын жасай алады дейтініміз сондықтан. Өкінішке орай, төл әдебиетіміздегі тәржімеде түпмәтінді өз тұрғымыздан интерпретациялау жетісе бермейді.

Анна Ахматованың 1942 жылы Ленинград құрсауы кезінде жазылған “Қайсарлық” атты өлеңін Қадыр Мырзалиев аударған.
Парасат-ой не боларын сезген-ді,

Пайдамызға басамыз біз безбенді.

Қабағыңнан қар жауатын күн туды,

Қара тастай қатып қалар кез келді.


Қаусап қала, қаусап пана, қаусап бақ,

Қара ормансыз, шаңырақсыз қалсақ та.

Орыс сөзі, сені сақтап қалармыз,

Өлмеспіз біз бас сауғалап, жан сақтап.

 

Мөлдір тілді қоя алмаспыз қан қылып,



Ақылды әулет айтып жүрер ән қылып.

Мәңгілік!


Айшықты аударма. Әсіресе:
Свободным и чистым тебя пронесем,

И внукам дадим, и от плена спасем.

Навеки!

– деп түйінделетін тұсын тамаша шығарма. Көңілге келетіні бір-ақ нәрсе – түпнұсқаға тым адалдық. Аудармашы интерпретациясының жетіспеуі. Осындағы “орыс сөзі” деген тіркестің орнына “ана тілі” деп алынса ғой. Қазақшаға аударған соң қазақ оқырманының қамын да ойламай болмайды: солай еткенде мемлекеттік тіл мүддесі деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүрген осы жылдарда ел басына күн туған шақта қаладан да, панадан да, бақтан да, қара орманнан да, шаңырақтан да бұрын орыс сөзін алдымен ойлаған ұлы ақынның қастерлі жыры қазақтың жүрегіне мына күйінен де жақындай түсер еді. Түптеп келгенде, Ахматова да “русское слово” ұғымын “ана тілі” деген тұрғыда қолданып тұр. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет