Абылай хан заманы қазақ батырларының дәуірі


ЖӘНІБЕК БАТЫР ЖӘНЕ КЕРЕЙ ЕЛІ



бет6/9
Дата06.02.2022
өлшемі0,52 Mb.
#32262
1   2   3   4   5   6   7   8   9
ЖӘНІБЕК БАТЫР ЖӘНЕ КЕРЕЙ ЕЛІ

Жәнібек қол басқаруда аруақты батыр, ел басқаруда әділ болып, Абылайдың санаттарының қатарына қосылғаннан кейін керей еліне иелік етіп, басқа өскен рулардың алмандас етіп пайдалануынан елді қорғап, Шыңғыс тауына ірге теуіп, керей елінің басын қосып, сардарын сайлап, сарбаздарын сығайлап, ру-ру бойынша қолбасы батырларын іріктеп, керей қосынын құрады. Сөйтіп, найманның қаракерей Қабанбай батыры, арғынныңқҚанжығалы Бөгенбай батыры, уақтың Өтеген батыры, шектінің Шыңғыры мен Малайсары қатарлы батырлармен тізе қосып, бүкіл қазақ халқын қорғауға, ұйымдастыруға бар өмірін арнады.


Ол кезде Жәнібек батырдың сенімді серігі – жәдік Жантай батыр мен шеруші Байтайлақ батыр екен. Бұл батырлардың жәдік пен шеруші руының ұраны болып кетуі де ел басын біріктіріп, жағаласып жау алғандығынан болған.
Абақ керейдің он екі абақ болып бүкіл үш жүздің баласына танылып, есе теңдік алуы да, дәл осы Жәнібектің тұсы еді. Сондықтан Жәнібек батырдың есімі бүкіл абақ керейдің ұранына айналады да, он екі абақ өз алдына бөлек ұрандар тұтынады. Олар еліне олжа салған батырларын, есесін әперген шежіре шешендерін, әйгілі ақын-жырауларын, ел иесі адамдарын ұран етеді. Ашамайлы керейлер Ошанбай, Тұрсынбай секілді батырларын ұран етсе, абақ керейдің белгілі адамдары мыналар болған:
Жәдіктің ұраны – Жантай. Бұл ру Мәлік, Жанат, Итеңмен дейтін үш атадан тарайды да, абақтың өскен руының бірі саналады. Абақ елі төрт-бес айлағанда Дөненбайұлы Бейсенбі би, Жантеліұлы Құлыбек би осы рудан шығып керейді билеген. Мұның сыртында тарихта аты бар атақты адамдардан Жантай, Қуандық, Далаймерген, Шегетай сияқты, және атақты Бейсенбі күйші, ақын - Күдері, шешен – Бықыш, жырау - Өмірзақ, шежіре Қылышбай осы жәдіктен шыққан.
Жәнтекейдің ұраны - арыда Сәменбет, беріде Шақабай. Бұл ру Сүйінбай, Сүйіндік, Шүйіншәлі дейтін үш атадан тарайды. Абақ руларының ішіндегі ең көбі саналады. «Жәнтекейдің бұқа қарағаны бір үйлік» деген мақал осы көптігіне қараған. Бұл рудан Мамытұлы Көкен би, Сатайұлы Топан би, абақ керей төрт би сайлағанда билік басына шығып, керейді басқарған, тарихқа белгілі Шәу жырау, Төлебай Бөжекұлы, Көтбай Көшкіншіұлы, Зия Мәмиұлы қатарлы ақындары, сыбызғышы – Балжан, домбырашы – Шалап қатарлы күйшілері, Тауасар, Лақ, Барлыбай, Сары, Шылғаубай қатарлы шешендері, Байқозы, Ызғұтты, Жақынбай, Иман, Ақан, Көбеш, Тергенбай қатарлы батыр балуандары болған.
Қарақастың ұраны - Қаптағай, бұл ру Қосын, Назар, Байым дейтін үш атадан тараған. Тарихта даңқы бар Байхан, Бітімші қатарлы билері, Арқалық, Тұяқ қатарлы батырлары болған.
Молқының ұраны – Машан. Бұл ру – Машан, Қошақ, Құл, Қайып дейтін төрт атадан тараған. Тарихта даңқы бар Сәмек би, Жанторы би, Бөке батыр, Оспан батыр, Ақыт Үлімжі қатарлы ақындары болған.
Ителінің ұраны – Бұқарбай. Бұл ру – Тоқтағұл, Ақпақты, Тымбек (Күйік) дейтін үш атадан тарайды. Зуқа қажы, Тұрым қатарлы батырлар, Отарбай, Бәтіш Қоншақызы, Рамазан (лақабы Шыбарақын) қатарлы ақындары болған.
Шеруші ұраны – Байтайлақ. Бұл ру – Ожық, Бақат, Ұзынмылтық, Құрман, Саңырау, Шақпас болып алты атадан таралады. Тарихта орыны бар Байтайлақ батыр, Ақтай батыр, Жылқышы би, Тоғаншыкеншін, Сүлеймен мерген, тарихшы Малгаждар молда сынды адамдар осы рудан шыққан.
Меркіттің ұраны – Құлсары. Бұл ру - Әлменбет, Құлсары, Лепес, Шағыр дейтін төрт атадан таралады. Тарихта орыны бар Жәке би, Сартқан би, Демежан батыр, ағартушы Баймолда Қарекеұлы қатарлы кісілер осы атадан шыққан.
Шыбарайғырдың ұраны – Қожаберген. Бұл ру – Қабыл, Мұрат, Байбура, Кәлпе, Балта дейтін бес адамнан таралады. Тарихта орыны бар Өсер, Тоқыра шешен, Дабы би осы атадан шыққан.
Сарбастың ұраны – Сартоқай. Бұл ру – Шотқара, Тайманқұл, Шұғыл дейтін төрт атадан тарайды.
Жастабанның ұраны - Жобалай. Бұл ру – Байназар, Қосай дейтін екі атадан тарайды. Байназардан Шақантай, Құдайберді, Қожакелді. Қосайдан Ырысек, Құтыке, Тобыке туындайды, бұлардың көбі болыс ел Шынжаңға өтіп, Алтай, Тарбағатай төңірегіне бытырай қоныстанған.
Күнсадақтың ұраны - Жабай. Бұл ру – Байгүбек, Қожаберген, Атағозы, Жеулан дейтін төрт атадан тарайды. Көпшілігі Зайсанда, Шынжаңға келгендері бытырай қоныстанған. Ахмет молда деген атақты ақын осы атадан туған.
Құлтайболаттың жеке ұраны болмаған себебі, төрт бидің біреуі Жұртбай бидің кезінде осы бай елді Назарқұлмен алмандас етіп алып, жәнтекейдің бір баласы деп сіңіріп кеткен. Оның ұранына он екі абақтың бірі деп Шимойынды атаған. Әсілі Шимойын ашамайлы керейден абақ ішіне сіңген ауыл болатын. Құлтайболат руынан кезінде Биқадам деген атақты би шыққан.
Бұдан сырт, абақ керей ішіне мекендеген Жарболды руынан Торайғыр би, Саутай ақын шыққан.
Бура руынан бір Үкірдай ел болған, арғын, уақтан бытыранды қоныстанғандар көп. Керей төресі Көгедай, Сәмен жабағы Төленгіті мен Қожалары қосылып бір үкірдай ел болған. Қаба ауданындағы әділ төре, Санияз төре ұрпақтары мен төре-матайлар бір үкірдай ел болып қалыптасқан. Осы елден Алтай халқының іргесін орнықтыруға еселі үлес қосқан Ожеке батыр (Қожамжар) шыққан.
Жоғарыда айтылған рулар Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Құмыл, Баркөлге дейін мекенденген сырт Қазақстанда жасайды. Моңғолияда шеруші, жәнтекей және басқа керейлерден болып төрт үкірдай ел қоныстанып қалған. Көпшілігі Баян-Өлгей аймағында. Кейінгі кезде қоныс аударғандардың бір қауымы Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады, осы қоныс аударғандардың бір бөлегі Түркияға барып қоныстанған.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет