ЖӘНІБЕК БАСТАҒАН АБАҚ ЕЛІНІҢ ШЫҢҒЫС ТАУЫНАН КӨШУІ
Жәнібек батырдың Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға, Құмыл қатарлы кіндік кесіп, кір жуған байырғы мекеніне елінің керегесін қайта жайып, күлін төгуі өз өміріндегі аса ұлы, ізгі арманы еді. Бұл тек Жәнібектің ғана емес, хан Абылайдың, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақ қолбасыларының, бүкіл қазақ халқының ортақ тілегі болатын.
Ол түсте абақ елі Шыңғыс тауы, Көксала, Бақанас деген жерлерді мекендеп, арғын руларымен қанаттас отырады. Өсіп келе жатқан рулардың жерге, қонысқа таласуынан шыққан ішкі бақастық керей елінің шығысқа қарай көшуіне себеп болады.
Жәнібек батыр абақ елін бастап, қоныс аударып кетуге талпына бастаған кезінде қанаттас отырған рулармен сөз сайысына түседі.
Күлтелі күрең тұрғанда,
Тұлпарыңа жалынбаймын.
Ер азаматым тұрғанда,
Көптігіңе бағынбаймын.
Атағым сай, атым сай,
Балтам сай да, тесем сай.
Ұлы Ертістен көпір салсам да өтем.
Кеудемнен жаным шықпаса,
Ежелгі жерге жетем, - дейді. Батырдың бұл сөзінде өкпе-назы да, көкейтесті арманы да жатыр еді. Сол кезде қартайып нағашысы Қазыбек биге де Жәнібек өкпелі екен. Жәнібек батыр елін бастап көшетін болғанда жасынан қолында өскен жанындай жақсы көретін жиенін қимай:
«Жиен назары қиын деуші еді. Үйімнен дәм татырып, батамды беріп жіберейін» деп ойлаған Қазыбек би шақырушыларына:
- Жәнібектің мінезі қатты, мен шақырады демеңдер! Нағашыңның үйінде дәм-тұз шақырады деңдер, - деп ұқтырады, - бір оралса, сонда оралар, егер асты сыйламаса жолы да бола қоймас, - дейді. Жәнібекке барған шақырушылар бұл сөзді бұлжытпай жеткізеді.
Жәнібек батыр:
- Нағашым болса қайтейін, қарамай-ақ кетейін деп едім. Дәм-тұз депті ғой, бармасам жолым болмас, - деп жолдас жораларымен аттанып, нағашысының ауылына келгенде, Қазыбек би алтын тонын жамылып, есік алдында күтіп тұр екен. Жәнібек нағашысымен амандасып, үйге кірерде:
- Кірейін-кірейін, күлдіреуіш қисық болса да түтіні түзу ұшып тұр екен, - деп, нағашысын құрметтеп үйге кіргізіп, соңынан өзі кіреді.
Батырдың келгеніне разы болған қарт би жайланып отырып:
- Жауға жарақты қолмен шығушы едің, бүкіл қазақ болып тілеуіңді тілеп тұрғанда жаудан жасқанып көрген жоқ едің. Енді ел басқарып би болып, ел көшіріп ер болып, ел шетіне шығып барасың, жұрт көңілін қалдырма, дұшпаныңның ойын асырма, - дейді.
Сонда нағашысының ақылына ризалық білдіріп жауап қайырады:
Тілге келсе, елу бесте болып,
Тілдесуге шыдаймын.
Дауға келсе қырық бесте болып,
Белдесуге шыдаймын. . .
Жауға келсе жиырма бесте болып,
Жауласуға шыдаймын, - деп нағашысын сүйіндіреді.
Тәуекелге белін буып, бетін суыққа бұрып тұрған жиеніне би тағы былай дейді:
- Жерге таласып, іргелі мұңғылмен қандаспа, ел ішінде қоныс таңдаспа. Әділдікті ойласаң, халқың қадір тұтады.
Нағашысының ақылия сөзін алдыға ұстай сөйлеген батыр:
- Сыйласқанға боз беріп,
Шындасқанға сөз беріп.
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төсті алып,
Еселі істі терісіп,
Есесі кетсе берісіп келген. Өзіңізден қалған ата-салтымыз ғой,
нағашы, - дейді.
Сонымен, Қазыбек би шын ықыласын беріп, ақ жол тілеп аттандырады. Жәнібек батыр елін бастап, Қалба тауына жетіп тұрақтайды. Алтай, Тарбағатай, Еренқабырға секілді байырғы мекеніне өту үшін алда көп кедергі жатады. Алтайды иелеп алған жеті тайпа уранхай мен дөрбеттердің, Тарбағатай аумағында жаңадан келіп орын тебе бастаған торғауыттардың күші өте мығым еді.
Ел Қалба тауын бірнеше жыл мекендейді. Бұл кезде Жәнібек батыр Өр Алтай, Тарбағатай және Еренқабырға тауларына дейін барып, ондағы халықтармен бітімге келіп, тыныштық орнатады. Қалбада мекендеп тұрған кезінде Жәнібек батыр Алтайдың ақ тау төңірегіндегі бір ашуынан жол салып асып бергі бетін шолып қайтады, кейін осы маңайды найманның Қаратай рулары мекендегендіктен ол «Қаратай жайлауы» деп аталады да, әлгі ашу «Жәнібек батыр ашуы» делінеді.
Қазақ халқы батырды айырықша қастерлеп, «Ақыр Жәнібек» деп атасқан, бұдан былай мұндай жүректі, аруақты адам болмайды деп санасқан. Сондықтан, халық Жәнібек батырдың туын беріге дейін сақтап, жаугершілікте көтеріп шығып отырған. Шымырырақ торғыннан жасалған бұл ту қазақ батырларының ең соңғы туы еді.
Жәнібек батыр 1792-жылы сексеннің үстіне шығып қайтыс болады, қайтыс хабарды үш жылға дейін құпия сақталады. Мұндағы мақсат, анталаған жаудың батыр қазасынан пайдаланып шапқыншылық жасауынан сақтану еді. Үш жылдан кейін үш жүз баласына сауын айтылып, беріліп, зираты тұрғызылады.
Жәнібек батырдың бейіті Қалба тауының жалама қызыл, Су Шар деген жерінде. * Абылайша – керегесіз, шаңыраққа уық шаншып тіккен қос. Кезінде Абылай сарбаздары көп қолданғандықтан «абылайша» атанған.
Достарыңызбен бөлісу: |