Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет2/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Тек осынау шапағатты шақта, күйдің әрбір үні жүрегіне шаншудай қадалған бір адам бар болатын. Ол шалдың қызы еді. Оның да жүрегін шымшыған бір мұңы бар еді. Ұлы жыраудың алғашқы домбыра қағысын естігенде-ақ, боз інгенді иітпей қоймайтынын білген. Інген ыңыранған кезден бастап-ақ, көнегін жоғары көтеріп, түйенің емшегін көлегейлей берген. Желінді сүт керней бастаған сәтте нәзік те тегеуірінді саусақтарымен емшекті мықтап қысып ұстап, сүт шығармай отыр еді. Күй үстемелеген сайын інгеннің емшегі жарылып кете жаздай сыздап барады. Бағана әкесінің дегеніне көнбей: «Қалғанын көре жатармыз» дегендегі амалы осы еді. Бірақ мынау Ұлы күй жануар түгіл мұның өзінің де тамыр-тамырын иітіп барады. Желіні сыздаған інген енді тезірек сауса екен деп ыңырана бастады. Емшекті қыса-қыса саусағы қарысқан қыздан да дәрмен кетті. Сол кезде інгеннің желінін көнегімен көлегейлеген қызға қараған Кетбұқа жырау ақырын ғана қасын қағып: «Қалай, иіді ме?» дегендей ишара танытады. Саусағының арасынан сыздықтап шыға бастаған сүтті көрсетпей, барынша емшекті қыса түсіп: «Жоқ, әлі иіген жоқ», деп басын шайқайды. Шынымен күйінің құдіреті кете бастағандай сезінген Кетбұқа домбыраны бұрынғыдан бетер зарлатып, біресе мамырлата, біресе қоңырлата, біресе төкпелете тартады. Әуенге әбден елтіген боз інгеннің тұла бойы тұтас сүт боп еріп, желінін жарып жібере жаздардай боп ииді. Дәрмені кетіп бара жатқан қыз бұдан әрі шыдай алмайтынын біліп, күйші жігітке қарағанда, көзінен жасы ыршып-ыршып кетіпті. Мұны жігіт те, Кетбұқа жырау да байқай қалыпты. Жануарды қинамас үшін Кетбұқа жорта күйін баяулатып:

– Паһ, шіркін, күйім келіскенмен, күнім өтіп кетіпті ғой, – деп, жас күйшіге кезегін беріпті.

Жас күйші де қыздың ықыласынан шығу үшін барын салып домбыраны шабыта тартады. Жігіт шанақты бір-екі қағып қалғанда-ақ, қыз сыздап тұрған емшекті қысып отырған саусағын жазып жібереді. Сол сәтте ағыл-тегіл иіген нардың сүті көнектің түбін тесіп кете жаздай жөнеліпті. Жігіттің де, қыздың әкесінің де қабағы жадырап сала беріпті. Әдепті қыздың ықыласына риза болған жігіттің ыстық сезімге толы бұл күйінің аты – «Күйдім-жандым» екен. Ал Ұлығ жыраудың күйінің атын халық – «Нар идірген» деп атап кетіпті. Уәде бойынша қарт өзінің қызын жас жігітке қосыпты.

Бірақ та ботасы өлген боз інгенді иіткен Кетбұқа жыраудың күйі екенін білген қария Ұлы күйшінің көңілінде кірбің, өкпе-наз қалмасын деп:

– Ұлығ жырау, көні қатқан тулақты тірілткендей боп, боз інгеннің алпыс екі тамырын иіткен сіздің күйіңіз. Бірақ жастың тілегі жаста ғой. Қызым емшекке иіп келген сүтті іркіп қалды. Әуелгі төрелік өзіңізде, – деген екен.

Сонда Ұлығ жырау кеудесін кере демін ап, бір күрсініпті де:

– Өзім қартайсам да, күйімнің қартаймағанын көріп бір жасап қалдым. Елімнің жарасына ем іздеп жүріп, жастарының жүрегіне жара салып қайтейін. Тек өнерде «неғылайын» деген сыпайылық болмайды. Домбырамның меселі қайтпасын, күйімнің құты қашпасын, – деп тағы бір күй тартыпты.

Кетбұқаның бұл тартқан күйі әкесіне айтқан сырын білдіреді екен. Сондықтан да кейін ол күй – «Ақсақал» деп аталыпты.

Күй тартып болған соң, Ұлығ жырау – Кетбұқа домбырасын қолына алып, кермедегі атына қарай аяңдай жүргенде, боз інген боздап жіберіп, күйшінің артынан ере жөнеліпті. Сонда намысқа тырысқан жас күйші Кетбұқаның соңынан ерген інгенді өзінің күйімен кері қайырып алыпты деседі.

Міне, «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал» атты үш бөлімнен тұратын күй осылай дүниеге келген екен, – деп аңыз етеді еліміз. Оны шығарған сонау Шыңғыс хан, Жошы хан заманында өмір сүрген Ұлығ жырау, Аталық жырау – Кетбұқа.

Қазақ халқының тарихын зерттеген ғұлама ғалымның бірі Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихына қатысты деректер» атты кітабының түсіндірмесінде: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады», – деп баға беретін ұлы абыз – осы Кетбұқа.

Сондай-ақ, атақты тарихшы Әлкей Марғұланның: «...ХІІІ ғасырда жасаған атақты жырау – «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты – Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді, – деп тамсанатын жырауы да осы Кетбұқа.

Адамның бағын көтеріп, даңқын шығаратын, содан кейін уақыт өте келе аңызға айналып, шындығы өтірікке, өтірігі шындыққа бергісіз хикаяларға ұласатын таңғажайып бір оқиғалар сері көңілді көшпелілердің өмірінде көп кездескен. Бара-бара өмірдегі нақты тұлға қиялдың құдіретімен аруақтанып, оның жер басып жүрген пенде болғандығын ұмыттырып жібереді. Түркі халқының ұзақ-сонар тарих көшінде оларды басқа жұрағаттарға сіңіп кетуден сақтаған да сол рухани жыр күші.

Қазақ елінің сондай қасиетті дегдарларының бірі – ұлы абыз, ұлы жыршы, ұлы ноян Кетбұқа. Ол туралы аңыздардың әрқайсында тек қана елдің мүддесі қозғалады. Соған қарағанда, жердің бетіне ойран сала келген он үшінші ғасырдағы «сұм заманның» тұсында ғұмыр кешкен Кетбұқаның тағдыры да тістескен тамыр сияқты Шығыс пен Батыстың арасындағы ондаған халықтың бақ-талайымен байланысып жатыр. Бірақ қай жұрттың шежіресінде қандай кейіпте суреттелсе де, қазақ үшін ол – сол бір елі үшін аңырата қобыз тартып, домбырамен күй шертіп, көкірегі қарс айырылған абыз; қабағынан қар жауған Шыңғыс ханның өзіне елі үшін басын тігіп, ұлының өлімін естірткен дана жырау, ең соңында, үрім-бұтағын құртып жібермес үшін Иерусалимге жорыққа аттанған Хұлағу ханзаданың саяси кеңесшісі болған әскербасы.

Мүмкін, соңғы сөйлем нанымсыз көрінер. Бірақ қалай дегенмен де, ақиқатты аңыздан ажыратып алуға хақылымыз. Индияны іздеп шыққан Христофор Колумб үндіс еліне тап болды. Шлиман Троя қаласының орынын тапты. Күтпеген жерден жер қазушылардың адалдығының арқасында Кемел Ақышев «алтын адамға» жолықты. Осы кездейсоқ үш оқиғаның жолын беріп, сәтін келтірсе, несі бар. Сонымен Кетбұқа жыраудың өзі өмірде кім болған, соған үңіліп көрейікші.

Әңгімені аңыздан өрбітейік.

І
Кетбұқаның бүкіл саналы ғұмыры халықты қансыратқан «сұм заманда» өтті. Есін білгеннен ел ішінің азалы қазасын көріп, көкірегі қасіреттен қарс айырылып, өксіп жүріп ер жетті. Жүрегі жаралы жан дертінің дауасын Қорқыттың қобызынан тапты. Күні кеше ғана толған айдай толықсып, айдын көлде жүзген қаздай мамырлап, берекесі тасып, алтын Алтайдың қос қапталына аударылып-төңкеріле төгілген Инал-Білгі ханның тұсындағы найман мемлекетінің өзара қырқыстан қасірет теңізін кешіп, қайғыға қамалған қам көңілін қобыздың төбе құйқаңды шымырлатар зарлы үніне қосыла толғай жырлады.

Таян хан да, Күшлік хан да Шыңғыстан қансырай жеңілген соң, Алтайдың Арай асуын, Тарбағатайдың Етікші биігін асып, азып-тозған қарттарды, жесір қалған әйелдерді, жетім қалған балаларды, жаралы жауынгерлерді бастап, Көкшіл теңіздің (Балқаш) батысына қарай шұбады. Босқан ел осыдан екі жүз-екі жүз елу жыл бұрын іргесі айырылған қыпшақ Құнан абыздың еліне ілікті. Көрші қаңлы мен қарлықтар да етегін жиып, орталарынан орын берді. Ағайынды Кетбұқа мен Келбұқа жаралы жұртының жабыққан жанын жұбатып, тозған елінің жыртығын бүтіндеуге кірісті. Сол кезде Шыңғыстың шеңгелінен құтылған Күшлік хан Талас – Баласұғындағы кедендердің гүрханымен тіл табысты. Іле өзі таққа отырды. Жетім ұл – жігіт, жетім қыз – бойжеткен атанды. Ұрпақ жаңарып, үйлі жан – руға, рулы ел – ұлысқа айналып, Сарыарқаны кеулей жайлады.

Жерінен босқан елдің атамекенінен артық сағынышы бола ма? Кетбұқа да қобызын күңірентіп, Алтай мен Тарбағатайдың салқын төсін зар күйіне қосты. Ел оны: «Кете ата», «Кете абыз», «Кете жырау» деп атады. Інісі Келбұқаға төрт түлік малды аманатқа тапсырып, ұлыс пен ұлыс, тайпа мен тайпа, ел мен ел арасындағы татулық мәмілесіне өзі араласты. Жауырыны құныстанып, шамқос күймен шамырқанып, күжірейе отырып, толғай қобыз тартып, күңірене сөйлегеніне қарап, бөрі, бұқа, қыран, тұйғын, құнан, тай сияқты киелі хайуанаттың атын кісінің есіміне қосып айтатын ежелгі түркі дәстүрі бойынша «Кетбұқа» атанды. Бұл Кете би, Кете ер, Кете – ел көсемі деген мағынаны білдіреді. Ал енді осы Кетбұқаның өмірін аңыздан аршып алып, нақты деректік сипат беру үшін әңгімені қазақтың шежіресінен бастайық.

Аңызда да, ауызекі әңгімеде де Кетбұқаның найман елінен шыққанына ешқандай күмән келтірмейді. Ал Кетбұқаның өмірі де сол найман руының шежіресімен қатар өрледі. Әрине, шежіре – нақты тарихи дерек емес. Бірақ онда айтылған мәмілелерді назардан тыс қалдыруға да болмайды. Дегенмен де, әр шежіредегі адам аттары өзгеше болғанымен де, ондағы баяндалатын оқиғалар бір сарындас келеді. Соның бірнешеуіне тоқталайық. Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихына қатысты деректер» атты кітабында Кетбұқаның найманнан шыққан ең ұлы абыз екенін айта келіп, «Кетбұқа, одан – Мәмбет пен Рысқұл, Мәмбеттен – Ақтана мен Ақтаза, Ақтанадан – Боқбасар, Боқбасардан – Шоқай, Шоқайдан – Күшік, Күшіктен – Қожагелді, Қожагелдіден – Есіркеп, Жарылқап, Айтқұл, Сарықұл, Жайылмас тарайды. Осы Жарылқап Сарықұл, Айтқұл, Қожагелділер... 1738 жылы Ресейдің бодандығын қабылдап ант бергендігін» жазады. Демек, Кетбұқаның тұқымы қазір де арамызда жүр деген сөз.

Жалпы аңызға сенсек, Кетбұқа найман руының бастауынан нәр алған бұтақ болып саналады. Халық шежіресінің бәрін салыстырып шығу мүмкін емес. Дегенмен де, жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбековтың найман елінің шежіресін бағамдаған «Балталы, бағаналы ел аман бол» атты кітабындағы деректерді «Ақтайлақ би» атты жинақтағы шежіремен салыстыра отырып, Кетбұқаның тегі жөнінен мәлімет береміз. Сонымен...

Қазақтың арғы атасы – Алаш. Алаштан – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс тарайды. Арғын, найман, қоңырат, қыпшақ, керей, уақты алты арыс деп атайды. Сол алты арыстың бірі – Найман, «Балталы, бағаналы ел аман бол» атты шежіреде Найман екі әйел алады. Қырғауыл деген әйелінен – Ақсақал, Үйелші, Күйелші; Шүңірекей деген әйелінен – Тоқпан атты ұл туады. Жаугершілік заманның кесірінен Найманның төрт ұлы бірдей қаза табады. Тоқпанның келіншегі Әлпеш жесір қалады. «Ақтайлақ би» жинағында баласының аты – Тоқмақ, келінінің аты – Ақсұлу делінеді. Және Тоқмақ – Найманның жалғыз ұлы екен. Одан әрі әңгіме былай өрбиді.

...Найманның Тоқмақ деген жалғыз ұлы өліп, Ақсұлу 18 жасында жесір қалады. Найман ол кезде 83 жаста екен. Найман Бұқардан оқыған молда, ғалым кісі болыпты. Киімді ақ матадан киген, атты қылаңнан мінген, өзінің де өңі аққұба кісі екен. Сопы молда болған соң Ақсопы атанған. Кейбір тарихи шежіреде Ақсопыдан Найман туған дейді. Ол дұрыс емес. Бұл уақытта арғынның алты ауылы болған екен. Найманның жесір қалған келіні Ақсұлуды Арғынның кіші баласы Сүйіндік деген әмеңгерлікке аламын деп маза бермеген соң Ақсұлу: «Атам тұқымсыз кетіп, түтіні өшіп қалмасын», – деп атасына қыз айттырып беруді ойластырады. Арғынның кенжесі Сүйіндікті шақырып алып: «Мен саған тимеймін. Найман да сенің бір әкең ғой. Оны тұқымсыз қалдыра алмаймын», – деп оған әмеңгерліктің жолын беріп, сый-сияпатымен еліне қайтарады.

Содан кейін өзінің әкесі Алшын Адай биге (екінші шежіреде – үйсіннің, үшінші деректе керей руының қызы делінеді) келіп, барлық мән-жайды білдіріп: «Әке, атама бір қыз айттырып берсем бе деген оймен сізге ақылдаса келдім. Артында тұқым қалса деймін. Шауқатын шамаласам, әлі де ұрпақ қалдыратындай қауқары бар көрінеді. Не уәж айтасыз?» – деп жөн сұрайды. Қызының бұл тілегін мақұл көрген Алшын Адай би: «Балам, ниетің дұрыс екен. Тілегің қабыл болсын!» – деп батасын береді. Ауылына қайтып келген соң Ақсұлу қыз айттыру үшін үйсін еліне (екінші шежіреде керей еліне) аттанып, сол елден атасына қалыңдық таңдап алып, қалың малын сол арада беріп, жасау-жабдығымен еліне алып келеді. Көпшіліктің арасына кең тараған аңыз бойынша Ақсұлу өзінің Момын не Гүлше деген сіңлісін айттырды-мыс делінеді.

Ақсұлу әлгі қызды ертіп келгенде Найман атасы: – Балам, мынау ертіп әкелген қызың кім? – деп сұрапты. Сонда :

– Бұл қыз менің әрі енем, әрі қызым, – деп жауап беріпті.

Ақылды келінінің ойын сөзінің астарынан түсінген 83 жастағы Найман қарт некесін қидырыпты. Содан бастап жас қызды елдің бәрі «Қызене» деп атап кетіпті. Ақсұлу тоқтының нәрлі сүтінен сүзілген құрт езіп, оған тұмса туған түйенің сүтін қосып, қымыз етіп ашытып береді. Қуат-күші бойына жиналған Найман қарттың жас әйелі ұзамай екіқабат болады да, өзі көз жұмады. Қайын атасына осындай қамқорлық жасаған Ақсұлуды ел-жұрты қадірлеп, «Әулие келін» деп атап кетеді. Қызене тоғыз ай, тоғыз күн толғанда бір ұл туады. «Атамның соңында қалған белгі ғой» деп, ол баланың атын Ақсұлу келін «Белгібай» қояды. Белгібайды өз бауырына басып, тәрбиелеп өсіреді. Қызенені өзі қолынан ұзатып, одан туған баланың барлығын атасының атына еншілетеді.

Арада 18 жыл уақыт өтеді. Белгібай он сегізге, Ақсұлу отыз алтыға келеді. Әулие келін Белгібайға неке қосады. Одан Сүйінші деген ұл туады. Кей шежіреде ол баланың атын Сүйініш еді деп айтады. Сүйініштен – Төлегетай, Төлегетайдан – Қытай, одан Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл тарайды. Кейін Ақсұлу тағы да жүкті болып, Сүгірші атты бала өмірге келіпті. Алайда «Әулие келін» атасының тұқымын жалғастырамын деген уәдесіне жеткен соң, Белгібайға: «Мен атамның аруағына, орнын сыйлап, Тоқпанның тұқымын жалғастыру үшін сен ер жеткенше тостым. Жеңгелей қосылып, кейінгіге ұрпақ қалдырдым. Атам мен әкеме берген сертімді орындадым. Енді сен өзің таңдап қыздай қосақ ал», – дейді. Сөйтіп, Белгібайға өзінің Тоқсұлу есімді сіңлісін айттырып береді. Одан Өтеген деген ұл дүниеге келеді. Екінші қалыңдықтың атын Таңсұлу, Момынсұлу деп те атайды. Исі найман жұртының түп-тамыры осы Әулие келіннің тұсынан бастап бұтақтаныпты-мыс.

«Әулие келін» – Ақсұлудың әулиелігі сонда, ол өзінің Қызенесінен де тұқым өсіріп, Найман атасының ұрпағын көбейтіпті. Ақселеу Сейдімбеков өзінің шежіресінде оны былай таратады: «Қызенені... Найман өліп, оның асын берген соң, Найманның ұлы атасы Сарымен бірге туысқан Шолмақтың немересі Елтайға Гүлшені – «Қызенені» қосады. Ұлытау төңірегінің шежіресінде Найманның інісі Наймантайдан Елата тауып еді дейді. Сол Елтайды Әлпеш (Ақсұлу): «Атамның орынына ата болды» – деп, «Елата» атап кетеді. Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туады. Оны Белгібайға серік болсын деп Серікбай қояды. Кейбір шежіре бойынша Серікбайдан Келбұға, Кетбұқа атты екі ұл туады. Келбұғадан – Балталы, Кетбұқадан – Бағаналы тарайды» дейді. Серікбайды «Әулие келін» өзінің бауырына салып алады. Қашан ұрпақтары өсіп-өнгенше Найманнан тараған балалардың ешқайсысына енші бермей, өз қарауында ұстайды. Ұрпақтары жиырма ауылдан асқанша «Әулие келіннің»: «Байдың малы ортақ болсын, батырдың күші ортақ болсын, шебердің қолы ортақ болсын, шешеннің тілі ортақ болсын, палуанның білегі ортақ болсын. Біріңнен-бірің ажырамаңдар, бөлінбеңдер» деген өсиетін бұлжытпай орындапты. Әулие ана көз жұмарында, Найман атасының тұқымы енді құрымасына көзі жеткен соң, еншілерін бөліп береді. Еншіні Елатаның ұрпағы, Ұлығ жыршы, дана абыз Кетбұқа бөледі. Сол кезде Найманнан тараған ру саны тоғыз тарауға бөлініпті. Малға таңба салғанда, Кетбұқаның өзіне тиесілі еншіге таңба жетпей қалыпты да, оны теріс басыпты. Содан бастап Кетбұқаның елі «терістаңбалы» деп аталып кетіпті. Әрі исі найманның «ноқта ағасы» деп танылады.

Міне, қазақ шежіресіндегі деректер бойынша, Кетбұқаның арғы атасы туралы «далалық ауызша тарихнама» (Ақселеу Сейдімбеков) осылай сыр шертеді. Адам аттары мен олардың орын ауыстырып айтылатыны болмаса, жалпы оқиғаның ұзын-ырғасы барлығында бірдей қайталанып отырады. Егерде шежірелерді сұрыптай келіп, Кетбұқаның тегін бір ізге түсірсек, Ақселеу Сейдімбековтың саралауынша былай болып келеді. Жанарыстан – Қарашор батыр, Қарашордан – Тұлпар батыр, одан Алшын, одан Семізбұқа, Семізбұқадан – Жұмыр, Жұмырдан – Жұртбай, Жұртбайдан – Жүндібай, Жүндібайдан – Кененбай, одан – Сармантай (Сары), одан – Шал, Шалдан – Ер Қаптағай, Ер Қаптағайдан – Найман мен Наймантай (Найманбай) тарайды. Сонда Жанарыстың он екінші баласы Найман мен Наймантай (Найманбай) болып шығады. «Әулие келіннің» даналығының арқасында өшкен ұрпақ өніп, тозған тұқым жасарып, қазақтың қабырғасын жапқан қалың елге айналыпты. Шорманның Мұсасы хатқа түсірген қаракесек Кемпірбай мен найман Қалжан ақынның айтысында Қалжан ақынның:
Көзіңді аш, ауыр жатқан Найман елмін,

Көз жібер ауданыма, кімнен кеммін.

Жүз елу болыс болған Найман заты,

Қаз қонып, үйрек ұшқан шалқар көлмін.

Балталы, Бағаналы, Терістаңбалы,

Арынды тау суындай қалың селмін.

Өрдегі тоқсан болыс елді қоссаң,

Алдыңда асу бермес сары белмін, – деп шалқи сөйлеуіне себепкер болған ел анасы – Әулие келіннің даналығы еді деседі.

Сөздің басы аңыздан өрбісе де, соңы ақиқатқа айналған тарихи шындықтың бір үлгісі, міне, осындай. «Ата күшімен ер өседі, ана тілеуімен ел өседі» деген сол. «Тілеу – анадан, тіреу – атадан» деген сөз бар. Әйтеуір, үзіліп бара жатқан ұрпақты жалғаған тұста Кетбұқа сияқты дана өмірге келгені тарихи шындық.

Енді көп шежіренің тоғысар түйінін «Балталы, Бағаналы ел аман бол» деген Ақселеу Сейдімбеков құрастырған кітаптағы нұсқамен баяндаймыз. Әрине, бұл да нақты тарихи тұжырым емес. Бірақ ұзына жүлгесі өзге шежірелердегі барлық уәжбен сарындасып отырады. Сонымен:

«Найманнан – Ақсақал, Үйелші, Күйелші, Тоқпан, Белгібай туған. Бұлардың алғашқы төртеуінен ұрпақ жоқ. Ал, Белгібайдан – Сүйінші, Сүгірші, Өтеген туады. Осылардың Сүйіншісінен – Төлеген, одан Қытай туады. Қытайдың бәйбішесінен – Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл; тоқалынан – Кетбұқа, Келбұқа туады. Қытайдың бәйбішесі ертерек қайтыс болып, одан туған Қаракерей, Матай, Төртуыл, Садыр деген балалары атасы Төлегетайдың бауырында өседі. Сондықтан бұлар «Төрт Төлегетай» атанып кеткен. «Төрт Төлегетайдың» ұрпақтары қазір Семей, Жетісу өңірінде. Ал, Келбұқа мен Кетбұқа, біріншіден – тоқалдан туылғандықтан, екіншіден – бәйбіше балаларынан бөлек шаңырақта өскендіктен, кейін еншілері де бөлек болып, «Төрт Төлегетай» ұрпақтары Шығыс пен Оңтүстіктен қоныс іздеп көшкенде, оларға ілеспей Арқада қалып қойған.

Сөйтіп, Келбұқа мен Кетбұқа ұрпақтары Ұлытау мен Шу өзенінің арасын ертеден қоныс етіп келеді. Осы күнгі Қаражал қаласының түбіндегі Қытай деп аталатын жер – Келбұқа мен Кетбұқаның әкесі Қытайдың құрметіне аталған атау. Сүйінші мен Сүгірші ұрпақтарының Жоңғар шапқыншылығына дейін осы Қытай маңындағы Ақтау, Қызылтау өңірін, Атасу өзенінің бойын қоныстанғаны жөнінде тарихи деректері де бар («Қазақтардың жерді пайдалану туралы деректер», С.Петербург. 1905. 9-том), – дейді аталған кітапта.

Міне, тоғыз таңбалы найман елі осылай тарап еді дейді аңыз. Әрине, шежірелерде сәйкессіздік болғанымен, аңыздың ұйыған мәйегі шындық екені анық. Ал оның барлығын бір ізге түсіріп, нақты тарихи шындық мынау еді деп кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Тарихтың шаңы батпандап тұрып көміп тастаған бір құпия боп қала береді. Кім қай нұсқаны қабылдаса да өз еркі. Дау тудырмайтын бір нәрсе – Кетбұқаның Шыңғыс хан мен Жошы ханның тұсында өмір сүргендігі. Мұны шежіре де, тарихи құжаттар да растайды. Бір кілтипан: Ұлығ Жыршы – Кетбұқаның атының дұрыс аталуы жөнінде ғана көзқарас алшақтықтары бар. Абыздың аты Кетбұқа ма, Кетбұқа ма, жоқ Кетбұқа ма? Қазақ тілінің дыбыстық өзгеру заңына байланысты Кетбұқа бірте-бірте Кетбұқаға айналып кеткен деген пікірді ұстанамыз. Өйткені, сол тұста Тәңірге сиынуға байланысты әрбір адамның бір пірі болған. Ал Кетбұқаның да аты сол үрдіспен қойылған. Отырардың атақты ханы Қайыр ханның аты да Алып Терек Бұқа хан болатын. Бұқа – киелі, күшті деген ұғымды білдіреді. Біз әңгімені Жыраудың үрім-бұтағымын деп есептейтін Әз-Мұхаммед ақсақалдың сөзімен түйіндейміз. «Әулие келіннің» батасынан кейін...

Кетбұқа мен Келбұқаның елі өсіп-өнді. Тұқымы құруға айналған ұрпағын ұлыс дәрежесіне жеткізді. Шежіреге сүйенсек, қалай да халық санын қалпына келтіру үшін Кетбұқа жетпістегі шалды да, он үш жасар ұлды да жесірлерге үйлендірген. Шежіреші қарт Әз Мұхаммед Набиев:

– Найман шалдың бір тұқымы Тоқпан 24 жасында қаза табады. Келіні керей қызы Ақсұлу жесір қалады. Оған арғынның алты ұлы әмеңгерлік етеді. Ақсұлу, қалай да ұрпақ қалу үшін, атасына сіңлісі Момын сұлуды алып береді де, сіңлісіне, белінен қатты қысып құшақтап, тамырын иіт деп ақыл айтады. Сөйтіп Момынның бойына бала бітеді, үш айдан соң Ақсұлудың атасы қайтыс болады. Туған ұлдың атын Белгібай қояды, одан Сүгірші, одан Төлегетай, Төлегетайдың төрт ұлы – Қаракерей, Төртуыл, Садыр, Матай... Наймандардың «кереймен енеміз бір, арғынмен атамыз бір» дейтіні сондықтан. Сөйтіп, Ақсұлу «Әулие келін» атанған. Дәл осы кезде Елатаның ұлы Серікбайдың балалары Кетбұқа мен Келбұқа ел билеген. Тозған елді тірілтіп, «Тоғыз таңбалы найман» дәрежесіне жеткізген. Жиырма ауылдан соң Ақсұлу келін Кетбұқаға кісі салып, енді әрқайсысына енші үлестірсін деген: Төлегетайдың төрт ұлы, Саржомартпен – бес, Балталымен – алты, Көкжарлымен – жеті, Бурамен – сегіз, Бағаналымен – тоғыз. Кетбұқа – осы Бағаналыдан. Тоғызыншы белгі жетпей қалғандықтан, таңбаны теріс салып, содан бағаналы «терістаңбалы» атанып кетті. Кетбұқа – терістаңбалы найманның ноқта ағасы. Оның еншісі тоғыз ұлға ортақ. Өзіміз осы күнге дейін олардың шаңырағына сәлем бермей өтпейміз, – дейді.

Қарияның бұл таратуы Мұхамеджан Тынышбаевтың, Н. Мыңжанұлының шежіресімен дәлме-дәл келеді. Ол да Кетбұқадан – терістаңбалы бағаналы, одан Мәмбет пен Рысқұлды кесте арқылы көрсеткен. Мәселе найманның шежіресінде емес, Кетбұқаның өмір сүрген тұсын және оның көшкен қонысын анықтауда. Анық дәлелденген шындық: Кетбұқа – найманның ел көсемі, «ел атасы» және Байбұқа мен Бұйрық (Бүйрек), Күшлік ханның әкесі Инанғ-Білге-Бұқа қағанның тұсында өмір сүрген «әйгілі Құба тегін жыраудың» (Н. Мыңжанұлы) шәкірті. Ал Құба тегін Қорқыттың қобызын ұлы күйші Алтайда жүргенде мұра еткен адам деген аңыз бар (Ш. Әбденов. «Қорқыттың аңызы»). Қазақы шежіренің барлығы да Кетбұқа мен Келбұқаны найманның мәйегін ұйытқан «ел аталары» екенін тегіс мойындайды. Күшлік ханның әскерінің құрамында Памир тауында Жебе ноянмен соғысып, хан қаза тапқан соң Арай алқабына тұрақтап қалды. Қазір қырғыздың ішіндегі найман тобы солар және Кетбұқа туралы аңыз дастандар да сақталған.

Сонымен, осы мағлұматтардың барлығының шындығы ретінде: «Кетбұқа – орта жүз найман тайпасының руы. Ол көбінесе «бағаналы» деген атпен мәлім, өйткені Кетбұқаның рулық таңбасы бақан болған. Сондай-ақ, қарақалпақтардың қоңырат тайпасының құрамында Бақаңлы деген Кетбұқаға жақын ру бар. Тарихи деректерге қарағанда, Шыңғыс хан наймандарды талқандағаннан кейін, Кетбұқа жоғарғы Ертіс пен Алтайдағы өз қоныстарын тастап, батысқа қарай жылжыған. Кетбұқалар қыста Сарысу, Шу өзендерінің төменгі сағасын, Қаратаудың батыс бөктері мен Сырдария жағасын мекендеп, жазда Ұлытау, Арғанаты таулары мен Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жезді өзендерінің алқаптарын жайлаған» де­ген («Қазақ совет энциклопедиясы», 5-т., 406-бет.) ғылыми пайымдауға жүгінеміз. Енді Кетбұқаның жыраулық өнеріне көшеміз.

Дүниені тітіреткен Шыңғыс қағанның алдында қобыз сарнатып, сөз толғап, қаралы хабарды естіртетіндей Кетбұқаға бұл өнер қайдан қонды, ондай жыраулық қасиет үрім-бұтағында бар ма еді? Бар еді және мақалдап, мәтелдеп, ишарамен сөйлеу дәстүрі сонау Тоныкөк абыздан қалған Кетбұқаның ата мұрасы еді. Түркі қағанатының данагөй абызы Тоныкөктің он алтыншы ұрпағы Тата-тұнға Таян ханның ақылгөй бас уәзірі әрі хатшысы болған ғой. «Монғолдың құпия шежіресінде» де анық айтылған. Найманның ХІІ ғасырдың аяғында өмір сүрген ақыны Құба тегін «наймандар осы Инанғ-Білге билік еткен кезде гүлденіп өсті, қарақытайлардан бостандықты жеңіп алды» (ҚСЭ, 8 т.) деп жырлаған. Демек, ол кезде үлкен жыраулық дәстүр қалыптасқан және ақын-абыздарды ел билігіне қойған. Кетбұқа сол көне түркі толғауларының уызын бойына сіңіре сусындаған адам. «Шыңғыс ханның байлаулы төрт қасқырының бірі» – Хасардың өзі Кетбұқаның ұстазы Тата-тұнғаны сыйлап, кешірім сұраған. Демек, ақынның қадірі де, оның өзінің жеке басының қасиеті де қазіргіден жоғары бағаланған. Ал қашқан елдің басын қосқан ел атасы Кетбұқаға сый, құрмет те өзгеше әрі бүгінгі қазақ халқының бір керегесіне тұтастай уық боп қадалып, шаңырағын көтеріп тұрған ұлысты қайта тірілткені үшін де ұрпақтар оған қарыздар. «Найман» – монғолша «сегіз тайпа» деген мағына білдірсе, «Кетбұқа – ел ата – бағаналы – теріс таңбалы» табы XIII ғасыр басында «ноқта ағасы», тоғызыншы жұрт боп қалыптасқан.

Бұл парызды бізден бұрын «Азаулының Ыстамболдан несі кем, Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағаның... би ұлынан несі кем? Тәңірінің өзі берген күнінде хан ұлынан артық еді несібем!» – деп, Донның жағасының жапырағын жамылып, Ыстамбол мен Бақшасарайда «май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп, ақ шаңдақты қүрып қойған шатыр» деп жүрген марқасқа Доспамбет жырау өтеген. Ол кезде Кетбұқаның бейнесі өшпеген, сөзі өлмеген, қобызының үні құлақтан кетпеген. Сондықтан да:


Күдерімен бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда?!

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?!

Толғамалы ақ балта,

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза,

Садақ толған сайгез оқ,

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғыныңа бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан,

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?! – деп ел атасы Кетбұқаның әрі жырау, әрі жауынгер шағын шамырқана жырлап, көкірегі қарс айырылады. Өзінің құдіреті хан ұлынан асып тұрған Доспамбеттің Кетбұқаның алдында табынуы ұлы жыраудың көшпелі өмірдегі рухани орнын білдіреді. Өкінішке қарай, Доспамбет тамсанған асыл мұраны біз білмейміз. Естігеннің жарғағында, көргеннің жанарында, жаттағанның зердесінде кетті. Тек біз Доспамбетке бас иеміз, ал Доспамбет Кетбұқаға, Кетбұқа Құба тегінге, Құба тегін Қорқытқа табынады. Бұл да – өлең өзегінің үзілмейтін алтын шылбыры. Ал енді осы Кетбұқа қай жылдары өмір сүрді?

Бұл туралы осы уақытқа дейін нақты жорамал не деректі дәйек айтылып көрген жоқ. Бірақ заманы белгілі. Ол – XIII ғасырдың бірінші жартысы. 1227 жылы Шыңғыстың ұлы Жошы өлгенде Кетбұқа бар адам. Ел атасы атанған дер шағындағы уақыты. Ал ол кезде неше жаста еді? Ұлы жыраудың ғұмыры мен өнеріне қатысты жалғыз ғана нақты дерек Қазақ энциклопедиясында ұшырасты. Онда: «Кетбұқа (шамамен 1150-1225) – жырау, күйші, композитор, аңыз кейіпкері. Руы – найман, оның ішінде Балталы (?)». 14-ғасырда жазылған «Шаджарат әл-атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, Дешті қыпшақ әмірі Жошы хан аң аулап жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізді», делінген. Біздіңше, осы өмірлік деректе екі түрлі сәйкессіздік бар. Бірінші, Кетбұқаның туған жылы хақында ешкім де нақты жылды сеніммен көрсете алмайды. Оны, тіпті, дәлірек екшегенде, бес жыл айырмашылықпен болжауға болар. Мәселен, Кетбұқаның дүниеден қайтқан жылы. Егер ол 1225 жылы жетпіс бес жасында өлсе, онда 1227 жылы өлген Жошының қазасын Шыңғыс қағанға қалай естіртеді? Барлық шежіреде бұл адамның тек Кетбұқа екенін растайды. Екінші, жыраудың руы Балталы емес, Бағаналы. Мұны дәл сол беттегі «Кетбұқа» тайпасын таратқан мақала дәйектейді. Қатар тұрған екі деректің бір-бірін жоққа шығаруы өкінішті-ақ. «Алайда ұрпақ аузынан Ұлығ (ұлы) жыршы деген атақ алған Кетбұқаның өз кезінде шығармалары халық арасына кең тараған, көшпелілер арасында сөз өнерінің дамуына ерекше ықпал еткен көрнекті түлға болғандығы байқалады» деген пікірі орынды.

Бір пікірді жоққа шығарған соң, оған қарсы уәж айту керек. Онсыз пікіріңнің құны қалмайды. Біз аталмыш деректі шартты түрде ойымыздың қазығы етіп аламыз да, өз жорамалымызды дәлелдеу үшін Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» атты еңбегіндегі: «Әрине, осы мәліметтердің бәрін кездейсоқ деп қарауға болмайды. Шыңғыс заманында, XII ғасырда найманда Кетбұқа атты ұлы жыраудың жасауы анық. Өз кезінде Кетбұқа жырлары халық арасына кең тараған болуға тиіс. XV ғасырдың аяғы, XVI ғасырдың бас кезінде жасаған Доспамбет жырау «Кетбұқа биді» аузына алады, оның сөздерімен өзінің таныстығын білдіреді. Бірақ біздің заманымызға Кетбұқаның аңызға айналған есімі ғана жетіп отыр», – деген пікіріне жүгінеміз.

Ұлығ жырау, аңызға айналған абыз туралы деректер арғы-бергі зерттеушілердің еңбектерінде аз кездеспейді. Соның бірі – В.Г. Тизенгаузеннің «Алтын орда тарихына қатысты деректер жинағы» атты еңбегінде пайдаланған аңыз. Тарихшы бұл аңызды «Түркі шежіресінен» («Шаджарат әл-атрак») алғанын куәландырады. Қазақ зиялыларының арасында Кетбұқа туралы және оның күйлерінің шығу тарихы жөніндегі аңыздарды қағазға түсіріп, пікір білдіргендер – Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов, Мұх­тар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков, Дүйсенбек Қанатбаев. Ал орыстың ғұлама ғалымы Лев Николаевич Гумилевтің тарихи қүжаттары мен пайымдауларына кейінірек арнайы тоқталамыз. Ілгеріде баяндалатын «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйлерінің шығу оқиғасы тұсында Кетбұқа әлемді алақанына ұстаған Шыңғыс ханның өзімен сөз жарыстырады. Жошының қазасын естіртуге келген... Ұлы Жырау сөз бастағаннан-ақ, көзінің жасына ие бола алмайды. Сонда Шыңғыс хан былай деп түркі тілінде тақпақтай жөнеледі.


Көзің жасың жүгірді-дүр,

Көңілің тұлды болмай ма?

Жырың көңіл үркітеді-дүр,

Жошы өлді болмай ма?
Шыңғыс ханның бұл уәжіне Жырау да түркі тілінде толғай жырлап жауап береді:
Сөйлемеске еркім жоқ-дүр,

Сен сөйледің, а, ханым!

Өз жарлығың өзіңе жау,

Не ойладың, а, ханым! – деп жауап береді.
Ұлы қағанға Ұлы Жырау ғана осылай тура қарап тұрып, тіктеп сөйлей алады. Қаралы ханның тілін орамға келтіріп, тіс жарғызу үшін де ол адамның өзі Дана болуы шарт. Демек, Ұлы Жырау – Аталық Жырау Кетбұқаның мысын Шыңғыс хан да баса алмаған. Сол бір азалы жылы, яғни...

...1227 жылы Кетбұқа ел ағасы. Ханның алдында еркін отыратын беделі бар. Қобыз шалып, күңірене қуатты жыр толғайтын, қолы дірілдемеген, күші қайтпаған кезі. Бетпақдаладан Алтай мен Тарбағатайды асып, Тибет жерінің шекарасында тұрған Шыңғыс ханға қыс кезінде баруға 75 жастағы қария жарай ма, жоқ па? Екі жарым-үш мың шақырымға қанша күнде жетуге болады? Аңыз бойынша бір апта ғой. Демек, Кетбұқа 1150 жылы емес, одан кем дегенде жиырма-отыз жыл кейін туған. Бұған екінші дәлел: «Найманның Инанғ-Білге қағаны тұсында мемлекет гүлдеп, жайнап тұрды», – деп жырлайтын Құба тегін жырау – Шыңғыс пен Таян ханның замандасы. Құба тегін аласапыран кезеңді көріп, оның алдындағы бейбіт тіршілікті мегзеп отыр. Ал Кетбұқа Құба тегіннің тұсында жас, Күшлік, Жошы ханмен орайлас. Егерде 1150 жылы туса, 1180-1206 жылдардың аралығындағы қарбаласта ел атасының бір рет аты аталар еді ғой. Мұндай ұлы тұлғаның «Құпия шежіреден», «Алтын дәптерден» есімі тыс қалуы мүмкін емес. Демек, Кетбұқа 1185-1190 жылдары туған. Монғол мен найман арасындағы шапқыншылықтың тұсында бұғанасы қатып, жаңа таныла бастаған. Босқан елмен Бетпақдалаға бет алған... Құба тегіннің жолын қуып, қобызын күңіренткен.

Сонда, 1227 жылы ел ақсақалы (1198-1218 жылдарғы қырғыннан аман қалған ересек аз ғой) Кетбұқа қырық-қырық бес жаста, мүмкін бес жас ілгері не кейін болуы. Міне, бұл «Кетбұқа Палестинада қаза тапты» деуге себепші боп отырған деректің растығына сендіреді.

Қырық-қырық бес жас! Он бесінде ұрын барып, он алтысында жауға аттанатын көшпелі халық үшін немере сүйіп, ел ағасы атанатын-ақ сәт. Абыз, жырау жасына қарамайды және ұзақ жасаған адамның кейінгі кезі есте қалады. Ал біздің есебімізше, Кетбұқа жетпіс-жетпіс беске келгенде қаза тапқан. М. Мағауин айтқандай, «қарашының жаны ханның қылышының жүзінде. Халық ішіне аса танымал екі адамның бір атты қатар тандауы мүмкін емес. Кет-құнан, Кет-қыран, Кет-инал, Кет-Алып-Дерек, Кет-бөрі, Кет-шора, т.б. толып жатқан түркі пірлерінің бірінің атын қабылдайды. Әр адам өзін өзгеден ерекшелеу үшін әдейі қосалқы есімді тандап алған». Сияуыштың ақ маралды туына салдыруын еске алыңыз. Демек, Кетбұқа да Шыңғыстың, жоқ, оның ұлы Жошының биі әрі кеңесшісі, Лев Гумилевше айтқанда, «штаб бастығы» болған. Қашан? Қайда? Қалай?

Енді тарихтың астарына үңілейік.

ІІ
Қыпшақ даласы мен сартауыл елінде жеті жыл ойран салған Шыңғыс қаған 1225 тауық жылы Үнді елін бодандыққа түсірген жалайыр Бала ноян жорықтан оралған соң, Қарақорымға қайтты. Қыстай Ертіс өзенінің аңғарын жайлап, жаз шыға Арай асуынан кері асты. Қара дауылдың соңында жермен-жексен болған қала, жетім-жесір ел қалды. Өзі кеткенмен де, ұланғайыр жерді ұлысқа бөліп, ұлдарына билік тізгінін беріп кетті. Алтайдан Оралға дейінгі қазақ даласы үлкен ұлы Жошының еншісіне тиіп, Дешті қыпшақ ұлысын құрды. Шағатайға Орта Азияның шылбырын ұстатты. Қағанның Толы өзенінің бойындағы Қара ормандағы ордасына Жошыдан басқа ұлдарының бәрі Шыңғыспен бірге еріп барды.

Қаһарынан қар жауып, заһарлы деміне мұз қатқан қағанның қарғысынан қорықпай, құрылтайға да қатыспай, дараланып қалған Жошының бұл қарсылығының орынды себептері де бар еді. Ержүрек, алып күштің иесі, зерек те білімді, әділ Жошының шешесі Бөрте қоңырат қызы еді және ол түңғыш ұлына меркіт тайпасының ішінде тұтқында жүргенде жүкті болған еді. Өгей ұлды өкпеге теппесе де, өзегін үзіп бермеген Шыңғыс оны сынау үшін және түркі тілді жұртқа өшіктіру мақсатымен біресе меркіттерге, біресе найман мен керейге, ең соңында қыпшақтарға қарсы соғысқа айдап салды. Қағандық мүддені көздеген Жошы жанын аямады, үнемі жеңіске жетіп отырды. Сондықтан да қатал әке оған қастандық жасамады әрі қалған ұлдарының шешесі Бөртенің көңілін қимады. Ақылы толып, өз еркін өзі билей бастаған кезден былай Жошы қантөгіске қарсы шығып, жаулап алған елін жаппай қырып салмай, мәмілемен көндірді және қалаларды қиратпады. Өзі білім жолына құмартты. Бірақ Шыңғыс оған кітаптың орнына қалқан, қаламның орнына қылыш ұстатты.

Дүниеге, билікке деген көзқарас алшақтығы қыпшақ пен сартауылға шабуылға шығар алдындағы кеңесте іштей кеміретін өштікке айналды. Меркіт қызы Есүй ханымның: «Туған дене солатын, толған гүл де оңатын... Асқар таудай денеңіз, опат болса, көнеміз. Қалың елің монғолды кім билер деп сенеміз?» – деген кезде, Шыңғыс хан: «Мен де ата-бабамның артынан бармайтындай, бұл жайды ұмытып кетіппін. Мені өлім соқпай өтердей, шынында да, ойламаппын. Ал ұлымның үлкені Жошы еді. Қане, не айтасың? Сен айт!» – дейді. Жошыдан бұрын Шағатай сөзге килігеді. «Жошыны неге нұсқайсың? Сонда біз меркіттің қоқсығына бағынбақпыз ба?» – дегенде, Жошы Шағатайдың алқымынан ала түскен. Шыңғыс міз бақпай отырып, Бөрші мен Мұқылай ажыратқанда барып: «Жошы ұлымның үлкені емес пе! Бұдан былай шеттетпеңдер», – деген де қойған. Мұрагерлікке Өгедей сайланды.

Содан бері әкенің де, баланың да көкірегіне беріш қатты. Жошы ордадағы қастандықтан сақтанып, үнемі саяқ жүрді. Ал қыпшақтар мен сартауылдың шаһары ойрандалып, елі қанға бөккенде, Жошы Шыңғыс қағанға ашық қарсы шығып, өз билігіндегі елге еркіндік берді. Өзге-өзге, мұны Шыңғыс кешірмейді. Сондықтан да хан ордасына ермей, қалып қойды. Тарихшы Жүзжани: «Жошы қыпшақтардың жері мен суын, ауасын көрген кезде, дүниеде бұдан артық жердің, бүдан артық caп ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған. Ол өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғыс қаған, сірә, алжыған, өйткені осыншама жерді ойрандап, мұнша халықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын», – дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай сезіп қап, әкесіне жеткізген де, әкесі оған білдірмей у беріп өлтіруге әмір еткен», – деп жазды.

Осы шежіредегі «у беріп өлтіруге әмір еткен» деген сөзді малданып, біраз тарихшылар, әсіресе әдебиетшілер, Жошының тосын қазасына себепкер Шыңғыс ханның өзі деп тұжырымдайды. Қастандықты ойлау бар да, оны жүзеге асыру басқа. Шыңғыс пен Шағатай жек көріп, жансыз жібергеннің өзінде у бере алмаған. Ал аңға шыққан кезде жасырын қастандық жасалуы мүмкін. Бұл шындықтың тарихи куәсі тым көп әрі дәлелді. Оған мына айғақтарды ұсынуға болады: 1227 жылы Шыңғыс хан Тибетке соғыс жариялап, бар әскерімен солай қарай жосыған. Дешті Қыпшақ түгіл, Монғолияның өзі иесіз қалған және шұбарала асау аттан жығылған қағанның сырқат, жансыздың өз басын аман алып шығуға сенімі жоқ кез. Екіншіден, Кеңгір өзенінің бойындағы Жошы ханның күмбезінің ішіндегі қабірді ашқанда, адамның оң қолы жоқ боп шыққан. Бұл аңыздың ақиқаттығын көрсетеді, яғни Жошыға у берілмеген, саятта қазаға ұшыраған. Қалай дегенмен де, Жошы Шыңғыс ханның ордасынан бөлініп қалды да, Дешті қыпшақтағы түркі тілдес тайпалардың ба­сын қосып, тәуелсіз дербес мемлекет құруға кірісті. Бұл бүгінгі қазақ жерін қамтитын ұлыс еді. Сондықтан да зерттеушілер бірауыздан Жошыны біртұтас қазақ хандығының негізін салушы адам ретінде бағалайды.

Ойранға ұшырап, жаугершіліктен, берекесіздіктен әбден зықысы шыққан көшпелі қазақ тайпаларының барлығы берекеге, ынтымаққа, татулыққа ұмтылып, жұдырықтай жұмылып, қандас хан Жошының төңірегіне топтасты. Алты арыс Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би сайлады. Қазақ шежіресіндегі: «Алты алаш бас қосып, қыл құйрықты, бөрі басты ақ ту көтеріп, жеке хандық құрған жері – қасиетті Ұлы Тау», деген сөздердің түп төркіні осында жатыр. Жошының өз ордасын сол Кетбұқа жайлаған Ұлытаудың етегіне қондыруы да сондықтан. Әрі Ұлы би монғол мен қазақтың тілін де, дәстүрін де, билік-заңын да жақсы білетін. Шыңғыс ханның мемлекетті басқару хақындағы деңгейінде әр ханның, әр қолбасының қасында жөн білетін, данагөй, көпті көрген бір кеңесші болсын деген жарлығы болатын. Мұны «ұлдарына да, ұлдарының ұрпағына да өсиет» еткен және кеңесшінің келісімінсіз келелі шешім қабылданбаған. «Қобыз сарынында»: «...Кетбұқа жырау Шыңғыстың оң тізесін басты», делінуі сондықтан. Доспамбет жыраудың: «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда!» деп аңсайтын мамыражай қысқа заман да осы өтпелі кез.

Ел еркіндік алып, есін жиып, іргесін бекіткен ынтымақты шақ ұзаққа созылмады. Жеті жылдың ішінде елдіктің мәйегі ғана ұйып үлгерді. Кетбұқа Шыңғыс қаған Отырарды қоныстанғанда және Арқаны өрлей өтіп, Ертіске қыстағанда жол-жөнекей серік боп, ордасына ұзатып салған. Өмірінің аяқталып келе жатқанын, қайтып қыпшақ пен сартауылдың жерін баспайтынын білген Шыңғыс қаған Самарқаннан аттанарда, Хорезм шахы Мұхаммедтің шешесі, Ұлытау қыпшағының қызы Теркен хатун мен әйелдерді тізгізіп қойып, сыңсу айтқызған. Мұны естіген дала тұрғындары ханның қаһарынан қорқып, жол бойы әйелдерді сыңсытып қойып, ел ағалары қарсы алып, шығарып салып отырған. Соның ішінде Ұлығ би Кетбұқа да бар еді. Жошы бұл рәсімге өзі бармай, Кетбұқаны жіберген. Сонда үлкен ұлының ордадағы қастандықтан қорқып келмегенін, іштей әкесіне өкпелі екенін сезген Шыңғыс хан Кетбұқаға:

– Жошы алтын жүгенімнің алтын тізгіні еді. Орман халқына аттанғанда адам мен атты шығындамай, бітіммен бағындырып, маған тұңғыш олжам деп ақ сұңқар, ақбоз ат, қара бұлғын сыйлап еді. Сол жұртты енші етіп беріп ем. Шағатаймен қағысқанда: «Екеуіңнің басың бір хандыққа қосылмас, Жер-ана кең, өзен-көл көп қой. Бөгде елді бодан етіп, жеке-жеке болындар. Өз елдеріңді кеңейте беріңдер. Екеуің елге күлкі, дұшпанға таба болмай, ынтымақтасып жүріндер» деп ем. Қоштасуға сырқаттанып келмей қапты. Қыпшақтың алтын тізгінін қолына ұстаттым. Көшсе – көшің, керсең – керегең, байласа – арқаның ұқсас Кетбұқа, сені кеңесші етіп тағайындаймын. Тұңғышымның жаманат хабарын жеткізген жаушының да, сол елдің биінің де басын аламын, Кетбұқа», – деп көзінің сұғын қадады.

Бұл сөздің астарын Кетбұқа қалай түсінді? Жаулаған елінде жалғыз қалып бара жатқан ұлын ел иесіне аманат қып тапсырғаны ма, жоқ, өзінің жасырын жансызының таяуда Жошыны қатерге ұшырататынын біліп, кекеткені ме? Жоғарыдағы «Монғолдың құпия шежіресінен», тарихи шежірелерден, аңыздан іріктеліп алған сөздердің қайсысы шындық? Зерттеушілер соңғы сөйлемге ғана мән беріп, Шыңғысты өз ұлын өлтіруге көп әйелінің бірі – Құлан мен Шағатайды жұмсады деп күстәналайды. Әдеби шығармаға лайық әсерлі оқиға, бірақ байсалды, жан-жақты әділ ғылыми пікір емес. Дәлелсіз. Сондықтан да Кетбұқа бұл өсиетті тура мағынасында түсінген. Жошының аман-есен жүруін тапсырды деп ойлаған. Ал жама­нат хабар жеткізген адамды монғолдардың дәстүрі бойынша құрбандығы үшін қоса көметінін Кетбұқа білетін.

Бірақ аңызға айналған бұл оқиға ұзақ күттірмеді. 1227 жылы Шыңғыс қаған Тибетке жорыққа аттанғанда, ұлы Жошы Бетпақдалаға құлан аулауға саятқа шықты.

Жасынан аңкөс Жошы Бетпакдаланың жиегін ала аран қаздырып, қысқы қансонарда құлан аулауға шықты. Ханның жарлығына дәт айтатын кез емес. Әрі қыстық соғымды қамтып қалу үшін ат жалын тартып міне алатын бар жігіт саятқа аттанды. Ұланғайыр даланы дөңгелей қоршап, көлденең қазылған аранға қарай құландарды жосылта қуды. Түздің тағысы жолындағы аң атаулының бәрін үркітіп, кейін таптап, кейін қалың үйірдің арасында солармен қоса жортып, апанға тақады. Сытылып шыққан ақбөкен, елік, қасқыр, түлкілерді аңшылар бір-бірлеп соғып, қанжығасына байлады. Мұндай олжаға бұрын-сонды батып көрмеген жұрт аранға құлаған құландарды бауыздап, үлес қамына кірісті. Сол кезде бір ақсақ құлан қаумалаған жұрттың арасынан ытырыла қашады. Нөкерлеріне қайыру бермей, кең далаға көсіле шабады. Аңның қызығына әбден берілген Жошы түз құланының соңынан тұра қуады. Мінгені құлан мен жылқының буданынан шыққан тарпаң еді. Монғолдар ұзақ жорыққа төзімді бо­лу үшін жылқысын тағы құландардың үйіріне қосып, одан туған құлынды тай кезінде ғана үйрететін. Ал Жошының астындағы тарпаң бестісінде ғана жүген көрген еді. Қиқуға әбден желіккен тарпаң тағы құланның соңынан, өр-еңіс, ор-жазық демей құйғытады. Жасақтардың ешқайсысы оған жете алмай, ханнан да, құланнан да көз жазып қалады. Үш күн іздегенде, әр жерде шашылып жатқан киімдерімен қоса, Жошының денесін тауып алады. Асау тарпаң құланның үйіріне қосылған соң, иесіне ерік бермей, түз тағысымен қоса еліріп шаба берген. Қолы қарысып, қалың шаңға қақалған Жошы ақыры естен танған. Үзеңгіге аяғы ілініп қалып, сүйретіліп өлген. Өзіне қауіпті жауды тарпып, шайнап өлтіретін кекшіл құлан тұқымы Жошының өлі денесінің де быт-шытын шығарған. Тек тізгінге қарысып қалған оң қолы қолқасынан үзіліп, сол күйі тарпаңның басында кеткен. Сөйтіп, Жошының сыңар қол денесін ғана жерлеген. Аңыз бойынша, құлынын өлтіргенін көрген ақсақ құлан ен далада шайнап өлтіріпті-міс дейді. Аңыздың аты – аңыз, әрине.

Қағанның қаһарынан үрейленген халық Жошының қазасын естіртуден қатты қорқады. Естірткенге де – өлім, естіртпесең де – өлім. Сонау Тибет шекарасындағы Шыңғысқа қыс ішінде жету де қиын. Бармаса, бүкіл елді қан қақсатып, Жошының кегін қуып, жаппай қырады. Ақыры елінің еңкейген еңсесін көтергендей боп, Кетбұқа қаған ордасына аттанды. Дәл сол кезде, 1226 жылы күзде, таңғұттарға жорыққа аттанып бара жатып, шұбар атымен құлан аулауға шыққан Шыңғыс хан да аттан жығылып, талаураған денесін көтере алмай қалған еді. Оның үстіне, таңғұттың Бұрхан ханы мұның елшісіне кекетіп сөз айтып, мазақ қып қайырды. «Өлсем де, бұл салмақты мысқылды көтеріп өлмеймін. Жасаған тәңір ием, қолдай көр», – деп шаптығып отырған шағында Жошының қазасын естіртуге Кетбұқа келіп жетті.

Шыңғыс қағанның қаған аталғанда шығарған жарлығы бойынша ордаға «асығыс хабармен келген кісі алдымен сақшыға хабарлап, үйдің сыртында сақшының қасында түрып, сөзін айтатын» («Құпия шежіре»). Ұлы әміршінің өзі де талмаусырап, жаралы қасқырдай күйініп жатқанын естіген Кетбұқа жаманатты бірден естіртпей, дәстүр бо­йынша қаза иесінің көңілін жұбату үшін қобызын қолына алып, орданың сыртында тұрып зарлата жөнелді.

Ащы дауысты қобыз аңырап қоя бергенде-ақ, Шыңғыс хан Жошының қазасын естіртіп отырғанын сұм жүрегі сезді. Өзі де ажалмен бетпе-бет кеп арпалысып отырғанда, мынау ішегі үзілердей боп күңіреніп, жүрек тамырынды солқылдата тартқан қаза... қазаның үрейлі үні жанын қолқасымен қоса суырды. «Ах!» деп жалыны сыртқа шыға күрсінгенде, қобыз үні тына қалды. Мұқым дүние тылсым күйге түсті. Іштен «Айт!» деген дауыс естілді. Дәті жетпеген Кетбұқа тағы да қобызын сарнатты. «Айт!» деген сөз тағы естілді. Енді амалы қалмаған Кетбұқа даусын созып:
Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, а, ханым!

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, а, ханым! – деп барып тоқтады. Теңізі – Шыңғыстың қағанаты, былғанғаны – қаралы хабар, қасірет. Терек – үлкен ұлы Жошы, құлағаны – өлгені... Монғол салтыңда өлген адамның естіртуін айтқанда жауапсыз қалдырмайды. Тек дұшпанын ғана жоқтамайды. Шыңғыс хан да сол дәстүрді тұтынып:
Теңіз түптен былғанса,

Тұндырар ұлым Жошы-дүр.

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр! – дегенде, Кетбұқа «ендеше» дегендей, тағы құланның шабысын, аң қуғанның айқай-шуын, тарпаңның өлі денені тепкен аяғын қобызбен жеткізіп, ең соңында тырс еткізіп ішегін үзіп жіберді де, үнсіз қалды. Қазаны естіртті. Енді көңіл айтуға болады. Сәл тыныстап барып:
Ақсақ құлан шошыған,

Таудан төмен жосыған.

Балаң өлді – Жошы хан,

Нанбайсың ба осыған?

Арымайтын семіз жоқ,

Құрымайтын теңіз жоқ,

Өзіңе берсін денсаулық! – деді де, қобызды сақшының қолына ұстатты. Көмейінен зар құйған қобызды көлденеңдей алдына тартқанда:
Құлынын алған құландай,

Құлынымнан айрылдым.

Айырылысқан аққудай,

Ер ұлымнан айрылдым!

Қарағымның қазасын сен бе едің естірткен? Мына қобыздың шанағына күміс балқытып құйыңдар! –деп Шыңғыс хан өксіп жіберіпті.

Сөйтіп, қобыздың арқасында Кетбұқаның өзі де, артында аңырап қалған халқы да қағанның қаһарынан аман қалыпты. Тек содан бері қобыз бен домбыраның шанағы ойылып жасалатын болыпты-мыс. Бұдан күй аспабы ұтпаса, ұтылған жоқ. Дауысы бұрынғыдан бетер күмбірлеп, күңіреніп шығатын болды. Кетбұқаның «Ақсақ құлан», «Жошы хан» күйлері туралы аңызы мұнымен бітпейді. Тіпті табиғаттың өзге де тосын құбылыстарын байланыстырған әфсаналар өте көп. Жошының қазасының себептерін де қиссаға айналдырған жайлар болған. Соның ең бір көркемі – ақиық ақын Қалижан Бекхожиннің «Ақсақ құлан» дастаны. Біз соның ішінде Ақселеу Сейдімбековтің «Күй – шежіре» атты кітабындағы екі аңызды баяндап өтпекпіз.

Әлқисса, қаралы хабарды естіген соң, Шыңғыс хан төсектен басын көтермей, құсаланып жатып алса керек. Көкірегін қайғы кемірген қаған ешкімді қабылдамапты. Көңіл айта келгендерге тіс жармапты. Әлемді алақанында ұстаған Шыңғыс ханның қаһарынан сескенген нояндар да оның жанына түскен уытты қайтара алмапты. Дүние тынышталып, демін ала алмағандай тылсым күйге түсіпті. Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі, Жошының шешесі Бөрте ханымның өзі қағанның ордасына келіп, оны былай деп жұбатыпты. Жай сөздің сергітпесін білген Бөрте ханым Шыңғысқа:

– Хан ием, сен қара жамылып, қайғырып жатқаныңда ел арасына жік түсті. Дау-дамай қаулап кетті. Соған басу айтпасаң болар емес. Басынды көтер, – дейді.

Бұған елең ете қалған Шыңғыс хан шынымен елегізіп:

– Таңертең айтқандарынан түсте, ал түсте айтқандарынан кешке тайқып шығатындары ұят емес пе бұлардың. Қырыстанбай жүрсе, Шыңғыс қағанның үрім-бұтағына кім тиіспек? – дейді. Сонда:

– Хан ием, бұл дауға шешім айтпасаң, бұдан былай бұлттай денең бұлғаң етсе, бұлар еліңді билете ме? Осыдан былай ожар денең оқыс болса, отаныңды отамай ма? Құзарда өскен самырсындай көп бауырыңның сағы сынбай ма? Өштес болған бұл құл-құтан өсіп-өнбей толыспаған, көкөрім балбөбегіңе көп елінді билете ме? – деп тақпақтай жөнеліп, Шыңғыс ханның назарын өзіне аударады. Содан кейін барып қағанның аңысын бағып отырған Бөрте үжін мынадай әңгіме айтады.

– Сенің бір нояның өзінің алтын тізгінді досына өзі олжаға түсірген алтын-күмісін сыйға тартыпты. Ол бұл олжаның қарымын бір реті келгенде қайырар деп үміттенеді. Алайда арада қаншама жыл өтсе де, әлгі ноянның досы бұған ешқандай ілтипат көрсетпепті. Досына көңілі қалған ноян ренжіп, өзінің берген олжасын қайыруды талап етіпті. Анау қайырмайды. Билер де әділ билік айта алмапты. Бір бөлегі олжаны «қайырып берсін» десе, екінші жартысы «жоқ, олжа сұраусыз» депті. Осы дау еліңді екіге бөліп, егер қып тұр. Қайсысынікі дұрыс? Бергендікі ме, алғандікі ме? Соны айтшы, хан ием? – дейді Бөрте үжін.

Шыңғыс хан Бөрте үжіннің түпкі ойын аңғармай:

– Е, олардың мұнысы несі? «Жеті қат жер тулақтай ғана боп тұрғанда кездесіп ем олармен. Шалқар дария бұлақтай боп тұрған шақта достасып ем олармен». Билік әділ болмаған екен. Сый мен олжаны ала білген кісі оның қарымын қайтара да білуі керек. Алаған қолым – береген емес пе! – деп қалады.

Бөртенің ел ішінде болмаған дауды ойдан құрастырып айтқандағы күткені осы сөз болса керек. Бөгелместен:

– Хан ием! Сен де сол нояндарыңа ұқсап тұрсың. Сенің де ісің дұрыс емес екен ғой онда. Елінді иесіз қалдырғаның Тәңірінің жолы емес көрінеді онда. Себебі: Тәңірім саған жұбанышың болсын деп бала берді. Ол ер жетті. Жұмсап, қызығын көрдің. Атсаң – жебең, шапсаң – қылышың, ұшсаң – қанатың болды. Тәңірімнің саған берген сиын енді сенің де қайтаратын кезің келген екен. Құдіреттің күшіне бойсұнып, ісіне көну керек. Тәңірім саған Жошыны сыйлады. Енді сол сиын мерзімі келгенде сен де қиналмай өзіне қайтара біл! – деп Шыңғыс қағанның есін жиғызып, қайғысына тоқтау салған екен.

Аңыздың аты – аңыз. Сондықтан да айта кететін бір жай, Шыңғыс хан Тибетке аттанғанда өзімен бірге Бөрте үжінді емес, сүйікті ханымының бірі Есүйді ертіп жүрген. Мұны «Монғолдың құпия шежіресінен» білуге болады. Құланның қыспағында қалып, астындағы теңбіл шұбар жалт бергенде жығылған Шыңғыс ханды таң атқанша күтіп, таңертеңінде: «Ей, ұландар, нояндар! Кеңес құрып, ақылға салындар! Қағанның денесі талаурап, түнімен қызып шықты», – деп хабар берген адам осы Есүй ханым. Әрі сол кезде Бөрте үжін кексе тартып, жорыққа шығатын елгезек қимылдан айырылған шағы еді. Сондықтан да жаңағы сөзді Есүй ханымның айтуы әбден мүмкін. Кетбұқа жырау осы жайдың куәсі болғаны анық. Сонау Тибеттің түпкірінде айтылған бір ауыз сөздің қазақ даласына жетіп, ұрпақтан ұрпаққа өтуінің бір сыры сол болса керек. Жошының қазасын естірткен Ұлы Жы­рау хан ордасы маңындағы барлық оқиғаны Сарыарқаның сайын даласына аңыз ғып таратқан. Әфсана қисыны соған жетелейді.

Ал екінші аңыз Ақселеу Сейдімбековтің «Күй – шежіре» атты кітабында былай баяндалады:

«Сол кезде Шыңғыс ханның Домбауыл деген адал берілген құлы бар екен. Бала кезінен көз алдында өскен Жошыға деген Домбауылдың көңілі алабөтен болса ке­рек. Жошының өлімінен кейін Домбауыл ант суын ішіп, жер бетінен құлан тұқымын құртпақ болады. Сөйтіп, байтақ даланың шығысын орап, Тарбағатай тауынан Іле өзеніне дейін құлан өте алмайтын ор қазады. Батысында Құланөтпес, Терісаққан өзендерінің арнасын терендетеді. Сонан соң Қабанқұла, Әңкей, Бөкен деген үш тұлпарды баптап, құлан аулауға шығады ғой. Батысы мен шығысы орланған құландар үйір-үйірімен Бетпақтың шөліне жөңкіледі. Домбауылдың күткені де осы. Шөлге шығандатып, шалдыққан құландарды Домбауыл аяусыз қырады. Бетпақтың байтақ даласы қан сасиды.

Содан, күндердің бір күнінде Домбауылдың салған сүргінінен бес құлан сытылып шығып, Шу өзенінен әрі өтіп кетеді. Шудың табанына жете бере, Қабанқұла шөлден ұшып өледі. Әбден титығына жетсе керек, кешікпей-ақ Әңкей де зорығып өледі. Кейін жаңағы аман қалған бес құланнан тұқым тарап, кең дала қайтадан құланға толған екен дейді.

Міне, өткен өмірдің жаңғырығындай осы оқиғалардың айғағы сияқты «Ақсақ құлан» күйі сахара төсінде атадан балаға мирас болып қалған.

Аңыздың астарында ақиқаттың ізі бар. Күні бүгінге дейін Ұлытаудың төңірегінде қиырдан көз тартып Жошы ханның мазары тұр. Сол Жошы хан мазарын өлгеннен кейін де қорғап жатқысы келгендей, дәл жанында Домбауылдың кешені асқақтайды. Ұлытау жерінде тұрған Дүзен моласының шығысында Ақсай деген өзек созылып жатыр. Сол Ақсайдың басын «Дабыл қорасы» деп атайды. Бұл – Жошының құланға дабыл қаққан жері. Дәл осы манда «Топырақ суырған» деп аталатын ойпаң бар. Жошының құлан таптап кеткен денесін осы жердегі топырақ арасынан тапқан соң солай аталып еді, дейді.

Ал Тарбағатайдың Іле өзеніне дейін қазылған құлан өтпес ордың сорабы әлі бар. Оны кезінде Уәлиханов Шоқан да тамсана жазған. Сондай-ақ, Шу бойындағы «Бесқұлан», «Қабанқұла», «Әңкей», «Бөкенсан Нұрасы» деген жер аттарын естігенде, апыр-ай, ата-бабамыз өз тарихын дала төсіне тарланның тұяғымен жазғандай-ау, – деп қайран қаласың. Ол аз десеңіз, Ұлытаудың басын алып, солтүстікке қарай ұмсына созылған Құланөтпес, Терісаққан өзендерін көргенде, аңыздың ақиқаттан туғанын мойындамасқа шараңыз қалмайды.

Бұл да ештеңе емес-ау, Ұлытау төңірегінің хат танымайтын қарттары айтатын әңгіме сорабының ту-у сонау XIII ғасырда өмір сүрген араб жиһанкезі Ибн аль-Асир жазып қалдырған деректермен үндес шығатыны немесе XV ғасыр мұрасы «Түркі шежіресінде» қайталануы адам айтса нанғысыз құбылыс сияқты. Бірақ, ақиқаты солай («Күй – шежіре». 149-150 беттер).

Шындығында да, Ақселеудің танданса таңданатындай жөні бар. Ал осы аңыздың бәрі де Кетбұқаның өмірінен хабар беретін дерек көзі, сол заманның шындығы және куәсі болып табылады.

Тағдырдың зауалы бір төнсе, үйіріліп тұрып алады. Сол жылы, 1227 доңыз жылы, шілденің он екісі күні Шыңғыстың өзі де жан тапсырды. «Әміршіні алтын табытқа салып, қазақ күймесіне тиеп, денесін жасырын көмді» («Құпия шежіре»). Бұл қаралы қазаға Кетбұқа қатысты ма, жоқ па, беймәлім. Әйтеуір, келер жылы жазда Жошы ханға Кеңгір өзенінің бойында күмбез соқтырғаны анық. Жошының орнына ұлы Батый отырды, бірақ оның тікелей ел билеуге мұршасы болмай, ғұмыры шапқыншылықпен өтті. Қазақ жұртының Ұлығ биі Кетбұқаға түмен нояны атағы беріліп, қыпшақ даласының ел атасы атанды. Сөйтіп, би, абыз, жырау Кетбұқа саяси билікке араласып, бір кезде өзі қарсы күрескен қағанаттың қайраткері боп шыға келді. Мұның астарында өз елінің мүддесін көздеген игі ниет жатқан еді.

III
Ұлы құрылтай 1253 жылы Онон өзенінің жағасында өтетінін, сонда қаған сайланатынын естіген Батый ата мекенге жол жүруге шұғыл дайындалды. Ол орыс кінәзі Александр (Невский) мен ұлы Сартақты анттастырып дос етіп, өкіл баласы ретінде бауырына басты да, екеуіне Неврюй ноянды кеңесші сайлап, сапарға шықты. Жолай қыпшақ даласын кесіп өтіп, Ұлытаудағы әкесі Жошы ханның күмбезіне мінәжат қып, Ұлығ би Кетбұқа ноянды өзімен бірге құрылтайға ертіп әкетті. Батыйдың күшімен оның жақтасы Мөңке ұлы қағандыққа сайланды. Сол құрылтайда Қытай мен Иерусалимдегі соғысты аяқтау туралы шешім қабылданды. Шын-машынға – Құбылай, Палестинаға Құлағу аттанатын боп бекітілді. Шаман дінін пір тұтатын Құлағудың қасына сол елдің салтын, дәстүрін, ислам шариғатын білетін ғұлама, тәжірибелі әрі сенімді кеңесші іздестірді. Батый бұл лауазымға мұсылмандықтың шартын жатқа айтатын және жасақ құрамындағы керей, найман, қыпшақ, қоңырат, жалайыр, қаңлы әскерлерінің табынатын көсемі Кетбұқа ноянды ұсынды. Алпысты алқымдаған, қызбалығы жоқ, мәмігерлік тәжірибесі мол, Шыңғыс ханды да, Жошыны да көзі көрген бұдан артық адам табыла қоймайтын. Құрылтай бекітті, ал ол шешімге қағанның өзі де қарсы тұра алмайтын. Кетбұқа ноян бұған амалсыз көнді. Бас тартса: «Е, ұлы әкеміз ұстатқан алтын тізгінді үзгің келе ме? Еркінсіген екенсіндер, ендеше, ұмытқандарыңды есіңе салайық», – деп халықты тағы да жаппай жазаға тартатыны анық. Тағдырдың жазғанына көнгеннен басқа лажы жоқ.

Иерусалимге жасалатын жорық ұзақ әрі сондай тиянақты дайындалды. Құлағудың қасына пұтқа табынатын ұйғырлар, тибеттіктер, қытайлар шақырылды. Сенімді лауазымдарға керейлер мен наймандар қойылды. Өйткені «Құлағудың әйелі Тоғыз хатун христиан ағымындағы ке­рей қызы еді де, штаб бастығы найман Кетбұқа ноян несториандық бағытты пір тұтатын, сондықтан да олар өзінің дініндегілерді маңайына топтастырды», – дейді ғұлама Лев Гумилев. Оған қоса, дәл сол кезде Мөңке қағанның ордасына Кіші Арменияның патшасы Гетум І келіп, жеті түрлі шарт бойынша уағдаласып, мұсылмандарға қарсы одақ құруды ұсынғанын айта келіп, «бұл жорық қасиетті жерді исламнан азат ету үшін» жасалған деп тұжырымдайды. Гетум-І Мөңке қағанға: 1. Барлық халықты шоқындыруды; 2. Христиандар мен монғолдарды татуластыруды; 3. Дінбасыларын салықтан құтқаруды; 4. Христиандардың қасиетті жерін қайтаруды; 5. Бағдат халифін құртуды; 6. Барлық әскер басыларының мұның жарлығын орындауға жарлық етуін; 7. Мұсылмандар тартып алған армян жерін қайтарып беруді шарт қып қояды. Ол келмей-ақ, Иерусалимге аттануға шешім қабылдаған Мөңке қағанға Гетум-І-дің бұл ақылының қажеті жоқ болатын. Зады, құрылтайдың кесімін естісімен, оның алдын алуға ұмтылған армянның айласы болу керек. Бірақ одақ құруды Мөңке мақұлдады.

Алайда бұдан Құлағу мен Кетбұқа христиан дінін ғазауаттан құтқару үшін Палестинаға аттанды деу әбестік. Өйткені христиан дінін уағыздаушы Марко Полодан бастап, қаншама «крест жорығының» тақуалары керей мен найман ішінен шоқынған елді, шіркеуді іздесе де таппаған. Тек ел аузындағы лақапты жиып алып, соны жалғанға жайған. Ондай мемлекеттік діннің болмағанын, тек Жібек жолымен келген көпестерге арналған шағын орынның болғанын, ол мақсаты өмірде «Болмаған патшалықты іздеу» (кітаптың аты) екенін Лев Гумилевтің өзі де мойындайды. Ал бір адамның не болмашы топтың сенімі төрткүл дүниедегі діннің барлығын дәргейінде ұстаған қағанаттың мемлекеттік саясаты болмайды. Оған, өзгені былай қойғанда, Орта Азия, Иран, Әзірбайжан, ұйғыр, қыпшақ мұсылмандарының қарсы көтерілетіні аян және Шыңғыс ханның өзі діни бостандық жариялады емес пе? Тоғыз хатун несториандық сенімде болған шығар, бірақ Кетбұқаны дәл сол кезде оған жатқызуға болмайтын. Өйткені Жошы хан дәргейіндегі ұлысын мұсылмандардың одағы деп жариялап, өзі де сол дінді қабылдаған. Оның Ұлығ биі Кетбұқаның одан сырт қалуы мүмкін емес. Дешті қыпшақ дерліктей Мұхаммедтің үмбетіне көшкен. Оған Қожахмет Иассауидің сопылық мектебі де дәлел. Демек, ғұлама Гумилев дәл осы арада өзі тұңғыш рет ғылыми айналымға түсірген Кетбұқаның бұрынғы өмірін ескермей, ғылыми «ет қызулық» жасаған. Батый да, Мөңке де, Құлағу да Кетбұқаны сол ислам дінінің шариғатын білгені үшін, жергілікті мұсылмандармен тіл табысу үшін таңдап алған.

Жорықтың өте жауапты екенін білген Құлағу Кетбұқаның кеңесі бойынша оған үш жыл дайындалды. Мұндай тиянақты дайындық бұрын-сонды жүргізілмеген еді. «Мал өрісін қалың әскердің ат тұяғы таптамас үшін алдын ала жасақтың жүретін жолы белгіленіп, ел-жұрт көшірілді. Өзендерге көпір салынып, бекет-бекетке азық-түлік қоймасын ашты. Қытайдан қамал бұзатын қару-жарақ жасайтын қолөнершілер шақырылды. Асықпай қозғалған әскер 1256 жылы ақпанда ғана Әмударияның сол жақ жағалауына өтті. Оның есесіне, 1257 жылы Ирандағы исмаил әулетінің барлық қамалын жермен-жексен етіп, 1258 жылы қаңтарда Бағдатты алды» (Л. Гумилев).

Сонда Мөңке қағанның осыншама шығын жұмсап, Құлағуды тек Иерусалимге аттандыруына не себеп болды? Тек дін ғана ма? Жоқ. Кез келген соғыстың мақсаты, өктемдікпен қоса, олжаға да негізделеді. Ендеше, Шормаған хоршы Бағдат еліне алғаш жорық жасағанда, «олардың жері жақсы, бұйымы асыл» екендігін білген Үгедей қаған: «Шормаған хоршы, сол жерге әмірші (мөрші) болып, асыл алтын, аптаған бұйым, парша зер, жібек, меруерт, маржан, бойы сұңғақ, аяғы ұзын арғымақ, жүк артатын түйе, қашыр тәрізділерді жыл сайын жіберіп тұрсын» деп әмір береді («Құпия шежіре», 274-бет) деген сөздің 1241 жылы Гүйік қағанның өліміне байланысты толық жүзеге аспай қалғанын ескерсек, сонда бұл жорықтың мәнісі ашылады. Монғолдар басталған жорықты аяқтамай қоймаған. Оған Батый мен Құбылайды қайтадан бірін – Еуропаға, бірін – Қытайға шабуыл жасауға жұмсағанынан-ақ байқауға болады.

Бір жылдың ішінде мұсылман елдерін таптап өткенін көрген христиандар ата жауын құртқан Құлағудың әскерімен одақ жасасты. Армян патшасы Гетум-І мен Ан­тиох кінәзі Боэмунд-IV монғолдарға қосылды. Соның нәтижесінде 1259 жылы күзде Египетке бір-ақ жетті. Ең соңғы мұсылман мемлекетінің мойнына семсер төніп тұрғанына қуанған Батыс Еуропадағы христиандар Құлағу мен Тоғыз хатунды Константин мен Еленаға теңеп, «егерде монғол әскері шекараға ілінсе-ақ, Христостың қызметшілерін соғыс майданынан көреді» деді. Кетбұқа ноянның кеңес ордасы Иерусалимге ту тігіп, Тир, Сидон, Акра қамалына орналасты. Ал өз еркімен берілген жауға Шыңғыс дәстүрінде барынша құрмет көрсетіледі. Сондықтан да Иерусалим королінің әскері монғолдың оң қанаттағы қолы боп бекітілді.

Міне, дәл осы кезде Құлағудың ең соңғы шешуші майданға шығуына екі үлкен кедергі кездесті. Жаз айында монғол қызына үйленген грузиннің Ұлы Давид пен Кіші Давид патшалары көтеріліске шықты. Құлағу соларға аттанды. Екі патша да халқын қырғынға тастап, қашып кетті. Лев Гумилевтің пайымдауынша: «Патшалардың ақымақтығы Грузияны қызыл қанға бөктірді, ал христиандардың мүддесі мүрдеге айналды. Өйткені монғолдар Грузияның әскерінен сүйеніш тауып, Палестинадағы әрбір жауынгерді аман сақтаудың орнына, бар күшін олардың өзін талқандауға жұмсады. Жағдайдың дәл осындай боп қалыптасуы жаужүрек мамлүктердің пайдасына шешілді». Біздің қосарымыз, дәл осы деректен Құлағудың да, Тоғыз хатунның да христиан діні үшін күреспегені көрінеді. Әйтпесе, мұсылманның езгісіндегі грузиндер оларға діни бостандық әперуге келген адамға қарсы шыға ма? Кетбұқа ноян бұл жазалау жорығына қатыспады. Ол Иерусалимде қалды.

Күзге қарай Құлағу қыпшақ мамлүгі Құтіз билеген Египетке жорыққа аттанғалы жатқанда, Мөңке қағанның қазасы туралы хабарды естіді. Мұндай қаралы мезетте барлық іс-әрекет тоқталып, Шыңғыс тұқымының бірі қалмай, құрылтайға қатысуы тиіс еді. Оның үстіне, жаңа қағанның кім боп сайлануы Құлағу үшін шешуші мәселе еді. Сондықтан да Құлағу илхан әскерін Иранға әкетті де, тек Кетбұқа ноянға қарасты 20 мың жасақты Палестинада қалдырды. Құлағу ордаға аттанарда:

– Мөңке қағанның жаны Көк Тәңірімнің қасына қонақтаған екен. Бірақ алтын бұғауының кілтін маған беріп кетті. Сол кісеннің кілтін әкем Шыңғыстың, ағам Жошының, Мөңке қағанның алтын айдарын көрген саған тастаймын. Жыл өтпей қайырылғанда қолыма тапсыр. Қамалдарды қадағала. Құтіз бен Бейбарыс қыпшақтан шыққан. Солармен мәмілеге келе тұр, – деді.

Кетбұқа ноян Илханға қарсы уәж қайырмады. Ол өзіне осыншама шексіз билік әперген Мөңке қағанның әмірлік пайзісі – «алтын шынжыры» сол Мөңкенің өлімімен бірге үзіліп түсетінін білген жоқ. Өйткені бір кезде осыдан отыз жыл бұрын бұлардың мойнына қамыт кигізіп, құлдыққа сатқан монғолдардың қорлығын мамлүктер ұмыта қойған жоқ болатын. Туған жерден айырғанына кектенген олар өліспей беріспеуге серттесті.

Бұл арада сәл тарихи шолу жасауға тура келеді. Себебі: Құлағу бастаған әскерлердің дені қыпшақтар еді. Ал мамлүктер де түркі тұқымынан болатын. Қандары бір адамдар неге сонау алыс жерде бір-біріне қарама-қарсы тұрып, қан майданда бірін-бірі жер жастандырды деген сұрақтың қойылуы орынды. Оның астары өте теренде және дербес әңгіменің арқауы. Алайда бұл арада қысқаша ғана тоқталып өтеміз.

Дүние тарихындағы ең бір қанқұйлы дәуір атанған X-XIII ғасыр адамзат баласы бұрын естіп-білмеген тосын оқиғаларға толы болды. Таяу Шығыстағы мұсылман мен христиандардың арасындағы жанкешті шайқастар үздіксіз жалғасып отырғандықтан да «қасиетті жер» әбден қанға бөгіп еді. Иерусалим шаһары біресе мұсылмандарға, біресе христиандарға қарады. Ал Египет мемлекеті өзінің үстемдігінен айырылды және де сауда-саттықты, көпестікті кәсіп еткен фаллахтар қазынаға салық төлеуді ғана білді. Олар ешқандай әскери іске араласқысы келмеді. Соның салдарынан ежелгі Египет басыбайлы мемлекетке айналмас үшін Салах ад-диннің тұқымдары жалдамалы жасақ ұстауға мәжбүр болды. Оларды мамлүктер, яғни, мемлекеттік жасақтар деп атады. Мамлүктердің дені тұтқынга түскен не құлдыққа сатылған түркілер еді. Әсіресе монғол шапқыншылығы тұсында олардың саны күрт өсті. Өздерінің қол күшіне сенген мамлүктер бірте-бірте мемлекеттің билігін өз қолдарына алды. Мұсылман дініне кірген мамлүктер өте ұйымшыл, ержүрек, әскери іске өте қабілетті еді. Иерусалимге бекінген Кетбұқаның әскері өзінің қандастарының мүмкіндігін бағаламады және олардың христиандар үшін жаны неге күйетінін түсінбеді. Еш қауіп күтпеді. Сондықтан да: «Сириядағы монғол әскерінің қолбасшысы Кетбұқа ноян өзінің шағын қолымен (Киракостың есебінше 2 000, ал Гайтонның есебінше 100 000 мың) Баалбектің түбінде қаннен-қаперсіз тұрды. Шығысында оларды шөл қорғаса, батысында христиандардың қамалдары қоршаған еді. Өкінішке қарай, Кетбұқа шөлдің жағдайын жақсы білгенімен, христиан серілерін білмейтін. Бұларға шабуыл жасаған монғолдар сияқты мамлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал әскери талантқа келсек, қыпшақ Құтіз бен Бейбарыс найман Кетбұқадан кем түспейтін» (Л. Гу­милев) .

Кетбұқаның қазасына себепкер болған оқиға оқыстан және ханзада басымен қарақшылық жасап жүрген Сидонның әміршісі Жюльеннің арандатуы арқылы басталды. Ол кезде Кетбұқа Баалбек шаһарында қаннен-қаперсіз әскерін тынықтырып жатқан болатын. Өшіккен екі діннің өршіген қақ ортасында қалған қарт әскери қолбасшы шағын жасағын қамалға орналастырды да, тек қала тәртібін қадағалайтын сақшыларды ғана сақ ұстады. Құлағу келгенше қалай да тыныштықты сақтауға тырысты. Кенеттен христиандардың қамалы Сидоннан суық хабар жетті. «Сидонның әміршісі Жюльен билікті атасы мен әкесінен мұрагерлікке алып еді, алғашқысы мұсылмандарға, екіншісі – империялықтарға қарсы шайқасқан болатын. Аяқ-қолы батпандай, алып денелі Жюльен қанша батыр болса да, әбден бұзылған адам еді. Құмар ойыны мен зинақорлық жолға түскен ол қарыздан құтыла алмайтын, тіпті, өзінің бибісі Сидонды да ұттырып жіберді. Р. Груссе оны «ауыр денелі, жел басты» деп атады. Ол өзінің қарызынан тонаудан түскен олжа арқылы құтылып отырды. Өзінің ағасы билік ететін Тир аймағын торуылдап қайтып келе жатқан жортуылында ...Кетбұқаның немересі шағын жасақпен сидондық қарақшының соңынан қуа жөнелді. Ол жағдайды реттеп, тұтқындарды босатып, тоналған заттарды қайырып алмақ болды. Монғол жасақтарының аз екенін көрген қарақшылар атының басын кері бұрып, оларға қарсы жүрді де... барлығын қырып салды. Алғашқы сатқындық осылай басталды».

Лев Гумилевтің пайымдауынша, ұрпағы үшін ғұмыр бойы арпалысқан Кетбұқаға немересінің өлімі Мөңке қағанның қазасынан кем әсер етпеді. Қарт жүректің басына запыран толып, өз баласын өзі ажал аузына бастап әкелгеніне назаланған Ұлығ кеңесшінің ашуға ерік беруі табиғи. Бұл оқиға Кетбұқаның христиандарды қорғау үшін Иерусалимге келмегенін дәлелдейді. Әйтпесе, азаттық әперген әскерге Сидон әміршісі неге қол көтереді? Олар мұсылмандармен неге одақтасты? Бұл ұзын сонар мәселені ойлап, оқиғаның аңысын аңдамады. Себебі: «Кетбұқа француз емес, найман еді. Ол соғыстағы еркін қимылы үшін жазғыруға болмайтынын, ал сатқындықпен кісі өлтіргенді кешіруге болмайтынын білді. Сидон тұрғындары мол олжаны бөлісіп үлгермей жатып-ақ, қала қамалын монғол әскері қоршап алды. Сир Жюльен франктерге тән қайсарлық танытты. Ол тұрғындар аралға көшіп кеткенше Сидонды қорғай тұрды, ал монғолдар кемесі жоқ болғандықтан шарасыз күй кешті. Соңынан оның өзі генуялық кемеге отырып, тайып тұрды. Қаланың құрлықтағы бөлігі қиратылып, қамалдың қабырғалары жермен-жексен болды. Сидонның құлауын дүниеқоңыздыққа жатқызуға бола ма? Жоқ! Адамдардың арасындағы қарым-қатынасқа қарақшылық көпір бола алмайды. Қылмыстың аты – қылмыс, ол сөзсіз жазалануға тиісті. Сидонның құлағаны өкінішті, бірақ та монғолдардың Жюльенді ұстай алмағаны одан да өкінішті. Оның қайын атасы, армян патшасы Гетум-І: «Менің күйеу баламды ағашы ұзын, тұзағы қысқа дар ағашына асып қою керек еді деді» (JI. Гумилев). Қалай болған күннің өзінде, екі жақтың да беті ашылып, ашық майданға ұмтылды. Ал христиандардың өзі мұсылмандарға есік ашып берді. Құтіз бастатқан мамлүктерге екінші бір әскердің билік құрып тұруы ұнамады. Сондықтан да жауының жауына аттанды. Монғол нояны Бай­дар ол туралы Кетбұқага хабарлап үлгерді:

«1260 жылы 26 шілде күні мамлүктердің екпінді жасағы, ешқандай азық-түлік алмастан, Египеттен суыт аттанып, Синай шөлін желе жортып айналып өтті де, Газыдағы монғолдардың шағын шебін жойды... Бұл кезде Кетбұқа Баалбек шаһарында тұр еді. Тосыннан басталған соғыстың хабарын естісімен, ол өзінің әскерімен оңтүстікке, Назаретке қарай жылжып, қарсыласының шабуылына тойтарыс беруге ұмтылды. Ұзақ сапардан зорыққан мамлүктердің аттары әлсіз еді, ал ол кезде соғыстың тағдырын көлік шешетін, зорыққан ат – бүгінгі жанармайсыз қалған машина сияқты еді, Кетбұқаның бұл ойы өте дұрыс болатын. Несін айтасыз, Кетбұқаның есебі дұрыс-ақ еді, бірақ та ол аса маңызды ұсақ-түйекті ескермеді» (Лев Гумилев).

Шындығына келгенде, Кетбұқаның ескермегені «ұсақ-түйек» емес еді. Иерусалимдіктер Құлағуды және ол орнына тастап кеткен Кетбұқаны өздерін мұсылмандардан қорғайтын «құтқарушы» деп бағалағанымен де, оларға іштері жылымайтын еді. Бекзадалар мен көпестер сәл пайда үшін кімнің де болсын мүддесін сатып жіберетін. Олардың бұл сыры мамлүк жасағының қолбасшысы Құтізге мәлім болатын. Сондықтан да «мемлекеттік жасақтар» еш нәрседен тайсалмады. Емін-еркін билеп-төстеп Аккраға жетіп келді. Ойлағанындай...

«...олар тез тіл табысты: мамлүктерді құдайы қонақ ретінде қабылдап, әскерлерін азық-түлікпен, аттарын жем-шөппен қамтамасыз етті. Аккранның қорғаны ішінде тынығуға рұқсат берді, оны былай қойып, мамлүктердің көсемін қамалдың ішіне жіберіп, жақсылап тұрып сыйлады. Мұны көрген Құтіз Аккра қамалын жаулап алуды да ойластырды, бірақ та қала тұрғындары мамлүктердің жауынгерлерін бірде сыпайы түрде, бірде ашықтан-ашық жаулық ниетпен шет қақпайлай берді. Сондықтан да қамалдың ішіне көп әскер кіргізудің мүмкіндігі болмады. Өзгені былай қойғанда, Аккраның селтеңбай жауынгер серілері мамлүктермен саудаласуға дейін барды: мамлүктер монғолдардан олжаға түсірген аттарын оларға арзан бағаға сатпақ болды. Әрине, бұған мамлүктер келісім беруін берді, бірақ та кейін уәделерінен тайқып шыға келді. Өйткені дала тарландарына ақсүйек саудагерлер сондай жеккөрінішті көрінсе керек».

Міне, Кетбұқа ноянның қателігі осында еді. «Жат жарылқамайды». Бірақ мынау тілі, діні, қаны бөлек елде тағдырдың жазмышымен өз қандастары «өзекке теуіп» тұр еді. Жалпы алғанда, иерусалимдіктер үшін дүниені тітіренткен түркілердің бір-бірін қылыштап құртқаны әлдеқайда тиімді болатын. Сондықтан да Кетбұқа сияқты «одақтасты» сатқаны үшін өздерін Иса пайғамбардың алдында ар-ожданым күнәға батты деп ойламады да. Ал Құтіз бастаған мамлүктер өздерінің құлдыққа сатылуының бір себебін монғолдардан көрді. Елінен, жерінен, ата-анасынан айырған зауалды күш осылар деп ұқты. Өмірдің тауқыметін тартып, шынжырлы иттің күнін кешкен дала көкжалдарының бұл өшпенділігін де түсінуге болатын. Олар кектеніп өскен құлдар еді. Сонымен, даланың Ұлығ Жырауы Кетбұқа ноян кіндігін сол далада кескен қыпшақ Құтіз бен беріш Бейбарыстың әскеріне қарсы аттанды. Бұл кезде Кетбұқа әбден ашынып алып еді. Бұдан кейінгі оқиғаны Лев Гумилев былай суреттейді:

«Әскері мен аттарын әбден тынықтырып алған Құтіз франктердің иелігіндегі Галилейді басып өтті, сөйтіп, Дамаскіге төтелей шабуыл жасауды ұйғарды. Өзінің қарамағындағы монғол салт аттыларымен және армяндар мен грузиндерден құралған қосалқы жасақтармен аттанған Кетбұқа 1260 жылы 3 қыркүйек күні Айн-Жалудтің (Назареттің маңы) түбінде жау әскеріне тосқауыл қойды. Монғолдардың аттары жорықтан кейін бұрлығып қалып еді, бірақ та олар ешқашанда жеңілістің дәмін татып көрмегендіктен, көңілдеріне күдік алмады. Өздерінің құдіреті мен ер жүректігіне сенген олар қандары қыза алға ұмтылды.

Құтіз әскер санының басымдылығын пайдаланып, қос қанаттағы қолды тасаға жасырып қойды да, досы Бейбарыс қолбасшылық ететін негізгі күшті Кетбұқаға қарсы шығарды. Монғолдар шабуылға шығып, тағы да қыпшақтармен қылыш түйістірді. Бейбарыс шабуылды тойтарып тастады. Сол кезде қос қанаттағы әскерлер тасадан шығып, монғолдарды қоршап алды. Кетбұқа қалайда туды жаудың қолына түсірмес үшін шайқас алаңында ойқастай шауып жүрді, бірақ та оның астындағы атын мертіктірген мамлүктер ол жерге құлағанда жапа-тармағай бас салып ұстап, қолын қайырып тұтқынға алды. Әскерінің тас-талқаны шықты. Майдан даласынан қашқандар да аман-есен құтылмады. Олардың зорығып кеткен аттары мамлүктердің тың аттарынан қара үзіп ке­те алмады. Сарылардың жорығы қаралы аяқталды. Қолы байланған Кетбұқаны Құтіз сұлтанның дәргейіне әкелді. Тұтқынға түскен найман жеңіске жеткен құман-қыпшақтың бетіне тура қарап тұрып: «Құлағу хан Египеттің қақпасын қақ айыратын қалың салт атты әскермен келіп, сенің сазайынды тартқызады әлі. Мен өз ханыма адал қызмет еттім және ешқашан да ханымның қанына ортақтасқан жоқпын», – деді де ана тілінде сөйлей жөнелді:

– Сен, Құтіз, қаның қыпшақ болса да, қарғыбаулы төбетсің. Затың құл болмаса да, атың құл, мамлүксің – мемлекет құлысың. Кімнің жоғын жоқтайсың? Шаджарат сұлтаншаның етегіне жабысып, Тұран шахтың, одан Айбектің көзін құрттың. Шаджаратты зынданға салдың. Бүгін, міне, ата-тегіңнің аруағына сиынып келген өз еліңнің азаматын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да, есің бар­да еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл. Өлсең, мыналар сияқты жоқтайтын елің қалсын артыңда. Мен исі Дешті қыпшақтың Ұлығ биімін. Төрелігім мынау: «қарғыс, қарғыс саған!» – деп бетіне түкіріп жіберді.

Мұндай қорлыққа шыдамаған қандыкөз, қатыгез Құтіз қайқы қылышты суырып алды... Ілезде Кетбұқаның аппақ сақалын қан жауып, абыз денесі етпетінен сұлап түсті. Мына сұмдықты көрген Бейбарыс Құтізге кектене қарап, теріс бұрылып кетті. Сөйтіп, Дешті қыпшақтың Ұлығ биі Кетбұқа жырау Палестинадағы Айн-Жалуд қамалында, жас кезінде Отырардың түбінде Шығыс ханның тұтқынына түсіп, одан құлдыққа сатылып, ақыры Египеттің сұлтаны болған қыпшақ Құтіздің қолынан қаза тапты.

Екеуінің де тағдырын тәлкекке сап, Айн-Жалуд қырғынына тап қылған Шыңғыс ханның шапқыншылық жорығы еді. Кетбұқаның басын алған қатыгез Құтіз де жеңістің дәмін ұзақ татқан жоқ, қыпшақтың Ұлығ биінің қазасына кектенген беріш руынан шыққан мамлүк Бейбарыстың қадалған кездігінен қазан айында о дүниеге аттанды. Бірақ бұл Бейбарыстың Құлағудың дәргейін мойындағаны емес, қайта, қылышын қайрағаны еді.

Алтайда туып, Айн-Жалудте қаза тапқан Ұлығ би, әскери кеңесші, түмен-нояны Кетбұқаның аты кейінгі ұрпаққа ұлы жорығымен емес, ұлы жырымен жетті.

Алайда Ұлы Жырау, Аталық Жырау атанған Кетбұқа өзінің жорықтары арқылы әлем тарихына із қалдырды. «Кетбұқаның және оның сарбаздарының қазасы жай ғана қазалы оқиға емес, тарихқа бетбұрыс әкелген ұлы кезең еді, содан бастап заман екпіні басқа арнамен дамыды... Ал 600 жылдық құлдырауды тудырған сол бір сұм заман тарихтың ешқандай даму зандылығына жатпайтын. Түп тамырына үңілсек, оны тудырған тарихтың кездейсоқ қасіреті – Айн-Жалуд жазығындағы шайқаста сұлтан Құтіздің Кетбұқа ноянды жеңіп кетуі еді», – дейді Лев Гумилев ғұлама.

Аңызға айналған Кетбұқа жыраудың қазақ халқының тарихында ғана емес, дүние тарихындағы алатын орнын бұдан асырып бағалау мүмкін емес. Сондықтан да, Азаулы (Азов теңізі) мен Ыстамболдың арасын аузына қаратқан Доспамбет жыраудың:
Кетбұқадай билерден,

Кеңес сұрар күн қайда! – деп, даланың Ұлы Жырауын пір тұтуы негізсіз емес және орынды.

Тәуелсіз Ұлты мен Ұрпағы барда Ұлы Жыраудың аты өшпейді!





Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет