Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет5/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Кетбұқаның соңғы жорығы
Көшпелі өркениеттің құпия миссиясы

«Сендер, беттері былғарымен қапталған

жалпақ қалқанға ұқсас қысық көз қауыммен

соғыспайынша, Қиямет – Махшар күні келмейді.

Тағы да сендер, киіз етік пен киіз байпақ киген

қауыммен соғыспайынша, Қиямет – Махшар

күні келмейді».
Хадистен.

«Бүгінде әлемде көшпелі халықтарға орын

жоқ, оның үстіне оларды қолдан келгенше,

барлық амалды пайдаланып отырықшы

өмірге көндіріп жатыр, сондықтан

«доңғалақтың тоқтайтын кезі» де алыс емес.

Осылайша дәуірдің аяғына қарай

Қабыл Әбілді өлтіріп болады».
Рене Генон. «Сандардың патшалығы

және уақыт белгілері».

Қазір көптеген авторлар, олардың ішінде қазағы да, басқа ұлты да бар, қазақтың ұлттық тектестігі (идентификация) жайында, бүгінгі этникалық дезинтеграцияға, қожырауға, рухани дағдарысқа алып келген тарихи жолы жайында көп толғанады. Сыртқары жұрт, бұрындары Л.Н. Гумилев теріске шығармақ болған түрік – моңғол көшпелілері туралы айтылатын «қысас әфсананы» /«Черная легенда»/ қайтадан жандандырмақ болады. Мәскеулік Гейдар Джемаль ислам дүниесі атынан бізді Енжіл мен Құранда айтылатын «яжүж бен мәжүждерге» теңесе, белгілі мәскеулік саясаттанушы және мәдениеттанушы ағайынды Шукуровтар «жаны аши отырып» былай дейді: «Бірақ құдай түріктермен тілдеспепті, өзіндік ұлттық дін түріктердің маңдайына жазылмапты. Әбден қалыптанып үлгіге түскен өркениеттік жүйелер иерархиясына, ұзын саны онға толар-толмас жаратушы-халықтардың мыңдаған жылдар бойғы рухани тәжірибесінің нәтижесі болып саналатын мәдениет әлеміне ХХ ғасырда ғана еніп, өзіндік рухани болмыстан дәмелі екенін білдірген түріктердің енді ғана қалыптасып жатқан мәдени тектестігіне олардың нәсілдік белгісі ғана ұйытқы және негіз бола алар еді».

Мұндай әңгімелерге «қайтесің, сарт болған соң, сарттығын істейді де» деп қолды бір сілтеуге болар еді. Жылқыны алғаш рет қолға үйреткен, етік пен шалбарды алғаш тіккен, ер-тоқым мен үзеңгіні, бүкіл ат әбзелін алғаш кім жасаған екенін, өзіміздің көне жазу үлгілерімізді, Сырдың бойындағы қалалық өркениетті, адамзаттың екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фарабиді, тағысын тағыларды естеріне салуға болар еді. Бірақ бұның бәрі «жаратушы-халықтардың» бұлжымас сотының алдында ақталу сияқты болып көрінер еді. Алдынала сәтсіздікке бұйырылған әрекет. Мәселе ақиқатта болса, онда Л. Гумилевтен кейін, тым құрмаса орыс ғылымында көшпелілерге деген көзқарас түбегейлі өзгерер еді.

Бірақ мәселе ақиқатта емес, адам санасында орныққан қабылдаудағдысында болып тұр ғой. Көшпелілер жайындағы бұл көзқарасты Ақас Тәжуітов «классикалық көзқарас» деп атайды. «Күші жағынан табиғаттың заңымен пара-пар бұл көзқарасты теріске шығару мүмкін емес, ол ұлттық сананы жырымдап, қожыратқаны сондай, қазақтар бүгінде өзінің өткен тарихын тәрк етіп, өткеннен бас тартуға мәжбүр».(«Мегаполис», 21 ақпан, 2002 ж). Тумысында аналитикалық ойлауға бейім Ақас Тәжуітов проблеманың тамырын тап басып, әлемдік қоғамдық пікірдің бізбен, ұлы Даланың көшпелі өркениеті мұрагерлерімен «мысық – тышқан» ойынын қандай шарттармен жүргізетінін жүйелеп ашып берген. «Сендердің қалаларың, сендердің ғалымдарың – шындығында сендердікі емес. Сендердің жерлеріңде болғанымен, олар мұсылмандық – ирандық өркениетке жатады. Еділ патша мен Шыңғыс хан – сендердің бабаларың емес, сондықтан оларды мақтан тұтуға хақыларың жоқ, бірақ сендер, сендердің бабаларың солардың ордасының құрамында болды, яғни сол шапқыншылықтың зардабы – сендердің мойындарыңда». А. Тәжуітов айтқан депрессивтік әсер, басқаның емес, қазақтың ғана санасын езгілейді, басқа халықтар баяғыда орнын тауып орналасып алған. Мысалы ұйғырлар, Ұйғыр қағанатын және өздеріне еш қатысы жоқ халықтың ұлы істерін мақтан етеді. Негативтік әсерден, олар, өзінің үндіевропалық тегін қалқан етіп қорғанады. Аймақтағы басқа халықтар да осындай амалды пайдаланады. «Кінәлілік комплексі» («комплекс вины») қазақ санасына ғана егілген. Қазақ қана, өзінің қанды болса да, ерлік тарихын мақтан ете алмайды.

Шекарасы шайылған осындай өзіндік тектестік ахуалға белгілі дәрежеде қазақтардың өздері де кінәлі. Ұлттың қалыптасуы негізінен төмендегідей екі жолмен жүреді. Бірінде, күшті тайпа басқа әлсіз тайпаны ассимиляциялап өзіне бағындырады (сол себепті негізгі субэтностың мифологиясы мен идеологиясы жалпыұлттық деңгейге көтеріледі). Екіншісінде, өзінің айнымас белгілерін сақтаған рулар мен тайпалар одақ болып бірігеді. Бұл одақтар әлсін–әлсін ыдырап, түрлі құрамда қайта қалыпқа келіп отырады, сондықтан орнықты, біртұтас мифология мен тарих та қалыптаспайды. Қазақтар дүниені, болмысты ру-тайпа деңгейінде қабылдаған, өзінің кеңдігінен әлі күнге дейін ауқымды ойлап, қандас, тілдес, дін қарындас іздеуге бейім (сол ұмтылысында ұлттық мүддеден қалай аттап кеткенін өздері де байқамай қалады). Қазақтың, өзінің тарихы барысындағы шеккен шығыны мен көрген теперішін ұмытып, көшпелі өркениет масштабында, бүкілтүрік бірлігі, ислам ойкуменасы масштабында ойлау дағдысы ұлт үшін қисапсыз проблема тудырып отыр. (Өзіндік тектестік проблемасы да осыдан туындап отыр). Барлық деңгейде мемлекет – этностар баяғыда бөлісіп қойған дүниеде, біз, осы дағдымыздан түсініксіз, тіпті десеңіз, ыңғайсыз жағдайға қалып отырмыз. Сонымен қатар, қазақ мінезіне ғана тән осы ашықтықтың астарында қазақ жанының сыры, оның тұңғиық архетиптік қабаттары жатыр. Бұл, әсіресе, бізге қарағанда әлдеқайда прагматик, қазаққа сенбей, күмәнмен қарайтын біздің «қандас» ағайындардың мінезімен салыстырғанда анық байқалатын белгілер.

Ұрпақтары Қазақ Ордасының негізін қалаған және барлық уақытта қазақ мемлекетінің алтын діңгегі болған Шыңғыс хан жайлы соңғы кезде етек алған дискуссияда біздерге, ХХІ ғасырға аяқ басса да өзінің ұлттық бет–бедерін әлі анықтай алмай отырған қазақтарға тығырық ситуациядан шығудың жолы ұсынылып отыр: біз, батыстық және мұсылмандық вариантта жеткен либералдық-демократиялық құндылықтардың пайдасы үшін жиһангер бабамыздан бас тартуымыз керек екен. Батыстық либералдық-демократиялық жүйенің «екі стандарты» («двойной стандарт») баяғыдан белгілі. Ислам өркениетінің претензиялары жайында біз кейінірек арнайы айтамыз. Әзірге проблеманың мұндай «әдемі шешімінің»  нендей ұлттық және геосаяси салдары болмақ – соны әңгімелейік.

Қазақ қоғамындағы көптеген жікке енді бір жік қосылғалы отыр. Енді біз, Шыңғыс шапқыншылығына дейін прогреске, отырықшы өмірге, ислам өркениетіне телінген европатиптес момын түріктер және осыларды хақ жолдан тайдырып, көшпеліліктің тығырығына тіреген моңғолтиптес жабайы түріктер болып бөлінеді екенбіз. Бірақ бұл жерде үш кілтипан бар: біріншіден, қазақ халқының дені сол моңғолтиптес «жабайылардың» тікелей ұрпақтары болып табылады; екіншіден, ең «таза»  деген түріктің бойында, шамасы көшпеліліктің «гені» болған, себебі, Шыңғыс хан өлгеннен кейін де олар өздерінің хандарын бас етіп 7 ғасыр бойы сахарады «қаңғырып» жүрді (бұл кезде «дені дұрыс» халықтар өздерін жаулаған басқыншыларды отырықшыландырып, ал көп ұзамай олардың билігінен құтылып та болған); үшіншіден, байырғы Хорезмнің заңды мұрагері болып саналатын бауырлас Өзбекстан өзінің ұлттық қаһарманы ретінде Алтын Орданы талқандаған Әмір Темірді көтеріп жатқанда, бабаларымыздың жарымынан астамын жабайы, басқыншы деп жариялап, ал солардан жеңіліс тапқан Хорезм шахтың дәргейіндегі вассалы Қайыр ханды ұлттық батыр қылып көтерген біз кім болғанымыз? Келесі қадамымызда Шайбани Әбілқайырға «жаулық» істеген, өздеріне ерген көшпелі руларды алып, Көк Ордадан бөлініп шыққан «сепаратистер» – Керей мен Жәнібек хандарды айыптайық. Содан кейін солардың ұрпағы, Сан-Ташта өзбек-моңғол армиясымен шайқаста отыз жеті сұлтанмен және өзінің тоғыз ұлымен бірге қаза тапқан Тоғым ханды айыптайық. Ақыр соңында белдігімізді мойнымызға салып, Ислам аканың аяғына жығылып, бізді қайтадын өркениет аясына ал деп өтінейік.

Әлемдік қауымдастық жариялаған либерализм мен демократиялық құндылықтарды ұстанған, әрине, жақсы ғой. Әйтсе де, бүгінгі дүниеде мемлекеттік және ұлттық мүдде алға қойылады, барлық елдер басшылыққа соны ғана алады. Біз де, қандай да болмасын, тарихи проблеманы талқылағанда осындай үдеден шығып отыруымыз керек. Отырар біздің Бородиномыз бола алмайды.

Формальдік тұрғыдан алғанда бұл, бізге тікелей қатысы жоқ екі мемлекеттің қақтығысы. Оның үстіне, тіпті, бүгінгі халықаралық құқық тұрғысынан алатын болсақ, 1216 жылы моңғол әскеріне ешқандай себепсіз шабуыл жасаған (және әскерінің бірнеше есе көп екеніне қарамастан жеңіліп қалған), Отырардағы моңғол елшілігін қырып салған, содан кейін мәселені шешпек болып келген Шыңғыс ханның елшісін өлтіріп тастаған Хорезм, конфликттің тууына себепші болып табылады. Елшілік жүргізген шпионаж, тыңшылық жайлы әңгіме – баянсыз әңгіме, себебі бүкіл әлемде, барлық заманда дипломатия – барлаушылық, тыңшылық қызметтің жамылғысы, мекемесі болып келген және бола да бермек. Орыс тарихшылары моңғолдардың, тек қана елшілерді өлтірген қалаларды қиратқанын мойындап болды.

Конфликттің этникалық жағына назар аударатын болсақ, екі жақтың да қайтпай соғысқан баһадүрлері өзіміздің бабаларымыз екенін көреміз. Тарихта бұл жиі қайталанатын құбылыс. Бабаларымыз далалық этикаға сәйкес дұшпанның ерлігін құрметтей білген. Батыс әлемі біртіндеп осы бағытта жылжыды. Монархиялық Англияның астанасындағы алаңдардың бірінде Карл І король мен соның басын алған Оливер Кромвельге қойылған ескерткіштер тұр. Әрбір ағылшын осы екеуінің қайсысынікі дұрыс, қайсысынікі қате екенін өзі шеше алады, бірақ ағылшындар өзінің өткенін құрметтей алады, тарихқа орасан ықпал еткен адамдарды  тарих көшінен лақтырып кету, атын өшіру ешкімнің де ойына келмейді. Біз ғана үнемі «таңдау» үстіндеміз, Шыңғыс хан ба, әлде Қайыр хан ба, Бейбарыс па, әлде Кетбұқа ма, Әбілқайыр хан ба, әлде Барақ сұлтан ба, Жәңгір ме, әлде Махамбет пе – қайсысын қалдыруымыз керек – үнемі осыған бас қатырумен жүреміз.

Бұның барлығы түрлі тарих шытырманында өзінің және ұлттың мүддесін түрліше түсінген кесек тұлғалар. Ал, енді далалық этиканы ұмытқан екенбіз, олай болса тым құрмаса, өркениетті дүниеден өз тарихымызды және оның қаһармандарын құрметтеуді үйренейік.

Бұл программа – минимум ғана, ал программа – максимумның мәні ұлттық тарихты кездейсоқ оқиғалардың жиынтығы деп емес, концептуалдық тұрғыдан пайымдауды үйренуде, оқиғаның сырт келбетінің астарынан оның негізгі мағынасын ажырата білуде жатыр. Бұның сыртында айтарымыз, ұлттың кешегісі мен бүгінін пайымдау үшін, ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін қазақ тарихының философиясын тиянақтау керек.

Аталмыш мақала Шыңғыс хан туралы полемиканы тиянақ ете отырып, осындай мета–тарихқа кіріспе жазудың талпынысы болып табылады. Бұл ойдан шығарылған проблема емес, бұның тасасында қазақтың өзіндік тектестігі мәселесі тұр. Өз мақаламызда біз әлемдік әлеуметтік пікірдің ойын шарттарын сақтай отырып, төл тарихымыздың «қысас әфсанасының» көлеңкесінде қалған сырларын ашып көрсетуге тырысамыз.

Тарих Шумерден басталады
Кезінде үлкен сенсация болған С.Крамердің тарихи бестселлері осылай деп аталады. Бұл тұжырымды Мұрат Әуезовтің Гильгамеш пен Энкиду жайлы эпосқа жасаған талдауы да, Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы да растайды. Ал А. Дугин, неміс зерттеушісі Г. Виртті қолдай отырып, бұл тарихтың түп тамырын одан ары, мыңжылдықтыр қойнауына, әлмисаққа, гиперборейлерге қарай жылжытады. Оның пікірінше гиперборейлердің ұрпақтары өзінің Арктикадағы қасиетті отанынан екі лек болып жылжыған: Евразия континентінің солтүстік-батысынан оңтүстік-шығыс бағытқа қарай атланттар жаулаған, ал солтүстік-шығыстан Тұранның неолиттік сакральдік орталығы орналасқан Сібір арқылы, Кіші Азияға, Балқан мен Анатолияға дейінгі аралықта түрік-шумер халықтарының миграция жолдары орналасқан.

«Түрік-моңғол халықтары тарихи қалыптасқан салт бойынша араға бірнеше жүз немесе мыңдаған жылдар салып көне миграция жолдарын қайталауға қайта ұмтылатын» (Бұл жерде және осыдан кейін, түрік-шумер мәселесіне келгенде біз, европалық дәстүршіл-радиционалистердің зерттеулерін қорытындылап жүйелеген А. Дугиннен цитата келтіріп отырамыз).

«Атлантикалық ұрпақ өзінен кейін мызғымайтын, бар сыры сыртқы бедерінен көрініп тұратын, батыстық-центристік менмендікке суарылған рационалдық мәдениет қалдырса, түрік-шумер мұрасы, ерлігі еш кем болмаса да қарапайым, өз өзіне тұйықталған интериорлы, көпсөзділіктен ада, және мәдени минимализмге бейім, болмыстың түп негізі – Евразияның жым-жырт биік аспанының сырына ұмтылады. Сондықтан, атлантизм өз сырын өзі айтады, ал туранизм жайында, евразияшылдық жайында біз тек қана жорамалдай аламыз, біз оны континентальдік миссияның ұмытылған көне қайнар көзі деп іздеуіміз керек. Швед мистигі Сведенборг бұл турасында: «Елдің бәрі ұмытқан көне, тылсым Сөзді біз енді Татарияның пайғамбарларынан сұрауымыз керек» деген».

«Көшпелі «варварлар» – «санасыз» жабайылар емес еді... Олар сакральдік (киелі), ерекше, қысқа да тұжырымды формалардың иесі еді... «Варварлар» көне Сібір сакральдігінің кейбір жекелеген аспектілерін ғана иемденген, ал көне Киелі Жер жұрт көзінен тасада қалып отырды... Сібір «мәжүси» болғанымен, шын мәнісінде рухани өмір кешті, әрбір жүрек лүпілімен тазалықтың ғаламдық импульстерін тірілтіп, Евразия өркениеттерін қасиетті болмысқа оятып отырды».

Атлантистік евроцентристік теориялардың осал жері – шумерлердің шығу тарихын түсіндіруінен байқалады. Шумер мәдениетінің ең көне қабаттары атлантистік мәдениетке жатпайды, одан бұрынғы мәдениеттерден хабар береді (әлбетте, бұл интелектуалдық, рухани деңгейі жоғары мәдениет). Оның үстіне бұл шумерлік мәдениет Оңтүстік Русь пен Оңтүстік Сібірдің неолиттік ескерткіштеріне жақын тұр. Бұған, жұмбағы ашылған шумер тілі мен түрік тілдерінің таңғажайып ұқсастығын қосып қойыңыз. Г. Вирт эскимос мифологиясынан «Күн адамдары» – «Танардың адамдары» деп аталатын, жойылып кеткен көне әулет туралы мәліметтер тапқан. Эскимос тіліндегі «Танар», шумер тіліндегі «Дингир» және түрік тіліндегі «Тәңір» – Жаратушының көне атының түрлі фонетикалық варианттары. Бұл ат Тынық мұхит аралдарында да белгілі.

ХХ ғасырдың аяғына дейін қазақтың дәстүрлі мәдениетінің иелері (носители традиционной культуры) мұхиттың түбіне батқан, көне, бай өркениет Атлантида жайында әңгімелеген. Әрине, олар Атлантида деген құрлықтың атауын білмеген, бірақ «Мың бір түн» және тағы басқа көне әдебиет үлгілерін осындай ыңғайда талқылаған. Оның сыртында Ғажам – қазіргі Иран мен Ирактың жері, қазақ санасында жәдігөй сиқыршылардың ордасы деген мағынада таңбаланған.

Түрік дәстүрінің иелері лек-лек болып оңтүстікке қарай, одан ары Иранның Келат деген қаласын Мысыр пирамидаларымен жалғайтын доға іспеттес жолмен жүретін болған. Мысыр, бір кездегі Атлантиданың көне, құпия ілімдерінің мұрагері екенін ескерсек, түрік қана емес, басқа да көшпелілердің мыңдаған жылдар бойы Мысыр тарапқа үзбей жорыққа аттанып отырғанын ескерсек, онда Кетбұқаның Ираннан батысқа, Палестинадағы Мысыр мамлюктеріне қарсы жорығының мәні мүлдем басқа қырынан ашылады.

Қабыл мен Әбіл
Иран мен Тұран – мәңгілік қарсылық. Бұл қарсылық нәсілшілдіктен тумаған. «Евразиялық доктринада және бір мәнді пункт: Тұран мен Иранды, солтүстік далалық көшпенділік пен оңтүстік жазықтағы отырықшылықты, динамизм мен статиканы, рух пен мәдениетті бір-біріне қарсы қою бар» (А. Дугин). Дугиннің, ақ және қара – екі Иран жайлы концепциясына сәйкес түрік санасында да Иранның екіжақты бейнесі қалыптасқан: бірінші көзқарас бойынша Иран – сиқыршы, жәдігөйлердің, сатымсақ саудагерлер мен сатқындардың елі, екінші көзқарас бойынша Иран – көне дәстүрі бар, дінге бас ұрған иманды, өнер қонған өнерлі, Хомейнидің бастауымен азаттыққа жеткен ер қауым. Бұның қарсысында көшпелінің – жабайы,  қиратқыш, өркениеттің ықпалымен ғана, иранданудың арқасында ғана адам кейпіне келетін көшпелі қауым бейнесі тұр.

Европа өркениетінің, Европа қаруының соңғы бірнеше ғасырда үстем шығуының және аттылы-көшпелі өркениеттің тауы шағылып жеңілуі, өрісінің тарылуы салдарынан бұл сан ғасырлық текетірес Иранның, үндіевропалық әлемнен тамыр тартатын отырықшы мәдениеттің пайдасына шешілді. Әлемдік тарихтың айнымас дерегі болып табылатын осы оқиғаның тасасында оның метафизикалық мәні көрінбей қалады. Рене Генон отырықшылық егіншілік пен көшпелі малшылықтың арасындағы қарсылықты, жаратынды мен субстанция, уақыт пен кеңістік, аспан мен Жер, қозғалыс пен статика, еру мен қоюланудың арасындағы  қарсылық сияқты негізгі ғарыштық дуальділіктің бірі деп қарайды. Бұр қарсылықтар бір-бірімен рухани және тәни деңгейде астасып, жарасымда, тепе-теңдікте тұрғанда ғана бұл дүние осы қалпында болмақ. Ғарыштық циклдың соңына қарай дүние сан менен материалдылыққа қарай жылжып «қатая» бастайды, бұл «руханилыққа қарсы, болмыстың қалыпты ағынына қарсы қатерлі қозғалыс». «Отырықшы халықтар біртіндеп көшпелі халықтарды жұта бастайды: Қабылдың Әбілді өлтіруінің әлеуметтік және тарихи мәні осында».

Көне өсиетте (Ветхий Завет) айтылғандай, Қабыл – үлкен аға, жер өңдеген егінші, қала салған құрылысшы, жердегі, тарихтағы «фиксацияның», «қатаюдың» бейнесі. Әбіл – кіші іні, малшы. Көшпелі малшылықтың кейіннен қалыптасқан өндірістің жетілген түрі екенін еске сала кету артық болмас. Енжілдің оқиғасына берілген комментарийлерде Қабылдың құдайға құрбандыққа деп нәрсіз, бағасыз өнімдерді әкелгені, әкелгенде де кекірейіп, мейманасы тасып тұрғаны, ал Әбілдің ақсарбасты құрбандыққа шалғанда бас иіп мойынсұнғаны айтылады.

Жаратушыға деген осындай түрлі ықылас мотивінің зерттеуіміз үшін үлкен мәні бар. Библияда жүннен тоқылған немесе қой терісінен тігілген киім – хақ жолдағы адамның, пайғамбардың атрибуты. Ислам өрістегенге дейінгі кезеңдегі арабтар жүннен тоқыған киімді әулиеліктің белгісі санаған. «Суфи» сөзі – «жүн», «жүннен тоқыған киім киетін адам» деген мағынаны береді. Хадистерде түрік-моңғолдардың киізден тіккен киімдері баса айтылады. Жоғарыда айтылғанды еске түсірсеңіз, бұның жай этнографиялық белгі, деталь ғана емес екеніне көзіңіз жетеді. Кейбір ортағасырлық иллюстрацияларда Әбілдің шалған құрбандығының түтіні аспанға тік шаншылған, ал Қабылдың құрбандығының түтіні ширатылып, жер бауырлап жатыр. Трайбализм туралы мақалада вертикаль ахуалдың символизмі, Евразияның кшатрий әулеті – түрік көшпелілерінің аспан мен жер арасындағы дәнекерлік рөлі айтылып кеткен.

Евроцентризм аясында тәрбиеленген адамдар үшін Қабылдың Әбілді өлтіруі тарихи шындыққа жанаспайтын әфсана, себебі, олардың өз ұғымында, шын тарихта, қалаларға үсті-үстіне шабуыл жасаған, егіншілерді, қалалардың халқын қырып–жойған басқа емес, жабайы көшпелілер. Бірақ, басқа емес сол Көне өсиеттің комментарийлерінің өзінде-ақ Әбілдің өз ағасы Қабылдан күшті болғаны, егес кезінде оны жеңгені, Қабылдың сауға сұрап жалбарынғаны, ал Әбіл сөзге сеніп қоя бергенде оны аярлықпен өлтіргені айтылған.

Тарихқа жүгінейік: Л. Гумилев, көшпелі түріктердің қытай егіншілері және қолөнершілерімен адал айырбас – сауда жасамақ болғаны айтады. Бірақ Қытай империясы үшін бұл адам төзгісіз қорлық болып саналған.

Өз елінің зарар шегетінін біле тұра, Қытай үкіметі бұндай саудаға тиым салған, ол аз болса көшпелілерге қарсы соғыс ашып, аң құсатып ауламақ болған. Көшпелі тайпаларға жасалған бұл басқыншылық кезінде Қытайдың тұрақты армиялары бір-бірін алмастырып түріктерге ес жиғызбаған. Ондаған жылдарға созылған бұл басқыншылық түрік санасында қытайға деген өштік сезімін тудырған. Шәйбанилердің Көк Ордасында да билеушілердің ықыласы үнемі отырықшы ел жағында болған, бұның қандай қантөгіске апарып тірегені белгілі. 1931-33 жылдардың геноциді осы бүкіләлемдік трагедияның ең «жарқын» эпизоды. Әлбетте, көшпелілер соншама қорғансыз емес еді. Әбіл қашан да Қабылдан күшті болған: бірақ мыңдаған жылдарға созылған әскери үстемдіктің барысында, бүкіл әлемдегі барлық тіршілік иелерін тең қылып жаратқан Бір Жаратушы идеясы көшпелілердің қолын тежеп келген. Біздің бабаларымыз, Тәңірі әр халықты өзі ғана білетін бір мақсатпен жаратқан деп сенген, сондықтан, ешкімге ешқашан геноцид жасамаған. Көшпелілер бірде-бір халықты жойған жоқ, сондай–ақ, бірде бір хайуанның нәсілін, тіпті десеңіз, ақтылы малының жайылымын отап кетіп отырған миллиондаған бас киіктердің үйірлерін де жойған жоқ, аңшылық кезінде керегін ғана атты.

Владимир Соловьев ХІХ ғасырда тұжырымдаған «ұлттық идея дегеніміз, халықтың өзі жайлы ойлағаны емес – құдайдың сол халық жайлы ойлағаны» деген идеяға көшпелілер мыңдаған жыл бұрын жетіп қойған.



Түрік-моңғол көшпелілерінің миссиясы
Сонымен, құдай көшпелілер жайында не «ойлады» екен, көшпелілер рухының ерекшелігі неде, түрік-моңғол көшпелілерінің бұл дүниедегі миссиясы не екен? Білімді ұстаз Р. Генон ғана емес, Мұхаммед пайғамбардың өзі көшпелілер дүниесінің эсхатологиялық мән-мағынасын айтып кеткен емес пе? Бірқатар хадистерде, түріктерге өздерің барып тиіспеңдер, мұсылман мен түрік-моңғол көшпелілері соғысса – ол заманақырдың келгені деп мұсылман қауымына ескерту жасалады. Пайғамбар арабтардың, жалпы мұсылмандардың түрік-моңғол тайпалармен соғысатынын, мұсылмандардың жеңілетінін болжап кеткен. (Қараңыз: М. Бұлытай. Ата-баба діні. Түркілер неге мұсылман болды? А. 2000. 190-195 беттер).

Махмұт Қашқари және бір хадисті келтіреді. Ол хадис бойынша, Алла тағала пайғамбарға «Шығыста менің түрік деген әскерім бар. Кімге қаһарымды төксем соған сол әскерді жіберем» деген екен (сонда, 261-бет). Бұл – апокрифтік хадис, себебі, Алла тағаланың сөзі, жанр тұрғысынан алғанда пайғамбардың хатқа түсірілген өз сөзі болып келетін хадистерге емес, Құранға кіру керек қой. Бірақ осы жағдайдың өзінде-ақ бұл құнды мәлімет, себебі, ортағасырлық адамдардың түрік дүниесі жайлы түсінігін айна-қатесіз бейнелеп тұр. Бұл түсінік фольклорға ғана емес, жанама түрде европалық ғалымдардың зерттеулеріне де енген.

Аталмыш түсінік үлкен екі дерекке негізделген. Біріншіден, континентті бірнеше қайтара жаулаған түрік-моңғол тайпаларының әскери өнері мен әскери рухы  бәрінен биік болған. Екіншіден, түрік-моңғол көшпелі халықтары, о баста бүкіл адамзатқа тән, адам атаулыға ортақ, бірақ басқа халықтар тарих барысында жоғалтып алған монотеизмді сақтап қалған. Бұл пікірді М. Бұлытай сілтеме жасаған бірқатар европалық және түрік ғалымдары да ұстанады. Бұл ойды әйгілі дін тарихын зерттеуші Мирча Элиаде де уағыздайды.

О бастағы бір Жаратушыға деген сенім көшпелілер арасында бәрінен ұзақ сақталған, семиттер бұл сенімді ақырында жоғалтып алды, оларды монотеизмге қайтадан алып келу үшін пайғамбарлар аян беру керек болса, түрік-моңғолдар бұл сенімін біздің дәуірімізге дейін алып келді  деп жазады ол. Әрине, бұл ілкі монотеизм уақыт өте түрлі ырым-нанымдармен, аңыздармен астасты, толып жатқан екінші дәрежелі құдайшалар пайда болды, бірақ көшпелілер бұның барлығы бір Тәңірінің түрлі кебі, аян болған формалары екенін ешқашан ұмытқан емес.

«Трайбализм, ұлттық идеология және ұлттың болашағы» атты мақаламызда түрік-моңғол көшпелілерінің континенттік масштабта алғанда кшатрий, Евразияның жауынгерлері екені, олардың дүниетанымы, өнері, этикасы, жалпы өмір салты Намыс, Парыз, Адалдық сияқты әскери архетип үлгісімен қалыптасқандығын айтқанбыз. Көшпелілердің, отырықшы халықтар түсіне алмайтын осы мінезін Л.Н. Гумилев үнемі баса айтып отырған.

Кшатрийдің өмірінің мәні, оның Жолының мәні – Иеге қызмет етуінде. Түрік-моңғолдар адамзаттық үрдісті қабылдамады, Бір Жаратушыға деген сенімін сақтап қалды, өз өмірінің мәнін, мұратын ең биік ие – Тәңірге қызмет етуде, соның Әмірін орындауда деп ұғынды. Олар өздерін Жаратушының семсеріміз деп түйсінді.

Дәстүрлі көзқарас тұрғысынан алғанда жауынгердің қаруы жауынгердің өз басынан қымбат, қарудың символизмі адам тұлғасының аясына сыймайды. Әскердің қаруы – Тәңірлік атрибут, адамды Жаратушымен жалғап тұрған рухани тағдыр-талайдың белгісі. «Құдай жіберген қару мен амалдардың алғашқысы – найзағай болып табылады. Найзағай – Сөздің, Ілкі сананың белгісі, ол түрлі ырымдық скипетрлермен, мысалы, индуистік және буддистік иконографияда ваджрамен таңбаланады», – деп жазады Т. Буркхардт. Қазақтың бас қаруы «найза» мен «найзағайды» салыстырыңыз.

Айта кетейік, қазақта жауынгердің бойында бес қарудың болуы шарт. Ал буддизмде ханзада Будда Сакьямуни дүниеге келген алғашқы кебінде «Бес қару асынған ханзада» деп аталады. Бес түрлі қару – қолдағы бес саусақ, көшпелілерде қашанда Жаратушының символы болып саналған қол.

Қару – тіпті, десеңіз рудың, тайпаның меншігі емес. Қару – Жаратушыдан келген несібе, бөрізат адамның ерекше талайы. Сондықтан, Ер Төстіктің қайынатасы қызының жасауына атадан келе жатқан қару-жарақ пен сауыт-сайманды, мәңгі от пен биік сананың символы – тұлпарды, ғарыш пен уақыт кеңістік бірлігінің символы – аруананы береді. Қараман батыр Алпамысты қуғанда үстіндегі  қару мен сауыт-сайманын шешіп тастайды, осылайша ол өзінің тәңірлік несібесінен, биік мағынасынан айырылып жеңіліске ұшырайды. Көшпелілер жауынгерлік өнерді инициациялық жол деп түйсінген. Қазақтың алыс ауылдарында өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарына дейін жасалған әскери ырым кезінде инициацияның шебері – ұста, ұл балаға  «Сен қару-жарақ пен сауыт-сайманды жерасты патшасы Бапы ханнан сыйға алдың. Бірақ жүрегің мен тәнің темірге айналмасын. Жауынгер бол, бірақ жендет болма» дейтін болған.

Бұл жерде түрік мифологиясын «Махабхаратамен» және т.б. үндіеуропалық нұсқалармен салыстыруға мақаланың көлемі мүмкіндік бермейді. Сақтардың үлкен семсер бейнесіндегі соғыс құдайына табынғандығын айта кетуге болады. Осетин эпосында соғыс құдайы Батразд та отқа қызарған семсер кебінде бейнеленеді. Қазақ эпосында батырдың бір қаруы – от шашқан берен. Мифологиядағы метафора – әдеби тәсіл емес, ондағы зат пен құбылыс өзінің символдық мағынасы бойынша баламаға ұшырайды. Қазақ ертегілерінде көп ретте батырдың жаны өз тәнінде емес – оның қанжарында немесе қылышында сақтаулы, дәлірек айтқанда, қанжардың өзі батырдың жаны болып табылады, сол себепті сатқындықтың салдарынан қанжарынан айрылған батыр өлімнен де ауыр ұйқыға батады.

Мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазақтың дәстүрлі әдебиеті, оның соңғы өкілдері – ХХ ғасырдың ұлы жыраулары, адамның мұраты, өмірінің мәні қандай жағдайда болсын Жаратушыға адал болу, соған ұмтылу, соңғы демі біткенше соған қызмет ету дегенді уағыздаған. Бұл көне архетип исламды қабылдағаннан кейін шахидтік формасына (хақтың жолында жау қолынан қаза табу) ауысты.

Көшпелілердің өздері ғана емес, басқа халықтар да жүрегі сакральдік ақиқатты қабылдай алатындай таза, иманы кәміл кезінде түріктердің миссиясын осылай деп түсінген. Еділ патшаны күнәға батқан Еуропа халықтарын жазалауға келген «Тәңірінің қамшысы» деп атаған. Түріктерді «исламның алмас қылышы» атандырған, олардың ислам дінінің орнығуына еткен еңбегін, ислам дінін қорғаудағы теңдесі жоқ ерлігін М. Бұлытай өз кітабында ашып көрсеткен. Сол себепті, Еуропа мен Россияның бүкіл актуальдік аристократиясы түрік нәсілінен тамыр тартады (А. Дугин), ал Шығыстағы билеуші династиялардың дені көшпелілерден тараған, осы әулеттердің билігі кезінде шығыс халықтары мәдени және экономикалық дамудың биігіне көтерілген.




Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет