Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет3/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Қуаныш Ахметов,

ақын, жазушы,

Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

КЕТБҰҚА – КЕМЕҢГЕР БАБАМЫЗ

«Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!»

Доспамбет жырау
Жер бетінде аяғы аспаннан салбырап түскен халық жоқ. Олардың қайсысы болмасын, ірге бітеп, шаңырақ көтеру жолында жойқын құрбандықтар жасап, суыққа тоңып, ыстыққа күйіп шыңдалған. Тағдырдың тайғақ жолында талай-талай жойқын жорықтарды, аласапыран айқастарды, зарлы зобалаңдарды, шерлі шұбырындыларды басынан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген», кең байтақ жерін, тілі мен ділін, салты мен дәстүрін жойдырмай, тәуелсіздік тұғырына талып жеткен халықтардың бірі – өзіміздің қазақ.

«Они не уступали европейцам ни в талантах, ни в уме. Но силы, которые другие народы употребили на развитие культуры, тюрки... были вынуждены тратить, помимо прочего, еще и на защиту своей независимости. За сотни лет они не имели ни года покоя и все же вышли из столкновений победителями, отстояв родную Землю» – депті Гумилев (Ритмы Евразии, Москва, 1993 жыл, 329-бет).

Ғұлама ғалымның осындай тосын түйін жасауына қазақ этносының тарих толқындарында теңселіп өткен жолы да негіз болған. Шындығында да, ұлт болып ұйығаннан бергі халқымыздың көргені – күрес, құрғаны – қорғаныс. Қазақ хандығы ешкімге көз алартқан жоқ. Бірақ байлыққа бөккен байтақ дала басқалардың көзінің құртына айналды. Толассыз арпалыс, дамылсыз қорғаныс Ұлы Даланың ұлдарын шыңдады, шынықтырды. Бесіктен белдері шықпай жатып, топ бастаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешендерге айналдырды. Сондықтан да біздің тарихымызда, қай кезең, қай дәуір болмасын, елім деп еңіреген хаңдарымыз бен сұлтандарымыз, батырларымыз бен билеріміз, шешендеріміз бен ақындарымыздың алар орны айрықша, шиыр-шиыр іздері мол. Қалың қазақтың аузында аты аңызға айналған, есімі, әсіресе, Ұлытау өңірін мекендеген елге етене жақын тұлғалардың бірі – Кетбұқа жыршы, Кетбұқа күйші, Кетбұқа би, Кетбұқа қолбасшы... Бір сөзбен айтсақ – Кетбұқа кемеңгер.
«Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда?!

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?

Толғамалы ақ балта,

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза,

Садақ толған сайгез оқ,

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!»
Көне қазак, әдебиетінің көрнекті өкілі, жауынгер жыршы, кәдімгі «Азаулының (Азов) Ыстамболдан несі кем... ер Доспамбет ағаның... би ұлынан несі кем? Тәңірінің өзі берген күнінде, хан ұлынан артық еді несібем» – деп жырлаған, 1490 жылдар шамасында Азовта туып, 1523 жылы Тәжтархан (Астрахань) жақта жорықта жүргенде қаза тапқан, қазақтың бір бұтағы – Ноғайлының шоқтықты шайыры Доспамбет көкірегі қарс айрыла жоқтаған Кетбұқа бабамыз кім болған, не істеп, не қойған?

Бұл сұрақтардың көңілді біршама қанағаттандырарлық жауаптарын дарынды жазушы, іздемпаз ғалым Тұрсын Жұртбаевтың «Дулыға» (Алматы, 1994 жыл, 2 том, 348-367 беттер) атты кітабынан табамыз. Кетбұқа туралы онда келтірілген мәліметтердің ел аузында сақталғандарынан басқалары 1992 жылы қазақ тілінде жарық көрген Л.Н. Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» атты монографиясынан алынған. Кетбұқаның күйшілік, жыраулық бейнесі Мұхтар Мағауинның «Қобыз сарыны» (1968 ж.) және Тарақты Ақселеудің «Күй шежіре» (1992 ж.) кітаптарында терең талданған. Оларға қосымша ретінде Ұлытаудың аты аңызға айналған ең даңқты ұлы – Кетбұқаның көп қырлы келбетін одан әрі айқындай түсуге септігі тиер деген ниетпен ұзақ жылдар бойғы іздену мен зерделеу нәтижесінде түйсік таразысында тартылып, көңіл көзілдірігімен көмкерілген өз пайымдауларымды ортаға салудың енді ғана сәті түсіп, реті келіп отыр. Әңгімемізді Т. Ақселеудің «Күй шежіре» кітабындағы В.Т. Тизенгаузеннің «Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских источников» атты еңбегінен аударылып берілген үзіндіден бастайық: «...Шыңғыс хан әдеттегідей Ұлы Жыршыға жыр айтшы», – деп әмір бергенде осынау орайлы сәтті пайдаланып, түркі тілінде былай дейді:


Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, а ханым?

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, а ханым?
Жыршының сөзіне Шыңғыс хан түркі тілінде жауап береді:
Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлым Жошы дүр...

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы дүр...
...Ұлы Жыршы сөз бастағаннан-ақ көзінің жасына ие бола алмаса керек. Сонда Шыңғыс хан былай деп түркі тілінде жыр айтады:
Көзің жасын жүгіртед,

Көңілің тұлды болмай ма?

Жырың көңіл үркітед,

Жошы өлді болмай ма?
Шыңғыс ханға жауап ретінде Жыршы түркі тілінде жыр айтады:
Сөйлемеске еркім жоқ,

Сен сөйледің, а ханым!

Өз жарлығың өзіңе жау,

Не ойладың, а ханым!
Сонда Шыңғыс хан былай деп түркі тілінде жыр айтады:
Құлынын алған құландай,

Құлынымнан айырылдым!

Айрылысқан аққудай,

Ер ұлымнан айырылдым!
Шыңғыс хан осылай деген кезде, бүкіл әмірлер мен нояндар көңіл айту дәстүрі бойынша орындарынан тұрып көрісе бастайды. Жошы хан өлген соң, арада 6 ай өткенде Шыңғыс ханның өзі де дүние салады».

«Бұл дерек бойынша, ұлы жыршы Кетбұқа нояндар арасында ғана емес, Шыңғыс ханның алдында да елеулі тұлға болғанын көреміз», – дейді әрі қарай Т. Ақселеу.

Кетбұқаның найман тайпасынан екендігіне дау жоқ. Қазақ шежіресін былай қойғанда, ғұмыр бойы көшпенділер тарихын сүзумен өткен Гумилев өз еңбектерінде мұны талай рет ашып көрсеткен, «...Кетбуга был не француз, а найман» (Конец и вновь начало, 1994 жыл, 291 бет), «...по военному таланту Кутуз и Бейбарс не уступали найману Кетбуге» (Поиски вымышленного царства, 1994 жыл, 264-бет) деген және осы сияқты бұлтартпас анықтамалар келтірген.

Ұлы Жыршы атанып, Жошы ұлысында ғана емес, оның әкесі Шыңғысханның алдында тайсалмай сөйлейтін дәрежеге ие Кетбұқа найман Ұлытауға қалай және қашан келген? Оның Жошы хан өлгенде осы өңірде болғандығына, Шыңғысханға тұңғыш ұлы Жошының қазасын естіртуге осы өзіміздің Ұлытаудан аттанғанына ешқандай күмән болмауға тиіс. Бұл – ел аузындағы әңгіме-аңыздармен де, көптеген жазба деректермен де әбден айқындалған ақиқат. Осындай тосындау сұраққа сол дәуірдегі Шыңғысхан империясы төңірегіндегі тарихтың тылсым тұңғиығына мүмкіндігінше бір сүңгіп шықпай жауап табу оңай емес.

...Жетім бала Темірші (Темучин) әкесі Есугей батыр өлгеннен кейін тоз-тоз болған Бөріжеген (борджигин) – Қияттардың басын қайта біріктіріп, тез арада 2,5 мың жауынгерді атқа қондыра алатын межеге жеткенде, шешуші сәттерде көрші тайпалардың (мемлекеттердің) шаруаларына (саяси одақтастық, әскери көмек және т. б.) араласатын дәреже-деңгей, бедел-абыройға ие болды. Бұған қонырат ханшайымы Бөртеге үйленгені (1179 ж.) көп септігін тигізді. Бөртенің төркіндері әкесінің аруағына китке берген жанат ішік Есугейдің досы, сол аймақтағы ең азулы мемлекеттердің бірі – керейттердің билеушісі Уан (Ван) ханның иығына жабылды. Уан ханның әке орнына әке болған қамқорлығы арқасында (Батудың Александр Невскийге қамқорлығын еске алыңыз – Қ.А.) Теміршінің билік үшін айтыс-тартыстарда үнемі жолы болып, 1182 жылы ақ киізге көтеріліп, өз тайпасының (бөріжеген – қияттардың) ханы сайланып, Шыңғысхан деген лақап атқа ие болды. Темірші мұны місе тұтпады, ол айналасындағы елдердің бірінен соң бірін шауып (ішінде қайын жұрты – қоңыраттар да, өкіл әкесінің елі – керейттер де бар), ең соңында 1202 жылы іргелі мемлекет – найман хандығына қарсы жорыққа шықты.

Найман мемлекетінің бұл тұстағы айтулы билеушісі Инанг-Білге-Бұқа қаған (көне түрік тілінде: инанг – илану, діндар, білге – білгіш, данышпан, бұқа – күш иесі, жауынгер), не себептен екені белгісіз, билік басынан кетіп (1197 ж.), оның қос ұлдары Таян мен Бұйрық алауыздыққа жол беріп, елді екі хандыққа бөліп алған болатын. Шыңғысханның алғашқы соққысынан-ақ, 1202 жылы Бұйрық ханның елі бас көтергісіз болып қирады, өзі Урунгу өзенінің бойында өлтірілді.

1204 жылы маусымның 16-да Хангай тауының бөктерінде (қазіргі Монғолиядағы Улясутай қаласының маңында – Қ.А.) өткен кескілескен шайқаста Таян хан да қаза тапты, оның шешесі тұтқынға түсті. Таянның ұлы Күшлік қалған елін бастап Алтай асып, Ертіс бойына қашуға мәжбүр болды. Наймандар бұл жерде де ұзақ тұрақтай алмады. 1208 жылы оларға Бұқтырма өзенінің Ертіске құяр тұсында (қазіргі Зыряновск қаласы тұрған маңай – Қ.А.) Сүбедей жасағы шабуыл жасады. Күшлік хан қалған елін бастап Жетісу аймағына, қарақытайлар хандығына келіп кірді. Қарақытайлардың гурханы (патшасы) Жолқу найман ханын қошеметпен қабылдап, тіпті оны өзінің қызына үйлендірді. 1213 жылы, Жолқу қайтыс болғаннан кейін, Күшлік қарақытайлардың гурханы болып, таққа отырды. Күшліктің артта ата жауы – Шыңғысхан тұрғанда, Хорезм шахы Мұхаммедпен одақтасудың орнына, онымен соғысып кеткендігін талдап-таразылай келе, Гумилев: «Күшлік дарынды қолбасшы болғанмен, саясатқа шорқақ еді», – дейді.

Күшлік әскері 1218 жылы Хорезмнің иелігіндегі Алмалықты қоршап тұрған кезінде тұтқиылдан Жебе ноянның жасағының ту сыртынан жасаған шабуылына ұшырады. Жебе ноян тықсырған найман әскерінің ақырғы шайқасы Сарыкөл маңында (қазіргі Самарқанд облысындағы – Қ.А.) өтті. Күшлік хан осы ұрыста қаза тапты. Бұл – он алты жылға созылған Монғол империясы мен Найман мемлекетінің жойқын соғысының соңғы нүктесі еді (Рашид ад Дин, Сборник летописей, 1 том, М-Л, 1952 жыл; Г.Е. Грумм-Гржимайло, Джучиды, Золотая Орда, Москва, 1994 жыл, 76-100 беттер; Л.Н. Гумилев «Тайная и явная» история монголов 12-13 вв, Москва, 1994 жыл, 101-147 беттер; Си ю Цзи или описание путешествия на запад Даосского монаха Чан-Чуня, Москва, 1995 жыл, 280-378 беттер; М.С. Муканов, Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза, Алматы, 1974 жыл, 38-46 беттер).

Бұл соғыстардың себеп-салдары мен сыр-сипатын ғылыми айналыста жүрген орасан зор жазба деректер негізінде егжей-тегжейлі баяндау көлемді әңгімені қажет ететіндіктен, Шыңғысхан империясының Найман мемлекетін тарих сахнасынан жоюынан жеткілікті дәрежеде мағлұмат беретін қысқаша шолумен ғана шектеліп отырмыз. Тарбағатайдан Жетісуға, тіпті қазіргі Қырғызстан, Өзбекстанға дейінгі алқаптарда өмір сүріп келе жатқан жергілікті наймандар осы жаугершілік кезеңдегі жорық жолында тарыдай шашырағандардың ұрпақтары екендігі айтпасақ та белгілі.

Баяндауымыздың басында қойылған Кетбұқа қыпшақ жұртының кіндігі Ұлытауға қалай келген деген сұрақтың төркіні енді түсінікті шығар. Қағанның қаһарынан қаймықпаған наймандар Шыңғысханмен соңғы демі таусылғанша бағынбай соғысты. Арада 7-8 жыл өткенде, найман Кетбұқа Шыңғыстың ел билеген, әскер басқарған, атағы жарты әлемге мәлім, империяның ең жоғарғы атақ лауазымдарына (ноян, гавон) ие мемлекет қайраткері дәрежесіне көтеріліп отыр. Оның Бағаналы, Балталы атты қабырғалы қалың елі Ұлы Даланың кіндігі – Ұлытау маңында мамыражай тірлік кешуде. Әңгімемізді әрі өрбітсек, тағы бір жазба деректе Шыңғысханды қара жер қойынына аттандырғанда (жерлегенде) оның ақ айғырымен найманның қара жалды құла айғырының қатар тұрғандығы, бұның найман тайпасының дәрежесі жоғары екендігін көрсететіндігі айтылған (Г.Н. Потанин, Поминки по Чингис­хану, Сборник трудов Императорского Русского географического общества, 1885 жыл, 21 том, 56-бет). Осы оқиғаны күмәнсіз қабылдасақ, онда бұл айғырдың 16 жыл шайқасқандардың емес, қағанды жазалауға Жошы жұртынан жеткен, бедел дәрежесі аспандап тұрған Кетбұқа басқарған Бағаналы-Балталылардың қылқұйрығы екендігін түсінеміз.

Мұның сыры неде? Ол – Кетбұқаның, ол бастаған елдің әу бастан Шыңғысхан империясына адал қызмет атқарғандығында жатыр. Түйсік осылай тұжырымдатады. Бұдан басқа жауаптың қисынын келістіріп, тарих тұңғиығынан толғай суырған тұспал-дәлелін, уәж-жосығын алға тартатындар болса, тосын тұжырымымызды кешірім сұрай отырып, қайтарып алуға әрқашанда әзірміз.

Енді Потанин ел аузынан жазып алған «Атбасар наймандарының тегі туралы аңыз» атты әңгімені (Казахский фольклор в собрании Г. Н. Потанина, Алматы, 1972 жыл, 62-бет) алға тартайық. Онда Атбасар оязындағы 5 болыс Бағаналы-Балталы тайпасының шығыстағы бауырларына ренжіп көшіп кеткен екі жігіттен тарағандығы айтылады. Бұл аңыз жоғарыда келтірілген ғылыми айналыста жүрген нақты деректер мен болжам негізінде жасалынған тұжырымымызбен сабақтасып жатыр.

Шыңғысхан айналасындағы көршілес мемлекеттермен соғысқанда оның өз руынан 13 мың ғана әскері болды. Осыдан-ақ оның алғашқыда Алтай асып, бері құлаған 129 мың әскерінің 116 мыңға жуық жауынгері басқа рулардан екендігі көрінеді. Жорық жауапкершілігіне қатты мән-маңыз беріп, әскердегі ауызбіршілік-біртұтастықты көздеген Шыңғысхан қосын жинағанда жауынгерлерін ру-руымен жүздік-мыңдықтарға бөліп, қолбасшыларды да өз іштерінен тағайындаған (Рашид ад-Дин, көрсетілген кітап, 179, 260, 270-271 беттер; Б.Я. Владимирцев, Чингис-хан, Москва, 1922 жыл, 130-132 беттер; генерал-лейтенант М.И. Иванин, көрсетілген кітап, 252- 253 беттер).

Шыңғысханның сарай шежірешісі Ала ад-Дин Ата Малик Жувейнидің (1226-1283) «История завоевателя мира» («Тарих-и джехангушай») атты 1260 жылы аяқталған еңбегінде (1959 жылы ағылшын тілінде Манчестерде толық басылып шыққан, А.А. Астайкин орысшаға аударған бір тарауы 1995 жылы «Пустыня Тартари» атты жинақта жарияланды – Қ.А.) Шыңғысхан ұлдарына бір-бір ұлысты басқаруға бергенде, Алтай, Әмудария, Орал аралығы үлесіне тиген Жошыға өзінің 129 мың әскерінен 4 мың жауынгер қалдырғанын айтады (С.Т. Кляшторный, Т.И. Султанов. Казахстан. Летопись трех тысячелетий, Алматы, 1992 жыл, 183-184 беттер).

Алғашқы сұрақтың жауабы осында жатыр. Жошы ұлысының саяси, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалык, орталығы Ұлытауға Бағаналы-Балталылар Кетбұқа басқарған әскер сапында келген. Бұл – 1223 жылы болған оқиға.

Олардың рулық таңбаларының өзі түбіріне терең үңілген адамға көп мәселеден көрініс береді, өткен тарихтан хабар әкеледі. Бағаналының белгісі – бақан да, Балталының белгісі – балта да, көпшенділердің ежелгі қаруы. Жауынгерлік символикасы. Тарих торабында олар қазақ этносын қалыптастырған белді тайпалардың біріне айналды. Тіпті, беріде, 19 ғасырдың орта тұсында орыс шенеуніктерінің Ұлытау өңірін жайлаған ел жайлы: «Баганалинцы отличаются от всех сибирских киргиз духом своеволия и самоуправства...» – деп қағазға түсіруінің өзінен де (Омбы Мемлекеттік архиві, 3 қор, 3 тізім, 3542 іс) сонау Жошыхан заманынан, Кетбұқа кезеңінен үздігіп жеткен жауынгерлік рухтың сарыны естілгендей болады...

Ел аузынан, Мұса Шормановтың айтуы бойынша, Потанин жазып алған мына өлең де (көрсетілген кітап, 279-280 беттер) түйсігі бар пендеге көп жайды аңғартқандай:
БАҒАНАЛЫ ОРДА
Бағаналы орда, басты орда,

Байсал орда қонған жұрт.

Қара түлкі, Қармалжын,

Қастаспай киген жұрт,

Ақ сары атан аспалдап,

Ел жайлауға шыққан жұрт.

Хақтың жолын күзетпей,

Жамандықты ұққан жұрт.

Бас аяғы бай болып,

Бәсеке дәурен сүрген жұрт.

Бай төбеті маңқылдап,

Байсал тауып үрген жұрт,

Туырлығын қара кес,

Тура, тура болған жұрт.

Тоқтың келсе саспаған

Шоралар сауымын ішіп тауыспады.

Ағар бұлақ сүтті жұрт,

Көп жылдарға бек сақтап,

Есенде есен болған құтты жұрт.

Бағаналы орда, басты орда,

Байсал орда қонған жұрт.

Мамырай ел боп байсалды,

Күлдей қамқа төсеніп,

Көрікті ханым түскен жұрт.

Ханым берген қамқа тон,

Жырау киіп кеткен жұрт.

Іңкәрлар алшаңдап,

Атпен тойға келген жұрт.

Көріп туған Көкше тай

Көре астында ат болған жұрт.

Көпке қоныс берген жұрт.

Көбең байлар семіріп,

Көк баһарі болған жұрт,

Көңілдестер би болып,

Көпке кеңес айтқан жұрт.
...Кетбұқаның өмір жолы жоғарыда көрсетілген Т. Жұртбаевтың «Дулығасында» біршама баяндалғандықтан, көп тоқталуды қажет етпейді. Саналы ғұмырын қазақ мемлекетінің негізін салған Көк Орданың гүлденуі мен нығаюына жұмсаған ұлы жыраудың, даңқты қолбасшының, мемлекет қайраткерінің ақырғы демі 1260 жылы қыркүйектің 3-де Сириядағы Айн-Джалуд (қазіргі Назарет қаласының маңы – Қ.А.) деген жерде жорық үстінде үзілді (Л.Н. Гуми­лев, Конец и вновь начало, 293-бет). Жұртбаев: «Кетбұқа жыраудың сүйегі Палестинада жатқаны мүмкін ғой», – деп жазады.

Гумилевтің ғылыми деректерге мейлінше мұқият қарайтындығына әбден сенгендігімнен бе, әлде солай екенін түсіндіре алмайтын түйсікпен сезінгендігімнен бе, өз басым жорықта қаза тапқан жауынгерді өлген жерінде жерлейтін ежелгі түріктер салты бойынша кемеңгер Кетбұқаның дәл осы Назарет қаласы маңында мәңгі тыныстап жатқандығына ешқандай күмән келтіре алмаймын.

Кетбұқа тұлғасын толық айқындау үшін қазақ шежіресінде қағидадай қалыптасқан, әртүрлі генеалогиялық еңбектер мен мерзімді баспасөз бетінде көрініс тауып жүрген тағы бір деректі атап өтпеу қажет сияқты. Оларда Кетбұқаны Төлегетайдан тараған 3-5-ші буын ретінде келтіреді. Мұхамеджан Тынышбаевтың «История казахского народа» атты кітабында (Алматы, 1993 жыл) айтылатын белгілі рубасы Төлегетайды ежелгі шежірелерде көрсетілетін найман тайпасының арғы аталарының бірі – Төлегетаймен шатыстырады.

Тынышбаев кітабында айтылатын Төлегетай Кетбұқадан 400 жылдай кейін өмір сүрген адам. Оның баба Төлегетаймен руы мен есімі ғана бір. Кейінгі Төлегетайдың шикі кірпіштен салынған мазары Қызылорда облысындағы Жанақорған қалашығынан оңтүстік-батысқа қарай отыз шақырым жерде тұр («Егемен Қазақстан», 13.03.1993 ж.). Бұл – бүгінгі-кейінгі зерттеушілер назар аударарлық жәйт.

Кетбұқаның шыққан елі – наймандар жайлы сөз қозғап отырған соң, сәтті тұста тағы бір қызықты деректі көпшілік назарына ұсынғым келеді. 1996 жылы «Қазақ елі» апталығының қазанның 18-і күнгі санында Қытай шежіреханасынан табылған Шыңғысхан империясы хандарының Бөрте ханым бастаған 7 ханымының бейнелері басылған мақала жарияланды. Хандардың бірнеше әйел алғандығы белгілі. Бұл суреттер Шыңғысханнан Ауыр Балбет ханға дейінгі қағандардың үлкен әйелдері, яғни бәйбішелері. Жеті ханымның бесеуі қоңыраттың, біреуі найманның, біреуі эчимери деген тайпаның қыздары. Мақалада найман қызы Бе бу че ханымның қай қағанның әйелі екендігін зерттеушілердің анықтай алмағандығы айтылады

Осы еңбегімде баяндалып отырған деректерді қазбалап жинау, зерттеп-зерделеу барысында Ұлы қағандарға әйел болған бір ғана найман қызының есімін үш жерден кездестірдім. Ол – Өгейдейдің ұлы, Алтын Орданың билеушісі Күйіктің әйелі – Огул Гаймыш ханым. Ең ғажабы сол, осы ханымның өзі де күйеуі Күйік 1248 жылы қайтыс болғаннан соң, 1251 жылы Мөңке ұлы құрылтай шешімімен таққа отырғанға дейін, ордабасы болып қағанның орнына отырып, байтақ империяға билік жүргізген (А.А. Астайкин, Опыт составительного исследования. Мон­гольская империя, Москва, 1995 жыл, 559-бет).

Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағанда»: «Күйік ханның хатундары өте көп еді. Барша хатундарының ұлысы Оғыл Қаймыш атты еді» – деп жазылған (Алматы, 1997 жыл, 100-бет).

Огул Гаймыштың найман қызы екендігін анықтап, сөздің соңғы нүктесін, топырағың торқа болғыр, Гумилев қойып отыр. Ол: «...в его (Михайла Ярославина Тверского) судьбе был виноват не Батый, а центральное правительство в Каракоруме, где правила – найманка Огуль Гаймыш» – деп жазады (Древняя Русь и Великая Степь, 2-том, 90-бет). Меніңше, найман қызы Бе бу че ханым – осы Огул Гаймыш апамыз. Қазақы жорамал-жосыққа салсақ, Огул (Оғыл) – оның есімі, ал Гаймыш (Қаймыш) — кәдімгі үлкен әйелге айтылатын бәйбіше (қытайша құбылтқанда – Бе бу че) сөзінен мүлдем алшақ жатпағандығы көзге ұрып, құлақта қонып-ақ тұрған жоқ па?! Тіпті жорамалымыз дұрыс болмағанның өзінде, Кетбұқадай кемеңгерді тудырған жұрттың қыздары да қилы кезеңдердегі тарих сахнасының нақ төрінен көрініп, әлемді билеген Шыңғыстың қара шаңырағы мен алтын тағына үш жыл бойы иелік еткендігінің өзі неге тұрады?!

Бүкіл саналы ғұмыры Ұлытауда өткен бабамыз – Кетбұқаның есімі ауызекі аңыз бен шежіре шеңберінен шығып, ғұлама Гумилевтің арқасында ғылыми айналысқа түсті. Ендігі жерде оның тарихи бейнесін өз ғалымдарымыз зерттеуге тиіс. Құдайға шүкір, Гумилев салған даңғыл жол, дана бағыт қолымызда. Ұлтымыздың тарихына теліп айтсақ, тәуелсіздігіміздің тәтті жемістерінің бірі – осы мүмкіндік!

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алға тартып жүрген евразиялық идеяны, меніңше, орысымыздың да, қазағымыздың да 99 проценті түсініп отырған жоқ. Соны жан-жүрегімен ұғынуға тек Ұлытау төңірегіне таянта баяндалған осы әңгіменің аспаннан тақыр басқа тамған тамшыдай ғана әсері болса, қолға қалам алғандағы мақсатымның орындалғаны деп білемін.

Әңгімемізге осы жерде нүкте (дұрысы – көп нүкте) қоя салуға болар еді, алайда тәуелсіздік тұғырына қонған кезде халқымыздың кемеңгер ұлы – Кетбұқаның есімін ұрпақ санасына өшпейтіндей етіп сіңіру жағын да тиісті орындар әбден ескеруі қажет деп ойлаймын. Жезқазғандағы әкімшілік үйіне кірер беттегі Ленин ескерткіші алынды. Болашақта, оның тұрған тұғырын теп-тегіс қылып тегістеп тастамаса, әйтеуір сол жерге бір ескерткіш қойылатын болса, менің пікірімше, оған ұлы бабамыз Кетбұқадан басқа бейнені орнату орынсыз сияқты.
Қуаныш Ахметов. «Ұлы Даланың Ұлытауы». – Омбы, 1999.


Қожамжар МАХАТОВ,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

КЕТБҰҚА ЖӘНЕ БАҒАНАЛЫ

Сарыарқаның Ұлытау өңірін атам заманнан бері мекендеген елді Бағаналы-Балталы найман жұрты дейді. Ал, осы халық бұл жерге қашан, қандай жағдайда келді, олардың тарихи тұлғалары, батыр, билері, жыраулары, ел бастар көсемдері кімдер еді және олардың тындырған істері қандай? Бұл – әлі тыңғылықты зерттелмеген дүние.

Тарихи мағлұматтарды зерделесек, Бағаналы-Балталыны бұл жерге қоныстандырған Найманның ноқта ағасы, ұлы жыршысы әрі күйшісі, Ұлығ би, әулие абызы, қолбасшысы – Кетбұқа.

Шежіре бойынша, бір жаугершілікте Найман атаның жалғыз ұлы Тоқпан қаза болып, оның келіншегі Нәзбура жесір қалады. «Атам ұрпақсыз өтеді-ау» деп, ақылды, ұстамды келіні Нәзбура тоқсанға аяқ басқан қайын атасына Дәмелі деген жақын сіңлісін алып беріп, оны «Қыз еней» деп атапты.

Қыз еней жүкті кезінде Найман ата дүниеден өтіпті де, бала туған соң оған Белгібай деп ат қойыпты. Белгібай он үшке келгенде 27-дегі Нәзбура оған өзі тиіпті. Белгібайдан Төлегетай, Сүгірші, Шүйінші туған. Ал, Төлегетайдан Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл, Сүгіршіден Бағаналы, Балталы, Ергенекті туған.

«Қыз еней» деп атап кеткен Дәмеліні Нәзбура Найманның інісі Наймантайдың ұлы Елтайға (Ел атаға) қосып, одан Серікбай туған. Серікбайдан екі ұлы: Кетбұқа мен Келбұқа туған. Сонымен, Тоғыз таңбалы Найманға кіретіндер: Төлегетайдан тараған 4 ұл (Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл); Сүгіршіден туған 3 ұл (Бағаналы, Балталы, Ергенекті); Елатадан туған 2 ұл (Кетбұқа, Келбұқа).

Кетбұқа шамамен 1185 жылы Алтай мен Орқын аралығын жайлаған Найман жерінде туған. Кетбұқаның бүкіл саналы ғұмыры халықты қансыратқан моңғол шапқыншылығы – «сұм заманда» өтті. Есін білгеннен ел ішінің азалы қазасын көріп, көкірегі қасіреттен қарс айырылып, өксіп жүріп ер жетті. Жүрегі жаралы жан дертінің дауасын Құба-тегіннің қобызынан тапты. Құба-тегін тоғыз ата, тоқсан тобырлы Найманның ауызы дуалы, қолы құтты абызы, ақылманы, күйші-жырауы еді.

Он бір-он екі жасында Кетбұқа Құба-тегіннің күйлерін тыңдап, оны айнытпай қағып алып, өзіне қайта шертіп беретін болған. Оған ырза болған Құба-тегін кейіннен қара домбырасы мен құлжа қобызын сыйлаған (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы». –Астана: «Елорда», 2002 ж. 26-27 беттер).

Зерттеуші ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Кетбұқа» деп аталатын тарихи әфсанасында халық арасында кең тараған «Нар идірген», «Күйдім, жандым», «Ақсақал» күйлерін Кетбұқаның шығарғанын айтады («Кетбұқа», –Алматы: «Балауса», 1997 жыл).

Академик Ә. Марғұлан: «ХІІІ ғасырда жасаған атақты жырау – «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты Кетбұқа еді)», – деп жазған.

Кетбұқаның аты кейінгі ұрпаққа ұлы жорығымен емес, ұлы жырларымен жетті. Оның жырлары кезінде Дешті Қыпшақ пен Ноғайлы жұртына көп тараған еді. Халық жадында сақталып, бізге жеткені – «Ақсақ құлан, Жошы хан» жыры ғана.

ХVІ ғасырдың әйгілі жорық жырауы Доспамбет өзінің бір толғауында: «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!» деп Кетбұқаның өзі шешен, өзі би болғанын шамырқана жырлайды.

ХІІ ғасырдың аяғында Инаныш Білгі Бұқа хан өлгеннен соң, билікке келген оның ұлдары: Таян хан мен Бұйрық ханның бірімен бірі дүрдараз, алауыз болуының кесірінен бірлік, береке кетіп, Найман хандығы ыдырап, ұлыс екіге бөлінді. Осы жағдайды пайдаланып, Тэмужин Уан хан Тұғырылмен одақ құрып, Таян ханды да, Бұйрықты да бір-бірлеп жеңіп, 1204 жылы Найман мемлекетін құлатты. Мемлекет құлаған соң, Найман тайпасы моңғолдардың жаңа империясына кірді. «Құба-тегін абыз, атақты әскер қолбасшысы Көксау Саурық өлгеннен кейін Кетбұқа Шыңғыс хан қолының сапында жүрді (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы», 521-бет).

1206 жылы барлық киіз туырлықты көшпенділер жиылып, Онон өзенінің жағасында тоғыз сирақты ақ туын желбіретіп, Тэмужинге Шыңғыс хан атағын берді. Шыңғыс ханның бұйрығы бойынша, барлық жаулап алынған және өз еркімен бағынған халықтар әскери-әкімшілік тұрғыдан «мыңдықтарға» бөлініп, олар өздері тұрып жатқан жерлерге тіркетіліп, өз бетінше көшіп-қонуына тиым салынды.

«Яса» заңының бір тармағында: «Кімде-кім тұрағын өз бетінше өзгертсе, ол өлім жазасына кесіледі» делінген.

Шыңғыс хан мыңдықтар бастығына 95 ноянды тағайындады. «Моңғолдың құпия шежіресінің» 202-тармағында келтірілген тізбенің 50-ші рет санында Кетбұқа ноянның аты аталған. Оның аты халық арасында Кете би, Кете ер, Кете жырау деп дағдылы аталуына сәйкес, Кете ноян деп жазылыпты. Моңғол Ғылым академиясының академигі Ислам Қабышұлының «Керейлер керуені» (Өлгий, 1978 ж., 25-26 беттер) деген кітабында: «...оның (нояндардың – Қ.М.) ішінде найман, керейлерден жиырмадай адам осы құрамға кіреді», – деп көрсетілген.

Шыңғыс хан басып алған жерлерін өзінің шешесіне, балалары мен інілеріне бөліп бергенде, Жошының үлесіне 9000 шаңырақ халқымен, байлығымен қоса тиді. «Шыңғыс ханның мемлекетті басқару хақындағы дәргейінде әр ханның, әр қолбасының қасында жөн білетін, данагөй, көпті көрген бір кеңесші болсын» деген жарлығы болатын. Мұны ұлдарына да, ұлдарының ұрпағына да өсиет еткен және кеңесшінің келісімінсіз келелі шешім қабылданбаған» (Т. Жұртбаев. «Дулыға». –Алматы, 1994 жыл. 357 бет). Осы тәртіп бойынша, Шыңғыс хан Жошыға Кетбұқа бастаған үш ноянды ақылман-кеңесші етіп тағайындады («Құпия шежіренің» 243-тармағы; Лувсанданзан. «Алтын шежіре». –Алматы: «Өнер», 1998 жыл. 115 бет).

Шыңғыс ханның осы пәрменіне сәйкес, Кетбұқа Жошының бұдан былайғы барлық жорықтарына қатысып, оның шешімдеріне ақыл-кеңес беруге міндетті еді. 1216 жылы Шыңғыс ханның бұйрығымен Жошы, қасында кеңесшісі Кетбұқа ноян бар, Дешті Қыпшаққа қашқан меркіттерді қууға аттанды. Оларды Ырғыз өзенінің бойында қуып жетіп, қырғынға ұшыратты. Бұл жорық бір жағынан әскери барлау мақсатында жүргізілді және Сарыарқаны ендей басып өтті. Осы жолы Жошының Сарыарқа жеріне, табиғатына қызыққандығы сондай, араб тарихшысы Жувейни жазғандай, Жошы: «Во всем мире не может быть земли приятнее этой, воздуха лучше этого, воды слаще этой, лугов и пастбищ обширнее этих» – деген екен (Д. Кшибеков. «Кочевое общество». –Алматы, 1984 г., стр. 132).

Өзінің елшілерінің дарға асылып өлтірілгендігі жөнінде хабар жетісімен, Шыңғыс хан Хорезм шахы Мұхамедке қарсы соғыс жариялады. 1219 жылдың көктемінде ол Қара Ертіс пен Көбік өзендерінің алқабындағы шексіз жайылымдарға табын-табын жылқылар мен отарланған ірі мүйізді малдарды айдатып әкеп, семірте бастады. Күз түсе ол Ұлы қағанның ақ туының астына моңғолдардан және бағынышты ұлыстардан жиыстырып, әскерін құрды. Барлық әскер саны 150000 (Э. Хара-Даванның дерегі бойынша – 230000) адамға жетті. Қытайдан 15000-дай талқандайтын техника жасаушы инженерлер, шеберлер және жұмыскерлер алдырды. Осы жойқын армиядағы Жошы басқарған әскери лектің (корпустың) құрамына Кетбұқа ноянның өр найман руларынан жасақталған екі түмені қосылды. Соғыс аттарына Бағаналының бақан таңбасы мен Балталының балта таңбасы басылды.

Жоңғар қақпасы арқылы өтіп, Арыс өзеніне жеткен жерде армия төрт корпусқа бөлінді. Шағатай мен Үгедей басқарған бірінші корпус тікелей шабуылмен Отырарды қиратты. Қол астында төрт түмен әскері бар Жошының екінші корпусы Отырарға соқпай, Жентке қарай шабуылдады. Үшінші корпус Банакенті қиратты.

Құрамында 50000-дай әскері бар, Шыңғыс ханның өзі басқарған (жанында Төле бар) төртінші отряд армияның тылында қала тұрды (С.С. Уолкер. «Чингиз хан». –Ростов-на-Дону: «Феникс», 1998 г. 118-124 стр.).

1221 жылы қаңтар айында Шыңғыс хан өзінің үлкен ұлдары Жошы, Шағатай және Үгедей үшеуіне Үргенішті жаулап алуға әмір береді. Қаланы қоршау көктемге, одан жазға дейін созылады. Оның үстіне Жошы мен Шағатай өзара ренжісіп қалады. Одан арғы жағдайды автордың өз сөзімен дәлдік үшін орысша мәтінде келтірейік: «Суть конфликта сводилась к тому, что Джучи явно отрицательно относился к мысли, которую внушал ему и его братьям отец – непременно уничтожить город, который в скором времени должен был стать частью его владений. Та же самая причина заставляла его воздерживаться от полного разрушения городов по берегам Сырдарьи.

...Разногласия между двумя сыновьями были ему (Чингиз хану – Қ.М.) известны и очень его беспокоили. Тогда он отстранил от командования обоих, верховную власть над тремя армиями вручил одному Угэдэю» (там же 197 стр.). «Джучи, возмущенный своим отстранением от командования войском, взял своих воинов и увел их в степи, лежащие к северу и востоку от Аральского моря, а затем разбил свою ставку в городе Сыгнаке. Он не принимал участия в дальнейшей кампании, несмотря на приказы самого Чингиз хана» (там же 205 стр). Джучи увел с собой из общего войска монголов от 15 до 25 тысяч человек» (275 стр.).

Осы Ұлы Далаға беттеген Жошы қолының ішінде бақан, балта таңбалары басылған Кетбұқа ноянның атты әскері де бар болатын. Жошы ат басын Ұлытауға тіреді. Сонымен, «Ұлытауға Бағаналы-Балталылар Кетбұқа басқарған әскер сапында келген. Бұл 1223 жылы болған оқиға» (Қуаныш Ахметов. «Ұлы Даланың Ұлытауы». –Омбы, 1999 жыл. 50-бет). Және де бұл Бағаналының Ұлытауға бірінші келуі. «Шыңғыс хан басып алған жерлерін ұлдарына үлестіргенде байырғы Дешті Қыпшақ, Арқа төсі Жошыға қарады. Жошының ордасы алғашында Найман кере-Шыңғыстауға қонып, кейін Ұлытауға көшірілді. Жошы ең алдымен өзіне өмірлік құтты қоныс ретінде Арқа төсін таңдады.

...Майқы би бастаған қазақ билері 1224 мешін жылының жаз айында Найман кере тауының бөктерінде Тэмужинді өз аттарынан ұлықтап, оның ұлы Жошыны өздерінің тікелей әміршісі деп таныған еді» (Тұрсынхан Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы», 514-515, 517-беттер). Сөйтіп, Ұлытауда алты алаш бас қосып, бірлесе, келісе келіп, бөрі басты, қыл құйрықты ақ туды көтеріп, алғаш рет Жошы бастаған Алтын Орда (әуелде Ақ Орда) хандығы құрылды. Жошы хандығының бас биі, ақылгөй-кеңесшісі Кетбұқа болып сайланды.

Сарыарқаға орналасқан Бағаналы наймандар ерте заманнан Ертағы, Кертағы деп аталып келе жатқан екі тауды және бір өзенді өздерінің Шығыстағы отанындағы жер атауымен – «Ұлытау», «Кішітау таулары» және «Бұланты өзені» деп атап кетті.

Жошы 1227 жылы Бетпақдалада құлан аулау саятында жүргенде жазмыштың құдіретімен опат болғанда, оның қазасын әкесі Шыңғыс ханға естірткен де, келесі жылы Жошыға Кеңгірдің бойында күмбез соқтырған да осы Кетбұқа еді.

1253 жылы Онон өзенінің жағасында моңғолдың Ұлы құрылтайы өтіп, онда Ұлы қағандыққа Мөңке сайланды. Хан Батый құрылтайға өзімен бірге Ұлығ би Кетбұқа ноянды ертіп апарған болатын. Сол құрылтайда Қытай мен Иерусалимдегі соғысты аяқтау туралы шешім қабылданып, Шын-машынға Құбылай, Палестинаға Құлағу аттанатын болып бекітілді. Штаб бастығы болып Кетбұқа ноян тағайындалды. Ол әскерін негізінен өз қандастарынан жасақтайды.

Жорықтың дайындалуы, оның барысы, Кетбұқаның осы соғыста қаза болуы Л.Н. Гумилев пен жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың еңбектерінде («Дулыға», 2-кітап, 348-367 беттер) толық баяндалған соң, қайталауды жөн көрмедік. Дегенмен, айта кету керек: Құлағу хан әскерінің қолбасшысы болған Кетбұқаның осы жорықта Сирияны, Халеб, Дамаск, Харран, Урфу, Амид және басқа да аймақтарды алғандығы жөнінде және оның жеңілу себебі туралы армян тарихшысы Киракос Гандзакеци (1200-1271 ж.ж. өмір сүрген) өзінің «Армения тарихы» деген кітабында: «Крупнейший полководец Хулагухана Кетбука, разгромленный египетским султаном Кутузом в Сирии в 1260 году, был по происхождению Найман, человек, пользующийся большим уважением» деп жазып, оның есімін алғаш рет айналымға түсірді (Киракос Гандзакеци. «История Армении». –Москва, 1976 год, 233-234 стр).

Айн Джалудтегі осы шайқас дипломат Қайрат Сәкидің 2000 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Сұлтан Бейбарыс» атты кітабында берілген. Осы мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде болған мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түменінің соғысы тәптіштеп тұрып жазылған. Сол күні таңертең екі әскер шайқас алдында бетпе-бет келеді. Моңғол әскерінің алдында ақбоз ат мініп, моңғол әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақтан шұбар ат мініп, сұлтан Құтыз тұрады. Шайқас моңғолдардың ұранымен басталады. Мәмлүктер де дабыл қағып, белгі береді. Қиян-кескі шайқас басталып кетеді. Одан әрі автор екі жақтың қолданған тактикалық әдістерін ыждаһаттықпен баяндайды. Ақырында, Құтыз мәмлүктері Кетбұқа жауынгерлерін қоршауға алып, моңғол әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Сөйтіп, талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген Наймандар Палестина жерінде жусап қалады. Кетбұқа қолға түсіп, сұлтан Құтыздың алдына әкелінеді. Екі жақтың кінәласуы барысында Кетбұқа ешбір тайсалмастан: «Егер мен сенің қолыңнан ажал тапсам, менің ажалым сенен емес, жаратқаннан. ...Мен туғанымнан ханның құлымын, сен секілді иемді өлтіріп, билікке ұмтылған жоқпын», – деп жауап береді де, Құтыздан өзін тез өлтіруді сұрайды. Ноянның басы шабылады.

Автор (Қ. Сәки) өз кітабында араб тарихшыларының жазбаларын келтіреді: – Әл-Айни: «Кетбұқа егде тартқан ақсақал болатын».

– Кутбуддин әл-Юнини: «...Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды. Салтанатты, өктем болатын. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен. Баласы оны (Кетбұқаның мәйітін – Қ.М.) көргенде, қатты жылап, жоқтау салады. Кетбұқа татарлардың бақыты еді, оның өлімімен олардың бағы тайды».

– Ибн Тәңірберді: «Парсы жерін және Иракты жаулап алған Кетбұқа ноян болатын. Құлағу хан оған толық сенетін, оның Шам елдеріндегі орынбасары еді» – деген жазбаларын келтіреді.

Жеңілістің бір себебі ретінде Құлағу Шам билеушісі Слахуддин Юсефті кінәлап: «Мысыр елінде мәмлүктер аз, айтарлықтай күштері жоқ деп алдадың. Сенің сөзіңе сеніп, мен аз әскер жұмсап, жеңіліске ұшырадым», – деп, қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын алады.

Кейіннен, Бейбарыс сұлтан болғанда, 1260 жылы Айн Джалуд шайқасы болған жерде «Жеңіс белгісі» деген атпен әйгілі болған ескерткіш тұрғызады (87-бет). Осы соғысқа қатысқан Наймандардың былайғы жердегі тағдыры жөнінде Л.Н. Гумилев былай деп жазған: «Он (Хулагу) отдал приказ своим воинам, сражавшимся в Палестине и не имевшим возможности вернуться на родину, перейти на сторону мамлюков, не без основания полагая, что земляки между собой договорятся» («Черная легенда»).

Шын мәнісінде солай да болған: арада 34 жыл өткеннен кейін Мысырға Кетбұқаның баласы Зейнуддин Кетбұқа 1294-1296 жылдары сұлтан болады («Сұлтан Бейбарыс» кітабы, 252-бет). «Ол туралы И.М. Фильштинскийдің «История арабов и халифата. 750-1517 г.г.» (Москва, 1999 г., 299-322 беттер) деген еңбегінде жоғарыда атап өткен жылдарда Мысыр тағында отырған екінші Кетбұқа туралы да баяндалады. Бірақ, оның атын өзгертіп, «Китбуга» деп, ұлтын моңғол, 1260 ж. 15 жасында соғыс тұтқыны ретінде қолға түскен деп жазыпты» (Т. Зәкенұлы). Дегенмен, жоғарыда баяндалған айғақтар бұл сұлтан Кетбұқа ноянның баласы екендігіне шүбә келтірмейді. Ал, сол наймандардың бір бөлігі елге қайтып келе жатып, Арменияға соққан. Бұл туралы аталған «Армения тарихында» былай деп жазылған: «...после поражения часть войск Кит-буги, спасшись, пришла к царю Хетуму, у которого нашла хороший прием и сочувствие».

Одан әрі осы наймандар Ұлы Жібек жолымен жүріп отырып, Хорезмге жетті деп жорамалдаймыз. Тарихшы М. Тынышбаевтың белгілі еңбегінде наймандар шайбандықтарға, шамамен, 1320-1330 жылдар аралығында қосылды, ал, ХVІ-ХVІІ ғасырларда Қобыз-найман, Жолым би, Құлмұхамед би, Назар би, Ахметәлі-аталық, Жанмұхамед би, Шахғазы билер өзбек жерінде билік жүргізді деп көрсетілген. Бұлар Палестинадан қайтқан «Кетбұқалық наймандардың» ұрпақтары болуға тиіс. Шахғазы би дүрмен еді дегеніне қарағанда, бағаналылықтар да болуы мүмкін. Бұл ру қазір де Ұлытау бағаналыларының құрамында бар.

Өзінің «Түрік шежіресінде» Әбілғазы-баһадүр хан өзінің әкесі Арабмұхамед ханды, оның найман әйелінен туған ұлдары Әбіш пен Елбарысты өлтіріп, ханның басқа әйелінен туған балалары оларға қарсы соғыс ашып, наймандарды жаппай қыра бастағанын жазған.

Сол себепті 1625 жылы наймандар Хорезмді тастап, үш жаққа (Сырға, Еділ-Жайыққа және Бұқараға) қашқан: бір бөлігі – Бағаналы, Балталылар «есің барда еліңді тап» деп, Сырға қарай көтеріле қоныстанған (М. Тынышбаев). Бұл – Бағаналылардың Ұлытауға екінші келуі.

Бұл жұрт алғашқыда «Кетбұқа руы» деп аталған (Қазақ Совет Энциклопедиясының V томы, 406-бет). «Кетбұқа – Орта жүз Найман тайпасының руы. Ол көбінесе «бағаналы» деген атпен мәлім», – деп жазылған. Келешекте Жошы ұлысын құру және оны Ұлытауға орналастыру идеясы ханға 1216 жылғы Сарыарқада «меркіттерді қуу жорығы» кезінде келген. Және де бұл ойды оның кеңесшісі Кетбұқа ноян үнемі қолдап отыратын еді. Әрине, Кетбұқаның ішкі мақсаты халқын аман сақтап, ұлыс билігін қоса атқару болатын.

Шыңғыс хан 1219 жылы Қара Ертіс бойында жойқын атты армия жасақтағанда Жошы мен Кетбұқа ноян жоғарыдағы мақсаттарын орындау үшін өзіне тиесілі өр найман руларын бақан, балта басылған аттарға қондырды.

Есте болатын тағы бір жағдай: өр Алтай және одан бергі бағынған елдер Үгедей мен Шағатай хандардың билігіне өтетін. Бұдан былайғы жерде «Яса» заңы бойынша рұқсатсыз ошарыла көшуге болмайтын. Сондықтан Жошы хан Кетбұқа ноянның кеңесін қолдап, бағаналы-балталылардың жұрт ауыстыруын әскери бірлестік қалпында іске асырды.

Бағаналы-Балталылардың өр Найман тайпасының бір құрамы екендігі дау туғызбайтын шындық. Тарихты зерделеу үшін руға соқпай кете алмайсың. Бұл ретте жазба деректер мен даланың ауызша тарихнамасына (Тарақты Ақселеу) жүгінесің. Қазіргі біздің қолданып жүрген дерекнамаларымыз:

– Мұхамеджан Тынышбаевтың «Материалы к истории киргиз-казахского народа» (Ташкент, 1925 ж.) шежіре-кітабы;

– Тарақты Ақселеудің «Балталы, Бағаналы ел, аман бол» (Алматы, 1993 ж.) шежіресі.

– Бошай Кітапбаевтың «Тоғыз таңбалы Найман» (Алматы, 1994 ж., екі кітап) шежіресі;

– «Найманның бір баласы Бағаналы» (Алматы, 1998 ж.) – көп болып ұжымдасып (Марат Ниязбековтің көп күш салуымен) шығарған шежіре;

М. Тынышбаевтың «Материалдарында», негізінен, төрт Төлегетайлар жайында айтылған.

Б. Кітапбаев үш Сүгірші жөнінде сөз бастап, Ергенектіні түгелдей қамтиды және бір құндылығы – көшбасшы, зиялы қауым жайында мол мағлұмат келтірген. Осы шежіренің схемаларында Ұлытау бағаналыларының көптеген ру аттары аталады; әсіресе, Сары, Сарғалдақ жөнінде (көп тараған Қаратай руы ішінде) біраз тарихи баяндар бар. Бірақ, Бағаналы мен Балталы, Ергенектімен бірге туған Сүгіршінің ұрпақтары десе де, бұлар жөнінде ештеңе айтылмайды.

Ал, «Бағаналының» жергілікті нұсқасы мен Тарақты Ақселеудің шежіресі қолдарыңызда бар. Осы шежірелердегі мағлұматтар мен жазбаларды салыстыра зерттегенде, өр Найманның көптеген рулары, оның ішінде Бағаналы-Балталылар, Шыңғыс жорығы кезінде Сырға, Сарыарқаға, Ұлытау өңіріне қоныс аударған да, біразы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Алтайдағы мекеніне қайта оралған.

1927-1930 жылдары Алтайда КСРО Ғылым Академиясының Наймандарды зерттеген этнографиялық экспедициясы ғылыми жұмыстар атқарған. Құрамында болашақ академиктер С.И. Руденко, А.Н. Самойлович және сол кезде Ленинградта аспирантурада жүрген Әлкей Хақанұлы Марғұлан бар. Оқымыстылар әрқайсысы жүргізген жұмыстарының қорытындысы ретінде статьяларын жариялаған. А.Н. Самойлович өзінің «Казаки Кошагачского аймака Ойратской автономной области» деген еңбегінде: «В общем казаки Чуйской степи принадлежат по составу своих основных родов к Средней Орде и преимущественно к входящему в эту орду племени Найман», – деп айта келіп, негізінен, сарғалдақтар екенін және олардың саны 1926 жылғы санақ бойынша 2408 жан болғанын жазған.

Ә.Х. Марғұлан өзінің «Найманы» деген еңбегінде шын деректерді келтіре отырып, «Из этого можно заключить, что найманы переселились с запада на восток, заняв полосу, граничащую с одной стороны с р. Кенгир, хребтом Улу-тау и р. Токраун, Чингизским хребтом, Голодной Степью (Шудың бойы) и Джетысуйским Ала-тау – с другой. К этому еще нужно добавить, что в факте проживания баганалы и балталы в долинах реки Кенгир и хребта Улу-тау, можно видеть следы найманского потока, направлявшегося от Сырдарии вплоть до горного Алтая. Таким образом, нет никаких сомнений в том, что найманы пришли с запада в 60-70 годах ХVІІІ века», – деп тұжырымдаған.

Бұл ретте Әлекең Қаратай руы бір кезде, яғни 1756 жылға дейін қазіргі Жезқазған облысына қарасты Ақадыр ауданының Тайатқан Шұнақ деген жерінде мекендеп (шұбыртпалылар келгенге дейін), белгілі ру басыларының бастауымен ежелгі мекендері – өр Алтайға қайта өрледі деген белгілі шежіреші, шешен, білгір, орысша да жетік сөйлеген Рүстем ұлы Мұса бидің дерегін келтірген.

Бағаналының тарихы жөнінде 1926 жылы «Атбасцветмет» трестінің Қарсақбай зауытында инженер-геолог болып қызметін бастаған Қ.И. Сәтбаев та аймақ өңірінің табиғатын, этнографиясын зерттеу барысында мақалаларын баспасөзде жариялап отырған.

1927 жылы «Жаңа мектеп» журналының 5-6 сандарында жарияланған «Қарсақбай ауданының күйі» деген еңбегінде болашақ академик аймақтың халқын тегіс дерлік найманның Бағаналы, Балталы руларының Сары-Сарғалдақ, Қожас, Ақтаз аталатын үш тобы құрайды дей келіп, «бұлардың ішінде жалғыз ғана Сары-Сарғалдақ Найманның өзі болып шығады», – деп жазған.

Бұлай делінуі, бұл рудың сол заманда Найман тайпасында кең таралуынан шығар. Және де Қ.И. Сәтбаев сол кезде жүргізіліп жатқан Ә. Марғұланның зерттеулерімен таныс болар. Менің ойым – Бағаналы руларын жіктеу, тарату емес, тек қана осы ұлыстың бұл өңірге келуі, қоныстануы, басынан кешірген кейбір оқиғаларын білгенімше жәмиғатқа жеткізу.



Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: болашақ қазақ ұлтының бір буыны Бағаналы наймандарды тарих атаған астанасы Ұлытауға қоныстандырған, сөйтіп, Ақ Орданың іргесін Жошымен бірге қаласқан Ұлығ би Кетбұқа еді. Сол бабамызға Жезқазған қаласында ескерткіш қойылса екен деген тілегіміз бар.
«Сарыарқа» газеті, №№87, 88;

25, 26 шілде 2003 жыл.


Каталог: attachments -> article
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> История финансовой науки и ее развитие в России
article -> Ұлы баба есімі дәріптелді  Жаңа кітап баспадан шықты  Кітап тұсаукесеріне әзірлік
article -> Програма за развитие на читалищната дейност в община пещера за 2016 година
article -> ҚазақТҰтынуодағЫ
article -> «мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәні бойынша
article -> Элективті пәндердің каталогы Мамандық 5В090500 «Әлеуметтік жұмыс» (оқу мерзімі – 4 жыл, оқу тілі – қазақ) Қарағанды – 2014-2015


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет