Абу Насыр Әл-Фараби ортағасырлық Шығыстың ұлы энциклопедист ғұлама ғалымы. Ғұламаның толық аты Абу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг Әл-Фараби ат-Турки
Абу Насыр Әл-Фараби – ортағасырлық Шығыстың ұлы энциклопедист ғұлама ғалымы. Ғұламаның толық аты - Абу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг Әл-Фараби ат-Турки. 870 жылы Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан орта ғасырдағы саяси және экономикалық, мәдени орталықтарының бірі болған Фараб қаласында дүниеге келген. Ұлы ғалымның есімін ұлықтаған орта ғасырдағы Фараб қаласы кейіннен Отырар деп аталғандығы мәлім. Көптеген ғалымдардың айтуынша, Әл-Фараби түріктің танымал әскери қолбасшысының отбасынан шыққан. Оның толық атындағы «тархан» деген сөз бұған дәлел бола алады. Әл-Фараби жас кезінен-ақ туған қаласын тастап, білім жолын қуып, мұсылмандардың үлкен мәдени орталықтары – Бұхара, Мерв, Хорран, Александрия, Каир, Дамашықта болады. Әл-Фарабидің көп жылдар бойғы тұрған екінші отаны сол кездегі барлық араб-мұсылман елдерінің мәдени астанасы – Бағдад қаласы болды. Мұнда ол алдыңғы қатарлы мұсылман және ежелгі дәуір ғалымдарының шығармаларын оқиды, Шығыстың көрнекті ғалымдарымен араласып, уақыт өте олардың арасынан озық орын алады. Өзінің терең білімі мен қабілеті, жоғары адами қасиеті, озық ойының арқасында, осы Бағдадта «Муаллим ассана», яғни «екінші мұғалім» аталды. Шығыста Аристотельдің «бірінші» екені белгілі. Алайда жамандардың өзінен білімді адамды көре алмаушылығы Әл-Фарабиді Бағдадтан кетуіне мәжбүр етті. Өмірінің соңғы жылдарын ұлы ғалым Алеппо мен Дамаскіде өткізді. Бұл жерлерде Әл-Фараби жергілікті әкімдердің сыйы мен рақымшылығына бөленді, алайда осыған қарамастан, ол билеуші сарайында қалмады. Ғалым өзінің қарапайым еңбекақысымен өмір сүріп, Дамашықта 80 жасында қайтыс болды. Әл-Фараби – әлемдік деңгейдегі ойшыл, ғалым. Өз шығармаларында ол араб, парсы, үнді, ежелгі және төл түрік мәдениетін бір-біріне ұқсатып, жақындастырып, жинақтады. Оның қызығушылық деңгейінің шеңбері өте кең болды. Әл-Фарабидің ой-өрісі сол кезеңдегі әйгілі ғылым мен мәдениет салаларының бәрін қамтыды. Ол астрономия, логика, музыка теориясы және математика, социология және этика, медицина және психология, философия және құқық, өнер мен әдебиет, поэзия және музыка бойынша еңбектер жазды. Мамандардың есебі бойынша, Әл-Фараби 200-ден астам шығарманың авторы. Бұлар – трактаттар мен философиялық еңбектер, музыка және поэзия. Оның әлемге әйгілі болған еңбектері: «Ғылымның саралануы туралы сөз», «Рақымшыл қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактат», «Музыканың үлкен кітабы», «Альмагеске түсінік», «Диалектика», «Метафизика», «Ғылымның шығу тегі туралы», «Әріптер кітабы» және тағы басқа[1, 61-62 бб]. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Сұрақтардың мәні», «Платон мен Аристотель көзқарастарының ұқсастығы туралы» еңбектері - ІХ – ХІІ ғасырлардағы отандық тарихи ойдың дамуына қосылған сүбелі үлес. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырғанымыз ғалымның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат. Азаматтық ғылым, юриспруденция және догматикалық діни ілім туралы» еңбегі[1, 63-70 бб]. Аталмыш шығармалар бір жағынан өз заманынан, ондағы саяси-қоғамдық қатынастардан, ортағасырлық Отан тарихынан біршама құнды мәліметтер беретін тарихи жазба дерек, екінші жағынан ортағасырлардағы тарихи ой мен тарихи білімнің жай-күйін айқындайтын тарихнамалық дерек болып саналады. Ең алдымен «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатты» тарихи жазба дерек ретінде талдайтын болсақ, онда оның пайда болуы объективтілігіне тоқталу қажет. Еңбектің дүниеге келуіне ІХ-Х ғасырлардағы түркі дүниесіндегі мәдени құндылықтар, дүниетаным, салт-дәстүр, Шығыс пен Батысты жалғастырған Ұлы Жібек жолы, сол арқылы мәдениеттердің тоғысуы, сонымен қатар ӘлФарабидің өмірге келуі, оның Азия елдерінде терең, әрі жан-жақты білім алуы ықпалын тигізді. Шығарма ұзақ уақыт бойы қолжазба түрінде әлемдік кітап қоймаларында сақталып келді. Еңбек алдымен орыс тіліне, тек соңғы жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұңғыш рет қазақ тіліне аударылды. Айта кетерлік жайт, зерттеушілер бұл еңбекті тек орыс тілді басылымдар арқылы зерттеп келді. Орыс тіліндегі аудармаларда тілдік, этнографиялық айырмашылықтардың қазақ тілді қауымға түсініксіз тұстары болған. Мұның бәрі реттеліп, қазақ тіліне аударылып жеткізілуі аталған материалдарды тек қазақ тілі мен тарихына жақындата түседі[1,5б]. Жазба деректің дүниеге келген уақытын Х ғасырдың бірінші жартысы деп санауға болады, өйткені осы кезде ғұлама астары терең еңбектер жазуға ден қойған. Деректің пайда болған жерін Дамашық қаласы деп топшылауға болады, себебі ұлы ғалым осы қалада ұлы ғалым Алеппомен бірге өткізді. Осы қалада ӘлФараби жергілікті әкімдердің сыйы мен рақымшылығына бөленді, әлемдік тарихи ойдың жауһары саналатын еңбектер жазуға алғышарттар тудырылған. Дерек авторының Әл-Фараби екендігі дау тудырмайды. Барлық еңбектерін бір бірімен салыстыратын болсақ, онда олардың барлығынан Әл-Фарабидің ойөрісі, дүниетаным деңгейі, қызығушылық шеңбері айқын көрініс тапқандығы анық байқалады. Еңбектің мазмұны көптеген ғалымдардың зерттеу нысанына айналып, ғылымның бір саласы - фарабитанудың қалыптасуына ықпал етті. Деректің түрі және типі жағынан айқындайтын болсақ, ол жазба, әрі қайталанбайтын дерек болып табылады. Барлық типтік сыныптаулар кезінде негізгі топқа жататын жазба деректер. Жазба деректердің аса көп мөлшерде кездесетіндігінен олармен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік алу үшін зерттеушілер оларды әр түрге бөледі. Мұндағы негізгі принцип жазба деректердің пайда болуының, формасы мен мазмұнының және арналған мақсатының бірлігі. Жалпы жазба деректердің мынадай түрлерін атауға болады: жылнамалар, жеке тектік құжаттар, әдеби ескерткіштер, публицистикалық және саяси шығармалар, ғылыми еңбектер, мерзімді басылымдар [5]. Біз талдап отырған дерек ғылыми еңбекке жатады. Жазба дерек ретіндегі маңызы туралы айтатын болсақ, ол ортағасырлық Қазақстан тарихы бойынша дереккөзі, адамзаттың ақыл-ойының қазынасының бір бөлшегі болып саналады. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастарын» тарихнамалық дерек ретінде сипаттайтын болсақ, онда мына төмендегілерді баса айту қажет. Біріншіден, бұл трактат тарихнамалық дерек ретінде дербес зерттеуге жатады. Әуелгі уақыттарда қолжазба ретінде сақталған еңбек соңғы жылдары кітап түрінде жарияланған. Шығарма тарихилық, шынайылық және әлеуметтік принциптерге негізделіп жазылған. Зерттеу әдістері де әртүрлі. Еңбектің жалпы мазмұны азаматтық ғылым, заңтану, догматикалық діни ілім, қоғамды басқарудың негіздері туралы ғұламаның ой-тұжырымдарынан құралған. Ғылыми зерттеудің тарихнамалық фактілері қайталанбайтын болып келеді[6]. Ғалым қоғам және оны басқару туралы жазған. Ғұламаның қоғам деп отырғаны мемлекет, яғни билеушілер қоғамды мемлекет арқылы басқарады. Мемлекетті басқару үшін адамға қабілет, мінез, ақыл-ой, дарын керектігін баса айтқан. Бұларды ол саясат туралы ғылым ретінде қарастырған. «Ол [бұл ғылым] әлгіндей әрекеттер мен мінез-құлық белгілі бір әдіспен басқарғанда, осы әрекеттерді, мінез-құлықты, сапаларды, қасиеттер мен ниет-құлықты қалалар мен халықтар арасында нығайта түсетіндей етіп басқарғанда ғана болатынын түсіндіреді. Бұлай басқару үшін осыларды нығайтып, баянды етілген тәртіпті сақтау үшін сол әрекеттерге итермелейтін белгілі бір жұмыстың жүргізілуі немесе соған қабілеттің болуы шарт. Міне, осы жұмыс пен қабілет дегеніміз, патшалық немесе жоғарғы өкімет билігі, мұны адам не деп атаса да өз еркі. Ал саясат осындай жұмыстың негізі болмақшы»[1] Ғұламаның пікірінше, «Қайырымды қала тәні таза адам секілді, оның барлық ағзалары тіршілік иесінің өмірін сақтап, бір біріне көмектесіп, оны анағұрлым толық етеді»[2, C.305]. Біздің түсінігімізше, мемлекетті басқаруға қажетті құрылымдардың барлығы дерлік қалыптастырлып, олар өзара байланыста қызмет етулері тиіс. Демек, ғалымның ойы мемлекеттік басқару аппараты туралы болып отыр. Осыған орай ол: «Басқарудың екі түрі болады: басшылықтың бірі әрекеттерді, құлықты, ерік қасиеттерін шыңдай түседі, осылардың арқасында бақытқа қол жетеді және бұл өзі қала мен халықты қайырымшылдықпен басқару болып табылады. Осылай басқаруға бағынатын қалалар халықтар қайырымшыл қалалар мен халықтар болып табылады»[1. 64б], - деп жазған. Қайырымдылықпен басқару Фарабише демократиялық қоғам, яғни қала мен халықтың талабын, мүддесін ескеру, соның арқасында бақытқа кенелу. «Шын бақыт - бұл игілік, рахым және лайқаттылық». Аталған адамзат жетістігі тек демократиялық қоғамда ғана орын алады. Демократия – халық билігі, қоғамның мемлекеттік-саяси құрылымының ерекше түрі, халық биліктің бірден бір көзі, оның субъекті және нысаны[3]. Мұндай қоғамда барлық азаматтар тең құқылы, заң үстемдігі және негізгі принципшілдігі әрекет етеді. Билеуші де билігін осыларға негіздейді. Сондықтан да өз трактатына заңтану - юриспуденция сөзін қосып жазған. Мұның өзі нағыз адами бақыт заңдардың үстемдік ететін қоғамында орын алады дегенге саяды. Заңды аяқ асты ететін қоғам - қайырымсыз, бақытсыздыққа жол берген мемлекет. Ол демократиялық билікке қарама-қайшы ол - тирания немесе тоталитарлық қоғам. Әл-Фараби оны «Басқарудың екінші түрі қалаларда шындығында бақыт болып табылмайтын, қиялдағы бақытқа қол жеткізетін әрекеттер мен қасиеттерді нығайтады; мұндай басқару - наданшылық басқару» деп атаған. «Басқару көптеген қосымша түрлерге бөлінеді, мұның әрқайсысы алға қойған мақсатына қарай әр түрлі аталады». Қазіргі тілмен, әрі түсінікпен айтатын болсақ, билік субъектісіне, қызмет саласына, ресурстарға сәйкестігіне, биліктің субъекті мен нысанының өзара қарым-қатынастары тәсілдеріне, көлемі мен дәрежесіне, іске асыру әдістеріне қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Біздің түсінігімізше, Әл-Фараби осыларға меңзеген. Мәселен, Қазақ жеріндегі ортағасырлық қағандықтарда басқарудың өзіндік түрлері қалыптасты. Мысалы, Батыс түріктері мемлекетінің басшысы - қаған, билеуші, билеп төстеуші, әскербасы болды. Қаған мемлекеттің ішкі және сыртқы саяси істерінің бәріне басшылық етті, ру басшыларын тағайындады. Қаған тек билеуші ғана емес, сонымен қатар қағанаттың барлық жерінің иесі де болуы мүмкін. Алайда көшпелі қоғам жағдайында билік негізінен алғанда жерге емес, ол жерді пайдаланатын адамдар ұжымына жүргізілді [4, 301б]. Әл-Фараби ары қарай: «Бұл өзі сонымен бірге сол басқарудың көздейтін мақсаттары мен міндеттеріне де қарай бөлінеді. Мысалы, егер басқару байлықты көздейтін болса, онда бұл опасыз басқару деп аталады: егер ол дәрежені мақсат етсе, онда бұл мансапшылдық басқару. Егер басқару әлде бір басқа мақсатты көздесе, онда оны сол мақсатына қарай басқаша атайды...»[1, 64б], - деп жазды. Байлықты билік мүддесіне айналдырған, «он сегіз ғаламды» бағындырған Ескендір Зұлқарнайын төл ауызша тарихнамада қатыгез, рақымсыз қолбасшы ретінде сипатталады. Оның байлыққа құмарлығы күнәсіз адамдар өмір сүретін, Ескендірге ішіне кіруге тиым салынған қақпадан бір қап ұн мен адам бас сүйегінің лақтырылуы, оның таразы басына қойылып, бір жағына Зұлқарнайынды, екінші жағына сүйекті қоюы, ақыры сүйекке бір уыс топырақ шашқанға дейін оның теңестірілмеуі, әлемді жаулап алушының қартаймай бақилыққа аттануы [7] туралы атадан балаға жеткен тарихи аңыз арқылы адамзат жадында сақталып қалған. Осыған орай эпикалық ескерткіштерде «... Ескендірдей алсаң да бар ғаламды, сен де бір күн жермен жексен боларсың» деген толғаулар орын алады. Дәрежені мақсат еткен билеушілер тарихта жетіп артылады, алайда олардың есімдері дәріптелмейді. Нақты мақсатты көздейтін мемлекеттің болашағы жарқын болатына да тарих куә. Мәселен, тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің алдына әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша әлемнің отыз елінің қатарынан көрінуді басты мақсаты ретінде күн тәртібіне шығарған [8]. Басты басымдылықтардың бірі елдегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық, конфессияаралық келісім айқындалып, сол бағытта дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 18 қаңтарындағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауында Мәңгілік Ел ұлттық идеясын бастамасын көтеріп, оның «жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» болып саналатындығын қадап айтты [9]. «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы байқуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді»[9]. Қазақстандықтардың да көксегені - Фараби жазған бақытты елге айналу. Жалпы бақытты ел болу адамзаттың арманы, сол мақсатқа жетудің бірден бір жолы құқықтық мемлекет құру. Мұндай елде билік тарамдалып, үшке бөлінеді, заңдар үстемдік етеді, қоғам мүшелерінің мүддесі алдыңғы орынға қойылады, тұлғаның әлеуметтік, зияткерлік, психологиялық, мәдени, саяси мәдениеті жоғары деңгейге жетеді, әрбір азаматтың жеке және ұжымдық меншігі болады. Құқықтық мемлекет қалыптастырудың алғышарттары Қазақстан Республикасында да жасалған. Заң шығаратын екі палаталы парламент, жоғарғы сот және атқарушы билік - министрлер кабинеті құрылған. Ата Заң – Конституция қабылданған. Оның жұмыс істегеніне биыл жиырма жыл толмақшы. Азаматтардың құқығы мен міндеттері анықталған, заң алдында қоғам мүшелері бірдей, әлеуметтің жағдайы жылдан жылға жақсарып келеді. Тарихта мемлекетті басқару үшін түрлі билеушілердің билік басына келгендігі және қандай жолдармен оған қол жеткізгендері жайында жазба деректер мол. Мұндай үдерістің үнемі жүріп отыратыны да белгілі. Әл-Фараби осы турасында да ой толғаған. «Бұл бөлім қайырымды қала қашан оның билеушілері уақыты бітіп бірінің орнын бірі басқанда, бұрынғысы қандай жағдайда басқарған болса, соңғысы да сол жағдайда басқаратын болса, бұлардың орын ауысуы үздіксіз және дәйекті болатын болса, онда қала бұрынғыша қайырымды күйінде қала беретінін, қайырымсыз қалаға айналмайтынын түсіндіреді. Билеушілер ауысқанда үздіксіз басшылық болу үшін не істеу керек екенін түсіндіреді» - деген тұжырымдары осының дәлелі. Алайда билеушілердің жиі ауысып, билік басына келуі де қасірет. Мәселен, Алтын Орда тұсында айналдырған жиырма жылдың ішінде алпыстан астам хан билікке түрлі жолдармен келген. Мұның өзі орда ішіндегі тартыс пен қырқысқа, ақыры оның ыдырауына алып келген. Билік басында бір билеушінің ұзақ отыруы да қоғамның тоқырауы мен дағдарысына әкеледі. Тарихтан мұндай құбылыстарға көптеп мысал келтіруге болады. Ортағасырлардағы Еуропа тарихында бірқатар мемлекеттер саяси бытыраңқылыққа ұшыраған. Арғысын айтпағанның өзінде Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы Л.И. Брежневтің жиырма жылға жуық билігі кеңестік қоғамның тоқырауын, сөз бен алшақтығын, номенклатураның күшеюін, т.б. тудырғаны белгілі. Ал билікке келудің жолдары мен тәсілдері турасында сөз қозғасақ, Қайта Өрлеу заманының ойшылы Н. Макиавеллидей дөп басып жазған ешкім болмаса керек. «Патша» тақырыбындағы шығармасында Н. Макиавелли «билеуші қандай әдістермен мемлекетті басқара алады және билікті ұстап тұрады?» деген сұраққа «биліктің мықты негіздерін қалау» арқылы қол жеткізуге болады» деп жауап берген[10, 76б]. «Мықты мемлекет пен биліктің өмір сүруі басқару аппаратына тікелей байланысты болмақ» деген тұжырымы Әл-Фараби пікірімен үндес. Н. Макиавелли «патша болудың» бірнеше жолдарын көрсеткен. Алғашқысы тағдырдың қайырымымен, яғни жекелеген адамдардың демеуі, қолдауы арқылы билікке келуге болады. Екіншісі - жеке ерлігінің арқасында, үшіншісі - қылмыстық жолмен, төртіншісі - халықтың қолдауы және азаматтардың мархабат етуі[10, 77б]. Н Макиавелли билікке келудің оңай, ал оны ұстап тұрудың қиындығы туралы да жазған. Мұның өзі Әл-Фараби көрсеткен басқарудың «қайырымды қала» тұрғындары үшін сәтті, әрі нәтижелі болатынының бір айшықты дәлелі. Мемлекеттің түрлері мен нысандары туралы ойлары ғұламаның антикалық ойшылдардың еңбектерін зерделегенін дәйектейді. Платон мен Полибийдің тұжырымдарына қосыла отырып, басқарудың монархия, аристократия сияқты түрлеріне тоқталған. Билеушінің басқару қабілеті мен дарынынан өзге оны тәрбиелеп шығару керектігі, жағдай жасалуы тиістігі баса айтылған. Бұл орайда заманауи қазақстандықтардың «Елбасы біреу, халық оған тіреу» деген парасатты ұстанымы ойға оралады. Мұның өзі халық даналығына, Фараби трактатындағы «Бұл бөлім патшалардың және басқа да билеушілердің балалары қазіргі билеушілердің өкімет билігін алуға лайықты болу үшін, оларға қандай дәреже және жағдай жасау керек екендігін түсіндіреді. Табиғи қабілеті бар балалар әбден кемеңгер монарх болып, өкіметті қолына алуы үшін оны қалай тәрбиелеу керек екендігін түсіндіреді»[1,66б] деген пікіріне сүйенген тұжырым болса керек. Әл-Фарабидің пікірінше, мемлекетті басқаруы гуманистік ұстанымдарға негізделуі тиіс. «Мұнымен бірге кімде-кімнің ел басқаруы надан болса, ондайлар мүлдем монарх болуға тиісті емес. Өздерінің жағдайларында, қимыләрекеттерінде және басқару ісіне олар теориялық та, практикалық та философияға ділгер емес; ол ол ма, олардың әрқайсысы өздері басқарып отырған қалалар мен халықтар арасында көздеген мақсаттарын осындай іс барысында алған тәжірибесі арқасында жүзеге асыра алады» [1,66б]. Қазіргі уақыттағы модернизация гуманистік бағытты ұстанады. Заманауи модернизация екі түрлі мақсатты көздейді: бірі – азаматтық қоғам, екіншісі – мемлекет тәуелсіздігі, оның жалпыұлттық институттарын дамыту. Билеушінің табиғи қабілеті мен дарынын баса назар аударған ғұлама: «Егер өзінің мақсат етіп қойған игілігіне - жан рахаты мен мәртебелі дәрежелерге, т.с. жету үшін қажет болған әрекеттерді зерттеуге оның туа біткен тамаша қабілеті болса, онда ол игілікті игеру жолында өз мақсатына жетеді. Бұл арада оның ізінің көздеген мақсатындай мақсатты ұстаған өзінен бұрынғы билеушіге ойдағыдай еліктей білуі де осыған жатады»[1,66б], - деп жазған. Тарихнамалық деректің ерекшелігі оның фактілерінің күні бүгінге дейін талданып, зерттелуі. Олардың өзге зерттеушілердің еңбектеріне арқау болуы, А. Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «жем» болуы. Әл-Фараби трактатының тарихи және тарихнамалық дерек ретіндегі маңызы өте зор екендігі дау тудырмайды. Академик С.О.Шмидтің пікірінше, «тарихнамлық дерек деп тарихнамалық құбылыстарды тануға болатын кез - келген дерек»[11, 59б], сол арқылы ғылымдағы негізгі тұжырымдамаларды, құбылыстарды, ахуалды, тарихи ойды, теориялық методологиялық тұстарын тануға жол ашылады. Әл-Фараби трактатын тану бойынша ғұламаның қағидаға айналған ұстанымдары танылды