Негізгі түсініктер: XX ғ. басындағы халықаралық жағдайдың шиеленісуі, Антанта мен Үштік Одақтың құрылуы дүниежүзілік соғыстың жақындап қалғанын көрсетті. Соғыстың басталуына сылтау да табылды. 1914 ж. 15 (28) маусымда Сараево қаласында Австро-Венгрия тағының мұрагері Франц-Фердинандты серб ұлтшылдары өлтіріп кетті. Австро-Венгрия 10 (23) шілдеде Сербияға он талаптан тұратын ультиматум тапсырды. Оның ішінде Сербиядағы ұлтшылдық ұйымдарды тарату, Австрия тергеушілерінің Сербия енгізу сияқты талаптар Сербияның мемлекеттік егемендігіне нұқсан келтіретін еді. Сербия ультиматумның басвқа талаптарын орындауға дайын екендігін білдірді. Алайда Австро-Венгрия бұл жауапқа қанағаттанбады да, 1914 ж. 15 (28) шілдеде Сербияға соғыс жариялады. Ресей келесі күні қарулы күштерін әскери даярлыққа келтірді.