Екінші негізгі кезең – бастың жамбас қуысына түсуі. Нәрестенің басы жамбас қуысының кең және тар жазықтарынан өте отырып, біртіндеп ішкі бұрылысын жасайды (қосымша кезең). Шүйде шат сүйегіне бұрылып, бас жамбас қуысының түбіне төмен түседі. Осы кезде бастың төбе жігі жамбастың шығаберіс жазықтығының тік өлшеміне сәйкес келеді.
Үшінші негізгі кезең - нәрестенің басы жыныс ернеуін жарып шығып, шаттың төменгі қырының айналасында шалқаяды (қосымша кезең). Жыныс ернеуінен ең алдымен төбесі, маңдайы, беті, иегі шығады. Осы кездегі бекіту нүктесі – шүйде шұңқыры. Бұл кезең нәресте басының жыныс ернеуінен толық босанып шығуымен аяқталады.
Төртінші кезең – иықтың іштей, бастың сырттай бұрылуы. Бас туғаннан кейін не оңға не солға бұралыды, оның бұрылуы нәрестенің орналасу бағытына (позиция) байланысты. Егер нәресте бірінші бағытта орналасқан болса, оның беті анасының оң санына, екінші бағытта орналасқан болса, сол санына бұрылады. Осы кезде нәресте иығының іштей бұрылуы аяқталады. Алдыңғы иық шаттың төменгі етегіне, артқы иық құйымшаққа тіреледі. Алдымен алдыңғы иық босап, содан кейін артқы иық жыныс ернеуінен шығады. Осы сәттен кейін нәрестенің өмірге келуі аяқталады.
Шүйденің алға қарап туу ерекшеліктері:
1. Нәрестенің басы жыныс ернеуінен кіші қиғаш шемімен туады (өлшемі – 9,5 см; айналымы -32 см).
2. Бекіту нүктесі – шүйде шұңқыры.
Шүйденің артқа қарап тууы
Бірінші негізгі кезең – бастың жамбастың кіреберіс жазықтығына қондырылуы. Бұнда да босану басталған кезде, нәрестенің басы өзінің төбе жігімен жамбасқа кіреберіс жазықтықтың көлденең не қиғаш өлшеміне сәйкес келеді. Бұл кезде бас еңкейіп, иегі көкірегіне жақындайды.
Екінші негізгі кезең – бастың жамбас қуысына төмен түсуі. Нәрестенің басы жамбас қуысының кең және тар жазықтарынан өте отырып, біртіндеп шүйдесімен сегізкөзге, маңдайымен шат сүйегіне бұрылып (қосымша кезең), жамбас түбіне төмен түседі. Осы кезде бастың төбе жігі жамбастың шығаберіс жазықтығының тік өлшеміне сәйкес келеді, ал жетекші нүктесі үлкен және кіші еңбектің ортасында болады.
Үшінші негізгі кезең – жарып шығу. Бұл кезеңде бас жыныс ернеуін жарып өткенде, әдеттегідей жазылмайды, керісінше қосымша бөгеледі. Бірінші бекіту нүктесі алдынан, маңдайдың шашымен ұштасқан жері мен (үлкен еңбектің алдыңғы шегі) шаттың төменгі етегінде.
Екінші бекіту нүктесі артынан, шүйде шұңқыры мен құйымшақ арасында. Маңдай шаттың төменгі етегіне тіреліп, бастың көбірек бүгілуіне байланысты жыныс ернеуінен маңдай мен шүйде бір мезгілді шығады. Осыдан кейін бас түзеле, шалқая келе жыныс ернеуінен толық босанып шығады.
Төртінші кезең - иықтың іштей, бастың сырттай бұрылуы. Осы сәттен кейін нәрестенің толық өмірге келуі аяқталады.