Мәдениет — адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі құралған. Сонымен бірге мәдениет адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал.
Әл-Фараби айтқандай, адам – «хайуани мадани», яғни, адам мәдениетті жан.
Адам – табиғат туындысы және ол үшін табиғи орта мәңгілік қажеттілік болып қалады. Мәдениет адамнан табиғатты бөліп алады деген пікір қанша рет айтылса да, адамның табиғи шығармашылықтың ең жоғары үлгісі екеніне күмән жоқ. И.Гердердің тілімен айтқанда, адам – табиғаттың бірінші азаттық алған пендесі.
Ғасырлар – адамның мәдени дамуының куәсі. Бірақ осы алға қарай жылжу Жер-Анаға әр уақытта жайлы бола бермеді. Адам қоршаған ортаны өзіне ыңғайлы тұраққа айналдыруға тырысты, алайда осы белсенділік көп жағдайда табиғатты күйзелтіп, құлдыратып жіберді.
Адам және мәдениет мәселесін тереңдете түсетін тағы бір жайт адамның қабілеттілігіне, жан-жақтылығына, шексіздігіне байланысты. К.Поппер айтқандай, адам бірдей үш дүниеге: физикалық, ментальдық (психикалық) және идеялдыққа жатады. Сонда мәдениет осылардың қайсысымен көбірек анықталады деген занды сұрақ туады. Егер біз мәдениетті тек материалдық және рухани бөліктерге бөлудің қарадүрсін шеңберінен шыға алсақ, онда мәдениеттің өзінің ішкі мағынасында идеалды екендігіне көзіміз жетеді. Себебі, адамды қоршаған заттар, дүние — бұл мәдениеттің сыртқы көрінісі ғана, оның мәні — руханилықты адам әрекетінің нәтижесінде заттандыруда жатыр. Мәдениеттің ішкі мәні қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың өзіндік санасында, парасаттылық сезімдерінде, рухани ізденістерінде айқындалады.
Ж.П.Сартрлық көсемсөзді қайталасақ, адам әлемге еркін жіберілген, ол еріктілік жазасына кесілген. Осы сипатта мәдениеттің құпиясы — адамдағы «Мендік». Одан сыртқа ерекше бір нұр — азаттық, жауапкершілік, адамгершілік сәулесі нұр шашып тұр. Мәдениетте адам ғажап биік деңгейге көтеріледі. Мәдениет дегеніміз менің өмірім, менен бөлінген, мен өлгеннен кейін де тірі болатын менің шығармашылығым.
Қоғам — әлемнің бір бөлігі, белгілі бір мақсаттарды іске асыру жолында әрекет етіп жатқан субъектілердің (тұлғалардың, топтардың, этностардың, мемлекеттердің) байланыс нысандары. Яғни, қоғам ұғымындағы негізгі мәселе — адам және оның ұйымдасу нысандары, бұл ретте қоғамды зерттейтін басты ілімді әлеуметтану деп атайды. Ал мәдениет осы тұрғыдағы қоғамның белгілі бір қасиеті, көрінісі, сипаты мазмұнында қолданылады. Осыған дейін қарастырылған ұғымдарды негізге алып, қоғамдағы мәдениеттің төмендегідей қызметтерін айқындау мүмкіндігі бар:
Адамды қалыптастыру қызметі. Бұл — мәдениеттің қоғамдағы басқа қызметтерін бойына жинақтайтын және оның негізгі мазмұнымен тікелей байланысты нышан. Егер біз адамды әлде құдай, әлде табиғат, әлде еңбек жаратты деген пікірталастардан сәл көтерілсек, адам мәдениетті, ал мәдениет адамды қалыптастырғанына көзіміз жетеді. «Жеке адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамның туындысы, төл перзенті». Маугли — көркем бейне. Жануарлар арасында кездейсоқ өскен адам мәдениеттік қасиеттерден жұрдай болады.
Адамға ең қиыны — адам болу. Ал оның негізгі шарттарының бірі ретінде ізгілік пен зұлымдық, ақиқат пен жалғандық, әділеттілік пен өктемдік, бодандық пен азаттық, сұлулық пен ұсқынсыздық арасындағы адамның таңдауын аламыз. Соның нәтижесінде жеке тұлғада өзіндік сана тұрақталады, ол озық мәдениет үлгілерін өз бойына сіңіреді. Жалпы алғанда, мәдениеттің алға басуы дегеніміз дүниежүзілік тарихтың адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.
Адам өзін қоршаған ортада, кеңістікте адамзаттың ақыл-ойынан тәуелсіз заңдылықтарын, ережелердің бар екенін аңғара отырып, онда жоғарғы «ақыл-ой» мен ең жоғарғы әділеттіліктік әрекет ететіндігін сезіне білді. Мәдениет тағы да адамның өз мүмкіндіктерін «жетілдіру», оның ішінде ақыл-ойды, ақыл-ой болғанда «табиғи» бұзылмаған және сеніммен толықтырылған ақыл-ойды «жетілдіру» тұрғысынан адамзат баласының алдына тұрған келелі мәселе дәрежесіне көтеріп, құпия дүниелер есігі айқара ашылды, қоршаған ортаға басқа рациональдылық қана емес екендігі айқындалып ендігі жерде адам бойындағы жаңа өлшемдер – махаббат, үміт, сенім және т.б. жаңа сатыға көтерілді. Адам өзінің әлсіздігін де сезіне бастады, бірақ ол өзінің дәрменсіздігіне қарамастан алып күш иесі екендігін де таныта білді. Құдай адамды, оның мәңгілік жанын жаратты. Адамның бақыты өзін тануда емес. Құдайды тануда. Адамның бақыты мен бостандығы оның тәуелсіздігінде емес, оның Құдай тағаланың ықпалында болуы мен оның рухани бірлікте екендігін мойындауында. Міне, сонда ғана адам барлық қиындықтарды жеңе отырып, өз мақсатына жетеді. Міне осындай сипаттарға ие болған ортағасырлық мәдениеті мен тәлім-тәрбие, үйлесімділік пен тәртіп өлшемі ретінде емес, шектеушілікті жеңу, адамның үнемі рухани жетілуі мен жан-жақты қалыптасуымен сипатталады.
Көне заманнан бастап ХІХ ғасырдың аяғына дейінгі мәдениеттанымдық ойдың дамуын ғылыми тұрғыдан қарастыра отырып, мынандай қысқаша қорытындылар жасауға болады. Еуропада кеңінен тараған мәдениет жөніндегі ұғым діни сипатта болды және ол мынандай қағидаларға келіп тірелді: мәдениетті ақыл – ойдың не табиғи сезімнің көмегі арқылы түсіну (энциклопедистер); мәдениетті – ішкі адамгершілік заңдарының көмегімен тану (Кант); мәдениетті-эстетикалық, көркемдік шығармашылық қызмет арқылы білу (Шеллинг); ең соңында мәдениетті-адамзаттың тегіне қатыстылығы және оның абсолюттік идея мен дүниежүзілік рухты жүзеге асырудың құралына айналғандығы (Гегель); адамзат мәдениеті үздіксіз дамып, өркендей отырып эволюция мен прогрестің жалпы сандарына сөзсіз бағынады. Бірақ біз қарастырған кезеңде мәдениеттің материалдық негізіне мән берілмей (әңгіме Л.Г.Морган мен Тайлордан басқа Маркске дейінгі мәдениет жайындағы концепциялар туралы болып отыр), мәдениетті тек құдайдың шапағатымен ғана байланыстырып, бұл ұғымға мәдениеттің – ғылым, адамгершілік, өмір, философия, құқық және т.б. сияқты салаларын ғана енгізген.
Назарларыңызға рақмет!