Қадыр Мырзалиев



Дата31.12.2019
өлшемі27,83 Kb.
#54047
Қадыр Мырзалиев

1935-2011

«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы..»,-деп туған жеріне деген ыстық ықыласы мен махаббатын жыр жолдарымен білдірген Қадыр Мырза Әлі біздің қадірлі, сүйікті ақынымыз. Қазақтың атақты классик ақыны, поэзия Пайғамбары, халық жазушысы .

Ақ Жайық өңірі қашанда ақынға да, азаматқа да ежелден кенде болмаған. Әр ақыны мен азаматының өз биігі бар. Солардың ішінде Қадыр Мырза Әлі ақындық жағынан да, азаматтық жағынан да ел тарихында биіктен көрінген, халқының сый-құрметіне бөленген қайраткер.

«Қадырды білмейтін қазақ әсте жоқ. Қадырды әлі әріп танымаған бүлдіршін бөбектен бастап, әріпті көзілдіріксіз көре алмайтын қарияға дейінгінің бәрі біледі. Өзін білмесе де сөзін біледі», -деп белгілі жазушы, мемлекеттік, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев тегін айтпаған. Шынында Қадыр Мырза Әлі өмір бойы қолынан жүйрік қаламы түспеген үлкен дарын, үлкен талант иесі болған.

Ақын өзін «Өмірбаян орнына» өлеңінде :

Бәрін тез-тез болады деп кім күткен!

Күндер өткен жұлдыз жауар түндіктен.

Мырзалының

Үміт артқан өлгенше

Үш ұлынан жалғыз еркек кіндік мен.

Жүз демеймін-

Түсінеді жөнді ұққан

Жалғыз едім мен бір ірі сомдықтан.

Жалғыз едім өспей қойған атадан,

Жоғалуға қақым жоқты сондықтан!

Өлең жаздым тоғыз тарау ,

Жеті өрім.

Сездім соның жүректерге жетерін,- десе ақын өз айналасындағы ортасы мен жанұясын

Ағайын жоқ ертелі –кеш андыздар,

Бар аздаған ойнамайтын балдыздар.

Бар аздаған жолдастарым,

Достарым,

Олар да сол мен секілді жалғыздар

Бар айтпақшы ,жарқылдаған жарым бар,

Үш балам бар, құдай берген дарын бар.

Момын да емен көне кетер қорлыққа ,

Асау да емен ала қашып арындар,-деп жырға қосады.

Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев 1935 жылы қаңтардың 5 жұлдызында Жымпиты ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын аудандық комсомол комитетінде пионер және мектеп бөлімінің меңгерушісі болып бастаған жас ақын, жұмыс басты болып жүрсе де шығармашылықтан қол үзбейді. Облыстық «Екпінді құрылыс» газеті (қазіргі «Орал өңірі») алғашқы ақынның «Бейбітшілік көктемі» атты өлеңін жариялап, Қадыр Мырзалиевтың творчестволық тұсауын кеседі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырзалиев 1958 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін, аспирантурасын бітіреді. «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында біраз жыл өнімді еңбек етті.Ақынның алғаш өлеңі 1954 жылы «Пионер» журналына жарияланса, «Көктем» атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көрді.Содан бері күні бүгінге дейін елуден астам поэзиялық ,прозалық және әдеби сын кітаптары шықты.

Қадыр Мырзалиевтың көптеген өлеңдері мектеп оқулықтарына енді.Ақын өзінің әзіл,ойнақы жырларымен тентектікті, жалқаулықты әжуалап, өз оқушысын жақсы өнеге,сүйкімді қылыққа мегзейді. Оның әнге арнап жазған өлеңдерінің саны 200-ден астам. Олардың көбі халық арасына кеңінен тарап «Үндер-ай» атты жеке кітап ретінде басылып шықты.Талантты ақынның еңбектері бірнеше тілге аударылып, сонау шетелдіктер тарапынан өте жоғары бағаланды.Ақын қаламынан халық фольклорының атақты күлдіргі кейіпкері Алдар Көсе туралы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты сатиралық комедиясы мен Махамбет батырдың ең соңғы азапты күндері туралы «Жаралы жолбарыс» атты драмалық шығармалары туды. Әлемдік әдебиет өкілдерінің шығармаларын қазақшалады.

Ақын белгілі бір тақырыпты терең зерттеп зерделейтін жүйе жинақтарды өмірге әкелді. Олар «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой арманы», «Дала дидары», «Домбыра», «Жерұйық», «Алақан», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап», «Мәңгі майдан», «Қылыш пен қанжар», «Заман-ай», «Алмас жерде қалмас» тағы басқа жинақтар қазақ поэзиясында бұрын –соңды болып қөрмеген құбылыс ретінде қабылданды. Ақын қаламынан әдебиеттің әр жанрына қатысты шығармалар туды.

Ол лирика, поэма, драма, эссе, афоризмдер, ғибратты мөлтек әңгімелер,әдеби сын, аудармалар және балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты.

«Қазақ поэзиясында осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса - бірі, біреу болса өзі -Қадыр Мырзалиев...Қазіргі қазақ поэзиясын көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музыкасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері бар: Қадыр лирасының сыңғыры бөлек, сыры терең» ,-деп баға береді академик Зейнолла Қабдолов

Әр дәуір өз ақынын тудырады десек, Қадыр шығармалары оның өзі өмір сүрген жылдардағы көркем тілмен жазылған шежіре десе болады. Қадыр Мырзалиевтың поэзиясы сан қырлы. Олар адал еңбек, пәк махаббат, биік адамгершілік, Отан, дәуір, халық, қазақ мінезі, елге, жерге сүйіспеншіліктен бастап, барлық жақсылық атаулыға сүйсініп, соғыс қаупінен бастап, туған табиғатқа деген немқұрайлыққа дейінгі барлық әлеуметтік келеңсіздіктерге ашынады.

Қадыр- ұлтын шексіз сүйген ақын, оның ұлтына, қазағына деген мақтан сезімін «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» деген өлеңінен көруге болады:

Қазақ осы - айтатұғын желге сыр,

О, ағайын, халық емес ол кесір.

Қазақ осы - аңғал-саңғал жабусыз,

Қазақ осы - ақыл-тегіл, көл-көсір!

Қазақ осы - дала дейтін, күн дейтін,

Қазақ осы - "өнер алды - тіл" дейтін.

Қазақ осы - қарасың ба, ақсың ба,

Қоңырсың ба, жатырқауды білмейтін!

Қазақ осы - көргенінен танбайтын,

Той-думансыз оты түзу жанбайтын.

Қазақ осы - алудай-ақ алатын,

Ал беруден алдына жан салмайтын.

Қазақ осы - ашық жарқын қабағы,

Қонақ келсе шабылып бір қалады.

Байқа да тұр, саған да ол кетерде,

Ат міңгізіп, жібек шапан жабады.

Ал ақын мына өлеңінде байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір қазақ халқының мінез-құлқын жасап, шебер жырға қосады :

Бабамыздың шоқ басқан табанымен,бірдей екен жақсысы жаманымен,

Бір жаманы –тынымсыз көше берген,бір жақсысы-қимаған даланы кең.

Бір жаманы -жел сөзге ерген екен,бір жақсысы -тілге ерік берген екен,

Бір жаманы- кетпенге орашолақ,бір жақсысы- найзагер,мерген екен.

Бір жаманы -кешігіп әліппе ашқан,бір жақсысы- күйлері көбік шашқан.

Бір жаманы –қыздарын малға сатып,бір жақсысы -сүйгенін алып қашқан...

Дүниедегі бар құбылысты адамзат санасындағы сан қырлы сезімді сөз арқылы жеткізуге болады.Сондықтан да ақын сөз құдіретінің мән –мағынасына терең бойлап, сөз құдіреті туралы ойларын былайша жеткізеді :

Сөз-шалғыным,пішенім

Сөз-сусыным,ішемін

Сөзден асқан мата жоқ,

Содан киім пішемін

Сөздің дәмін татамын,

Сөз-қызыққа батамын.

Сөзден асқан мерген жоқ

Сол мерген боп атамын.

Сөз болып қол созыңдар,

Сөз-бәйгеде озыңдар!

Сөзім жоқта –жоқпын мен,

Сөзім бар да өзім бар.

Ойы бола астыртын

Ондай сөздің бас мұртын.

Сөз өзімнің өмірім,

Сөз өзімнің паспортым немесе ол

Мен ақынмын ,

Әулие емен,

Бақсы емен.

Әрине ғой,күндерім бар көксеген.

Соның бірі-

Ел есінен шықпайтын

Жазып кету ғажайып бір жақсы өлең –деп,

өмірінің мәні өлең, сөз екендігін айтып,түйін жасайды.

Ақын бір сұхбатында:

«Поэзия мені асырады, ал мен оған не бердім, оны оқырман, келер дәуір айтар. Осындай тағдыр берген Аллаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Көп көрдім, көп жүрдім, көп адамдармен істес болдым, көп түйдім, көп еңбектендім. Бір де бір күнім қаламсыз өткен жоқ. Достарым көп, дұшпаным аз болды...»-деген.



Қадыр шығармашылығы қазақ поэзиясында ерекшеленіп, ғасырдан ғасырға тарих көшімен бірге ілесіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, мәңгі жасай бермек.

Ақын Күляш Ахметова сөзімен түйіндесек: «Қадыр Мырза Әли - ұлт ақыны. Қазақ деген тегі мықты, тарихы бай, тағдыры күрделі,түйсігі мың қатпар, қалтарысты, астарлы, тысты, алапат тілді, қабілетті қаһарман, қайсар халықтың тұңғиығына бойлап, кеңдігіне кепіл боп, бітімімен біте қайнасып, ұлылығын, рухын, ар-ұятын , үмітін барынша әспеттей отырып, кемшінің мінін, қайғысын, сорын азаматтық тұрғыда қазып айта алған, сыншыл да ойшыл ақын. Ұлы ақын.»

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет