Қадірді біл, адам!



Дата22.05.2020
өлшемі18,58 Kb.
#70460
Байланысты:
Эссе, емтихан.

Қадірді біл, адам!


Адам баласы жарық дүние есігін ашқаннан бастап қимыл-қозғалыста, талпыныста болады. Шыр етіп құндақталған сәттен «еңбекке» араласады. Жылайды. Емеді. Еңбектейді. Дүниеге келген кезден өмірдегі миссиясын орындауға кірісіп кетеді. Бірі біліп, енді бірі байқамай әрекетке көшеді. Әрбір пенденің мақсатқа жету жолы, оны орындауы әрқалай. Бір-біріне ұқсамайтын ұстанымдар, қайталанбас көзқарастар мен жарықсыз жолдар. Таңдау мүмкіндігі жоқ тағдырлар. Жер бетіндегі жеті миллиард жанның бәрінде белгілі бір кезеңде бақытты сәттері, соған сәйкес тіршіліктен түңілетін тұстары болатыны хақ. Өмір сонысымен өмір сияқты. Байланысып баланс сақтайды. Кейде тым қатал, ал бір кездері керісінше. Өмір ұнап жатса сүйеміз, ал сынаған сәтті күйеміз. Тал бесіктен жер бесікке жеткенше осы екі эмоцияның жетегінде жүріп әрекет етеміз. Адамгершіліктің ақ туын желбірететін, біліп білмей адамдықтан аттайтын кездеріміз де болады. Бағытымыздың дұрыс жолда екенін білгенде бал бұл жайнаймыз. Қателескен кезде аһ ұрып, ақырғысы деп алдаймыз. Мүмкін, өмір заңы.

Пендешілік деп жүріп көп нәрсенің қадірін біле алмай жатамыз. Басымызға сынақ келгенде ғана тәубемізге түсеміз. Міне, осы бір қасиет ғана тек адамға тән болса керек. Өзіңе оралу, ойлану, сабақ алу. Бірақ неге о бастан ойланбасқа, әрекетке көшпей жатып түсінбеске... Сын сағатқа сол үшін ілінеміз бе? Қатемізді қайталамау, әр қадамды аңдып басу, жалпы сынақтан сабақ алу үшін сыналармыз, бәлкім. Адам деген атқа лайық көріп жаратса, неге соңына дейін сол дәрежені сақтап қала алмаймыз? Көп нәрсенің парқына жете алмай қаламыз. Неге тек адам дейтін атқа емес, «жақсы адам» статусына ұмтылмасқа? Айтуға оңай...

Біз білмей жүрген сияқтымыз. Көп нәрсенің қадір-қасиетін. Сондықтан да сыналып, қиындық көріп жүрген шығармыз. Білу үшін. Қолда бардың қадірін. Ол не? Дәл қазіргі сәтте қолымызда не бар? Әрине, бізде барды түгендесем ең бірінші алтын уақыт деп айтар едім. Уақыт. Бұл жайында әңгіме бастағанда тек оның өлшемімен ғана шектеліп жатамыз. Бірер минуттан кейін не болады, бір күннен кейін не істеймін, бірнеше жылдан кейін қандай боламын дегендей арнайы бір өлшемде ғана сөз қозғаймыз. Кеңінен ойласақ, түбінен түсінсек. Бітпестей көрінетін уақытымыздың шегі барын ұғынсақ. Дер кезінде. Сол кезде ғана ісіміздің оң екенін, жолымыздың тура екенін бағдарлармыз. Сонда барып жарық дүниедегі миссиямыз жан бағып, мал табу ғана емес екенін бір кісідей білерміз. Адами қасиеттен адаспай, әр істе адамдық танытармыз. Текке кеткен уақыт үшін өкінбей, қалған күнімізді сауапты іске толтырармыз. Сынаққа сынбай, қиындыққа қарсы тұратын иммунитет қалыптастырармыз. Мүмкін, бұл да Айтуға оңай...

Ата-ананың қадіріне жетіп, көзі тірісінде құрметтеп жатырмыз ба ол да сұрақ. Алайда, мынау жарықты сыйлаған жандардың қадірі өлшемге келмес. «Баға жетпес байлығым балаларым» дейтін әке-шешенің құны жоғары, сан жетпес қымбат екені де ақиқат. Мен үшін, сен үшін сондай шығар. Ал ол үшін ше? Арамызда олар да бар ғой. Бұқар баба теңеген «тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібіткенде» жатырқап жатқандарды да кездестіріп жүргеніміз өкінішті. Біздің әлемде денесінен күш кетіп, қартайған шағында қызығын көре алмаған қаншама қарт бар. Бейнетінің зейнетін көрудің өзі бақыт боларын кім білді. Туған әкең, туған анаңнан артық кім жақсы көрер баласын. Сонда да тілеуіңді тілейтін, жолыңды тосатын жақының да солар. Ағайын-туыс, бауырдың қадірін ұмытқанымызға да біраз болған сияқты. Қазіргі экономикалық ахуал, өмір сүру соған мәжбүрлеп те жатыр. Жақынымыздан жат санап, ағайынымыздан алыстап кеттік. Бір анадан туған бауырлардың өзі бет көріспейтіндей деңгейге жеткендері де бар. Қазақтың ұтатыны да осы тұста еді, туған-туысының арқасында кезкелген қиындықты жеңетін, ұрпағына үлгі көрсететін. «Жұмыла көтерген жүк жеңілдің» сипатында іс тындыратын. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деп аш қалмайтын. Жетімі мен жесірін жылатпай, бауырына басатын да дана қазақ еді. Ал қазір ше? Күйбең тіршілік деп бауырмен байланысуды ұмыт қалдырып жүрміз. Қажет кезде қол ұшын созып көмектесуді қиынсындық. Санаға сіңген сабақтастықтың үзілер шағында тұрмыз. Бүгінде бақшадағы баланың арманы «әлемде тек жақсы адамдар болса екен» дейді. Жаман адамның барын білген баланың ойы емес пе. Кейде бала сияқты ойлағың келеді. Армандағың келеді. Барлық адам ата-анасын алақана салып ұстаса екен, алмастырып ала алмайтын бауырымызды бағалай білсек екен деген тілек пайда болады. Бәрін өзімізден бастауымыз керек, барлық адам жақсы деп Айтуға оңай...



Қадірін білмейміз. Адамдар ненің қадірін білмейді десек тағы ойға оралатын дүние - денсаулық. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ көп қазақ денсаулығымызға дер кезінде көңіл бөлмейміз. Аяғымыз аурып, балтырымыз сыздағанда ғана ауруханаларды жағалаймыз. Мұрнымыздан қан кетіп, күн көзін көруден қалғанда дәрігерге жүгінеміз. Ащы да болса ақиқаты осы болып тұр. Бұған кімді кінәлаймыз? Жүйеден көреміз, қоғамға налыймыз, ақыр соңында жапа шегетін өзіміз. Бәрінің басында әлеуметтік жағдайы тұрған сияқты. Аузынан сөзі, қолынан бөзі түсіп жүрген қара халықтың қашан денсаулығын сақтандыруы, қай кезде аурудың алдын алуы мүмкін екенін ішіңіз сезіп тұрған болса керек. Жұмыс жоқтың табысы жоқ. Ары қарай айтпаса да түсінікті. Денсаулықты күту өмір сүру деңгейімізге байланысты. Ал күнін зорға көріп жүрген адамнан көп нәрсе де талап ете алмайсың. Оның ойында да басқа дүниелер болады. Елдегі саяси жағдай, білім-ғылым үйрену, экономиканы дамыту, әлемдік проблемалар, жаңа технологиялардың жай-күйі алаңдатпайтыны рас. Сол сияқты балашаға асырау, оны жетілдіру, мансапта өсу тіпті біреуге көмектесу, қоғамды жақсарту, ұлтқа қызмет ету дегендей мақсаттармен жүріп жанымызға көңіл бөлмейміз. Алай дүлей болған кеудеміздің ішіне көз тастамаймыз. Күні кеше қайтыс болған қазақ журналистикасының қара нары Бейсен Құранбек ағамыз да күрмеу шешілмеген халықтың мәселесін жүрегіне жақын қабылдаудан денсаулығынан айырылғанын айтып кетті. Дер кезінде күтінбей, ел мүддесін өзініңкінен жоғары қойды. Осылайша, ауруы асқынып емге келмей ақыр соңында көз жұмды. Әлеуметтік желідегі соңғы жазбасында «Халқымыздың басты байлық - денсаулық деп бір ауыз сқзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым» деп жазған екен. Өкінішті- ақ. Бәріміз де кеш ұғып жатқандаймыз. Денсаулығыңның жақсы болған жарты бақыт болса, ал қалған дүниелердің барлығы жабылып жүріп жарты бақытты құрайды. Осыданақ түсінсек екен, денсаулықтың қадірін дер кезінде ұқсақ екен. Әрекет ету қиын шығар, ал ақыл Айтуға оңай...
Адам баласын көзі тірісінде бағалап, құрметімізді көрсетсек екен. Кеткеннен кейін артыңда із қалдырсаң оның өзі бақ сияқты. Жоқтаушы ағайын-туысыңнан бөлек, ел жұртың аза тұтып жатса ол деңгейге жету үшін қаншама еңбек, абыройлы қызмет жатыр. Шын жақсының аты да заты да өлмейтіннің айқын көрінісі. Өмірде осындай жақсы болуға, бәріне бірдей жағуға болатынын Бейсен аға тағы бір дәлелдеді. Өкініштісі, шын жақсылардың бұл жалғаннан ерте кетуі. Аз ғұмырында атақ емес абырой жинап, көпке үлгі болуы оның атын өлтірмейді. Халық жадында тек жақсылықпен, адалдық пен ақ жүректілігімен есте қалады. Ел мен ұлт үшін әлі талай еңбегі сіңетіні ақиқат азаматтың қазасы Бір кем дүние...
Жалпы, жер бетіндегі адам атаулының басына біткен қазынасы да, жауапкершілігі де өмір сүру деп білемін. Саналы ғұмыр кешіп, сауапты іс тындырсаң үміттің ақталғаны. Бос өтпеген уақыт. Ақ батасын берген ата-ана. Тілеуіңді тілейтін туыс. Жаның мен тәніңнің саулығы денсаулық. Басымыздан бақ тайғанда емес, уақытында түсінсек. Дәл қазір әлем халқы ойланып қалды. Коронавирус пандемиясы кезінде біраз нәрсенің қадірін түсінді. Еркіндіктің, отбасының, табиғаттың, қарым-қатынастың, қуаныштың, сапалы өмір сүрудің қадірін түсіндік. Ендігі әрекет саналы түрде ойланып әрекет етсек. Кеш болмай тұрғанда табиғаттың қадіріне жете алсақ, адамда ғана болатын мейірімділік, жанашырлық, жылулық сияқты қасиеттерімізден айырылмасақ. Заман ағымына сай өмір сүру жолында көштің басын тізгіндей алсақ. Технологиялардың тиімділігінен бөлек жер бетіне тигізер зиянын ойлап сараптай алсақ екен. Қиын жағдайда мойымаған халық, қайта күн шыққанда қорытынды шығара алса. Бір кем дүниесіз күн кешсе...

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет