Адвокаттың әдеп нормаларын сақтауы – оның өз кәсіби міндеттері мен іс-әрекеттерін тиісті орындаудағы қажетті шарт. Адвокаттың кәсіби қызметі беделінің түсуі адвокатура институтына қоғамдық сенімді жоғалтады және адвокат абыройын түсіреді. Сондықтан, адвокат заң көмегін көрсету кезінде мынадай кәсіби тәртіптерді сақтауға тиіс: көп күш-жігер не уақыт жұмсауды талап ететін қажетті әрекеттер жасаудан жасқанбай ыждағаттылық пен құлшыныс білдіру, бұл осы қызметті ешбір асығыстық жасамай және жеңіл-желпі қарамай, яғни тапсырылған істі адал, мұқият және білімдарлықпен орындап, кеткен уақытпен санаспай атқару керектігін көрсетеді;
заң мәселелерін қарап жатқан органдар мен лауазымда адамдарға қатысты өзін әдепті ұстау, яғни оның сөйлеген сөзі, кепілдемесі, өтініші және басқа да іс-әрекеті мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтірмейтіндей дәрежеде болуға тиіс;
өз кәсіби мінез-құлқын көмек сұрап өтініш жасаған адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне сәйкес қалыптастыра және тежей отырып, істі негізсіз сөзбұйдаға салуға, заң көмегін көрсетудің саңсыз әдістеріне, алдауға жол бермеуге, егер жүгінушінің талабы заңға қайшы болса немесе ол өз мүдделерін қорғау үшін заңға томпақ құралдар мен әдістерді қолдануды талап етсе, адвокат оған заң көмегін көрсетуден бас тартуға міндетті.
Көмек сұрап өтініш жасаған адамның мүдделеріне қарсы қандай да болмасын әрекет жасамау, яғни адвокат жүгінушінің мүддесін қорғаудың барлық заңды құралдар мен әдістерін пайдалануға, ешбір жағдайда да бұрынғы, сондай-ақ енді өтініш жасаған адамдардың мүддесіне қайшы келетін әрекетке жол бермеуге, істің заңды шешілімі аяқталғанға дейін өзіне қабылдаған міндеттемеден жалтармауға тиіс.