Жұқпалы емес аурулардан болатын көздің екінші реттік ауруларын емдеу. Емнің негізі жұқпалы емес ауруларды; гипо және авитаминозды, ас қорыту, тыныс алу тағы басқа жоғарыда қарастырылған ағзалардың ауруларын және анықталған көз ауруларын кешенді емдеу.
Инфекциялық аурулардан болатын көздің екінші реттік аурулары. Көптеген инфекциялық ауруларда көз аурулары дамитыны белгілі. Инфекциялық ауруларда көзде болатын патологиялық өзгерістердің түрі мен орналасуы сан алуан. Ол инфекциялық ауру түріне байланысты көздің сыртқы немесе ішкі құрылымдарында орналасады. Кейбір инфекциялық ауруларда көздің ішкі және сыртқы құрылымдары қоса зақымдалады. Көптеген инфекциялық ауруларда инфекция қоздырушылары көзге қанмен еніп, көзде ұқсас патологиялық өзгерістер туғызады. Мысалы ірі қара обасында, ринотрахейтте, аусылда, зілді катаральді қызбада, шошқа обасында, ит обасында, жануарлардың тұмауында, құстың Ньюкасл ауруында көзде жалпы көз ауруларына тән клиникалық белгілер байқалады. Көзден жас ағу, жарыққа қарай алмау, катаральді конъюнктивит, блефарит, кератит дамиды. Ал аусылда, қой шешегінде көздің қасаң қабығында іріңді күлдіреуіктер пайда болады (пустула). Сіреспе ауруында көздің артқа тартқыш (ретрактор) түзу бұлшық еті дірілдеп, тартылып, нистагм байқалады. Жылқының Борн ауруында қабақтар салданып, көздің қарашықтары әртүрлі кеңейеді, яғни анизокорияға ұшырайды. Қарасанда көз бұлшық еттері біржақты тартылып, соның салдарынан көз қисаяды. Қарашық ұлғайып, беткейлі кератит дамиды. Туберкулезде қабыну онша байқалмайды. Конъюнктивада, ақ қабықта, түсті қабықта, көз түбінде ұсақ, көлемі тары дәніндей түйіндер пайда болады. Құстың Марек ауруының негізгі клиникалық белгісі көзде байқалады. Көздің түсті қабығы қабынады (ирит). Қалыптағы ашық қоңырқай немесе қызғылт түсін жоғалтады. Оның түсі көкшіл – сұрғылт балып өзгереді. Қарашық та қалыптағы домалақ пішінін жоғалтады. Жиегі тісті. Жарыққа реакциясы жоқ. Ауру асқына келе қарашық барынша кішірейіп, көздің алдынғы камерасына су жиналып, қасаң қабық томпайып, кератоконус байқалады. Көздің көру жүйкесі қабынып, интрабульбарлық неврит дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |