КӨЗДІҢ ЕКІНШІ РЕТТІК АУРУЛАРЫ Көздің екінші реттік ауруларына инфекциялық, инвазиялық және жұқпалы емес ауруларда байқалатын жануарлардың көздерінің зақымдалулары жатады. Кейбір ауруларда көздің зақымдалуы міндетті түрде және белгілі бір көз құрылымының сол ауруға тән өзгерістерге ұшыраумен қоса жүреді. Мүйізді ірі қараның катаральді қызбасында, обасында, ит обасында, айналмада, құстың Марек ауруында көздің зақымдалуы осы ауруларға тән. Кейбір ауруларда көздегі мұндай өзгерістер тұрақты емес. Бірде бір көз құрылымы, келесіде мүлде басқа көз құрылымы зақымдалуы және оның сипаты да өзгеше болуы мүмкін (жылқы сақауы, инфекциялық анемиясы). Ветеринариялық және медициналық офтальмология зерттеулерінде көз ауруларының көптеген аурулармен байланысы бар екенін және бұл байланыс екі жақты болатынын дәлелденген. Бірде көз ауруларының себебі инфекциялық, инвазиялық және жұқпалы емес аурулар болса, екінші бір жағдайда көз ауруы бүкіл организмнің ауруына айналады. Соңғысына көз құрылымдарының іріңді қабынуларын, панофтальмитті атауға болады. Бұл аурулардың салдарынан сепсис дамып, малдың өлуі мүмкін. Осыған байланысты көз ауруларын зерттегенде, диагноз қойғанда, емдегенде оның бірінші реттік көз аурулары немесе екінші реттік көз аурулары екенін ажырату үлкен тәжірибелік маңызға ие.