Ахметова К., Асанов Қ. А 94 Махаббат



бет4/11
Дата20.06.2018
өлшемі394,75 Kb.
#43731
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

АУЫЛДЫ АҢСАУ
Жаңа ғана бой жеткен жас күнімді еске алам,

Шәмші ағаның жазатын кездері ғой асқақ ән.

Заңғар шебін аспанның ыс пен түтін баспаған,

Шексіз мөлдір болатын көп-көгілдір тостаған.


Рақымды маусымда шыға келген дүркіреп,

Саяда өскен гүлдердей салтанатты ек, сылқым ек.

Тойлар қандай көп еді!

Қызыл-жасыл киініп,

Қыздар жайнап кететін оянғанда қыр түлеп.
Айнакөлге айналған аққулардай көркем ек,

Көркемдік те қыздарды есейтеді ертерек.

Көлден үйге қайтушы ек иін ағашпен су алып,

Ат суарған жігітке алып жүр деп еркелеп.


Серілерден сезімге толы қанша хат алдық,

Талайына тіл қатпай, тәкаппар да атандық

Ең намысты жігітке - тән еді үлкен махаббат,

Ең бір нәзік қызға да - тән еді сәл қаталдық.

Қырға жұлдыз шашылған жақұт түндер көп, тегі,

Болса-дағы

Біздерге тағы бір түн жетпеді.

Құс жолына құштар боп кеттік ұшып,

Қош, ауыл,

Тазалық пен мөп-мөлдір махаббаттың мектебі!


БІТПЕГЕН ВАЛЬС
Жай ғана билеп жүрген едік,

Көктемнің бізбен дөңгеленіп.

Кез еді көшелерге

жаңа ашылған

Гүлімен ерекше сән берген өрік.

“Амурдың толқындары”аяқталып,

Ұлттың алмай қарап қалып.

Бірдеме дейтіндей боп тұрып едің

Тағы да кетті қанат қағып.

Жүректің ,боп жарасына ем,

Жаныңда сәмбіталдай жарасып ем.

Қолымнанц, қысып ұстап, кетіп

Барасың

Адамдардың арасымен.


Біз үшін ең жауапты мезгіл сол ма?

Өзімді- өзім кейін жазғырсам да,

Қолымды жетелеген қолдарыңның

Өмірлік екендігін сездім сонда.


***
Суларға сулар қосылып ағып көктемде,

Бұлттарға бұлттар ілесіп қөшіп көктен де,

Желдерге желдер желбірей ұшып жеткенде

Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.


Аққуға аққу айналып жүзсе ақ көлде,

Әріпке әріп жалғасып дәптерге,

Әуенге әуен ұласып кеткен сәтгерде

Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.


Ағашқа ағаш бұта- қолдарын бұлғаса,

Гүлдер мен гүлдер билесе, бірге жырласа,

Құстардың тілін құстары ұйып тыңдаса,

Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.

Жұлдызға жарығын төгіп жанғанда,

Тамшыға тамшы қосылу үшін тамғанда,

Тауларға таулар сүйеніп тұрып қалғанда

Жүрегім сені іздейтін еді мұңайып.


Жүрегім сені іздесе сонда мұңайып,

Сезімтал жаңға сен емес пе едің лайық?!


ТАМАДАНЫҢ ТІЛЕГІ


Ақ босаға аттадындар сәтті күн,

Сезіп тұрмын сезімдердің пәктігін.

Көктемдегі дариядай тасысын

Көптен күткен қуанышым, шаттығым.


Той-думанға шөлдеп қалған екен ел,

Орындалсын айтыстар мен жеке өнер.

Телқозысын тең әлпештеп бүгін бір,

Тебіреніп сөйлесінші әкелер!


Ынтымақсыз өнер алға тарта ма,

Бір көріңдер - тағдыр жүгін арта ма.

Қарақтарын батасымен қолдасын

Қарқарадай кимешекті қарт ана.


Айдай екен айналайын келінім,

Құлағына құйып отыр ел үнін.

Екеуіңнің ел-жұртың бар, далаң бар,

Ақтарсыңдар еңбегі мен сенімін.


Қазақ төрге қадірлісін шығарар,

Қашанғыдан төрге құмар жүдә олар.

Екі жастың басына емес,

Көп нәрсе

Сендерге де байланысты, құдалар!
Келін түсті жаны - шуақ, ойы - гүл,

Көтерілсін достарыңның бойы бір.

Дастарқанға бар байлығын шашатын

Дала көңіл дарқан елдің тойы бұл!

Отырсыңдар берекелі бейнемен,

Осындайда қозғайды екен ойды өлең

Шаттан, жұртым, екі аққудың тойында,

Ойын-күлкі отаны ғой той дегең!

Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,

Мұқалмаңдар, мұратыңа жетіңдер.

Бір-біріңе дәл бүгінгі сезіммен

Өмір бойы ғашық болып өтіңдер!!!


АНА СӨЗІ
Қос өзен қосыла ма, қоса аға ма,

Қуаныш соның бәрі осы анаңа.

Шаттық боп келші, жаным, шаныраққа,

Бақыт боп қалшы, жаным, босағама.


Мүмкін мұнда көп ғұмыр өткізбегін,

Өткізерсің күндердің көп тізбегін.

Жақсылығын асырып бір әулеттін,

Жетпей жатқан жерлерін жеткіз, келін!


Адам бардың қадірін қашан білген,

Үлесіңді ала біл осы әр күннен.

Анаң берген сендегі қасиетке

Мейірім мен тәрбиемді қосармын мен.


Айтқан сөзді ақылды келін ұғар,

Өмір деген керуен, көбі - мұнар.

Жақсы әкенің атағы жақсы-ау, бірақ,

Әр адамның өзінің өмірі бар.


Атаң-анаң - саялы теректерің

Болар әлі ұрпағың - бөбектерің

Үлкеніңнен үлгі алып бұдан былай,

Өз көшіңді бастауың керек, келін!


КЕЛІН БОП СЫРҒА ТҮСКЕНДЕ
Сезімтал болдым, сірә, тым,

Ертеден естіп Сыр атын,

Еліне Қызылорданың

Бүйрегім бұрып тұратын.


Әдемі, нұрлы арманмен

Өзімше бір ән салғанмен,

Азамат ақын жырына

Ғашық боп ерте қалғам мен.


Жырының жанған мұраты –

Жерді аңсап жаным тұратын.

Керек-ау дегем сырға да

Нәзіктеу, назды бір ақын.


Іңкәр ем өлмес өнерге,

Іңкәрлік оты сөнер ме!

Керемет тағдыр өрімі –

Келін боп түстім сол елге.


Үлкенге келмей көлденең

Сөз берем енді, жол берем.

Ілтипат, иба, ізетті

Ұмытпауды да жөн көрем.


Өленде бірақ ондайдың

Орыны басқа. Толғаймын!

Сырыңда келін болғанмен,

Жырыңда келін болмаймын!


1970.

ТУҒАН ҮЙГЕ СӘЛЕМ ДЕ!
Қайтарсың қалқам, ауылға,

Асықтыруда күндер шын.

Сұраған досқа, бауырға

Үлбіреген дүниеден

Үйлесім іздеп жүр дерсің!
Қайтарсың қалқам, ауылға,

Қуанып ауыл үлгерсін.

Сұраған туыс, бауырға

Ұлыдан қалған сөздердің

Ұйқасын іздеп жүр дерсің
Екеуміз туған үйге әлі,

Ойланып, інім, қайтарсың

Әкеме батыр тұлғалы

Арманшыл әпкең туралы

Бәрін де бәрін айтарсың.
Ойлантар өмір және ошақ,

Қызғалдақ дәурен мәңгі ме?

Жат жұрттық бала болашақ

Ұясына барып, сендерді

Қимай да қимай қонды де!
Шаршасам, өзім кінәлі,

Кірістіремін кімді өзге?

Ізгілік болып ұраны –

Ұшырған туған далама

Жырларым жетер бір кезде.
ЕКЕУМІЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ...
Екеуімізге байланысты дүние –

Күннің моншақ тізбегін

Таспен емес, толтыру тек жақұтпен.

Сонда ғана табармыз

Асау тұлпар - уақытқа ем.

Қуантуға болады екен адамды

Жүзіктің бір көзіндей

Болар-болмас бақытпен.


Сағынар ек жүрсек егер шалғайда,

Айрылыссақ қалар едік мәңгі ойда.

Айрылмай да,

Адаспай да,

Бір жүріп,

Сағынуға,

Ойлануға болмай ма?
Екеуімізге байланысты, мысалы,

Әрбір күннін соғатын –

Жетпейтұғын баға тым

Минуты мен сағатын –

Сыйластықпен толтырып,

Қақтыру - Бұл өмірге

Құштарлықтың қанатын.
Екеуімізге байланыссыз ғаламда

Күн батады балқып тең

Таң атады тәртіппен,

Жұлдыздардын өзінде

Жүйелілік бар тіптен.

Біз солардан сабақ алып, шалқып кең

Кешіруге тиіспіз,

Болып жатса артық-кем.


Екеуімізге байланыссыз, әрине,

Дүниенің желі, бұлты, жаңбыры,

Жарқыраған таң, нұры,

Бар бояуы даланың

Ағаштардың ашылатын бар бүрі.

Біздер қандай болсақ та –

Мәңгі терең - мұхиттар,

Заңғар таулар - мәңгі ірі!


Екеуімізге байланысты бірақ та

Біздер құрған

Шаңырақтың тағдыры!

***
Мені сүйсең –

Құмартып тәтті өмірге,

Басқа жанды сағынып, қақ бөлінбе,

Мені сүйсең -

Сүй мынау тіршіліктін,

Өлең болып қалатын дәптерімде

Қарапайым, елеусіз сәттерін де!


Мені сүйсең -

Сүй нәзік таң гүлдерін

Желпи соққан самалдың әрбір лебін.

Шөптерді сүй -

Жасартар шалғын керім.

Күндестік пен бақастық қонбас маған,

Күн нұрына құмарту - бар білгенім!
Ортақтасу - жүректің алғашқы ісі,

Сүйсінуден кем болып қалмас кісі.

Талпына алса - Көңілдің талмас құсы,

Мені сүйсең - Менше сүй өмірді де!

Осы, жаным, біз үшін ең бастысы!

***


От-жалыны өзгеше лапылдаған,

Шабыттанса, аумаған акын-далам.

Таулар,

сулар,


тоғайлар –

ортақ бізге,

Дала бірақ бәрінен жақын маған.
Өз орнында тұрады тауларым да,

Өз орнында жылжымас орманым да.

Далам ғана бірге еріп отырады

Мен жүргенде туған жер жолдарында.


Жақын маған туыстар, достарым да,

Қуанды олар асудан асқанымда.

Бірақ,

жаным,


бәрінен бұрын маған

Сен жетерсің қиналсам, - қас қағымда.

Дидарынан даламның шуақ көріп,

Алға ұмтылам,

гүл теріп,

бұлаққа еріп.

Далам мені көтеріп,

өзін, сүйеп,

Келесіңдер бакыт пен қуат беріп.

Сүйем сені,

даламды -

мекенімді,

Білесіңдер мәңгі іңкәр екенімді.

Қалай ғана бақытты етсем екен

Еркелеткен далам мен екеуінді?!

***


Сен барсың!

Бір ауаны жұтам бірге,

Толады белмеміз де жұпар гүлге.

Күлемін.


Өкпелеймін.

Еркелеймін.

Өзгеріп отырамын тұтам күнде.

Үйде де, далада да тыншымаған

Мен де бір беймаза жан, қырсық адам.

Ұрыссаң


бір уыс боп отырам да,

Ұрыспасаң

өзім саған ұрсып алам.
Мінезге кім шыдайды заты мұндай,

Тынбаймын теңіз болып сапырылмай.

Жыр оқып,

жылап,


күліп,

қуанамын

Бір өзім бір актердің театрындай.

Театрдың сен -

тұрақты көрермені.

Дауысымның саған таныс мәнерлері.

Ұшамын кейде тіпті қанат бітіп,

Көтеріп өлең деген өнер мені.


Сол қиял мені солай жетелесін,

Түсінбей кейде, жаным, кетер есің

Сен-дағы сезімтал бір ақын едің

Білмеймін,

Бәрін қалай кетересің..
ЖАҚСЫЛЫҚТЫН БАҒАСЫ
Бітер емес сағынышым,

Сезім неге жомарт тым?

Бір бақытты табу үшін

Бір бақытты жоғалттым.


Кімге жетті өтінішім,

Кімнен нені сұраймын?

Бір шаттыққа жету үшін

Бірнеше рет мұңайдым.


Бір шумақты баптау үшін

Он шумақты өшірдім.

Достың өзін сақтау үшін

Саткындығын кешірдім.


Жартастың да қатты тәнін

Жарып өтер қарағай.

Күттім күннің сәтті таңын,

Жастығыма қарамай.


Күлер жерде түнеріппін,

Жаным ашып жақынға.

Айырбастап жіберіппін

Жастығымды ақылға.


Бірде ойымды нұрландырдым,

Бірде бейне құйын - ішім.

Басқа арманды құрбан қылдым

Бір өзінді сүю үшін.


Тіршіліктің әр күнінің

Ғұмырға бар қатысы.

Жақсылықтың барлығының

Жақсылық па ақысы?

Алып өтіп сапар-күннен

Өлеңімнің жарқылы.

Асуларға бет алдым мен,

Қия жолдар арқылы.


ҚАЙЫРЛЫ ТҮН
Ұйқтап жатсың ұйқтай ғой, махаббатым,

Жағдайы жоқ жарыңның жата алатын.

Ұйқы түгіл, күлкіден айрылдым мен

Шықпаса да бұл жырдан атақ, атым.


Саған қидым ұйқымды қандырмаған,

Алаң болма, тек түнді қалдыр маған.

Өмір бақи өлмейтін өлең туып,

Болсашы сол ұйқымды мәңгі ұрлаған.


Тек ренжи көрмеші, жаным, маған,

Еншім бар-ды өмірден алынбаған.

Ерке назым кем болса, кешіре гөр,

Кешіреді, түсінсе, бәрін де адам.


Бәлкім, қазір мен сенің түсіңдемін,

Түсінде де жүзіңе түсірме мұң

Бір бақытым - өлеңнің өрті болса,

Бір бақытым - өзіңнің түсінгенің


Сен болмасаң ұғады жайымды кім,

Өзің барда көңілім дәйім бүтін.

Жыр бейнеті жібермей отыр саған,

Тәтті ұйқта, бақытым! Қайырлы түн!


***
Мезгіл - өзен ақырын ақпайтыны қинайды,

Менің қайғым басқаға батпайтыны қинайды.

Бізді жұрттың білмей-ақ мақтайтыны қинайды,

Бір көгершін кеудемде таппай тыным қинайды.


Жұлдызымыз мәңгілік жанбайтыны қинайды,

Жүйрік жылдар жалт етіп алдайтыны қинайды,

Қайталанбас бір белгі қалмайтыны қинайды,

Қайран шөлім өмірде қанбайтыны қинайды.

Жыр әкелмей жастықтың неге түні қинайды,

Жылдардың да күттірмей келетіні қинайды.

Мазамды алған осы ойдың бәрінен де, сүйіктім,

Сенің маған алаңсыз сенетінің қинайды.


***
Жаңбыр жауып шықты ғой түніменен,

Жазылмады -

сен жоқсың -

бүгін өлең

Келе жатсаң -

жаңбырға қарамай-ақ,

Жалаң аяқ алдыңнан жүгірер ем.

Өз ішімде -

күткенім,

сағынғаным,

Кешіккенің осынша не қылғаның?

Көшкен елдің жұртындай құлазысаң

Түсінеді екенсің өмір мәнін.

Жалғыз өзім бірүйде,

Бүгін өлең

Келмей қойды,үрейлі шыныменен.

Ойлап шықтым өзіңді,

Балаларды

Жауып тұрды жаңбыр да түнімен.
Тау түні
Тау түні.Алыстан өзен гүрілдеген.

Ай нұры аппақ әлсіз дірілменен

Әйнекті аймаласа , Айға қарап,

Ой ояу,көздерім де ілінбеген

Келгені кеткені де білінбеген

Кешені салыстырам бүгінменен.

Бір нәрсе мәңгілік пе бұл жалғанда

Жетпейді жүйрігің де шын жорғаң да

Келмейді қараңғылық дей алмайсың

Жанының бір шырағы бір жанғанға.

Кәрі ағаш сидам тартып қуарады

Жас ағаш түніменен бүр жарғанда .

Төңірек мүлгігенде бар ұнаммен,

Аңсаймын. Армандарды сағынам мен.

Қоғамнын, табиғаттың заңдарына

Ерікті, еріксіз де бағынам мен.


Жер басқан, таңды көрген, ән тындаған,

Осы өмір - қымбат сыйлық, бәлкім, маған.

Келсем де қарапайым қалпымда оған,

Мен де бір өз сөзімді айтсам деппін,

Барлығын айтпап па еді халкым - данам.
Жұтқызып жұпар ауа таныс бақтан,

Тау түні бір ғажайып мәніс тапқан.

Келгенше шексіз нұрлы ағысты ақ таң

Тағдырдың амалына таң қаламын

Сағынту үшін бізді алыстатқан!
Мынадай махаббатты армандағам.

Ғашығымның мінезі ер болса деп,

Көрген адам көркіне таң қалса деп.

Күн де, гүл де бола алсам сүйгеніме,

Тұнжырата алмас деп қалған себеп.
Аялаумен күніміз, түніміз де

Өтсе екен деп қызығып іні бізге.

Қозы Қөрпеш - Баяндай арманда өтпей,

Қосылсақ деп біріміз-бірімізге.

Армандағам,

Әдемі арман бәрі,

Ғажап бәрі,

Бір күні жалған бәрі.

Қодарлар жоқ,

Қосылдық кедергісіз,

Орындалған жоқ бірақ қалғандары.
Жазылмады ғашықтық жарасы анық,

Өмір, өзен өтеді жараса ағып.

Біздің биік мұнара арманымыз

Кеткен жоқ па біртүрлі аласарып?..


Толғантады толтырып ішімді мұң

Махаббаттың бар сырын түсінді кім?

Күресіп ек бірігу үшін бұрын,

Күресеміз еркіндік үшін бүгін.


Таң қалам да, өкінем мен осыған,

Маған біреу арнайды неге асыл ән?

Сен біреуді іздейсің неге, жаным,

Сылқым, сұлу қыздардың арасынан?

Қала алмадым жалғыз бір асылың боп,

Уайымдап отырмын осыны көп.

Сүйгеніне қосылу - бақыт дейді,

Біз екеуміз шын сүйіп қосылып ек...

***

Махаббаттың аты көп қой, азап екен бір аты,



Аямай-ақ азаптады ол, қатал екен, сірә, тым.

Менікі еді бұйра шашың ақ маңдайың қолдарың

Менікі еді көздерің де құшып-сүйіп тұратын.
Қиналыстық қуанышты быт-шыт етіп бір күнде,

Бізге қарап танырқады, шығара алмай жұрт үн де.

Менікі еді жақсы әнің де, дауысың да, күлкің де,

Барлығы да бөтен болып бара жатыр біртіндеп...


Терезеден телміремін, бозарып бір Ай туды, ә?

Баяғыдай бақтан жастар қуанысып қайтуда.

Біз екеуіміз екі жерде ерегісіп отырмыз,

Намыстанып бір жылы сөз бірінші боп айтуға.

***

Сенсіз кызық барын да мүлде білмей,



Келем әлі,өзіңмен бір демім де.

Қарай алсаң сен маған - қара мәңгі,

Алғаш рет кездескен күндегідей.
Сол күндерді түсір де есіңе кіл,

Түсіне біл, сен мені кешіре біл.

Кешіре біл, ашу - от, өшіре біл,

Келісе алмай өтпесін есіл өмір.


Сенің орның мен үшін мүлде бөлек,

Менің орным сен үшін мүлде бөлек.

Отқа түсіп кетпесін, айналайын,

Көңіл деген - көзі жоқ бір көбелек.

***

Қолы жетпей қалған сұлу көп кыздың



Сеніменен

Көп жылдарды өткіздім.

Екеуара реніштер болғанмен,

Еш адамға еш өкпеміз жоқ біздің


Ақ гүл едім үлбіреген қолыңда,

Бәрі жақсы болар-ау деп соңында, -

Тағдыр бізге салмақ артса,

Алдымен


Ауыр жағын мен көтердім оның да.
Тағдыр жазса болмайды екен жоққа дау,

Қауіпті ғой - көңілдерге оқ қадау.

Сенің мұның менікі еді қашанда,

Менің қайғым ешбір жанға батпады-ау.


***

Сеніменен бірге тұру -

Шыдау, көну тағдыр берген сынаққа.

Май тамызып тұру және үміт дейтін шыраққа.

Кетіп калғым келеді
Беймәлім бір жыраққа.

Байлаулы бас айналып,

Кете алмаймын бірақ та.

Кете алмаймын бірақ та.


Сеніменен бірге тұру -

Бір тұрғандай бір бөлмеде марал менен арыстан.

Жүрегімде түрлі-түрлі сезімдер боп тоғысты ән.

Сеніменен бірге тұру - Күту, күту зарығып,

Жесірлердің ерлерін күткеніндей соғыстан.
Сеніменен бірге тұру –

Жалғыздық та секілді,

Сағыныштың жаңбыры жиі жуып бетімді...

Кездерің ол - түсінбей

Сыздататын кейде бір

Шексіз іңкәр сезімге толы жүрек жетімді.


Сеніменен бірге тұру –

Қағу мәңгі мазасыз сезімдердің қақпасын.

Қаншама іштен айтсам да осы азапты шаққа сын,

Осы менің шарқ ұрған сезімімді Тәңірім

Жоғалтудан сақтасын!
БАСПАЛДАҚТАР...
Баспалдақпен қатар басып келеміз.

Бақыт жайлы сөйлеспейміз неге біз?

Салкын ғана көз тастаймыз үндемей,

Күйіп-жанып келе жатып денеміз.


Баспалдақтар таусылады ұзамай.

Таусылғанда бөлінеміз біз оңай.

Біздер үшін сонда ғажап таң атып,

Жазғы аспанда баяғыдай жүзе ме ай?


Бұрылмаймыз, көрінеміз бүтін боп,

Біздің бірақ жүректерде лүпіл көп.

Көл сияқты ақ жаңбырмен ұлғайып,

Кеуделерге толды сезім шүпілдеп.


Айтылатын әңгіме бар көптеген,

Айта алмаймын, өкінішті, өкпелі ем.

Сен бір ауыз тіл қатқанша бар болғыр

Баспалдақтар бітпесе екен деп келем...


***

Өзіңсіз сүю заңын осы өмірдің

Білер ме ем?

Ойым мынау неше күнгі.

Сен мені шын жек көріп кетер болсаң

Білмеймін нендей бір күй кешерімді.


Білмеймін онда қалай жүре аламын,

Табам ба күйремеудің бір амалын?

Ақылың бар еді ғой,

Сүймей қалсаң

Сездіре көрме маған, сұранамын.
Сездірме,

Сездірсең де бірақ егер,

Селт етпес мұңмызға куәгер ел,

Ешкімнің ештеңесі кете қоймас,

Таң да атып, күн де қайта шыға берер.
Түк сезбей тұра берер гүл қалалар,

Тәуелсіз баяғыдан тұрған олар.

Дүние сәулеттенер бұрынғыша,

Бұлт көшіп, бұрынғыдай сулар ағар.


Ештеңе сезбес ешкім ағылса күн,

Сандуғаш төге берер сағынса әнін.

Бар әлем әсем қалпы қала берер,

Тек сенсіз қалмас жалғыз менің сәнім.


Бұршіктер жапырақ боп өніп демде,

Аппақ гүл тегілгенмен өріктен де

Болмаса сенің нәзік махаббатың

Білемін қалмайтынын көрік менде.


Тапсырып тағдырымды сенгем, күткем,

Өлеңге ойып қосқам зергерлікпен.

Құлпырған дүниеге құштарлығым

Сен мені сонша жақсы көргендіктен!

***

Ақ көйлек киіп



сол күні саған жеткенде,

Алдымнан шықты жат әлем.

Ақ боран соқты-ау алма гүлдеген көктемде,

Апыр-ай, неткен қатал ең!


Шаттана алмадым

шашқанда көктем әтір-нұр,

Алманың гүлі-ай төгілген!

Ақ көйлек киіп, төгіліп бара жатырмын,



Гүлден де нәзік едім мен.
Салқындаған бұлақтар бүлкіл қағып,

Ауасы да ауырлап дымқылданып,

Арасында ізім мен күлкім қалып,

Сарыағаштың сарғайды теректері.
Сарғыш дала қағаздай қалам сызған,

Табиғаттан әр кезде табарсыз мән.

Амалсыздан; қайтсін-ай, амалсыздан,

Сарыағаштың сарғайды теректері.
Жаралғаным рас па қабырғаңнан,

Неге үнсізсіқ кеудеңде жаның бар ма?

Жаның болса, қайдасың, - Сағынғанда

Сарыағаштың сарғайды теректері.
Ардақтасаң - алыстау керек пе еді?

Әр нәрсенің бар шығар себептері...

Бірте-бірте азайып желектері,

Сарыағаштың сарғайды теректері.
БОЙЖЕТКЕНДЕР
Көтеріліп ұшқанда ой кептері,

Жігіттердің жүрегін сөйлеткелі,

Қыз балалар құлпырып шығады-ау бір,

Қызыл-жасыл сусылдап көйлектері.
Жарасады бұралып отырса еппен,

Жарасады еркелеп шақырса еппен.

Көбейеді көктемде бойжеткендер

Иісмай жағып, бағалы әтір сепкен.
Жүзік, сырға, білезік - өрісті өнер,

Сұлуларға келісер, келіссе егер,

Алма гүлі төгілген көшелерде

Қалықтайды қанатсыз періштелер.
Қақысы бар күлуге, гүл атуға,

Қақысы бар ұнауға, ұнатуға.

Ақылы бар жігіттер, айтыңдаршы,

Періштені бола ма жылатуға?
Мейлі біреу кеш десін, ерте десін,

Ащы ғұмыр өзегін өртемесін.

Қыр басында қаулаған қызғалдақтай

Қыз балалар аз ғана еркелесін.
Қайыңдарды қимаймын қайнар мұңға,

Орны болар ақылдың, айбардың да.

Мамалары, ұрыспай-ақ қойындаршы

Балапандар кеп тұрса айна алдында.
Үміті - ұлпа, жүрегі - мырза арманға

Қыздан көркем жан бар ма бұл жалғанда?

Дауыл соғып, қар басып қалмаса екен

Алғаш-алғаш пәк сезім бүр жарғанда!
АЛТЫБАҚАН
Самалы сары жаздың есіп кырдан,

Адамды аңсарына асықтырған.

Бақанға жібек арқан керіп тастап,

Қазақпыз - махаббатқа бесік құрған.
Тамаша дәстүрімді халқыма тән,

Жоғалтпай аялашы, алтын Отан!

Орны боп шын достықтың әуелесін

Үстінен жұлдыз жауған алтыбақан.
Осында кыз танысса жігітпенен,

Жас жүрек сезімдерін ірікпеген.

Жүректен жүректерге жетіп жатқан

Бір ғажап дүние ғой үміт деген!
Табылмас жан байлығы сатып алса,

Арулар сәнденеді тотыларша.

Басына алтыбақан жиналады

Кімде кім жүрегінде оты болса.
Жұлдыздар, сонда айрықша жанушы еңдер,

Бұлбұлдар, үнсіз тындап қалушы ендер.

Ән төккен кемпірқосақ секілді еді

Айналған алтыбақан - карусельдер.
Жайқалса жапырағын жайып тоғай,

Байқалса жалғыздықтан жабыққан Ай,

Мүмкін бе шын сезімді бастан кешу

Биікте осылай бір қалықтамай?!
Алтын Ай!

Тезірек шық ала бұлттан!

Жігіттің жүрегімен алабұртқан ойнайды

Сырғалары сылдыр қағып,

Арулар сөзі астарлы ән ағылтқан.
Қуанып, қызық дәурен кешті-ау бәрі,

Осында жыр-бұлақтың бастаулары.

Бәрі әуен!

Әуен үшін тағылады

Қыздардың алқалары, шашбаулары...
Әдемі ойын ғой бұл халқыма тән,

Халқымның қазынасын жарқыратам.

Қайта орлеп, қалықташы Ай астында,

Шаттығы жастық шақтың-алтыбақан!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет