6
Құлың боп кетсем деген құлыныңмын.
Жұпары бұрқырайды бұрымымның
Екі мың жасқа келген бабам менің
Шыңы сен - елдік асыл ұғымымның
Құлагер шығатын-ды ерек құлын.
Бөлектеу болып еді бөбек күнім.
Жасыңды жамағаттың тойлағаны –
Басымды июіме себеп бүгін.
Ізіңді сұрыптадым зейініммен,
Көзімді сусындаттың мейіріммен.
Сен қанша ғасырларға барсаң дағы,
Барасың осы ғажап пейіліңмен.
7
Әуелгі керген түсім, көрген еңім,
Әуеңде ақ құс болып тербелемін.
Алғашқы жүрегімнен жыр ұшқан жер,
Күтіңдер, кешіксем де мен келемін.
Ақының сағынады... күтеді олар.
Қабағын қарлығашқа шыта ма олар?
Сендердің кездерінде - бала қалпым,
Баяғы бәтес кейлек, шыт орамал.
Әуелгі басқан жерім, сүйген жерім,
Әуелгі қуанғаным, именгенім,
Әлемді шарлап қайтып, саған ұшып,
Бір өмір - сағынғанда бір көргенім.
8
Ел жаққа барып қайттым сәуірде мен.
Ауылды тербетеді дәуір - кеме.
Кеменің кемерінен күлкісі аспай,
Аспанға жаутандайды қауым неге?
Бақ пен сор елдің екі қанатындай.
Көз жасы тілсіз құмға таматындай.
Тағаты таусылмаған сабыры үшін
Осы елдің отын Алла жағатындай.
Асулар үстағандай Күнге бағыт.
Шыдамды ел, жігеріңді шыңда да, күт.
Күн жақта - сенің соңғы ұлы үмітің
Құйылар Құдай берсе, құмға да құт.
Құбылған жел айдаған көш қаншама?
Құп еді - ойланса әке, ескерсе - ана.
Жат ықпал қара сел боп қаптағанда
Халқыма ең керегі Ес пен Сана.
Ес - көмек, ештемені ұмытпауға,
Сана - сеп бір Алланы ұлықтауға.
Баласы ек біз Адамның азат туған,
Айналды құлындарды құрықтауға.
Басқаның құлағына құйғаны - нәр.
Бас қамын білетіндер "миға" құмар.
Сүйіңдер туған елді. тұлғалылар,
Отанын сүйгендердің иманы бар!
10
Жан Тараз, жақұт таққан тәжім менің!
Жанымнан кетпей қойған сазым менің
Жанары кең даланың жабылмаған,
Жарқырай түсіпсің-ау қазір керім!
Көркемім, шырағы бар маңдайында,
Жарыған жасыл гүлзар, тал-қайыңға.
Қандай боп, не күн кешер екенсің сен
Жаһандық ғаламдасу жағдайында?!
Тілекшің - түн ұйкысын қиған ақын,
Ырзасың перзенттік сәл сыйға да тым.
АЛДЫМЕН АЛЛА, сосын халқым үшін
Таңдағы мінәжатым, ғибадатым.
11
Жұлдызым Жібек жолы бойындағы,
Өреңді өркениет мойындады.
Боз бие шалып, күтіп тұрған той бұл –
Борт үзіп, бостандыққа бой ұрғалы.
Сәулеттің шаһардағы мәні күшті.
Баһарға бар табиғат бағынышты.
Бәдіздің бәйшешегі мың жылдан соң
Көзімнің бір тамшысын қанып ішті.
Алдыңда - мың жылдықтар өлшенбеген.
Сол кезде - көзім болсаң - сен сенбеген –
Бабамның алған дінін балам ұстап,
Бал тілде сөйлер халкым мен сөйлеген!..
12
Ақ қала. Алтын қала. Абат қала.
Кім ашар тарихыңды қабат-қабат?
Халыққа тиген үлес әділ емес,
Тарихтан тиген соққы сабақ та - ағат.
Түсірмес асылынды шаңдақ құмға,
Туса да акылды кыз, ардақты ұлдар,
Торғыным, тозып кете жаздап едің..
Ұлы елге ұлы Азаттық келді уақытында!
Егемен Елдің бала жігіт кезі.
Еменнің шырыны аққан шыбық кезі.
Торсықтай шекемізде той үстінде
Жанып тұр Күн көзіндей үміт көзі!
ЗЕРДЕ
ҚазМҮУ-ге
Сағындырады табалдырығы таудай үй әлі,
Гүл жарған кезі қыр мінез қыздың қиялы.
Кісі танитын ғұламалардың сондағы,
Сөздері қандай, өздері қандай зиялы.
Зиялы жандар кауырсындарды шыңдаған,
Біз үшін сонда күй кешті ме екен күнде алаң
Ұлы Мұхаңа үлгермей қалған ұрпақ - біз,
Мұхаң таныған Зейнолла ағаларды тыңдаған.
Тереңдігіне табынатындар көп бүгін.
Ұста мен ұстаз түбірі бірге текті ұғым.
Қасиетті ұя - қарлығаштарымен әлемге
Таныта білген қазақтың биік шоқтығын.
Дос түгіл, дұшпан кемітер қалай енді осы?
Кемелдігіне табыла бермес тендесі.
Керегесі алтын қара шаңырағы халықтың-
Кеудесіндегі парасаты мен зердесі.
ҚАЗАҚТЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ - ҚАСИЕТТІ ІС
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанапыры қазақ қана!
Қамалдай беріктікті күш санайды!
Қасынан опасыздар шықса - қайғы.
Қазақтың бар болмысы бөлек, дара,
Тағдыры ешкімге де ұқсамайды!
Тарихын зерделесеқ зерікпес ең
Таңырсын, тағлымына еліктесең
Қазақтың атын қорға, қазақ бала,
Ешқашан өз Еліңді кемітпе сен!
Тамырлы шежіреден сыр ақтарғам.
Әмірлі әр мезгілден сұрақ қалған..
Қазақты бір-біріне қарсы қою
Сұқ көзді сұғанақка мұрат болған.
Сұм пиғыл әлі бүгін басқа ұрып тұр
Бөлшектеп дәндегеннің дәстүрі ұтқыр.
Алты алаш! Алтын тулы елдігіңнен
Айрылып қалмас үшін бас біріктір!
Басқадан шаһар, сарай бұрын тұрғыз.
Бұл елді ұлы ел деген ұғым туғыз.
Ғаламда кім көтермек,
Жан даланың
Жабылып көтермесек рухын біз?!
Біріміз бірімізден құқай көріп –
Дұшпанға жем болармыз ұпай беріп,
Өзіміз-өзімізді сыйламасақ,
Сыйлай ма ағылшын мен қытай келіп?!
Мұны ұқсақ, "Қазынамыз - той" демес ек.
Той емес, ең керегі - ой мен есеп.
Қазақтың бай тілінде кім сөйлесін,
Шырынын тамызып біз сөйлемесек?
Табады тел тарихын жұрт түбінде.
Басталды құрмет пенен құнт бүгінде.
Ілесер ынталанып дүйім халық,
Сөйлесе ұлыктары ұлт тілінде.
Біз бе екен осал халық құрлықтағы ең?!
Біз емес қояр болсақ, шындыққа ден.
Құлдыққа көнбейтұғын әр казақты
Таныған, мойындаған бұл мықты әлем!
Өз салтын өзге бірақ үйретпесін.
Ыза сөз жауар бұлттай түйдектесін.
Бауырым,
Бабалардың басқан жерін
Тәңірім енді жатқа билетпесін!
Қызықпа лауазымға, алдамиыға
Мансаптың ақыртүбі жалған, сірә!
Жаман ба осы бейбіт заманымыз,
Шаруақор ауылдағы шалдан сұра!
Құс тілін күй тілімен құрастырған
Ұлтыңның тарихын сүй, сұрастыр да!
Өскенбіз
Табиғатпен біте қайнап
Ақ жайлау, ақ боз үйде, Күн астында!
Тұлпардың тұлпарлығын бәйге анықтар.
Туғызған таланттар мен ойлы алыптар,
Тегі - асыл, есігі - апық, асы - тегін
Қазақтай жомарт, батыр қай халық бар?!
Мінсізбіз дей алмаймыз, мініміз көп,
Мұңсызбыз дей алмаймыз, мұнымыз көп.
Шығайық басымызға бұлт жуытпай
Біріміз біріміздің Күніміз боп!
Бабадан қалған нақыл, өсиет- күш!
Бола ма бөлінуден қасіреттыс.
Тас түйін бірікпесе Ерлерге серт!
ҚАЗАҚТЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ - ҚАСИЕТТІ ІС!
Қазақтың болмысында құт, қуат мол.
Қалдырған мұра қылып мықты ұятты ол!
Бабаңның даласының иесі ғой —
Балаңның санасына ықтият бол!
Мақтан ет Қазақстан деген Елді,
Қандастар қайтсын Елге егеменді.
Ғасырдың қақ төріне қасқайып иық,
Алланың рахымына кенел енді!
Қандастар қайтсын Елге тез алыстан.
Кезінде уәдемен қол алысқан.
Өкініш өзегінде кетпесін деп
қазағын шақырып тұр Қазақстан!
Рахат - тыныштықты тыңдаған да.
Ойнап жүр бүлдіршіндер гүлді алаңда.
Өзінің астанасын өзі салған
Ел неткен бақытты еді бұл ғаламда!
Бабалар бірлік сөзін миға кұйды.
Бағалар жақсыларым тұлғалы, игі.
Мақтан ет Астананы, Ақорданы –
Көк туы көкке бойлап тұрған Үйді!
Сын сабақ - уақыттың ұстыны ұлы.
Топталса, кұйқылжиды кұстың үні.
ҚАЗАҚТЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ - ҚАСИЕТТІ ІС!
Береке - Ар, Сана, Рух күштілігі!
2005 ж.
* *
Алатаудың үстінен бұлт өрілте,
Алматының үстінен нұр төгілте,
Алакөбең туады таң шапағы,
Ағарады табиғат бірте-бірте.
Құстар әні - көңіліме көркем азық.
Сұлулықты сімірдім сәл тоңазып.
Аула - жым-жырт,
Алатау - паң тәкаппар,
Ұйықтап жатыр көшелер арқа жазып.
Алатаудың арасы - аршалы қүз
Баурайында - жүгірген бал шағымыз.
Таң сәріміз кеше еді,
Күн дәптерге
Ғұмырнама жазамыз қанша әлі біз?
Алдағыныз беймағұлым, дәл бүгінгі
Алланың рахымын карсы алыныз!
РУХТЫҢ БОСТАНДЫҒЫ
Қарасам мынау өңірге, өртейді мені отты мұң
Қамысты көлдер азайған, Қасқалдақ құстар жоқ
бүгін.
Ақиықтарды көрмеген теңеуі жұтаң біз пақыр
Қызыл кітаптан оқыдық қыран, бүркітгің көптігін.
Сарыөзек жақтан күдік кеп, күңірегенде орманым,
Бозторғайларым сескеніп, шырылдап салған соңғы
әнін.
Кеш білдік біздер өзінің Ғасыр-ғұмырына сыймайтын
Ұлы жырларды туғызған ұлы жыраулар болғанын...
Кақ жарып өтіп заманды, қақ жарып өтіп қоғамды,
Толғағы жеткен мезгілде тозаң қып бұзып тоғанды,
Толағай желге ілесіп, толайым жылдар түбінен
Аспаннан келген медеттей асқақ рухым оралды!
Тарихқа терең қарасақ, қалар ма көзден таса зат?
Бағынып өту басқаға - табиғатымызға аса жат.
Бостандығын рухтың жұпардай бойға таратқан,
Еңсесін тіктеп, серпілді, ержүрек халқым басы азат!
Атырау, Алтай арасы дүр етіп түгел сілкінді.
Бесікте жатқан нәресте бостандық сұрап бұлқынды.
Бұлттардың қалың қабаты парша да парша жыртылып,
Оң жағымыздан Ай туды, сол жағымыздан Күн туды!
1992 ж.
АТА ЖҰРТ
Жаралғандай мені күту үшін Сен –
Жанарыма аңсау отын түсірсен,
Ақ бұлттармен араласып, ақ құстай
Саған қарай сағынышпен ұшушы ем.
Көлдерменен көктем - думан, дала - сән.
Белдер менен белестерден әрі асам.
Куаныштан жас толатын көзіме
Қыр басынан қиыла бір қарасам!
Жер бетінде қалған ыстық, дара әлем,
Жел боп жетіп, болар ма едім жараңа ем.
Қасіретіңнен қара көзге жас толды,
Қыр басынан қайта оралып қарап ем.
Аққу-қаздар жүзбейді енді өзенде,
Таза судың табылмайды өзі емге...
Аяғына құт ілескен оғландар
Туар ма екен мына нәрсіз кезенде?
Туар болса, санасына жүк тие.
Солар болар бұл қонысқа мықты ие.
Ешкімнің де меншігіне көнбейтін,
УА, ҚАЙДАСЫҢ, ҚАСИЕТТІ ҚҰТ, КИЕ?!
ҮШАРАЛДЫ САҒЫНУ
Балауса жылдар, бал тамған ай, күн,
Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын.
Жан ұям - әнім, жаныма жайлым.
Ұмыта алмаймын.Ұмыта алмаймын.
Пәк еді күлкім, жоқ еді қайғым.
Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын.
...Сен едің Мәжнүн, мен едім Ләйлің
Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын.
Аса мен Талас - ақ толқын айдын...
Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын.
Үшарал - ұждан. Үшарал - айбын.
Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын.
АЗАН
Шам қаласы. Ояндым таң алдында.
Таң алдында беленді санам нұрға,
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып танда?
Алагеуім кез еді, елең-алаң
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дуға деуге болады, тілек деуге.
Нұрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге?!
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын?!
Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры-терең Сырты-саз. Сұсы мықты.
Құдіретін Құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті.
Таң намазы уағы-ау. Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы ғұмырлық ғұлама заң
Сүрелері құранның жан баурады
Рухымда, тәнімде таң лаулады
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім, мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ
Сүрия. 30-сәуір. 1990 ж
МІНӘЖАТ
Тауларды көрдім, тармақ та тармақ, тас тұғыр.
Аспанды көрдім, аржағы - ғарыш, асты - нұр.
Алқапты көрдім алтынға малған абат таң
Тоғайды көрдім толағай жұпар таратқан. –
Мұхитты көрдім мұп-мұздай, жатқан шіреніп.
Көк бұлтгы көрдім көкті бүркеген түнеріп.
Аймақты көрдім көгілдір, балдыр-бақалы
Сайғақты көрдім саналыларға қапалы
Құйынды көрдім құмдай-ақ үйді ұшырған.
Зымыранды көрдім зымырап өткен тұсымнан.
Майданды көрдім майқандап жатқан әлемді.
Заманды көрдім зауалымен алған зәремді.
Ауаны көрдім уынан кұс пен гүл өлген.
Түршігер бойың түгесіп айтсам түгел мен.
Дүние - дүбір, табиғат бүгін дүлейлі,
Толқындар тулап, жер сілкінгені - үрейлі.
Аян ғой саған арасы жөн мен терістін
Аяй гөр, Алла, аласапыран Жер үстін.
Ғаламды сақта, ғаламат тұтас қалпында.
Аман-сау болсын далам да, дарқан халкым да!
РУХЫММЕН ӨРІП ШЫҚҚАН МҰНАРАМ
Құлай сүйген туған елін, кұндағын,
Жан түбінде жарығы бар тұлғамын.
Зерде көзін саларсындар зер сөзге,
Шешу үшін жүрегімнің жұмбағын.
Ойларымнан олжа тауып күтпеген,
Болжарсыңдар бағытымды діттеген.
Арманымды алтынменен аптағам,
Күмәнімді күміспенен күптегем
.
Соқтықпалы сокпағым бар бұралақ
Жазмыш жолын жазғырмаңдар, сұранам.
Ізгілердің назарына ілігер
Рухыммен өріп иыққан мұнарам!
НЫСАП
Минут сайын сезінем бақыт дәмін,
Қуанышқа толады уақыттарым
Айналамның бәрінен шуак көрем,
Арайланып тұрғанда атып таным.
Күні-түні шүкір деп шаттанамын.
Сәбидеймін, көңілім әппақ әлі!
Көзім - шырақ, санам - сау, ғалам ғажап,
Бұдан артық бола ма бақ бағалы?
Елім - азат, мен - азат, ұлым - азат,
Азаттықтың жетпейді құнына зат.
Қанағатта ғаламат қуаныш бар,
Нысапсыздық Алланың құлына - жат!
ДӘУЛЕТ
Анар түсті барқытпенен тысталған
Жұмсақ диван, арқалығы өрнекті
Ұнаса да,
болған емес күшті арман,
арманымыз одан ғөрі көрнекті!
екеумізді басқа кәусар шөлдетті.
Кресло, сырты таза былғары,
Тақтан биік орындықтар сонша көп
Үйде тұрса, рахат қой бұл бәрі,
Бірақ соны тілемеппіз болса деп,
Бармақтай бір БАҚ берсе деп аңсап ек!
Ұстамадық ұлы ұсталар зерлеген
Патшалардың тұтынатын ыдысын.
Жиһаз бұйым көретұғын көрмеден
Тар бөлменің тарылтқан жоқ тынысын,
Тұпнұсқасы - туындының дарынды
Қайдан түссін біздейлердің қолына?
Қуған жоқпыз алтын деген сағымды,
Түскен жоқпыз дүниенің жолына,
Тиген жоқпыз қазынаның қорына.
Өліп-өшіп, жанталасып іздеген
Шын емес пе қалағанын табары.
Бардың парқын түсінсек те,
Біз деген
Қаштық содан саналы,
Кезімізде қанағат бар шамалы.
Хрустальдар шақырса да сыңғырап,
Қызықпадық. (Таң қалдырар бұл сізді)
Ажырата білмеу емес бұл бірақ -
Бағалы мен құнсызды
Көрген жоқпыз байлардан да мұңсызды.
Жан байлығышын байлық деп шірендік,
Кедей болу - мақсат деу де далбаса!
Байлық деген жақсы-ау,
Егер түгелдік
Жақсыларға жақпайтыны болмаса
Өзен өрге ақпайтыны болмаса
Бәрі-бәрі тұрмаса да жаркырап,
Қарапайым отауыңның өзінде –
Бакытты өмір сүре аласың еркін-ақ
Еңсең биік, өмірге іңкәр кезінде
Махаббат пен мейірім болса көзінде!
* *
Қарашы бұлттарды! Ауып барады.
Қанаты күн көзін жауып барады.
Қаласа, жаңбыр боп жауып та алады.
Өтеді сонан соң Бәрі де өткінші,
Адамда үміт пен қауіп қалады.
Тағдыр - бұлттар жерде тауып та алады.
Кетуге асықпа, жаным!
Жетеді күттірген автобустар да,
Өтеді біртіндеп жат, таныстар да...
Мәңгіге қалмайды бақта құстар да...
Бәрі де келеді, сонан соң кетеді,
Кетеді ілесіп қатты ағыстарға.
Өмір толы ғой қозғалыстар мен аттаныстарға
Кетуге асықпа, жаным!
АБАЙЛАП ЖҮР, АЛАТАУДЫҢ АСҚАҒЫ
Сен өкпелеп кеттің бе екен біреуге –
Кұте алмаған, бола алмаған тіреу де.
Көздеріңде жұлдыз жанды жүрерде,
Жүректегің қалды мұнда, ұлы елде.
Сен траптан жалт қарадың Ел жаққа,
Екіұдай боп бара жатсың ол жаққа.
"Тағдыр..." - десен, сенем.
Әттең мен үшін
Аспан асты құлазиды-ау сен жоқта.
Күліп аттан, ұшағыңа күліп кір.
Бар еді ғой бізде мықты рух бір!
Бір-ақ Күн ғой Жердің бетін жылытатын,
Жердің беті түрлі гүлге тұнып тұр.
Күтер сені шапағатты сәт алда.
Күтер сені байтақ, туған Отан да.
Түсіңе енер жерге иілген алма бақ
Төбесімен көк тіреген шаһарда.
Алматы - әлі сұлулықтың бастауы.
Алма гүлдеп, жұғар біздің шашқа ағы.
Шашбауыңды көтеретін нөкер кім?
Абайлап жүр, Алатаудың асқағы!
ЕЛДЕ
Қайтсам да түгел шарлап бұ ғаламды,
Ғашықпын сұлулыққа мына мәңгі:
Көктемнің құйып тұрған көк нөсері
Келіктен біз түскенде тына қалды.
Жер - сұлу. Аспан - рахым. Дала - тыныш.
Мұнда жоқ қолқамызды қабатын ыс.
Кеңдікті сезінесің ауа арқылы
Жарқырап жаңбырдан соң Жаратылыс.
Ұл едің арқалаған ел сенімін,
Қарсы алдың қауымыңмен, еңселі інім,
Сөз бастап, тұлпар мінген, туған елдің
Мен дағы суғарылған семсерімін.
Ер болып, Ел бағына туса - абырой.
Туған Жер топырағында бусады бой.
Сен маған Жерден үзіп боз гүл бердін,
Бұл - менің жан Даламның жусаны ғой.
Шакырса алтын бесік, аңсап ұштық,
Шексіз деп, жерұйық деп тамсаныстық,
Жапырақ жасыл мамық шөбі түгіл
Біз үшін әр тозаңы, әр шаны ыстық,
Бұл Жерді әкем басқан, анам басқан.
Бұл Жерде мен Әлеммен амандасқам.
Бұл Жерде ата-бабаң атпен жүріп,
Бұл Жерде нұрын төккен саған да Аспан.
Бұл жерді жарылқаған Хақтың да өзі.
Есімде табиғаттың пәк бір кезі.
Ақ отау, ақ күмбезді байтағыма
Жалғанда түспесе екен жаттың көзі.
У қосып уызына ізгі ананың
Мұң жұтқан мұрагері - біз даланың
Жайқалған қызғалдақты жаншып-басып,
Бір дұшпан жүре ме деп кызғанамын.
Айтпағым - үмітімді артып келіп,
Ар-ождан түгел болса, тәртіп - берік.
Қарағым, сүйесің сен кең далаңды
Көзіңнің қарасынан артық көріп.
Тұратын қалың жиде тоғай гүлдеп,
Келмегей мамыражай маңайға індет.
Ел мен Жер тағдырына ие болу
Ешқашан болған емес оңай міндет.
Ұрпақтың қамын жейді ұлық кісі.
Әкімнің халыққа адал біліктісі.
Әділет әлеміне қалқан болар
Ұлтжанды тұлғалардың рух күші.
Тарпыған арғымақтар - мақтанышым.
Тал-жыңғыл.., араласам, мақпал іші.
Аллаға шүкір,
шексіз кең Дала мен
Нұр тамған сұлу, тыныш ақ таны үшін!
* *
Мамырда мархабатпен қырға шықтым,
Қырыма, қырмызыма шын ғашықпын.
Көзімді дүниеге ашқанымда
Сезімді сұлулыққа бірге ашыппын.
Өнерден өшпейтұғын із қалмақ бір,
Жақсы өлең жазсам деп ем түзге арнап бір.
Еш ақын баламасын таба алмайтын
Тастапты дастан жазып қызғалдақ - қыр.
Мен үшін табиғатты тану - арман,
Қызарып, шыққанда Күн-ару алдан
Жүруші ем жүрегіме шаттық толып,
Гүл кешіп, шалғын кешіп белуардан.
Тазарып таңда терсем мекен гүлін,
Бөкен де білдірмейтін бөтендігін.
Қуанбау мүмкін бе еді,
Сезінгенде
Кең далаң өзіңдікі екендігін!
Сыйғызып жүрегіме бәрін бүгін,
Сәл ғана бұрынғыдан сабырлымын.
Бір жылғы тозған жүйкең жазылады
Бір рет кешіп өтсең мамыр гүлін.
МАХАББАТЫМЫЗ ҮШІН
Сырларымды айтушы ем сыйғыза алмай
желге мен,
Гүлдер алып келуші ең келген сайын
сен деген.
Көздеріңе караушы ем Қарақұмдай
шөлдеген...
Жаңбыр жауып, жаз өтіп, қатты дауыл соқса да,
Сонда жаққан шамдары әлі күнге сөнбеген
Махаббатымыз үшін.
Түн шөліге оранып, жарық алып жұлдыздан,
Отырғанда сезімдер арылатын мұң мұздан,
Көріспесек, жүректі ыстық жаспен жуғызған,
Екеумізге ортақ сол ертегі өмір сәтінен
Ең мейірімді, ең нұрлы ынтық жырлар туғызған
Махаббатымыз үшін.
Тербетілген мол гүлдер, гимн сынды сондағы ән,
Содан соңғы бір күндер –
сұрғылт тұман торлаған.
Сол тұманнан кейінгі суықтан да солмаған
Айдары алтын күндей боп, қайта келіп нұрымен,
Толып жаткан опасыз дүниеден қорғаған
Махаббатымыз үшін –
Сүйгендердің болғай деп мәртебесі мәңгі
үстем,
Бірге күтіп алайық алтын таңды алғыспен!
* *
Туған жер топырағында қатар өскен
Бала едік. Ол күн қалай кетер естен!
Арманым сен ғана деп тұрсың бүгін,
Жоқсың ба қалауыңнан қателеекен?
Шын шешім жүрегіңмен етеріңде,
Ескер менің шартым бар екенін де.
Жаның - жомарт, мақсатың - ер болса скен
Қазақтың қасиетті мекеніндей.
Адал бол, азаймасын бірақ та айбын,
Айбынды жігіт көңілін құлатпаймын.
Таулардың пандығына қызығам мен,
Ұсақ, жеңіл жандарды ұнатпаймын.
Білмеппін жүрегіңде барын мұнша ән,
Бұлаңдаған осынау шағым бір сән.
Өзіңнен қалай алыс кете алармын,
Тамаша қасиеттермен табыңдырсаң..
1963.
• •
Аңқау тұйық, аланы аз қыз едім,
Сені көріп бал-бұл жанды жүз-өңім.
Сені көріп бұрымымды реттеп,
Сені көріп жүрісімді түзедім.
Сені көрдім. Сілкіп өтті қатты ағын,
Ұмтылуға, тіл қатуға батпадым.
Бір нәрсемді сен әкетіп қалғандай
Алаңдадым, сағат тағат таппадым.
Сені көріп,
көрмей қалдым басқа сұлу көздерді,
Сені көріп, өлең қуып, сөзге ердім.
Ақылды боп көрінуге тырыстым,
Сені көріп өзгердім.
Үйден ұзап шықпаушы едім жыраққа,
Сені көріп жиі бардым бұлаққа.
Сені көріп жүрегіме жыр толды,
Оны өзіңе айта алмадым бірақ та.
Құйғандай боп көкірегіме Ай нұрды,
Сені көріп гүлін тердім сай-қырдың
Сені көріп қуандым да қайғырдым,
Сені көріп балалықтан айрылдым.
***
Аяулы дос, тілегім бір өзіңнен –
Жүрмегейсің тым жиі кінә тағып.
Адамның асыл сезім мінезі мен
Жып-жылы көзқарасын ұнатамын.
Қарашы табиғатқа, сірә, демде,
Бірін-бірі ұшарда тапты құстар.
Адам ойы билеген бұл әлемде
Неге жиі болады қақтығыстар?!
1966.
***
Өткен іске өкініш жоқ дей тұра,
Өткен дәурен, келер уақыт - екі күш.
Албырт жылдар ала кеткен бейкүнә
Балалық шақ оралмасы - өкініш.
Бүгін таңда көңілі толмай жатқандар
Болса-дағы келер күннен үміткер,
Өткен күнді сағынатын шақтар бар
Келешектің жетегінде жүріп те.
1966
***
Жай ғана тербеледі
Шынардың жапырағы.
Сен жүрген жерге мені
Бір биік шақырады.
Жоқ қуған жолаушымын,
Іздерім жатыр құмда.
Ақ таудың сонау шыңы
Сен болып шақырдың ба?
Алыстан қол бұлғаған
Ақ сағым еркелеген.
Арман боп сол нұр маған
Оянам ертеменен.
Өз сырым - бар айтарым,
Шешімі ақылдың да.
Сен болып арай таңым,
Сағынтып шакырдың ба?
Жақсымды досқа арнағам,
Емеспін жақын мұңға.
Жолым боп басталмаған
Сен мені шақырдың ба?
1967.
***
Сен қаласаң - терезеңнің алдында
Хош иісті ақ гүл болып жайқалам.
Сен қаласаң — өзен болып, шалғынға
Сүю жайлы сыңғырлап сыр айта алам.
Сен қаласаң - Ай нұрына айналып
Терезеңнен түнде қарап өтемін.
Қырға шықсам, өз бейнеңді ойға алып
Оралармын гүлге толып етегім.
Қаламасан, қарамасаң мен сонда
Естегілер жүрегімде жаңғырып,
Кетермін-ау,
Қай жерлерде жүрсем де,
Ұмыта алмай, ұмыта алмай мәңгілік.
ӨКІНІШ ӨЛЕҢІ
Ғашықтардың тіл ұшында не тұрар?
Тіл ұшында сүйгенінің аты бар.
Бір кездегі махаббатым түсті еске,
Сені көріп, қирап жатқан Отырар!
Кәусар сулы, гүлзар бақты, қорғанды
Меніңде бір арман-қалам болған-ды.
Ыстық сәулет, салтанатпен кеудемде
Жасайтұғын сияқты еді ол мәңгі.
Бақшасында таза, көркем мың гүл бар,
Бейбіт өмір сүретұғын тұрғындар
Қала еді ол, арықтары көгілдір,
Көшесінде ән салатын бұлбұлдар.
Тұратын ол ықыластан, ырғақтан,
Қандай қызық назбен тәтті тіл қатқан.
Сол қаланың сәулеткері екі адам
Болды және сол екеуі қиратқан.
Онда бізге шапағатын төкті күн,
Әрбір гүлін отырғызып, көп күнім.
Отіп еді, орны жатыр, кеудемде
Қиял-қала махаббатым жоқ бүгін.
Талай үйлер топырақ боп үйілді-ау.
Мүмкін емес уақытқа сиынбау.
Қалаларды салу қиын, достарым,
Сақтап қалу одан-дағы қиындау.
Махаббатсыз күндер легі салқын, ә,
Махаббатсыз тумақ емес шалқыма.
Қирап қалған үй сияқты сезімдер
Келмейді енді, келмейді енді қалпына.
Тіршіліктің аязы бар, оты бар,
Түк түсінбей түрленеді тотылар.
Қирап жатқан жоқ па екен деп қорқам мен
Әр адамның ішінде бір Отырар.
ҚЫЗ СӨЗІ
Ойсыз деме жүргенге асқақ,
Мұңды әнімді жел тыңдасын.
Сені көрген күннен бастап,
Тұтқындалған еркін басым.
Кезім толды сағынышқа,
Махаббатқа толды жаным.
Жан емес ем алып ұшпа,
Мені билеп алды жалын.
Шам сияқты қолыңдағы
Жарық берем, жанып денем.
Ауыр емес жолым-дағы,
Саған бақыт алып келем.
Адастырып, жолықтырып,
Өтсе күндер кезегімен,
Ақ боранда тоңып тұрып
Күте білем, төзе білем.
Бұл не сезім, өзім білмей,
Маза болмас жас жанымда.
Сәл ауырсаң көзімді ілмей,
Отырамын бас жағыңда.
Сенсіз қызық күй кешем бе,
Қайсарлықка таң қалмас кім?
Сен сүйсең де, сүймесең де,
Басқа жанға жар болмаспын.
1968.
***
Махаббат - жаздың бағы саялы, әсем,
Жаныңның нұр шуағын аямас ең
Ең сұлу, ең асқағы -
ақындардың
Махаббаты,
Абайла, аяла сен.
Махаббат -
алқызыл гүл, баптай білсең
Қалмайды, ғашық болсан, соқпай бір сең
Ақынның махаббаты - асыл жібек,
Абайла, үзіп алма, сақтай біл сен.
Түсінсең тек осылай жүрші алдымда,
Жанымды ұқ,
жанып тұр ғой мың шам мұнда!
Акынның басқа азабы толып жатыр,
Тек қана махаббатын кір шалдырма!
1967.
* *
Тұңғыш рет ұнатып қараңғыны
Тұрғанымдай сүйкімді бар ән бүгін.
“Қар жеймін” деп қорқытам, саған ғана
Керектей-ақ саулығым, амандығым.
Ақ ұлпа қар әуені тербеткенде
Ғажап болып кетеді жер, көк демде.
“Кетемін” деп қоркытам, жер бетінде
Мәңгі жалғыз қалардай мен кеткенде.
Мені өзіңе жасқана тартасың да,
“Кетпе” дейсің қиыла, қорқасың ба?
Жалғыз ғана қызығың мен сияқты
Жер мен көктің осынау ортасында.
Соны сезіп, жай ғана бұлданамын,
Өзіме аян - кеткім кеп тұрмағаным.
Барлығын да мен саған кері айтамын,
“Бара ғой” деп қасқайып тұрма, жаным!
1967.
***
Кеудем толып бір сезімге алаулы,
Ашқандай бір аса кызық тарауды.
Бастан кешіп ғажап өмір, шаттықтан
Ұмыттым мен жан-жағыма қарауды.
Қарамаймын, айналада ісім не?
Өз бақытым - жүрегімде, ішімде.
Тұк қайғым жоқ.
Қауырсындай жеңілмін,
Түсінбеймін өңім бе бұл, түсім бе?
Бәрі тәтті. Тәтті күлкі. Тәтті мұң
Көңіл деген - шапқылаған ақ құлын.
Қуанғаны қандай бақыт адамның
Тұра тұршы, менің сәби шаттығым!
1967.
***
Көктем де келді айналып,
Келмеді сенен бір хабар.
Асығып қырдан ойға ағып
Жылады сонда жылғалар.
Сен жоқсың жатыр жол тыныш,
Үмітпен күтіп жүр едім.
Жанымды билеп қорқыныш,
Сыздады сонда жүрегім.
Сәуір де сондай салқын-ақ,
Кім маған шаттық дайындар?
Жапырақтары қалтырап,
Қамығып қалды қайыңдар.
Жіберер емес еркіне,
Даланың жапты шобін сыз.
Келмей тұр көктем көркіне,
Өзіңсіз дала көңілсіз.
Сарғайдым піскен жемістей,
Сағыныш басып бөлмені.
Тұрғандай тіпті келіспей,
Сен келмей, Көктем келгені...
***
Хабарласпай кеткенің дұрыс болды,
Көңілі таңғы судай салқындасын деген шығарсың
Оңашада қамығып ән тыңдасын деген шығарсың...
Менен басқа өмірді де есіне алсын деген шығарсың
"Егіліп жыларсың да, басыларсың" деген шығарсың
Май айында басынан күзді өткерсін деген шығарсың
Сүйетіні оын болса, іздеп келсін деген шығарсың
Мейрамда да қуанбай, мұңға батсын деген шығарсың
Сынық жүзден суық мұз сырғанатсын деген шығарсың
Менің әлсіз жанымды күйретейін деген шығарсың
Қаталдыққа осылай үйретейін деген шығарсың
Бәрі де солай болды, жылаймын мен
Ерісе деп ертерек мұз боп қалмай мұң
Бәрі де солай болды,
Тек қана іздеп бармаймын.
Мен - нәзік гүлмін,
Сен - құламайтын шынарсың
Бірақ мен шыдаған дауылға сен шыдамайтын
шығарсың?!
**
Арада қашықтықтар, қара, мұнша,
Келмейсің өзендер де кері ағылса.
Мен талай сен бе екен деп ояндым-ау
Бейуақ тереземді боран ұрса.
Өзеннің қауіпті емес ағысы онша,
Адамдар кездеседі келісе алса...
Келісу, серттесу де болмап еді,
Білмеймін, неге ойладым сені сонша?
Кең жайлау, ауасынан өлең ескен,
Кетпейді сөл бір үлбір әлем естен.
Шілденің таңын күтпей,
Ай астында
Хат жазып, жыр жолдайтын сен емес пе ең?..
Ілеспей ләззатқа, қуанышқа,
Ілесіп мезгіл атты ұлы ағысқа,
Жігіт қой, іздеп келер шын сүйсе деп,
Жауапсыз кеткем асқақ тым алысқа.
Бүлдіршін қыздың сырын кімге айта алам.
Сырымды сыйғызатын сырнай табам!
Біз енді шыға алмаймыз сол жайлауға,
Жаз келіп, құлпырса да гүл қайтадан.
Гүл қайда?
Қар астынан табылмас кен.
Адасып қала берген қарындас - мен.
Сен, бәлкім, бір себептен келе алмадың
Бір келсен, бұл ноқтаға бағынбас па ем?!
***
Сен -
қорықпаған күңкілден, қорлықтан да
Менің тылсым жанымды мәңгі ұққан да.
Бірақ сені ардақтай алмадым мен,
Асқақ ұста басыңды сондықтан да.
Жарасып па ек жарысып тай-құлындай?
Жолдар бөлген - Тағдырдың айбынындай.
Қиял құсы сен едің жас күнімнін,
Саған болғым келмейді қайғы-мұңдай!
Мені жаман дегенмен төбелескен,
Шығармаймын ешқашан деген - естен
Талай тату тайғанда уәдесінен
Табынудан танбаған сен емес пе ең?
Сенің адал сөзіңе таң қалмадым,
Жырларымды басқа бір жанға арнадым.
Жалғыз сен ең үзіліп сүйген мені,
Сөйткен жанға сор болдым, жар болмадым.
Сен қандай боп қалды-ау деп уайымдамай,
Өзге өмірге аударып ойымды оңай.
Маған үлкен сенім мен жарық берген
Махаббатыңды келемін мойындамай.
* *
Тыңданызшы,
Жас шынар ән салып тұр!
Білесіз бе?
Қымбат шақ қаншалык бұл?
Ән салып тұр мәңгі іңкәр жапырақтар,
Көздеріне көк жасыл тамшы алып бір.
Әнсіз олар жеткізсін қайдан бәрін?
Айтып жатыр:
Жас өркен жайғандарын,
Көктем мен қыс,
жаз бен күз
арасында
Күрес барын,
бітпейтін майдан барын.
Тыңданызшы!
Тым жақсы әндетеді,
Айтады олар:
Дүние сәнді екенін.
Бір жаманы -
бұл ғұмыр қысқа екенін,
Бір жақсысы -
махаббат мәңгі екенін,
Қандай шынар!
Сұлу да, биік те тік!
Бір-біріне қылығын сүйікті етіп,
Қаранызшы, дірілдеп қуанады,
Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп.
Басатынын біле ме ақыры ақ қар,
Жаздың жырын тыңдайды атырап бар...
Сабағынан сарғайып үзілгенше,
Өлең айтып өтеді жапырақтар.
ҚЫЗДАРҒА
Шақырып алдан шың-құздар,
Бәйгеге мені қосты елім.
Саламатсыңдар ма, жан қыздар,
Жаныма тілектестерім!
Сағындым, ауыл аман ба,
Аңсаумен жаным жаншылар.
Өртеніп жүрген маған да
Өкпелі жандар бар шығар.
Адамда түрлі тілеулер,
Көтерер қалай жер-мекен.
Мұңды жыр жазсам, біреулер
Мұнысы несі дер ме екен?
Айналып өмір сәніне,
Қосса да үлес ұлы іске,
Аяулы қыздар, әлі де
Әйелдің жолы жіңішке.
Көрдім де кейде жолды өзге
Әйелді төрге шақырған,
Сөйлегім келді сол кезде
Сендердің бүкіл атыңнан!
Сендерше ұғып мәністі,
Оянған ашу, өкпем де.
Жігіттер жігер, намыстың
Жалауын төмендеткенде...
Құлпырған кезде төңірек,
Бастасам дедім ілгері.
Қуаныңдариы көбірек,
Жан қыздар, дала гүлдері!
Жүргенде сендер тамаша-ақ
Қазақтың ғажап даласы.
Өздеріңсіңдер болашақ
Ұрпақтың ұлы анасы!
Білінбей жырдың жігі тым,
Тапсын деп емес жұрт ермек, -
Әйелдің шаттық үмітін
Келемін нәзік шілтерлеп.
*
Ақша бұлттың астында шие гүлдеп,
Гүл қауызын самал жел иеді үрлеп.
Гүл қауызы сияқты шөлдеп тұрып,
Бата алмадым айтуға сүйемін деп.
Ерте көктем рахат сый ақтарып,
Иығымды иығың сүйеп қалып...
Иіліп тұр ағаштар алқызыл боп
Сакураның бұтағы сияқтанып.
Гүлді үрлейсің.. Тұрсың ба үзгелі шын,
Әдемі өлем - жүз бояу, жүз келісім.
Жүрек тілін аударып дүниеге,
Жырлап тұрды бұлбұл құс біздер үшін.
БАТЫЛ ҚАДАМ
Ғашық болып қалмау, сірә, мүмкін бе,
Көріп тұрып сенің сұлу көркіңді?
Ашық-жарқын саңқылдаған күлкіңде
Бір көргеннен алды менің еркімді.
Қалың кірпік, қара көздің жарқылы
Айқабақпен үйлесімін тауыпты.
Сенің бұйра шаштарыңнын, толқыны
Қара теңіз толқынынан қауіпті.
Арбап едің,
Айрылғандай мүлде естен,
Не дейді деп ойламай да ел біткен,
Өртке қарай жүріппін ғой,
Білместен -
Бұл қадамның тең екенін ерлікпен!
1970.
Достарыңызбен бөлісу: |