Ахметова К., Асанов Қ. А 94 Махаббат



бет5/11
Дата20.06.2018
өлшемі394,75 Kb.
#43731
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
АРКАДИЙДІҢ ФОТОЛАРЫ
Мынау достар!

Жас күніміз бірге өткен.

Аяулы еді, ыстық еді, түу, неткен!

Рахия, Күлтай, Башар, Ізімгүл

Жап-жас болып қарайды ескі суреттен.
Сол бір жылы ыстық жазда, июньде

Түскен едік, басқа - сән де, киім де.

Аркадийдің фотосы ғой, баяғы

Түсіретін Төлегеннің үйінде.
Қазақ жігіт. Аты Аркадий, қаладан

Біздің жаққа келген сонда жаңадан.

Арқасына фотоаппарат асынып,

Қолына ұстап ескілеу бір чемодан.
Қызық еді. Қимылы да жедел-ді,

Үнемдейтін фотоқағаз дегенді.

Майда-майда суреттермен ауылға

Біраздан соң болып алды беделді.
Түспегенде қалатындай арманда,

Топырласып сол үй жаққа барғанда,

Монтиятын аппараттың алдында

Ауылымыздың ажарлысы Шәрбан да!
Аркадийде абырой бар, атақ бар.

Шікірейіп, шіренсеңіз - шатақ хал.

Аханова Зере ғана иілмей,

Қиғаш қарап, түсуші еді тәкаппар.
Сәл жасанды бейнеленіп сәби күй,

Суреттерге толды сонда, әрине, үй.

Қағаз гүлді бекер қойған ортаға,

Өзімізде де гүл емес пе ек табиғи?!
Өткен жылдар қайта айналып келместен,

Шығып бара жатыр екен енді естен.

Қандай оймен тұрдық екен тұнжырап,

Он алтыға қарағанда он бестен?!


Ерке қыздай қолдан шыға бұлқына,

Кеткен шаққа оралар ма ек, шіркін, ә?!

"Жылдамдықтың қас қағым бір сәті", - деп,

Қол қоямын суреттердің сыртына.
Көңіл онда мөлдір шыны әйнек бір,

Арман еді панбарқыттан көйлек бір...

Біздің балғын кезімізді бейнелеп,

Аркадийдің фотолары сөйлеп тұр!
Сенген жаным қаралап,

Жамандады аямай.

Сүйген жарым жаралап,

Мені алдады аямай.
Мен оларға бірақ та

Жасамап ем киянат.

Тұнық сезім жүректе

Жүретұғын ұялап.
Адалдыққа қылау да

Түсірмеп ем сәл шұбар.

Риясыз ұнаудан

Менің кінәм бар шығар...
Жүректегі қыраудан

Мұз боп ақты тамшылар.
Қойма, жаным, дұшпан айтқан сөзге ден,

Сен көңілсіз болмасын деп өзгеден,

Жейделерді жуып жатам тып-тыныш

Өлең жазып отыратын кезде мен.
Койма, жаным, бөтен айтқан сөзге ден,

Сен көңілсіз болмасын деп өзгеден,

Кеспе созып жатырмын ғой сен үшін,

Кітап оқып отыратын кезде мен.
Қойма, жаным, кұрдас айтқан сөзге ден,

Сен жалғыздық көрмесін деп өзгеден,

Отырмын ғой сәбиіңді тербетіп,

Жиын-тойда жүретұғын кезде мен.
Ой іздемей, серуеңдемей гүл бақта,

Отырамын сені күтіп, тыңдап та.

Дүкендегі асыл заттай адамға

Сыйластық та түседі екен қымбатқа.

ҚЫСҚЫ ТҮН

I

Есімде жоқ ең бірінші таныстык,

Арамызда болмағандай алыстық.

Саған айтқан сөздерімнің бәрі жөн,

Маған айтқан сөздеріңнің бәрі ыстық.
Ойлануға жылдың апта, айы аз ба?

Ой інжуі жатпас, жаным, таязда.

Сен бар-ау деп ойлауымның өзі де

Он бойымды жылытады аязда,
Үй тып-тыныш, қуанады жан-жүрек,

Әйнекті ашсақ соғар салқын қарлы леп

Ән сап жүріп, әсел қосқан құймақты

Өзің үшін пісіремін дәмдірек.
Бұлт ішінде жүгіріп жүр Ай - киік,

Әйнекті жап, ауырмапы кайғы үйіп.

Қысқы түнде жып-жылы үйде нұрланып

Бергенімнің өзі қандай шай құйып!
Тыныштық пен берекеге жиі мән

Бермейміз-ау, осы емес пе биік ән?!

Әйнекті жап, алмау үшін суытып

Сұлулық пен жарастықты ұйыған.

II

Далада аяз, мөлдір анық кеңістік,

Бөлме күңгірт, тыныштыкқа сеністік.

Өз үйің ғой географиялық мекен-жай

Планетадағы ең ыстық.
Қолың ыстық,

Ұсынғандай соңғы рет

Дірілдейді, шарпығандай жанды да өрт.

Тыңдашы-а... Біреу жүр-ау далада

Түн ішінде қар күреп.
Ыдыстардың бұйымдардың үні өшіп,

Бізге қарап ерсі ербиіп тұр есік.

Түн ортасы.

Қар күреп жүр сыртта адам

Үнсіздікпен күресіп.
Аязды түн. Адам ойы ашқарак,

Қараңғыда көрінбейді қас, қабақ.

Өмір - күрес,

Барлық майдан, күрестен

Жалғыздықпен күресу тек басқарақ...
Мен тұнжырап жүремін үн шығармай,

Іштей бірақ бұрқанам тыншыға алмай.

Көкірегімде сыбызғы сыңсығандай.

Көргенімді ақтарам үйге келіп,

Сенсіз жерде дем жетпей, тұншығардай.
Үйіреді уақыттың өр ағысы ап...

Кей жігіттің келсе де қарағысы-ақ,

Елемей, сен жайғандай жаңа кұшақ,

Саған келіп, түк мәнсіз әңгімемді

Ақтарамын асығып, бала құсап.
Сұрыптамай, сақтамай әрін, нәрін,

Саған айтам сырымның бәрін, бәрін.

Қызық шығар сасқаным, жанылғаным,

Дұрыс болған - қайғыма, шаттығыма

Ортақтасып отырар сенің барың!
ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ
“Не сыйлайын?” –

Дейсің сен ойға қалып,

Қуантқың келетіні айдан-анық.

Тілегімді айтуға асығамын

Ақкөңіл сұрағыңды пайдаланып.

Керек емес тым ауыр алқа маған,

Қайран қап қарамаймын, қалқам, оған.

Болмаса, болмас асыл белбеу менде,

Асылдың бәрі - менің өр кеудемде.
Керегі жоқ жауһар мен жақұтың да,

Жалғыз жауһар менің бар бақытым ба?

Керек емес алтының күмісің де! –

Жалғыздықтан қорықсам, түн ішінде,




Бірі - менің жұбатпас жүрегімді,

Бірі - менің тыңдамас тілегімді.

Бірі - менің толтырмас көңілімді.

Бірі - менің ұзартпас өмірімді.
Жалғыз болса, адамның өңі мұңды

Кім тыңдайды назыңды, әр үніңді.

Есеп-қисап тұратын ар жағында,

Керек емес қымбатың арзаның да.
Керек емес інжуін, маржаның да,

Өзім алам Затты да, киімді де,

Өмір болса, толтырып үйімді де,

Керек болса байлықты жинап алам.

Ұсақ талап қоймайды сүйген адам,

Айнымас махаббатыңды сыйла маған!
Өкініш - у, еткен күннің сол уы,

Солғындатты, шаттығымды, күлкімді.

Мүмкін еді бұдан жақсы болуы,

Бұдан жаман болуы да мүмкін-ді.
Өз уым - бал, басқанікі жат енді,

Өзімдікі - бастан кешкен бар өмір.

Жөндер едім, әттен кейбір қатемді,

Барлығы да қайталанса және бір.
Өмір бірақ қайталанбас шынымен,

Қайталанар қайырмасы әндердің

Өмір-өмір азды-көпті мінімен,

Керегі жоқ ештемені жөндеудің
Бір кешсек те тіршіліктің күйін біз,

Күрделіміз, қиынбыз ғой, қиынбыз.
Бірде алысқа - алабұртқан сезіммен –

Кетем бе деп қорқамын мен өзімнен.
Қалай бірақ өзіңменен қоштасам,

Шынымен-ақ бастала ма басқаша ән?
Бұрымымды ұстаған қол бұрын сан,

Созылып бір тұра қалар бұрылсам.
Қалай оны қиып кетем, қоштасам,

Қалай жүрем сені әнге қоспасам?
Сағыныш пен махаббаты теңіз боп,

Көздерің де қалатындай мені іздеп.

Қалай сенің көздеріңмен қоштасам,

Қалайша мен басқа адаммен достасам?
Мүмкін емес! Кезден бәрі үйленген

Сүйген түгіл, ұрысқаныңа үйренгем.
Толқытқанмен көргенімде ең алғаш,

Ешкім маған мәңгі сендей бола алмас.
***

Кешір мені!

Сенің жиі шаттығың бола алмадым ба?

Мойыныңа еркелеп оралмадым ба?

Ренжіп қалды ма деп қарай берем,

Шаштарым ағаруда содан да мына.
Бір күн күлкім, бір күні бұлтым басым боп,

(Мейлі жұрт өсектесін, тың тыңдасын көп)

Өзіме-өзім келемін қарсы шығып,

Сенің таза жаныңа мұң тұнбасын деп.
Өзің барда жанымда пәк, керім күлген,

Басқалардың не кылам сәтті өмірін мен?

Ойдан жүдеп отырсам, күлдіресің

Бала мінез кіршіксіз ақ көңіліңмен.
"Поэзиям менің" деп жүресін, жаным,

Көзқарасымнан айтқызбай білесің бәрін.

Сезесің бе сен менің құйттай бақытымда

Өзіңнің қаншалықты үлесің барын?
***
Сен білесің маған тым қиын екенін,

Жақын болып кеткендей биыл өте мұң

Түндерде жыр жазуды жиілетемін.

Күрсінесін,

Түсініп қарайсыңда,

Түсінетін жаныңды сүйіп өтемін!
Бір уақыт ортайғаным түк етпес,

Жап-жас болып қартайғаным түк етпес,

Менің жайнап жүруіме ішінен

Біреу болса жер бетінде тілектес.
Кейбіреудің елемеуі түк етпес,

Мейірімге бөлемеуі түк етпес.

Аман болса екі сәби,

ерекше

Менің қиын бақытыма тілектес.
Түк етпес-ау көтерсем де қанша жүк,

(Күндемеймін біреулерді болса озық)

Жұрт ішінде - абайсызда сүрінсем

Жүгіретін біреу болса қол созып!
***
Өмір, тағдыр не деген тартыс еді,

Көндіреді заны мен салты сені.

Қызық күндер орнына қиындық кеп,

Қызыл гүлдер орнына қар түседі.
Балалық шақ дегенің ертегі екен,

Ендігісін қалайша көркем етем?

Жақындарым айтпаған сөздерді айтып,

Өзімді-өзім анам боп еркелетем.
Бәрін Тәңір бере ме сұрағанға,

Арман болмай тұра ма бұл адамда?

Өзіме-өзім қиналсам қайрат беріп,

Өзімді-өзім жұбаттым жылағанда.

Артық емес мен үшін алтын ардан,

Өмір - қымбат, шықпайсыц бар құмардан.

Бакытым жоқ менің де басқалардан

Тартып алған немесе артық алған.
Өзіме-өзім сүйенем, о, расында,

Өзіме-өзім жол салдым борасында.

Өзіме-өзім жете алмай отырамын,

Ыдыстар мен дыбыстар арасында.
Шаршағанда, Жазира, Жаркындарға

Қараймын да тартамын әр күнді алға.

Өзіме-өзім демалыс бермеймін мен,

Түсінетін солар мен халқым барда!

***
Сен менсіз - өмір жырын аңғармас ең,

Мен сенсіз - күлмес едім таңдарда әсем.

СЕН БАРДА - қуанғаным жарасымды,

Түгелсін, айбаттысың - МЕН БАРДА СЕН!
***

Қараймын да адамға, қайран қалам заманға,

Қатігездік тән бе еді бұл мазасыз ғаламға.

Іші тарлар топ құрып, бір жамандық жасапты,

Жан адамға зияны, залалы жоқ саған да!
Құшағыңды, кеуденді шын жүректен ашпасан,

Аңқылдаған мінезбен болмасаң тек досқа сән,

Басқа кінәң жоқ еді,

Сол жандардың біріне

Құйттай да бір қиянат жасамап ең ешқашан!
Бірін аға, бірін дос көруші едің тек қана,

Бәрі сыйып жүретін сенің жүрек - қақпаңа.

“Қарағым” деп алдымен қағып тұрып арқаңа

Сырттай неге соқты екен, айтпаушы ма ед бетке аға?
Ұялу жоқ, аяу жоқ бұл не қылған дүрбелен,

Ызғырық жел соғады үрген иттей іргеден.

Тұңғиыққа тірелсең түнеріңкі түрменен,

Оның түрлі себебін түсіндірем кімге мен?!
***

Жақтырыспай отырмыз, кінәлі ма ем,

Жаным, саған ескертем мынаны мен:

Кекшіл адам емеспін,

Жылап қалсам,

Жұбанамын Естайдың бір әнімен.
Ақ лақтай ойнаған жар жағалап,

Асыр салам, өзіңді тауға балап.

Жоқ нәрсені іздемей,

Жадыраймын

Жауып тұрған әдемі қарға қарап.
Сұлық қарап қалмашы,

Сұранамын.

Бұл өмірді ұзартар бір амалым:

Сәл нәрсеге кірпіше жиырылмай,

Сәл нәрсеге балаша қуанамын.
Ұғыныспай, бұзылып жатқан аз ба,

Тәтті бір сөз айтамын қатты аразға:

Алып тастап артығын,

Көшіремін

Алабажақ әлемді ақ қағазға!
Қабағыңды аш, аларып қараған кім?

Жадырашы,

Жоғалсын арадан мұң

Асыл тасқа, әр затқа алданғанмен,

Күлкісіне жетпейді бәрі адамның!

***

Біз қандай алаңсыз ек ол күндері,

Даланың ермек еді мол гүлдері.

Есейіп, тірлік қамы шырмап алып,

Қараймыз екеуміз де енді ілгері.
Шаршайды кейде мынау тірлікте адам,

Әйтсе де бей-жайлықты кім құптаған?

Дүние жаралғалы әрекетсіз

Бір сәт те көрді ме екен мүлгіп ғалам?
Құлаған нар қамысты қия аттап ем,

Кезіктім жас қылтиған кияққа мен.

Кезде де біз тыныққан

Тыншымайды-ау

Толғатып жатқан әйел сияқты әлем.
КЕШІРЕМ БӘРІН
Кешірдім менсіз тойға барғаныңды,

Кешірдім менсіз билет алғаныңды.

Кешірдім саусағымнан ұстап тұрып,

Қадалып басқа қызға қалғаныңды.
Кешірдім ұзап кеткен сапарыңды,

Кешірдім ашуыңды, қаһарыңды.

Кешіріп кей кештерге жібердім мен,

Білсем де өзім жылап жатарымды.
Еске алып сені көрген көктемімді,

Кешірдім орынсыздау өктем үнді.

Кешірдім басқа жанды еске алғандай,

Үсті-үстіне темекі шеккеніңді.
Кешірем. Таға берем несіне мін.

Несіне бұзам әсем кеш реңін.

Зарықтыр - зарықтырсаң, жалықтырма,

Сонда мен амалсыздан кешіремін.
ҮЗІЛГЕН ТҮЙМЕНІ ҚАДАУ
“Бұрынғыдай сағынбайсың сүйгенді,

Бұрынғыдай асықпайсың үйге енді...”

Әр нәрсені ойлап кеттім лезде,

Қадап тұрып үзілген бір түймеңді.
Жүрегіңе салғаным ба, бәлкім дақ

Жастықты емес, жағдайды ойлап әр күндік.

Жейдең әппақ, өзің де әппақ, тап-таза,

Тазалықта болады-ау сөл салқындық.


Әр нәрсені ойлап тұрдым ішімнен,

Сен де мені сияқтысың түсінген.

Жып-жылы боп қолың тиді бетіме,

Еңкейіп ем жіпті үзуге тісіммен.


Баяғыдай кетті-ау бетім жанып тым,

Жанып тұрып келмек емес зарыққым.

Қолың тиіп кеткен кезде Бетімді

Тартып алмай, тұрыңқырап қалыппын.


Аяп кетіп, сипадың сен бетімнен,

Аумайтұғын сияқтымын жетімнен.

Жеңіндегі құйттай түйме арқылы

Жеткізгенде сағыныштық шетін мен.


Жаның еріп, төгіп тұрды кезің - күн,

Айтайын деп, айта алмадым өзім дым.

Махаббаттың өлмеуі үшін өмірде

Қас қағым сәт жететінін сезіндім!


СӘУКЕЛЕ КИДІҢ
Келгендей сырғагүлді сылқым көктем,

нәзік те өктем еді бұл күн неткен!

Рұқсат сұрап отыр анасынан баласы,

ақ ботасы үлпілдеткен.

Адамның бір бақыты балада екен,

балаға бар-ау басқа жаңа мекен.

Құдай-ай, қыз кеткені қандай қиын,

бұлқынып ана жүрек қалады екен.


Өмірде қыз - қуаныш, кыз - қайғы екен.

Аз күндік мейман екен бізге, әй, бөпем.



Ұядан балапаны ұшам десе,

ананның ет-бауыры сыздайды екен.
Қарағым, туған үйін алтын еткен,

жиналды бауырларың бал тілекпен.

Жасаулап жат жұрттық деп, ұзататын

қазақтың ғажам еді салты неткен!
Барасың ұзатылып үйден бүгін,

бұл - сенің сұңқарыңды сүйгендігің

Халықтың кәдесі мен жолын жалғап,

құтгы болсын сәукеле киген күнің

Азамат - қанатың ғой, сол қанатпен,

бірге бар болашаққа салтанатпен.

Үбірлі-шүбірлі боп ғұмыр кеш деп,

Тілейді шын жүректен, қалқам, әпкең




***

Менімше:

Жалғыздық атты аралдан,

Жабылған барлық қамалдан,

Қанатсыз, нұрсыз шақтардан,

Қаңтарсыз суық ақ қардан,

Жұпыны жүдеу кездерден,

Жұмыссыздықтан, сөздерден,

Көңілсіз, күйсіз болғаннан,

Қауіпті ойдан - орманнан,

Қасіреттерден үні өктем,

Қараңғы барлық түнектен,

Өмірдің жарық шырағы –

Махаббат алып шығады!

***
Көненің әлдилеген көзі, үлгісін,

ұйырған сағынышты сезім құсың,

Басынан қилы-қилы кезең кешкен,

кең далам, сен не деген төзімдісің?

Кешсең де мұнар менен тұманды шын,

кемімей келе жатыр қыран күшін,

мыңдаған ғасырларға төтеп берген,

қайран жер, қайрымдысың, шыдамдысың
Шыдайсың шыбығыңды құлатқанға,

шыдайсың шыңдарыңды уатқанға.

мысалмен жауап беріп сұрақтарға,

сыр бермей, көне бердің сынақтарға.
Қолымды қиянатқа қоям қарсы,

адамдар астарынан ой аңғарсын!

Қызыл шөл, ақ сор, көк тұз тағдырыңды

ұрпаққа үнсіз ғана баяндарсың
Кімдерден қалай, қайтіп өшімді алам? '

аспанда құс қалмады шонынбаған.

қырылып киік, сайғақ, оқ тигендей

жатыр-ау жараланып төсін, далам!
Істерін адамдардың сұрыптармын.

мен дағы тәуелдімін, кіріптармын.

Ұялып ұясы бос қарлығаштан,

сүйеніп тас балбалға тұрып қалдым.
МҰҚАҒАЛИ МҰЗАРТЫ
Таудағы гауһар шашқан таң сәрісі-ай!

Айдарлы дидарына бар сәні сай.

Тұрғандай тербетіліп нұр жамылған

Қарасаз, Хантәңірі, Аршалы сай!
Таң нұры-ай, тауға түсіп құбылатын!

Шығады шыңнан асып шұғыла күн.

Ғаламға танытсам деп бұл жұмағын,

бұлқынған бұл бұл жүрек бір ұлы ақын!
Бұйығы гүл қауызын жел үрлейді,

бұйрықсыз жапырағы төгілмейді.

Тумайды тұлға ақындар күнде, жылда,

күн сайын, Хантәңірі көрінбейді.
Құлпырған жүз бояуда жүз ұнасым.

Құлындай құшынасың қызығасық

Құдай-ай, мұнша көркем дүниенің

неліктен шуағынан сызы басым?

Қарасаз, қара шалғын, қайын, бесік.

қалың ел, дарқан дала, дайын несіп...

Күн кешіп жүре бермей жұрт қатарлы,

Ағатай, нең бар еді уайым кешіп?!
Қалдыру қандай бақыт із артына!

Тау көші. Айрықша бір құзар тұр, ә?

Басына мұзбалақ құс ұя салған

сол заңғар Мұқағали мұзарты ма?!
Тұтанып менің нәзік тұлғамда айбын,

Тауларға қараймын да бір қанбаймын.

Доға бел, доланалы аймақ таныс,

біртүрлі осы өлкеде туғандаймын.
Таудағы гауһар шашқан таң сәрісі-ай!

Айдарлы дидарына бар сәні сай.

Жыр артып, жылжи берер болашаққа

тау көші, арасында - Аршалы сай!


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет