2 Ілияс Жансүгіровтің көркем прозадағы еңбегі мен тың ізденісі
2.1.Ілияс Жансүгіров сатирасындағы образдық көркемдік бейне
Ілияс Жансүгіровтің прозаға ауысуы бұл – 1920 жылдардың бас кезі. Нақтырақ айтсақ, 1922 жылдың қараша айында Ілияс оқуға түсуге Алматыға келгенімен, ол талабына қолы жетпеген соң, «Тілші» газетіне қызметке кірген сәттен басталады. Газет қызметіне араласуы – оның білім дәрежесіне де үлкен әсер етеді. Ақындық, жазушылық талабы мол болғанымен, оқуы, білімі таяз болғандықтан, өз бетімен оқу оқып, білімін толықтыруға күш салады. Сатирадағы проза жанрына ден қоюы осы кезеңнен бастау алады. Өйткені өзімен қызмет істейтін тілшілердің көпшілігі жазушылық өнері бар прозаик, сатирик, фельетонистер еді. Олар сол кездегі газеттегі жанрлардың бірі – фельетонды әркім әр түрлі, бір-бірімен жарыса, бәсекелесе жазатын. Бұл ахуал Ілиясты да еліктірді. Сол кезде жазғандары тек «Тілші» газетінде ғана емес, сонымен бірге «Жас Қайрат», «Сана», «Шаншар» сияқты баспасөз орындарында жарыққа шығады. Жазғандары сол уақытта елімізде жүргізіліп жатқан науқандық саяси, шаруашылық, ағартушылық жайларды қамтиды.
Сатираның түрлі компоненттерін шебер пайдалана отырып, жаңа дәуірдегі жаңалықты дұрыс түсініп, бағалай алмай отырғандарды, жаңа істердегі игіліктерге кедергі келтіріп, бұрмалаушыларға батыл, қарымды қаламын қадайды. Баспасөз қызметінде аз уақыт істеген кезінде өзінің әріптестерінен жазу техникасын үйрене отырып, тіпті кейде олардан асып түсерлік дәрежедегі журналист ретінде көзге түседі. Оның жазғандары бірінен-бірі өтерліктей іргелі де айтары мол құнды материалдарға айналып, қалың көпшіліктің сый-құрметіне бөленеді. Осы еңбегіне лайық оны 1924 жылы «Тілші» газетінің хатшысы, кейінірек редакторы етіп тағайындайды.
Ілиястың сатиралық тұрғыда жазылған еңбектері «Оқшау сөз», «Шашауша», «Әзіл-оспақ» рубрикаларымен жарыққа шығатын. Сықақтарын газет беттеріне, көбінесе, Матай, Құйқалық, Балгер, Таңқыбай, Жа-жа, Сақа, Ағын, Салпаңқұлақ сияқты бүркеншек аттарымен шығаратын. Сонымен қатар Ілияс Жансүгіров шығармаларына тақырыбы мен мазмұнына сәйкес орынды да ұтқыр атау таба білу шеберлігі ерекше екендігін атау қажет. Әр сықық-әңгімеге жақсы тақырып қою да мүмкін емес. Ол оқырманды туындыға тарту үшін де, сонымен бірге, тақырып атының қысқа, қарапайым, образды, күлкілі, идеясына лайықты, астарлы болуы ғана оқушыны қызықтырады. Бұл жағынан келгенде Ілияс алдына жан салмайтын.
Айталық, «Құйрықты базар», «Сұрпақбай сұғанақ», «Тәшкендікке тарт», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Жалаңаш жиылыс» және тағы басқа әңгімелер дәл өздерінің аты айтып тұрғандай, шығарманың қысқа фабуласын айқын танытады. Әрине, бұл да сатирик жазушының ажырамас асыл қасиеттерінің бірі екендігін айту абзал.
Ілияс Жансүгіровтің бүгінгі күні жарыққа шығып, газет бетін көрген сатиралық шығармалары елуге жуық. Сол жазғандардың біразы ең алғаш 1933 жылы Семей қаласында баспадан шыққан очерктер мен әңгімелер жинағына топтастырылған. Оған «Ташкендікке тарт», фельетондары «Сөз Қамысбаевқа», «Жарапазан», «Сыйға - сый, сыраға - бал», «Жарайсың, Шұлғаубауым», «Қыз көзінше неге замечание жасайсың?!», «Шалқыбай», «Құйрықты базар», «Алдандық», «Құқ», «Пұшық мұрынға кетік ыдыс», «Ура», «Жайлаубектің жауыры» және тағы басқа очерктері кірген.
1935 жылы сатиралық шығармалары басқа жанрдағы туындыларынан бөлек «Құқ» деген атпен Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасынан 123 беттік көлемде жарық көреді. Жинақта жазушының отызға тарта ең таңдаулы сатиралық туындылары шығып, қалың оқырман назарына жол тартты.
Ілияс ақталғаннан кейін 1961-1964 жылдар арасында жарық көрген бес томдық шығармалар жинағына 1963 жылы «Әңгімелері мен фельетондары» деген атпен 328 беттік көлемде кітап болып баспадан шығады. Сонымен қатар 1964 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Пьесалары мен әңгімелері» деген кітапқа оның көптеген сықақ әңгімелері мен фельетондары енгізілген.
1963 жылы Темірбек Қожакеевтің құрастыруымен шыққан «Бұл кім өзі?» жинақ кітабында Ілияс Жансүгіровтің «Сұрпақбай сұғанақ», «Қуыршақ» атты фельетондары жарық көрген.
1995 жылы Ілияс Жансүгіровтің 100 жылдық мерейтойына орай 1935 жылы шыққан «Құқ» жинағының нұсқасы қайта өңделіп, «Қайнар» баспасынан жарық көрді.
І.Жансүгіровтің сатира жанрында образдық көркем бейнеге толы шығармалары баршылық. Мәселен, 1928 жылы Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын тәмамдап келгеннен соң, жергілікті қазақ ақын-жазушыларының жазғандарының ішінен күлкі, әжуаға, мысқылға икемі бар қаламгерлердің өлеңдерін топтастырып, 1929 жылы Қызылорда қаласындағы баспадан көлемі 98 беттік жинақ шығарады. Бұл еңбегі Қазақстанда ең алғаш шыққан сатиралық 4 кітаптың бірі болып, қазақ әдебиетінің қомақтана түсуіне өзікдік бір үлес қосады.
І.Жансүргіров өзінің алғашқы сатиралық образдық көркем бейнеге толы туындыларының бірі – «Ташкендікке тарт» сықағын 1928 жылы 11 қаңтарда «Тілші» газетіне бастырған. Онда сөзі мен ісінде береке жоқ кеңестік шенеунік Шойынқұлақтың бір күндік өмірін тартысты күйде әжуалаған. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында «шаш ал десе, бас алатын» Шойынқұлақ сынды белсенділердің көп болғаны белгілі. Олардың содыры қарапайым халыққа жайсыз тип тұрғаны былай тұрсын, өздерінің күнделікті өмірдегі берекесіздігі адам айтқысыз. Кейіпкерінің жұғымсыз кейпін суреттеп, ұнамсыз іс-әрекетін алақанға салғандай ашып береді. Ондай Шойынқұлақтар өмірде аз кездеспейді, әлі де бар. Оларды ашық судың бетіне шағармай, игілікке, жақсылыққа жету екіталай. Ал солардың аз болғанын, тіпті болмағанын жазушы оны ащы да у тілімен түйреген үстіне түйрей түседі. Ол үшін ап дегенде-ақ оның сырт кейпіне тиісе жөнеледі.
«Ол шұжықтай тығыз, қазыдай қызыл күрең, қарынсау» дей келе, мінезіндегі сабырсыздықты жолай айта кетіп, оқырман алдына Шойынқұлақтың сыртқы, ішкі келбетін ашып береді. Кейіпкердің болмыс-бітімін толық үшін оқиға ішінде әйелін де қыстыра әкетеді. Әйелі де Шөкеңнің ары жақ-бері жағы. Әдеттегідей ерке, шолжаң, кердең, өз әмірін күйеуіне жүргізе алатын сөзуар, тіпті көнбей бара жатса, көз жасы дайын тұратын ерке-тотай әйел заты. Қазақтың биязы әйелдеріне тән мінезден ада. Оқырман Шөкеңнің әйелі Күлжанмен мынадай ситуацияда кез болады: Шөкең өзіне тән берекесіз әдетіне салып, жұмысқа апыл-ғұпыл жиналып, қобыраған көп қағаздарын қара қапшығына тыққыштап жатқанда, әйелі үстінен түсіп дүрсе қоя береді:
« - Қайда безіп барасың ?!
Собраниеге, правлениенің отчеты...» - деп бүгежектейді Шөкең. Ал әйелі Күлжан бейшараның бұға түскеніне сұға түсіп, дауысын екпіндете:
«Отчетың да құрысын... Сен де құры! Кет! Жоғал!...» - деп тас-талған болады.
Күйеуінің әлсіз жағын білетін қу келіншек көз жасын жалп еткізіп те үлгерді. Жаны шыққан байғұс Шөкең дегбір қашып, қоғам жұмысын, отчетын жайына қалдырып, әйелінің көңілін таба алмай дал болды. Қанша жалпақтағанымен, әйелі аптығын басар емес. Сондағы талағы тарс айырылып, ашу шақырғаны, күйеуімен бірге сауда жасау үшін базарға бірге бармауы ғана екен.
Жазушы осындай болар-болмас оқиғаларды кейіпкердің айналасына әдейі топтастырған. Өйткенй, оның қызметі осы сауда кооперативіне байланысты болып отыр. Қоғамда жаңа белең алған, халық арасында беделге ие бола алмай жүрген сауда кооперативі осы Шойынқұлақтың қолында. Оны насихаттау өмірге енгізуді іске асыру үшін басты кейіпкерге өкімет үлкен билік пен бедел, лауазым берген. Ал оның тұрпаты мынау – не үйде, не қызметте береке таппай, бос қараң-құраң күй кешуде. Мұны оның кейінгі әрекетінен аңғарамыз.
Әйеліне көп уәделерді жаудырып, әрең босап шыққан Шөкең «қызмет қайдасың?» деп кеңсесіне жүгірді. Таң атпастан тыпыршып, әуре сарсаңға түсіп, әйелінің қырын қабағына іліккен Шөкең, кеңседе сауда кооперативінің істеген жұмысы бойынша үлкен есеп бермекші. Соған дайындалып жатқан кооперативтік мүшелері құшақ-құшақ қағаздарды ары-бері тасып, әбігерге түсуде. Жиналысқа қатысқан көп жұрт аяқ астынан сұрақ қоя қалса, оған қалай жауап бермекші, оны ойлаған дұрыс. Дегенмен Шөкен қорқулы, өйтпейше көп ел алдында есеп беру оңай ма, ол аздай әйеліне «бәр сағаттан кейін келем» деген уәдесі де есімде. Асығу керек, асығу, қырсық қылғанда ел де жиналмай қойды, онысы несі екен?! Ел жиналмаса да бастау керек, әйтеуір өтсе болды емес пе, деген тоқтамға келген Шөкең, «отчетын» бастап кетеді. Есігі мен төрі тай шаптырым кең зал үйдің ішінде бес-алты кісі шашырай қонақтапты. Енді солардың алдында баяғыдан жатталып, әбден мезі болған есебін оқығандай судырата жөнеледі.
Жазушы бұл детальдарды табиғи түрде езу тартқызу үшін әдейі пайдаланған. Әр сатирик жазушының өзіндік қолтаңбасы бардай, Ілияс та сықақ әңгімесін логикалық жүйемен жеткізу үшін уытты тілімен келемеждеу мен сынап-мінеудің әдістерін де шебер пайдалана отырып, Шойынқұлақтың қызметтегі оралымсыздықтары мен сол замандағы басқару жүйесіндегі ойсыз, жетесіз істерді көрсетуге ниеттенген.
Автор есеп берушінің қай сөздерін сықақ әңгімеге арқау етуді де ұмытпайды. Сынар объектісін өткір мысқылға алу мақсатымен оның аузына төмендегі сөздерді салады:
« - Жолдастар, кооперативтің ойнайтын ролі үлкен... Кооператив социализмге баратын көпір деген Ленин жолдас. Октябрь төңкерісінің осы жылында ұлы басшыларымыздың ұлы өсиеті жарыққа шығу керек, яғни шығып та жатыр. Кооператив мүшелерінің міндеті одан да үлкен. Жалпы, шаруаға кооперативтің не екенін ұғындыруларыңыз... міндеттеріңіз... Өйткені бізде мүше аздау. Кооперативке мүше болмаған бір шаруа қалмасын!... Біз өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек... Так что, шаруа не сатса, кооператив те соны сатсын. Не алса, кооперативтен алсын. Сонымен, так сказать, саудагерлердің маңдайына соғылсын!» [49, 89 б.]- деуіне қарағанда өзі үлгі болып қолға алған кооперативті өркендетер, соның белсенді мүшесі болар деп қалғаныңызбен, Шөкеңнің жиналыста сөйлеген «жалынды» сөздері былай шыққасын жерде қалады.
Асау әйеліне берген уәдесінде тұра алмай, көп кешіккен Шөкең, өтірікті судай сыпырып ақтала бастайды: «...Жиналыста ұсталып қалдым, халық басып кетті, қырдан да көп қазақтар келіпті. Отчетный докладым болып, правлениенің алты айлық есебін бердім. Мүшелер де активно қатысты. Сауалдан сауал, сұраудан сұрау, қане жіберсінші! Қайтесің, қараңғы жұрт ұғындырғаныңды тәуір көреді. Масса шығып сөйледі. Правление жақсы істеген, алған саясаты дұрыс деп, баяндамамды удовлетворительно деп таныды... деп, ана баяндамасынан әлдеқайда ұзын бір қырын әйгілейді. Қызметтегі жүрдім-бардым, өз ісіндегі шалағайлық қаперіне шығар емес, оның бәрін жиып, әйелінің алдында кеудемсоқтық жасап, шылғи өтірікті лепірте сөйлейді.
Әйелі Күлжанға оның қасиеті бесенеден белгілі. Оның сөзін тыңдап тұрған Күлжан жоқ, тіпті құлақ салып тұрған ол жоқ, оның бар ойы – шоқша сақал күйеуін арбаға отырғызып, тезірек базарға жету. Тек кооперативтің базарына емес, оны құмартып тұрған жеке меншік базар. Елге көрсету үшін бар жақсысын киіп, көзін қылмыңдатып қыр көрсету, өзіне дерек дүниесін базардан алып қайту.
Екеуінің арбаға жайғасып, Шөкеңнің түс-тұрпатының, Күлжанның бет-бейнесінің ойнақылықпен суреттелуі – кейіпкерлердің ішкі ойларымен, іс-әрекетімен объективті жайларға, әдет-дағдыға бағындырылғаны, еріксіз күлкі шақыратын детальдар екенін жазбай танисың.
Арба демекші, Шөкеңнің арбасы да өзіне лайық. Берекесіздік тек қызмет пен үйде ғана емес, сонымен бірге көшеге шығар көлігінен де көрініп тұр: «Дөңгелегі қатқан, қажыған арба. Ыңыршақ арық ала ат. Құты қашқан көшір көшеде арба айдап келеді» - деп, болар-болмас детальдар арқылы образды аша түсуге күш салады.
« - Қане, қайда барамыз? – деді әйелі, өтірік болса да сыпайылық сақтап.
Алдымен біздің кооперативке кірелік, - дейді Шөкең батылсыздау.
Кооперативке? Сен жыннан саумысың? Ақшаны көшеге шашқың келе ме? – деп Күлжан ашу шақыра бастайды.
Есігіне келіп қалдық қой, Күліш, кіре кетелік. Соңғы уақытта келген таза нәрселер бар. Бір тамса да...», - дейді жалынышты үнмен, бағанағы жиналыста «үлгі болайық» деген сөзі есіне түсіп.
Ей, әттеген-ай! – деп қиналады, байғұс Шөкең, түсінсеңші, Күлішжан! Кооператив, оны күшейту керек. Қуаттау керек. Кооперацияны социализмге өтетін көпір деген, Ленин жолдас. Өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек. Сонымен,
А...? қайда жүр дейсің? – деп аңғартыла аңқаусыған Шөкең.
Тарт былай! Не Қашқарлыққа, не Ташкендікке! – деп Күлжан бұйрық соғады.
Жиналыста, үйде, жолда аузына тастамаған «Кооперативті» осылай құмға сіңген судай жоқ болды”[50, 36 б.].
Міне, іске икемі жоқ, баянды ойы жоқ, жігерсіз көкмылжыңның көркем жазылған бір күнгі уақиғасы, тартысты, конфликт түрінде осылай тамамдалды.
Сатиралық әңгімедегі кейіпкер Шойынқұлақ, әлбетте, өмірде кездесіп жүргендердің жиынтық бейнесі екенін әңгіме желісімен аңғаруға болады. Жазушы бұл персонажды қоғамның ортақ ісінің өркендеуіне нұқсан келтіріп жүрген төре сымақтың бейнесін жасауға ниеттенгенін көресміз.
Адам мінезіндегі, қылығындағы әлі арылып болмаған ұсқынсыздықты, сұрқиялықты әшкерелеу қашанда болмасын ақын-жазушылардың талай ғасыр жазып келе жатқан тақырыбы екені баршаға аян болса, оны қоғамдағы тартыс, конфликт арқылы көрсеткен.
Ал, жаңа қоғамда, әсіресе, кеңес өкіметінің алғашқы құрылған жылдарында оның ұстап отырған саясатын әшкерелеуге, мысқылдауға көп жағдайға творчестволық орта беттей қоймайтын. Бұл, әсіресе, 1920-30 жылдардың тұсында айқын аңғарылатын. Кеңес өкіметі құрылып, ел-жұрт келешек жаңа дүниенің болашағы, бүгінгісі мен ертеңгі күнін әлі де болса бажай алмай тұрған тұс. Билеуші топты түбірімен құртып, олардың орынына қолына қызыл ту ұстаған, жалынды ұран тастаған езілуші таптың өкілдері келуді. Қарапайым жұрт жаңа өкіметті дүрмекке ілестіріп, қошеметтеп қарсы алса да, әзірге олардан үміт артарлық жақсылық көріп отырған жоқ.
Қайсібір жиналыс, митингілерде үлкен мінбеге шығып алған шешендер жаңа өкіметтің ішкі, сыртқы саясатын қанша мадақтап, насихаттап, үгіттесе де, көп жағдайда сөз бен істің алшақтығы талай мәселеде халық арасында күмән тудыратын. Жазушы жаңа заман лебінің осы бір жайсыз процесін үнсіз қабылдай алмайды. Шындықтың бетін ашу мақсатында «Совет өкіметінің қырын қабағына ұшырармыз» деген қауіптен тайынбастан, сатираның қарымды қаламы арқылы «Мен қателескем екен» деген иронияға толы әңгімесін жазады.
Әр туындының шығар бастамасы, тарихы бар. Ілияс бұл фельетонын жайдан-жай жаза салған жоқ. Нақты фактіге, тартысқа, конфликтіге негізі болған бір оқиғаның желісіне қарап жазады. Бұл жөнінде белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайылов: «Ілиястың «Мен қателескем екем» деген фельетонының қалай жазылғандығы бізге таныс. Қожағалиевтің аударған кітабында идеялық қатерлер көп болып, сынға ұшырап, оқудан қалып қойды. Әлбетте, аудармашы да бір сынға ілінеді. Міне, Ілияс сынға алған Қожағалиевтың мүшкіл халін дәл «Шенеуніктің ажалы» атты әңгімесінде Щербаковтың аянышты халіне жеткізе шебер суреттеуі – бәрімізді де қызықтырған-ды», - дейді. Бұл жолы жазушы кеңес мекемесінде істейтін жаңа саясатты уағыздаушы қызметкерлерді нысанаға алады. Әңгімедегі персонаж – орталықтан түскен қаулы-қарарды үтір, нүктесіне дейін қарап шығып, оны қалың бұқараға дәл жеткізе білу, жаңа өкіметке адал қызмет ету, жиналыста көпшіліктің ұйғаруымен орындау болып табылады. Осы талаптардан шықпаса қоғамнан шеттелу қаупі тұр.
Сатирадаға кейіпкер қалың көпшіліктің қолындағы «бойында жаны бар» - басын қайда бұрса, сонда жүретін мал тәріздес адам бейнесінде көрінеді.
«... Менің Бухариннің кейбір оппортуншылдық, махистік қисынына сүйеніп жазып жіберген сөздерімнің қатесін жұрт қорқытып ақтара бастады. Жазғандарым өзіме де иістеніп қалған көрінеді...», - деп бастайды әңгімесін бейшара күйге түскен кейіпкер. «Партияның сүйіктісі» саналған Бухарин «көсемге» жақпай қалған екен, енді оның көзін құрту науқаны өрши жөнелді. өз уақытында ел қолдаған сөздері мен жазғандары саясатқа қырын келен тұста, кейіпкерді көпшілік еш кінәсі болмаса да жиналысқа салып, сілікпесін шығармақшы. Жүрегі суылдаған персонаж солқылдақты танытып, өз пікірі мен көзқарасына сенімсіздеу қарап, оны «иістеніп қалғанға» қияды.
Жұрт жазған сөздерін бұтын бұт, қолын қол ғып созғылап жатса, одан қалса жұмыстан қуылып масқараласа, партиядан шығарса, ертеңгі күнім не болмақшы?...
Жоқ, мұным болмас, не де болса «Суға кеткен тал қармайдыға» көшкен басты кейіпкер, қай сөзі мен ісіне тиіссе де «қатеге ұрындым» деп жанын арашалауға көшеді. «Ленинді айтсам, мәселенің мықты жері ғой, сол арқылы жаным қалар» дейді, бірақ, одан да қайыр шамалы болады. Өйткені Бухарин сынға ілікті, Ленин өмірден кеткелі бері басқа біраз көсемдер дәріптелуде, яғни саясат бағдары өзгеріске ұшыраған. Енді қайтпек?...
...Енді қатесін мойындап, «жаңа көсемдерді дәріптеп, солардың бар еңбектерін аударып, солар жөнінде жазбақ». Аяқ астынан тағы да ши шықты. Көпшіліктің ішінен «неге өйтеді, бәрін аударса, оның ішінде зиянды пікір қоғамға залалын тигізеді» деген бір пікір айтылады. Тағы да у-шу, отырғандардың ішінен бір кездейсоқ сөйлеп шыққан адамның сөзі қолдауға ие болып, кейіпкерге тағы да дүрсе қоя берді. Бүгежектеген, әбден тер басқан кейіпкер, тағы да қатесін мойындап, көпшіліктің айтқан еңбектерін аударуға уәде береді.
Жиналыстың жуан ортасынан біреу тұрып: Бұл кісі «сендердің айтқандарыңды ғана аударамын» дейді. Егер де олай болатын болса, бұл кісінің өз басы, өз большевиктігі қайда? Кісінің айтқанын ғана қыла беруді не деуге болады, - дейді.
Иә, иә... Мұны не деуге болады? – деп көпшілік тағы да шу ете түседі.
Сөйтіп, «қолдағы қуыршақты» ары созғылап, бері созғылап, жүрегі құрғырын зуылдатып, өне бойын ауырлатып, көзін қарауытып, дені дұрыс адамды он шақты рет «қателестіріп» дегендеріне жеткізіп, төмендегі сөзді айтқызуға мәжбүр еткізеді:
« - Жолдастар, - дейді кейіпкер сүйретіліп, мен тағы қателескем екем. Қателесумен қатар қатемді мойныма аламын. Мойныма алумен қабат, қатемен қарсы күресемін. Қатені істеумен қабат, қателеспеуге большевикше қырағы боламын. Өзімнің қателеспеуіммен қабат, өзгелердің де қателеспеуіне большевиктік қырағылық істеймін... дедім де, тағы қай жерден біреу тұра келер екен деп, көпшілікке бажырайып қалыппын»[51, 67 б.] - дейді қоғам індетіне шалдыққан кейіпкер.
Сөздері тұнып тұрған тартыс пен конфликт, ирония. Оны түсінген көпшілік жоқ. «Енді жөнге келдің, болашақта көптің дегеніне жүріп, сойылын соғар адал құлы боласың» деген тоқтамға келген жұрт, оны жайына қалдырып, одан да маңызды мәселелерге көшеді.
Алайда, осы жоғарыдағы тақырыпты қозғау, яғни кеңес қызметкерлерінің ебедейсіз қылықтары мен берекесіздігін мерзімді баспа беттерінде сынау – бұл тұста даулы мәселенің бірі болып саналатын. Совет әдебиетінің атасы болып есептелген Максим Горький елімізде орынсыз сынаудың көбейіп кеткендігіне, сыртқы дұшпандарымыздың оған қуанытындығына, ортақ ісімізге нұқсан келетіндігіне алаңдатушалық білдірген болатын.
«...Газет беттерінде шектен тыс адам бойындағы әлсіздіктер мен тұрмыстық кінәраттарды жазу әдебиетшілер мен тілшілер арасында белең алып барады»[52, 46 б.]деп есептеп, ақырында белді қаламгерлерге шүйліккен сәттер де болғанын айту қажет. Сол тұста өмір сүрген қаламгерлер Мәскеуге көз тігіп, орталықтың нұсқау, қаулыларына қарай ыңғайлану тенденциясы күшті болғандығы туралы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Өнер, мәдениет, әдебиет, жалпы творчестволық саладағы адамдардың мейлінше еркін, кең тынысты туындылар шығаруларына қабілет, дарындары жететінімен де белгілі бір шектеуден аса алмайтын күйге түскенін байқаймыз. Уақыт оза бұл талап күшее түскені белгілі.
Ілияс қалам жебеген дәуіріндегі идеология сатирик қаламгерлерден нені талап етті деген ойға ойыссақ, ғалым кеңес сатирасының теоретигі И.Эвентов «Лирика және сатира» деген еңбегінде: «Эстетикалық көзқарасты революциялық демократтардың ізімен жүре отырып, кәдімгі өмірде болып жатқан қарама-қайшылықты, таңғажайыпты комикалық жайларды тек жан-жақты, әр нәрсенің ішкі иірімдері мен көлеңкелі жақтарын дұрыс түсінген суреткер ғана жаза алады» [53, 91 б.] деген принцип белең алғанын баяндайды.
Ілияс Жансүгіров сол дәуір мен сол жүйеде өмір сүріп, қалам тербесе, бұл принципке мойын бұрмауы мүмкін емес. Бұл теория жазушының шығармашылық талабына ешбір нұқсан келтірмейді. Заман талабына сай батыл да өткір сынды суреткерлік тұрғыда жазуға дем беретіндей көрінбеген қиястығы кейін айқындала түседі. Яғни, сол кездегі суреткердің міндетіне өмірдегі, қоғамдағы болып жатқан қарама-қайшылықты дер кезінде түсініп, соны көркем әдебиеттің ролі күшті факторлары арқылы халыққа дұрыс жеткізу еді.
Ілияс бұл міндеттерді жете түсіну арқылы, өзінің табиғи дарынын, қаламының қарымдылығын, тілінің ащылығын пайдалана отырып, қалық бұқара ішіндегі іріткі салып жүргендерді, қу-сұмпайыларды, екіжүзділерді, атқамінер қыдырымпаздарды, жезөкше қаңғыбастарды, елді алдап-сулап жүргендерді аяусыз әшкерелейді, мысқылдайды, әжуа-мазақ етеді.
Әйел қауымы өмірде үлкен маңызды іс атқаратындағы, оларсыз тіршіліктің мәнсіз екені түсінікті жайт. Олардың ішіндегі көңілге кірбің түсіріп жүргендері де жоқ емес. Жазушы бұл поэзияны «Қуыршақ» атты фельетон арқылы мейлінше ашып көрсетеді. Бұл фельетон 1929 жылы жазылған. Жазушы Оңтүстік Қазақстанда болған бір жайсыз оқиғаны негізге алып, әңгімеге арқау етеді.
Ғасырдан ғасырға созылып жатқан қыз үшін қалың мал алу қазақ ішінде сол кезде сүйек пен қанға сіңген әдет еді. Ал бұл әдетті жою мүмкін емес. Сол тұста өкіметтің бұған қарсы қаулысы да шығады. Бірақ оның заңына қанша қайшы болса да, «ауру қалса да әдет қалмайдының» кері тиеді.
Жазушы әйелдердің қадір-қасиетіне тоқтала отырып, олардың әрқайсысына нақты мысалдар арқылы лайықты баға береді. Солардың ішіндегі қаламгердің реніш білдіретін бір тобына осы «Қуыршақ» фельетоны, өзі айтпақшы, «бостандықтың да, мәдениеттің де не екенін ажыратпай, дабырға ұшып жүрген санасыз, шалағай, шолақ етек әйелдер» жатады. Оны әңгіменің басында–ақ білдіреді. «Аяғы, қолы бар. Аузы, мұрны бар. Белі буулы, жеңі сұғулы, төсегі салулы. Ішеді, жейді. Қолдан жасамайды, қатыннан туады. Базарда сатпайды, қазақта сатады. Сақалды балалар ойнайды. Бірінен-бірі алады. Берсе, кетеді, алса, келеді. Тіл болмайды, үн болмайды»[54, 46 б.] - деп жеңіл әзілге бұрып, түйін түйеді.
Фельетонның келесі жолдары Шымкент қаласында тұратын Бабас дегеннің үйіне әкеледі. Оның Қатша деген қарындасы бой етіп отыр. Қызға көзі түскен Әбдірахым деген біреу қазақ салтындағы құда түсіп алу немесе алып қашуды мансұқ етпейді, бірден саудаға кіріседі:
« - Бабас осында тұра ма?
Қай Бабас?
Кәдімгі ағаш төресі Сәрсенов.
Осында. Бабас шығады.
Кәні, Бабас, қарындасыңа қанша сұрайсың?
Әуелі көр, қолайыңа жақса...
Көріп тұрмын. Құндақтың қолдан жасаған қуыршағындай бала екен. Тек саудасына келіссек.
Мың жарым сом пұл бер де, ал.
Жо, жолдас, ұстаған жерден ағаш та сынбайды. Өзің совет адамысың. Біледі деген қызметкер, оқыған адамның бірісің. Совет тұсындағы қыздың арзандағанын қалай білмейсің? Берсең, мың сом, артыққа ала алмаймын, - деп, екеуі бойжеткен қызды саудаға салады. Қызда үн жоқ, өйткені ол - өз еркі жоқ, үндемейтін қуыршақ. Сауда әрі қарай жалғасады.
“Бір ат қос! Мейлі бопты», - деп жазушы Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының байырғы диалектісін қыстыра кетеді. Әңгіме қыздың Әбдірахымға сатылғанымен, ол үшін келісілген ақшаның уақтылы қолға тимеуі салдарынан қыз ЗАГС-ке ағасының үйретуімен келісімін бермейді де үйіне қайтады. Әбдірахым дал. Ақша да жоқ, қыз да жоқ. Маңдайы тасқа соғылып, мең-зең болады. Бабасқа адам жібереді. «Тіс қаққан» Бабас алғашқы құннан бір тиын да түсірмейді. Келген адам Бабасқа «қалған 300 сомды ал, қара айғыр да сенікі, қызды бер» дейді. «Мейлі, бопты», - деп Бабас қала береді. Пұлы берілген қыз ертеңіне Әбдірахыммен кетеді. Әңгіме соңында: «Әйелді қуыршақ етуші қулар құрысын!» [54, 79 б.]деп қорытады.
Мұның бәрі де – қазіргі уақытқа дейін созылып жатқан қазақ ішіндегі адамдарды жирендірер жаман әдет-дәстүрлер, тартыстар мен конфликт. Осындай тақырыптарға сол кезеңде қазақтың маңдай алды ақын-жазушылары қалам тартқанымен, І.Жансүгіровтің осы сатиралық әңгімесіндей туындылар некен-саяқ. «Қуыршақ» әңгімесіндегі типтік кейіпкерлер өмірде болған нақты оқиға, нақты адам тағдыры. Осыны шағын ғана сюжет, іәрекет арқылы құрып, жазушы өзіндік тіл ойнақылығымен бейнелі, әрі оқушыға әсер етерлік, оның жүрегіне жол табарлық юмор, өткір мысқылмен көрсетіп береді. Бұл ретте Ілияс әрдайым тапқырлық танытып, ізденгіштігінің жемісін, шеберлік үлгісін көрсетіп отырады.
Қазақ әдебиетіндегі әйелдер тақырыбына арналған шығармалар биігіне шыққан жазушы ретінде көп жазса да, аз жазса да, өнімді еңбек сіңіргендігіне Ілиястың жоғарыдағы шығармалары дәлел болса керек. Жазушы оларды әрқайсысы әр қырынан тың образдар арқылы жаңарта, жаңғырта жаза білді. Осы шығармалар арқылы қазақ әдебиетін әйелдер тақырыбын жасауда тосын бір биік, тақырыптық жағынан байытып, жазу мәнеріне өзгеше өрнек салғанын көреміз.
Жалпы әйелдер тақырыбына Ілиястың бұдан кейінгі кездегі көркем, қысқа шығармаларында арнайы тоқталмағанымен, прозалық шығармалары ішінде «Жолдастар» романында әйелдер образдары бейнелі, шебер суреттелгендігі жиі ұшырайды. Романдағы әйелдер бейнесін жасау, олардың нанымды, көркем шығуына Ілиястың бұған дейінгі шығармалары дайындық есебінде болғандығын айқын аңғарамыз.
Жазушы-сатирик адамтану проблемеларын бірінші қатарға қояды. Адамды тани отыра, оның бойындағы жаман әдет-қылықтарды, арамдықты жойғысы келеді. Ұсақ-тұйек, «жеп қою», «алдау», «қашып кету» мәселелері ол кезде де болған. Қазір де бар. Бірақ жазушы бұл жанрда бір жымиыстан гөрі, адам ішіндегі ала-бөтен ойларды қуып шығу үшін осы әдебиеттің басымырақ жанрын қалай пайдалану керектігі жөнінде басқа жазушыларға жөн-жоба меңзейтін. Ол үшін қол қусыра отыра бермей, алға ұмтылып, ақиқатқа жеткізу керек деген ойы әр шығарманың желісінен сезіледі. Осындай кезде сатирик Үмбетбай Уайдиннің мына бір сөзі еске оралады: «Сатира қорғанысқа, сатира қулыққа көшуі тиіс емес. Сатираның жаратылысы – шабуыл. Шабуыл болғанда оның «мақсаты» адам өлтіру емес, адамды ойландыру!»
Адамды ойландыру үшін шығарманы неден бастау керек? Алдымен ақиқатқа жету қажет. Ақиқатты тіркей бермей, адамды ойландыру үшін көсілтіпжаза да білу керек. Қалай жазу керек? Бұл сұраққа Ілиястың «Жалаңаш жиылыс» сықақ әңгімесі жауап бере алады. Автор өмірдегі келіссіз құбылыстарды көрсету үшін үлкен өндіріс орнын, сауда, әкімшілік мекемесін емес, қарапайым ғана моншаны алады. Былайша моншаны объект ретінде алып, не айтуға болады десек те, осы бір тұрмыс қажетін өтейтін орында қоғамның талай ауруларына балта шабар мәселелерді қамтитын жазушының шексіз фантазиясы арқылы әңгіме желісінен айқын көруге болады.
«Жалаңаш жиылыс» - мысқыл да, мазақ та, әжуа-күлкі де бір-бірімен үндесіп астасқан, керемет сатиралық әңгімеге айналған. Тағы бір ерекшелігі - әр туындыға тән басты, қосалқы кейіпкер мұнда жоқ. Әңгімеде автор өзі айтушы, өзі кейіпкер болып, оқиғаны ширатып, ой түйіндетеді. Автор оқиғаны моншада кезекке тұрған адамдаржың көрінісінен бастап баяндайды. «Кезекке тұрған» деген сөзді аудармастан «шірет» дей салады. Күлкі үшін болса да оның тағы да бір ыңғайлылығы ұзыннан-ұзақ «кезекке тұру» деп жатқанша «шірет» деп қысқа қайырғанды жөн көреді.
Кейіпкер байқампаз, «тыз» етпе ашуланшақ, шыдамсыз, сонымен қатар тілі удай ащы, кекесінді, мысқылшыл болып келеді. Сол шіретте тұрғандардың қайсыбір кең пейіл дейсің, «арық қойдан тырысып, баз біреумен ұрсысып, баз біреумен жұлысып, теріміз тарылып, өзіміз жарылып кетердей тұрмыз» деген сөзді автор айтушының аузына салады. Жазушы бәрінің көздерін тарс бекітулі тұрған тесікке қадалтады. Ол тесікте моншаға кіретін билет сатылады. Тесік жылт етіп ашылса, шіреттегілер опыр-топыр қозғалып, сол тесікке ұмтылады.
«Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық әдет онда жоқ, Алматыда жұлқыласпасаң ақың кетеді. Боқтаса, итерсе, жұлқыласа тесікке...тесікке таман. Бұрын еш шай деспек түгіл, түсін танымай жай кісілермен өң бұзысып, сөзге келісіп, сіресіп тұрмыз», - деп автор тесікке ұмтылған нөпірдің психологиялық жай-күйін шегіне жеткізе суреттейді.
Сол кезеде ат жақты, ашаң сары кимелей ешбір кезексіз тесікке ұмтылады. Елдің дабырасына қарамастан, әлгі адам горсоветтің мүшесі деген куәлікті көрсетіп, бес адамға билет алып қайқайып шығады. Жұрт жұмған аузын аша алмайды. Әңгімедегі кейіпкер өлдім-талдым дегенде үш-төрт сағат тұрып билет алады. Енді шешінуге шіретке тұру қажет. Киімді өткізгеннен кейін тағы шірет. «Бұл не шірет, не беріп жатыр?» десе, «шылапшынға тұрмыз» дейді. Оған да тұрады. Шылапшыны қолына тиген соң, су алайын деп шүмекке барса, су ақпай қалады. Сөйтіп, ақыры тұрғандар арасынан бір белсенділеуі «тәртіп сақтаңыздар, жиылыс жасалық. Бірер пысық баяндама жасасын» деген ұсыныс жасайды. Бәрі келісіп, баяндама жасау үшін горсоветтің мүшесін іздеп, ортаға шақырады.
Моншадағы жиылысты көзге елестету, әрине, қиын. Ондай болуы мүмкін емес, бірақ автордың позициясы қалай да жиылысты моншада өткізуді тілейді.
Әрине, күлкі, әжуа десек те, тұстағы қоғам өміріне көңіл қойса, өкіметті басқаруды көпшілікке, яғни, советтерге берсе, олардың қай мәселе болсын, жиналыссыз шешпейтін режимге айналдырғанын ұмыту қиын. Тіпті, соның жұрнақтары кеңес өкіметі орнынан кеткенге дейін сақталып келген жоқ па?! Адамдардың алтын уақытын алатын еш пайдасыз, көз бояу үшін жасалған, түкке тұрғысыз ұзақ баяндамалар, түрлі партиялық есеп беру трибуналарда сөйленді емес пе. Жазушының бұл тәртіпке жаны қас. Оны айтпай ирониялық тәсіл арқылы бір сыбап алады.
Сол кезеңде жиналыстың болмайтын жері болса ше, цехта, залда, клубта, далада болсын, ал енді моншада жиналыс өткізу, тіпті, ебедейсіз-ақ. Сондықтан мұндай жиналыстар болмаса екен деп тілейді жазушы-сатирик. Сол тұстағы режим тек Ілиясты ғана толғандырмаса керек. Орыстың белді де белгілі ақыны Владимир Маяковский де өзінің «Прозаседавшиеся» атты сатиралық өлеңін осы текке тұрғысыз бос отырыс, көп сөз сөйлеу, нәтижесінде істің жылжымай ақсап тұрып қалатынына назаланып жазған.
Айтушының дегені шындыққа жанасатындай болуы үшін, Ілияс жиналыстың барлық қажетті талаптарына сай әр бөлшектерін қағыс қалдырмайды. «Жиналыс, кәдімгі жарық дүниедегі жиналыстан кем болған жоқ», - дейді айтушы. «Алқа-қотан отырып, бас алқа, бастық, хатшы сайланып, киімді кісілердей-ақ кеңеске кірістік. Горсовет мүшесі ортада тұрып ұзақ баяндама жасады. Көзі сабыннан көрінбейді. Бірінші баяндама бітіп, ендің екінші мәселеге көше бергенде шүмектен сыр етіп су ағып қоя береді. Жалаңаш қауым жыбырлай шүмектен аққан су шіретіне тұрғанда жиылыс жабылмай қала береді», - деп, жиылыс барысын баяндаған айтушы, сөзін тәмамдайды.
Автор енді моншаның жай-жапсарын айтуға көшеді. Сөз әлпетінен фельетонға ыңғайлас жолдар жиі ұшырасады. Әңгімедегі кейіпкер ойда-жоқта бір кездейсоқ жағдайға ұшыраса, бірде өмірде болатын фактілерге кездеседі. Жанды факті – фельетонға жақын компонент, ой-қиялға құрылғанымен, шындықтан алыс кете алмайтын сатираның кіші жанры. Міне, бұл әңгімеде автор жүз елу мың халқы бар қалаға сауысқан ұясындай кішкене моншаға Алматы адамдары қалай сыйсын деген үлкен проблема көтереді. Сонымен бірге моншадағы ыстық судың бірде келіп, бірде болмауы, шешінетін бөлменің суықтығы, қызыл асықтан су кешіп жүрулері, жарықтың жалп етіп сөне кетуі, ол жанғанша көп уақыт шыға алмай тоңып отыруы тілге тиек етіледі.
Осылардың бәрін де кейіпкердің аузына салып, келістіріп айтуы, көпшіліктің көңіліне ой салары һақ. Моншадан шыққанда тосқан халықтың қойдай шулап, қозыдай маңырауы – жазушының ұшқыр қиялынан туған сәтті сюжет.Тосқан халықтың ішінде біреуінің әйелі, біреуінің шешесі, біреудің жолдасы, біреудің көршісі, дейді сатирик. Оларды күтіп отырғандарына өз жақындарының моншаға кетіп ұзақ уақыт кешігуі себеп болған екен. «Бармысың?», «біреу өлтіріп кетті ме...» [55, 67 б.] деп қояды біреулер. Көп елдің іздеп келіп, «қойдай шуласып», «қозыдай маңырасуы» көңілге қонбағанымен, еріксіз күлкі шақыруы үшін де, аптасына бір рет баратын моншаның қаншама адамды әуреге түсіргенін жазушы күліп те, ашынып та айтуына тура келеді. Ілияс әңгімеге Алматының сол кездегі көшелерін де арқау етеді. «Көше тас қараңғы, - дейді сатирик, жер тайғанақ. Қай жерімнен ұрар екен деп терек көрген сайын қорқа-қорқа арықтан аулақтап, үйлерден ұстанып келе жатсам, біреудің есігіне таяп қалған екенмін. Бір әйел есікті ашып жіберіп, бір горшокты басымнан асырып сілтеп қалды. Жаным шығып кетті. Жасқана бердім. Құдай қазадан қақты. Еңкейе бергенімде анау түнгі шөлмектің ішіндегі сұйық заты моншаға түсекндей қылар еді. Көшеден қорқа, арыққа жығыла екі квартал адасып, моншадан тазаланған басым көшеде былғанып таңға жуық үйге келдім», - деп, қаланың жайсыз халін юморға толы бейнелі тілмен оқырманына жеткізеді.
«Көшелерде жарық болмаса, жер тайғақ, балшық болса, ол аздай бұзақылар көп болып, ел түнде қорқып жүрсе, горсовет қайда жүр, не қарап жүр?» - дегісі келеді сатирик. Жоғарыда горсоветтің мүшесі туралы айтқаны тегін болмаса керек. Олар жел сөзді желпілдетіп, жиі-жиі жиналыс өткізіп, халықтың басын қатырады. Ол аздай «біз халық үшін жүрген адамдармыз» деген сын оймен қызметін теріс пайдаланып, моншаға кезексіз бес адамның билетін алып кіріп кете барды. Ал істеп жатқан шаруалары, халыққа тигізіп жатқан пайдалары шамалы.
Әділетсіздік, барып тұрған әділетсіздік! Соған жаны күйген сатирик көпшілікке бар болмысты, шындықты ашып бергісі келеді. Қарапайым халық білсін істің ақ-қарасын, басшы адамдардың бірі болмаса бірі оқып, құлық қойсын, көңіл тоқтатып, дұрыс шешім тапсын деген леп сезіледі бұл әңгімеден.
Олай болса, отырмай Қазақстанның қала-даласын аралайық. Ой-қырын кезелік. Үлкен-кіші мекемені сүзейік дегенге келісіп, екеуі төрешілдікті іздейді. Біреуі «...бюрократтың, жастау болса, шашы бұйра болады, кәрілеу болса, қасқа басы болады, алтын тісі болады. Желімдеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған аяғы болады. Ол ерке қатынды базармен екі ортаға таситын мекеменің аты болады» - десе, екінші дау айтып, төрешілдікті оның ісі арқылы аңғаруға болады дейді де, бюрократтың ісіне тоқталады: «Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі ілініп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өзінің суреті ілінулі тұрады қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қара-күрең столы болады. Есігінің сыртында «докладсыз кірме» деп жазып қояды. Өзінен-өзі бөртіп кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қол астындағы жампаң жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қояды. Болмаса өзінен-өзі шала бүлініп, үстөлге артылып телефонға шатылып, шаңылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы болып кіргендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөйлеспекке бұл бір әдіс болады. Болмаса келушілерге керенау қарайды. Қабағын түйеді. Арыз алмайды. Сөйлеспейді. Айбармен, ызғармен адамды үркітеді».
Бюрократ – қай жерде болмаса бюрократ. Оларға менмендік, өзімшілдік, кеудесоқтық, көзбояушылық өз мінездеріне тән құбылыс. Бұл қасиеттер оларға жүре пайда болған. Әйтпесе анасынан «шыр» етіп туа сала бюрократ болу мүмкін бе? Бұл лауазым, шенге жету үшін «ауырдың үсті, жеңілдің астымен» өтіп, түбі дегеніне жеткесін, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы өзгеріске ұшырайды.
Бюрократтың осы бір кезеңіне сатириктің қырағы көзі түсіп, оны айқындауға бел шешеді. Әрине ондайлардың табу оңай емес. Бәрі бір қалыпты адам. Бәрі бір өзінің мойнындағы жұмысын атқарып жүрген қызметкерлер. Бәрі түйтіңдеп жазып, сызып жатқан мекеме. «Бюрократсың» деп оның етегіне жабыса алмайсың. Сонда да ондайларды «су бетіне шығару қажет» деген принципті ұстаған жазушы төренің айналасын қоршаған азды-көпті детальдарды өзіне лайықты мысқылдап бейнелейді. Мәселен, кабинетіне көсемдердің суреттерін іліп қоюы, есігінің сыртына «докладсыз кірме» деп жаздыруы келушілерге өктем де қатал бастық екенін әйгілеу, қыр көрсету сол кездегі көрініс, тіпті қазіргі кезде де өз жалғасын тауып отыр. Сондағы бюрократтың ойы – кім келсе де алдында қаймығуы керек, өйтпесе шаруасы шешілмейді, қол астындағы адамға бұйрық берсе орындауы керек. Өйткені ол кабинетіндегі іліп қойған көсемдердің нұсқау-қаулысын орындатын отырған маңызды адам.
Жазушының бұл айтып кеткен емеуріні кейінгі жолдардан айқындалады. Онда автор бюрократтың келушілерге керенау қарауы, қабағын түюі, арыз әкелмей сөйлеспеуі, айбарланып-ызғарлануымен адамды үркітуінен, жоғарыдағы бейнелеген сыңай арасындағы психологиялық параллель арқылы байланысып, бір-бірін толықтырып тартысты, конфликті жайт тудырып тұраған эпизод.
Бюрократ образы әлі көмескі. Ол жүздеген, мыңдаған адам. Олардығы бір бюрократтың бойына сыйғызу керек. Сатирик бейнелеген абстракты кейіпкердің көп қырларының басын шалғанымен, оны толық алдымызға әкелмейді. Сондықтан автор жіпті тартқандай етіп ұшына жету үшін, белгісіз серігін сөйлетуден жалықпайды. «Бұлар да емес» дейді серігі. «Ендеше», десе автор, серігі бюрократтың тағы бірер түрлеріне тоқталады. Сөйтіп, екеуінің қызғылықты, мысқылға толы әңгімелері бірталайға созылады. Негізгі объектілерін жан-жақты алу үшін, оның түрлі мінез-құлықтардың жағымсыз іс-әрекеттері қосымша сюжеттермен көмкеріледі. Мұндайда Ренессанс дәуірі әдебиетінің белді өкілі Бокаччонның «Декамеронындағы» кейіпкерлерінің бір бірімен әңгімелесіп, көп ақиқатты ашып өткендей сюжет пен форма еріксіз ойға оралады. Ілиястың осы әдеби үлгіні пайдалануы да ықтимал.
Сөйтіп, бюрократтың көптеген түрлері көз алдын киноның таспасындай бірінен кейін бірі кездесіп өте береді. Оның әр кадрі шынайы суреттелген жазушыны дәл көрсеткен мекемесінде істейтін қызметкерлердің біреуі болмаса біреуін өзін танитындай етіп көрсетеді және профилактикалық роль атқарады. «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» деген принципті ұстанады. Сол тұста, қазірдің өзінде де өкіметтің сеніп тапсырған орнында шалқып-балқып «өзім білемдікке» салынған төршілдер аз ба? Бір жапырақ қағаз? Құжат алу үшін адамдардың жүйкесін тоздырып, алтын уақытын алатын, әуре-сарсаңға түсіріп жүргендер туралы ой-пікірін күлбілтелемей ашық, өктем дөрекілікке бармай-ақ, өмір фактісіне негіздеп, тартысты, колоритті жайтпен жазады. Ол ол ма, Ілияс төрешілдікпен қалай күресу жолдарына дейін көрсетеді.
Сатириктің ойынша, бұндай пәлемен күрес алдымен өз-өзімізді сынаудан басталады. Ол үшін өзімізге сұрау қоюымыз керек. «Бұл мінез, бұл қылықтар түгел болмаса да, жұғындысы, қырындысы басында қаншасы бар екен? Жасырмашы, егер де жасырсаң? Сен сау сиыр емессің. Білем, мен де сау емеспін, жасыратын не бар?» [56, 92 б.]- дейтін деңгейге жеткізеді.
Әңгімедегі екі таласушы кейіпкер жай сөзге жүйрік, көрегн-түйгені мол адамдар. Бұлар оқиғаны, болған жайды баяндауға әбден төселген, оқырманның көкейіне қондыра, ой-пікірлерін дәлелді түрде, ұтымды да өткір жеткізе алатын сөзге шешен адамдар.
Осы тұста бір ескерер нәрсе – «Төрешілдіктің түрлері» сатиралық әңгімесі бір уақытта, бір мезетте жазыла салмағаны сезіледі. Жазушыны талайдан бері толғандырып, жазбасына амалы қалмағаны әңгіменің басталуы, дамуы, шарықтап шешілуінен айқын аңғарылады. Ондағы өмір фактілері табиғи, еш бояусыз дәл көрсетілген. Ол үшін сансыз көп бюрократтардың түріне психологиялық, әлеуметтік талдау жасап, өзінің ерекше сүйіп, көбірек жазатын тақырыбын таңдап алып, оқырманына жол тартады.
Тұтастай алғанда, Ілиястың сатирасы образды, бейнелі де көркем, ой мен тілі найзағайдай жарқылдаған ұшқыр, тартысты, конфликті болып келген.
Қарапайым халық бұқарасының ортасынан шығып, халықтың рухани мұрасын бойына жиып, Абай салған үлкен аранамен әдебиет дүниесін ашқан тұста Ілияс Жансүгіров кеңес дәуіріне кезігіп ел ішіндегі төрешілдік, парақорлық, жөнсіздік сияқты жаман әдет-қылықтарды, ауылдағы қараңғылық пен надандықтың кесірінен байлар мен дін басындағылардың зиянды әрекеттерін әшкерелеп, сынап, талай уытты өлең, очерк, әңгіме, фельетон жазды. Сол мұралары қаншама уақыт өтсе де, әлі де өзінің сырлы нақыштарын, формасын, стилін, кең тынысты актуальдығын жоғалтпай, кейінгі ұрпақ сүйсіне оқитын шығармалар болып қалып отыр. Кеңес заманында білім де, таланты жетілген уақтысында әдебиет шеберлерінің алдыңғы сапына шығып, қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңінде сатира жанры бойынша үлкен асар жол салушы. Соның негізін қалаушы болып қана қоймай, қалам шеберлерінің түп қазығы, үлгісі, атасы санатында Ілияс есімі жарқырай түспек.
Достарыңызбен бөлісу: |