Ақырғы аялдама(әңгімелер жинағы)


Бұның бəрін ойда жоқта жолығып, ойда жоқта ой салған əнеу



Pdf көрінісі
бет4/13
Дата06.02.2022
өлшемі1,1 Mb.
#79589
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
ақырғы аялдама әбіш кекілбайұлы

Бұның бəрін ойда жоқта жолығып, ойда жоқта ой салған əнеу
бір күнгі мұңсыз-қамсыз əсем күлкі, саған арнадым.
Автор.


КӨЗ ЖАСЫ
Таң əлдеқашан атқан. Тор-тор керегенің көзінен ескен тау бойының шық-
шыламды салқын лебі жылы көрпеден тұра берген Нұртайдың денесін дір
еткізді. Төсекке қайтадан тереңірек сүңгіп, тек басын ғана қылтитып,
іргеден тысқа көз салса, анасы кіп-кішкене қара тайлаққа өңмеңдеген
аруананың бауырына енді ғана барыпты.
Жастықтың ірге жақ астына қолын жүгіртіп еді – бар екен. Аузы бүрмелі
алабажақ шыт қалтаның іші толы асық, сықыр-сықыр етеді. Оларға бəкінің
сынығы да, шөп машинасының бұрандасы да араласып жүр. Е, міне,
бұзылған қалта шамының сұлбасының қасында бірдеңе шытырлайды, Ол –
ақша. Оны кеше Əбен ағай берген.
...Колхоз кеңсесінің алдындағы шикі кірпіш бұжыр шарбаққа балалар
жасырынбақ ойнайтын. Кеңседегілер улап-шулап жүрген балаларды
«аулаққа ойнаңдар» деп қуып жібереді. Тек Əбен ағай ғана терезеден
қаламымен тық-тық еткізіп қағатын да, басын шайқап, күлімсіреп қоятын.
Онысына көңіл аудармасаң да болады. Өйткені ол кісі ерінбей-жалықпай
сыртқа шығып, асыр сап жүрген қара сирақтарды үркітуге самарқау.
Балалар ойынды бастамас бұрын кеңседе кім барын қарап алады. Егер
Əбеннен бөгде ешкім болмаса, алаңсыз бастай береді. Кеше Нұртай
кеңсенің есігінің саңлауынан сығалап еді, Əбен көріп қалды.
— Бері кел, Нұртай!
Нұртай қаша жөнелмек болды да, Əбеннің бетінде зіл жоқ екенін көріп,
жақындады.
—Нұртайжан жақсы ғой. Анау шидің ішінде жайылып жүрген бурыл атты
əкеле қойшы. Сенекте жүген жатқан. Нұртай атын əкеліп берді.
—Сен биыл нешеге шықтың?
—Жетіге.
—Мектепке барасың екен ғой!


—Барам.
—Мə, кітап аларсың...
Ақша берер деген дəме ойына да кіріп шықпаған бала асау аттың қыл
тізгіні қызартып тастаған алақанында жатқан олжасын сүйсіне қысып-
қысып қойды. Əбеннің жүзіне қараған жоқ. Қараса, оның елжіреген мейірлі
қос жанарын көрер еді... 
Нұртай апасы тіккен көк бешпентін киді. Төс қалтасына ақшасын салды.
Табалдырықтың алдына барып, дəу қара құманды мықшыңдай көтеріп,
беті-қолын жуа бастады. Түйе сауып болған Ажар үйге кірді. Баласы
асығулы. Мөлтектете тұщы айран құйылған сырлы зеренді шала-шарпы
сүрткен дымқыл қолдарымен қапсыра көтеріп, аптығып жұтып жатыр.
Лықылдаған қою айраннан тамағы дүрс-дүрс етеді. 
Ажар сандығын ашып, бір түйіншек алып, баласына ақша тастады.
Нұртай ақшам бар дей жаздап, аузын жұма қойды. Шешесінің бергенін де
төс қалтасына сала сап, есікке беттеді. 
... Ауылдың желке тұсындағы əгін жауын шайып тастаған шабдар үйдің
қасы қаптаған бала қолтығы толы кітап, Нұртай дүкеннен шыға бергенде
Досан ұшыраса кетті. 
— Бар... бар, Нұртай! Əне жерде Сəбит кітабыңа атыңды жазып береді.
Балалар жаздырып алып жатыр. 
Сəбит – коймашы ақсақ Салықтың баласы. Əкесі тапқан-таянғанына осы
дүкеннің ішінде тұрып арақ ішеді. Баласына ештеңе сатып алып берген
емес. Бірақ тентек Сəбит ауылға келген жаңа ойыншықтан құр қалып
көрген жоқ. Анада жаңағы Досанның ойыншық мылтығын итіңе тіл
үйретіп беремін деп, алдап алған. Қазір де бірдеңе деп лаң шығаруы
мүмкін. Зыту керек. Бірақ дүкеннің қасындағы сынық арбаның маңында
Сəбитті қаумаласқан балалар көріп қалды.
— Əй, Нұртай! Қайда барасың, бері кел.
— Кітабыңа жаздыртпайсың ба?
Сəбит қарақожалақ аяғын салбыратып, арбаның үстіне жаңғыз


жайғасыпты. Сия қарындашын қайта-қайта жалаған ауыз айғыз-айғыз. 
— Кел, жазып берейін. 
Нұртай қипаңдап, қолындағысын Сəбитке ұстата берді. Ол кетік тісінің
арасынан көкпеңбек тілін бір сумаң еткізді де:
— Не деп жазайын?– деді.
— Нұртай деп жаз.
— Əкеңнің аты кім?
— Жанқожа.
Сəбиттің көзі ежірейе қалды.
— Айтқан екенсің... Осы ауыл түгел біледі. Сен Жанқожа өлген соң
туыпсын.
— Бер кітабымды.
— Шын əкеңнің атын айт бұлтақтамай.
Сəбит кітаптың бəрін астына тықты да, дүрдие қарап, қомдана отырды.
Енді дауласса, тұра ұмтылар түрі бар. Өзінен төрт-бес жас үлкен балаға
Нұртайдың жүрегі дауаламады. Жалт бұрылып, үйіне қарай жүгіре
жөнелді. Балалар қыран-топан күліп, ысқырып, шулап жатыр. Ол қазір
барып апасына айтады. Апасы Сəбиттің əкесіне айтады, ол баласын қызыл
жоса қылып, ауыл айналдыра сабайды. Сосын бəлем... 
Есіктен ентіге енген баласына Ажар аңыра қарады.
— Апа-ау, ана Сəбит бар ғой, əкем Жанқожа десем, шын əкеңнің атын айт
деп кітабымды бермей қойды. 
Анасы отырған орнынан тырп ете алмай қалды. Басын жуып отыр екен.
Қып қызыл жүзін ұлынан төгілген қою қара шашы ғана жасырып тұрды. 
Өмір деген кексе қу. Оның сыры мен сиқырына түсіну ешкімнің қолынан
келе қоймас. Түсінбек түгіл, оның алдында нəресте сияқтысың. Тəттіні


үсті-үстіне асатады да, кенет ап-ащы бірдеңені аузыңа тоса қояды. 
Мына отырған Ажар бұл күйге ұшырармын деп ойлап па еді. Бір күні
кешке оралса момын əкесі шолжаңдай енген ерке қызынан қысылып,
қызарып кетті. Жатарда əкесі түзге шығып кеткенде, шешесі бүгін біреу сөз
салып келгенін құлақ қағыс қылды. Артынан апта өтпей-ақ қалыңдығының
жауабын естуге Жанқожаның өзі келді. Қырдың қара қоңыр өндір жігіті
сымбатты-ақ. Əттең, момын ба қалай өзі? Əлде қыз алдындағы ибалығы ма
екен? Сөйлескеннен бері қыз жузіне туралап бір қараған жоқ, жанарымен
жер шұқып отыр.
Ерке қыздардың сыры сан-алуан. Біреулерінің өзімен тайталаса кететін
пысықтарға көңілі ауса, енді біреуі айтқанына жүретін момындарды
ұнатады, Өйткені еркелердің көбі өздері де біреуді еркелетуге құмар-ақ.
Қызының құпиясына ынтыққан анасы майпаздай бастап еді, тік мінез
бой жеткен турасына кетті. Шешесінің төсіне басын тыға қойды да:
— Апажан-ау, құда жіберем дейді өзі,– деп сыбырлады. Жаңа түскен
келіншегін қимаған жас жігіт біресе пішен деп, біресе қора сал деп
қуғыштай берген колхоз басшыларын ұнатпай жүрді. Шетке кетсе,
түнделетіп болса да жететін. Бір күні майданға шақырған қағаз келді. Əуелі
жас келіншектің ынтық көңілін сонау құлақ естіп, көз көрмеген күн батыс
жақтың бір жерлеріне жетелеген хаттар келіп тұрды. Көрші ауылдан почта
таситын күрең сақалды Омар шал жирен атын белдеуге байлап, осы үйге де
кіре кететін.
— Келінжан, сүйінші. Жанқожа бала не хабар айтыпты. Кəне, оқып жібер.
Ол жақтағы ел азаматтары аман ба екен?– дейтін.
Сонда майдан өртінен күйік шалмай аман-есен жеткен үш бұрышты хат
келіншектің лүпілдеп соққан асау жүрегін əлдеқандай ғажап шоқтың
қызуына ұстап балқытып жіберетін. Əншейінде тілге шорқақ жігіт
қысылтаяң күндерде шешен боп кетіпті. Күйеуінің жастықтың қызығы мол
сыйластығына құрылған хатын оқып шыққан соң, шалдың сауалына не деп
жауап беретінін білмей, қысылатын да:
— Ол жақтағы азаматтар аман көрінеді, – дей салатын. Бірде ай бойы салт
кетіп, қора салысып келсе, Жанқожадан хат тиылып қалыпты. Үш жыл
бойы толастап көрмеген хаты, қанша тосса да, келмей қойды. Ақыры бір


кеште, ауылдың екі-үш шалы сау ете түсті. Еркегі жоқ үйге көп қыдыра
бермейтін шалдардың мұнысынан Ажардың көңілінде үрей оянды. Ұзақ
мақамдап сөйлеген ақсақалдар сөзі сол үрейді шын қып шықты. Жанқожа
қаза тауыпты. 
Қайғының батпан жүгі оны есеңгіретіп кетті. Үш күн бойы сыртқа
шыққан жоқ. Ауылдағы екі көзі мұң боп жүрген өзге əйелдер де онымен
қоса зарлады. Көбінің есіне түзде жүрген ерлері түсті. Біразы күйеулерінің
жаманаттарын Ажардан бұрын естіген. Əйелдердің шерлі үні тəпелтек үйді
үш күн бойы дірілдетіп тұрды.
Жылап-жылап алған соң, олар да бірін-бірі жұбатып, жасы үлкендеу
жағы тықылдап ақыл айта жөнеледі.
— Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, қарағым. Тұр, есіңді жина. Тəңіріңнен
көрерсің де. Кім тіледі дейсің бұл күнді. 
Ажар бес-алты күннен кейін жұмысқа шықты. Бірақ бұрынғыдай емес.
Айыр ұстаса, абдырап сала береді. Сүлбесін сүйретіп жүргенмен сүйек-
сүйегінің бəрі кеміріліп, жерге сіңіп бара жатқандай.
Жесір келіншек кешке үйіне келсе, таңды атыра алмайды. Үи-ішінің əр
заты күйеуін есіне түсіреді, ана оң жақта жиюлы тұрған оның құда түсе
барғандағы ер тұрманы, анау сонда киіп барған түйе жүн шекпені. Ең аяғы
шəй ішсе де, күйеуіне құратын шыны-аяғы көзіне оттай басылады. Тіпті
түнде жатқанда төсіне түскен көрпенің салмағынан да күйеуін есіне
алатын.
Айналасы айдаладай аңылжып тұр. Тек терезе жақтан биыл қыс
ортасында лақтаған үйдің күн бетіндегі шошалада тұрған кер ешкінің
лағына мекірене иіп күйсегені ғана естіледі. Ажар сол ешкіге де қызығады.
Оның бұндай емес бауыры бүтін, қойны жылы, төлі бар. Мезгілсіз туып,
қыс кəріне шалдыққанмен жас лақ күннен күнге тыңайып келеді. Қар
ішінде отыққан кер лақ қазір енесіне қойған шөптің шетінен қажай
бастады. Күнде ертеңгілік жем апаратын Ажарға да селтеңдеп, еркелік
көрсетеді. Лақтың ойыны да оның көкірегіне кермек қайғының тағы бір
тамшысын тамызып кететін. Онық үйінен сабан шошала да қызықты.
Бұнда да бақыттың лебі бар.
Ол – мына кер лақ. Ажар тым болмаса Жанқожадан бөбек қалмады-ау


деп налитын. Онда мынау опырайған жалғыздықтың сұп-сұр ызғары
осыншама ширықпас еді-ау.
Кісі қызық қой. Қайғы екеш қайғыға да үйреніседі. Əуелі төпеп-жаншып
келген қайғыдан қашып құтыла алмайды. О да оспадар мейман сияқты, бір
енсе шықпай қояды. Жақтырмай əрі жүресің, бері жүресің. Ақыры етің
үйренеді. Ажар да сүйтті. Ай өткесін-ақ, су тисе ширай түсетін берік
шұғадай тыңая түсті. Сырты бекем болғанмен, мықты жартасқа да
сақылдаған сары аяздан шатынап жарық түспеуші ме еді. Оның да жүрегін
кешегі жаманат хабар тілгілеп кеткен. Сол жүрек сызатының жарықшағы
байсалды көздерге берік ұялапты. Бұрынғы жайран мінез, бұрынғы ерке
қылық жоқ. Күні кеше қызығып қарайтын нəрселеріне қазір самарқау көз
салады, кеше сəл нəрсеге таң қалатын болса, қазір сəл нəрседен бір сыр
аңғарады.
Оның ең алдымен аңғарғаны – жесірдің соңынан ерер сөз көп. Бірден
бекем болмасаң, кейін аш тазыдай соныңнан қалмай қойған қаңқудан
құтыла алмайсың. Жесірге жұрт күдіктенгіш те... Жанқожаның жаманат
хабары келген соң жарты жылдан кейін Ажар ферма бастығы болды. Бұ да
ел арасына бір өсекті дүр еткізді.
— Əкімдер күйеуі жоқ келіншекті қолпаштай бастады,– дейтін болды ел.
Халықтың бұнысы қаңқу болғанмен, шындықтың тірсегінен іліп-шалып
қалатын жерлері де жоқ емес-ті. Азалы келіншектің күйеуінің өлімін
естіген күні алыстаған сайың оған дəмелілер жақындай түсті. Қызыл құмар
қырма сақалдардың қырындағаны, кейбір ер жүректерінің турадан-тура
қолқалайтындары да ұшыраса бастады. Бірақ, адамдардың жас арасы
алшақ болса, сөздері де көп қиюласа бермейді ғой. Бір қайырсаң енді
қайтып беттей алмайды. Ажар бұны да біліп алды.
Ал жастар олай емес сияқты. Өрекпіген өр емеурінді қанша қайырып
бақсаң да, бір жасып қап, тағы алаулай жөнелетін жаңа жанған жалындай,
қайта емекси береді екен. Мықты болсаң өзіңді қайта-қайта қаумалаған
алаудан аман-сау құтылып көр. 
Оның көршісі Жамал деген кемпір-ді. Абайламай жел жағынан тап
болсаң, шағып-шағып алатын шадыр тілі болғанмен көрші қолаңға елдігі
мол. Əсіресе, Ажарға-ақ қамқор. Түзден оралса, шаршап келеді-ау, тоңып
келеді-ау деп қамын ойлап отыратын да сол. Өзін жоқтатпай үй-ішін де тап-


тұйнақтай қып қояды. Жаңғыз басты Ажарды оқшау тастамайды. Екі үйдің
дастарқаны да бір. Жамалдың күйеуінің жаманаты соғыстың екінші
жылында-ақ келген. Ол Жамалды да мұқалтты. Бірақ, оның Ажардай емес,
көңілінің медеті барды. Ол – жаңғыз баласы. Елдің бас көтергендері кеткен
соң, колхоздың есеп-қисабы соның мойнында. Өзі шешесінен бетер
меймандос. Ажар да ашық мінезді Əбенге үйірсек боп алды. Оның үстіне
олар Жанқожаның бес-алты атадан келетін жамағайыны. Содан Əбен де
жеңге деп, Ажардан көп ыға бермейтін. Екеуі біріне-бірі ерке. Оған Жамал
да мəз-мəйрам. Бастары қосылса айтыса көтетін екі жастың дауылдаған
əңгімесі үшеуін де желпіндіріп тастайтын. Осы үйірсектік... Иə, бəрі де осы
үйірсектіктен. 
Бұл соғыстан кейінгі жылдың қысы еді. Дəлудің еліріп тұрған кезі.
Шаруашылық та қоңылтақсып, Əбендер қыстау аралап кеткен. Үйге суық
тиіп, науқастанып оралды. Жамал көрші колхоздағы сіңлісіне кетіп, əлі
қайтпаған. Ауру Əбен Ажардың үйінде. Əдепкі кезінде қорқытқан науқас
бірте-бірте жылы шырай байқата бастады. Талай күн Əбенді күтіп,
діңкелеп жүрген Ажар бүгін бірінші рет алаңсыз ұйықтап кетті.
Кенет маңдайын əлдене сипап өткендей болды. Басын көтерсе – Əбен. 
— Саған не болған, шырақ. 
Жігіт тіл қата алмады. Келіншек көрпесін жоғары ысырып жамылды.
— Ту, өзің тентек екенсің ғой. Қап, бəлем, келгесін апаңа айтпасам ба
осыдан. 
Қари айтылмаса да өкпе аралас келіншек назы жігіттің бетінен от
шығарды. Ертесіне күні бойы шəйға келген жоқ. Кешке жақын Жамал да
келді. Əбден қызарақтап үйге кіргенде екі əйел шəй ішіп отыр еді. Жігіттің
абдыраған жүзін көріп Ажар күлімсіреді де қойды.
...Бетіне құмырысқа жорғаласа да із түсетін ұп-ұлпа май топырақ болады-
ау. Əйелдің жаны да тап сондай. Оған айтылған наз, салған қолқаның
ешбірі із-түссіз қалмайды. 
Əбеннің əнеугісінен кейін Ажар оны талай рет есіне алды. Ересектердің
бірі сөз салса, кеудесіне ит кіріп шыққандай болар еді. Ал Əбенге... Бала
жігіттің батылсыз қылығы есіне түскенде өзінен өзі күлімсірейді. Бұған ол


қызық сияқты. Əйел көзі түлкі қаққан қаршығадай сақ емес пе: оның үстіне
Əбен де құпия түйе алмаған уыз жас қой. Сырын оңай ашып алды. Анадағы
түннен кейін ари бастады. Қара торы жүзі қуаңданып, ат жағы ояң тартты.
Əсіресе, көзіне шытырлаған қатыгез ашу мен елжіреген жұмсақ мұң қабат
жайғасыпты. Ажарға тіл қата алмай жүрді. Жігіт жанының жанталасын
сезген əйел көп қымсынта бергісі келмеді. Өзі сөз бастап, əңгімелерін қайта
түзеді. Шаруа бабымен күнде кезігіп тұратын. Əбеннің де енді арқасы кеңи
бастады. Кеңсеге Ажар енсе-ақ қызараңдауды қойды. Бірақ келіншекке
кеудесіне тығып келген сырын аша алмады. Ол бейне бір ұрлық заттай
жүректің қасында ұзақ тығулы жатты.
Ажарға керегі де сол еді. Бала жігіттің дəмесін біліп болған-ды. Бірақ,
қатты кетіп, тауын шағуға аяйтын. Ол жігіт сезімін тентек өзеннің аптықпа
толқыны санап, əрі-бері шапшып-шапшып көрер де, жуасып арнасымен аға
берер деп, жар қабақтан асырмауға тырысты. Бірақ, жігіт жүрегі олай емес-
ті. Келіншектің жазғытұрымның шуағындай жылы жүзі үміт арнасына
қатқан күдік мұзын бірте-бірте еріте түсті де, ақыры тасытты. Жастықтың
риясыз сезімі бір күнде сең жүріп, шалқып шыға келетін көктемгі сел ғой.
Бір тасыса, тосқауыл қоюың қиын. 
Əбен қайта өрши бастады. Келіншектің кешірімі оны батылдандырып
жіберді. Бұрынғыдай қысылып-қымтырыла бермейді – тегеурінді. Балаша
жасқармын деген əйел дəмесіне болар емес. Соңынан қалмай қойған
бозбала келіншектің көз алдында күннен күнге есейіп барады. Бұрынғыдай
анау-мынау майда сөзбен-ақ тосармын десең, қарсыласады. Тіпті
ашуланады, өкпелейді. Жүзі де қатқылдана түскен бе қалай? Балапанның
мамығындай түлек мұртының да арасы жиілеп, қарауытып қапты. Көзі де
шоқтанып алған. Жоқ, Əбен ержетіп барады. Енді Ажар оған бұрынғыдай
бой көрсете алар емес.
Бір күні колхоз есебімен екеуі де кеңседе ұзақ отырып қалды. Көбіне кеп
үйде отыруға жалғызсырап, қастарына келіп, уақыт өткізетін Жəмила əрі
отырды, бері отырды. Ұйқы қысқан соң, о да кетті. Оңаша кеңсенің
ішіндегі бір қалыпты шот тырсылының өзі адамды маужыратып, көзіне
ұйқы үйіреді екен. Ажардың қағаз жазып отырған қаламы сылық түсіп
кетті де, орындық арқалығына шалқая берді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта
бірдеме темір құрсаудай сығып барады. Көзін ашып үлгергенше-ақ ерніне
əлдене қадала түсті. Жіберер емес. Алабұрта шыққан тыныстың елжіреп
ери жөнелген сезімге ілесе алмай алқынғаны ғана құлағына келді.


Əбен зорға босаттты. Босатты да теріс қараған күйі сұлқ тұрып қалды.
Келіншек те не істерін білмей, желкесіне ысырылған орамалын түзеумен
болды.
Алакүңгірт қабырғалар ештеңені көрмеген-білмегенсіп сазарған күйі
тұр. Тек «əй, осы сендер не істедіңдер, əй?»– дегендей пілте шам ғана
жыпылық-жыпылық етеді.
Бұдан кейін Ажардан ерік біржолата кеткен сияқты. Енді Əбеннен
жасқана береді. Қайтып оған оңаша ұшыраспауға тырысты. Бұрынғы берік
қамалдай əйел еркі қазір ұялшақ арға ықтасын болуға да жарамай қалды.
Осы бір əрі-сəрі күйде тағы бір қыс өтті.
Көктем шыққан соң келіншекті басқарма Əбенмен бірге мал санап
қайтуға жұмсады. Үш күн бойы отардан отар қоймай аралап шыққан ол
екеуі ауылға қайтып еді. Жүріс өтіп кеткен аттар аяғы болбырап,
кегежектей берді. «Ат шалдырып алмасақ болмас»,– деді Əбен. Ажар
үндеген жоқ. Аттарынан түсті. Көктемнің əлдеқашан шығып кеткен шағы.
Бұл өңірдің жазғытұрымының өзінде де үйдек-түйдек шуда бұлттар көк
жүзін босатпайтын. Қазір о да сейіліпті. Кең дала керіле бусанып жатыр.
Қарынан айыққан Қаратау шоқылары да ен жазықтың қақ ортасынан
анадайдан аңдап-аңдап тұр. Төңірек кеше ғана иығын басып жатқан
қатыгез қысты ұмытып кеткендей. Анау дөңдер де биылғы ауыр қыстың
салмағынан құтылып, сілкініп қапты. Жылға-жылға да түлеп сала берген.
Біразға дейін дымқыл жатқан топырақтың да беті кеуіпті. Жып-жылы.
Аттар тұсаған бойда жерге бас қойды. Балғын шөпті ұйпап жатыр.
Бауыр-бауырда жалбыраған қыр жалбызы. Күн шуағының да мол
төгілген кезі ғой. Осы кезде құлпырып кететін қырдың қызғалдақ,
сарғалдағының бəрі самсап шыға келген. Шіркін, көктем-ай! Мынау кең
алқапқа қыстың сызын əп-сəтте-ақ ұмыттырыпты-ау. Қапталдағы
қоңырлықта үйір-үйір жылқы жүр. Қыр көдесін құныға опқан енелерінің
бауырына басын тығып, құлыншақтар селтеңдейді. Кең жазықтың қақ
ортасындағы айнала тұрқы кеп-келтек найза төбені орағыта шалқыған ақ
тақыр қазір шалқар көл. Суға бас қойған аттарды үркітіп, о жер-бұ жерден
дүркірей құс ұшады. Тақырдың арғы бетінде көшіп бара жатқан ауылдың
жол-жөнекей жаппалары қараңдайды. Жаққан оттың түтіні шығады. Əне
бір шеткі күркеден бір бала атына мініп, көлге беттеді. Қайран қыр-ай,


қуанышпен тағы қауышыпсың-ау! Құмдақ төбенің бауырында отырған
Ажар орнынан тұрды да, кішкене жүлгеге келді. Жүлгеде көктемде қар
ерігенде азды-кемді күн ағып, ұзамай кеуіп қалатын мөлдір бұлақ сылдыр
қағады. Ол мұздай суға беті-қолын жуды да, жиекке отыра кетті. Бұл жер
оңашарақ. Айдын тақыр да, ауыл да тасада қалды. Мына бір жап-жарқын
күн көкірегіндегі мұңды оятып жіберді ме, көз шарасы мөлдіреп қоя берді. 
Қамкөңілді келіншектің онысын айнала аңдаған жоқ. Кішкене бұлақ сол
күлкісімен сылдырайды. Бауырайдың балауса шөбі де сол бей-жай күйінде.
Көктегі күннің көзі келіншек жүзіне ерке нұр шашады. Ол кеудесінде əн
түлегендей ақырын ыңырси бастады. Онысы əуелі шерлі жанның көйгейіне
ұсаңқырап барып, бірте-бірте ширап, назды əуенге айналды. Көзден
жылжыған жас іркіліп еріндері ойда жоқта құйқылжыған көңіл дауылының
ішінен бір құпия сыр аулап қапты.
Осы əнді бұрын біреудің аузынан естіді ме, əлде өз көкірегіндегі
шымырлаған мұңның тұнбасы ма, есінде жоқ. Келіншектің көңілдіндегі
көлеңкенің сыртқа шыққан салқын лебіндей ақырын ыңыл кішкене
жүлгеннің бойынан шығып, керілген даланы кезе жөнелуге шақ тұр. Ерінің
өлгенін естігелі төрт жылға айналып барады. Сол жылдардың ішінде ол
мұның есінен кеткен жоқ. Талай рет лүпілдеген жүрегін қайғының тұзды
суына малып-малып алды. 
Бірақ бүгінгі төңіректің көркіне елти отырып, көкірегін жарып шыққан
мына бір мұңы өзгешерек сияқты. Одан да мына кішкене бұлақтың
мұздайлығындай салқын леп сезіледі. Бірақ, бүгінгі мұңында сол бұлақтың
сылқылы, жас майсаның сыбдыры да бар сияқты. Иықтан басқан темір
шоқпардай езілткен мұң емес, əлдеқайда ұша жөнелгелі тұрған балапан
қанатының майда суылындай елегізген мұң.
Келіншектің есіне тағы да күйеуі, онымен бірге өткізген сонау бір
қызықты күндері түскен болар. Сол күндердің тəттілігіне тамсанған болар.
Сол күндердің бүгінгі көктем шуағындай сəулесін аңсаған шығар. Немесе,
аспандағы күнге қарап, сол бір аяулы жарының өзіне əлі де сол күндей
ыстық екенің бірақ сол күн көзіндей алыста, қол жетпес шалғайда екенін
ойлаған шығар. Оны кім біліпті.
Кенет ақтарыла салған бір-екі ауыз өлең сөзі бітсе де келіншек əлі
ыңырсып отыр. Оның көкжиекке елжірей, қадала қалған мойыл көзінен


нені оқи аларсың? Ол көздер мынау қыстан кейін қайта құлпырған қырдай
мен де қайта түлесем дей ме? Əлде анау алыстағы тау шоқыларындай
бұлдыр сағымның ортасында қарайып қала берсем дей ме? Онысын да кім
ұғыпты? Əйтеуір тау қойнауларында жиі кезігетін аузына дейін шүмпілдеп
тұратын түбі терең құдықтардай мөлдірейді.
Кенет ол жүлге жиегіне көлбей жантайды да, қолының астындағы мап-
майса көк шепті алақанымен еркелете сипады. Сол күйінде көк жүзін тінте
жүзіп бара жатқан күн көзіне қарап ойға шомып кетіп еді, біреудің құшағы
мойнына оратылды. Қарсылық көрсеткен жоқ. Көзін жұма қойды. Айналаға
да, аймалаған Əбенге де қарамауға тырысты. Жігіт қызуы бірте-бірте
молайып, денесі де жақын сезілді. Келіншек жұмулы көзін ашқан жоқ. Тек
Əбеннің тершіп тұрған ашқылтым тамағын биязы еріндерімен жұмсақ
ұйпалады.
Құлағы төбелерінен көлге қарай өткен бұлдырықтардың былдыр-былдыр
үнін шалып қалды. Тас жұмулы кірпіктерінде аспандағы күннің нұры
ойнады.
... Ажар берік əйел еді. Дегенмен жігіт жігіт те, жүрек жүрек қой.
Шақырая нұрын төккен күн көзі гүл өсірмей қоя ма! Оның үстіне Ажардың
өзі құнарлы алқап-ты.
Енді ол Əбеннен қысылып-қымтырылып қорғаншақтауды қойды. Қайта
сүйетінін мойындай бастады. Əбен де Ажардан екі елі қалмады. Ажар
кетсе, отарларға анау-мынауды сылтауратып соңынан о да барады. Тіпті ел
жатып қалған соң үйіне кіріп баратынды да шығарды. Басында бұған Ажар
қарсы болғанмен, ақыры көнді. Күннің бəрі бұлай тəтті болып өте бермеді.
Өсек деген де бір улы иіс емес пе, қайдан шығып, қалай тарап кеткенін де
аңғара алмай қаласың. Ол су толы оншақты шелекке ілесіп, оншақты үйдің
есігінен аттайды. Ауылдағы пыш-пыш Ажарға да естіле бастады. Екі-үш
əйелдің басы қосылса, əңгімесі өзі. Өсек Жамалға да жетті. Ол былтыр
төркін жұртынан қалған жалғыз сіңлісінің үйіне барған. Сіңлісінің бар
панасы – бой жетіп қалған қызыды. Апалы-сіңілі екі əйел балаларының
басын қосып, бірге тұрмыс құруды ұйғарған. Мына жайды о да күтпеген.
Жарылып кете жаздады. Көрші қатын сөзін бітіре бергенде шəй құманын
оттың шоғына сүңгіте ысырып, баж ете қалды. 
— Жоқ бол, тоқал. Жарайды, естідім. Жоқ бол енді!


Өсекші əйел Жамалдың мінезіне əбден қанығы еді. Одан əрі отыра берсе,
көсеуін жібере салуға да жүз жанбайды. Есіктен ата жөнелді.
Əлгі əйел кеткен соң Жамал дастарханын жинады. Белін буды. Ажардың
терезесінен сығалап еді, үйінде жоқ екен. Кемиек иегін тымырайтып, кеңсе
жаққа қараса, Ажар сол жаққа кетіп барады. Соңынан ілесе баруға,
жұрттан ұят. Баласының да, Ажардың да абыройын айрандай төгер. Онан
да тып-тыныш күйінде, отын шауып келмек боп, ауылдың желке тұсындағы
төбенің тасасына қарай емпеңдей жөнелді. Отыннан қайтып келгенше,
баяғы екпінінен айрылып қалды. Ажарға тіл қатқандағы даусы бəсең
шықты. Жамал сөзін бітірді де, дау-далабасыз шығып кетті. Есік жабылған
бойда-ақ, Ажар жалма-жан төсегіне құлады. 
Көрпесіне ене берген Əбеннің қолы күнде Ажардың ып-ыссы кеудесіне
тиюші еді, бүгін тымырайып теріс аунап түсті. Əбен оның маңдайынан
сипады. Жылап жатыр. 
— Ажар саған не болған?
Келіншек басын жігіттің кеудесіне тығып алды. Дауысы да шығып кетті.
Жігіт оның басын төсіне көме түсіп, тұншықтыра қойды. Түн ортасынан
ауғанша тіл қатқан жоқ, жылай берді. Бір уақытта барып, бүгінгінің мəн-
жайын ақтарыла айтты. Айтып болды да, Əбеннің сөйлеуіне мұрша
берместен, оны өзі аймалай бастады. 
Таң бозара жігітті тұрғызып, есікке жетектеді. Босағаға жете беріп, тағы
құшақтады.
— Ал, Əбен... Енді маған жолай көрме,– деп сыбырлады. Жігіт те булығып
тұрған.
— Ажар, неге... неге бұлай...
Келіншек үндеген жоқ. Көйлегінің жеңімен көзінің жасын сүртіп, есікті
ашты. 
— Əбен, енді жолай көрме бұл үйге. Мені аясаң, жолама.... 
Жігіт теңселіп тұр. Шыға алар емес. Ажар табалдырықтан өзі сүйеп
шығарып, ауыз үйде ақырғы рет құшып, есікті тарс жауып алды. 


Табалдырықтың алдына отыра кетті. Дел-сал күйі біраз отырды. Төсегіне
келді. Көрпесін жамыла бергенде бүйірін əлдене бүріп-бүріп алғандай
болды.
Құрсақ тұсы қыбырлаған сияқты. Ажар жастыққа тұншыға жылап
жіберді. Армансыз ұзақ жылады. 
Ертеңіне басқармадан сұрап, шалғайдағы жайлауға кетті, суық күз
түскенше сонда болды. Ол жоқта Жамал Əбенді үйлендіріпті. Сол жылы
қыс ортасында Нұртай туды. Бықсып сөнген ел өсегі қайта бір тұтанды.
Күйеуінің бұл ұрлығын Əбеннің келіншегі де білетін-ді. Бірақ, қиқу
шығарған жоқ. Апекелеп ертелі-кеш Ажардың үйіне келіп-кетіп, оңқай
асықтай үйіріледі де тұрады: Əуелі балғын келіншектен ұялып жүргенмен
Ажар да оны жақсы көріп кетті. Кісі қайғысын қадірлей білетін жас келін
ауыл-үйдің өсегін су сепкендей басқызды. Ажар Нұртай туғалы
бұрынғыдан да бекемделе түсті. Енді ешкім оның бетіне келе бермеді.
Нұртай оның өміріндегі жалғыз қуанышы. Соғыс оны күйеуінен айырды.
Оның орнын баласы жапты. Аз күн дəурен сүргенмен ақ пейіл махаббаттың
ескерткішіндей жалғыз ұлы оның көкірегін қасірет сызынан арылтып еді.
Жүректің əлгі бір құпиясы да тереңірек көміліп, көп мазалай бермейтін. 
... Көрдің бе, бүгін қайдағы бір жалаң бұт шəлдуардың қаңқу сөзі
қаңғыған құйындай сол көмбенің бетін ашып кетті. 
Үн қата алмай сазарып қалған анасының Сəбиттен өшін
қайтармайтынын Нұртай түсінді. 
Ертесіне ол тағы мазақтар деп мектепке балалардың ең соңынан кешігіп
келді.
Класқа кіре бергенде мұғалім:
— Неге кешіктің? – деп сұрады.
Өңі жылы. Нұртай үндеген жоқ. Мұғалім журналды алды.
— Жарайды, атың кім?
— Нұртай.


— Фамилияң?
Нұртай үнсіз.
Фамилияң кім? Көкеңнің атын айта қойсаң болады. Бала жалт бұрылып
есікке зыта жөнелді. Мұғалім аң-таң. Нұртайдың столдың үстінде қалып
қойған дəптерінің бетінде екі тамшы мөлдірейді.
КЕК
І
Жақтауына алтын жалатқан көлдей шар айна көптен бері тозаңға
тұншығып, жетімсіреп тұр еді. Бүгін сүртілді-ау, əйтеуір. Өзін-өзі көп
қызықтай бермейтін Ажар бүгін ұзақ таранып, ұзақ сыланды. Соңғы кезде
құлпырып барады. Көбіне-көп тұнжырап жүретін жанарында да жалын
тіріліпті. Осы бір бейуақ оянып, оқыс лаулаған оттың шұғыласы бүкіл
бетіне жайылып, албыратып жіберіпті. Денесі де өмір нəріне толып, өн
бойын қуат кернеп, жұмырлана түскен. Əсіресе, көкірегі əбден пісіпті.
Масаты қара көйлектің ашық өңірінен көрінетін аппақ төсін сусыма шəйі
орамалымен сəл қымысына қымтай, ұяла көз тастаса, еркек біткен от тиген
балауыздай еріп жүре беретін түрі бар. 
Сымбатты қыздың салиқалы келіншекке айналғаны деген осы да.
Анау сəл қоюлау болғанмен елпілдеп тұратын елгезек қас, мынау ұшы
тым сүйірленіп, пістеленіп кетпеген қыр мұрын, жұп-жұқа қаймақ ерін,
дөңгелене біткен иек бəрі-бəрі де орайласып-ақ табысқан.
Болатжан өзіме тартып кете ме деп қатты қорқып еді. Тіпті, сестра
емізуге алғаш əкелгеннің өзінде кескін-келбеті əлі көмескі шикі нəрестеге
үрейлене үңілген-ді.
Қазір жүрегі орнына түсті. Ол бұған ұсамапты.


II
Күн тым бұлыңғыр екен. Онсыз да сиықсыз қала тым сүмірейе түскен.
Теректердің де жапырағы жидіп, тұлдырланып қалыпты. Аспан да жуыла-
жуыла өңі кеткен көне шұлғаудай боп-боз. Былайда да жер тістеп қалған
жермешел қала мынандай күнге тап болып, аса шөгіп кетіпті. Базар жақтын
мыжық үйлері əбден жаурап, бүрісе түскен. Өздері зорға қалқиып тұрған
бейшара үйлерді ықтасын қылып бүрсеңдеп бара жатқан ши тірсек
қатындар. Картоп іздейді, ет қарайды. Баяғыдай екеу-екеу бірігіп ап, өсекті
бұрқыратып бара жатқан ешкім жоқ. Көк шылпылдақтың шалпылынан
басқа бір дыбыс естілсеші. Жұрт бір-біріне маңайламайды. 
Өңшең жаңғыз-жаңғыз жортып бара жатқан бір адам.
Үнсіз жөңкіліс.
III
Ораловтың əйелі көшенің арғы бетінде бара жатқанын сылтауратып
амандаспай кетті.
IV
Міне, мынау баяғыда осында көшіп келгенде тұрған жатақханасы. Қызыл
кірпіштен салынған екі қабат тапал үй. Сырты əлі сыланбаған. Қып-қызыл
еді-ау. Қазір қоңырқай тартыпты. Мынау шеткі терезеде өзі тұрған. Дəл
үстіндегі Əбеннің бөлмесі. Ана қораның ішіндегі кішкене сарай-
жатақхананың вахтершасы Мария Федоровнаның баспанасы. Бəрі сол
қалпында. Үйдің ештеңесі кетпейді ғой. Ол үшін əлі жер сілкінген жоқ.
V
Кіре кетсе ме екен. Бəлкім Мария Федоровна əңгіме айтар. Уақыт та
тығыз-ау. Енді екі сағаттан соң Москвадан Медет келмек. Оған дейін


апасының үйіне соғып Болатты əкелуі де керек. Əй үлгерер...
Мария Федоровна бүкіл жатақханада бір өзі қалыпты. Жаңа мамандардан
əлі ешкім келе қоймаған. Аңылжыған бос үй. Көне диван. Үстінде
саршұнақ секілді сопаң бет, сүйір тұмсық кəрі кемпір отыр. Тұздай көк
көздерінің асты қатпар-қатпар. Əуелі танымады. Көзілдірігінің астынан
сүзіле бір қарап алды. 
VI
Мария Федоровна əбден қартайыпты. Сөйлегенде тұздай көкпеңбек
көздерінде ұшқындап тұратын қуақылық болушы еді. О да сөнген. Ұзын
мойнының тамырлары білеуленіп адырая түскен. 
Кəрі тарамыстардан əл кетсе керек – басы қалтылдайды. Жылауық
болып алыпты. Аузын ашса-ақ, көзінің жасы сау ете қалады. Өз ошағынан
қуаныш баяғыда қашқан байғұс кемпірдің өзін қадірлейтін бірер санаулы
көз таныстарынан да айырылғаны жанына əбден батқан түрі бар. Əсіресе,
Əбенді аузынан тастамайды. Төрінен көрі жақын кемпір кімнен қорықсын,
мақтап айтады. Бүкіл осы қалада жаңғыз-ақ батыр жүрек қалыпты. О да
мынау шіри бастаған ескі қызыл үйдің босағасын баққан өзі де тоза
бастаған бейшара кеудедегі солып бара жатқан сорлы жүрек болғаны ма... 
VII
Ажар сыртқа шыққан соң Əбеннің терезесіне қарады. Тарс жабық.
Былтыр ақырғы рет қалай қоштасқаны есіне түсті. Түнеріңкі Əбен
терезесін ашып салып, бұның соңынан телміре қарап қалғанды. Көк
желкесін от қарып бара жатқандай, көшенің бұрышына жеткенше артына
қарамады. Бұрышқа жете бере бұрылып қарап еді. Əбен терезе алдында əлі
тұр екен.
Мынау сол терезе. Ажардың беті қайта ду етті. Асыға басты. 
Келсе – Болат ұйқысынан оянған. Гуілдеп ойнап отыр. Өзі дəу де сергек.
Көзін ашса-ақ, ыржалақтап мəз болады да отырады. Нағашы апасына бауыр


басып қалған бала Ажарға онша жалпыл қақпайды. Кіріп барғанда
шақырса, бетіне қарап бір ыржаң етеді де, көзін аударып ап, қайтадан өзінің
гуіліне басады. Елжірей төніп тұрған ананың көзінде, ондағы шым-
шытырық ойларда оның ісі жоқ. 
Одан атымен бейхабар адам жаңғыз Болат қана емес-ті.
Ажар баласын киіндіруге кірісті. Өзі өз болғалы тұңғыш рет бала
киіндіріп отыр. Баяғыдан бері бағып-қағып жүрген апасы. Қазір де сол кісі
көмектесіп жатыр. 
Ажар өз тəнінің жылуын əлі жоғалта қоймаған осынау бір кесек сүп-
сүйкімді етке қолы тиген сайын өмірбақи ауызына алып көрмеген бір
ғажайып шараптан ұрттап-ұрттап жібергендей көзі буланып, көкірегі
елжіреп, бір əлдеғайып жұмбақ сезімге бөленеді. Тым-тəтті сезім. Алпыс
екі тамырды алғаш иіткен перзент. Бірақ, аналық мейірім, аналық
қамқорлықпен қоса дəл қазір Ажардың бойында көл-көсір қуанышқа тым
үрейлі сақтық араласқан тағы бір дүдəмал сезім бар. Оның қалай
аталатынын Ажар ол бойда біле қойған жоқ-ты. 
IX
Ажар қайтар жолда өте асықты. Көк тайғақта бала көтерген ана да мина
арқалаған адамдай аяғын санап басса керек еді. Бірақ, Ажар лыпып барады.
Онысына өзі де таң қалды. Қол-аяғы, бүкіл денесі қауырсын болып ұшып
бара жатқандай Болаттың да салмағын сезбеді. Құрсақ көтерген тоғыз
айында да, одан бергі бір жылда да көкірегін бірде аш мысықтай тырналап,
бірде жібектей желпіп келген əрі уəйім, əрі арман бір сезім бүгін ақырғы
рет ақтарылмақ. Не де болса, күткен күн келді. Тезірек үйге жетсе екен.
Ендігі Медет те келіп қалған шығар. 
Жоқ. Медет əлі келе қоймапты.
Х
Болатты қайтсе екен? Ол кіріп келгенде баласын көтеріп қарсы


алғаныдұрыс па, əлде керуетіне салып қойса ма екен? Мейлі, өзі келсін,
көрсін. 
XI
Бір рахат күн еді-ау. Алма ағаштардың жаңа гүл ашқан кезі. Үй-үйдің
алды өңшең желбірек ақ сиса көйлек киген бала қыздар тізіліп тұра
қалғандай уыз аппақ. Жер бусанып кеуіп жатыр. Топырақтан тандырдың
исі шығатын тəрізді. Бəрі тіріліп, бəрі қаулап өсіп келе жатқан мынау
өміршең дүниенің бір пұшпағын табаныңмен таптау күнə. Аяғыңмен жер
басып жүріп болар емес. Ұшып кеткің келеді. Бірақ, ұшып бара жатып та,
мұрт жарған гүлге соқтығып та, шашын өріп тұрған бойжеткеннің
бұрымын іліп кетіп те мынау көсегесі көгеріп, құлпырып тұрған
болмыстың бірдеңесін бүлдіріп кетуің мүмкін-ау. Тіпті, тырып етерге жəй
жоқ. Рахаттанып жатқан үлкен дүниенің кішкене бір меңіндей көктемнің
өмір сепкен күн шуағына сен де ауызыңды ашып қат та қал. Қозғалма.
Ештеңеге қол көтерме. Дүние болары болып, кемеліне келіп тұр. Ғұмыры
бұндай болып көрмеген-ді. Көктем еді-ау ол. Оның алдында аяз үрген,
боран жапырған дүниенің талай кетік-кемісі толысты. Қозғамаңдаршы оны.
Осы көктемнің артынан аңызақ шығып, оған ілесе қара суық түсіп
бүлдіреді-ау енді. Опасыз уақыт-ай! 
Иə, көктем еді, Екеуі қол ұстасып тауға кеткен. Былтырдан қалған қалың
қаудың арасында əлі сыз бар. Ызғар шашады. Əлдеқашан азуға ілініп,
оталып кеткенде осы жер де бүгін былбырап кеуіп, шуаққа жонын тосып
балқып жатар еді, оның желіндеп тұрған көкірегіне нəзік саусақтарын
жүгіртіп, сəби өскіндер бас көтерер еді. Соны төл, соны ұрпақ дүниенің
қызығын көріп дендері жайылар еді. Тіршіліктің əділ заңы солай. Ал, мына
бір жексұрын қу қау белуарына дейін шылқып əлі тұр. Өрбір өмірді бөгеп
тұр.
Ол да үнсіз. Бұл да үнсіз. Екеуі де əлгі қауға қарап қапты. Екеуінің де
көкейіндегі бір ой болса керек. Əлгінде екеуінің естігені де бір сұмдық жəй
еді.
ХІІ


Ол кең жауырынын күншуаққа тосып, төменге, сонау жасыл жалынға
шомылып жатқан қалаға ызаланғаны да, налығаны да беймəлім томсара
қарайды.
ХІІI
Бұл оның ой қуалап алыс лағып кеткен солғын жанарына үңіледі.
XIV
Кенет оның көзінде жалт ойнап, қатыңқы қабағы жадырағандай болды. 
... Оның мықынын таянып, қатып қалған қос қолы бір сəт сылқ етіп
төмен түсті де, тағы бір сəтте бұның иығына кеп артылды.
Ойда жоқтан шоқтанып кеткен қос жанары бұның жүзіне үңілді. Иə
зерттегені, иə разы болғаны бəймəлім. Əйтеуір, ұзақ үңілді. Сосын бұның
шықтана бастаған кірпіктерін шынашағымен сүйкеп өтті де, қарынан
тартып, баурайдағы көк төбенің күңгей бетіне алып кетті.
XV
Бой жетіп қыз болғалы, одан тұрмысқа шығып келіншек атанғалы, еркек
құшқалы өмірінде алғаш рет жалаңаш тəнінің топыраққа тигені осы еді.
Көктемгі топырақ өзінің қомағай да бауырмал жып-жылы, жұп-жұмсақ
еріндерімен бұны құшырлана ұйпап жатыр. Тіршілік қуатының үш көзі –
əйел тəні, күн нұры, топырақтың – үшеуінің де балбырап, үшеуінің де
өмірге мас болып бұл тоғысқаны оның өмірінде енді қайтып оралмайтын


сирек сəті еді. Жас əйел өмірдің көкпеңбек түңғиық аспанынан бір сəтке
ғана бұның ашық көкірегіне қонып, артынша пыр етіп қайта ұшып кетіп,
зым-зия жоқ болатын мынау бір көгершін бақытты үркітіп алмауға
тырысты. Жалаңаш тəнін жылы топыраққа сіңіре түсіп үнсіз жатыр. Көзі
жұмық. Еріндері албырап, жүйе-жүйесінің бəрі балқып барады. Əбден
күйіне келген домбыра шегіндей бүкіл денесі шиыршық атып, ширығып
алған. Сəл леп тисе бұрын-соңды бұл көкірек сезбеген, бұл құлақ естімеген
атымен соны алапат бір сырлы əуенді сыздырта жөнелгелі əзір жатыр.
Міне, еркек кісінің ауыр денесі кеудесін жаншып, қатқыл да ыстық тəні
өрттей шарпып жақындай түсті.
Ақтарыла жөнелгелі тұрған алапат күй басталды да кетті.
XVI
Ол күй əуелі бұрқырап басталды. Мəңгібақи су баласын көрмеген, үрейлі
көлеңкелер ғана жайлап үңірейіп тұрған қараңғы аңғардың қос
қанатындағы жақпар тастардың бəр-бəрінен мың бұлақ бас көтеріп, мыңы
бірдей шапшығандай арсы-гүрсі ақ сел тасқын ақтарылды да, сол тасқын
мелшиіп-мелшиіп тұрған меңіреу тастарды олай бір-былай бір шапалақтап
алып, топас тастардың түк былш етпегеніне жындары келіп, бəрі жиылып,
əуп-əуп десіп, теңкиіп жатқан қой тастарды домалата, бүкіл аңғар бойын
қайратты да қаһарлы бір қиқуға толтырып ойнақтай жөнелді. Əуелі арсы-
гүрсі басталған ағын енді бірде сарқырап, сосын шуылдап, сосын
сылдырап безіп барады. Біресе ақ тұлпары жер тарпып, ақ семсері
жарқылдап ақ көз ашу шығады да, біресе ақ көйлегі желпілдеп, ақ балтыры
жалтылдап ақ көңіл қуаныш секектей женеледі. Ойран-топан ашудың,
кіжінген көктің орнын мəз-мəйрам қуаныштың алмастырғаны қызық екен. 
Адуын ақ жал тасқын мынау қапырық аңғардағы қапас бейбітшіліктің
əңкі-тəнкісін шығарып күйрете алатын құдіретінің барына көзі жеткен соң
кеңк-кеңк күліп ойнап кеткен сияқты. Көгінің қайтарын білген батырдың
ұлан-асыр қуанышындай бір көл-көсір сел сезім...
Бүкіл тəні түгел ұйып тыңдап жатыр.
Бүкіл тəні түгел ұйып шырқап жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет